Қазақстан археологиясы


Шығыс Қазақстан археологиялық ескерткіштері



бет51/138
Дата09.11.2023
өлшемі2.69 Mb.
#482791
1   ...   47   48   49   50   51   52   53   54   ...   138
187b333016c4831e2bc3140e58e992b1

Шығыс Қазақстан археологиялық ескерткіштері

Ерте темір дәуіріндегі ескерткіштердің көпшілігі Шығыс Қазақстанның басты су артериясы болып табылатын Ертіс өзені алабында орналасқан. Обалы қорымдар Қалбы жотасының солтүстік және оңтүстік беткейлерінде, одан ары Шыңғыстау оңтүстік-батысына қарай және Тарбағатайдың батыс аудандарына дейін шоғырланып жатыр. Өлкенің оңтүстікгінде олар Зайсан қазаншұңқырында тараған. Шығыс таулы аймақтарда Нарым, Бұқтырма өзендері жағалауларында және де соңғы аталған өзеннің көптеген сағаларына тарай орналасады да, Таулы Алтай аудандарының ескерткіштеріне барып ұштасады.


Сақтардың ең үлкен «патша обалары» Шілікті аңғарында және Бұқтарма өзенінің жағалауындағы Оңтүстік Алтай тауларында шоғырланған. Табиғи тасы көп Шығыс Қазақстанның таулы аудандарында көптеген обалар тас үйінділерінен тұрғызылған (Берел, Қатон, Майәмір). Ертістің жоғарғы ағысы жағалауындағы үйінділер топырақ пен малта тастан тұрғызылды, бірақ жерлеу қабіріне түгелдей дерлік тас пайдаланылды. Құлынды даласымен қабысатын Ертістің орта ағысындағы жазық аудандарда обалар топырақтан көтерілді (Жолқұдық, Чернореченск, Иртышское, Боброво, Леонтьевка).
Шығыс Қазақстанның пайдалы қазбалары ерте темір дәуірінде де игерілген. Кенді Алтайдың полиметалл белдеуінен 850-ге жуық кеніштер мен кен орындары бар.
Бұл кезеңнің ескерткіштерін В.В.Радлов, С.С.Черников, М.П.Грязнов, С.Н.Руденко, Н.В.Полосьмак, В.И.Молодин, З.С.Самашев, Ә.Т.Төлеубаев, Ғ.Қ.Омаров, т.б. мамандар зерттеген.
Ғылымда Шығыс Қазақстан сақтарына тиесілі заттай мәдениеттің мынадай үш басты-басты кезеңдері бөліп көрсетілген: майәмір – б.з.б. VІІ-VІ ғасырлар; берел – б.з.б. V-ІV ғасырлар; құлажорға – б.з.б. ІІІ-І ғасырлар.
Майәмір кезеңі Нарым өзенінің жоғарғы ағысындағы Майәмір даласындағы обалы қорым атауымен аталған.
Таулы Алтайдың қарапайым майәмір обалары көбінесе іргесін белдеулей қоршаған аласа тас үйінділерінен тұрды. Қабір лақыттары тікбұрышты етіп қазылды, олардың қабырғалары ағашпен шегенделді және бір қабат бөренелермен жабылды. Майәмір ескерткіштерінен жиегі шығыңқы және дөңгелегінің ортасында тұзағы бар қола айналардың, сыртқы ілмешектері өте кішкене үзеңгі тәріздес қола ауыздығы бар жүгендердің ертеректегі түрлерінің, үш тесікті немесе ортаңғы тесігінің орнына ілмешегі бар айшықтардың өте мол жиынтығы табылды. Майәмір заманының қолданбалы өнеріне көбінесе атылғалы тұрған жыртқыштың, жүріп келе жатқан немесе жүруге ыңғайланған жануарлардың бейнесі тән.
С.С.Черников қазған Шілікті обасы Шығыс Қазақстанның далалық бөлігінің тамаша ескерткіші болып табылады, ол 51 үйіндіден түратын үлкен қорымның құрамына кіреді. Басқа жерлердегі сияқты, мұнда да ұсақ обалар жоқ. Қорымның үйілген топырағының диаметрі 100 метрге, биіктігі 8—10 метрге дейін жетеді. Бүл — жүздеген жылдар бойы кісі жерленген, тайпалар мен ру көсемдерінің үлкен зираты.
Обаны қазу жұмыстары оның құрылымын қайта қалпына келтіруге мүмкіндік берді. Жердің бетінен аумағы 58 шаршы метрдей, терендігі 1 метрдей шұңқыр қазылған. Оның ішіне балқарағайдың жуан беренелерінен шаршы қима жасалған, бөліктерінің қабырғалары екі, ал тебесі бір қатар бөренелерден тұрады; бөренелер жылжып кетпес үшін шұңқырдың қабырғалары мен ағаш құрылыс арасына уатылған тас толтырылған. Қиманың бұрыштары бөренелердің бір-біріне тиер жерінде күйдіріліпті. Ағаш моланың ішінде, батыс жақ қабырғасы жанында, жонылған қалың тақтай еденде 40-50 жастағы еркек пен 50—60 жастағы әйел жөне олардың жанына қойылған заттар жатты. Өліктерді қабірге шығыс жағынан жалғасқан дәліз-дромос арқылы кіргізген. Жерлеп болғаннан кейін дромос бөренелермен жабылып, бүкіл құрылыс уатылған ірі тастармен көмілген. Содан кейін тығыз сары түсті балшықтан үйінді тұрғызылып, оның үстіне майда малта тас араласқан топырақ үйілген. Алғашқы түрінде обаның диаметрі 45 м, биіктігі шамамен 10 м үйінді болған. Кейін бірте-бірте шөгіп, қазатын кезде оның диаметрі 66 м, ал биіктігі 6 м болды.
Басқа да көптеген обалары сияқты, Шілікті моласы да көне заманда-ақ тоналған.
Тоналғанына қарамастан, обада өте бағалы заттар: ертеректегі жебелердің ассиметриялы-ромб түріндегі деп аталатын ұңғылы қола ұштарының он үші салынған былғары қорамсақтың қалдығы, темір заттың сынығы және ертедегі қолданбалы өнердің 524 алтын бұйымынан тұратын жарқын үлгілері сақталған. Олардың арасында қорамсақтарды сәндеген, аяқтары бүгулі бұғы түріндегі қаптырмалар (14 дана), басы бұрулы бүркіттердің (9 дана), шиыршықтала бүктетілген қабыланның (29 дана) бедерлі мүсіндері, жұқа қаңылтырдан қиып жасалған қабандардың мүсіндері (12 дана), балық бейнесі, перуза тас еткермеленіп, майда домалақ алтын түйіршіктермен әшекейленген, қанаттары жаюлы құс түріндегі қаптырма және басқа неғұрлым ұсак зергерлік әшекейлер бар.
Шілікті обасы б.з.б. VII-VI ғасырлар аралығына жатқызылады. Бұл Қазақстанның солтүстік далалық өңіріндегі ең ертедегі «патшалық» оба және Евразия аймағындағы сондай обалардың бірі. Мұнда Еуразия далаларындағы мал өсіруші тайпалардың қолданбалы өнері айқын көрсетілген. Шілікті обасындағы аң стиліндегі бірқатар көркем туындылар (аяқтары бүгулі бұғы, шиыршақтала бүктетілген қабылан, басы бұрулы бүркіттер) сақ-скиф дүниесі өнерінің алғашқы үлгілеріне жатады.
2003 жылы Шілікті қорымынан конструкциясы осыған ұқсас, ағаш қимасы мен оба үйіндісінен тұратын тағы бір «патша обасы» Ә.Т.Төлеубаев жетекшілігімен қазылды. Осы археологиялық нысанды қазған экспедиция құрамында археолог Ғ.Қ.Омаров та қажырлы еңбек етті. Шілікті-1-3 тобындағы бұл обадан (Шілікті-3, №2 оба; Бәйгетөбе) алтын киімді адамның қалдықтары табылған. Обаның биіктігі 7,9 м, диаметрі 97,4 м. Обаның өзі үш қабаттан тұрады. Ең жоғарғы қабаты топырақ, шым және құм араласқан қиыршық тастан көтерілген. Екінші қабаты үйілген тас оба. Тас оба (тас сауыт?) астында самырсын қарағайларынан қималанып салынған қабірхана (биіктігі 3,5 м) орналасқан. Онда бір адам ғана жерленген. Оның шығыс жағынан үлкен (ұзындығы 15,6 м, тереңдігі 1 м) және кіші (ені 0,8 м ) екі жер асты дәліз (дромос) аршылған. Дромостан қабірханаға кіретін есіктің ені 1,2 м, биіктігі 1 м. Қабірхана екі қатар самырсын бөренелермен қималанып көтерілген. Араларына тас толтырылған. Қабірхана ерте замандарда-ақ тоналған, алайда мұнда жерленген ақсүйектің киімі мен бас киімін әшекейлеп тұрған бұйымдардың біразы тонаушылар траншеясында түсіп қалған, оларды археологтар тапты. Далалық ізденістер барысында 3-Шілікті қорымының Бәйгетөбе обасынан жалпы саны 4303 дана алтын заттар аршып алынған. Олардың 153 данасы мәлін маскасы, 36 данасы бүркіт-самұрық, 20 данасы бұғы, 39 данасы қасқыр (аю), 1 данасы арқар бейнесінде, алынған заттар арасынан әсіресе бесжұлдыз салынған түйме-қаптырма ерекше көз тартады. Сондай-ақ көңірдекше (63 дана), жартышар (141 дана), қоңырауша (23 дана) түріндегі және басқа да көптеген салпыншақтар мен қапсырмалар, алтын тілікшелер алынған. Шілікті алтындарындағы негізгі ерекшелік, мұнда басқа өңірлерге қарағанда құйма алтын басым. Санкт-Петербург ғалымдары В.Скрипкин мен Н.Ковалюктың дендрохронологиялық сараптамасы бойынша ағаш ғимараттың салынған мерзімі шамамен б.з.б. 810-760 жылдар аралығын қамтиды.
Берел кезеңінде Шығыс Қазақстан ежелгі мал өсірушілерінің мәдениеті айқын да мәнерлі және де аяқталған кейіпке ене бастайды.
Таулы аудандарда бұрын белгілі болған топырақ шұңқырда ағаш қимасы мен жылқылары жерленген тастан қаланған обалар түрі жаппай таралады.
В.В.Радлов, С.И.Руденко, М.П.Грязнов, Н.В.Полосьмак, В.И.Молодин, В.Д.Кубарев, З.С.Самашев секілді мамандардың кеңінен танымал қазба жұмыстарының нәтижесінде ескерткіштердің бұл түрі Шығыс Алтайдың Пазырық обаларынан нақты байқалады.
Бұл кезеңнің жарқын ескерткіштерінің бірі Берел обасы болып табылады.
Берел қорымы Қазақ Алтайының аумағында Қазақстан, Моңғолия мен Ресей Федерациясы шекараларының тоғысқан жерінде орналасқан. Онда тізбектеле орналасқан отыздан астам обалар бар. Жер бетіне тұрғызылған ірі конструкциялар ежелгі көшпенділердің мұнда өз көсемдерін жерлегендігін, солар үшін күрделі жерлеу-ғұрыптық құрылыстарын тұрғызғандығын айғақтайды. Аңғардың биік орналасу жайы мен табиғаттың тартымды көркі бұл кеңістікті қасиетті деп тануға алып келген еді.
Бәлкім, ежелгі көшпенділер жергілікті табиғи-климаттық жағдайдың ерекшелігін ескеріп, қолдан тоң жасауға болатын осындай арнайы жерлеу конструкциясын салған да шығар. Қалай болғанда да, ол арқылы Алтайдың ежелгі көшпенділері өмірін сипаттайтын бірегей деректер – киім, аспап, сонымен қатар ең маңыздысы адамдар мен жануарлардың мумияланған қалдықтары сақталған.
Мұнда алғашқы археологиялық қазба жұмыстарын 1865 жылы В.В.Радлов жүргізді. Берел обаларын қазбай тұрып-ақ В.В.Радлов Катанда өзені бойынан тоң басқан обаны аршыды, онда матадан, киізден, жүннен, бұлыңғыр терісі мен жібектен жасалған киімдер, ағаштан істелінген бұйымдар, сонымен бірге ат қосып жерленген адамдардың қалдықтары тамаша сақталған болатын.
Берел обасының үйінділерінің бірін аршыған В.В.Радлов тонаушылар байқамаған заттар тапты. Ол өз күнделігінде былай деп жазды: «Обаның ортасындағы мола төбешігінің астында ірі тастармен және топырақпен толтырылған ұзындығы 2 сажын және ені 2,5 сажын қабір шұңқыры болды. Біз тереңдігі 1 аршынға баратын бұл моланы ішіндегілерінен тез арада-ақ тазалап шықтық, бұдан кейін біздің жұмысымыз кенеттен тоқтап қалды. Мұндағы жер қатып-семіп қалған, және де молаға жан-жақтан су өткен».
Моладан ағаш қабықтары астынан төрт-төрттен (4 қатар) қойылған 16 жылқы қалдықтары шыққан.
Бал қарағай ағашынан ойылып жасалған, бұрыштары самұрықтың қола мүсіндерімен әшекейленген қима-табыттан қазба барысында адам сүйектері, қыш ыдыс, пышақ, қанжар, қылыш табылған.
1998-1999 жылдары негізгі зерттеу нысаны болған обаның диаметрі 30 м-ден, бастапқы кездегі биіктігі 2 м-ден астам болған. Зерттеулерді З.С.Самашев басқарған археологиялық экспедиция жүргізді.
Обаның өзі күрделі архитектуралық құрылыс болып табылады. Оба үйіндісінің тастары бейберекет қойыла салынбаған, ол арнайы таңдап алынған түрлі көлемдегі плиталардан, домалақ тастар мен малта тастар қатарынан тұрады.
Үйінді табанына ірі плиталардың қойылғандығы және де тігінен орналастырылған тас плиталар қоршауы анықталған.
Оба үйіндісі астындағы моладан көлденеңінен жатқандары кеспелтекпен қабыстырылған, үш қатар бөренеден қиыстырылып жасалған, бал қарағай қимасы (лақыт) шыққан. Оның үсті үлкен кеспелтектермен, аралары «куриль шайы» бұтақтары аралас ағаш қабықтарымен жабылған. Жерлеу қима-камерасының ауданы 3,43х1,85х1,26 м. Дендрохронологтар қабірхананың кейбір бөренелері алдын-ала дайын болып тұрғандығын анықтаған. Бұл олардың үй құрылысында кеңінен пайдаланылғандығын да көрсетсе керек.
Қиманың ішіндегі, әбден суланған тас плиталарынан тұратын моланың түбіне астау-саркофаг қойылған. Оны бүтін бал қарағайдан дайындаған, үстін мұқият сүрлеген және өңдеген, оған ағашты шіруден сақтайтын арнайы қоспалардың қосылуы да ықтимал. Астаудың сыртқы жағынадағы бүйірден арнайы шабылып қалдырылған кертпеге төрт тесік жасалған, олардың көмегімен астау-саркофаг жерлеу камерасына түсірілген. Астаудың беті бұрыштары алтынмен қапталған төрт қола самұрық мүсіндері орнатылған қақпақпен жабылған.
Астауда жас мөлшері 35-40 шамасындағы ер адам жерленген, оның жанына кейіннен әйел адам қойылған. Антропологтардың алдын-ала қорытындысы бойынша ол ер адамнан егде тартады. Өлген адамдардбасына ағаш «жастық» қойылған. Көсемнің шашы екі өрімнен тұрады. Оның қайтыс болмай тұрып сақал мен мұрт қойып жүргендігі анықталған. Ер адамның бас сүйегінің төбесінен тесік анықталған, ол шамамен күрзімен ойылған. Сірә, көсем-жауынгерге медициналық көмек көрсетілсе керек, емші оның жарақатынан сүйек жарықшақтары мен ұйыған қанды алып тастауға тырысқан, мұны аяқталмай қалған трепанация іздері нақты айғақтайды. Оның әскери өмір салтынан түрлі кездері бітіп кеткен қабырға мен омыртқа сүйектерінің сынған жерлері де хабар береді.
Ежелгі берелдіктердің жерлеу ғұрпында күрделі салт орын алды, қайтыс болған адам денесі жерге көмгенге дейін сақталды. Оны жүзеге асыру үшін арнайы шөптер арқылы мүрде бальзамдалды. Жерленген адамдарға қола моншақтар, жұқа алтын қаңылтыршалар тағылған киімдері кигізілді. Киімде көрініс тапқан байлық пен сән-салтанат жерленгендердің жоғарғы әлеуметтік статусын да көрсететін еді.
Көсем қасына қойылған он үш ат маңдайдан арнайы аспаппен (чекан) алдын-ала ұрып өлтірілді де, қиманың сыртына екі қатар етіп қойылды. Жеті жылқыдан тұратын төменгі қатар жоғарғы қатардан ағаш бұтақтары мен шөп-шалам арқылы бөлініп тұрды. Бұл жирен сәйгүліктердің басы күн шығатын жаққа, яғни шығысқа қаратылған. «Тоң басу» феноменінің арқасында жануарлардың тек терілері ғана емес, жұмсақ еттері, сондай-ақ салтанатты әбзелдері де сақталып қалған еді.
Қазақстандағы ең ерте кезге жататын ер (егер) де осында сақталған. Әсіресе жыртқыш аң терісі жабылған ер ерекше көз тартады. Ерді жауып тұрған киіз аппликациясында тұяқты жануарды жұлқылап (азаптап) тұрған жыртқыш аңның бейнесі түсірілген. Аттардың бірінің үстінен алынған ерге ағаш бұталарынан қиыстырылған қалқан жапсырылған.
Ат әбзелдері барельф пен мүсін жасау техникаларын үйлестірген түрлі тәсілдерді қамтыған көптеген ағаш бұйымдар әшекейлерінен тұрады. Бұл бұйымдар: тоға, сулық, алқа, беткі жағы алтын қаңылтыршамен және қалайымен қапталған, ал ішкі жағы тесік арқылы жүген бөліктеріне жапсырылған белбеу ажыратқыш, т.б.
Скиф-сібір аң стилінде жасалған қару-жарақтар, ат әбзелдері оның әскери-аристократиялық сипатын да көрсетеді.
Аң бейнелерінің шеңберіне бұғы, бұлан, құстар мен тау текелер, мысық тұқымдас жыртқыштар, жергілікті фауна өкілдері кіреді. Алайда таң-ғажайып самұрықтар бейнесі ерекше орын алады, өйткені оның бейнесі түрлі жануарлармен астасып жатты: артына қайырылып жатқан ұзын құйрықты мысық тұқымды жыртқыштың денесі, жыртқыш құстың тұмсығы, ұшы спираль тәрізді оралған мүйіз, т.б.
Жануарлар айқасының суреті аң стиліндегі кең тараған бейнелердің бірі болып табылады. Мұндай сюжетке құрылған олжалар берел топтамасында да көптеп ұшырасады: бұғыға немесе тау ешкісіне шабуылдап тұрған мысық тұқымдас жыртқыш бейнеленген алқа; өз құйрығын тістелеп тұрған самұрық; жұлқылып тұрған көріністі бейнелейтін самұрық тұмсығындағы тұяқты жануардың үлкен көлемді басы, т.б.
Алыстан алтынмен апталған, күміспен қапталған секілді көрініс беріп тұратын тау ешкілерінің мүйізінен тұратын салтанатты маска мен ат әбзелдері ағаштан жасалып, алтын қаңылтыршамен және қалайымен қапталған.
Берел кезеңінің аяқ кезіне таман барлық жерде қоланы темір ығыстырып шығарады. Қола ауыздықтарының орнына шығыршықты темір ауыздықтар шығады; қысқа ақинақ-семсерлер мен пышақтар да темірден жасалады.
Б. з. б. III ғасырға таман Шығыс Қазақстанның археологиялық ескерткіштерінің түрлері мен құрылымы өз сипатын өзгертті. Тарбағатай мен Ертістің жоғарғы бойы аралығындағы далаларда құлажорғалық үлгідегі деп аталатын жерлеу құрылыстары таралады.
Тас жәшіктер қырынан көміліп, үстін тақтатастармен жапқан төрт және одан да көбірек қашалмаған көлемді тақта тастардан құрастырылған. Өліктерді шалқасынан, созылған күйінде, басын батысқа не шығысқа қаратып жерлеген. Тек бірнеше жағдайларда ғана оң жақ қырынан бүрістіріп жерленгендер кездесті. Үстіне оба тұрғызылды.
Құлажорға үлгісіндегі ескерткіштердің заттары кешенінің арасында ең көбі қыш ыдыстар болды. Қыш ыдыстар аласа жұмыр мойынды жатаған құмыралар, кіреңке тәрізді көзелер, ілмек сияқты сабы бар дөңгелек түпті, бүйірлі және аласа текшелер түрінде болып келеді. Жетісуда таралған қола қазандарына ұқсайтын тік және көлденең құлақтары бар қыш қазандарының едәуір сирек түрлері де кездесті.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   47   48   49   50   51   52   53   54   ...   138




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет