ҚОРЫТЫНДЫ
Кәсіби білікті мамандарды мемлекеттік тілде дайындаудың алғы шарты – жоғары оқу орнында оқып жүрген студенттер өз мамандықтары салаларындағы ғылыми терминологияны толық игеруі тиіс. Егер студент жоғары оқу орнында мамандық негіздерін ғылыми тұрғыда меңгермесе, онда нағыз біліктілік деңгейіне жете алмайды. Бұл – қазіргі өмір шындығы.
Тілдерді толық игергенде ғана жас маман күнкөрісіне қажетті еңбекке орналаса алады және өз мамандығы бойынша кәсіби толысуға, кемелденуге мүмкіндік алады. Кәсіби қалыптасуын жетілдіреді, дамытады, тереңдетеді. Жоғары оқу орындарындағы техникалық, экономикалық т.б. мамандықтар бөлімдері студенттері үшін кәсіби-ғылыми терминдер жүйесі ұсынылады. Осыдан келіп мемлекеттік тілдің негізінде мамандарды дайындайтын ғылыми тіл қалыптасады.
Мемлекеттік тілдің әлеуметтік-қатысымдық қызметін кеңейту мен дамытуда оның ғылымда, өндірісте, елдің халықаралық байланыстарында қолдану аясының кеңи түсуі студенттердің болашақ мамандығымен де байланысты екендігін көрсетеді. ЖОО-ны бітірген жас маман еліміздің өндірісі мен экономикасын ілгері дамытатын кәсіпкер. Оның алдыңғы қатарлы маман болуы өз елінің мемлекеттік тілін жоғары деңгейде білуімен де терең сабақтасады.Осыған орай кәсіби бағдар бере отырып оқыту қазақ тілінде сөйлеу тілін қалыптастыру мен дамытудың ең маңызды факторы болып табылады. Кәсіби бағдарлық дегеніміз – оқыту үрдісінде болашақ маманды қалыптастыру үшін қолайлы жағдай туғызу, студенттің мамандығына сәйкес оқыту,мамандықтарына қатысты лексикалық минимумды игерту.
Ғалым Ф. Оразбаева: «Тілдік қатынас – жай ғана қарым-қатынас дегеннен гөрі тамыры тереңге кеткен, өмірде өзіндік орны бар, қоғамның дамуы үшін қажетті қоғамдық-әлеуметтік ақпараттардың жиынтығы арқылы адамдардың бір-бірімен пікір алмасуы, адамдар қатынасының түп қазығы дегенді білдіреді»[6,8] -дейді. Берілген анықтама бойынша тілдік қатынас – тек сөйлеу тілі арқылы тілдесу ғана емес, сондай-ақ, ол жалпы адамзатқа, қоғамға қызмет ететін, оны қоғамның өзі тудырған, оның әлеуметтік қажеттігін өтейтін күрделі құбылыс.
Қазіргі таңдағы тіл саясатының басым бағыттарының бірі – мемлекеттік тілді дамыту мен оның қолданылу аясын кеңейту болса, оның кешенді тармағы – тәуелсіз мемлекетіміздің болашағына адал қызмет ететін мемлекеттік тілді жетік меңгерген кәсіби мамандар даярлау болып табылады.Мамандандырылған жоғары оқу орындарында мемлекеттік тілді оқыту- студенттердің тілді болашақ кәсіптік қызмет бабында және жеке қарым-қатынасында қолдана алатындай іскерлік пен дағдыларды игерту Әсіресе ,студенттердің кәсіби сөйлеу тілін мәтіндер арқылы дамытуды жүзеге асыру нәтижесінде мақсатын көздейді.
Олардың мамандық бойынша білімдері толықтырылып, мәтінмен жұмыс істеу дағдылары жетілдіріледі. Мәтіндермен жұмыс барысында студенттер болашақ мамандықтары туралы қосымша мәліметтер мен атқарылатын іс-әрекеттеріне байланысты ақпаратпен қамтамасыз етіледі.
Әдіскер ғалымдардың еңбектеріне сүйенсек, Ф.Оразбаева өзінің «Тілдік қатынас: теориясы және әдістемесі» атты зерттеу еңбегінде: «Мәтін – адамдар арасындағы тілдесімдік қатынастың жемісі. Адам өз ойын екінші біреуге жеткізген кезде қалай болса солай айтылған сөйлемдер тізбегін құрамайды. Керісінше, жинақталған пікірін, көзқарасын бір-брімен ой жағынан да, қалпы тарапынан да бірлескен сөйлемдер жүйесімен, яғни мәтін арқылы жеткізеді, баяндайды…. Адам тілдік қатынаста үлкенді-кішілі, ірілі-ұсақты мәтіндерді сөйлесім әрекетінің кез-келген кезеңінде ойдан құрап, қолдана береді»[7,28]- деп атап өтеді. Тіл үйренушілендің кәсіби сөйлеу тілін мәтін арқылы дамыту жұмыстары сабақтардың бастапқы кезеңінен жүзеге асырылады. Кәсіби бағдарлы оқыту барысында ең алдымен, студенттердің кәсіби мамандықтары ескеріліп, сол мамандыққа қатысты сөздер, сөз тіркестері, негізгі ұғымдар мен терминдерге, олардың лексика-грамматикалық ерекшеліктеріне баса назар аударылады. Мәтінде қамтылатын материалдар жүйесі мамандыққа қатысты оқытылатын арнайы пәндермен тығыз байланысты болып келеді. Бұл орайда құрылымы, мазмұны жағынан қарапайым мәтіндерді өз бетімен оқытуды жетілдіру, сұрақ қою, сұраққа жауап беру, жаңа тақырыптық лексикамен жұмыс істеу, яғни сөз, сөз тіркестерімен сөйлем құрау, талдау сияқты жаттығу түрлерімен қатар, мәтіннен қажетті ақпаратты тауып, қорытындылау, жинақтау көзделеді.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:
1.Күзекова З., Жусанбаева С., Жарқынбекова Ш., Әлімбек Г. Қазақ тілі. Оқу құралы. – Алматы: Раритет, 2008.
2.Аханов К. Методикалық нұсқау. – Алматы, 1990.
3.Әбілқаев Қ. Қазақ тілін оқыту әдістемесі. – Алматы, 1995.
4.Исабаев Ә. Қазақ тілін оқытудың дидактикалық негіздері. – Алматы, 1993.
5. О. Төлегенов "Қазіргі қазақ тіліндегі жалпы модельді және мақсат мәнді жай сөйлем типтері. Алматы; Мектеп, 2002.
6. Ф.Ш.Оразбаева, Р.С.Рахметова «Қазақ тілін деңгейлік оқытудың ғылыми-методологиялық негіздері», Алматы, 2001
7. Ф.Ш.Оразбаева Ф.Ш. Тілдік коммуникация негіздері, Алматы, РБК, 1995
Достарыңызбен бөлісу: |