Қазақстан археологиясы


V-тарау САҚ, УСУНЬ, КАНГЮЙ, ХУННУ, САВРОМАТ ЖӘНЕ САРМАТТАРДЫҢ ЕРТЕ ТЕМІР ДӘУІРІНДЕГІ ЕСКЕРТКІШТЕРІ



бет46/138
Дата09.11.2023
өлшемі2.69 Mb.
#482791
1   ...   42   43   44   45   46   47   48   49   ...   138
187b333016c4831e2bc3140e58e992b1

V-тарау


САҚ, УСУНЬ, КАНГЮЙ, ХУННУ, САВРОМАТ ЖӘНЕ САРМАТТАРДЫҢ ЕРТЕ ТЕМІР ДӘУІРІНДЕГІ ЕСКЕРТКІШТЕРІ


Скиф-сақ проблемасы

Ұшы-қиыры шексіз еуразиялық шөлді және шөлейтті аймақтарда б.з.б. ІІ-І-мыңжылдықтар шегі мен б.з.б. І-мыңжылдық бас кезінде мал шаруашылығының көшпелі формасы мен темір металлургиясының таралуы сынды маңызды оқиғалар орын алғандығы белгілі.


Мал шаруашылығына тән жаңа формалардың кеңінен таралуы бірқатар факторлардың өзара әрекетінен туындаған еді. Олардың арасынан зерттеушілер табиғи-климаттық жағдайды; мал шаруашылығын жүргізу тәсілдерінің жетілдірілуін; шөлді және шөлейтті аймақтарға бейімделген малдың түрлік құрамының қалыптасуын ерекше атап көрсетеді. Бұл байлықтың көзі болған мал санын көбейтуге және айырбас жасауға ұмтылудан келіп шыққан мүліктік және әлеуметтік дифференциацияның өсуіне байланысты туындаған әлеуметтік қатынастардың жаңа деңгейі де еді. Осы кездері арбалы-жекпелі көлік тарала бастады; жылқы шаруашылығы одан ары дами түсті; «қатал» сулық пайда болды және атты салт міну қалыптасқан еді.
Қалыптаса бастаған кезден және ерте орта ғасырларға (б.з. Ү ғ.) дейінгі кезеңдегі көшпелі қоғамдарды ерте темір дәуірі немесе ерте көшпенділер дәуірі деп атау орын алған. Ол белгілі бір аумақтарда өткен дәуірлік үрдістер мәнін ашып көрсетеді, сондай-ақ тайпалық және этникалық құрылымдардың өздеріне тән заңдылықтары бойынша тарихи дамуын сипаттайды. Көшпелі мал шаруашылығын зерттеген мамандар көшпеліліктің күрделі екендігіне, оның шығу тегі мен эволюциялық үрдістері бір сарынмен жүрмегендігіне баса назар аударған.
Еуразия тұрғындарының жаппай және тез арада отырықшылықтан көшпелілікке өтуіне күмән келтірген сақтар мәдениетінің ірі зерттеушілерінің бірі С.И.Руденко пайымдаулары қызықты. Оның пікірінше, үнемі қозғалыста жүрген таза көшпелілер өте сирек, өйткені малшылардың басым бөлігі белгілі бір дәрежеде отырықшылықпен және егіншілікпен байланыста болған, мұның өзіне географиялық факторлар септігін тигізген. Зерттеушінің «мал табындары мол, ең алдымен қой мен жылқы өсірген бай және өте бай малшылар» ғана көшіп-қонып жүрді және бұл олардың артық дәрежелілігі (айрықша құқығы) болды деген пікірі де қызықты.
Б.з.б. І мыңжылдықтың алғашқы ғасырларында халықтың бір бөлігінің көшпелі өмір салтын ұстануы жаңа археологиялық мәдениеттердің қалыптасуына алып келді. Өзіндік ерекшеліктеріне қарамастан олардың барлығы бірқатар жайттардан түзілген белгілі бір тұтастықты құрайды.
Бұл бірқатар жайттар – ұқсас өмір сүру ортасы мен осыған орай біркелкі тіршілік жағдайлары, алыс аумақтармен тез арада мәдени байланыс орнатуға дайын тұрған жылдам қозғалушылық, әлеуметтік-экономикалық дамудың жақын деңгейі, және де, қима-андронов мәдени қабатына апаратын жалпы генетикалық негіз еді. Мәдениеттер арасындағы ұқсастық бірнеше біркелкі емес «скиф-сібір тұтастығы», «скиф-сібір қауымдастығы», «скиф әлемі» секілді терминдер арқылы таңбаланады. Соңғы «скиф әлемі» термині біршама бейтарап, сондықтан да ол көп қолданылады. Мәдениеттердің жақындық сипаты ертескифтік дәуірде қалыптасады, бірақ оның жекелген бастаулары мен тамырларын қола дәуіріндегі ежелгі мал өсірушілердің мәдени байланыстары мен қарым-қатынастарынан да көруге болады.
Дәл осы қола дәуірінде Еуразия далаларына еуропеоидты (еуропа пішіндес) антропологиялық тип тарала бастайды, ол әсіресе кейіннен скифтер заманында басымдық танытқан еді. Дунайдан Моңғолияға дейін қоныстанған еуразиялық көшпенділер қауымдастығының ең жарқан мәдениеті бұл тайпалардың скиф триадасында көрініс тапты, оның құрамына өзара жақын қару-жарақтың типтері, ат әбзелдері мен өзіндік скиф-сібір аң стилі кіреді. Бірақ скиф-сібір әлеміндегі көшпелі мәдениеттер мазмұны одан да кең. Оған скиф қазандары, ішінара монументтік өнер ескерткіштері – бұғы тастар, петроглифтер, кей жағдайлардағы жерлеу орындарының құрылысы де кіреді.
Шығыс Еуропа ерте темір ғасыры мәдениеттері үшін алғашқы кезеңдестіру Қара теңіздің солтүстік жағалауындағы скиф ескерткіштерінің негізінде жасалды. Кейінірек шығыс көшпенділерінің археологиялық мәдениеттері скиф ескерткіштеріне сәйкестендірілді.
Соңғы уақыттарға дейін скиф мәдениетінің басталған мерзімі б.з.б. VІІ ғасыр екінші жартысы деп саналып келді. Бірақ қазіргі кезде скиф кезеңінің басталуы б.з.б. ІХ-VІІІ ғасырлар деген көзқарас жиірек айтылып келеді.
Қазақстан мен Орта Азия үшін сақ және савромат мәдениеттерінің ерекшелігі ежелгі мемлекеттердегі отырықшы-егінші халықпен көршілес орналасудан және олармен белсенді түрде араласудан көрінеді. Солтүстік сатраптары ішінара кіріп жатқан Ахемен әулеті державасына, дайлардың көшпелі тайпалары құруға қатысқан, сонымен қатар билеуші династияларыың негізін қалаған Парфия мемлекетіне жақын болу, сондай-ақ көшпелі тайпалардың Грек-Бактрия патшалығын күйретуге қатысуы қазақстандық тайпалардың материалдары мен рухани мәдениетінде көрініс таппай қоймады. Қазақстан мен Орта Азияның көшпелі және отырықшы қауымдастықтары біртұтас экономикалық, тіпті саяси құрылымдар да құрды, олар бір-біріне тұтастай тәуелді болып, өзара үнемі араласуға мүдделі болды.


Сақтар

Қазақстан аумағын б.з.б. І-мыңжылдықта жинақтап алғанда «сақ» деген көптеген тайпалар мекендеді. Сақ тайпалары Солтүстік Қара теңіз өңірі мен Днепр бойын мекендеген скифтердің және Еділдің төменгі ағысы мен Оңтүстік Орал маңында тіршілік еткен савроматтардың, Кир және І Дария уақытындағы парсылардың, Александр Македонский дәуіріндегі гректердің замандастары болды. Ахемен (ахеменидтер) сына жазуларынан тұратын дереккөздерде сақтардың хаумаварга-сақтар (хаома сусынын дайындайтын сақтар), тиграхауда-сақтар (шошақ бөрік киетін сақтар), парадрайа-сақтар (теңіздің ар жағындағы сақтар) секілді үш топқа бөлінгендігі айтылады.


Сақтар тарихын білу үшін ежелгі парсы, элам және аккад тілдерінде жазылған Дарий мен Ксеркс секілді патшалардың жазбалары, сонымен қатар «Авеста» деп аталатын ежелгі ирандықтардың зороастриялық дінінің кітаптар жинағы едәуір қызығушылық туғызады. І Дарийдің Бехистун жазуындағы бесінші бағана, Накши-Рүстемдегі «а» жазуы, Персепольдағы «е» мәтіні және де Ксеркстің «дәулер туралы жазуы» да ерекше маңызды.
Грек және латын тілдеріндегі антикалық дереккөздері де өте құнды. Олардың арасынан Геродоттың еңбегі («Тарих») айрықша дараланады. Қазақстан тарихы үшін Еуразия көшпенділері туралы толымды мағлұматтар беретін оның төртінші кітабының маңызы аса зор. Ахемен әулеті билік құрған уақыттағы тарих жайлы бірқатар құнды мәліметтерді Ксенофонт, Ктесий және де кейінгі авторлар – Арриан, Полиен, Диодор, Полибий, Плиний, Птоломей, Страбон қалдырған. Бірақ олардағы Қазақстан аумағында өмір сүрген сақтар туралы нақты ақпараттар аса көп емес және де көбіне үзінділерден тұрады.
Ең ерте кездердегі ежелгі парсы сына жазбаларындағы мәтінде Қазақстанды мекендеген тайпалар «сақ» деген жалпы атаумен берілген. Бұл термин, авесталық «тур» атауына қарағанда иран, грек-латын, кейіннен қытай дереккөздерінде кеңінен таралды.
Геродот та басқа көптеген грек авторлары секілді сақтарды скиф деп атады, кейде оған «азиялық скифтер» терминін қосып та отырды. Бірақ грек дереккөздерінде ахемен әулеті сына жазбаларында кездесе қоймайтын массагет, савромат, аргиппей, аримаспы, ассии, пасиан, сакараука сынды атаулар да бар.
Жоғарыда аталған тайпаларды ежелгі парсы және антикалық дереккөздерінің негізінде қазіргі Қазақстан мен Орта Азия картасына орналастыру сауалдары түпкілікті шешілген жоқ. Соңғы уақыттарға дейін теңіздің ар жағындағы сақтарды орналастыруда екі көзқарас қалыптасқан болатын. Біріншісі бойынша, олар Арал теңізі маңынан шығысқа, сондай-ақ Әмудария мен Сырдарияның төменгі ағысында орналасты. Бұл сауалдың негіздемесіне І Дарийдің сақтарға жасаған жорығының бағыты туралы баяндаған Бехистун жазуындағы бесінші бағана-жолдың екінші бөлігін қалпына келтіру алынған еді. Қалпына келтірілген Бехистун мәтіндерінің бөлігін, сонан кейін Накши-Рүстем мен Персеполь жазуларын антикалық дереккөздерінің мағлұматтарымен салыстыру теңіздің арғы жағындағы сақтар мен «Соғдының арғы жағындағы» сақтарға массагеттер, дайлар, каспийлер сай келетіндігі жөнінде пайымдау жасалды.
Сақ-парадрайалар деп Қара теңіз аумағын мекендеген еуропалық скифтерді атау қажет деген де көзқарас айтылды.
Ахеменидтер патшалары Дарий мен оның алдындағы ІІ Кирдің сақтар мен массагеттерге қарсы жорығы тарихи тұрғыдан дәлелденген факт болып табылады. Бұл оқиғаларды толымды түрде сипаттап жазған Геродот массагеттер жерін «Аракс өзенінен ары шығысқа бағыттағы» Каспий теңізінен шығысқа қарай орналастырады. Кир мен Дарийдің жүріп өткен жорық жолдары тарихнамада дау-дамай туғызып келеді. Ғалымдардың бір бөлігі Дарий алдындағы патшаның жолымен қайталап жүріп, сақтарды Әмударияның сыртында, Арал теңізінің жанында кезедстірді десе, басқалары Кир массагеттермен Үзбой өзенінің бойында (Әмударияның қазір кеуіп кеткен тармағы) шайқасты, ал Дарий сақтардың жеріне Әмударияның орта ағысынан өтті деп пайымдайды. Көзқарастар алшақтығына қарамай-ақ, бір нәрсе белгілі, ол – екі жорық та сақтар мен массагеттерге қарсы бағытталған еді. Географиялық тұрғыдан алғанда бұл өңір Каспийдің шығысы мен Үзбойдан Сырдария өзеніне дейінгі аймақ пен Арал маңы болып табылады. Массагеттер одағы дербик, абии, апасиак секілді тайпаларды да біріктірсе керек.
Сонымен қатар тиграхауда-сақтары Шаш, Тянь-Шань мен Жетісуда тіршілік еткен деген де көзқарас бар.
Страбонның сөзіне қарағанда, массагеттерден солтүстікке қарай, «Меотидадан жоғары» даи тайпалары қоныстанған. Антикалық авторлар оларды бұрын Геродот жазып кеткен массагеттер иемденген жерге орналастырады. Бұл айалғандардың бәрі де даилардың алғашқыда массагеттерден солтүстікке қарай жатқан облыстарды мекендегені, немесе олардың конфедерациясына кіргендігі туралы баяндайды. Б.з.б. ІІІ ғасыр орта тұсында даилар (дахтар) Каспийдің оңтүстік-шығыс жағында, Парфия шекарасында пайда болып, массагеттердің тарих сахнасындағы орнын басады.
Ежелгі парсы сына мәтіндерінде сақтардың солтүстігінде өмір сүрген тайпалар мен халықтар туралы ештеңе айтылмайды, тек Авестада ғана сайрим атауы аталып өтеді. Толымды ақпарат беретін ежелгі грек дереккөздерінде савроматтар туралы айтылады, бұл тайпалар сайримдермен байланысуы да мүмкін.
Геродот скифтерден солтүстікке қарай өмір сүргендер қатарында аргиппейлерді жатқызады.
Исседондар тайпаларын Геродот агриппейлерден шығысқа қарай орналастырады. Исседондардың айтуына қарағанда – деп жазады Геродот, олардан жоғарырақта аримаспылар мен «алтын қорыған самұрық» тайпалары өмір сүреді. Аримаспы және алтын қорыған самұрық тайпалары мекенін мамандар сол кездері ірі алтын кендері орналасқан Қазақстанның шығысы мен Алтай өңірімен байланыстырады. Исседондардың Орталық Қазақстан далаларын мекендегендігін топшылауға болады.
Б.з.б. VІІІ-ІV ғасырлардағы Еуразияның этникалық және саяси картасы ала-құла болуымен ерекшеленеді. Бұл уақыттарда жақын және алыс жатқан тайпалар, халықтар, мемлекеттер арасында біршама тұрақты экономикалық, саяси және мәдени байланыстар орнады, әскери қақтығыстар да болып тұрды. Қазақстан аумағын мекендеген тайпалар Орта Азия, Алтай, Сібір, Солтүстік Моңғолия мен Қытайда тіршілік еткен туыстас халықтармен өзара байланыс орнатып, қарым-қатынас жасады.
Оңтүстіктегі сақтар ахеменидтер заманына дейін-ақ «Үлкен Хорезм», «Бактрия патшалығы», Ассирия мен Мидия секілді мемлекеттік бірлестіктермен, ал б.з.б. VІ ғасыр ортасында Персиямен тарихи байланыстарға түсіп отырған болатын. Мәселен, Кир сақтармен одақ құрып, Лидия патшасы Крезбен соғысуы кезінде олардың көмегін пайдаланды. Одақ жасаға қанағаттанбаған Кир сақтар мен массагеттерді бағындырмақшы болды. Парсылардың жаулап алу жорықтары қиян-кескі қарсылыққа тап болып, Кир жорығы толығымен жүзеге аспады.
Кирдің жаулап алу жорықтарын І Дарий жалғастырды. Ол аз уақыт болса да жекелеген сақ тайпаларын, соның ішінде хаумаварга сақтары мен каспийлерді бағындыра алды. Бұл тайпалар Ахемен әулеті империясының ХV сатрапиясының құрамына кірді. Сақтар ахеменидтер әскерінің құрамында қызмет етті. Олардың бір бөлігі тіпті парсы патшасының жеке ұланына (гвардиясына) да кірді.
Б.з.б. VІ ғасыр соңы мен V ғасыр бас кезінде ежелгі Шығыста грек-парсы соғыстарының басталуына орай ірі саяси оқиғалар пісіп-жетілді. Кейбір сақ тайпалары бұл соғыстарда одақтастар мен жалдамалылар есебінде парсылар жағында соғысты. Гавгамелы маңындағы ұрысқа, мәселен, сақтардың жеңіл атты әскері қатысты.
Б.з.б. ІV ғасырдың 30-жылдары Александр Македонский басқарған македондық-гректер соңғы Ахеменид, ІІІ Дарий Кодоманның армиясын талқандап, Орта Азияға баса көктеп кірді.
Гректердің баса-көктеп енуіне Орта Азия тайпалары мен халықтары табан тіресе қарсыласты. Александр Македонский әскеріне қарсы күресте сол кездері Қазақстанның оңтүстік аудандарын мекендеген тайпалар, соның ішінде массагеттер белсенді қарсылық көрсетті. Әскерімен бірге Сырдариядан өтпек болған Александр Македонский әрекеті нәтижесіз болды, оны сақ жебесі жаралады. Тек үш жылдай уақытқа созылған қиян-кескі соғыстардан кейін ғана македондық-гректер Орта Азия халықтарын уақытша бағындыра алды. Сырдарияның арғы бетіндегі сақ тайпалары өз тәуелсіздігін сақтап қалды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   42   43   44   45   46   47   48   49   ...   138




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет