Қазақстан археологиясы



бет92/138
Дата09.11.2023
өлшемі2.69 Mb.
#482791
1   ...   88   89   90   91   92   93   94   95   ...   138
187b333016c4831e2bc3140e58e992b1

Ноғай Ордасы. Алтын Орда ыдырау кезінде пайда болған аса ірі мемлекеттік бірлестіктің бірі Ноғай Ордасы XIV-XV ғасырларда Батыс Қазақстан аумағының бір бөлігіналып жатты. Алғашқы кезде XIV ғасыр соңынан бастап, Жайық пен Еділ арасындағы тайпалар бірлестігі, оның ең бір көп тайпасының атымен «Маңғыт жұрты» деп аталатын.
Басқа да көшпелі мемлекеттер сияқты, Ноғай Ордасының шекарасы да сыртқы саяси жағдайға байланысты өзгеріп отырды. XV ғасыр екінші жартысында ноғайлар Жайықтың сол жағалауы шебінен өтіп, Әбілхайыр хандығының өріс-қонысын басып ала бастайды.
Ноғай Ордасының құрамы белгілі бір кезеңге дейін, сол аймақтың түрік халықтарының бас қосып, ынтымақтасуы аяқталғанға дейін Ақ Орда мен Әбілхайыр хандығының құрамына жақын бол ған еді. Ноғай Ордасының құрамына түрік және түріктенген моңғол тайпалары мен тайпалық бірліктер кірді: маңғыттар, қыпшақтар, қаңлылар, қоңыраттар, наймандар, үйсіндер, қарлұқтар, алшындар, тамалар, т. б. енді. Ноғай Ордасы этникалық-саяси бірлестік ретінде пайда болады. Оған кірген тайпалар XV ғасыр аяғында ноғай халқының негізін қалады.
Қазан және Астрахань хандықтары Ресей құрамына өткеннен кейін, сонымен қатар Ноғай Ордасындағы билік үшін болған өзара талас-тартыстан соң мемлекет бірнеше иеліктерге бөлініп кетті.
Қазақ хандығы. Қазақ хандары ортақ мемлекеттілікке және бірлестікке ұзақ уақыт бойы этносаяси және шаруашылық-мәдени дамуы дайын болған жерлерді біріктірді.
ХІV-ХV ғасырлардағы біртұтас экономикалық өңірдің қалыптасуына экономикасы аралас көшпелі, мал өсіруші және сауда-қолөнер бағыттарында шаруашылық қарекет жүргізілген облыстарға табиғи интеграцияның тигізген әсерінен барлық өңірді бір саяси құрылымға біріктіруге жағдай пісіп жетілді. Көшпелі және отырықшы өңірлердің экономикалық, мәдени, қоғамдық-саяси байланыстарының күшеюі ұзаққа созылған халық ретінде қалыптасу процесін аяқтай бастаған қазақ рулары мен тайпаларының бірігуіне нақты мүмкіндіктер туғызды.
Бұл қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуына тікелей әсер еткен шынайы себептер мен жағдайлар болатын.
Алғашқы қазақ хандарының мемлекетті қалыптастыруға және сақтап қалуға ұмтылысы қазақ ру-тайпаларының шонжарлары тарапынан қолдау тапты. ХV ғасыр орта тұсында-ақ Керей мен Жәнібек жанына олардың біразы жиналып қалған болатын. Жәнібек пен Керей біртіндеп мемлекет аумағын ұлғайта берді. Олардың ата-бабалары Ақ Орда хандары болған еді. Сондықтан да екі сұлтан бұрынғы Ақ Орда аумағында билік құруды аңсады. Әбілхайыр хан 1446 жылдары Сырдария өңіріндегі бірқатар қалаларды (Сығанақ, Созақ, Аркөк, Үзгенд, Ақ-Қорған) басып алғаннан кейін ол біраз уақыт күшейіп тұрды. Кейіннен ру-тайпа аралық қатығыстарда Әбілхайырдан қолдау таппаған Керей мен Жәнібек өздері басқарып отырған рулармен бірге хандықтан іргесін аулақ салып Моғолстан жеріне көшіп кетеді. Осы кезден бастап Әбілхайырдың жүргізген саясатына риза емес халықтың топтары олардың жанына жинала бастайды.
ХV ғасырдың 20-жылдары ойраттар жайылым іздеп әрі сауда орталықтарына жақын келіп Жетісу жеріне шапқыншылықтар жасай бастайды. 1457 жылы Әбілхайыр хан ойраттардан қатты жеңіліске ұшырайды. Оған ауыр шартпен бітім жасасуға тура келді, ойраттар Шу арқылы өз жерлеріне кетті. Ал Әбілхайыр өз ұлысында, соның ішінде Қазақстанның оңтүстігінде де өзінің билігін мойындамағандарды жазалай отырып, қатал шаралармен тәртіп орната бастады.
Тынымсыз дерлік өзара тартыстар мен соғыстар халық бұқарасының жағдайына ауыр тиді. Соғыс қимылдары қатардағы көшпелілерді өнімді еңбектен қол үздірді, оларға бақытсыздық пен қайыршылық, кесел мен өлім-жітім әкелді. Халық бұқарасының наразылығы ортағасырлық көшпелі қоғамға тән қарсыласу түрінде – өз әкімдерінің билігінен кетіп қалуға, басқа жаққа көшіп кетуге әкеп соқтырды. XV ғасырдың 50-жылдардың соңғы шенінен бастап ондаған жылдар бойы осындай бір үдере көшіп кетушілік — қазақ халқының бір бөлігінің Шығыс Дешті Қыпшақтан Түркістан алқаптарына және Қаратау бөктерлерінен Жетісудың батыс өңіріне, Моғолстан жеріне жаппай көшіп баруы еді.
Қазақ хандығы алғашқы уақытта Батыс Жетісу аумағын, Шу мен Талас өзендері аңғарын алып жатты. Ол жергілікті халықпен бірге, Орталық және Оңтүстік Қазақстаннан келген ру-тайпаларды біріктірді. Бұл жөніндегі хабар алғаш рет Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Тарихи-Рашиди» деп аталатын шығармасында келтіріледі, ол Қазақ хандығының құрылуын 1465-1466 жылдарға жатқызады, келесі бір авторлар оны 1470 жылы болған оқиға деп есептейді.
XV ғасыр соңында Қазақ хандығы экономикалық жағынан нығайып, қазақтардың этникалық аймақтарының едәуір бөлігін өзіне қосып алу арқылы жер көлемін кеңейте түсті.
ХVІ ғасырдың бас кезінде Қазақ хандығы Сарыарқа мен Моғолстанның бір бөлігін алып жатты.
Қазақ хандығы өзінің ең жоғары қуаттылығына XVI ғасыр бірінші ширегінде, әсіресе Қасым хан (1512-1521) тұсында жетті. Ол Жәнібектің ұлы болатын (1455 жылдары туылған).
Қасым ханның қол астындағы халық миллион адамға жетті. Оның тұсында Қазақ хандығы батыс елдеріне де танымал болды.
ХVІ ғасырдың 20-жылдарында Қасым ханның қайтыс болуы Жошы ұрпақтары арасындағы өзара қырқыстарды күшейтіп, Қазақ хандығын әлсіретті. Өзбек және моғол билеушілері қазақ хандарына қарсы тұрды. Сырдария өңіріндегі бірқатар қалалардан хандық айырылып қалды. Түркістан уәлаяты шәйбандық Ұбайдолла сұлтанға бағынды. Қазақ ханы Тахыр (1523-1533) Ноғай Ордасымен болған соғыста сәтсіздіктерге ұшырады. Ішкі қарсылықтар Тахырды Жетісуға қарай жылжуға мәжбүр етті, мұнда ол қырғыздармен бірге моғол ханы Сұлтан Саидқа қарсы шықты.
ХVІ ғасыр соңына қарай Сырдария қалалары Сығанақ, Отырар, Түркістан (ХҮІ ғасырдан бастап Ясы қаласы осылай атала бастады) және басқалары Мауреннахрдағы шәйбанидтер мемлекетінің құрамына өтті.
Түркістан аймағында тұрған қазақтар Өзбек ханы Бараққа, оның ұлы Баба сұлтанға бағынды. Өзге басқарушылардың билеп-төстеуіне, әсіресе, далалық кеңістіктердің көшпелі мал шаруашылығымен айналысатын халқы жиі өтіп отырды. ХVІ ғасыр екінші ширегінде қазақ хандары оңтүстік-шығыста моғолдар мен ойрат тайпаларымен, батыс пен солтүстікте ноғайлармен, башқұрттармен теке-тіресіп тұрды.
Ақназар (Хақназар) хан қазақтардың құқығын әкесі Қасым хан тұсындағы дәрежеге жеткізу үшін және де сол кездері үлкен аумақты алып жатқан мемлекеттің күшін қалпына келтіру үшін ұзақ жылдар бойы күресті.
1586 жылы Тәуекел (Шығай ханның ұлы) Түркістандағы бірқатар қалаларды басып алды, Ташкентті алуға әрекеттенді. 1586 жылдан 1594 жылға дейінгі аралықта оған қазақтың өзге сұлтандарымен, Ақназардың ұлдарымен үзаққа созылған күресте хандық құруға деген өз құқын бекітуге тура келді.|
Қазақтың жаңа ханы, Шығай ханның ұлы Есімнің (1598-1628) тұсында Қазақ хандығының құрамына қалаларымен бірге Түркістан аймағы, сондай-ақ уәлаятымен қоса Ташкент, бірсыпыра уақытқа Ферғана кірді.
XVII ғасыр Қазақстандағы ішкі саяси өмір тұрақтылығымен ерекшелене қойған жоқ. Қазақ хандығы барған сайын бөлшектене түсті, феодалдық ала ауыздықтар күшейді. Көшпелі ақсүйектердің әр түрлі топтары өзара бақталастыққа берілді. Бірте-бірте үш жүздің әр қайсысында өз алдына жеке хандар пайда болды. Қазақ хандығының сыртқы жағдайы қиындай түсті.
1635 жылы Жоңғар хандығының құрылуына байланысты ойраттардың Ертіс маңындағы және Жетісудағы қазақ жерлерін басып алу қаупі арта түсті. Цин империясының ығыстыруынан жаңа жайылымдар және Қазақстанның оңтүстігі мен Орта Азияның сауда-қолөнер орталықтарына шығу жолдарын іздеген олар қазақ жерлеріне зорлық жасауын бәсеңдетпеді.
XVII ғасыр соңына қарай жоңғар әскерлері Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанға басып кірді. Бірнеше қазақ ұлыстары талқандалды, тоғыз қала жаулап алынды, олардың арасында Сайрам, Манкент, Қарааспан, Шымкент, Ташкент және басқа қалалар болған еді. Сайрам тұрғындары жауға табанды қарсылық кәрсете білді; Қалдан қалдырған уәли өлтірілді, мұның өзі ойраттар әскерінің Оңтүстік Казақстанға қайтадан басып кіруіне әкеп соқты. Сайрам күшпен алынып, талқандалды; тұрғындарының бір бөлігі Жоңғария мен Шығыс Түркістанға зорлап әкетілді.
Тәуке хан билік еткен кезеңде (1655/80-1718) Қазақ хандығының нығайтылуы, қазақтардың қырғыздармен және қарақалпақтармен одақтасуы жоңғарлардың қазақ жерлеріне шабуылын уақытша бәсеңдетті. Олардың 1680 жылы Оңтүстік Қазақстанға шабуылдаған уақытында тек Түркістан қаласы ғана жоңғарлардың тонаушылығынан аман қалды. Өйткені онда әскерлерімен Тәуке хан болған еді.
Жоңғарлардың салған ойраны Қазақстанның оңтүстігіндегі қалалар тіршілігінің бірте-бірте сөнуінің басты себептерінің бірі болды. Жонғарлардың шапқыншылығы маңызды сауда жолдарын кесіп тастады, бейбіт халықтың шаруашылығына үлкен зиянын тигізді.
Тәуке ханға ыдырай бастаған хандықтағы саяси жағдайды аздап бірыңғайлаудың сәті түсті. Хандық өкімет билігінің беделін көтеріп, ақсүйектердің бөлініп, оңашалануын тоқтату, халықты біріктіру үшін, ол бірсыпыра шараларды іске асырды, Оның тұсында құқықтық тәртіп пен мемлекеттік құрылымның негізгі принциптерін айқындайтын әдеттегі құқықтың «Жеті жарғы» деп аталған нормалар жиынтығы жасалады.
Бірақ біршама тыныштық ұзаққа созылмады. Жоңғарлардың қазақ жерлеріне шапқыншылығы ХVІІІ ғасыр бас кезінде кеңінен етек алды. 1723 жылы «Ақтабан шұбырынды» басталды. Олар қазақтардың бір бөлігін этникалық аумағынан тысқары шалғайға ысырып тастады.
Оңтүстік Сібірде Ертіс бойында, Алтай жерлерінде орнығып алған орыс өкіметі тарапынан Орта жүз тайпалары мен руларының қазақтары да барған сайын экономикалық және саяси күшті қысымшылық көре бастады. Малдары мен жайылымдарынан жаппай айрылу Ұлы және Орта жүздердегі шаруашылық күйзелісінің едәуір асқынып кетуіне әкеп соқты. Билік жүргізетін аумағы мен қол астындағылар санының кемуі хандардың позициясын әлсірете түсті, жауластық пен ұрыс-талас күшейді. Осындай экономикалық және саяси қиын жағдайда Қазақстанның Ресейге қосылу мәселесі алға тартылды.
Қазақтардың саяси, экономикалық және этномәдени тарихының бұдан былайғы кезеңдері Ресей империясының қазақ жерлерін отарлау уақытымен байланысты өрбиді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   88   89   90   91   92   93   94   95   ...   138




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет