9. Публицистикалық стиль қазіргі ролі маңызы , жалпы қоғамда алатын орны туралы сипаттама беріңіз.
Қазақ тіл білімінде публицистикалық стиль (бұқаралық ақпарат құралдарының тілі) функциональды стильдердің бірі ретінде әбден қалыптасып, жан-жақты зерттелуде. Публицистикалық стильдің негізгісі әрі алғашқысы газет тілі болып есептеледі. Бұл тұрғыдан тұңғыш қазақ газеттерінің тілін Б.Әбілқасымов, 1920 жылдардағы мерзімді баспасөз тілін С.Исаев, қоғамдық публицистикалық стильді О.Бүркітов т.б. ғалымдар зерттеген. Қазіргі қоғамдық әлеуметтік шындыққа байланысты коммуникативтік қызметі ерекше публицистикалық стильдің жан-жақты қырлары түрліше бағытта зерттелуде. Мысалы, газет лексикасына байланысты А.Алдашеваның, Б.Момынованың, сол сияқты публицистика, газет тілінің прагматикасы туралы Б.Жұмағұлованың, Ф.Жақсыбаеваның т.б. зерттеу еңбектері бар. Ал теледидар тіліне байланысты зерттеулер енді жүргізіле бастады. Мәселен, теледидар хабарлары тілін лингвопрагматикалық аспектіде зерттеген ғалым Г.Машинбаева, сондай-ақ теледидардан берілетін хабарлардың тілін cөз мәдениеті тұрғысынан Д.Бисмильдина талдап қарастырған. Белгілі ғалым Н.Уәли «Қазақ сөз мәдениетінің теориялық негіздері» атты диссертациялық жұмысында «публицистикалық дискурс және сөз мәдениетi» мәселелеріне назар аударып, жаңа бағыт-бағдарлар тұрғысынан публицистикалық стильдің сөз мәдениетімен арақатынасын тиянақты зерттеген. Публицистикалық стиль – қоғамдық-саяси, үгіт-насихаттық әдебиеттерде, бұқаралық ақпарат құралдарында, деректі фильмдерде қолданылатын функционалды стильдердің бірі. Публика – латын сөзі, «көпшілік» мәнін білдіреді. ХІХ ғ. ІІ жартысында негізі қаланған стиль түрі – бүгінде қоғамға аса қажетті, маңызды мәселелерді насихаттап, көпшілікке кеңінен қызмет етіп отырған қазіргі әдеби тілдің ең жүгі ауыр, елеулі саласы. Публицистикалық стильдің шағын түрлері жайында қазіргі ғылым саласында әрқилы пікірлер кездеседі. Бірқатар зерттеушілер публицистиканың жанрлық түрлерімен (газет тілі, радио тілі, теледидар тілі, кино тілі, т.т.) байланыстырып, оларды жеке-жеке стилішілік түрлері деп есептейді. Негізінде аталған стильдің шағын түрлерін шартты түрде былайша жіктеуге болады: үгіттік публицистикалық шағын стиль; саяси-идеологиялық публицистикалық шағын стиль; саяси-бұқаралық публицистикалық шағын стиль. Әрқайсысының бір-бірінен ерекшеленетін сөз қолдану белгілері болады, кейде тілдік-стилистикалық тұрғыдан ортақ тұстары да ұшырасады. Мына үзіндіге назар аударалық: Еліміздің абыройын асыратын игі істердің тағы бірі – дінаралық татулық. Егемендігіміздің елең-алаңында аяқ алысымыздың аңысын аңдыған талайлардың Қазақстанды іштен ірітетін осал тұстарының бірі оның көпдінділігі деп жамандық шақырып баққанын біз ұмыта қойған жоқпыз. Президент Нұрсұлтан Назарбаев ол мәселенің де шешімін тапты. Елдің өз ішінде шешіп қана қоймады ол мәселені, осыдан он жыл бұрын Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін шақырып, оны дәстүрге айналдырып, Қазақстанды дүние дидарындағы дінаралық татулық мекені ретінде танытты, әртүрлі діндердің бір елде келісімге келіп, жарасымды дами алатынын нақты дәлелдеп берді, осы арқылы бүкіл әлемдегі дінаралық шиеленісті бәсеңдетуге, яғни бейбітшілікті нығайтуға үлкен үлес қосты («Егемен Қазақстан», 2013 жыл). Келтірілген мысалдың саяси-идеологиялық публицистикалық шағын стилінде жазылғанын бірден аңғаруға болады. Саяси мазмұндағы дін тақырыбына арналған өткір мәселелердің сөз болып отырғаны түсінікті, қалың бұқараға етер әсері де ерекше, идеологиялық іс-шаралардың дұрыс жолға қойылғандығы, Елбасының салиқалы саясатының арқасында еліміздің сарабдал даму жолы жайында саяси мәселелерден толыққанды ақпарат ала аламыз. Публицистикалық стильдегі шығарма қандай тақырыпқа жазылса да, логикалық жағынан дәлелді, көңілге қонымды болып, бұқараға ықпал ету сипаты басым келеді. Қоғамдық өмірдегі жаңалықтар, өзгерістер туралы жұртшылықты құлағдар етіп, қоғамдық пікір қалыптастырады
Публицистикалық стильдің (бұқаралық ақпарат құралдарының) жазбаша түріне мерзімді баспасөз (визуалдық), ауызша түріне радио (аудиалдық), теледидар хабарлары, деректі кино (аудиовизуалдық) жататыны белгілі. Ал жанрлық түрлері: бас мақала, ақпараттық хабар, очерк, халықаралық шолу, памфлет және сұхбат, т.т. Әрқайсысының өзіндік сөз қолдану ерекшелігі, экстралингвистикалық, тілдік-стильдік сипаты (белгілері) айқындалады. Басты стильдік сипаты: мұнда қолданылатын сөз үндеу мәнінде жұмсалады. Сөз эмоционалды-экспрессивті сипатта болады (еңбек ардагері, дем беруші, көшбасшы, нық қадаммен, т. б.). Тілдің осындай эмоционалды-экспрессивтілігі жағынан көркем стильге жақын, ал фактіні толық және жүйелі баяндау тәсілі жағынан ғылыми стильге жақын екендігі көрінеді. Публицистикалық стильдің әдеби ауызша түріне радиотеледидардан берілетін хабарлар жатады дедік. Зерттеушілер телехабарлардың құрылымы тетрададан (төрттіктен) тұратындығын атап көрсетеді: - сөйлеу тілінен; - табиғи дыбыстан; - музыкадан; - көріністен (М.Серғалиев). Олай болса, аудиовизуалдық хабарлардың адресаттары көрермен, тыңдарман, кей реттерде бұған қоса оқырман болып келеді. Бұқаралық ақпарат құралдарының осындай ерекшеліктеріне байланысты ол хабарлардың тілдік сипаты да әр түрлі дәрежеде көрінеді.
Радио-теледидар хабарларының тілі қандай дәрежеде дегенде, жинақтап айтар болсақ, жаңалықтарды дер кезінде жеткізу қызметінің қалыптасқандығы; материалдардың нақтылы тақырыппен, жүйемен топтастырылуы; диалогке қатынасушылардың сөйлеуге әзірлену дәстүрі; хабар жүргізушінің еркін түрде, қысылмай сөйлеуі; хабардың берілу тәртібіне сәйкес техникалық құралдардың пайдаланылу реті т.б. біршама тартымды сипатта көрінеді
Демек, публицистикалық стиль – саясат пен идеологияның құралы ретінде қызмет етеді, әртүрлі саяси ақпараттар ағыны мен жаңалықтарды дер кезінде жеткізіп, оған баға беріп, бұқараға ықпал ету тәрізді маңызды міндеттер атқарады. Қоғамдық мәні бар мәселеге көпшілік назарын аударту мақсатында ой мен сезімге қатар әсер етерліктей экспрессивті-эмоционалды мәндегі тіл бірліктері жиі қолданылады.
Достарыңызбен бөлісу: |