Азаматтық қорғау туралы


-тарау. Азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесі



бет2/11
Дата14.06.2016
өлшемі0.58 Mb.
#136117
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11

2-тарау. Азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесі
      3-бап. Азаматтық қорғаудың негізгі
            міндеттері мен қағидаттары
      1. Азаматтық қорғаудың негізгі міндеттері:
      табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдынс алу және олардың салдарларын жою;
      2) халықты және объектiлердi қорғау;
      3) төтенше жағдайлар туындаған кезде авариялық-құтқару және басқа да кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізу арқылы адамдарды құтқару және эвакуациялау;
      4) азаматтық қорғау күштерін құру, оларды даярлау және төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимылдарға ұдайы әзірлікте ұстау;
      5) орталық және жергілікті атқарушы органдардың, ұйымдардың мамандарын даярлау және халықты оқыту;
      6) табиғи және техногендік сипаттағы қауіпті факторлардың, қазіргі заманғы зақымдау құралдарының ықпал ету әсерін жою, азайту жөніндегі іс-шаралар кешенін жүргізу;
      7) қорғану құрылыстарының қажетті қорын, жеке қорғану құралдарының және азаматтық қорғаныстың басқа да мүлкінің қорларын жинақтау және әзірлікте ұстау;
      8) адамдардың өмірі мен денсаулығына төнген қатер және қалыптасқан жағдайдағы іс-қимыл тәртібі туралы халықты, орталық және жергілікті атқарушы органдарды хабардар ету;
      9) азық-түлікті, су көздерін (шаруашылық-ауыз су мақсаттары үшін су жинау орындарын), тамақ өнімдерін, жемшөпті, жануарлар мен өсімдіктерді радиоактивтік, химиялық, бактериологиялық (биологиялық) уланудан, эпизотийден және эпифитотийден қорғау;
      10) өнеркәсіптік және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
      11) хабардар ету және байланыс жүйелерін ұйымдастыру, дамыту және ұдайы әзірлікте ұстау;
      12) қауіпті факторлардың зақымдау әсерін азайту немесе жою жөніндегі іс-шаралардың мониторингін жасау, оларды әзірлеу және іске асыру болып табылады.
      2. Азаматтық қорғаудың негізгі қағидаттары:
      1) аумақтық-салалық қағидат бойынша ұйымдастыру;
      2) азаматтық қорғау күштері мен құралдарының төтенше жағдайларға жедел ден қоюға, азаматтық қорғанысқа және авариялық-құтқару және басқа да кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізуге, зардап шеккендерге шұғыл медициналық және психологиялық көмек көрсетуге ұдайы әзірлігі;
      3) жариялылық және халық пен ұйымдарды болжанып отырған және пайда болған төтенше жағдайлар, олардың алдын алу мен оларды жою жөнiндегi қабылданған іс-шаралар туралы хабардар ету;
      4) авариялық-құтқару және басқа да кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізу кезінде ақталған тәуекел және қауіпсіздікті қамтамасыз ету болып табылады.
      4-бап. Азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесі
      1. Азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесі аумақтық және салалық кіші жүйелерден тұрады.
      Аумақтық кіші жүйелер олардың аумақтары шегінде азаматтық қорғаныстың іс-шараларын орындау, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарын жоюдың үшін облыстық, қалалық және аудандық деңгейде құрылады және осы аумақтардың әкімшілік-аумақтық бөлінуіне сәйкес келетін бөлімдерінен тұрады.
      Салалық кіші жүйелерді олардың мемлекеттік реттеу және бақылау саласында азаматтық қорғау іс-шараларын орындау бойынша жұмыстарды ұйымдастыру үшін орталық атқарушы органдар құрады.
      2. Азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің үш деңгейі бар: республикалық, аумақтық және объектілік. Әрбір деңгейге:
      үйлестіруші органдар – төтенше жағдайлар жөніндегі комиссиялар; азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесін басқару органдары;
      күнделікті басқару органдары – басқару пункттері, жедел-кезекші қызметтері;
      күштер мен құралдар;
      байланыс, хабардар ету және ақпараттық қамтамасыз ету жүйелері кіреді.
      Азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесіне басшылықты:
      1) республикалық (мемлекеттік) деңгейде:
      Қазақстан Республикасының Үкіметі;
      азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті орган;
      Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органдары;
      2) аумақтық деңгейде:
      жергілікті атқарушы органдар;
      уәкілетті органның аумақтық бөлімшелері;
      объектілік деңгейде:
      ұйымның басшылары жүзеге асырады.
      Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жүйесіндегі мемлекеттік басқару халықты, объектілер мен аумақтарды қорғаудың өзекті мәселелері мен міндеттерін шешуді, төтенше жағдайлардан төнген қауіп-қатерді және залалды азайтуды мемлекеттік биліктің барлық деңгейі мен тармақтарын қатыстыру арқылы жүзеге асырылады.
      Бейбіт уақытта азаматтық қорғау жүйесінің жұмыс істеуінің мынадай режимдері белгіленеді:
      күнделікті қызмет режимі – өндірістік-өнеркәсіптік қызмет, сондай-ақ төтенше жағдайлардың туындау қаупі жоқтығымен сипатталатын ведомстволық бағынысты аумақта радиациялық, химиялық, биологиялық, сейсмикалық, гидрометеорологиялық, эпидемиологиялық, эпизоотиялық, эпифитотиялық қауіпсіздік кезінде азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің, оның аумақтық және функционалдық кіші жүйесінің жұмыс істеу тәртібі.
      Күнделікті қызмет режимінде азаматтық қорғаудың басқару органдары мынадай іс-шараларды жүргізеді:
      төтенше жағдайларды болжау;
      халықты, объектілерді және аумақтарды табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардан қорғау туралы ақпаратты белгіленген тәртіпте жинақтау, өңдеу және алмасу;
      төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша шараларды әзірлеу және іске асыру;
      азаматтық қорғаудың басқару органдары мен күштерінің іс-қимылдарын жоспарлау, олардың қызметін дайындауды және қамтамасыз етуді ұйымдастыру;
      халықты төтенше жағдайлардағы іс-қимылдарға даярлау;
      азаматтық қорғау саласындағы білімді насихаттау;
      төтенше жағдайлар салдарын жою үшін материалдық ресурстар резервтерін құруға, орналастыруға, сақтауға және толықтыруға басшылық ету;
      өз өкілеттігі шегінде азаматтық қорғау саласында мемлекеттік сараптама және бақылау жүргізу;
      2) жоғары дайындық режимі – төтенше жағдайлардың туындау қаупі кезінде енгізілетін азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің, оның жекелеген кіші жүйелерінің жұмыс істеу тәртібі.
      Жоғары дайындық режимінде азаматтық қорғаудың басқару органдары мынадай іс-шараларды жүргізеді:
      төтенше жағдайлардың туындауын және олардың салдарын болжау;
      қажет болған кезде басқару пункттерінде азаматтық қорғау жүйесінің басқару органдары мен күштерінің басшылары мен лауазымды адамдардың тәулік бойы кезекшілігін енгізу;
      болжанатын төтенше жағдайлар туралы мәліметтерді жинақтау, өңдеу және азаматтық қорғаудың басқару органдары мен күштеріне беру, олардан қорғану тәсілдері туралы мемлекеттік билік органдары мен халықты хабардар ету;
      төтенше жағдайлар туындауының алдын алу және оларды жою, олар туындаған жағдайда залал мен шығындар мөлшерін азайту, сондай-ақ төтенше жағдайларда объектілердің беріктігін арттыру және жұмыс істеу қауіпсіздігі бойынша жедел шараларды қабылдау;
      төтенше жағдайлар салдарын жою үшін құрылған материалдық ресурстардың қажетті резервін толтыру;
      қажет болған жағдайда эвакуациялау іс-шараларын жүргізу;
      3) төтенше жағдай режимі – төтенше жағдай туындаған және оның салдарын жою кезінде енгізілетін азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің жұмыс істеу тәртібі.
      Төтенше жағдай режимінде азаматтық қорғаудың басқару органдары мынадай іс-шараларды жүргізеді:
      туындаған төтенше жағдайлардың дамуын және олардың салдарын болжау;
      төтенше жағдайлардың туындауы және салдары туралы орталық және жергілікті атқарушы органдар, ұйымдар басшыларын, сондай-ақ халықты хабардар ету;
      төтенше жағдайлардан халықты және аумақтарды қорғау бойынша іс-шараларды жүргізу;
      төтенше жағдайлар салдарын жою және азаматтық қорғау күштері мен құралдарының іс-қимылдарын жан-жақты қамтамасыз ету, оларды жүргізу барысында қоғамдық тәртіпті ұстау, сондай-ақ туындаған төтенше жағдайлардың салдарын жоюға қажет болған жағдайда белгіленген тәртіппен ішкі істер органдарын, қоғамдық ұйымдар мен халықты тарту бойынша жұмыстарды ұйымдастыру;
      төтенше жағдай аймағындағы жағдай мен оны жою бойынша жұмыстарды жүргізу барысы туралы ақпаратты үздіксіз жинау, талдау және алмасу;
      төтенше жағдайларды және оның салдарын жою мәселелері бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдардың, ұйымдардың үздіксіз өзара іс-әрекетін ұйымдастыру және қолдау;
      төтенше жағдайларда халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету бойынша іс-шараларды жүргізу.
      5-бап. Азаматтық қорғаудың хабардар ету жүйесі
      1. Хабардар ету жүйелері:
      1) республикалық деңгейде – республикалық хабардар ету жүйесі (Қазақстан Республикасының аумағында);
      2) аумақтық деңгейде – облыстық хабардар ету жүйесі (Қазақстан Республикасының облысы немесе республикалық маңызы бар қаласы аумағында);
      3) жергілікті деңгейде – аудандық хабардар ету жүйесі (облыс ауданы, қала аумағында, адамдар жаппай жиналатын орындарда);
      4) объектілік деңгейде – жергілікті хабардар ету жүйесі құрылады.
      2. Хабардар ету жүйелері барлық деңгейлерде бірігуі тиіс.
      3. Хабардар ету жүйелерін құру және жұмылдыруға тұрақты әзірлікте ұстау азаматтық қорғауды дайындау және жүргізу, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі тиісті аумақтарда (объектілерде) өз өкілеттігі мен міндеттері шегінде мемлекеттік органдар, жергілікті атқарушы органдар, заңды тұлғалар және жеке кәсіпкерлер жүргізетін іс-шаралар кешенінің құрамдас бөлігі болып табылады.
      4. Хабардар ету жүйесі табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың туындау қаупі кезінде, әскери іс-қимылдарын жүргізу немесе осы іс-қимылдар салдарынан пайда болған қауіптер туралы басқару органдары мен халыққа ақпаратты және хабардар ету дабылдарын уақтылы жеткізуді қамтамасыз етуге арналған.
      1) Республикалық хабардар ету жүйесінің негізгі міндеті ақпараттар мен хабардар ету дабылдарын:
      Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органдарына;
      Қазақстан Республикасының жергілікті атқарушы органдарына;
      уәкілетті органның аумақтық бөлімшелеріне – облыстар және қалалардың төтенше жағдайлар департаменттеріне (бұдан әрі – уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі) жеткізуді қамтамасыз ету болып табылады.
      Республикалық хабардар ету жүйесін тұрақты әзірлікте ұстауға уәкілетті орган жауап береді.
      2) Облыстық хабардар ету жүйесінің негізгі міндеті ақпараттар мен хабардар ету дабылдарын:
      Қазақстан Республикасы облысының азаматтық қорғаудың басшылық құрамына және азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің аумақтық кіші жүйелеріне;
      қалалар мен аудандардың төтенше жағдайлар басқармаларына;
      халықты және аумақтарды төтенше жағдайлардан қорғау және (немесе) жергілікті өзін-өзі басқару органдары жанындағы азаматтық қорғау саласындағы міндеттерді шешетін арнайы уәкілетті органдарға;
      жергілікті атқарушы органдардың кезекші-диспетчерлік қызметтеріне;
      облыс аумағында төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою, азаматтық қорғаудың күштері мен құралдары үшін тағайындалған және бөлінген (тартылған) азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің арнайы дайындалған күштері мен құралдарына;
      ықтимал қауіпті объектілер мен адамдар жаппай жиналатын объектілерді пайдаланатын ұйымдардың кезекші-диспетчерлік қызметтеріне;
      Қазақстан Республикасының тиісті облысының облыс орталығы, қалалары, аудан орталықтары аумағында тұрып жатқан халыққа жеткізуді қамтамасыз ету болып табылады.
      Облыстық хабардар ету жүйесін тұрақты әзірлікте ұстауға уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі жауап береді.
      3) Аудандық хабардар ету жүйесінің негізгі міндеті ақпараттар мен хабардар ету дабылдарын:
      азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесі аумақтық кіші жүйесінің, жергілікті атқарушы органдар буынының басшылық құрамдарына;
      аудан аумағында төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою, азаматтық қорғаудың күштері мен құралдары үшін тағайындалған және бөлінген (тартылған) арнайы дайындалған күштері мен құралдарына;
      ықтимал қауіпті өндірістік объектілер мен адамдар жаппай жиналатын объектілерді пайдаланатын ұйымдардың кезекші-диспетчерлік қызметтеріне;
      тиісті аудан аумағында тұрып жатқан халыққа жеткізуді қамтамасыз ету болып табылады.
      Аудандық хабардар ету жүйесін тұрақты әзірлікте ұстауға жергілікті атқарушы органдардың басшылары жауап береді.
      4) Хабардар етудің жергілікті жүйесінің негізгі міндеті ақпараттар мен хабардар ету дабылдарын:
      ықтимал қауіпті объектілер мен азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің объектілік бөлімі пайдаланатын ұйымдардың азаматтық қорғаудың басшылық құрамына;
      объектілік авариялық-құтқару, оның ішінде мамандандырылған құралымдарына;
      қауіпті өндірістік объектілерді пайдаланатын ұйым персоналына;
      хабардар етудің жергілікті жүйесінің іс-қимылы аймағында орналасқан ұйымдардың басшылары мен кезекші-диспетчерлік қызметтеріне;
      хабардар етудің жергілікті жүйесінің іс-қимылы аймағында тұрып жатқан халыққа және адамдар жаппай жиналатын объектідегі азаматтарға жеткізуді қамтамасыз ету болып табылады.
      Хабардар етудің жергілікті жүйесін тұрақты әзірлікте ұстауға объектіні пайдаланатын ұйымның басшысы жауап береді.
      5. Мемлекеттік басқару органдары мен халықты хабардар етудің негізгі тәсілі – байланыс операторларының, телерадиохабарлаудың және байланыс пен хабардар етудің ведомстволық объектілік желілерінің телекоммуникациялық желілері арқылы ақпаратты және хабардар ету дабылдарын беру.
      6. Хабардар ету жүйелерін жұмылдыруға:
      республикалық хабардар ету жүйесі – жаһандық төтенше жағдайлар кезінде– Қазақстан Республикасының азаматтық қорғаныс бастығы - Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі және өңірлік төтенше жағдайлар кезінде уәкілетті органның басшысы, азаматтық қорғаныс бойынша тексерістер мен оқу-жаттығуларды өткізу кезінде толық техникалық тексеріске өкім беріледі.
      облыстық хабардар ету жүйесі – жергілікті төтенше жағдайлар кезінде облыстардың, қалалардың әкімдері, Азаматтық қорғаныс бойынша техникалық тексерістер мен оқу-жаттығулар өткізу кезінде уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерінің басшылары;
      аудандық хабардар ету жүйесі – жергілікті төтенше жағдайлар кезінде аудандар және ауылдық (селолық) округ әкімдері, Азаматтық қорғаныс бойынша техникалық тексерістер мен оқу-жаттығулар өткізу кезінде уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерінің басшылары;
      хабардар етудің жергілікті жүйесі – объектіні пайдаланатын ұйымның басшысы өкім береді.
      7. Азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің басқару органдары ақпаратты немесе хабардар ету дабылдарын алып, олардың алынғанын растайды, алынған ақпаратты немесе хабардар ету дабылдарын белгіленген тәртіппен азаматтық қорғаудың басқару органдарына, күштері мен құралдарына дереу жеткізеді.
      6-бап. «112» бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызметі
      1. Жеке және қоғамдық қауіпсіздікті, азаматтар мүлкінің сақталуын қамтамасыз ету, табиғи және техногендік сипаттағы қатерлерге, терроризм актілеріне қарсы іс-қимыл жасау, сондай-ақ шұғыл жедел қызметтерді шақыру тәсілін үйлестіру мақсатында Қазақстан Республикасы аумағында шұғыл жедел қызметтерін шақырту үшін «112» бірыңғай нөмірі белгіленеді.
      2. Уәкілетті орган «112» бірыңғай нөмірі арқылы шұғыл жедел қызметтерді шақыруды қамтамасыз ету жүйесін құру, дамыту және пайдалану бойынша Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару органдары мен жергілікті атқарушы органдар жүргізетін жұмыстардың үйлестірушісі болып табылады.
      3. «112» бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызметінің негізгі міндеттеріне мыналар жатады:
      1) халық пен ұйымдарды адамдардың өмірі мен денсаулығына төнетін қатер және қалыптасқан жағдайда іс-әрекет жасау тәртібі туралы хабардар ету;
      2) халықтан және ұйымдардан табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың туындау қаупі немесе фактісі туралы ақпаратты қамтитын кез келген төтенше оқиғалар (өртті қоса алғанда) туралы хабарлама қабылдау;
      3) түскен ақпараттың дұрыстығын тексеру және талдау, оны қабылданған хабарламаға жедел ден қою құзыретіне кіретін кезекші-диспетчерлік қызметке жеткізу;
      4) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туралы мәліметтерді өңдеу және талдау, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларда жедел ден қоюға тартылатын өзара іс-қимыл жасайтын (бағынысты) кезекші-диспетчерлік қызметтерді нақтылау, оларды жоғары дәрежедегі әзірлік жағдайына көшіру туралы хабардар ету;
      5) өрт, авариялар, дүлей зілзалалар мен табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарын оқшаулау және жою жөніндегі міндеттерді тұрақты әзірліктегі күштердің назарына жеткізу, қажетті шұғыл шаралар мен шешімдерді қабылдау (жоғары тұрған орган белгілеген өкілеттіктер шегінде);
      6) өзара іс-қимыл жасайтын кезекші-диспетчерлік қызметтерден қоршаған ортаның мониторинг жүйелерін (ықтимал қауіпті және халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету объектілері аварияларының автоматтандырылған бақылау жүйесін мен ықпалдастырылып автоматтандырылған жүйесін, өрт және өрт сөндіру-күзету автоматты дабылдарының және басқа жүйелерін) жинау және оларға табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың туындау қаупі немесе фактісі, қалыптасқан жағдай мен табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою бойынша күштер мен құралдардың іс-әрекеті туралы ақпаратты назарына жеткізу;
      7) азаматтық қорғаудың хабардар ету жүйесін қолдану әзірлігін бақылау, жоспарлы техникалық тексерулер жүргізу;
      8) «112» бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызметі тәулік бойы жұмыс істейді, тиісті өкілеттіктері бар, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың туындауы немесе қаупі туралы мәліметтерді алғаннан кейін оны болдырмау немесе жою бойынша шұғыл іс-әрекеттер жасауға дереу кіріседі;
      9) «112» бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызметінің жедел кезекшісінің адамдарды қорғау және құтқару бойынша дербес шешім қабылдау құқығы бар (өз өкілеттіктері шегінде), егер де қалыптасқан жағдай шұғыл іс-қимылдарды аудан және қала, аудандық және қалалық қызметтер басшыларымен келісуге мүмкіндік бермесе, адамдарды, материалдық және мәдени құндылықтарды қорғау және құтқару бойынша қажетті шаралардың уақтылы қабылдануы үшін жауапкершілікте болады.
      4. Ақпаратты жедел алу және ұсыну мақсатында «112» бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызметі басқа мемлекеттік органдардың  ақпарат жүйелерімен ықпалдасады.
      7-бап. Төтенше жағдайлардың алдын алу және
             оларды жою жөніндегі комиссиялар
      1. Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссиялар консультативтік-кеңестік органдар болып табылады және азаматтық қорғау саласында бірыңғай мемлекеттік саясатты қалыптастыру және жүргізу жөнінде ұсыныстарды әзірлеу мақсатында құрылады.
      Төтенше жағдайлар жөніндегі комиссиялар азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің республикалық, аумақтық деңгейлерінде құрылады.
      Республикалық деңгейде Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен консультативтік-кеңестік орган болып табылатын және авариялармен, апаттармен, дүлей және өзге зілзалалармен негізделген төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы бірыңғай мемлекеттік саясатты қалыптастыруға және жүргізуге ұсыныстар әзірлеу мақсатында Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі ведомствоаралық мемлекеттік комиссия құрылады.
      Аумақтық деңгейде облыстардың, қалалардың, аудандардың төтенше жағдайлар жөніндегі комиссиялар құрылымы мен құрамы, сондай-ақ олар туралы ережелер тиісті жергілікті атқарушы органдар шешімдерімен айқындалады.
      2. Төтенше жағдайлар жөніндегі комиссиялар өз өкілеттіктерін Қазақстан Республикасының министрліктерімен, өзге орталық және жергілікті атқарушы органдарымен, кәсіпорындарымен, мекемелерімен және ұйымдарымен, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктермен өзара іс-қимыл жасай отырып, жүзеге асырады.
      3. Төтенше жағдайлар жөніндегі комиссиялардың негізгі міндеттері:
      1) азаматтық қорғауды жетілдіру және одан әрі дамытудың негізгі бағыттарын айқындау;
      2) бейбіт және соғыс уақытында қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, халықты және аумақты төтенше жағдайлардан қорғауға бағытталған құқықтық, экономикалық, ұйымдастырушылық-техникалық және өзге шаралар жүйесін қалыптастыру бойынша ұсыныстар әзірлеу;
      3) азаматтық қорғау күштері мен құралдарын құру және дамыту саласында бірыңғай техникалық саясатты жүргізу;
      4) авариялар, апаттар, дүлей зілзалалар және өзге апаттар нәтижесінде зардап шеккен азаматтарды, төтенше жағдайлар салдарын жоюға қатысқан адамдарды әлеуметтік-экономикалық және құқықтық қорғау, медициналық оңалту мәселелері бойынша министрліктердің, өзге орталық және жергілікті атқарушы органдар қызметтерін үйлестіру болып табылады.
      4. Төтенше жағдайлар жөніндегі комиссиялар:
      1) азаматтық қорғау саласындағы министрліктер, өзге орталық және жергілікті атқарушы органдар, ғылыми, қоғамдық ұйымдар және бірлестіктер іс-қимылдарын үйлестіру бойынша ұсыныстар енгізуге;
      2) төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы іс-шараларға қатысты мәселелер бойынша министрліктер, өзге орталық және жергілікті атқарушы органдардың басшылары мен лауазымды адамдарын тыңдауға;
      3) министрліктерден, өзге орталық және жергілікті атқарушы органдардан, ұйымдардан Төтенше жағдайлар жөніндегі комиссия жұмысына қажетті олардың өз қызметі бойынша ақпаратты сұратуға;
      4) азаматтық қорғау мәселелері бойынша мемлекеттік нысаналы бағдарламаларды министрліктердің, өзге орталық және жергілікті атқарушы органдардың орындауына талдау жүргізуге;
      5) азаматтық қорғау мәселелері бойынша талдау, сараптама және басқа да жұмыстарды орындау үшін Қазақстан Республикасының кәсіпорындары, мекемелері және ұйымдары мамандарын (олардың басшыларымен келісу бойынша) тартуға құқылы.
      8-бап. Азаматтық қорғау қызметтері
      1. Азаматтық қорғаудың арнайы іс-шараларын орындауды және осы мақсаттарда күштер мен құралдарды дайындауды қамтамасыз ету үшін азаматтық қорғаудың республикалық, облыстық, аудандық, қалалық қызметтері құрылады.
      2. Қызметтері азаматтық қорғаудың басқару органдары негізінде құрылған басқару пункттерінің, азаматтық қорғаудың күштері мен құралдарының белгіленген мақсаты бойынша іс-әрекеттер жасауға әзірлігін қамтамасыз етеді.
      3. Эвакуациялық іс-шараларды орындауды ұйымдастыру мақсатында орталық және жергілікті атқарушы органдарда, ұйымдарда эвакуациялық, эвакуациялық қабылдау комиссиялары және эвакуациялық органдар құрылады.
      9-бап. Азаматтық қорғау құралымдары
      1. Азаматтық қорғау құралымдары бейбіт және соғыс уақытта авариялық-құтқару және басқа да кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізуге арналған.
      2. Азаматтық қорғау құралымдары орталық және жергілікті атқарушы органдарда, ұйымдарда құрылады.
      3. Азаматтық қорғау құралымдарына І, ІІ, ІІІ топ мүгедектерін, жүкті әйелдерді, сегіз жасқа дейінгі балалары бар әйелдерді және соғыс уақытында – жұмылдыру ұйғарымы бар әскери міндеттілерді қоспағанда, еңбекке қабілетті ерлер мен әйелдер қабылданады.
      10-бап. Уәкілетті органның білім беру ұйымдары
      Уәкілетті органның білім беру ұйымдары білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын мамандықтар бойынша жоғары білімі бар мамандарды даярлау және азаматтық қорғау органдары қызметкерлері мен өзге де жұмыскерлерінің біліктіліктерін арттыру мақсатында құрылады.
      Уәкілетті органның білім беру ұйымдарының басты міндеттері:
      1) азаматтық қорғау органдары қызметкерлері мен өзге де жұмыскерлерінің кәсіби өсуі және біліктіліктерін арттыру үшін жағдай жасау;
      2) азаматтық қорғау органдары үшін мамандарды даярлау;
      3) мамандар даярлау бейініне сәйкес қызметті жетілдірудің өзекті проблемалары бойынша ғылыми зерттеулер жүргізу, зерттеулерден алынған нәтижелерді оқу процесіне және практикаға ендіру болып табылады.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет