Азаматтық қорғау туралы


-бөлім. Азаматтық қорғау саласындағы мемлекеттік



бет5/11
Дата14.06.2016
өлшемі0.58 Mb.
#136117
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11

4-бөлім. Азаматтық қорғау саласындағы мемлекеттік
бақылау және қадағалау
      19-бап. Азаматтық қорғау саласындағы мемлекеттік бақылау
              мен қадағалаудың түрлері мен міндеттері
      1. Азаматтық қорғау саласындағы Қазақстан Республикасының заңнама талаптарын сақтау мақсатында азаматтық қорғау саласындағы мемлекеттік бақылау және қадағалауды уәкілетті орган жүзеге асырады.
      2. Азаматтық қорғау саласындағы мемлекеттік бақылау және қадағалаудың түрлері:
      1) азаматтық қорғаныс саласындағы іс-шаралардың орындалуын бақылау;
      2) өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау;
      3) өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы қадағалау;
      4) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарын жою саласындағы бақылау;
      5) қызметі үшінші тұлғаларға зиян келтіру қаупімен байланысты объектілер иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру саласындағы бақылау болып бөлінеді.
      3. Азаматтық қорғаныс саласындағы бақылаудың міндеті халықты, аумақтар мен объектiлерді қазіргі зақым келтіру құралдарынан қорғауға бағытталған нормативтік құқықтық актілердің орындалуын тексеру болып табылады.
      4. Өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылаудың міндеті субъектілерді құқықтық мәртебесіне, меншік нысанына және қызмет түрлеріне қарамастан осы Заң нормалары талаптарының, Қазақстан Республикасы Үкіметі қаулыларының, ал Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда, тек Қазақстан Республикасы заңдарының, Қазақстан Республикасы Президенті жарлықтарының және Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулыларының сақталуын анықтау мақсатында тексерулерді жүзеге асыру болып табылады.
      5. Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы қадағалау қауіпті өндірістік объектілердегі авариялардың, инциденттердің нәтижесінде туындайтын қауіпті өндірістік факторлардың персоналға, халыққа зиянды әсерінің алдын алуға бағытталған.
      6. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарын жою саласындағы бақылаудың міндеті халықты, аумақтар мен объектілерді төтенше жағдайлардан қорғауға бағытталған нормативтік құқықтық актілердің орындалуын тексеру болып табылады.
      7. Қызметтері үшінші тұлғаларға зиян келтіру қаупімен байланысты объектілер иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершіліктерін міндетті сақтандыру саласындағы бақылаудың міндеті объектілер иелерінің міндетті сақтандыру шарттарын жасасуын тексеру болып табылады.
      8. Шахталардың, кеніштердің, кен қазбаларының жерасты құрылыстарында, ашық көмір разрездерінде, мемлекеттік орман қорының аумағында, сондай-ақ әуе, ішкі су және теміржол көлігінде өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылауды Қазақстан Республикасының тиісті уәкілетті органдары жүзеге асырады.
      9. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының дипломатиялық мекемелерінің, сондай-ақ Қазақстан Республикасының шет елдердегі өзге де өкілдіктерінің өрт қауіпсіздігінің қамтамасыз етілуін бақылау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      20-бап. Азаматтық қорғау саласындағы мемлекеттік
              бақылау және қадағалауды жүзеге асыратын
              лауазымды адамдар
      1. Азаматтық қорғау саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды адамдарға:
      1) азаматтық қорғау саласындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау жөніндегі Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік инспекторлары – азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның мемлекеттік бақылау және қадағалау жөніндегі ведомстволарының басшылары;
      2) азаматтық қорғау саласындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау жөніндегі Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік инспекторларының орынбасарлары – азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның мемлекеттік бақылау және қадағалау жөніндегі ведомстволары басшыларының орынбасарлары;
      3) азаматтық қорғау саласындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау жөніндегі Қазақстан Республикасының мемлекеттік инспекторлары – азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның мемлекеттік бақылау және қадағалау жөніндегі ведомстволарының мемлекеттік бақылау және қадағалау жөніндегі мамандары;
      4) азаматтық қорғау саласындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау жөніндегі облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бас мемлекеттік инспекторлары – азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органдардың аумақтық бөлімшелерінің басшылары;
      5) азаматтық қорғау саласындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау жөніндегі облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бас мемлекеттік инспекторларының орынбасарлары – азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органдардың аумақтық бөлімшелері басшыларының орынбасарлары;
      6) азаматтық қорғау саласындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау жөніндегі облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, облыстық маңызы бар қаланың, аудандардың мемлекеттік инспекторлары – азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органдардың аумақтық бөлімшелерінің мемлекеттік бақылау және қадағалау жөніндегі мамандары жатады.
      2. Мемлекеттік инспекторға уәкілетті органмен белгіленген тәртіпте бірыңғай үлгідегі куәлік, нөмірлік мөртабан, төс белгісі және пломбир беріледі.
      21-бап. Азаматтық қорғау саласындағы мемлекеттік
              инспектордың құқықтары мен міндеттері
      Азаматтық қорғау саласындағы мемлекеттік инспектор:
      1) белгіленген тәртіпті сақтай отырып, азаматтық қорғау саласындағы жағдайға тексерулерді жүргізу мақсатында құқықтық мәртебесіне, меншік нысанына және қызмет түріне қарамастан тексерілетін субъектіге баруға;
      2) азаматтық қорғау саласындағы нормативтік құқықтық актілер талаптарының орындалуын тексеруге қажетті құжаттармен танысуға;
      3) Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында белгіленген тәртіпте бұзушылықтарға кінәлі адамдарды әкімшілік жауапкершілікке тартуға;
      4) адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін ұйымның қызметін немесе қызметінің жекелеген түрлерін, оның ішінде қауіпті өндірістік объектілерді, техникалық құрылғыларды пайдаланумен байланысты қызметін соттың шешімінсіз үш тәуліктен аспайтын мерзімге тоқтата тұруға немесе оған тыйым салуға және анықталған бұзушылықтар үш тәулік ішінде жойылмаған жағдайда әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамаға сәйкес тоқтата тұруға немесе тыйым салуға сотқа талап-арыз жолдауға;
      5) Актіні шығару жолымен тексерілген заңды немесе жеке тұлға ұсынған бұзушылықтарды жою туралы жазбаша хабарламаның негізінде ұйымның қызметін немесе қызметінің жекелеген түрлерін, оның ішінде қауіпті өндірістік объектілерді, техникалық құрылғыларды пайдаланумен байланысты қызметін қайта бастау туралы шешім қабылдауға құқылы.
      Қалған барлық жағдайларда ұйымдардың, жекелеген өндiрiстердiң, өндiрiстiк учаскелердiң, агрегаттардың жұмысын жартылай немесе толық тоқтата тұруды, субъектiлер азаматтық қорғау саласындағы нормаларды, қағидалар мен техникалық регламенттерді бұза отырып жүзеге асыратын, сондай-ақ ұйымдарды, объектiнi, құрылыстарды, ғимараттарды салу, реконструкциялау, кеңейту немесе техникалық қайта жарақтандыру кезiнде жобаларда көзделген өрт және өнеркәсіптік қауiпсiздiгiнiң талаптары орындалмағанда ғимараттарды, құрылыстарды, электр желiлерiн пайдалануға және өрт шығу қаупi бар жұмыстарды жүргiзуге тыйым салуды уәкiлеттi орган ведомстволарының немесе аумақтық бөлімшелерінің арызы бойынша сот жүргiзедi.
      Субъектiнiң жұмысын жартылай немесе толық тоқтата тұру немесе оған тыйым салу туралы талап-арыз уәкiлеттi орган немесе уәкілетті органның аумақтық бөлімшелері Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiпте және негiздерде сотқа жiбередi.
      Азаматтық қорғау саласындағы мемлекеттік инспектор:
      1) азаматтық қорғау саласындағы бақылау және қадағалауды жүзеге асыруға;
      2) азаматтық қорғау саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасын жеке және заңды тұлғалардың сақтау жағдайын сипаттайтын көрсеткіштерді жинауға, жалпылауға, жүйелендіруге және талдауға;
      3) азаматтық қорғау саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының мәселелері жөніндегі ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуге міндетті.
      3. Өз қызметтік міндеттерін орындамағаны немесе тиісті түрде орындамағаны үшін мемлекеттік инспекторлар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес тәртіптік, әкімшілік, материалдық және қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
      Мемлекеттік инспектордың әрекетіне (әрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте шағым берілуі мүмкін.
      4. Мемлекеттік инспекторлардың өмірі мен денсаулығын сақтандыру Қазақстан Республикасының сақтандыру туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      Мүгедектігі бойынша, асыраушыдан айырылған жағдайда мемлекеттік инспекторлардың отбасы мүшелерінің әлеуметтік қамсыздандырылуы Қазақстан Республикасының мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      22-бап. Мемлекеттік инспектор актілері
      1. Қазақстан Республикасының азаматтық қорғау саласындағы заңнамасы талаптарының анықталған бұзушылықтарына байланысты жүргізілген мемлекеттік бақылау және қадағалау нәтижелері бойынша мемлекеттік инспекторлар мынадай актілер шығарады:
      1) тексеру нәтижелері туралы акт;
      2) әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама;
      3) Қазақстан Республикасының азаматтық қорғау саласындағы заңнамасының талаптарын бұзған жағдайда кінәлі адамдарды әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы қаулы;
      4) азаматтық қорғау саласындағы Қазақстан Республикасының заңдары, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлықтары және Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулылары талаптарының бұзушылықтарын жою туралы ұйғарым;
      5) тексеру нәтижелері бойынша ұйымның қызметін немесе қызметінің жекелеген түрлерін, оның ішінде қауіпті өндірістік объектілерді, техникалық құрылғыларды пайдаланумен байланысты қызметіне тыйым салу туралы нұсқама-акт;
      6) тексерілетін заңды немесе жеке тұлғалар бұзушылықтарды жойғаны туралы жазбаша хабарламаны ұсынғаннан кейін берілетін ұйымның қызметін немесе қызметінің жекелеген түрлерін, оның ішінде қауіпті өндірістік объектілерді, техникалық құрылғыларды пайдаланумен байланысты қызметін қайта бастау туралы акт.
      3. Мемлекеттік инспекторлардың актілері жеке және заңды тұлғалардың орындауы үшін міндетті.
      23-бап. Азаматтық қорғау саласындағы бақылау
              және қадағалауды жүзеге асыру тәртібі
      1. Азаматтық қорғау саласындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау тексеру және өзге нысандарда жүзеге асырылады.
      2. Тексерулерді жүргізудің түрлері мен тәртібі Қазақстан Республикасының мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы заңнамасына сәйкес анықталады.
      3. Мемлекеттік бақылау және қадағалаудың өзге нысандары осы Заңға және қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүзеге асырылады.
      4. Мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың өзге нысандары жеке және заңды тұлғалардың өтініштері бойынша жүзеге асырылады.
      5. Мемлекеттік бақылау және қадағалаудың өзге нысандарының қорытындылары бойынша азаматтық қорғау саласындағы заңнаманы бұзу анықталған жағдайда уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша анықталған бұзушылықты дереу жою туралы нұсқама шығарады.
      6. Бақылаудың өзге нысандарының нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды дереу жою туралы нұсқамалардың орындалуын бақылау «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес өткізілетін жоспардан тыс тексерулер арқылы жүзеге асырылады.
      24-бап. Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы
              өндірістік бақылау
      1. Өндірістік бақылауды қауіпті өндірістік объектілерде қауіпті өндірістік факторлардың өндірістік персоналға, халыққа, қоршаған ортаға зиянды әсерінің тәуекелін барынша азайту мақсатында ұйым иесіне тікелей бағынатын өндірістік бақылау қызметінің персоналы жүзеге асырады.
      2. Өнеркәсіптік қауіпсіздікті өндірістік бақылаудың міндеттері болып қауіпті өндірістік объектілерде өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының орындалуын қамтамасыз ету, сондай-ақ жұмыс өндірісі қауіпсіздігінің жағдайына әсер ететін бұзушылықтардың мән-жайлары мен себептерін анықтау табылады.
      3. Қауіпті өндірістік объектілерді пайдаланатын барлық ұйымдарда өндірістік бақылау туралы ереже әзірленеді.
      Ережеде өрт және өнеркәсіптік қауіпсіздік нормалары мен талаптарының іске асырылуына бақылауды жүзеге асыратын ұйымның құрылымдық бөлімшелерінің өкілеттігі қамтылуы тиіс.
      Ережеге сәйкес өнеркәсіптік қауіпсіздік нормалары мен талаптарының сақталуына бақылауды жүзеге асыратын адамдардың функциялары мен өкілеттіктерін бекіту ұйым бойынша бұйрықпен ресімделеді.
5-бөлім. Азаматтық қорғаныс
      25-бап. Азаматтық қорғанысқа басшылық ету және
              оны басқару
      1. Азаматтық қорғаныс азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің құрамдас бөлігі ретінде соғыс уақытында азаматтық қорғау міндеттерін орындауға арналған.
      2. Азаматтық қорғанысқа басшылық етуді лауазымы бойынша Қазақстан Республикасының азаматтық қорғанысының бастығы болып табылатын Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі жүзеге асырады.
      3. Уәкілетті орган басшысы лауазымы бойынша Қазақстан Республикасының азаматтық қорғаныс бастығының орынбасары болып табылады және бейбіт уақытта азаматтық қорғанысқа басшылық етеді.
      4. Орталық және жергiлiктi атқарушы органдарда, ұйымдарда Азаматтық қорғанысқа басшылықты олардың бiрiншi басшылары жүзеге асырады, олар лауазымы бойынша тиiстi Азаматтық қорғаныс бастықтары болып табылады.
      5. Уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерінің басшылары лауазымы бойынша азаматтық қорғаныстың соған сәйкес басшыларының орынбасарлары болып табылады.
      6. Мемлекетті азаматтық қорғаныс бойынша дайындау қару-жарақтың, әскери техниканың және әскери қақтығыстарды жүргізу кезінде немесе осы қақтығыстар салдарынан туындайтын қауіптерден халықты қорғау құралдарының дамуын ескере отырып, алдын ала бейбіт уақытта жүзеге асырылады.
      7. Қазақстан Республикасының аумағында немесе оның жекелеген жерлерінде азаматтық қорғанысты жүргізу ерекше жағдайларда әскери қақтығыстардың нақты басталуынан немесе Қазақстан Республикасының аумағында немесе оның жекелеген жерлерінде әскери жағдай енгізуден, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің өкімі бойынша басталады.
      8. Азаматтық қорғаныс іс-шараларының орындалуын қамтамасыз ету:
      1) уәкілетті орган және оның аумақтық бөлімшелеріне;
      2) облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың орталық және жергілікті атқарушы органдарында азаматтық қорғанысты ұйымдастыру және жүргізу жөніндегі бөлімшелеріне;
      3) бірінші басшыға тікелей бағынысты азаматтық қорғанысты ұйымдастыру және жүргізу жөніндегі санатталған ұйымдардың бөлімшелеріне (жекелеген қызметкерлеріне) жүктеледі.
      Уәкілетті органдарда, оның аумақтық бөлімшелерінде және ведомстволық бағынысты мекемелерде штат санының лимиті шегіндегі лауазымдар бөлігі әскери қызметкерлерден, оның ішінде Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігінен, ұлттық қауіпсіздік, ішкі істер органдарынан, өзге әскерлер мен әскери құралымдардан ауыстырылған (іссапарға жіберілген) әскери қызметшілерден жасақталады.
      9. Азаматтық қорғаныс бастықтары:
      1) Қазақстан Республикасының азаматтық қорғаныс бастығы белгiлеген тәртiппен тиісті деңгейдегi азаматтық қорғаныс жоспарын бекiтуге және қолданысқа енгізуге;
      2) белгiленген тәртiппен ведомстволық бағыныстағы аумақта халықты эвакуациялауға;
      3) заңнамада белгiленген тәртiппен азаматтар мен ұйымдарды азаматтық қорғаныс іс-шараларын жүргiзуге тартуға міндетті.
      10. Уәкілетті органның туы мен рәмізі бар.
      Уәкілетті органның туы мен рәмізінің сипаттамасын Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
      26-бап. Қалаларды азаматтық қорғаныс бойынша топтарға
              жатқызу. Ұйымдарды азаматтық қорғаныс бойынша
              санаттарға жатқызу
      1. Азаматтық қорғаныс бойынша қалаларды – топтарға, ұйымдарды санаттарға жатқызу мемлекеттiк, қорғаныстық маңызына және халықтың тiршілігін қамтамасыз етуiне қарай азаматтық қорғаныс iс-шараларын кешендi және сараланған түрде жүргiзу мақсатында жүзеге асырылады.
      2. Азаматтық қорғаныс бойынша орындалатын мiндеттерiнiң көлемiне қарай қалалар үшін мынадай топтар айқындалады: ерекше, бiрiншi, екiншi және үшінші.
      Қалаларды топтарға жатқызу мынадай критерийлер бойынша белгiленедi:
      1) ерекше топқа астана мен республикалық маңызы бар қала жатады;
      2) бiрiншi топқа:
      халқының саны миллион адам және одан астам;
      халқының саны 500 мың адам және одан астам, аумағында кемiнде аса маңызды санаттағы үш ұйым немесе 50-ден астам санаттандырылған ұйымдар орналасқан;
      қала халқының не аумағының 50 пайыздан астамы жаһандық немесе өңiрлік ауқымдағы ықтимал төтенше жағдайлар аймағына енетiн қалалар жатады;
      3) екiншi топқа:
      халқының саны 500 мың адам және одан астам;
      халқының саны 250 мың адамнан 500 мың адамға дейiн, аумағында кемiнде аса маңызды санаттағы екi ұйым не 20-дан астам санаттандырылған ұйымдар орналасқан;
      қала халқының не аумағының 30-дан 50 пайызға дейiн жаһандық немесе өңiрлiк ауқымдағы ықтимал төтенше жағдайлар аймағына енетiн қалалар жатады;
      4) үшінші топқа:
      халқының саны 250 мың адамнан 500 мың адамға дейiн;
      халқының саны 10 мың адамнан 250 мың адамға дейiн, аумағында кемiнде аса маңызды санаттағы бiр ұйым не екеуден астам санаттандырылған ұйымдар орналасқан;
      қала халқының не аумағының 30 пайыздан кемi жаһандық немесе өңiрлiк ауқымдағы ықтимал төтенше жағдайлар аймағына енетін қалалар жатады.
      3. Ұйымдар үшін әлеуетті қауiптілiгiне, әлеуметтiк-экономикалық зардаптарының шамасына, ықтимал төтенше жағдайларға қарай азаматтық қорғаныс бойынша мынадай санаттар айқындалады: аса маңызды және санаттандырылған.
      Ұйымдарды санаттарға жатқызу мынадай критерийлер бойынша айқындалады:
      1) аса маңызды санатқа аумағында жұмыс iстеуiнiң бұзылуы ұлттық қауiпсiздiкке қатер төндiретiн және төтенше жағдайдың туындау қаупiн тудыратын стратегиялық объектілер орналасқан ұйымдар жатады;
      2) санаттандырылғандарға жұмыс iстеуiнiң бұзылуы едәуiр әлеуметтік-экономикалық зардаптарға, өңiрлiк және жергілiктi ауқымдағы төтенше жағдайлардың туындауына әкелуi мүмкiн мынадай ұйымдар жатады:
      аса маңызды мемлекеттік объектiлер;
      өнеркәсіптің, көлiк-коммуникация кешенiнiң, энергетиканың, байланыстың жұмыс iстеп тұрған, салынып жатқан, қайта жаңартылатын және жобаланатын қауiптi өндiрiстік объектiлерi бар әрi маңызды мемлекеттiк және экономикалық мәнi бар ұйымдар;
      тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен уларды шығарумен, қайта өңдеумен, тасымалдаумен, сатып алумен, сақтаумен, сатумен, пайдаланумен және жоюмен айналысатын ұйымдар;
      аумағында тіршілiктi қамтамасыз ету объектiлерi орналасқан ұйымдар.
      4. Ұйым азаматтық қорғаныс бойынша санатқа жатқызылған ұйыммен бiр өндiрiстік аумақта орналасқан кезде ол дәл сол санатқа теңестiрiледi.
      5. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілiктi атқарушы органдары азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерімен келiсе отырып, жыл сайын азаматтық қорғаныс бойынша қалаларды топтарға, ұйымдарды санаттарға жатқызу жөнiндегі ұсыныстарды дайындайды және бекiту үшiн оларды азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органға жiбередi.
      27-бап. Азаматтық қорғаныс іс-шаралары
      1. Халықты, аумақтар мен объектілерді әскери қақтығыстар туындаған жағдайда қорғау, одан болатын залал мен шығынды азайту мақсатында орталық және жергілікті атқарушы органдар, азаматтық қорғаныс жөнінде санаттандырылған ұйымдар өз құзыреті шегінде:
      1) алдын ала:
      азаматтық қорғаныс жоспарларын әзірлеуді;
      азаматтық қорғаудың басқару, хабардар ету және байланыс жүйелерін құруды және дамытуды, оларды пайдалану үшін әзірлікте ұстауды;
      азаматтық қорғау күштерін құруды, жасақтауды, жарақтандыруды және әзірлікте ұстауды;
      басқару органдарын дайындауды және зақымдандыру құралдары қолданылған жағдайда халықты қорғау тәсілдері мен іс-қимылдарын жүргізуге жаппай оқытуды;
      қорғау құрылыстарын салуды және оның қорын жинақтауды, оларды жұмыс істеу әзірлігінде ұстауды;
      азаматтық қорғаныс мүлкін құруды, жинақтауды және уақтылы жаңартуды;
      эвакуациялық іс-шараларды жоспарлауды;
      салалар мен ұйымдардың тұрақты жұмыс істеуі жөніндегі іс-шараларды жоспарлауды және орындауды;
      азаматтық қорғаныстың әскери бөлімдерінің жұмылдыру дайындығын қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларын өткізуді;
      2) әскери қақтығыстар туындаған жағдайда:
      қазіргі заманғы зақымдандыру құралдарының қолданылу қатерi мен қолданылуы жайында туралы хабардар етуді, халықты іс-қимыл тәртібі мен ережелерi жөнiнде хабарлауды;
      халықты қорғау құрылыстарында паналатуды, қажет болған жағдайда жеке қорғану құралдарын пайдалануды;
      жарақаттанғандар мен зақымданғандарға медициналық көмек көрсетуді;
      эвакуациялық іс-шараларды;
      азаматтық қорғаудың қосымша басқару, хабардар ету және байланыс пункттерін құруды;
      авариялық-құтқару және басқа да кезек күттірмейтін жұмыстарды;
      басқарудың, хабардар етудің және байланыстың бұзылған жүйелерін қалпына келтіруді;
      азаматтық қорғау құралымдарының әзірлігін қалпына келтіруді жүргізеді.
