Қазақстан археологиясы


Жоғарғы (кейінгі) палеолит



бет9/138
Дата09.11.2023
өлшемі2.69 Mb.
#482791
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   138
187b333016c4831e2bc3140e58e992b1

Жоғарғы (кейінгі) палеолит

Дене бітімі қазіргі кездегідей адамның (Ноmо sаріеns) пайда болуы кейінгі палеолит дәуірімен байланысты. Осы уақыттан бастап гоминидтердің эволюциясында шешуші өзгеріс болады және нағыз адамзат тарихына біржолата көшу басталады.


Алғашқы Ноmо sаріеns өкілдерінің пайда болуы әдетте б. з. б. 50-45 мың жыл бұрын болған делінеді. Оған тән белгілер 1868 ж. Франциядағы Кро-Маньон үңгірінде табылған бес қаңқаны зерттеу негізінде анықталды. Кроманьондық адамның сүйектері Еуропаның басқа географиялық ай-мақтарынан да табылды.
Кроманьондық адамның тұрпатында осы заманғы адамдарға тән ерекшеліктер айқын білінеді; маңдайы жазық, иіліңкі қас, сүйегі (көздің үстіндегі шығыңқы сүйектің орнына), бас сүйегі сопақ, иегі шығыңқы, мұрны жіңішкелеу, көз шұңқыры кішкене, т. т. Кроманьондықтарға тән нәрсе — басының сопақтығына қарай маңдайы кең, беті өте жалпақ, жағы тікше және ми қауағы кең (1500-1800 см3), бойы биік (168-194 см), сүйектердегі бұлшық ет бедері айқын көрінеді. Салыстыра зерттеу мынаны көрсетті: Ноmо sаріеns ми қабығындағы адамның нақ қоғамдық өміріне тығыз байланысты бөліктері ерекше дамыған, бұлар оның жануарлық пиғылдары мен түйсіктерін тежеу рөлін атқарды. Адамдар алдарындағы міндеттерді шешкенде орта­ның табиғат жағдайына бейімделу жолымен ғана емес, көбінесе ұжымдық жұмыс процесіндегі өндірістік жетістіктерді жүзеге асыру жолымен де шешті.
Кейінгі палеолит дәуірі — Жер шарының барлық климаттық аймақтарына адамның кеңінен тарай қоныстанған уақыты және нәсілдер мен нәсілдік топтардың қалыптасу уақыты.
Қазақстан аумағынан табылған жоғарғы палеолиттік адамның сүйек қалдықтары толық емес, кейбір сүйектер ғана бар, алайда едәуір үлесін Қазақстан алып жатқан Еуразияның ішкері бөлегін сонау арғы заманда протоеуропеоидтік раса түріндегі адамдар мекендеген деп топшылауға әбден болады.
Ақыл-ойлы адамның шығуы мен кейінгі палеолит дәуіріндегі адамзат қоғамының материалдық және рухани мәдениетінің одан әрі дамуы арасында тікелей байланыс бар, рулық қауымның қалыптасу үрдісімен, адам ұжымының қоғамдық ұйымдасуының өзіне тән алғашқы тұрпаты ретіндегі рудың шығуымен тікелей байланысты. Рулық ұйым барлық жер­лерде ана тектес және шеше жағынан топтасты, ал әйелдер қауымда үстем жағдайда болды деп топшыланады. Сонымен, аналық ру өзара қаңдас туыстығы арқылы біріккен және шешелері жағынан шыққан тегі бір адамдардың экзогамиялық тобы бол­ды. Сондай-ақ әйелдердің қоғамдық өмірдегі жоғары дәрежесі де қауымдық үй шаруашылығының өзгешелігінен, руды өрбітуші ретіндегі әйелдің отбасыдағы рөлінен туындады. Ежелгі адамдардың идеологиялық ұғымдарында ру бастығы және ошақ иесі ретіндегі әйелге табынушылықтың пайда болуы кездейсоқ емес.
Кейінгі палеолит дәуіріндегі адамның дүниетанымы күрделене түсті. Аңшылар магиясына табыну культі кең тарады; мұның негізінде жануарларға билік етуге оның бейнесі арқылы жетуге болады деп сенім жатты. Магияның әмбебап түрі сол кезде пайда болған алғашқы өнердің жарқын туындылары деп топшыланады. Оның басты тақырыбы — әр түрлі жануарлардың суретін салып, бітім-тұрпатын, мүсінін жасап бейнелеу еді. Сүйектен ойып немесе жүмсақ тастан қашап жасалған әйел мүсіндері жердің құнарлылығын, аналық қасиетті бейне­леді.
Адамның жаны туралы, жердегі тіршіліктің жалғасы сияқты о дүниедегі өмірі туралы ұғымдар күрделі әдет-ғұрыптық рәсімдердің пайда болуына әкелді. Өлген адамның денесіне қызыл жоса себілді, оның кеудесіне тесілген қабыршықтардан, жыртқыш аңдардың тістерінен жасалған алқа тағылды, аяғына мамонттың азуынан жасалған білезік кигізілді, киіміне моншақ тігілді. Өліктің қасына шақпақ тастан, мүйізден жасалған заттар қойылды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   138




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет