Қазақстан археологиясы



бет48/138
Дата09.11.2023
өлшемі2.69 Mb.
#482791
1   ...   44   45   46   47   48   49   50   51   ...   138
187b333016c4831e2bc3140e58e992b1

Кангюй мемлекеті

Б.з.б. ІІ ғасырда Қазақстанда бірқатар жаңа мемлекеттік бірлестіктер қалыптаса бастайды, олардың арасында Кангюй мемлекеті де бар.


Тарихнаманың ауқымды болғанына қарамастан, кангюйлерді зерттелуі әлі де қанағаттандырмайды. Бұған әртүрлі интерпретация тудыратын үздік-создық әрі қарама-қайшылықтан тұратын шектеулі жазба дереккөздері себепкер болып отыр. Пікірсайыс туғызатын мәселелердің бүкіл тобы осы кезге дейін «кангюйлер проблемасын» дейтін болып табылады. Мемлекеттің аумағы Оңтүстік Қазақстан, Ташкент жазирасы (оазисі) (Өзбекстан), Сырдария, Жаңадария, Қуаңдарияның көне сағалары мен Жетісудың оңтүстік-батысының бір бөлігін қамтыған кең байтақ жерді алып жатты. Мемлекеттің мейлінше күшейген кезінде оған Сусе, Фумо, Юени, Ги (Цзи), Юегань секілді бес «кіші иелік», сондай-ақ Янцай бағынды. Алайда олардың орналасуы даулы мәселе ретінде қалып келеді.
Кангюй мемлекеті мен оның иеліктерінің орналасу мәселелерінің тарихы ресейлік шығыстанушы И.Бичуриннен басталады, ол оның орналасқан жерін Сырдария өзенінің солтүстік жағындағы далалы аймақтар деп белгілеген. «Шицзи» мәтініне берген түсініктемесінде ол: «Кангюй иелігі қазір Ұлы жүз және Орта жүз қазақтары көшіп-қонып жүр Сырдарияның солтүстік жағындағы далаларды алып жатыр» деп атап өткен. «Шицзиде» кангюйдің орналасуы туралы былай делінген: «Кангюй Даванның солтүстік-батысында шамамен 2000 ли жерде жатыр. Бұл - әдетте 200000 әскері бар тұрмысы юечжиліктерге ұқсайтын көшпелі иелік. Кангюй Даваньмен шектес және күшінің әлсіз болуына қарай оңтүстікте юечжиліктердің билігін, шығыста хуннулар билігін таниды». Үлкен Хань әулетінің келесі бір хроникасы «Цянь Ханьшудың» «Жерге орналасуды суреттеу» деген тарауында Кангюйге арналған бөлім бар, онда сөзбе-сөз келтіргенде былай делінген: «Кангюй билеушісі Лоюень елінде, Уананьнан ол 12300 ли жердегі Битянь қаласын мекендейді. Ол уәкілге (наместникке) тәуелді емес. Әміршінің жазда болатын жеріне Лоюеннен жеті күнде жетуге болады... Халқы 120000 отбасынан, 600000 адамнан тұрады; әскер саны 120000 адам. Әдет-ғұрпы (тұрмысы) Үлкен Юечжиен бірдей. Кангюйлер шығыс жағында хуннуларғабағынады».
ХХ ғасыр орта тұсында олардың орналасуы мәселелері жөнінде екі көзқарас: 1. Кангюйлер Ташкент жазиарасынан Хорезмге дейінгі ортаазиялық қос өзен арасындағы кең байтақ жерді алып жатты; 2. Кангюй иелігі Сырдария өзенінің төменгі ағысындағы аңғардан Ташкентке дейінгі алқапта шоғырланды, ал байырғы жерлері Сарысу өзенінің орта ағысына, Шуға шейін созылып, Ұлытау тауларына дейін орналасқан деген көзқарастар қалыптасты.
Бірінші көзқарасты С.П.Толстов мейлінше дәлелді қорғады. Ол Кангюй жері шығыста Ферғанаға дейін жетті, оңтүстікте Парфиямен және Бактриямен шекараласты, батыста оған Бұхара оазисі мен Хорезм кірді деп есептеді. Бес иелік былайша орналасты: Сусе – Қашқадариядағы Шахрисябс облысында; Фуму – Зеравшан өзеніндегі Кушания облысында; Юени – Ташкент оазисінде; Ги – Бұхарада; Юегань – бүкіл мемлекеттің орталығы болған Хорезмде.
С.П.Толстовтың бұл мәселедегі негізгі қарсыласы А.Н.Бернштам Кангюйдің шығыс шекарасы Талас өзені бойымен өтеді деп санады. Кейінірек, б.з. ІІІ ғасырында Цзиньши мағлұматтарына қарағанда, ол тіпті Іле өзеніне дейін жеткен. Ол Кангюйдің бес иелігін былайша орналастырады: Юегань – Хорезмде; Ги – Сырдарияның төменгі ағысында; Фуму – Жаңақорғаннан солтүстік-батысқа қарай Қазалыға дейін; Сусе – Сырдарияның орта ағысы, Арыс өзенінің алабы, Қаратау беткейлерінде; Юени – Ташкент жазирасында. Оған жекелеген археологиялық мәдениеттер сәйкес келеді: Ташкент жазирасында – қауыншы мәдениеті; Сырдарияның орта ағысында – кангюй-қаратау мәдениеті; Қуаңдарияның ежелгі салаларында – жетіасар мәдениеті; Сырдарияның төменгі ағысында – «батпақты қалалар» мәдениеті таралған. Сырдарияның орта ағысындағы жерлер кангюйлердің байырғы жері болған. А.Н.Бернштам пікірінше, мұнда Авеста, Махабхарата мен Шахнаме тарихи ескерткіштерінде аңыз болып айтылатын Кангха елі нақ осында орналасқан.
Бұл көзқарасты кейіннен қазақстандық зерттеушілер негізге алды.
Дегенмен Кангха елінің атауы түрлі сипаттағы ежелгі жазба дереккөздерінде б.з.б. ХІV ғасырдан бастап мәлім болғанымен, б.з.б. ІV ғасыр соңындағы оқиғалардан жақсы хабардар антикалық авторлар Кангюйлерге тоқталмайды. Сырдария бойындағы аймақта «Кан үйі» б.з.б. ІІІ ғасырда, тіпті б.з.б. ІІ ғасырда көтерілген деп топшылауға болады.
Айта кету керек, бұл кезеңде Орта Азиялық қос өзен аңғарында юечжилердің негізгі бөлігінің оңтүстікке, сол жағалаулық Бактрияға ығысуы басталды, олар осы аймақтарға тұрақтап қалды да, бес иелікке бөлінді, мұның өзі Кангюйлермен салыстырғанда олардың әлсіреуіне алып келмей қоймайтын еді, сөйтіп Кангюйге оңтүстік пен батысқа қарай экспансия жасауға мол мүмкіндіктер ашылды. Осы уақыттарда (б.з.б. ІІ ғасыр соңы мен б.з.б. І ғасыр бас кезі), сірә, кангюйдің жоғарыда аталған бес иелігі пайда болса керек, сондай-ақ ол өзіне Янцайды (Арал-Каспий өңіріндегі сармат-алан тайпалар одағы), Яньды (Орал маңындағы сармат тайпалары) бағындырады. Қытай жөнінде кангюй билеушілері өздерін тәуелсіз, тіпті батыл ұстаған, бұл жөнінде б.з.б. І ғасырдың аяғында Батыс өлкесіндегі Хань уәкілі императорға былай деп хабарлаған: «...Кангюй, керісінше (Усуньге қарағанда) өркөкірек, батыл және де біздің жіберген елшілер алдында басын июге ешбір көнбейді. Онда уәкілден (наместниктен) жіберілген шенеуніктерді усуньдердің елшілерінен төмен отырғызады. Тамақты әуелі солардың кнәздері мен ақсақалдарына, сонан соң ғана уәкілдің елшілеріне тартады...».
Кейіннен, б.з.б. 47-46 жылдары кангюй билеушісі солтүстік хуннулар шаньюйі Чжи Чжижді (Шөжені) қуатты Хань одақтасы болған усуньдермен күресінде қолдады.
Б.з. ІІІ-ІV ғасырларында Кангюй Орта Азия қос өзен аңғарындағы, Арал маңындағы өз үстемдігін жоғалтады да, бірқатар тәуелсіз иеліктерге бөлініп кетеді. V ғасырда ол император сарайына елшілік жіберген елдердің қатарында аталады. Сірә, бұл кезге қарай кангюйлер орнында пайда болған ұсақ иеліктер эфталиттік мемлекеттерге тәуелді болса керек.
Кангюй тайпаларының тілі туралы сауал әлі түпкілікті шешілген жоқ, зерттеушілердің бірі олардың тілін солтүстік-иранға жатқызса, келесілері оларды түрік тілді болды деп есептейді. Б.з. І-мыңжылдық орта тұсында Ортаңғы және Төменгі Сырдария ауданындағы этносаяси жағдай өзгереді. Оған түркі тілдес тайпалар басып кіреді.
Чжан Цянь заманынан бері қытай тарихнамасында кангюй тұрғындарын сипаттағанда оның мәдениетінің көшпелі сипатына баса назар аударып, оны «көшпелі иелік» деп атау дәстүрге айналды. Алайда қытай хроникасы басқа бір жерінде кангюйлерді балшықтан соққан қорған ішінде тұратын халық ретінде хабарлайды. Астаналық қаласы Битянь деп аталады, бірақ билеушісі мұнда үнемі тұрған жоқ, өйткені оны жазғы ордасы (резиденциясы) да болған еді. Соңғы айтылған мәселе бас орданың маусымдық сипатта болғанын, билеуші топтың жартылай көшпелі өмір сүргендігін дәлелдейді.
Кейінгі жылдары жинақталған археологиялық мәліметтер кангюйлер мәдениеті мен шаруашылығы туралы таным-түсінікті мейлінше кеңейтті.
Бір кездерде кангюйлер мекендеген аудандардан археологтар көптеген қоныстар мен қорымдарды анықтады. Бұл ескерткіштер қауыншы, отырар-қаратау, жетіасар археологиялық мәдениеттеріне жатқызылды. Біріншісі Ташкент жазирасына; екіншісі – Сырдарияның орта ағысынадағы Қаратау беткейлерінен Таласқа дейінгі аудандарға; үшіншісі – Қуаңдария мен Жаңадария аңғарларына таралған.
Кангюй дәуірінде Орталық Азия аймақтарына салыстырмалы түрде сипаттама берген кезде Сырдарияның сағасынан Ферғанаға дейінгі біртұтас мәдени-шаруашылық өңір айқындалынады. Ол өңірге егіншілік-малшылық экономика, монументті архитектура мен фортификация, елді-мекендердің жетекші үлгісі ретіндегі аздап бекініс жасалған қоныстар, ақша айналымының шектеулігі тән болған.
Сонымен бірге, қауыншы және отырар-қаратау мәдениеті бір-бірімен тығыз байланысты болғандығы анықалған. Үш мәдениеттің дамуындағы алғашқы кезеңнен мәдени байланыстар қауыншы – отырар-қаратау – жетіасар секілді оңтүстіктен солтүстікке қарай бағытталғандығын көруге болады. Бұл, б.з.б. І-мыңжылдық соңындағы көшпелі тайпалардың жылжуымен байланысты болса керек.
Екінші кезеңнің бас кезінде жетіасар мәдениетінде Сібір, Тува, Моңғолия заттай мәдениеттерінің элементтері айқын байқала бастайды. Мұнда жаңа этникалық топтардың келуіне орай, жетіасар халқы Сырдарияны бойлай жоғары жылжиды, ал отырар-қаратау мен қауыншы мәдениеттерінің өкілдері Батыс Ферғана, Соғды, Бұхара мен Хорезмге жылжи түседі. Үшінші кезеңде барлық сырдариялық мәдениеттерге және Ташкент жазирасы арқылы Жетісуға Соғды ықпалы күшейе түскендігі байқалған.
Осы уақыттарда Қаратау мен Сырдарияның орта ағысына түркілердің келгендігі және де олардың жетіасар халқын Сырдария мен Әмударияның төменгі ағысына қарай ығыстыра бастағандығы да байқала түседі.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   44   45   46   47   48   49   50   51   ...   138




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет