10. Терминология мәселелері және норма мәселесінің қазіргі маңызын қандай экстралингвистикалық процесстермен байланыстыра қараңыз.
ХХ ғасырдағы ғылым мен техниканың дамуы, әлеуметтік саяси, тарихи, мәдени өзгерістер өмірімізге көптеген жаңа ұғымдарды алып келіп, сол ұғымдардың әрқайсысына жеке атау табу қажеттілігін туғызып, терминжасам үдерістерінің өзектілігін арттыруда. Қоғамдағы осы өзгерістер кез келген тілдің құбылмалы, өзгеруге, жаңаруға бейім тұратын саласы – терминологияда көрініс табады. Қазақ тілінің терминологиясы қазір даму, жаңару үстінде. Оның басты себебі – Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алуы, қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болуы.
Аталмыш өзгерістер қазақ тілінің коммуникативтік, термин шығармашылық қызметтерінің күшейіп, қолданыс аясының, қоғамдық қызмет аясының кеңеюіне себепші болды. Осы құбылыстар нәтижесінде туып жатқан жаңа сөздер, терминдер ағыны қазақ тіл білімінде «жаңа қолданыстар» деп аталып жүргені мәлім. Өйткені, олардың бәрі бірдей лексиканың негізгі қорына бірден кіріп, тиісті орнын ала бермейді. Ол үшін қолданыс елегінен, сұрыптау, таңдау, іріктеуден, тілдік узуалдану үдерісінен өтуі қажет. Бұл ретте узуалдану үдерісі дегеніміз – сөйлеу элементтерінің іріктеліп, тілдік нормаға енуі. Узуалдану үдерісінің негізгі элементтері: 1) сөз қолданысының жиілігі; 2) сөзді қолданушы топтың «беделі» (кейде бұл «бедел» иесі ретінде жеке адам да бола алады).
Шындығында, қазақ тіл білімінде жаңа қолданыстардың пайда болу, жасалу, қалыптасу заңдылықтарын зерттеуді термин шығармашылығы мен терминжасам мәселелерінен бөліп қарастыру мүмкін емес. Бұл мәселе жөнінде А.Байтұрсынұлы: «Пән сөздері жағынан басынан-ақ қазақ басқалардан бөлек жол тұтынды, басқа түріктер, әдебиет тілі араб, парсы сөздерімен шұбарланса, көркем болады дегендіктен, екінші, дайын пән сөздерін ала бергендіктен, түпкі ана тілі мен әдебиет бөліктеніп, өз сөздерін жат сөздер жұтып, жойып жіберу дәрежесіне жеткен. Қазақ жат сөзге әуестенбей, пән сөздерін өз тілінен жасауға тырысты. Әдебиет тілі ауылдағы қазақтың хат білетін, білмейтін – қайсысына да болса түсінікті болуын көздейді. Тіл арасына жік түсіп айрылмас үшін жат сөздерді амалсыз болған жерде ғана алатын тәртіп қолданды», – деп жазған.
Қазіргі таңдағы терминжасамның негізгі принциптерін анықтау үшін ғалымдардың ұсынған терминжасам қағидаттарын білуді қажет етеді. Сондықтан академик Ә.Қайдар ұсынған принциптерге көңіл бөлген жөн сияқты. Олардың қысқаша мазмұны мынадай:
1. Мемлекеттік тіл тірегі – терминологияға мемлекеттік қамқорлық жасау;
2. Терминжасам ісінде көрініс беріп жатқан бұқаралық үрдістің жақсы үлгілерін орнықтыру;
3. Байырғы лексикалық байлығымызды сарқа пайдалану;
4. Туысқан түркі тілдері тәжірибесін іске қосу;
5. Интернационалдық терминдерді қазақ тілінің фономорфологиялық ерекшеліктеріне икемдеп алу;
6. Орыс тілінен (жалпы славян тілдерінен) енген терминдік атауларды мүмкін болғанынша қазақшаға аударып қолдану, аударуға келмейтіндерін қазақ тілінің фоно-морфологиялық ерекшеліктеріне үйлестіре қабылдау;
7. Салалық күрделі терминдер мен атауларды қазақ тілінің өз негізінде алғашқы әріптері мен буындары бойынша қысқартып пайдалануды заңдастыру;
8. Көп жылғы тәжірибе арқылы қалыптасқан дәстүр мен шарттылық заңдылығын мойындау;
9. Лексикалық байлығымызды салалық жүйе бойынша жіктеп, саралап пайдалану;
10. Тіліміздегі ұлттық және интернационалдық термин атаулардың сандық сапалық салмағын табиғи қалпында сақтаудың жолдарын іздестіру;
11. Терминдер мен атаулардың емлесін тіл заңына, жазу дәстүріне сәйкес реттеу.
