Моңғол шапқыншылығы мен Моңғол империясының құрылуы. ХІІ ғасыр ортасында моңғол тайпалары Орхон мен Керулен өзенінен батысқа қарай жылжып, Моңғол Алтайы мен Ертістің жоғарғы ағысынан наймандар мен қыпшақтарды ығыстырды. Моңғолдар солтүстікте Байкалдан Енисейдің жоғарғы ағысына дейінгі, оңтүстікте Гоби шөліне шейінгі аумақты қоныстанып жатты.
Моңғол, керейіт, найман, татар, қоңырат және басқа да көптеген моңғол және түрік тайпалары арасындағы толассыз қақтығыстар мен соғыстар ХІІІ ғасыр бас кезінде Шыңғысхан басқарған Моңғол мемлекетінің қалыптасуына алып келді. 20 жылдай аяусыз күрес жүргізген Шыңғысхан барлық моңғол тайпаларын біріктіріп, жеке дара билеушіге айналды. 1205 жылы Құрылтайда моңғол шонжарлары Темучинді жоғарғы билеуші етіп, Шыңғысхан деген атпен хан сайлады.
Тарихи дереккөздерінде жаулап алушылар әркелкі аталды: «моңғолдар», татар-моңғолдар», «татарлар», моңғол-татарлар». «Татар» этнонимі шығыс моңғол тайпаларының бір бөлігіне ғана қолданылды. Моңғолияның барлық тұрғындары Қытайда «татарлар» деп аталынды, Қытай деректемелері арқылы ол араб, парсы, орыс және батыс-еуропалық дереккөздеріне өтті. Шыңғысхан мен оның айналасындағылар өздерін «моңғол» деп атады, ал мемлекетін «моңғолдық» деп көрсетті. «Татар-моңғол», «моңғол-татар» сөздері кейіннен қалыптасқан.
Қытайға басып кіргеннен кейін және оны жаулап алғаннан соң (1211-1215) моңғол армиясы қытай әскери техникасымен – қабырғаны атқылайтын және от ататын қарумен қаруланды.
1218-1219 жылдары моңғолдар көршілес елдердің көптеген халықтарын жаулап алды. Енисей қырғыздары мен буряттардың жерлері тартып алынады, Ұйғырдың Тұрфан бектігі моңғол бодандығын өз еркімен қабылдайды. Цинь империясының әскерін талқандағаннан кейін, моңғолдар Солтүстік Қытайды басып алады.
Шыңғысханның келесі міндеті батыс елдерін – Орта Азия мен Иранды, Таяу Шығыс пен Кавказдың ар жағын, Шығыс Еуропаны жаулап алу болады.
Моңғолдар Жетісуды ешбір қарсылықсыз басып алады. Сегіз жыл ел басқарған найман билеушісінің (Күшлік-хан) Хорезмшах Мұхаммедпен және қарлұқ билеушісімен болған соғыстары Жетісу тұрғындарын қажытқан еді. Күшліктің мұсылмандарды қудалауы да халықтың ашу-ызасын туғызды, сондықтан да дінге қысым көрсетпейміз деген моңғолдар құтқарушы ретінде қарсы алынды. Мұхаммед Хайдар Дулати келтірген мәліметтерге қарағанда, Күшлік-хан исламды уағыздаған бір ғұламамен айтысады. Ол исламның хақ дін екендігін Күшлікке дәлелдеп береді. Бұған ыза болған әрі христиан ілімінің артықшылықтарын қорғай алмаған Күшлік ислам құндылықтарын мойындағысы келмей, ғұламаны қала қақпасына айқыштап керіп өлтіреді де, оның денесін алуға ұзақ уақыт рұқсат бермейді. Мұндай оқиғалар әрине жергілікті халықтың наразылығын туғызған еді.
Бұдан бұрынырақ 1210-1211 жылдары қарлұқ билеушісі Арыслан хан Шыңғысханның қоластына өткен болатын. 1217 жылы ұйғырлардың билеушісі Бұзар да моңғол ханының вассалына айналған еді. 1218 жылы Баласағұн қаласы моңғолдарға соғыссыз беріледі.
Шығыс Түркістан мен Жетісуды басып алу моңғолдарға Оңтүстік Қазақстан арқылы Орта Азияға шапқыншылық жасауға жол ашты.
Бұхараға қарай негізгі күшпен жылжыған Шыңғысхан Отырарды алу үшін Шағатай мен Үгедейге бірнеше түмен әскер қалдырып кетеді, алты айдан кейін Отырар күйрейді. Сырдарияның жоғарғы және төменгі жағына, сондағы қалаларды бағындыруға, егер қарсылық көрсеткен жағдайда қиратуға бұйрық алған моңғолдардың бірнеше отряды жіберілді, нәтижесінде Сығанақ, Асанас, Жент, Янгикент қалалары басып алынды.
Сөйтіп, 1219-1224 жылдары моңғол басқыншылығы салдарынан Қазақсан Шыңғысхан империясының құрамына енеді.
Достарыңызбен бөлісу: |