І мәдени қабат. Тереңдікте жатқан қабат 0,7-2,1 м, сірә мәдени қабаттың басым бөлігі кейінгі уақыттардағы адамзат жұмыстарының әсерінен қираса керек. Тастар мен тас қаландыларынан тұрғызылған қола және ерте темір дәуірлерінің қабірлері көптеп кездеседі. Тас бұйымдар олармен араласып та жатқан-ды. Барлығы 75 дана артефакт табылған. Олардың арасында – призма пішінді пренуклеус, тас жаңақалары, тас тіліктері, өзектас секілді опырынды-тас, шағын тас тілікшелері бар. Тас тілікшелерінің сипаты аса айқын емес. Еңбек құралдарына пышақ, тас жаңқасынан дайындалған шетті (концевой) қырғыш ойықты құрал, бүйірлі (боковой) қырғыш, биік тұрпатты қырғыш пен шетті қырғыштың сынығы жатқызылған. Мәдени қабат шенінен күл қалдықтары шыққан.
ІІ мәдени қабат. Ол 3,5-4,2 м тереңдікте. Мәдени қабат екі бөліктен тұрады. Барлығы 493 дана тас бұйымдары алынған. Одан тас жаңқалары мен тілікшелі жаңқаларды алу үшін жасалған біршама өзектастар шыққан. Параллель принципі бойынша жаңқаланған екі өзектас табылған, олар призма пішініне келіңкірейді, сондай-ақ бастапқы тұрпат (преформы), бастапқы өзектастар (пренуклеусы), тас жаңқалары, тас сынықтары, қабыршақтар жинастырылған, ал топтамада тілікшелер аз кездеседі. Құралдар да аса көп емес. Олардың қатарына кертікті (шип) қырғыш, тісті қырғыш, қырнауыштар, септелген (комбинированные) бұйымдар, ойықты бұйым, сүйір ұш жатады. Бұлардан басқа таспен қаланған бір ошақ орны мен екі оттың орны аршылған. Мәдени қабаттың бұл тереңдігінен күл қалдықтары көптеп ұшырасқан.
ІІІ мәдени қабат. 4,5-6 м тереңдікте. Бұл мәдени қабат шартты түрде бөлінген және де ол кейбір шаршы метрлерді ғана қамтиды. Мәдени қабаттан 68 дана бұйымдардың топтамасы алынған. Өзектастар жоқ. Топтамадағы опырынды тас тобына тас жаңқалары, тілікшелі тас таңқалары, тас тілікшелері жатқызылған. Еңбек құралдары қатарында екі қырғыш, қырнауыш, ойықты құрал, түзетілген (ретушированный) тас тіліктері бар.
Артефактілерді дайындаудағы шикізат көзіне жергілікті аса сапалы емес материалдар пайдаланылған. Олар Майбұлақ өзені жағасындағы қара-қоңыр, қара, сұр және қызыл түсті порфириттер, сондай-ақ өңделуі оңай жасыл түсті шақпақтас жынысы, сірә, соңғылары тұраққа басқа өңірлерден әкелінген сияқты. Олардан басқа бір дана сұр түсті шақпақтастанған (окремненного) құмтас (песчаник) құралы аршып алынған.
Сайып келгенде, Майбұлақ тұрағының тас құралдарын талдау жұрт-орыннан табылған индустрияның бірінші және екінші өңдеуден өткендігін айғақтайды.
Тұрақта құралдарды өңдейтін арнайы орындар болған. Мұны малтатас, ұра-тас, түрлі көлемдегі плиткалар мен тас артефактілердің кейбір шаршыларда in situ бойынша орналасуы да айғақтап отыр. Мәдени қабаттардың қалыңдығы тұрақты адам баласы ұзақ уақыт қоныстанғандығын дәлелдейді. Жоғарыда айтылған фактілердің барлығы аталмыш қоныстың ұзақ уақыт тұрақ-шеберхана болғандығын көрсетеді.
Алынған тас бұйымдарының топтамасы қазбадан және тұрақ төңірегінен жиыстырылғандарымен қосып есептегенде 2 мыңнан асады. Майбұлақ тұрағы одан ары зерттеуді қажет етеді. Ол Оңтүстік-Шығыс Қазақстаннан табылған мәдени қабаттарының стратиграфиясы сақталған алғашқы табылған тұрақ болып табылады.
Кейбір өңірлерде палеолит дәуіріне жататын ескерткіштердің зерттелуі қанағаттанарлықсыз. Мұндай өңірлердің бірі солтүстік аймақтар. Дегенмен бұл өңірлерден табылған кейбір ескерткіштер назар аударуға тұрарлық. Мысал ретінде бұл жерде 1982 жылы ашылған Зеренді ауданындағы Жамантұз ауылынан оңтүстік-батысқа қарай орналасқан Ақтас тұрағын айтуға болады. Аталған тұрақтан жекелеген тас құралдары мен анықтала қоймаған жартас суреттерінен басқа түз тағыларының сүйектері көптеп табылған. Сүйектен жасалған кейбір еңбек құралдары едәуір қызығушылық туғызады. Палеозоолог мамандардың есептеуінше Ақтас тұрағынан табылған сүйектер кем дегенде мамонттық фаунаға енетін 18 түз тағысына тиесілі. Қазба кезіндегі сүйек қалдықтарының орналасуына қарап, зерттеушілер Ақтас тұрағын бес мәдени қабаттан тұрады деп топшылаған.
Қазақстанның кейінгі палеолиттік замандағы ескерткіштері жете зерттелмеген, ал Батыс және Солтүстік Қазақстан сияқты кейбір аймақтарда олар белгісіз дерлік. Бірақ қолда бар мәліметтер адамның және оның мәдениетінің прогресі жалғаса берді деген түйіндеме жасау үшін әбден жеткілікті. Қазақстан аумағында адамзат қоғамы дамуының үздіксіз болғанын неолит заманының табылған көптеген заттары дәлелдеп береді, ал төменде біршама толымды түрде сипатталынатын бұл заманды біз тас ғасырының кемелденген дәуірі деп атай аламыз.
Қорыта айтқанда, қазіргі Қазақстан Республикасының аумағынан палеолит дәуіріне жататын 450-дей ескерткіштер (үңгірлік тұрақтардан жекелеген тас құралдары табылған орындарды қоса есептегенде) табылып отыр. Олар Қазақстанның оңтүстік, батыс және орталық өңірлерінде көбірек шоғырланған. Ежелгі адамдардың бұл аймақтарды «біршама» тығыз қоныстануына табиғи жағдайлар, қоршаған орта мен жергілікті шикізат көздері де өз әсерін тигізсе керек.
Достарыңызбен бөлісу: |