«Қазақ тілінің тарихи грамматикасы»


Өзін-өзі бақылау сұрақтары



бет6/10
Дата27.06.2016
өлшемі0.72 Mb.
#160045
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10

Өзін-өзі бақылау сұрақтары:

  1. Атау септік тарихы

  2. Ілік септік тарихы

  3. Барыс септік тарихы

  4. Табыс септік тарихы

  5. Жатыс септік тарихы

  6. Шығыс септік тарихы

  7. Көмектес септік тарихы

Әдебиеттер:

1. Томанов М. Қазақ тілінің тарихи грамматикасы. А,1988.

2. Томанов М., Қордабаев Т. Тарихи грамматика мәселелері. А,1975.

3. Мұсабаев Ғ. Қазақ тілі мен грамматикасы тарихынан. А,1986.


9-Дәріс

Тақырыбы: Сын есімның қалыптасуы

Жоспар:

  1. Сын, сапаны білдірудің лексикалық, грамматикалық тәсілдерінің

қалыптасуы

  1. Аффиксация. Сын есім жасайтын аффикстер

  2. Сын есімдердің дамуындағы адъективация мен трансформация

  3. Шырай формалары

Мақсаты: Сын есімдердің грамматикалық класс ретінде қалыптасуы,

сын есімдердің зат есімдермен байланысын қарастыру.



Мазмұны: Сын есім, түрлері. Сын есімдердің грамматикалық класс

ретінде қалыптасуы зат есімдермен байланысты құбылыс. Зат есімдер зат жайлы ұғыммен бірге сын, сапа ұғымдарын да бойына жинаған грамматикалық класс болды. Бүгінгі тіл білімі тұрғысынан синкретикалық ұғым мен қызметтегі бұл зат есімдер сөз, сөйлем құрамында субъекті мен объектіні ғана білдірмей, атрибуттық та мән туғызып, сондай қызмет атқарады. Анықтауыш деп аталатын синтаксистік категория осылай, зат есімдердің сөйлем, сөз құрамындағы қызметінің бір түрі ретінде қалыптасты. Ал анықтауыш қызметінде зат есімдердің қолданылуы, сөйтіп анықтауыш категориясының қалыптасуы бір затты екінші зат арқылы ұғынуға негізделеді.

Түркі тілдерінің үлкен ерекшелігі – сын, сапа категориясын білдіретін арнаулы морфологиялық тұлғалар жүйесі болмаған, тілдің даму барысында да ондай жүйе қалыптасқан жоқ. Түркі тілдері сөздердің ондай грамматикалық класын басқа жолмен қалыптастырды: есім, етістік туынды түбірлер қолданыстың барысында сын, сапаны білдіретін сөздер тобы болып тұрақталды. Грамматикалық мұндай жіктелістің бірден-бір критерийі – синтаксистік анықтауыш категориясы немесе зат есімге қатысты айтылып, ешбір морфологиялық өзгеріссіз оның анықтауышы болу қызметі. Сонымен, сын есімдердің дербес грамматикалық класс болып қалыптасуы лексикалық және синтаксистік қолданыс барысында болды. Сын есімдердің арғы негізі ең алдымен есім синкретизмінен басталды, етістіктің есімтұлғаларымен толықты. Соның барысында сын есім жасайтын біршама аффиксация жүйесі қалыптасты. Зат есімдермен немесе етістіктермен салыстырғанда сын есім о баста айқын морфологиялық сыпаты бар грамматикалық кластар қатарына жатпайды. Ондай сыпатқа тілдің даму барысында ие болды.

Негізгі сын есімдер. Қазақ тілінде, жалпы түркі тілдеріндегі сияқты байырғы түбір қалпындағы сын есімдер көп емес. Байырғы сын есімдерді қарастырғанда, олардың дамуындағы екі түрлі ерекшелікті байқауға болады: біріншіден, кейбір сын есімдер әрі тура мәнде, әрі заттық мән береді. Кейбір сын есімдердің зат есім тобына, керісінше кейбір зат есімдердің сын есім тобына ауысып отыруы – о бастағы осындай генезистік бірліктің заңды жалғасы. Түркі тілдеріндегі сын есімдер мен зат есімдердің бір-бірінен саралануы көне дәуірде болған процесс. Орхон-Енесей жазбаларында сын есімдер соншалық көп болмаса да сараланған, дербестелінгендігі байқалады. Ол тілде бірсыпыра туынды сын есім жасайтын аффикстер де өз алдына жіктелген топ есебінде көзге түседі.

Сын есімдер дамуының екінші бір ерекшелігі – байырғы түбірдің мағынасының кеңеюі, жіктеліп саралануы, сөйтіп бір түбірдің бірнеше мағыналық мәндерге ие болуы. Мысалы: көк сөзі. Көне түркі тілінде осы сөз заттың түсі мағынасында екі түрлі мәнерді (синий, голубой, көк түрік), сонан соң аспан мәнін берсе, кейін көк шөп мәнін де беретін болған. Жарық – түс – сәуле, сонымен қоса бір заттың жарығы т.б. Сөз мағынасының кеңеюі, жіктеліп саралануы сын есімдердің қолданылу сферасын, икемділігін арттыра түскен. Басқа сөз таптарынан сын есімге айналу процесі (адъективация) тілдің әбден кемеліне келген, сөздердің қолданылу сферасының кеңейген дәуірінде ғана емес, ескі кезеңнен басталған. Қазіргі тілде бір-біріне антонимдік қатынаста жұмсалатын қары (кісі), жас (кісі) сын есімдері екі түрлі қызметте жұмсалып, екі түрлі мағына береді. Қары (немесе кәрі) – кісі, адам, зат есім, қары – кісінің жасын білдіретін сын есім. Заттың түсін, түрін, аумақ-көлемін білдіретін негізгі сын есімдердің көпшілігі-ақ түбір мен қосымшаға, яғни, құрама элементтерге бөлуге келмейді.

Сонымен, қазіргі қазақ тіліндегі түбір мен қосымшаға бөлінбейтін, байырғы түбірлер деп қаралатын сын есімдер негізінен басқа сөз таптарынан ауысқан, яғни, адъективтенген сөздер. Ал олардың басам көпшілігі түбір мен қосымшадан құралған көне сөздер. Мұның өзі о баста тіл құрамында сын есімдердің арнайы мағыналы сөздер есебінде кеш қалыптасқандығын дәлелдейді.