Терминология арнаулы, ғылыми білімді жіктеу үшін қажет. Басқаша айтқанда, мұндай құбылыстар мен үдерістерді жіктеу үшін олардың атаулары болып, яғни терминдермен белгіленуі керек. Жіктеу мен терминологияны бөліп қарастыруға болмайды. Осы тұрғыдан ғана термин тіл жүйесіндегі лексика-семантикалық топ және белгілі бір білім саласындағы ұғымдар жүйесіндегі орны мен шектеулі анықтамасы бар ұғым атауы бола алады. Термин ұлттық тілдің, сөздік қордың лексикалық бірлігі ретінде функционалдық саланың, арнаулы тілдің негізгі материалы болып, мағынасының дәлдігі мен нақтылығы, айқындылығымен ерекшеленеді. Бұл ретте терминдерге белгілі бір салада бірмағыналық қасиетінде көрініс табатын тұрақты семантикалық мөлшер тән болып келеді.
Жаңа терминді жасауда, бір жағынан, ұжымдық-әлеуметтік тәжірибені ескеру қажет болса, екінші жағынан, жаңа атаудың тіл дамуының ішкі заңдылықтарына сәйкестігін ескерген жөн. Жаңа терминдер жасалуына негіз болатын әлеуметтік және жалпы тілдік параметрлердің анықталуы әрбір жасалып жатқан терминологиялық атауды жетілдіру, жақсарту үшін маңызды. Осының барысында терминші мамандардың қазіргі терминологиялық жүйеге саналы ықпал етуі жүзеге асырылады. Терминдерді жетілдіру үдерісінде реттеу және біріздендіру кезеңдері болып, оның нәтижесінде жүйеде тек нақты, қажетті және тілдік тұрғыдан дұрыс жасалған терминдер ғана қалады. Тіл білімінде жалпы тілдік норманың мынадай белгілері көрсетіледі (Р.Сыздық, Н. Уәлиев, Л.К. Граудина т.б.):
1) тілдің жүйесіне, яғни тілдің өз заңдылықтарына, оның ішінде грамматикалық заңдылықтарына сәйкес келуі;
2) дәстүрлік белгісі, яғни әдеби нормаға сәйкес келуі;
3) солай қолданылып кетуге, яғни тілдік узусқа қатыстылығы.
Академик Р.Ғ.Сыздық жалпы тілдік норманы былайша түсіндіреді: «...белгілі бір кезең ішінде көпшілік қабылдаған, тұрақталған қолданыстар, яғни сөздердің мағынасы, олардың фонетикалық-графикалық көрінісі (тұлғасы), сөз жасау және сөз өзгерту модельдері синтаксистік амалдары. Әрине, норма, яғни дәл солай қолданыс (сол мағынада, сол тұлғада, солайша құбылтуда т.т.) бір уақытта пайда болып, ешбір өзгермей, қатып қалатын категория емес. Тіпті әрбірден соң сол қолданыс дәл сол кезеңде дұрыс деп көпшілік қабылдаған норма болғанмен, тіл тіршілігінде (тәжірибеде) өзгеріп, «үлгілілік» сипатынан айырылып отыруы мүмкін немесе «норма осы» деп көрсетілгеніне қарамастан, оған бағынбаған кейбір элементтер күнделікті қолданыста көпшілік тарапынан баспасөзде, радио мен теледидарда, ғылыми әдебиет пен шаршы топ алдындағы шешендік сөздерде қолдау тауып кеңінен жұмсала бастайды да, жаңаша нормаға айналады».
Қазіргі кезде қазақ терминологиясының шешілуге тиіс өзекті мәселелерінің бірі – терминологиялық инновацияларды нормалау болып табылады. Терминологиялық жаңа қолданыстардың нормасы жалпықолданыстағы сөздердің нормасымен сәйкес келгенімен, өзіне тән ерекшелігі де болады. Бұл мәселе жөнінде ғалым Н.Уәли былай деп жазады: «Термин атаулы – арнайы тілдің мағыналық ядросы және негізгі мазмұндық ақпаратты беретін тілдік бірлік. Жыл өткен сайын ғылымның сан-салалы дамуымен байланысты терминнің саны жалпылама сөздердің санынан көбейе түспек. Терминдер тасқыны жаңа ғылыми пәндердің, ондағы ұғымдар мен іргелі категориялардың ашылуына байланысты соңғы жылдары жаңа қарқын ала түсті. Осымен байланысты терминологияда норма мәселесі күн тәртібіндегі бірінші мәселеге айналды. Терминдік норма дегеніміз терминнің дұрыс жасалуы мен дұрыс қолданылуы. Терминжасам мен терминқолданым саналы процесс. Терминжасам әдетте мынадай шарттарды негізге алады:
− термин нормасы жалпы әдеби тіл нормасымен қайшылықта болмауға;
− термин жүйелі болуға;
− термин контекске тәуелсіз болуға;
− термин қолдануға ыңғайлы болуға;
− термин бірмәнді болуға;
− термин ұғынықты болуға тиіс».
Терминологиялық жұмыстар, әсіресе, оның реттелуі норма және сөйлеу мәдениеті ұғымдарының қарастырылуын талап етеді. Себебі, терминдерге ең басты қойылатын шарттардың бірі олардың лингвистикалық тұрғыдан дұрыстығы болып табылады. Сондықтан да терминологияны реттеуде алға нормативтік талаптар қойылады. Біздің ойымызша, терминдер мен терминологияларға қойылатын нормативтік шарттарды былайша топтастыруға болады:
1. Жүйелілік;
2. Бірізділік;
3. Термин мен ұғымның бірмағыналылық сәйкес келуі;
4. Семантикалық дәлдік;
5. Қысқалық;
6.Терминдер жарыспалылығы мен варианттылығын айқындап, қажеттілерін енгізу;
7. Дефинициясының болуы;
8. Терминнің эстетикалық жағы.
Белгілі бір терминологиялық жүйеге енгізілетін жаңа терминологияны реттеу және біріздендіру жұмысының барысында нормативтік параметрлерге сай келетін терминдер іріктеліп, сарапқа алынады. Нормативтік параметрлердің негізгілерін мынадай белгілер құрайды: атаудың ұғым мазмұнына сай келуі, келмеуі; терминнің көпмағыналылығына мүмкіндігінше жол бермеу; термин-синонимдердің тек қажеттілерін қалдырып, синонимдер санын шектеу; терминнің тілдік белгіленуінің ұтымды формасын беру; терминнің қысқалық белгісін, жеңіл айтылуын қамтамасыз ету; жаңа терминдерді өздерінің терминологиялық өріс үлгілеріне сәйкес жасап енгізу.
Түйіндей келгенде, терминологиялық жүйені қалыптастыру үшін төмендегідей талаптар қойылады:
Жаңадан жасалған арнаулы атаулардың ішінен қажетті, ұтымды терминдерді іріктеп алу;
Оларға дәл белгіленген анықтама беріп тіркеу;
Терминнің бірмағыналылық ерекшелігі ескеріліп, қажетсіз синонимдерден шектеу.
Осындай талаптар ескеріліп жасалған терминдер арқылы салалық терминология жүйелері нығайып, бұл саладағы бүкіл өзгерістерге үнемі бейімделуге мүмкіндік береді.
Достарыңызбен бөлісу: |