«Тарихтан тағылым – өткенге тағзым»
89
Осы тұстан тоқтата тұрғанның өзінде мақала көтерген мәселенің дәл қазіргі уақытта латын
әліпбиіне көшу мәселесін көтеріп отырған біз үшін маңызы өте зор екендігіне сөз жоқ.
Қазақ зерттеушілерінің қай-қайсысы да қазақ тілінің сингармонизм заңы арқылы дамып
қалыптасқанын мойындайды. Бірақ өткен ғасырдың 40-жылдарынан бастап кириллицаға ауысу
кезінде сөздердің айтылуы (орфоэпия) мен жазылуының (орфография)
заңдылықтары қағаз
жүзінде арнайы бекітілгенімен (Басында Қ.Жұбанов ұсынған 12 ұстанымның 11-ін Мәскеу
бекіткен, кейін әр кезеңде өзгертіліп отырған – Ж.С), бертін келе сырттан келген сөздердің,
терминдердің көптеп енуіне байланысты жазу заңдылығына баса назар аударылды. Әсіресе,
орыс тілінен және орыс тілі арқылы шет тілінен енген сөздердің сол тілде қалай жазылса, солай
оқылуы басымдық рөлге ие болды. Бұл өз кезегінде ұрпақтардың дыбыстау аппараттарының да
біртіндеп өзгеруіне алып келді. Осылайша, бір кезде орыс ғалымдарының өзін тәнті еткен қазақ
тілінің үнділігі өз қасиетінен айырылды деуге болады. Ендігі мақсат латын әрпін қабылдау
кезінде осы сингармонизм заңын басшылыққа алу, соны негіз ету міндетін іске асыру болуға
тиіс деп ойлаймыз.
Ал ең соңғы пікірі (күйініш) туралы айтсақ, бұл – біздің
кеңес дәуірінде жұқтырған,
жазылуы қиын ауыруымыздың бірі. Қазіргі кездегі тіл мәселесіне байланысты кедергілердің
бірі де осындайлар тарапынан болуда.
Қазақ терминологиясының тарихында өзіндік орны бар Н. Төреқұлұлының «Жат сөздер
туралы» деп аталатын Мәскеуде 1926 жылы жарық көрген кітабына пікір білдірген мақаласында
Халел кітаптағы араб-парсы және орыс тілдерінен енген сөздердің жазылу заңдылықтары
жөніндегі ойларынан мысал келтіре отырып, автордың бұл пікірлерін қолдайтынын білдіреді.
Мысалы, «Біздің тілегіміз – жат тілдерден кірген сөздердің өзгеру заңын табу... Біз білген тілдерде
жат сөздерге қойылған серт заңдай қазақ та өз тіліне белгі, көше салып қою керек. Қазақ тіліне
кіретін жат сөз болса, қазақтың тұмағын киіп, жалпақ қазақ сөзі болып кірсін» деген сөздеріне
мән бере отырып қолдау білдіреді. Өйткені бұл Ахмет, Халел, Міржақып т.б. ойшылдардың
ортақ пікірі болатын. Халел автордың бұрынғы қазақ тілінде жоқ араб дыбыстары арқылы
енген сөздердің қалай өзгергенін тексере отырып, жат сөздің өзгеру заңдылығын (жазылу заңы)
шығарғанын мақұлдайды. Оған көптеген мысалдар келтіреді және қорытындысында: «Нәзірдің
осы кітабы – қазақ әдебиетіне артықша олжа. Бұл кітап әрбір жазушының, тіл тексерушінің,
газет-журнал шығарушының, оқытушының қолында болуы керек. Нәзірден енді араб-парсының
сөзін тізіп, қазақшаға аударып, бір тілмәш жасап бер деп өтіну керек. Сонда қай сөздің қалай
жазылатынын біліп алар едік», – деген тілек білдіреді [3, 201-205 бб].
Халел Досмұхамедұлы М.Қашқаридың «Диуан лұғат ат-түрк» еңбегі жөнінде де алғаш пікір
білдірушінің бірі болды. Онда осы кітаптың қалай табылғаны, оның қай дәуірде жазылғаны,
кітаптың авторы жөнінде мәліметтер келтіре отырып, кітаптың Йусуф Хас Хажибтің (Баласағұн)
«Құдатқу білік» кітабымен бір шамада жазылғанын айтады. Одан әрі кітаптың мазмұнына шолу
жасай отырып, сол тұстағы тарихи уақиғаларға көз жүгіртеді, салыстыра қарайды. Соңында,
бұл мақала осы еңбекке барар жол екені, алдағы уақытта оны толықтырып төрт тараулы кітап
етіп жазатынын айтады.
Сонымен, Халел Досмұхамедұлы өткен ғасырдың басталар
тұсындағы орысша оқыған,
онысын жеке басының қамы үшін пайдаланған көп қазақтың бірі емес, алған білімін қазақ
халқының жарқын болашағы үшін арнаған, Кеңес дәуірінің алғашқы кезінде қазақ елінің
жеке мемлекет болуы жолында, оның ұлттық қасиет-болмысын, мәдениеті мен салт-дәстүрін
(Елбасымыз айтқандай – ұлттық кодты), тілі мен әдебиетін, жалпы ғылымын өркендетуде бар
ғұмырын арнап, сол жолда басын бәйгеге тіккен көп тілді (полиглот) ұлылардың бірі болды.
Сталиндік зұлматтың құрбаны болып, еңбектері 70 жылдай тас құлыпта қамалған арысымыздың
есімі Тәуелсіздік арқасында ғана ұлықталуда.