Сын есім жасайтын аффикстер. Есім түбірден сын есім жасайтын аффикстер: -лығ (-ліг, -лық, -лік ). Көне түркі тілінде әрі зат есім, әрі сын есім жасаған қосымша.

-қы (-кі, -ғы, -гі) –сын есім жасайтын бұл қосымша Орхон-Енесей жазбаларынан бастап, мезгіл мәнді және көлем-кеңістік мәнді сөздерді сын есімге айналдыратын морфологиялық тұлға есебінде белгілі. Көне түркілік –қы аффиксі мезгіл мәнді мынадай сын есімдер құрамынан ұшырасады: жазғы, күзгі, қысқы, бүгінгі, ертеңгі, былтырғы, кешегі, күндізгі, таңғы, алғашқы т.б.

-қы аффиксі арқылы жасалған күрделі тұлға –нікі. Бұл аффикстердің алдыңғы бөлігі соңғы элементі (ң) түсіп қалған ілік жалғауы: ны (ң)+кі-нікі. Қазақ тілінде бұл аффикстің д, т дыбыстарынан басталатын да варианттары бар: -дікі, -тікі.Бұл дыбыстардан басталатын варианттардың орнығуы –нікі варианты қалыптасқаннан кейін түбір мен қосымша шегінде болған қайтара ассимиляцияның нәтижесі.

-сыз (-сіз) Орхон-Енесей жазбаларынан бастап, барлық белгілі ескерткіштер тілінде есім түбірден сын есім жасайтын өнімді қосымша: білігсіз қаған (білімсіз хан), түзсіз (дұрыстықсыз), ідісіз (иесіз), ашсыз (ассыз), түтүнсіз (түтінсіз), башсыз (бассыз). –сыз аффиксі өзінің шығу тегі жағынан –сар аффиксімен ұялас. р-з сәйкестігі жалпы алтай тілдері арасында ғана емес, түркі тілдерінің өз арасында да бар. Көне түркі ескерткіштерінде кездесетін –сыра (қағансыра – қансыз қалу) қосымшасы осы ұядан тараған.

-чыл (-чіл). Көне түркілік ескерткіштердің бәрінде есімнен сын есім жасайтын өнімді тәсіл: атчыл, йамғурчыл.

-ыз (-із). Көне түркі тілінде есім түбірден сын есім жасайтын осындай аффикс болған: едіз (биік), бедіз (әдемі), йағыз (йағ –жау, жауыз). Қазіргі тілде бұл аффикс жауыз, семіз, буаз, саяз, тайыз, нағыз,жалғыз, жалбыз, аңыз тәрізді зат есім, сын есімдердің құрамында кездеседі.

Қыстақ, шаңдақ, тастақ, құмдақ тәрізді сөздер құрамынан – дақ (-тақ) аффиксі ажырайды. Бұл аффикс құранды: -дақ.

Етістіктен сын есім жасайтын аффикстер. Етістіктен сын есім жасайтын аффикстер тобына жатқызылып жүрген қосымшалар о баста таза есім мәніндегі (зат есім, не сын есім) сөздер жасамағаны айқын. Бір кездерде етістік түбірлерге қосылып есімше не қимыл есімін жасаған аффикстер түбірмен бірігіп, контексте қолданылу ыңғайымен бірде зат есім, бірде сын есім қызметінде қалыптасуы түркі тілдерінің даму барысында тоқталмаған процесс. Сол процестің нәтижесінде бүгінгі түркі тілдерінде, соның бірі қазіргі қазақ тілінде арғы негізі етістік, адъективацияға ұшыраған сөздердің едәуір тобы пайда болды.

-қы (-кі) аффиксі бұралқы, күлдіргі, оралғы, шұбалаңқы, ойнақы т.б. сөздер құрамында бар. Бұлардың алғашқы түбірлері етістік екені бұра, жина, күл, ора, шұба, ойна сөздерімен салыстыра қарағанда айқындалады. Көне түркілік ескерткіштерде –ғу, -гү, -қу, -кү пішіндес аффикстер де етістік түбірге жалғанған: Бу ебге кіргү едз ол (МҚ). «Бұл үйге кіретін уақыт».

Сын есімдердің біразы –қ (-ық, -ік, -к) аффиксімен келеді. Батық, жырық, жыртық, жарық, арық, ашық, бұзық, шірік, жатық, бітік, сирек, ширақ, бөлек т.б. сын есімдер бат, жыр, жырт, жар (йару) – көне түркі тілдерінде «жарық беру, жарықтандыру, жарық түсіру» мәніндегі етістік, ары/ар – көне түркі тілінде «шаршау, азу» мәнінде қолданылған етістік, аш, бұз, шірі, жат, біт, сире, жала, шира, бөл етістік түбірлері мен –қ (-ық, -ік, -к) аффиксінің бірігуінен қалыптасқан. Бұл аффикс те көне түркі ескерткіштерінде қимыл есімін, зат есім және сын есім жасайтын тәсіл есебінде жиі кездеседі.

-ыл (-іл, -л). Әбден көнерген, сондықтан жаңа сөздер құрамынан ұшыраспайтын аффикстің бірі осы –ыл аффиксі: қызыл, жасыл, батыл т.б.

Сын есімдердің бір бөлігі (-ын, -ін) –н аффиксті болып келеді: бүтін, жатын, жегін, ұзын т.б. Бұл сөздерді бүт, жат, жатық, жек, жегу, ұзақ, ұза, бүткіл сөздерімен салыстыру олардың о баста құрама екендігін көрсетумен бірге, қимыл есім стадиясын да бастан өткізгендігін көрсетеді.

(-р, -ір) –р тұлғалы сын есімдер: бүкір, жұмыр (осыдан барып жұмырық – зат есім), шымыр, обыр. Бұл сөздердің бастапқы түбірлері бүк, бүгу, жұм, жұму – р аффиксі қазіргі түркі тілдерінің біразында –ыр түрінде есімше қызметінде қолданылады. Қашқари сөздігінде, басақ да бірсыпыра ескерткіштер тілінде бұл аффикс –ыр түрінде кездеседі.

-мыс (-міс, -мыш, -міш) аффиксті сын есімдер: жасамыс, алдамыш, қартамыш (кісі) т.б.Мұндай тұлғалы сын есімдер көп емес. бҰлар тұрмыс, болмыс тәрізді зат есімдермен тұлғалас. –мыс, (-мыш) морфемасы қазіргі кейбір түркі тілдерінде өткен шақты білдіретін есімше тұлғасы.

-қын (-кін, -ғын) тұлғалы сын есімдер көп емес: қашқын, тосқын, шапқын (шапқыншылық кез), жойқын, қуғын, тұтқын, босқын т.б. Осы тұлғалас (қын аффиксімен қалыптасқан) зат есімдер де бар. А.Н:Кононов бұны –қан (-ған) есімшелік тұлғаның фонетикалық варианты деп қарайды.

-қан (-ған) аффиксі кейбір сын есімдер құрамында –аған, -еген түрінде күрделі де болып кездеседі: сүзеген, тебеген, алаған, береген, жатаған, көреген, қабаған т.б.Бұл тұлға құранды: көсемшелік тұлға –а және –ған (е-ген). Бұл аффикс осы күрделі түрінде Қашқари сөздігінде де кездеседі.

Көне түркілік жазбаларда –қы (-кі, -гі, -гу, -гү) аффиксі қимыл есімін жасаған. Мұндай қимыл есімдері бірде істі істейтін құралды, бірде істі істеуші субъектіні білдірген. –қыш аффиксінің алдыңғы элементі -қы – қимыл есім тұлғасы. Ал соңғы –ш іс-әрекеттің субъектіге қатыстылығын немесе сондай іс-әркетке субъектінің икемділігін, ыңғайлылығын білдіретін грамматикалық тәсіл. Тапқы – қимыл-әрекетті орындаушы, соған икемді субъект. Таза етістік түбірден сын есім жасалмауының түпкі себебін сөз таптарының әрқайсысына тән лексикалық мағынадан іздестіру керек. Зат жайлы ұғым мен қимыл жайлы ұғым бір-біріне қарама-қарсы полюстар болса, сын мен сапа жайлы ұғым осы екеуіне де қатысты. Заттың сыны мен сапасы жайлы түсінік ең алдымен заттың өзіне ғана қатысты болады.



Шырай формалары. Сын есімнің шырай мәні редупликация жолымен және сын есімдерге –рақ, -лау аффикстері жалғану арқылы немесе сын есімдердің алдынан тіркес айтылатын арнаулы сөздер арқылы беріледі. Тарихи тұрғыдан осы аталған тәсілдердің қайсысы да жаңа құбылыс емес, көне дәуірден-ақ орнығып қалған жүйе. Дегенмен де, олардың таралу шегі бірыңғай емес. Орхон-Енесей жазбаларында редупликация құбылысы, сондай-ақ, аффикстер арқылы шырай мәнін беру ұшырамайды. Бірақ бұл тәсілдер ұйғыр жазбаларында, Манихей ескерткіштерінде бар. Кейінгі дәуірлерге қатысты ескерткіштер тілінен осы күнгі белгілі тәсілдердің барлығы да қолданыс тапқан. М.Қашқари сөздігінде мынадай фактілер бар: «эп//еп//ап –күшейте айту көмекшісі, бір нәрсені өте асырып мақтаса, эп-эггү нең - өт ежақсы нәрсе дейді. Өте ақ, аппақ нәрсені ап-ақ дейді. Уп//үп – рең жайында қолданылатын күшейттіргіш көмекшісі: үп үрүң - өте ақ, аппақ (чығылша)». Тіл дамуының барысында редупликация тәсілінің пәлендей үлкен өзгеріске түскені байқалмайды. Қайталанатын буынның соңғы дыбысы көбінесе, қазіргі қазақ тіліндегі сияқты, қатаң дауыссыздарға бітеді. Алайда А.М.Щербактың зерттеулеріне қарағанда, кейде қайталанатын буында –м, -б дыбыстары да ұшырасады. Бірақ мұндай ауытқулар бір тіл құрамында болатын дауыссыздардың ауысуы емес, әр тілге тән фонетикалық ерекшеліктермен байланысты. –б дыбысының қолданылуы, М.Қашқари ескертпесіне қарағанда, қыпшақ тіліне де тән болған. Дегенмен, қазіргі қазақ тілінде редупликация құрамында мұндай құбылыс байқалмайды.

-рақ аффиксі көне түркілік ескерткіштер тілінде де негізгі сын есімдерге қосылып сапа, сынның салыстырмалы артықшылығын не белсенділігін білдірген. Х-ХІІІ ғ. Жазбалары тілінде де бұл аффикс осы мәнде айтылған. Кейде зат есімдерге де жалғанған. Зат есімдерге жалғану фактісі қазақ тілінде сирек те болса ұшырасады: бала-рақ.

Қазақ тіліндегі (басқа да қыпшақ тілдеріндегі) –рақ фузияда екі дауысты дыбысының тоғысуы нәтижесінде келіп шыққан. Шамамен мынадай жолды өткен: Жақсы+арақ > жақсы-ырақ > жақсы-рақ.

Қазақ тілінде сапаның бәсеңдігін, әлсіздігін білдіретін аффикстер бар. Олар да негізінен сапалық сын есімдерге қосылып, әлгіндей мағына туғызады. Алайда бұл аффикстер аздаған сөздерге ғана жалғанады. Сондай аффикстің бірі –қыш (-ғыш): сарғыш, қызғыш. Осы аффиксті –ғыл аффиксімен салыстырғанда, алдыңғы элементтері бірдей де (-қы, -ғы), соңғы элементтері ғана әр түрлі (-ш, -л). Бұған қарағанда –ғыш құранды аффикс (ғы-ш). Алдыңғы элемент қимыл есім тұлғасы да, соңғысы соған қабаттасқан есім жасайтын қосымша –ғыл аффиксін –ғылт – ғылтым аффикстерімен орайластыруға семантикалық негіз бар: екеуі де сапаның бәсеңдігін, солғындығын білдіреді, бір-бірінен лексикалық мағына жағынан да, қолдану мәнері жағынан да ешбір ерекшеленбейді. XIII-XV ғ. Жазбаларында осыларға ұқсас, осы мәнде қолданылған –ғұл, -гүл, -л, -мутл аффикстері қолданылған. Қазақ тіліндегі –ғыл, -ғылт, -ғылтым аффикстері солардың фонетикалық өзгеріске (-л>м) түскен варианты.

Сапа-сынның әлсіздігін, бәсеңдігін көрсететін аффикстің бірі: -ша, -ше семізше, толықша, арықша, ұзынша, қысқаша, сұрша, құрықша, таяқша, құманша, кітапша т.б. Сын есімдер құрамында келіп, сапаның толық еместігін, бәсеңдігін білдірсе, зат есімдер құрамында «көлемі шағын, кішкентай, үлкен емес» мәнін береді. Осы аффикспен құлыншақ, келіншек зат есімдерінің құрамындағы –шақ, -шек аффиксін де салыстыруға болады. Екеуі де «көлемі жағынан шағын» мәнін береді.

Кейбір сын есімдерге (-дақ, дек, -тақ, -тек) аффиксі жалғанып, сапаның бәсеңдігін, толық еместігін білдіреді: жеңілтек т.б. Осы аффикс, сонымен бірге, зат есімдерді сын есімдерге айналдыру тәсілі болып та жұмсалады: құмдақ, тастақ, мұздақ т.б. Бұлардың түбірі –құм, -тас, -мұз – зат есімдер. –дақ жұрнағы зат есім түбірге «соған ұқсас, сол сияқты» мәнін үстейді. Бұл жерде тағы да сапаның бәсеңдігі, жетімсіздігі көрінеді.

-дақ аффиксімен ұялас аффикстің бірі көбінесе фольклорлық шығармалар тілінде кездесетін, қазір архаизмге айналып кеткен –дайын: Құландайын, батырдайын т.б. Орта ғасыр жазбаларында –дайын//-дейін аффиксі ұқсастыру, шендестіру мәнінде қолданылған. Түбірдің соңғы дыбысымен үндесудің нәтижесінде әр түрлі түркі тілдерінде қосымшаның басқа дыбысы бірде –л, бірде д пішінінде қалыптасуы мүмкін жай. Қазақ тілінде, онда да ауызекі сөйлеу тілінде –дайын, -дейін түрінде орныққан. Бұл құранды аффикстің алдыңғы элементі –дай (дағ>дай), соңғы элементі көне құралдық септік қосымшасы (-ін, -ын).

Сонымен: 1) қазіргі тіліміздегі түбір сын есімдер тарихи тұрғыдан түбір мен қосымшаға ажырайды. 2) Есімдерден сын есім жасайтын аффикстер тарихи тұрақты. 3) Сын есімдер мен зат есімдерге ортақ болып келетін жұрнақтар тарихи жағынан қимыл есім тұлғалары. Тіл дамуының барысында адъектиквация мен субстантивация, трансформация құбылыстарының нәтижесінде ондай тұлғалар зат есімдер мен сын есімдерге айналады.



Өзін-өзі бақылау сұрақтары:

  1. Сапалық сын есімдер

  2. Қатыстық сын есімдер

  3. Аффиксация тәсілі

  4. Адъективация мен трасформация құбылысы

  5. Шырай формалары, түрлері

Әдебиеттер:

1. Томанов М. Қазақ тілінің тарихи грамматикасы. А,1988.

2. Томанов М., Қордабаев Т. Тарихи грамматика мәселелері. А,1975.

3. Мұсабаев Ғ. Қазақ тілі мен грамматикасы тарихынан. А,1986.



10-Дәріс

Тақырыбы: Сан есімдер тарихы

Жоспар:

  1. Сан есімдердің шығу төркіні

  2. Көне түркі тілдеріндегі санау тәсілі

  3. Қазіргі қазақ тіліндегі реттік, жинақтық, болжалдық сан

есімдердің қалыптасу тарихынан

Мақсаты: Сан есімдердің шығу төркінін анықтау.

Мазмұны: Сан есімнің грамматикалық категориялары. Қазақ тіліндегі септіктер. Тіліміздегі сан, санақ, мөлшер жайлы ұғымды білдіретін сездер бірнеше түрлі және олар құрамы жағынан да әр түрлі.

Сөз таптарының ішінде бір-бірінен өзгеше қалыптасқан, көпшілігінде бір-бірінен алшақ, бір-біріне сай түспей жататын да осы сан есім-дер. Рамстедт алтай тілдеріне ортақ сан есім деп тек қана төрт (4) сөзін көрсетеді. Алтай тілдерінде сөз таптарының басқа түр-лері негізгі грамматикалық категориялар ыңғайында бір-бірімен байланысып жататындығы мәлім. Сан есімдер ыңғайындағы бұл ерекшелік, олай болса, халықтардың тарихи даму барысында әр түрлі саяси-мәдени, экономикалық жағдайлардың негізінде ғана пайда болуы мүмкін. Кейбір халықтар тілінде сан, санақ, мөлшерді білдіретін сөздердің жат тілдік элементтер негізінде қалыптасу фактілері де соны дәлелдейді. Бүндай фактілер түркі тілдерінде бірсыпыра этимологиясы анық емес сөздердің о баста пайда болуы сондай жат тілдік әсердің нәтижесі емес пе екен дейтін ойға итермелейді. Миллион, триллион тәрізді сөздер кейінгі дәуірлерде батыс тілдерінен келгені анық. Ежелгі түркі тілдерінде мұндай сөздер де, бүндай ұғым да болған емес. Ал түмен (он мың мәнін берген) сөзі түркі тілінде қолданыс тапқанмен, қазір қолданудан шығуға айналған сан есім. Зерттеушілердің бірсыпырасы бұл о баста монғол сөзі болса керек дейтін жорамал да айтады.

Тіліміздегі сан есімдерді басқа тілдер (туысқан тілдер) материалдарымен салыстырғанда, сондай-ақ, ескі түркі фактілерімен салыстырғанда, олардың бәріне ортақ кейбір жайлар анықталады. Сан есімдердің көпшілігі (түбірлер) өздерінің қалыптасу негізі жағынан басқа сөз таптарымен (есімдер, етістіктер) тығыз байланысты болып келеді. Бір кезде зат және қимыл-әрекетті білдірген сөздердің кейбірі адам баласының айналадағы дүние жайлы ұғымдарының дифференсациялануына, адам ойының интеллектуалдык өсуіне байланысты сан, зат пен кұбылыстың сандық мөлшерін, шамасын білдіре бастауы әсте жат құбылыс емес. Тілдегі белгілі бір ұғымдар жүйесін білдіретін сөздердің барлығы бірдей тұтасымен басқа, жат тілдерден ауыса бермейді. Өзінде жоқ бірен-саран сөздерді қабылдағанмен, мүмкіндігіне орай өз ішіндік ресурстарды пайдалануға тырысатыны анық. Әйткені жат тілдік элемент қашанда жат, тілдің ішкі заңдылықтарымен бар кезде бірдей астаса бермейтінін былай қойғанда, ондай шеттен енген сөздер бар уақытта тілдің ішкі заңдылықтарына үйлесе де бермейді. Шет сөздердің көпшілігінде тілде көп тұрақтамай, қолда-ныстан шығып қала беруінің басты бір себебі осында жатыр. Екін-ші жағынан, басқа сөз таптарынан сандық мән алып, сан есімге ауысқан түбірлер (сол сияқты басқа тілдерден енген кейбір сез-дер де) тілдің даму барысында өзара бірігу жолымен немесе аф-фикстер арқылы күрделеніп отырған.

Түркі тілдеріндегі сан есім сөздер о баста ескі үнді, қытай тіл-дерінен ауысқан дейтін жорамал айқын тілдік зерттеулерге құ-рылмай, ескі дәуірдегі мәдениет үндестігін (айталық, қазіргі өз-бектер құрамындағы кейбір халықтар мен үнділер, парсылар мен унділер) немесе сол ежелгі дәуірдегі саяси және әскери байла-ныстар тарихын ескеруден ғана туса керек. Әйтпесе ескі түркі ті-лінде сандар жүйесін білдіретін сөздер мен қазіргі сондай сөздер-ді салыстыра зерттеу олардың жат тілдік ортада емес, түркілік топырақта қалыптасқандығын дәлелдейді.

Санау жүйесі және сонымен тығыз байланысты болып келетін есептік сан есімдер тарихи тұрғыдан сан жайлы ұғымды білдіретін басқа сөздердің алғашқы ізі тәрізді. Олай болатыны — қазіргі күрделі сандық ұғымдарды білдіретін сөздер мен сөз тіркестерінің барлығы да осы сөздердің негізінде ғана пайда болғандар.

Орхон және Енисей бойларынан табылған тас жазуларда, сондай-ақ одан кейінгі ғасырларға қатысты ұйғыр, араб жазуының ескерткіштерінде көп қолданыс тапқан сан есімдердің қысқа тізімі мынадай: бір, ики (екі), уч (үш), төрт, дөрт (төрт), бичи, бечи (бес), алты, йити, йети (жеті), секиз (сегіз), тоқуз, он, йигирми, йегирми, отуз, қырк, мин, бин (мың), түмен (он мың), алтмыш (алпыс), елиг (елу), йетміш (жетпіс), т. б.

Сан есімдердің негізгі тобы — бірден онға дейінгі сандарды білдіретін сөздер.

Рамстедтің алтай тілдері фактілерін салыстыру арқылы топшылауларын келтіре кетудің артықтығы жоқ. Ол мынадай ой айтады. Бір сан есімінің арғы негізі моңғолдың бүрі «барлығы, бәрі» дейтін сезі, осы ретпен қазіргі қазақ тіліндегі бір сөзі мен бәрі сөзінің арғы тегі бір, бір ғана түбірдің екі түрлі дыбысталуы деп қарау керек болады. Бұған мынадай негіз бар: ерін дауыстыла-рының қысаң дауыстыларға ауысуы түркі тілдерінің қалыптасу барысында кездесетін құбылыс (е-і, ү-і).

Оның үстіне, туркі тілдерінің кейбірінде бір сөзі і дауыстысымен емес, е дауыстысымен ғана айтылады. Мысалы, башқұрт: бер, хакас: пер, т. б. Соған қарағанда, монғолдық бүрі, түркілік бөрі, бір — ұялас түбірлер, олар әрі екі түрлі дыбысталған, әрі екі түрлі мағына алған (бәрі, бір). Екі — сан есімнің арғы түбірі мағынасы көмескіленіп кеткен екі сөзі болу керек және сол екінді сәзімен түбірлес деп қарайды. Рамстедт ол түбірдің алғашқы мәні еру, ілесу деп қарайды. Екінді сөзі, бұған қарағанда мынадай элементтерге бөлінсе керек: ек-ін (қимыл есім тұлғасы) -ті. Бес (кейбір тілдерде беш) сөзі қол мағынасындағы «білек» сезімен ұялас дейтін пікірді басқа да зерттеушілер қолдайды. Егер осы этимологияны жобаға соғады деп қарасақ, онда сөз түбірі о баста беш не біл түрінде емес, пел түрінде айтылса керек. Чуваш тілінде пеллек «бес» мәнін береді. л~ш сәйкестігі монғол тілдері мен түркі тілдерінің арасында ғана емес чуваш тілі мен басқа түркі тілдерінің арасында да кездесетін құбылыс. Қазақ тілінде бес сезі бүтін қол мәнінде де жұмсалады.

Алты, жеті сан есімдерінің арғы негізі ал және же байырғы етістіктері болуы керек. -л генезистік жағынан қазіргі тілдерде жедел өткен шақ тұлғасын жасайтын -ды қосымшасының ескі түркілік варианты. Ескі түркі тілінде лт дыбыс тіркесі әдеттегі норма ретінде кездесе беретіні мәлім. Сол ізбен, өткен шақ қосымшасы -ты түрінде де дыбысталған. -ды (немесе -ты) таза етістік тұлғасы емес, о баста да қимыл есім мәнін бергені айқын. Сонда алғашқы қалыптасу дәуірінде алты сан есімі алынған, алынушы немесе бөлінген (саусақ) мағынасында жұмсалған да, жеті сөзі жейтін, ұстайтын (саусақ) мағынасында жұмсалса керек. Қолданылу процесінде зат атауы оның орналасу ретін білдіретін сөз есебінде қалыптасуы ықтимал. Оған мынадай қосымша жағдай да бар: алтыншы саусақ қашанда екінші қолдың біріншісі де, жетінші саусақ (қазақша: сұқ қол) тамақ жеуде, ұстауда ең ыңғайлы, икемдісі. Осы саусақтың қазақ тіліндегі екінші аты да сол икемділігіне, қызметіне қарай қойылса керек.

Тоғыз сан есімі этимологиялық жағынан моңғолдың төкір, түркілік дөкір (икемсіз, оралымсыз, әдепсіз) сездерімен байланыстырылады. Қазіргі чуваш тілінде бұл сан есім тохар түрінде айтылады. Сездің соңғы дыбысының түркі тілдерінде -з-ға айналуын Рамстедт сегіз сөзімен аналогия жасаудан деп қарайды. Дұрысында да солай ма, әлде тағы да р~з сәйкестігі ме? Өйткені р~з сәйкестігі түркі тілдерінің құрамында көбіне сездің грамматикалық мәнін айырушы критерий қызметінде де кездеседі (Мыс, көз-көр, семіз-семір, т. б.). Қысқасы, тоғыз сан есімі дөкір саусак, икемсіз саусақ (қазақша атсыз қол) мәнінен барып шыққан.

Түркі тілдерінде, сол сияқты алтай тілдерінің бірсыпырасында-ақ он сезі кездеседі. Бұндай кең жайылу, сірә, сөздің байырғылығының дәлелі болса керек. Түркі тілдерінің барлығында дерлік жиырмадан бастап ондықтарды білдіретін сездердің біразы тарихи тұрғыдан құранды болып келеді. Жиырма, алпыс, жетпіс, сексен, тоқсан сөздері сондай. Бұдан мынадай қорытынды шығаруға болады: бірліктерді білдіретін сөздер әр түрлі сөз таптарынан бөлініп қалыптасқаннан кейін барып ондық атаулары шыққан. Осымен байланысты, бір кезде акад. Гордлевскийдің ескі түркі халықтарында санаудың ең жоғары мөлшері 5 (бес) саны болған дейтін пікірін еске алған жөн. Күрделі сандық атаулардың кейін пайда болуын дәлелдейтін тағы бір факт — өте көп астрономиялық сандарды білдіретін сөздер көне түркі тілінде байырғы сөздер негізінде жасалмай, басқа тілдерден ауысқан сөздер арқылы берілуі. Көне түркі тіліндегі түмен (он мың, осымен байланысты түмен —арык-жер атауы), бан (хинди тілінен, 10000) сездері түркі тілдерінде әр түрлі байланыстар арақылы сырттан енгені анық. Қазіргі тіліміздегі миллион, миллиард, триллион сан есімдері де сондай.

«Жиырма» мәнін білдіретін сан есімнің түркі тілдерінде негізгі үш варианты бар: жиырма (йігірме, т. б.), сары ұйғыр тілінде икки он (екі он), тува тілінде чээрби. Сары ұйғыр тілінде, сөйтіп жиырма мәнін аналитикалық тәсілмен жасалған сәз тіркесі береді. Ал тува тіліндегі чээрби басқа түркі тілдерінде ж, й, д, с дыбыстарынан басталатын сөздің фонетикалық варианты. Сонда түркі тілдерінің арасында белгілі мынадай дыбыстар сәйкестігі келіп шығады: ч//сІІд//ж//й. Жиырма сөзін генезистік жағынан екі, егіз сөздерімен байланыстыруға болады. Түркі тілдерінің бірсыпырасында (ескі, жаңа тілдерде) екі, егіз және жиырма сөздері й дыбысынан басталатыны мәлім. Якут тілінде игирэ, моңғол тілінде икир — егіз мәнін беретін сөздер. Бұған қарағанда, жиырма сезі о баста екі-р-ма (-ми) құрама бөліктерден қалыптасқан деп қарауға болады.

Отыз сан есімін сыртқы тұлғасына қарап туынды түбір деп ойлауға болады (от-ыз). Бірақ қазіргі түркі тілдері материалдары негізінде мұны түсіндіріп беру мүмкін емес. К,ырқ сан есімінің этимологиясы да айқын емес. Алайда түркі халықтарында, солардың бірі қазақ халқында да қырық сөзі діни-тотемдік ұғымдармен байланысты айтылатыны белгілі. Өлген кісінің артынан қырык күннен соң еске түсіру («қырқын беру») немесе фольклорлық нұсқаларда кездесетін «қырқ күн, қырқ түн» тәрізді қолданыстар сондай ұғымнан туса керек. Акад. Гордлевский қырық және төрт сөздерінің арасында ешқандай ұқсастық жоқ екендігін айта келіп, қырық о баста жалпы көп, мөлшерсіз көп ұғымын берген болу керек те, қырық сөзінің соңғы элементі сондай көптік ұғымның керсеткіші болуы мүмкін деген жорамал жасайды 2.

Елу сан есімі көне ескерткіштер тілінде және қазіргі кейбір түркі тілдерінде еллиг түрінде дыбысталынады. Қазіргі қазақ тіліндегі елу сөзі соның фонетикалық өзгеріске түскен варианты

екені анық. Елу сөзімен ыңғайлас сөз — елі. Көне ескерткіштерде елліг сөзі «қол» және «елу» мәнінде жұмсалған. Бірсыпыра түркологтардың елу сөзі қол мәніндегі сондай сөз арқылы қалыптасты деуі де осындай фактілерге негізделеді. Қазақ тіліндегі елі (мөл-шер мәніндегі) сөзі мен елу сөзінің арасында жақындық бар.



Алпыс, жетпіс сан есімдерінің құранды сөздер екені айқын. Екеуінің құрамынан да ал, жет және пыс (кейбір басқа түркі тілдерінде — мыш) элементтері айрылады. Ал және жет түбірлері алты және жеті сөздерімен ұялас. -мыш элементі тілдің ескі дәуірінде он мәнін берген сез дейтін пікір басым. Күрделі сандардың жасалу тәсілдерін еске алсақ, мұндай этимология шындыққа жа-қын (салыстырыңыз: сегіз он және алт-мыш).

Сексен, тоқсан сан есімдері сегіз он, тоғыз он сөздерінің өзара бірігіп, фонетикалық өзгеріске түскен варианттары.

Жүз (100) сөзінің этимологиясын түсіндіру мүмкін бола бермейді. Қазақ тіліндегі жүз (100) және жүз (бет) сөздері бір сөз бе, әлде бөлек пе — мұны да ашып айту қиын. Қазіргі қолданысы мен семантикасына қарай бұларды бір түбір деп айту мүмкін бола бермейді. Кейбір фактілерге қарағанда, бір фонетикалық пішінде айтылатын бұл екі сөз фонетикалық конвергенцияның нәтижесі (дыбыстардың езгеруі арқылы бір фонетикалық пішін алу) болуы да мүмкін. Азербайжан тілінде бет мағынасындағы сөз үз, ал 100 мағыналы сөз йүз түрінде айтылады. Қазақ тілінің жергілікті ерекшеліктерінде жаңағы екі сөз де дүз түрінде дыбысталады.

1000 мәнін беретін сез түркі тілдерінің барлығында дерлік мың, биң. Көне жазбалар тілінде осының екеуі де кездеседі. Алайда осы сөз отыз, ңырң, елу сездері тәрізді, осы мәнде кейін қалыптасқан болу керек. Бұл ерекшелік санау тәсілінің дамуымен тығыз байланысты.

Қазіргі түркі тілдерінде, соның бірі қазақ тілінде, оннан бастап санау тәсілі — санау басталған санға келесі санды білдіретін сөзді тіркестіру арқылы жүреді, ал жүзден мыңға дейінгі аралықта жүздіктің мелшерін білдіретін бірлік (не жүздік), содан соң жүздік айтылады. Көне мұралар тілінің материалдарын шолып қарағанда, санақтың осы жүйесі ежелгі болмаса керек. Орхон-Енисей жазбаларында оннан кейін жүретін санау жүйесі мүлде басқа. Ол тілде оннан кейін қажетті бірлік, оған тіркес санап бара жатқан ондық айтылады. Сонда, шамамен 12 — екі жиырма, 35 — бес қырқ, 46 — алты елу түрінде айтылған. Санаудың бұл тәсілі қазіргі түркі тілдерінің ішінде тек сары ұйғыр тілінде ғана сақталған. Бірақ ол тілде де тек 11 мен 31 арасындағы құрама сандарды білдіру тәсілі есебінде қолданылады, 31-ден бастап қазіргі түркі тілдерінің бәрінде қалыптасқан санау жүйесі қолданылады. С. Е. Малов сары ұйғыр тіліндегі санау тәсілі мен сан есімдерді түсіндіру үшін мына төмендегілерді келтіреді (өйткені бұл фактілер тек санау тәсілінің ескі қалпын ғана көрсетіп қоймайды, күрделі сан есімдердің арғы негізін де, жекелеген сан есімдердің түркі тілдерінде қалыптасу ретінде де түсінуге көмекші). «1 —пер, пэр, 2 — ішке, іске, шіке, 3 — үш, уш, 4 — төрт, турт, 5 — пес, піс (пеш), 6 — алты, 7 — йехті, йіті, йетә, 8 — сақыс, 9 — тоқус, тоқыс, Ю — он, ун, 11 — пер йығрырма, 15 — пеш ығырма, 20 — ішкон, (йығырма), 21—пэр отус, 30 — учон, ұчон (кчон), 31—учон пер, 32 — учон ішіке, 40 — туртон, 43 — туртонөш, 50 — пісон, 51 — пісон пэр, 60 — алтон, 61 — алтон пэр, 70 — йетон, джетон, 80 — сақысон, 90 — тоқысон...». Бұған қарағанда, қазіргі түркі тілдерінің көпшілігінде қолданылатын қырық, елу сөздері тілдің бір кезгі дамуында сірә қазіргідей кең қолданыс таппаса керек. 30, 40, 50 сандары үш он, төрт он, бес он сөз тіркестері арқылы берілген. Кейін отыз, қырық, елу сөздерінің сан есім мәнін алуымен байланысты үш он, төрт он, бес он сез тіркестері қолданудан шығып қалды. Акад. Гордлевский өзінің сан есімдер жайлы мақаласында осындай ой түйеді. Малов келтірілген сары ұйғыр тілінің материалдарына қарағанда, жиырма сезі де осылай орныққан. Осыдан бұрын келтірілген үзіндіде жиырма мәні екі түрлі сөзбен: ығырма және ішкон (ішкі — екі) берілген. Бұл қолданыс бір мағынадағы екі сөздің жарыспалы жұмсалуына ұқсайды.

Жүз сөзінің осы мағынада қалыптасуына қатысты қызықты бір фактіні Гордлевский келтіреді. XV ғасырдағы түркі тілінің бір ескерткіштерінде бір мың алпыс алты деп жазудың орнына он йуз алтмыш алты делініпті. Әрине, XV ғасырда мың сөзі жоқ деуге ешбір дәлел жоқ. Өйткені мың сөзі осы мағынасында VIII ғасыр ескерткіштері тілінде де кездеседі. Алайда мына қолданыс 1000 санын білдірудің архаикалық тәсілі екеніне сөз жоқ. Сонда мың сөзі де осы мағынасында кейін қалыптасқан болып шығады.

Сары ұйғыр тіліндегі 8, 9 сандарын білдіретін сездерді қазак тіліндегі 80, 90 сандарын білдіретін сөздермен салыстырайық: са-қыс сексен сегіз, тоқсун тоқсантоғыз. Бұған қарағанда, қазақ тіліндегі сексен, тоқсан сездерін құраушы алғашқы компоненттің прототипі сегіз, тоғыз сездері емес, сары ұйғыр тіліндегі сақыс, тоқыс сездері деу дұрыс.

Көне түркі тілінде санаудың басқа да бір тәсілі болған. Әуелі ондықты білдіретін сөз, оған тіркесе артуқ сөзі, сонан соң қажетті бірлік айтылған. Мысалы: қырқ артуқ йеті қырқ артық жеті (47), отуз артуқ төрт (34), отуз артуқ бір (31), т. б. Жүзден жиырмасы артық тәрізді сан-мөлшерлік сез тіркестері осындай қолданыстың ізі. Санаудың мұндай тәсілі қазақ тілінде діни ұғым, салтқа байланысты табу қызметінде де қолданыс тапты. Жүзден жиырмасы кем ауыл (сексен аулы), алтыдан бір артық қайнаға (Жетібай), т. б.

Алайда көне түркі тіліндегі санақ тәсілі жайында айтқанда, мынаны ескеру қажет болады: осыдан бұрын айтылған санақтың өзгеше тәсілі оннан жүзге дейін аралықта қолданылған. Ал жүздіктердің мелшерін білдіруде осы күнгідей санау жүйесі бар. Мысалы, йеті йүз ер болмыс (КТБ)—Жеті жүз ер болды. Олай болса, бүгінгі тілдердегі қалыптасқан санақ жүйесінің алғашқы негізі де сол кезден бар. Жүзден бастап санау жүйесі оннан жүзге дейінгі аралықта қолданылған жүйені ығыстырып шығарған. А. М. Щербак Шығыс Түркістан текстеріндегі санақтың осындай жүйесі болғандығын көрсетеді. Қазіргі түркі тілдерінің көпшілігінде дерлік (сары ұйғыр тілінен басқа) қалыптасқан санаудың жалғыз тәсілі сол XI ғасырлардан-ақ басталса керек. Бірақ, әрине, V—VIII ғасырлар ескерткіштерінде Щербак айтатын «ескі» тәсіл ғана қолданылған. Сөйтіп мұның өзі түркі тілдерінде кейінгі дәуірлердің бойында санау жайлы ұғымның өзгеріске ұшырағанын дәлелдейтін факт болады.

Қазіргі қазақ тілінде реттік санды білдіретін сөздерді жасайтын -ншы аффиксінің прототипі сонау ежелгі жазбаларда ұшырасады. V—VIII ғасыр жазбаларында көбінше -нч түрінде ұшыраса, кейінгі дәуірлерге қатысты ескерткіштерде оның ұзақ түрі — нчы ұшырасады. Сонымен қатар, VIII ғасыр жазбаларында екі сын есімінен реттік сан -нті аффиксімен жасалған (екінті). Ескі жазбалар тіліндегі реттік сандардың ұзын ырғасы қысқа айтқанда мына әлпеттес болып келеді: екінті (екінші), учунч, бешинч (үшін-ші, бесінші), алтынч (алтыншы), йетинч (жетінші), секизинч (се-гізінші), тоқузунч (тоғызыншы), онунч (оныншы), беш йигрминч (он бесінші), йети йигрминч (он жетінші), т. б. екинті сөзінің құрамындағы -нті мен -нч аффикстерін салыстыра қарағанда, бұлардың қайсысын да кұранды аффикстер деп қарауға болар еді. Оған себеп — екінші дыбыстардың өзгеше (бірінде -ч, бірінде -т) болып келуі. Екінші жағынан, әр тайпа тілінің өзгешелігіне қарай қалыптасқан дыбыстар сәйкестігі болуы да мүмкін. Қазіргі якут тілінде реттік сан есім -ис, -ыс, -ус, -үс, -с аффикстері арқылы жасалады. Бұдан т~ч~с дыбыс сәйкестігі келіп шығады. Хронологиялық жағынан қысқа түрі (нч) байырғы деп қарауға негіз бар. Өйткені қысқа тұлғаланған вариант (-нч) ең көне жазбаларда (V—VIII) кездеседі. Зерттеушілердің біразы -нч, -нчы (ншы) аффикстерін ескі түркілік севінч (сағыныш) сезінің құрамындағы -нч аффиксімен салыстырады. Ол жағдайда -ншы аффиксінің соңғы элементін (-ы) тәуелдік жалғаудың үшінші жағы деп түсіну орынды. Қимыл есімдерінің тәуелденуі әдеттегі жағдай болғанмен, мынадай бір тарихи фактіні ескеру қажет: қимыл есім құрамындағы -нч аффиксі морфологиялық тұрғыдан құранды, және -ч. Егер алдыңғы таза етістік түбірге ғана жалғанса (ездік етіс), соңғы аффикс (-ч) етістік негізден қимыл есімін жасайды. Қазіргі қазақ тілінде қимыл есім тұлғасы -нч тек жеке сөздер құрамындағы өлі тұлғалар: сағыныш, қуаныш, сүйініш, аяныш, т. б. Сонымен қатар, кейбір сөздер қурамында күрделі -нчі тұлғасы да ұшырасады: сүйінші.

Қазіргі қазақ тілінде, сондай-ақ, басқа да түркі тілдерінде жинақтық сан есім жасайтын қосымша -ау-еу. Қене түркі тілінде осы қызметте -ағу, -егу, кейде -гу қосымшасы қолданылған. Егер осы фактілерді еске алсақ, қазіргі тілдердегі -ау, -еу қосымшасының қалыптасуын мына жолмен түсіндіруге болар еді: -ауЦеу, -ағуЦегу, екінші сөзбен, -ғ, -г дыбыстарының түсіп қалуы. Осымен байланысты мынадай бір жайды еске алу орынды: V—VIII ғасырлык рун жазбалары тексінде жинақтық сан есімдер тәуелдіктің III жағында ғана берілген: Табғач, оғуз, қытаң, бу учегу қабы-сар — Табғач, оғыз, қытаң, бұл үшеуі қосылса. Үчегүн қабысып сүлелім—Үшеуміз бірігіп шабуылдаймыз (Т). Осы қолданыста учегү сын есімнің соңғы дыбысын аффикстің құрамына енетін элемент деп қарау дұрыс па, әлде тәуелдіктің III жағы деп есептеу дұрыс па? Зерттеушілердің қайсысы да бұған жауап бермейді, өйткені ондай сұрақ қойылған жоқ. Әрине, егер контекстен тыс, тек сан есім мәнінде қолданылуына факт болса, мұндай сұрақ та тумас еді. Көне жазбалар тіліндегі тәуелдіктің үшінші жағы еріндік дыбыстармен де (-у, -ү) берілетінін және жинақтық сан есімдер қолданылуының сол ерекшелігін еске алсақ, Ф. Т. Исхаковтың ізімен алтау жинақтық сан есімінің арғы сипаты алтағ, сол сияқты үчег, төртег, т. б. деуге негіз бар. Онда қазақ тілінде, сол сияқты тағы да бірсыпыра түркі (әсіресе, қыпшақ) тілдерінде -ау, -еу қосымшаларының қалыптасуын -ағ, ег, т. б. дыбыстар тіркесінің дифтонгілерге айналу заңдылығымен түсіндіру керек. Бұл аффиксті (үч ег) этимологиялық жағынан санащ, таяқ сездерінің құрамындағы аффиксімен жақындастыруға морфологиялық жалғану ерекшелігі мүмкіндік бермейді (соңғылар тек етістік түбірлерге ғана жалғанады).

Қазіргі қазақ тіліндегі болжал санды білдіретін бірер сөзі көне жазбалар тілінде топтау мәнді сан есімін жасаған. Топтау сан есімдердің жасалуының басқа тәсілдерінің қалыптасуы хронологиялық жағынан жаңа құбылыс. Бұған дәлел — топтау сандарды білдіретін сөздердің есімдердің өзгеруіне ұқсас болып келуі: үш-үш-тен, төрт-тен, т. б. X—XIII ғасыр жазбалары тілінде арагідік осындай сан есім жасайтын -дейін қосымшасы кездеседі. Алайда нақ осы қосымшамен қазақ тіліндегі -дан (-ден, -тен, -тен) қосымшасын салыстыра қарауға келе бермейді. Сонымен бірге, қазіргі қазақ тілінде топтау сан есімдері етістік моделімен де жасала береді: бес-бестеп, төрт-төрттеп, екеулеп, т. б. Мүнда екі түрлі аффиксті байқауға болады: -ла (есімнен етістік жасайтын), -п (модификациялық аффикс).

Болжалдық сандардың ең көне түрі -екі -үш, -бес-алты тәрізді қос сөз түлғаластары болса керек. Болжалдық сандардың басқа түрлері тіл қолдану барысында басқа сөздермен тіркесіп, тұрақталу арқылы ғана қалыптасуы мүмкін.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет