Көптік категориясы және көптік жалғаулары. Түркі тілдерінің көне дәуірлеріне қатысты мұралар тілінде де жекелік мәнді білдіретін арнайы аффикстер болмағаны мәлім. Көптік мән арнайы жалғаулар арқылы да, яғни, морфологиялық тәсіл, сөздің лексикалық мағынасы, яғни, лексикалық тәсіл арқылы және сөз тіркестері синтаксистік тәсіл арқылы да берілген.
Кейбір жеке сөздердің лексикалық мағынасының өзінде топтасу, жинақтау ұғымы жатады. Мысалы, йылқы (жылқы), барым (мүлік-дүние) тәрізді сөздер қолдануына қарай жекелік те, топтау ұғымын да берген. Сонымен бірге, көптік ұғым сан есім мен зат есімнің тіркесі арқылы да жасалған. Мысалы, алты йегірма йаш (он алты жас), екі шад (екі шал) т.б. Сондай-ақ көптік мән қос сөздер арқылы да берілген. Мысалы, шад–апыт (шадтар, би-бектер).
Көптік мағынаны тудырудың негізгі жолы – көптік жалғаулары. О-Е жазбаларының тілінде көптік жалғауларының екі түрі кездеседі: -лар, -т, -лар жалғауы көптік мағына тудырудың негізгі тәсілі. Мысалы, беглер (бектер), кунчуйлар (әйелдер, ханымдар). Жинақтық мән беретін сөздер көбіне –лар жалғауынсыз да қолданылған: Тоқуз оғуз бегілері будуну бу сабымын егүті есід қатығды тыңла деген сөйлем құрамында бег (бек) сөзі көптік жалғаумен келсе, жинақтық мән беретін будун (халық) сөзіне жалғанбаған. Кейінгі дәуір жазбаларында да –лар көптік мән берудің басты тәсілі есебінде қолданылған: Білге кетік кішілер енім сөзүм ешідіңлер (КК.). Қазіргі қазақ тіліндегі –лар жалғауының қолданылуымен салыстырғанда, көне түркі тілінің біраз ерекшеліктері бар. Олар мына төмендегідей: сан есіммен бір тіркесте келген зат есімдер де кейде –лар жалғауын қабылдайды: маңа төрт йекілер йақын келті (ЗБ). Кейде алдында сан есім айтылған бірыңғай мүшелердің әрқайсысына –лар жалғанып қолданылады, төрт атларым, йылқыларым (ЗБ). Қос сөздердің әр сыңарларына жалғанады: куртлар – қоңыздар (ЗБ). Кейде жинақтық мән берілетін сөздерге де – лар жалғанып келеді: Қар, буз қамуғ ерішді. Тағлар суғы ақышты (МҚ). А.М.Щербак – лар аффиксінің Х-ХІІІ ғ. Жазбаларында мынадай қолданыстарды көрсетеді. – лар жалғауы изафеттің бірінші сыңарына ғана жалғанып келеді: Тағлар сувы (МҚ). Кейде – лар изафеттің екі сыңарына бірдей жалғанып келеді: қушлар авлағулары. Кейде – лар изафеттік тіркестің соңғы басыңқы сыңарына ғана жалғанады. Ащру улу йазлықлы турмен менің йаман ішлерімнен, йаман сағынчымдан (КК).
Қысқасы, - лар аффиксі өзінің мәні мен қолданылуы тұрғысынан көне түркі тіліндегі негізгі ерекшеліктерін сақтаған.
Тәуелдік категориясы және тәуелдік жалғаулары. Меншіктік пен меншіктелуші арасындағы қатынас, яғни, тәуелділік категориясы түркі тілдері құрамындағы байырғы құбылыстардың бірі. Түркі тілдері тарихындағы ең көне мұралар тілінде де қазіргі тілдегі тәуелдік категориясы мен оның көріністері көп өзгеріссіз берілген. Көне түркі тілінде тәуелдік категориясы морфологиялық тәсілмен (арнаулы қосымшалармен), морфология-синтаксистік тәсілмен (ілік жалғаулы сөз бен тәуелдік жалғаулы сөздің тіркесі), синтаксистік тәсілмен (ілік жалғаулы жіктеу есімдіктері арқылы) берілген.
Жекеше: І ж. –м, (-ым, -им, -ум, -үм, -ам, -ем): будун-ым (халқым), қаң-ым (әкем), қут-ым (құтым, бақытым). ІІ ж. –ң, (-ың, иң, уң, -ұң, -үң, -аң, ең): қут-ың (сенің бақытың). ІІІ ж. –ы, -сы, (-ы, -и, -сы, -си, -зы, -зи): уйасы (оның ұясы, ұрпағы), қағаны (ханы), айғучысы (уәзірі).
Көптік: І ж. –мыз (-мыз, -миз, -мүз, -ымыз, -имыз, -умуз, -амаз, -әмәз), ханымыз, ечимиз, қағанымыз. ІІ ж. –қыз, -киз, (-ыңыз, -иңиз), -үнүз: адашыңыз (сіздің жолдастарыңыз), қағаның (сендердің хандарың). ІІІ ж. –ы, -сы, -си (-зы, -зи) –сылар, -силар.
Жазбалар тілінде тәуелдікте тұрған сөз жіктеу есімдіктерімен тіркесіп те, тіркеспей жеке де айтыла береді. Яғни, қазіргі қазақ тіліндегідей, бірде менің кітабым, бірде кітабым, түрінде жеке де айтылады. Тәуелдік жалғауларының ашық дауыстылардан басталатын варианттары көне түркі ескерткіштерінің бәрінде бірдей кездесе бермейді. Бұл варианттар көбінесе Шығыс Түркістаннан табылған жазбалар тілінде (манихейлік текстер, кейбір ұйғыр жазбаларында) ғана ұшырасады.
Түркітануда тәуелдік жалғауларының арғы негізі – жіктеу есімдіктері дейтін пікір тұрақталды. Түркі тілдерінің тарихын зерттеушілер өте көне дәуірде екпін түскен буыннан кейін айтылған айтылған жіктеу есімдіктері бара-бара өзінен бұрын тұрған, негізгі логикалық екпін түскен сөздің энклитикасына айналған дейтін пікірді бекерге шығармайды.
Жіктік жалғаулары. Түркологияда тәуелдік жалғаулары сияқты, жіктік жалғаулары да жіктеу есімдіктерінен тараған дейтін көзқарас талас туғызбайтын жай. Алайда жіктік жалғауларының қазіргі типі, белгілі мұралар тіліндегі түрі бұларды да тарихи тұрғыдан тәуелдік жалғауларымен тұлғалас деп қарауға мүмкіндік бермейді. Ежелгі ескерткіштерде бұл жалғаулар мына түрде кездеседі: VII-VIII ғ. Сүледіміз, сүңүсдіміз, бұздумыз. ХІ ғ.: Мен барырман, мен бармасман. – Мен барамын, мен бармаймын (МҚ). XIV ғ. Сенің йазықыңның алдында мен турурмен. – Сенің күнәңнің алдында мен тұрмын (КК).Егер қазіргі қазақ тіліндегі жіктік жалғаулармен салыстырсақ, бар айырмашылық дауысты дыбыстардың алмасуларында ғана.
Н.К.Дмитриев: «Қазіргі тілдегі жіктік жалғаулары тұрақты дыбыстық құрамын жоғалтып, әр түрлі дыбыстық варианттарға жіктелудің нәтижесі», - дейді.
В.Котович жіктік жалғауларын «байырғы етістік суффикстері» деп атайды да, олардың жіктеу есімдіктерінің постпозициялық тұлғасына (атау тұлғасы) жақындығын, өзара ұқсас, ыңғайлас жақтарының көп екендігін айтады.
Жіктік жалғауларының қалыптасуы, яғни, жіктеу есімдіктерінің жақты білдіретін грамматикалық көрсеткіштерге айналуының басты тәсілі –постпозициялық қолданыс болғандығын көне, жаңа түркі тілдерінің материалдары дәлелдейді.