      28-бап. Азаматтық қорғаныс күштерінің құрамы
      Азаматтық қорғаныс күштеріне азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның азаматтық қорғаныс басқару органдары мен әскери бөлімдері органдары, азаматтық қорғаудың басқару органдары, азаматтық қорғау күштері және басқа да ұйымдар кіреді.
      29-бап. Қазақстан Республикасы Азаматтық қорғанысының
              әскери бөлімдері мен олардың бейбіт және соғыс
              уақытындағы міндеттері
      1. Азаматтық қорғаныстың әскери бөлімдерінің негізгі міндеттері:
      1) бейбіт уақытта:
      Қазақстан Республикасының аумағында төтенше жағдайлар кезінде авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу;
      әскери, жұмылдыру және саяси дайындықты ұйымдастыру;
      төтенше жағдайлар аймақтарында халықтың тіршілігін қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстарды орындау;
      төтенше жағдайларды алдын алуға және оларды жоюға бағытталған іс-шараларға қатысу;
      Қазақстан Республикасы тиiстi келiсiмдер жасасқан шет мемлекеттердiң аумақтарында төтенше жағдайлар болған кезде авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу;
      басқару пункттерін күзету және оларға қызмет көрсетілуді қамтамасыз ету;
      төтенше жағдайлар аймақтарына, оның ішінде шет мемлекеттерге жеткізілетін жүктерді тасымалдау, алып жүру және күзету;
      жұмылдыруды өрістетуге дайындық және жауынгерлiк әзiрлiктiң жоғары дәрежесiне келтiру жөнiндегi іс-шараларды жүзеге асыру;
      бейбiт және соғыс уақытында азаматтық қорғаныстың әскери бөлiмдерiн кеңінен өрістетуге, авариялық-құтқару және басқа да кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргiзуге арналған қару-жарақты, техниканы, басқа материалдық-техникалық құралдарды жинақтау, сақтау және уақтылы жаңарту;
      оқу-жаттығу объектілерді, полигондарды әзірлікте ұстау;
      уәкілетті органның жедел резервін ұстау болып табылады.
      2) соғыс уақытында:
      қорғаныс шептері мен позицияларын құру;
      зақымдану ошақтары мен залалдану аймақтарында радиациялық, химиялық барлау жүргiзу;
      зақымдану ошақтарында, залалдану және топан су басқан аймақтарда құтқару және басқа да кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізу;
      аэродромдарды, жолдарды, өткелдерді және тыл инфрақұрылымның басқа да маңызды элементтерін қалпына келтіру, қайта тиеу пункттерін жабдықтау;
      халықты эвакуациялауды жүргізуге қатысу;
      аумақтық қорғаныстың жекелеген міндеттерін орындау;
      қорғанысты ұйымдастыру мәселелері жөніндегі Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының нұсқауларын орындау болып табылады.
      2. Азаматтық қорғаныс әскери бөлiмдерiнің Қазақстан Республикасы тиісті келiсiмдер жасасқан шет мемлекеттері аумақтарында авариялық-құтқару жұмыстарға және басқа да кезек күттірмейтін жұмыстарға қатысуы халықаралық шарттарда белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
      3. Бейбіт уақытта азаматтық қорғаныстың әскери бөлiмдерiн қолдану туралы шешімді уәкілетті органның басшысы қабылдайды.
      4. Қазақстан Республикасы азаматтық қорғанысының әскери бөлімдері азаматтық персоналмен де жасақталады. Азаматтық қызметкерлер атқаратын лауазымдардың тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен жалпы сан шегiнде уәкілетті органның басшысы белгiлейдi.
      5. Азаматтық қорғаныстың әскери бөлімдері техника және құрал-жабдықтармен жарақтандырылады.
      6. Азаматтық қорғаныстың әскери бөлімдерін жұмылдыруды өрістету үшін штаттарға және нормаларына сәйкес техника, қару-жарақ, материалдық және техникалық құралдардың қорлары құрылады және ұсталады.
      7. Азаматтық қорғаныстың әскери бөлiмдерi жеке құрамының авариялық-құтқару және басқа да кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізу кезіндегі қызмет режимін және жұмыс уақытының ұзақтығын төтенше жағдайларды жоюдың сипаты мен жүргізілетін жұмыстардың ерекшеліктерін ескере отырып оның басшысы белгілейді.
      8. Азаматтық қорғаныстың әскери бөлімдерінің тұрғын үй-жайлары және әскери қалашықтарының өзге құрылыстары, полигондар, оқу-жаттығу объектілері, оқу-материалдық базасы, материалдық және техникалық құралдары мемлекеттің меншігі, активтері болып табылады. Азаматтық қорғаныс бөлімдері жоғарыда аталып кеткен және бөлінген өзге мүліктерге қатысты жедел басқару құқығын пайдаланады.
      30-бап. Азаматтық қорғаныстың объектiлерi және мүлкi
      1. Азаматтық қорғаныстың объектiлерiне: азаматтық қорғаныстың басқару органдарының басқару пункттерi, жеке тұрған және қосып салынған баспаналар, радиациядан қорғану панаханалар, азаматтық қорғаныс мүлкiн сақтауға арналған қойма үй-жайлары жатады.
      Азаматтық қорғаныс мүлкiне: жеке қорғану құралдары, радиациялық, химиялық барлау мен дозиметрлiк бақылау құралдары, жеке медициналық қорғану құралдары, байланыс және хабардар ету құралдары және басқа да материалдық-техникалық құралдар жатады.
      2. Азаматтық қорғаныс іс-шараларын қамтамасыз ету үшiн азаматтық қорғаныстың басқару органдарында азаматтық қорғаныс мүлкiнiң қоры құрылады.
      3. Жедел басқару, шаруашылық жүргізу құқығындағы экономика салаларының ұйымдарына бекітілген және азаматтық қорғаныс іс-шараларын қамтамасыз ету мен жұмылдыру тапсырмаларын орындауға арналған мемлекет меншігі болып табылатын азаматтық қорғаныс объектiлерi мен мүлкi иеліктен айыруға жатпайды.
      4. Мемлекеттік органдардың басқару пункттері қосалқы (қалалық, қала сыртындағы), қосымша және жылжымалы болып бөлінеді.
      Қалалық қосалқы басқару пункттері азаматтық қорғаныстың санаттандырылған қалаларының баспаналарында орналастырылады. Азаматтық қорғаныстың санаттандырылмаған қалалардағы және ауыл аудандарындағы басқару пункттері радиациядан қорғану панаханаларында орналастырылады.
      Қала сыртындағы қосалқы басқару пункттері қауіпсіз аймақта, апатты су басу ықтимал аймағынан тыс жерде орналастырылады.
      Қосымша басқару пункттерінің күштері мен құралдарын басқару қиын болған немесе мүмкін болмаған жағдайда белгілі бір уақыт кезеңіне мемлекеттік басқару органына ведомстволық бағынысты басқару пункттерінің жұмыс істеп тұрған базасы бірінде өрістетілетін қосымша басқару пунктері құрылады.
      Жылжымалы басқару пункттері автомобильдерде, әуе кемелерінде, ішкі су және темір жол көліктерінде орналастырылуы мүмкін.
      5. Мемлекеттік органдардың қорғау құрылыстары тиісті деңгейдегі мемлекеттік бюджет есебінен ұсталады.
      Қауіптілігі ықтимал объектілердің, азаматтық қорғаныстың санаттандырылған объектілердің аумағында орналасқан, олардың ең көп жұмыс істейтін ауысымы үшін жұмылдыру тапсырысы бар қорғау құрылыстары ұйымдар қаражаты есебінен ұсталады және азаматтық қорғаныс мүддесінде қолданылады.
      6. Азаматтық қорғаныстың объектісі мен мүлкі бар заңды тұлғаның түрі мен нысаны өзгерген жағдайда, оларды нысаналы мақсат бойынша пайдалануға дайындауда ұстау, сондай-ақ құру мен жинақтау бойынша тапсырмалар сақталады.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет