Қазақ тілінің сөзжасамы А. Б. Салқынбай – ф.ғ. д., профессор І. Сөзжасам – тіл білімінің жеке саласы


Қазақ етістігі – феномендік құбылыс



бет61/62
Дата15.02.2022
өлшемі0.82 Mb.
#455393
1   ...   54   55   56   57   58   59   60   61   62
Дәріс -әдістемелік оқу құралы. 1-басылым

Қазақ етістігі – феномендік құбылыс. Оның тарихи қалыптасу жолының өзі күрделі. Синкретті түбір ретінде қалыптасқан етістік тұлғаларының мағыналық құрылымы мен жүйесі күрделі. Етістік – қазақ тілінің “жаны”, жүйкесі. Тіліміздің тазалығын сақтаушы. Тілімізге күні бүгінге дейін енген бірде-бір етістіктің болмауының өзі сөйлеуде, жазуда ойды айқын, анық жеткізудегі қажеттіліктерді толық орындай алады деген сөз. Оның мағыналық құрылымының күрделілігі кез келген күрделі ойды тиянақты, нақты айқын жеткізуге мүмкіндік береді, құдіреті жетеді.

Етістік мағынасының күрделілігі сонда, ол әртүрлі мағыналық иірімде, бояуда жұмсала алады. Жоғарыда келтірілген сал, бер, айт етістігін әртүрлі мағыналық бояуда айтуға болады: айта сал, көре сал, біле сал, кітапты сал, қалтаға сал, терезені сал, құлып сал, көз сал, тіл сал, ой сал, сөз сал т.б.; айта бер, сала бер, көре бер, кітапты бер, дәптерді бер, бара бер, бере бер, тола бер, тоқи бер, т.б. Табиғатта қимылсыз, қозғалыссыз зат болмайды. Болмыстың осы қасиетін таңбалайтын атау – етістік. Осының өзі де етістік табиғатының ерекшелігін көрсетсе керек. Болмыстағы қимыл-әрекетті, қозғалысты, әртүрлі процестерді таңбалау үшін етістіктің саны мен сапасы мол да ауқымды болуы қажеттей. Ал түркі тілдеріндегі, соның ішіндегі қазақ тіліндегі синкретті түбірлердің жалпы санының өзі мыңнан сәл асады. Демек, табиғаттағы барлық қимыл-қозғалысты, әрекетті белгілеуде, өзге тілден ешбір сөз алмай-ақ, төл тіліміздегі атаулармен таңбалап, барлық қажеттіліктің үдесінен қалай шығып отырмыз? Етістіктің ең бір күрделі тұсы да осындай құндылығымен ерекшеленсе керек. Әрбір қимылдың белгісін, сипатын анықтау үшін тілімізде етістіктің грамматикалық категориялары, сөзжасамдық тұлғалары қалыптасқан.

Қимыл-әрекеттің әрбір қалпын қалт жібермей таңбалайтын атаулар мен сөзтұлғалар жіктеліп шыққан. Соның ең күрделісі – әрі тіліміздің көркемділігін де, көсемдігі мен шешендігін де айқындайтын таңбалар жүйесі күрделі етістіктер. Күрделі етістік арқылы әрбір қимыл, әрбір әрекет өзіндік атауға ие болады. Яғни табиғаттағы әрбір қимыл-қозғалыстың сипаты мен ерекше белгісін айқындауда, тілде таңбалауда күрделі етістік жұмсалады. Етістіктің абстрактылық табиғаты – оның осы қызметін әрі қарапайым көзден жасырып, әрі жүзеге асырып отырады. Айталық, Студент келді, студент оқып келді, студент көріп келді, студент біліп келді, студент жүгіріп келді т.б. деген сөйлемдердегі студенттің қимыл-әрекеті әртүрлі. Әртүрлі хабар туралы әр алуан ұғымды, әр сипаттағы етістік тұлғалары таңбалап тұр. Мұндағы етістік тұлғалары әр тіркесте әртүрлі мағыналық жүк атқарып, жаңа сөзжасамдық мағына беруге семалық рең арттырады.

Күрделі етістік қимылдың өзгеше сипатын айқындау үшін, ұғымды танылған жаңа қимыл-әрекеттің сипатын таңбалау үшін жұмсалады. Күрделі етістік қимылдың өзгеше сипатын таңбалау үшін қолданылып, ерекше сөзжасамдық семаны белгілейді. Ал аналитикалық формада ондай жаңа ұғымды белгілейтін ерекше сема болмайды, тек қимылдың әртүрлі грамматикалық сипатын белгілеу үшін қолданылады. Яғни күрделі етістік жаңа қимылдың атауын белгілеу үшін, ерекше семаны таңбалау үшін қажеттіліктен пайда болады. Демек, күрделі етістік толық мағыналы екі не бірнеше етістіктен құралып, жаңа қимыл-қозғалыс, әрекет туралы ұғымды таңбалау үшін жасалады. Ал аналитикалық формада мұндай қасиет жоқ. Сондықтан етістіктің аналитикалық формасы негізгі етістік пен көмекші етістіктердің тіркесуі арқылы жасалады. Негізгі етістік тірек сыңар болады да, көмекші етістік тек грамматикалық рең қосады.

Аналитикалық форма жасайтын көмекші етістіктер мыналар: е, же, жазда, отыр, тұр, жатыр, жүр. Осы көмекші етістіктер жалғанғанда ғана етістіктің аналитикалық формасы жасалып, қимылдың грамматикалық мәні анықталады. Өзге етістіктердің барлығы өзіндік лексикалық мағынасын жаңа сөзжасамдық мағына жасауда қоса алады.

Күрделі етістіктің мағынасы сигнификаттық мағына береді. Дәстүрлі грамматикада күрделі етістікті екі үлкен топқа бөлу үрдісі бар: күрделі етістік және құранды етістік. Құрылымдық грамматика тұрғысынан бұлай бөлініс ыңғайлы болып көрінгенімен, семантикалық тұрғыдан толық дұрыс бола қоймайды. Өйткені құранды етістік деп отырғанымыздың көпшілігі фразалар мен идиомалар болып шығады. Біз мұндай тіркестерді коннатациялық мәндегі күрделі тіркестер деп бөліп талдауды ұсынамыз.

Кей зерттеулерде еліктеуіш сөздер мен көмекші етістіктер тіркесі де күрделі етістікке жатқызылады. Біз бұл пікірге де қосыла алмаймыз. Өйткені тарс етті (тарсылдады), сырт етті (сыртылдады), жарқ етті (жарқылдады) тұлғасында жаңадан атау жасалмайды. Тек қимылдың орындалғаны тура айтылады. Сондықтан мұндай тұлғалар сөзжасамдық аспектіден саралана алмайды, бұл морфологияның зерттеу нысаны.

Етістіктің аналитикалық формасы мен күрделі етістіктің мынадай айырмашылығы бар:



Аналитикалық етістік

Күрделі етістік

  1. Негізгі және көмекші етістіктен құралады.

  2. Сыңарлары өздерінің негізгі мағыналарында тұрады.

  3. Көмекші етістіктің лексикалық мағынасы болмайды, тек грамматикалық мағына үстейді.

  4. Құрамындағы сыңарлар негізгі мағынасында жұмсалады.

  5. Әуелгі сыңары тірек мәнде қолданылады.

  6. Етістіктің грамматикалық категориясы




  1. Екі себепші негізден құралады.

  2. Себепші негіздер сөзжасамдық мағынаға ие болады.

  3. Себепші негіздің екеуі де сөзжасамдық ерекше мағына жасауға қатысады.




  1. Құрамындағы сыңарлар ауыспалы, фразеологиялық мәнде жұмсалады.

  2. Сыңарлары тең дәрежеде сөзжасамдық мағына туғызуға қатысады.

6. Сөзжасамдық бірлік

Күрделі етістік пен аналитикалық форманың негізгі ұқсастығы: бір сұраққа жауап береді; бір сөйлем мүшесі болады; сөйлемде бір ғана қызмет атқарады.

Сонымен, екі негізгі етістіктен құралып, бір ғана ұғымды белгілейтін, ерекше сөзжасамдық мағынаны таңбалайтын тіркестер күрделі етістік ретінде танылады. Күрделі етістіктер – сигнификатты мағыналы атаулар. Мысалы: айтып салды, келіп қалды, бара қалды, қашып кетті, жүріп кетті т.б. Мұндай күрделі тіркестер бір ғана қимылдың ұғымын таңбалайды. Өзара сигнификаттық байланыста тұрады. Ұғымды таңбалауда белгілі дәрежеде ауыспалы, фразеологиялық мағынада қолданылады.

Олардың ерекше сөзжасамдық мағынасы белгілейтін ұғымы арқылы көрінеді. Тіліміздің өзгермейтін негізгі байлығы, генетикалық тектестікті, сабақтастықты сақтаушы осы етістіктер. Өйткені зат есімдер ең өзгермелі сөз табы. Зат атаулары қоғамның, өркениеттің өзгеруімен үнемі дамып, тіпті өзгеріп отырады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   54   55   56   57   58   59   60   61   62




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет