Қазақ тілінің сөзжасамы А. Б. Салқынбай – ф.ғ. д., профессор І. Сөзжасам – тіл білімінің жеке саласы



бет8/43
Дата21.05.2023
өлшемі0.78 Mb.
#474056
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   43
Қазақ тілінің сөзжасамы

Атау теориясы мен Атау теориясы пән ретінде
сөзжасамның арақатысы тілдік бірліктер жасалуының
жалпы заңдылықтарын
зерделеп, осы процестегі тіл мен ойлаудың, болмыстың арасындағы қарым-қатынасты, атаудың негізінде жатқан белгілердің танылуындағы адам факторының рөлін, атаудың тілдің жағдайын, оның жасалу құралдары мен үлгісін, тәсілдерін, коммуникативтік-қызметтік механизмдерін зерттейді.
Атау ономасиологиялық аспектіден анықталғанда заттың болмысы (денотат) ® атаудың мәні (сигнификат) қатынасы арқылы түсіндіріледі, сөйтіп маңызды, басты мән ретінде болмыс табиғаты зерттеу арқауы болады. Семасиологиялық аспектіден анықталғанда атаудың мәні таным тәсілдері мен болмыстың атын айқындауы негізінде қарастырылады.
Атаудың табиғаты мен құрылымын талдау тіл білімі ғылымында үш мүшенің қарым-қатынасы негізінде жүргізіледі: болмыс – ұғым – ат (есім). (Тарихи тұрғыдан, ат-есім сөздері бір түбіртектен тараған атаулар; ат-ес түбіртектері а/е және т/с дыбыстарының жіктелуі негізінде екі атау ретінде қалыптасады да, ес түбіртегіне сөзжасамдық -ым (мен) жұрнағы жалғанады). Атаудың осы аталған әмбебап-логикалық қатынасының әрбір сыңары әлем бейнесінің тілдегі көрінісін таңбалауда, ұлттық танымға тән белгілер арқылы түрленеді.
Болмыс атаудың денотаты ретінде өмір сүреді де, атаудың қасиеті мен мәнін, белгінің табиғатын, төркінін көрсетеді. Атау – сөйлеу нәтижесі. Сөйлеу нәтижесі тіл жүйесінде зерттеледі.
Атау мен сөзжасам теориясы бір-бірімен тығыз байланысты. Сөз жасаудың негізгі мәселесі жаңа атау туғызу болса, атаудың тууы табиғаттағы заттар мен құбылыстардың адам санасында бейнеленген “мүсіннің” таңбалануы арқылы анықталады. Сөз – шындық өмірдегі болмыстың адам санасында бейнеленген тілдік таңбасы, осы таңбаның тілде белгілі заңдылыққа бағынып, қалыптасқан тәсілдер арқылы жасалуын сөзжасам саласы зерттейді.
Сөзжасам теориясы бойынша туынды сөздің ішкі мағынасы олардың құрамындағы сөзжасамдық тұлғалар арқылы анықталатынын еске алсақ, номинация мен сөзжасамның екі жақты байланысы көрінеді:

  1. біріншілік номинацияны айқындау барысында түбірдегі ұғымның мәні, болмыспен байланысы ашылса, түбір сөздің табиғаты арқылы туынды сөздің мағынасы талдана алады;

  2. өз кезегінде туынды сөз жеке ұғымды білдіретін атау ретінде екіншілік номинация болады, әрі сөзжасамдық процесс негізінде қалыптасқандықтан, сөзжасамдық мағына иеленеді.

Атау сөзжасамдағы жаңа сөздің болмыспен байланысын, ойлаумен арақатынасын көрсетеді. Болмысты негізгі және қосымша белгілері арқылы атап, таңбалау кезінде номинативтік бірліктер әлем бейнесін, дүние көріністерін белгілеумен қатар, олардың қасиеті мен белгілерін, іс-әрекеті мен қимылын, жағдайын, сапасы мен мөлшерін сипаттайды. Сөз адам танымының бейнелеуіш қызметінің нәтижелерін бекітудегі негізгі құрал ретінде анықталады.