Септеу категориясы және септік жалғаулары. Септеу категориясының даму ерекшеліктері. Түркі тілдерінің V-VIII ғ. ескерткіштері тіліндегі септік жалғаулары кейінгі XI-XV ғ.ескерткіштері тіліндегі сондай категориямен грамматикалық қызметтерінің жіктелуі жағынан да, қолданылу тұрғысынан да бірдей емес. V-VII ғ. Көне түркі тіліндегі кейбір септіктер екі не үш түрлі грамматикалық мәнде қолданылған, яғни ол тілде септіктердің диффузиялық күйі байқалады. Онда , сонымен қатар, септік жалғауларының шылаулар жетегінде айтылуы да енді қалыптаса бастаған құбылыс ретінде ғана көрінеді. Қазіргі түркі тілдеріндегі септік жалғаулары басты екі топқа – грамматикалық септіктер мен көлемдік септіктерге жіктелетіні белгілі. Көне түркі тілінде де нақ осы із бар. Ал септік жалғауларының тілдің даму процесінде семантикалық жіктелуі осы ек ітоптың әрқайсысының өз ішінде болған құбылыс.
Септік жалғауларының морфологиялық және семантикалық дамуы екі түрлі грамматикалық категориямен тығыз байланысты: тіл құрамында жалғаулардың пайда болып, молаюы және етістіктердің меңгеру қабілетінің өзгеріп, кеңеюі.
Негізгі септелетін сөздер – зат есімдер. Алайда қазіргі тілде субстантивтенген кез келген сөз септік жалғауларын қабылдайды. Осы із түркі тілдерінің тарихында жаңа емес, дегенмен, қазіргі тілдегідей етек алмаған.
Өзін-өзі бақылау сұрақтары:
-
Сөздердің грамматикалық топтарға жіктелуі.
-
Есім сөз таптарының дамуы, тарихи өзгерісі.
-
Көптік жалғаулары
-
Тәуелдік жалғаулары
-
Жіктік жалғаулары
-
Зат есімнің септік категориясы
Әдебиеттер:
1. Томанов М. Қазақ тілінің тарихи грамматикасы. А,1988.
2. Томанов М., Қордабаев Т. Тарихи грамматика мәселелері. А,1975.
3. Мұсабаев Ғ. Қазақ тілі мен грамматикасы тарихынан. А,1986.
8-Дәріс
Тақырыбы: Зат есімнің септік категориясы
Жоспар:
Жеке септіктердің тарихы
Мақсаты: Түркі тілдерінің V-VIII ғ. ескерткіштері тіліндегі септік жалғаулары кейінгі XI-XV ғ.ескерткіштері тіліндегі сондай категориямен грамматикалық қызметтерінің жіктелуі жағынан да, қолданылу тұрғысынан да бірдей еместігін, V-VII ғ. Көне түркі тіліндегі кейбір септіктер екі не үш түрлі грамматикалық мәнде қолданылғандығын қарастыру.
Мазмұны: Атау септік. Атау септік тұлғасы ескі жазбалар тілінде мынандай қызметт ежұмсалған: Атау септік тұлғасы өзінің тура мағынасында қолданылған: Аганияз ер ағыр бедісміс (М). «Аганияз қою (әдемі) оюлады: Ілкі сен барғыл» (МҚ) «Алдымен сен бар». Зат есімдер де, есімдікте де атау тұлғасында жұмсалып, сөйлем бастауыш қызметінде келген. Ілік септік қызметінде жұмсалуы: Білге Тонықұқ бен өзүм табғач іліңе қылынтым (Т). «Данышпан Тонықұқ мен өзім табғачтың еліне қол арттым». Кімі ічре олдуруп, Іле сувын кечтіміз, ұйғыр таба башланып, мыңлақ елін ачтымыз (МҚ). «Кемеге отырып, Іленің суын кештік, ұйғырға дейін барып, Мыңлақ елін аштық». Табыс септік орнына жұмсалуы: ічін, ташын адынчығ бедіз уртуртым, таш тоқытдым (ҚТ). Іш-тысынайрықша өрнектеттім, тасты қойғыздым. Мұндай факт атау септік пен табыс септіктің тұлғалық омонимиясы, белгілі бір синтаксистік қызметте – тура толықтауыш болып жұмсалуы өте архаикалық құбылыс екенін көрсетеді. Жатыс септік орнында қолданылуы: Өтүкен иір олурып арқыш-тіркіш ысар, нең буңуғ йоқ. Өтүкен йыш олурсар, бенгі іл тута олуртачы сен, түрк будун, тоқ (КТ). «Өтукен жерінде отырып, керуен жіберсең, еш мұңың жоқ. Өтукен қалыңында отырсаң, мәңгі тұтас боласың сен, түрік халқы, тоқ боласың».Қазақ тілінде атау тұлғасының жатыс септік орнына қолданылуы кездеспейтін факт. Құралдық септік мәнінде қолданылуы: Тоқуз йаңыңа сү йорылым (М) . Айдың тоғыз жаңасында әскермен шабулға шықтым. Құралдық септік қызметінде қолданылуы V- ІХ ғ. Жазбаларында жиі кездеседі. Бірақ бұл қолданыс ХІ-XV ғ. Ескерткіштері тілінде байқала бермейді. Барыс септік орнына қолданылуы: «Бабурнаме» тілінде атау тұлғаның барыс септік орнына қолданылуы кездеседі. Бұхара барды – Бұхараға барды. Мен бу тарап келдім – Мен осы маңға келдім. Атау тұлғасы шығыс септік орнына жұмсалуы да кездесіп отырады: Көгмен аша қырқыз йіріңе тегі сүледіміз. Көгменнен асып қырғыз жеріне дейін шабулдадың (КТ). Иол азылды – жолдан азды (МҚ).
Көне түркі тіліндегі атау тұлғасының көп функциялылығы жалпы септік жалғауларының бір-бірінен ара жігін айқындамауының,түгелдей жіктелмеуінің нәтижесі деп қана қараған дұрыс.
Ілік септік. Ілік септік тұлғасының көне жазбалар тілінде мына сияқты фонетикалық варианттары бар: -ың, -ің, -уң, -үң, -ның, нің, -наң, -нәң. Зерттеушілер –ың және –ның, яғни, аффикстің ең басында –н дыбысының бар я жоғына қарай, ілік септік қосымшасының екі түрлі таралуын болжайды. Академик В.В.Радлов Алтын Орда жарлықтары жайлы еңбегінде –ың тұлғасын батыс түркі тілдеріне тән, -ның тұлғасын шағатай тіліне, яки, шығыс тілдеріне тән тұлға деп есептейді. Бұл пікір есімдіктердің септелуін негізге алады. Орхон-Енесей жазбалары тілінде ілік септіктің қолданылуы: Күн тігін Байырқұның ақ адғырығ бініп оплайу тегді (КТ). «Күл тегін Байырқұның ақ айғырын мініпшабулға шықты»... Олурыпан түрк будуның ілін, төрүсін тута бірміс, іті бірміс. «Отырып түрк халқының елдігін, тұтастығын сақтады». Зат есімге –ның түрінде (байырқұның) жалғанса, есімдікке –ың түрінде (мен-ің) жалғанған. Түркітанушы Бангтың түсіндіруінше ілік септік алғашқыда «субъектінің айналасындағы, қасындағы» дейтін мәнді білдірген де, меншіктілік мән соның негізінде барып қалыптасқан. А.М.Щербак ілік мәні алғашында да меншіктелу, тәуелдену мәнерімен келген деп қарайды. Яғни, сол меншіктілік, тәуелділік мәнді арнаулы қосымшамен беру қажеттігінен барып анықтауыштық конструкция құрамындағы атау тұлғасынан өзгеше тұлға – ілік септік қалыптасқан.
Ілік септік көне ескерткіштер тілінде кейде өзімен тетелес сөздің тәуелдік жалғаулы болуын талап етсе, кейде тәуелдік жалғауынсыз-ақ меншіктілік мән бере алады. Біздің еб (МҚ). «Біздің үй». Менің қарын тозты (МҚ). «Менің қарным тойды».
Ілік септік жалғауының қолданыстағы негізгі мағыналары: Бүтіннің бөлшеген, құрама салаларын білдіреді: Менің қарным тозты (МҚ). «Менің қарным тойды». Кісілер, заттар арасындағы қатысты, байланысты білдіреді: Бенің будунум анта ечуч (Т). «Менің халқым ана жақта еді». Абстрак меншіктілікті де білдіреді: Біздің хан ағаларымыз (ЯТ). «Біздің хан ағаларымыз».
Табыс септік. Табыс септік жалғауы әдетте тура толықтауыштың грамматикалық көрсеткіші деп қаралады. Табыс жалғауы қашан да іс-әрекет таралған тура объектіні білдіретін грамматикалық тәсіл есебінде танылды. Табыс септік қазіргі түркі тілдеріндегі тұлғалары бір-біріннен сонша алыстап кетпеген. Көне түркі ескерткіштері тілінде табыс септік жалғаулары мына төмендегідей тұлғаларда кездеседі: 1. –ғ, -г, -ығ, -іг, -ұғ, -үг; 2. –ы, -и; 3. –н, -ні, -ны.
Көне түркі жазбалары тілінде табыс септік жалғауының негізгі қолданысы мынадай: Істің, әрекеттің таралу объектісін білдіреді: ...Тоқуз оғуз беглері будуны бу сабымен едгүті есід қатығды тыңда (КТ). «Тоғыз оғыз бектері халқы бұл сөзімді жақсылап есіт, қатты тыңда».
Тура толықтауыш қазіргі тілімізде сабақты етістіктермен ғана байланысады. Алайда, көне түркі ескерткіштерін зерттеушілер ол тілдегі толықтауыштар әрқашан тек сабақты етістіктерге ғана қатысты болып келмейтінін айтады. Көне ескерткіштер тілінде (V-VIII ғ.ғ.) тура толықтауышты өзіне бағындырып меңгеретін етістіктердің толық емес тізімі мынадай (С.Малов): код (қою), келтүр (келтіру), ал (алу), йаратын (жараттыру), көзүн (көріну), бол (болу), сақын (ойлау), сы (сындыру), ас (асу, таудан асу), бар (бару) т.б. Осы етістіктердің біразы іс-әрекетті белгілі бір объектімен байланыстыра білдіруге икем болса, кейбірі мекен-көлемдік т.б. мән беретін сөздер. Бұлар тура объектілік мәнмен бірге, басқа да грамматикалық қатынастарда жұмсала алады. Көне түркі тілінде табыс жалғауы сабақты етістіктермен қатар салт етістіктерге қатысты қолданылған.Табыс жалғауының бұл ерекшелігі олардың тек тура объектіні ғана емес, мекен, көлемдік, құралдық мән туғызуына да мүмкіндік берген.
Табыс септік жалғауының пайда болуын А.Н:Кононов табыстың көне түркі тіліндегі тұлғасы –ғ, (-ығ, -іг) ілік септік жалғауы құрамындағы мұрын жолды –ң дыбысының (-ың) өзгеруіненшыққан деп шамалайды. В.А.Богородский бұл жалғаудың алғашқы түрі оңтүстік-батыс тілдерінде кездесетін –ы, -і варианты деп қарайды. Есімдік түбірге жалғанған кезде түбірдің соңғы –н дыбысы морфологиялық ығысу заңы бойынша қосымшаға ауысқан (мен-і>ме-ні). Кейін осы құрамда есімдіктердің септелуіне де ауысқан. Ал –ы, -і тұлғасын этимологиялық жағынан тәуелдік жалғаудың ІІІ жағымен байланыстырады.
Барыс септік. Көне түркі жазбаларында барыс септік жалғауы бірнеше түрлі болып келеді: -ғару, (-геру, -қару, -керу), -ру (ру), - қа (-ке, -ға, -ге), -йа, (-йе), -а (-е). Барыс жалғауының осы түрлері көпшілігінде бір-бірімен жарыса қолданылған да, кейбір түрлерінің өзіне тән қолданылу мәні, сипаты болған. Өзіндік мәні бар жалғаулар сөздердің белгілі бір тобына ғана жалғанған. Орхон жазбаларында істің бағытын, мекенін білдіруге барыс септіктің –ғару, -геру (кейде -нару) тұлғасы қолданылады: ілгерү (шығысқа), біргерү (оңға), күн ортусынару (түстікке), йырғару (алға) т.б. –ғару аффиксі кісіні, халықты білдіретін сөздерге де жалғанып, ол сөздер істің бағытын білдіретін болады: Апа тарқанғару ічре саб ыдмыс (Т). «Апа тарқанға ішке қарай хабар жіберді». Кейінгі дәуір ескерткіштерінің тілінде бұл тұлға нақ осы сыпатында ұшыраспайды. –ғару аффиксінің түбірімен ұласып, бірігу процесі сол дәуірдің өзінде-ақ басталса керек. Қазіргі қазақ тіліндегі сыртқары, ішкері, шеткері, жоғары, тысқары сөздер ісондай процестің нәтижесі.
Көне түркі жазбаларында жиі қолданылатын барыс септік жалғауы –қа, -ке, -ға, -ге тәуелдік жалғаулы сөздерге –а , -е түрінде жалғанған. Бұл аффикс Орхон-Енесей жазбаларында барыс жалғауының басқа варианттарымен қатар және жиі қолданылған. Бір ғана сөздің өзі бірде –ғару аффиксімен, бірде –ға аффиксіменберілген. Қазіргі тілімізде жеке сөздер құрамында «өлі» қосымша есебінде бірді –ғару (сыртқары), бірде –ру (бері, кері) сақталып қалған.
Жатыс септік. Жатыс жалғауы сыртқы тұлғалық жағынан тарихқа белгілі ежелгі ежелгі дәуірлерден біздің тілімізге дейін көп өзгеріссіз жеткен. Тіл дамуының барысында бұл септік жалғауы қызметі мен етістіктерге қатысты қолданылу жағынан ғана кейбір өзгерістерге ұшыраған. Жатыс септік жалғаудың көне жазбалар тіліндегі қызметі мен мағыналары мына сыпатта: Іс-әрекеттің, заттың орын-мекенін білдіреді: Түрк сір будун йерінте бод қалмады (Т). «Түрк – сір халқының жерінде тірі жан қалмады». Іс-қимылдың, әрекеттің уақыт, мезгілін білдіреді. Күл тегін ол сүңішде отуз йашайур ерті (КТ). «Ол соғыста Күлтегін отыз жасар еді». Орхон-Енесей жазбаларында жатыс септік тұлғасы шығыс мәнінде де қолданылған. Шығыс септік қызметіндегі жатыс септік тұлғасы іс-қимылдың шығар көзін, мекенін білдіреді: Қырқызда йантымыз. Түргес қағанта көрүг келті (Т). «Қырқыздан қайттық. Түргеш қағаннан жансыз келді».
Б.А.Серебренников –да тұлғасының бойында болған локатив мәндерінің морфологиялық тәсіл тұрғысынан жіктелуін –да негізінде жаңа жалғаудың қалыптасуымен түсіндіреді. -дан жалғауының қалыптасуымен бірге аблатив мәні соған ауысты да, локатив мәні –да тұлғасында орнығып қалды. Заттың, процестің шыққан объектісін білдіреді. Табғачда адырылты, қанланты (Т). «Табғачтан айрылды ханды болды». Теңрі тег теңріде болмыш түрк білге қаған... (КТ). «Тәңірдей тәңірден жаралған түріктің білгір ханы...». Бұл қолданыс шығыс қызметін танытады. Бұл қолданыс қазақ тіліне тән емес.
Жатыс септік жалғауы барыс септік қызметінде де қолданылады: йарыс йазыда он түмен сү терілті (Т). «Жарыс жазығына он мың әскер жиналды»... бунда уртым (КТ). «Осыған жаздым»... бу қамар сүресі меккеде інді (тәпсір) «бұл сүресі Меккеге түскен». Жатыс жалғауының барыс септік орнына қолданылуы кейінгі қыпшақ ескерткіштерінде де бар. Қазіргі қазақ тілінде барыс пен жатыс жалғауларының ауысып қолданылуы кейбір жеке етістіктердің лексика-грамматикалық ерекшелігіне бағынышты жай. Жаз, жинал, қой етістіктер бірде барыс, жатыс септігіндегі сөздерді меңгереді. Бұл ыңғайда барыс, я жатыс септігінің қолданылуы контекстік мағына және сөйлеушінің мақсатына байланысты. Сонымен түркі тіліндегі жатыс септік көп мағыналы. Жатыс септік жалғауының басқа септікпен (шығыс, барыс) синонимдігі қазақ тілінде стильдік өң алған.
Шығыс септік. Шығыс септік тұлғасы қазіргі түркі тілдерінде үш түрлі вариантта кездеседі: бірсыпыра тілдерде тек д дыбысынан ғана басталса, кейбірінде тек қана қатаң т дыбысынан басталады. Ал қазақ тілінде дауыссыздар ыңғайында үш түрлі (т//д//н) варианттарында айтылады. Түркі тілдерінің өте ескі кезеңінде шығыс мәнін беретін арнаулы қосымша болды ма, дейтін мәселеде зерттеушілер шығыс қызметін Күл Тегін мен Тонықұқ ескерткіштері тілінде жатыс жалғауы атқарғанын, шығыс септіктің арнаулы тұлғасы өте сирек ұшырайтынын айтады. Дегенмен, мына сөйлемдерде: Өңден қағанғару сү йорыдым (Т). «Он жақтан хандыққа қарай әскер аттанды». Иарақлығ қантан келіп йаңа елтіді? «Жарақтылар қайдан келіп тозғындатты?» Осындағы өңден (оңынан) сөзі шығыс тұлғалы екені, мекендік мәнде қолданылғаны айқын.
Шығыс септік қосымшаларын ескерткіштер бойынша салыстырғанда көне түркі жазбаларында қысаң дауысты варианттар да (-тын, -тін), ашық дауысты варианттар да (-тан, -тен, -ден) кездеседі.
Шығыс жалғауының этимологиялық негізін зерттеушілердің қайсысы да оның алғашқы бөлігі (да-н) жатыс жалғауы деп қарайды. Рясяненің ойынша шығыс септік тұлғасы жатыс және құралдық септік тұлғаларының қосындысы. Рамстед көне жазбалар тіліндегі бірен-саран сөздерге шығыс жалғауының қабаттасып келуін негізге алып, мынадай жорамал айтады: іс-әркеттің шығар пунктін айқынырақ айту үшін жатыс жалғауының үстіне йан (жаны) сөзі тіркестіріле айтылған: оғуздайан. Кейін жатыс жалғауы мен энклитиканың (йан) кірігіп, қысқаруы нәтижесінде –дан тұлғасы шыққан. Б.С.Серебреников: шығыс қосымшасы –да негізінде қалыптасқанын айта отырып, соңғы элемент (н) құралдық мәнді (инструктив) емес, белгілі бір орныннан басқа жаққа жұмсалған қимылдың бағытын (латив) білдіретін қосымша деп есептейді. Қазіргі шығыс септігінің мәні мен қызметін ескерсек, ғалымның бұл пікірі шындыққа әлдеқайда жақын. Сөйтіп –дан құрамын тарихи тұрғыдан былай түсінуге болады: -да істің статикалық (қозғалыссыз) мекенін (локатив) білдіреді де, -н істің бағытын (латив) білдіреді. Осы ізбен таман, дейін, шейін, кейін сөздері құрамындағы – н-ді де бір кезгі сондай қосымша деп қарау керек.
Шығыс септік жалғауының негізгі мағыналары: істің, әрекеттің шығар көзін, іс-әрекеттің таралған, ажыраған объектісін білдіру. Сонымен бірге, шығыс септік жалғауы мынадай мағыналарды білдіреді: әрекеттің себебін білдіреді: Ер ышдын қорқуды. «Ер істен қорықты». Ол мендін тұрқығланды. «Ол менен ұялды, қысылды» (МҚ). Иазықлы ермен көргенімден, ешітімден (КК). «Жазықты едім көргенімнен, есіткенімнен...» Іс-әрекеттің болатын, болған уақытын білдіреді: соңырасында таш білен ташлап өрдүрдүлер (КК).
Кейде шығыс жалғаулы сөздер – іс-әрекеттің пассив субъектісін де білдіреді: бурун айтылды пайғамбардан (КК). Заттың әркеттің сараланған, салыстырмалы сынын да білдіреді, барчадан күчлу, барчадан татлы (КК), «баршадан күшті, баршадан даңқты».
Көмектес септік. Қазіргі түркі тілдерінің көпшілігінде жоқ септік жалғауы – көмектес септік. Зерттеушілер көмектес септіктің мәніне жақын септік жалғауының якут, чуваш тілінде барлығын айтады. Дегенмен, арнаулы грамматикалық тұлғасы бар көмектес септік қазақ тілінің ғана ерекшелігі. Басқа түркі тілдерінде бұл септік жалғаудың қызметін біле (білен) шылауы атқарады. Көне түркі тілінде қазақ тіліндегі – мен септік жалғауы мен басқа түркі тілдеріндегі біле шылауының мәнін беретін арнайы жалғау –ын, -ін, -н тұлғасы айтылған.
-ын, -ін, -н тұлғасы мынадай негізгі мағыналар туғызған: іс-әрекеттің болып өткен жолын, орнын білдіреді: Ол йолын – йорысар, унч – тідім (Т). «Ол жолмен жүрсе, мүмкін дедім». Іс-қимылдың болған, болатын мекенін білдіреді: Алтунйысығ йолсузын асдымыз. Ертіс үгүзүг кечігсізін кечдіміз (Т). «Алтын жерін жолсызбен астым. Ертіс өзенін кешпесізбен кештім». Іс-әрекеттің істелу құралын, объектісін білдіреді: інгек көлүкін Тоғлада Оғуз келті (Т). «Жүк тиелген көлікпен оғыздар Тоғлада келді». Істің істелу тәсілін білдіреді: Қыш йай біле тоқушты, қыңыр көзін бақышты (МҚ). «Қыс жазбен тоғысты, қыңыр көзбен бағысты». Х-ХІ ғ. Жазбаларында бұл жалғау мезгіл уақыт мәнінде де қолданылған: Ол қар қамуғ қышын ынар, Ашлық тарығ анын үнер (МҚ). «Ол қалың қар қыста жауар, ас болатын дән сонымен өнер». Көмектес септіктің бұл тұлғасы сөз өзгертуші, сөз байланыстырушы қосымша есебінде ХІ ғ. Кейін-ақ өз мәнін жоя бастаған. Бұған қарағанда –ын тұлғасы қазақтың халық тілі қалыптаспаған кезде-ақ өз мәнін жоғалта бастаған. Алайда қазіргі қазақ тілінің сөздік құрамында осы жалғаудың кейбір іздері аңғарылады. Мезгіл үстеулері деп қаралатын қысында, жазында, күзінде (қыс-ында), күніне (күн-ін-е), айына (ай-ын-а) тәрізді сөздер құрамындағы –ын, -ін осы жалғау. Көмектес септіктің осы тұлғасымен бірге, көне түркі жазбаларының тілінде бірлестік, құралдық мәнде бірле сөзі де қолданылған. Бу йірде олурып. Табғач будун бірле түзелтім (КТ). «Бұл жерде отырып табғач халқымен жақындастым». Мезгіл мәнінде де бірле шылауы –ын тұлғасымен жарыса қолданылған. Біле шылауының –мен көмектес жалғауына және мен (менен, пенен) шылау сөзіне ажырауы халықтық ауызекі сөйлеу тілінің құрамында өткен процесс. Көмектес жалғауының да, мен шылауының да ауызекі сөйлеу тілінде, жергілікті диалектілер құрамында әр түрлі фонетикалық варианттарда кездесуі соны дәлелдейді. Сонымен, қазіргі тіліміздегі – мен тұлғалы көмектес септік о баста дербес шылау сөз болған, сол сөздің энклитикалық қолданыс нәтижесінде пайда болған – мен жалғауының грамматикалық мәнінің, қолданылу сферасының кеңеюіне алып келді. Бір-біріне мағыналық жағынан орайлас формалар мәндерінің бір ғана формаға жиылуы, сөйтіп мағыналық шоғырланыс тіл пайдалануда трансформация тәсілінің бір қыры болып табылады. Қалайда бүгінгі көмектес септік бір кезде үш түрлі тұлға арқылы берілген мән-мағынаның бәрін де бойына жиып, өзінің қолданылу өрісін кеңейткені айқын.
Достарыңызбен бөлісу: |