Кез келген болмыс атаулы ұғым арқылы танылып, таңбамен таңбаланғанда, сол заттың бүкіл қасиеті мен белгісі бірдей танылып, өз көрінісін бере алмайды. Тек негізгі бөліктерінің қасиетін, ерекше белгілерін айқындайды. Яғни денотаттың ең негізгі белгілері арқылы түсінік қалыптасып, атау туындайды. Заттың өзге ерекше қасиеттері бірте-бірте танылады да, осының нәтижесінде сөздің көпмағыналылығы, синонимдігі мен антонимдігі келіп шығады.
Дүниедегі әрбір нысан сан-алуан қасиетке ие, әрі әрқайсысы да жүйелі дамуда болғандықтан, бір-бірімен шексіз қарым-қатынасқа түсе алады. Бірақ бұл шексіздік зат мәнінің танылуы үшін маңызды бола бермейді. Әрбір нақтылы жағдайда нысан өзінің ерекше бөлігімен, өзгеше белгісімен, қасиетімен ерекшеленеді. Айталық, жылқымен салыстырғанда, түйенің негізгі ерекше белгісі - өркешінің болуы. Ал түйенің шуда жүні, маң-маң басқан жүрісі, ирек мойыны, денесінің үлкендігі т.б. өзіне тән белгілері болғанымен, жылқымен салыстырғандағы негізгі айырма белгісі, көзге елестеп, көңілге бірінші оралатыны - өркеші. Бұл осы көрсетілген денотаттың алуан түрлі қасиеті мен белгісінің ішіндегі ерекше белгісі, сондықтан денотаттық ұғымның қабылдануында ерекше рөл атқарады. Атаудың мәні – танылған затпен дәлме-дәл келуінде емес, адам баласының әлем бейнесін танып-білудегі қызметінің нәтижесін абстрактылы түрде жеткізуі. Ал абстракция нақты заттар мен құбылыстардың жалпы және жеке қасиеттерінің диалектикалық қайшылығы мен бірлігін белгілейді. Атау – когнитивтік процестің тілдік бейнесі. Номинациялық атау жасалу үшін денотаттың (заттың) материалдық қасиеті ғана емес, әлеуметтік қызметі мен қажеттілігі де негізгі рөл атқара алады. Айталық, оқу құралы, оқулық, монография жеке-жеке зат атауы. Әрқайсысының өзіндік ерекше белгісі мен айырмасы бар. Ал осы атаулардың негізгі белгілері арқылы “кітап” сөзімен жинақтық мәнде берілуі заттың өзіне тән мазмұндық сипатына, қызметіне, тұлғасына сәйкес келеді.
Тілдің ұзақ даму жолында пайда болған атаулар біркелкі емес. Оның барлығы әлем бейнесін сол қалпында нақты түрде, тайға таңба басқандай етіп таңбалап, негізгі белгілерін тап басып таныта алған деп айтуға келмейді. Сөз дамуының заңдылықтары әртүрлі де, сан қырлы. Атаудың номинациялық мәні осы заңдылықтар нәтижесінде орындалады, атау мен зат арасындағы байланыс ұғымдық түсініктер мен таным арқылы анықталады.
Әлем бейнесіне қойылған атау ұлттық таным мен ұлттық дәстүрге тікелей байланысты болады. Тілдің ұлттық сипатының негізгі тірегі де осы. Кез келген атаудың ішкі мәнінде таным түсініктері жатады. Сөздің пайда болу кезеңіне орай, оның сипаты да өзгеріп отырады. Сондықтан да, бір буынды, екі буынды сөздермен салыстырғанда, аналитикалық жолмен жасалған туынды атауларда, соның ішінде тұрақты тіркестерде ұлттық танымның сипаты айқын көрінеді. Жалпы мағынаның жіктелуінен жеке мағыналар, сол арқылы жеке номинация туындағанда, жалпының негізгі белгілік мәні жекеге көшеді де, атаудың номинативтік мағынасында сақталады. Атау заттың қасиеті мен белгісінің барлық мәнін ашпайды, негізгі ерекшелігін, ерекше белгісін айқындайды. Жеке мағыналы атаулар өздерінің негізгі, өзек мағыналары арқылы жүйеленіп, бір семантикалық өрісті құрайды. Айталық, күн, жарық, шам, шырақ, шамшырақ, күн сәулесі, жарық сәуле, күн сәулесі, т.б. сияқты атаулар легі жарықтың түрлі сипаты мен деңгейін айқындап таңбалау үшін, жеке-жеке номинативті атауға ие болады. Бір семаның ғана күрделене дамуынан немесе денотаттың бір белгісінің ерекшеленуінен жаңа номинация туындайды. Әуелгі негізгі ұғымы жарыққа қатысты болып, бір денотат бойынша, яғни күн-жарық ұғымына уәжделе келіп, шам, шырақ, жарық, шырағдан, шамшырақ, сәуле, Сәуле, жарқырау, т.б. сөздер тұлғалық жағынан өзгеріске түсіп, жаңа денотаттық не сигнификаттық мағынаға ие болып, жеке атау ретінде қалыптасады. Демек, бір денотаттың әртүрлі белгісінің танылуы нәтижесінде ерекше мағыналы жаңа туынды сөз – жеке атау жасалады.
Атаудың негізі – денотаттың маңызды, ерекше белгісінің бейнесі. Болмыстың қасиеті мен ерекше белгілерін тану адам баласының таным дүниесін қалыптастырады. Бұл ұзақ та, уақыт өткен сайын тереңдей, кеңейе түсетін күрделі әрі кешенді процесс. Дүниетаным көкжиегі кеңейген сайын, сөздік құрамдағы сөздер жүйесі де кеңейіп, семантикалық өрістегі атаулар саны өседі. Болмыстағы ерекше белгілердің танылуы – жаңа атаудың тууының негізі. Танылған белгі және соның негізінде жасалған атау кейінгі даму барысында екінші бір дара белгісі арқылы ерекшеленіп, жаңа семаға жіктелуі ықтимал. Екіншілік мағына алған жаңа атау екіншілік номинация ретінде танылады. Бұл атаудың екіншілік туынды мағынасы бұрын ерекше болмаған белгі арқылы да жасала алады. Демек, ұғымдық сипаты мен ішкі мәні жағынан уәжделген жағдайда, сөз семантикасындағы кез келген сема жаңа затқа немесе заттардың тобына атау болуға мүмкіндігі бар.
Атау үшін өзі таңбалап тұрған зат не құбылыс белгісінің маңызды болуы шарт. Маңызды емес, ерекше емес белгі оның арнайы семантикалық құрылымын жасай алмайды. Жеке атаудың маңызды белгісі архисемадағы немесе әуелгі ұғым қасиетіндегі негізгі, басты белгі болмауы да мүмкін. Номинациялық процестің өзіндік даму заңдылықтары бар. Атаудың ттуы мен қалыптасуында уақыт факторының алатын орын ерекше. Зат не құбылыс алғаш танылғанда берілетін номинациялық атаулар заттың негізгі, жалпы белгілеріне байланысты қойылады. Танымның тереңдеуімен бірге сөз мағынасы да жүйелі әрі кешенді сипатта дамып, маңызды белгілері сөз мағынасының жіктелуіне негіз болады. Белгілі бір таным деңгейінде маңызды саналмаған болмыс белгілерінің өзі кейін уақыт өте келе, атаудың ерекше белгісі ретінде бағаланып, екіншілік номинацияның ерекше мағынасын қалыптастыра алады. Сөйтіп әлем бейнесінің қасиетін, сапасын, мөлшерін, санын, көлемін, ісін, әрекетін, қимылын таңбалайды. Атауға негіз болатын денотаттың қасиетін, сапасын, мөлшерін анықтау барысында оның маңызды белгісі ерекшеленуі немесе кез келген белгісі маңыздылыққа ие болуы ықтимал. Осындай таным негізінде сөзжасамдық процесс орындалып, әртүрлі сипаттағы атау туындайды.
Айталық, уақыт ұғымын анықтайтын, бір семантикалық өрісте жататын шақ, мезгіл, уақыт, сәт, мезет, мерзім, кез, кезең, дәуір, заман, көзді ашып жұмғанша, қас-қағымда, әп-сәтте, қас қаққанша, сүт пісірім уақыт, бір ет асым уақыт, қас пен көздің арасында, кірпік қаққанша, т.б. атаулар уақыттың әртүрлі деңгейі мен шегін айқындау үшін қолданылады. Осы атаулар уақыттың белгілі бір ерекше белгісін таңбалау арқылы танымда пайда болып, тілдік қажеттіліктің нәтижесінде әртүрлі мәнде жұмсалады. Жеке ұғым білдіргендіктен, атау ретінде танылады. Жалпы мағынасы уақыт семасына сәйкес келгенімен, жеке алғандағы ерекше семаларының даралығынан да, оларды бірінің орнына бірін кез келген жағдайда қолдана беруге болмайды. Айталық, бір буыннан тарайтын түбірлес сөз болғанмен кез бен кезең, сәт пен сағат, мезгіл мен мерзім, тіпті контексте келгенде заман мен замананың мағыналық реңі бөлек болады да, синоним ретінде қолдануға келмейді. Демек, денотаттың бір белгісі ерекшеніп, танымда ұғым қалыптастырса, тілде таңбаланып, жаңа атау жасала алады. Бұл екіншілік немесе үшіншілік туынды мағына болуы мүмкін. Оның семантикалық құрылымында архисеманың мағыналық сипаты шалғай өрісте болса да сақталады. Кез келген номинацияның табиғатында өзі атап тұрған болмыстың нақты маңызды белгісінің белгіленуі шарт. Осының негізінде атаудың уәжділігі анықтала алады. Кез келген тілдік бірліктің жасалуы, танылуы уақыт факторына тәуелді дедік. Бірнеше маңызды белгіні таңбалау қажеттігі, болмыстың ішкі қасиеті мен мәнінің адам баласына бірте-бірте танылғандығы - әлем бейнесін тілде таңбалау процесінде синоним сөздер мен көпмағыналылықты туғызады.
Сөз – зат пен құбылыстың негізгі белгілерін танытатын ұғымның қалыптасуы нәтижесінде жасалады. Бұл маңызды белгі – осы атау үшін ғана маңызды. Атаудың негізгі мәнін айқындайтын ерекше белгі номинативтік белгі деп аталады. Атаудың номинативтік белгісі өзге атаулар үшін номинативті белгі бола алмайды. Бұл белгі тек өзі белгілеп тұрған зат не құбылыс үшін ғана маңызды. Номинативтік ерекше белгісі анықталмаған атау – сөз, лексема ретінде таныла алмайды. Тіпті мағыналық жағынан ұқсас атаулар үшін де номинативтік белгінің әрқайсысының өзіндік жекелік, даралық сипаты сақталуы қажет. Номинациялық атау үшін өзі таңбалайтын заттың негізгі белгісі ерекше маңызды. Номинациялық процестің белгілі уақыт дергейінде өтетіндігіне орай, оны екіге бөліп саралауға болады. Әрі бұлайша бөлу жалпы тіл білімі теориясында қалыптасқан үрдіс: алғашқы немесе біріншілік номинация; екіншілік номинация.
Алғашқы немесе біріншілік номинация тек тарихи аспектіден сөздердің этимологиялық шығу төркінін зерттеу барысында айқындалатын атаулардың ең көне мағыналық сипаты ретінде танылады. Қазіргі қазақ тілінде атаудың біріншілік номинациясы бір буынды түбірлердің мағыналық құрылымында ғана сирек кездеседі.
Архитұлғалардың көрінісі мен архисемасын терең тарихи зерттеулер нәтижесінде мөлшерлеп пайымдауға болады. Қазіргі ғылым жетістігі архитұлғалар мағынасының өте күрделі, ауқымды семалардан құралатынын көрсетіп отыр. Архисема макросемалардан құралады. Алғашқы номинациялық атаулардың шығу жолдарын зерттеуде тіл білімінде жасалған дәстүр мен ұлан-ғайыр көп ғылыми бағыттар мен мектептер бар.
Екіншілік номинация – әр түрлі сөзжасамдық тәсілдер негізінде жасалатын атау. Екіншілік номинацияда болмыстың танымдық ұғымы мен белгісі дамыған, толыққан сипатта көрінеді. Жаңадан жасалған туынды атаудың мағынасында өзін туғызуға себеп болған түбірдің не негіздің мағынасы белгілі дәрежеде сақталады. Екіншілік номинацияның жасалуындағы негізгі заңдылық – атаудың өзін тудыруға себеп болып тұрған тұлғаның мағынасына негізделуі, уәжделуі. Бұл мағыналық негізділік кейін өзге жаңа номинативті атауларға да беріледі. Сөйтіп бұл атаулар бір семантикалық өрісте жатады. Осы сақталған мағыналық жүйе арқылы сөздің дамуының тарихи желісін айқындауға болады.
Болмыстың маңызды және ерекше белгілері атаудың номинативтік белгісі арқылы көрінеді дедік. Номинативтік белгі түбірлес сөздердің мағыналарында сақталып, олардың өзексемасын құрайды. Бір себепші негіз арқылы пайда болған атаулардың номинативтік белгісін анықтау, олардың даму жүйесін, семантикалық бірлігін, семантикалық өрісін түсіндіруге мүмкіндік береді. Туынды сөзді сөзжасамдық бағытта саралау атаудың номинативтік белгілерін табуға, сол арқылы сөздің және оның мағыналарының генетикалық-тарихи бірлігін тануға мүмкіндік береді. Екіншілік номинацияның жасалу жолы мен себебін зерттеуде атау теориясы мен сөзжасам бір-бірімен тығыз байланыста қарастырылады. Сөзжасам екіншілік мағынаның жасалу тәсілін, мағыналық шегін, жүйесін, жаңа атау жасалуының қалыбын, т.б. зерттейді. Демек сөзжасам – номинациялық процесс пен оның нәтижелерінің орындалуын қамтамасыз ететін тілдік сала. Тілдік жүйедегі сөзжасамның басты қызметі – атау жасау, адам баласының танымдық және рухани дәрежесінің, ғұмырлық тәжірибесінің таңбалық көрінісі бола алатын жаңа атау туғызу. Сондықтан ол номинациялық процестердің жүруіне қызмет етеді, номинациялық атаулар туғызудың жолы мен тәсілін, қалыбы мен типін анықтайды.
Адамзат баласының әлем бейнесін таңбалау үшін қолданатын бірден-бір негізгі құралы – тіл екені белгілі. Тілде адам санасында таңбаланған ұғым өзінің бейнесін, келбетін мүсіндейді. Туынды сөз – ұғымның дыбыстық, мағыналық көрінісі. Екіншілік мәнді туынды атаулар сөздік құрамның мол бөлігін құрайды. Екіншілік номинация сөзжасамдық аспектіде туынды сөз ретінде танылып, зерделенеді. Олай болса сөзжасам мен атау теориясының зерттеу нысанында ортақтық бар, ал зерттеу бағыты мен тәсілдері ерекше. Сөзжасамды номинациялық аспектіден қарастырғанда, атаудың мәні талданып, туынды сөздің өзі белгілейтін болмыспен ара қатынасы зерттеу нысаны болады. Атау жасаудың негізгі құралы –сөзжасамдық тәсілдер.
Сөзжасамның нақты сипаты ономасиологиялық категориялар мен сөз жасаушы материалдық құралдар, олардың мағыналық жағы, туынды сөз көлемінде болатын теориялық мәселелер арқылы айқындалады. Номинациялық жағдай жаңа атау туғызса, сөзжасам сол атауды туғызуға тікелей қатысады, әрі туынды сөздердің сөздік құрамда қолданылуына, қалыптасқан үлгі бойынша басқа туынды сөздердің жасалуына тікелей ықпал етеді. Бір қалыптан туындайтын сөздердің күрделі құрылымдық семантикасы мен түбірлес туынды сөздердің генетикалық бірлігін анықтайды. Жаңа туынды атау жасауға тікелей қатынасатын сала болғандықтан, сөзжасам басқа жүйелерден гөрі ономасиологияға жақын. Атау туғызуда шешуші рөл атқарып, номинативтік аспектіден қарастырылады.
Сонымен, қорыта айтқанда, атау теориясы жеке лингвистикалық пән ретінде тіл бірлігі жасалуының жалпы заңдылықтарын, тіл мен ойлаудың, шындық өмірдегі болмыс пен тілдік таңбаның бір-бірімен байланысы мен қатынасын, олардың белгісін танудағы адам факторының үлесін т.б. зерттейді. Ал сөзжасам теориясы жеке лингвистикалық пән ретінде туынды сөздің жасалуын, қызметін, мағыналық құрылымын, сөзжасамдық тәсілдер мен сөзжасамдық ұяны, сөзжасамдық мағынаны т.б. қарастырады. Сөзжасам мен атау теориясы бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста. Өйткені екі саланың да негізгі зерттеу нысаны атаумен, туынды сөздің таңбалық, ұғымдық сипатымен байланысты.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   43




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет