Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының гарнизондық ЖӘне қарауылдық Қызметтер жарғысы


Әскери жүктерді, оларды тасымалдау кезінде күзету жөніндегі қарауылдық қызметті ұйымдастыру және өткеру ерекшелігі



бет8/13
Дата09.06.2016
өлшемі0.82 Mb.
#125359
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13

Әскери жүктерді, оларды тасымалдау кезінде күзету жөніндегі қарауылдық қызметті ұйымдастыру және өткеру ерекшелігі

253. Әскери жүктер бар көліктерді күзету мен қорғауды әскери бөлімдерден тағайындалған қарауылдар жүзеге асырады.

Қарауыл тиеу (жөнелту) пунктінен қарауыл бастығына көрсетілген түсіру пунктіне дейін ауыспай қызмет өткереді.

ҚР Президентінің 2013.15.04. № 541 Жарлығымен 254-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

254. Тасымалдау кезінде қарауыл күзетуге тиіс әскери жүктердің тізбесі, сондай-ақ қарауыл құрамы Қарулы Күштер Бас штабы бастығының және басқа да әскерлер мен әскери құралымдар тиісті басшыларының бұйрықтарымен айқындалады.

255. Қарауыл жабдықталған жабық немесе арнайы ілесіп жүру вагондарында (кемелік үй-жайдағы, әуе кемесінің салонында) орналасады. Темір жол қызметкерлеріне вагонда орнату үшін алынбалы-салынбалы әскери жабдықтар беріледі. Жеке құрамды жылыту және тамақ дайындау үшін пеш өрт қауіпсіздігінің талаптарын орындаумен орнатылады.

Қарауылдың қаруы мен оқ-дәрілері сенімді бекітпелермен және мөр қою үшін керек-жарақтармен жабдықталған металл жәшіктерде сақталады. Жәшік құлыпқа жабылады, қарауыл бастығы мөр қояды. Жәшікке қызыл бояумен көлденең «Әскери» деген жазу жазылады.

Поезд жүріп келе жатқан уақытта сақшыларды орналастыру, тоқтаулар уақытында әскери жүктерді күзетуді күшейту және сақшыларды ауыстыру осы Жарғының 248-250-тармақтарында көрсетілгендей жүргізіледі.

Әуе көлігімен тасымалданатын әскери жүктерді күзету кезінде сақшылар: ұшу уақытында - салондарда; әуежайда (әуеайлақта) - әуе кемесі жанына орналасады.

256. Әскери бөлімнің командирі қарауыл бастығына:

іссапарлық куәлікті;

қарауыл жеке құрамының тізімімен және куәліктің сыртқы бетінде қару түрін, нөмірін және берілген оқ-дәрілер санын көрсетумен оны қарауыл бастығы етіп тағайындау туралы, беткі жағында әскери бөлімнің командирі қол қойған және елтаңбалы мөрмен расталған, сыртқы жағында әскери бөлімнің штаб бастығы қол қойған және елтаңбалы мөрмен расталған белгіленген үлгідегі куәлікті;

қаруды және оған оқ-дәрілерді, оларды сақтау үшін металл жәшікті, сондай-ақ мөр басу үшін металл мөрді;

елтаңбалы мөрмен расталған, нұсқау берілгені туралы жазбасы бар постылық ведомосты;

барып-қайтқан жолына азық-түлікті және азық-түлікке аттестаттарды (әрбір қарауылға бөлек);

іссапарлық шығыстарға ақшалай қаражатты;

радиоқабылдағышты;

тамақ дайындау және ішу үшін, сондай-ақ ауыз суды сақтау үшін ыдыстарды;

постылық киім жиынтықтарын, іш киімнің қосымша жиынтықтарын (бір жиынтық 7 тәулікке есебінен), қарауылдың барлық жеке құрамына төсек-орын керек-жарақтарын (бір тәуліктен көп жол жүру кезінде);

медициналық аптечканы;

қызыл түсті қолшамдарды және белгі беретін қызыл жалаушыларды;

әскери тасымалдау құжаттарын (әрбір қарауылға жеке) немесе әскери бөлімге қайтып оралу үшін ақшалай қаражатты, Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың басшылары бекіткен әскери жүктерді күзету және ілесіп жүру жөніндегі нұсқаулықтарға (ережелерге) сәйкес басқа да құжаттар мен мүлікті беруді қамтамасыз етуге міндетті.

257. Арнайы білімді талап ететін жүктерді тасымалдау кезінде әскери атағы мен тегі постылық ведомосқа кіргізілетін офицерлер (мамандар) қатарынан ілесіп жүруші тағайындалады.

Ол жөнелту станциясынан белгіленген станцияға дейін қарауылмен бірге бір вагонда болады.

258. Қарауылды жөнелту алдында әскери бөлім бойынша кезекші қарауылдың құрамын және қамтамасыз етілуін, олардың өз міндеттерін білуін, қару-жарақ пен оқ-дәрілердің жай-күйін, әрбір қарауылдың сыртқы пішінін тексереді.

Қарауылдың әзірлігі туралы әскери бөлім бойынша кезекші әскери бөлімнің командиріне (штаб бастығына) баяндайды.

Әскери бөлімнің командирі (штаб бастығы): қарауылды қарап шығады, оның қамтамасыз етілгенін тексереді және қарауылға нұсқаулар береді, оның ішінде жол жүргенде қару мен оқ-дәрілерді сақтау ережелері, қауіпсіздік шараларының, атап айтқанда, электрленген темір жол учаскелерінде, өртке қарсы қорғану талаптарын орындау туралы; жауынгерлік міндеттерді орындауға бұйрық береді; қажет болған жағдайларда көлік құралын бөле отырып, қарауылдың жүкті қабылдау орнына уақтылы келуін қамтамасыз етеді.

259. Әскери жүктерді жөнелтуші:

жол бойы жүкті күзетіп келген қарауылды қарсы алуға, орналастыруға, жеке құрамды ыстық тамақпен және медициналық көмекпен, сондай-ақ оның қаруы мен оқ-дәрілерінің сақталуын қамтамасыз етуге;

жылжымалы құрамдағы постыны арнайы қоршаумен жабдықтауға;

қажет болған кезде қарауылдың жеке құрамын орналастыру үшін тағайындалған вагонда қалқалар орнатуға;

қарауылға арнайы қарауыл вагоны берілген кезде оны сапасы дұрыс ауыз сумен толтыруға, отынмен және жарық түсіру құралдарымен қамтамасыз етуге;

темір жол (теңіз, өзен) учаскесінің және станциясының (портының), әуежайдың әскери комендантын көліктің жөнелтілуге әзірлігі туралы хабардар етуге міндетті.

260. Қарауылды шаруашылық жұмысқа, жылжымалы құрамға техниканы тиеуге және оны бекітуге тартуға тыйым салынады.

261. Қарауыл бастығы көліктің жүру жолы бойынша темір жол (теңіз, өзен) учаскесінің және станциясының (портының), әуежайдың әскери комендантына және жүкке ілесіп жүретін офицерге бағынады. Кеме көлігіндегі қарауыл бастығы кеме капитанына (кеме күн тәртібі мәселелері және авариялар болған кезде) бағынады.

Жалпы және осы Жарғының 249-тармағында көрсетілген міндеттерді орындаудан басқа қарауыл бастығы:

әскери жүкті жөнелтушіге қарауылмен бірге тиеуге дейін 3 сағаттан кешікпей келуге және оған өзінің қарауыл бастығы болып тағайындалғаны туралы куәлікті көрсетуге;

әскери жүкті жөнелтушіден вагондар (кемелік үй-жайлары, әуе кемесінің салондары) және платформалардағы және шағын вагондардағы (кеме палубасындағы) жекелеген орындар тізімдемесінің, оларда жүкті көлік жағдайына келтіру туралы белгі қоюмен, екі данасын, постыларға табельді, нұсқаулықты және жүктің ерекшеліктері, оны тасымалдау және тапсыру шарттары туралы нұсқауларды алады;

қарауылдың жеке құрамына алда тұрған жүкті күзету тәртібі мен ерекшеліктері туралы, сондай-ақ жол жүруде қауіпсіздік шараларының талаптарын орындау туралы нұсқаулар беруге; әскери көліктің нөмірін және белгіленген пунктті хабарлауға;

постылар табеліне сәйкес сақшылар қоюға және олардың ауысу тәртібін белгілеуге;

жүктерді тасымалдаудың белгіленген ережелерінің сақталуын қадағалауға;

темір жол (теңіз, өзен) учаскесінің және станциясының (портының), әуежайдың әскери комендантына станцияға (портқа), әуежайға қарауылдың келгені туралы, қабылдау және күзетуге қабылданған жүктің жай-күйі туралы, болған оқиғалар, тасымалдау ережелерін бұзулар, жолдағы ұстаулар туралы, азық-түлік, отын, жарық түсіру, жеке құрамды санитарлық өңдеу құралдарын, тағайындалған пунктке көліктің келгені және алушыға жүкті тапсырғаны туралы баяндауға;

құрамды қайта құрған кезде барлық күзетілетін вагондардың оған енгізілуін қадағалауға;

темір жол қызметкерлерінен тізімдеме бойынша және қол қойғызып алмалы-салмалы әскери жабдықты қабылдауға, тасымалдау аяқталғаннан кейін - тапсыруға;

қарауылға арналған вагонда (кемелік үй-жайда, әуе кемесінің бортында) тәртіп пен тазалықты сақтауға және өрт қауіпсіздігінің талаптарын орындауға;

жүк алушыда жүкті алуға құқық беретін құжаттардың болуын тексеруге және тізімдеме бойынша, вагондарды (кемелік үй-жайларды, әуе кемесінің салондарын) жіберушінің пломбасымен және платформаларда және шағын вагондарда (кеме палубаларында, әуе кемесінің салонында) тасымалданатын жүк орнының саны бойынша, ал техниканы - есебі бойынша оған тапсыруға; жүкті алушының қолын қойғызып, елтаңбалы мөрмен расталған тізімдеменің бір данасын өзіне қалдыруға;

жолаушылар поездарында (кемелерінде) жүрген кезде, сондай-ақ вокзалдарда (порттарда, әуежайларда) болған кезде қару мен оқ-дәрілердің сенімді күзетілуін қамтамасыз етуге міндетті.

262. Өрт шыққан, қозғалыс (ұшу) қауіпсіздігіне немесе жүктің сақталуына қатер төндіретін бір нәрселер анықталған жағдайларда қарауыл бастығы өртті сөндіруге немесе бұзушылықтарды жоюға барлық қажетті шараларды қабылдауға міндетті. Оны қарауыл күшімен және поезд бригадасымен (кеме командасымен, әуе кемесінің экипажымен) жасауға мүмкін болмаған жағдайда қарауыл бастығы әскери комендант арқылы, ал ол болмағанда - станция (порт, әуежай) бастығы арқылы қажетті көмекті шақыртады.

263. Вагон, ол әрі қарай жол жүре алмайтындай бұзылған жағдайда жөндеу аяқталғанға немесе жүкті ақаусыз вагонға қайта тиегенге дейін қарауылдың күзетінде болатын барлық көлік уақытша тоқтатылады. Жол жүруде әскери көліктің вагондарын ағытуға рұқсат етілмейді. Жүкті басқа вагонға қайта тиеген жағдайда қарауыл бастығы темір жол әкімшілігінен екі данада акті жасауға және оны темір жол учаскесінің және станциясы әскери комендантының немесе станция бастығының растауын талап етуге міндетті. Белгіленген пунктке келгеннен кейін қарауыл бастығы жүкті алушыға қайта тиелген вагонға актінің екінші данасына қолын қойғызып тапсырады.

264. Қарауыл бастығына темір жол (теңіз, өзен) учаскесінің және станциясының (портының), әуежайдың әскери комендантынан басқа біреулерге күзетілетін вагондарға (кемелік үй-жайларға, әуе кемесінің салондарына) тізімдемені беруге тыйым салынады.

265. Сақшылар осы Жарғының 250-251-тармақтарына сәйкес орналастырылады және әскери жүктерді күзету жөніндегі өз міндеттерін орындайды.

266. Қарауылдың жеке құрамы осы Жарғының 252-тармағында мазмұндалған нұсқауларға сәйкес демалады.

267. Әскери бөлімнің командирі (жүкті алушы):

қарауылды келген уақытынан бастап 8 сағаттан кешіктірмей босатуға, жүкті қабылдағаны туралы қарауыл бастығының тізімдемесіне қол қоюға және елтаңбалы мөрмен растауға;

қару мен оқ-дәрілердің сақталуын, қарауыл жеке құрамының орналасуын және демалуын, қажет болған кезде оның санитарлық өңделуін қамтамасыз етуге;

егер қажет болса қарауылды азық-түлікпен толық қамтамасыз етуге;

қарауылды темір жол станциясына (портқа, әуежайға) жеткізуге және оны өз әскери бөліміне жіберуге міндетті.

ҚР Президентінің 2013.15.04. № 541 Жарлығымен 268-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)

268. Қарауылды ауыстыру Қарулы Күштер Бас штабы бастығының және басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың осыған құқығы бар тиісті басшыларының бұйрығы бойынша жүргізіледі.

Жаңа қарауыл келгенге дейін көлікті уақытша күзетуді ұйымдастыру көлік тоқтатылған аумақтағы гарнизон бастығына (әскери бөлімнің командиріне) жүктеледі.

269. Қарауыл бастығы өз әскери бөліміне қайтып оралғаннан кейін жауынгерлік міндеттердің орындалғаны және қарауыл жеке құрамының қызметті өткергені туралы әскери бөлімнің штаб бастығына (командиріне) баяндауға; кетерде алған қаруын, оқ-дәрілер мен мүлікті тапсыруға және ақшалай қаражаттың жұмсалуына, әскери тасымалдау құжаттарына және азық-түлікке есеп беруге; жүкке ілесіп жүру жөніндегі құжаттарды тапсыруға міндетті.

270. Автомобиль көлігімен тасымалданатын жүктерді күзету осы Жарғының 253-258-тармақтарына сәйкес жүзеге асырылады. Тасымалдау шарттарына және жүктің маңыздылығына байланысты бір пост 10 автомобильге дейін қамтуы мүмкін.

Қарауыл өз міндеттерін орындау үшін байланыс құралдарымен қамтамасыз етіледі.

Қарауыл бастығы лек бастығына және көлікке ілесіп жүретін офицерге, ал егер ілесіп жүруші тағайындалмаса - жүктерді тасымалдау үшін тағайындалған автомобиль бөлімшесінің командиріне бағынады.

271. Қозғалыс уақытында сақшылар пост құрамына кіретін автомобильдер қораптарына (кабиналарына): бірі - бас жағындағы, басқасы - ортасындағы, ал үшіншісі - соңғы автомобильге орналастырылады.

Лектердің тоқтаулары уақытында сақшылар лектің екі жағында бола тұрып, көліктің күзетін атқарады.

Қозғалыс уақытында қысқа тоқтауларда сақшылар қызметті бір уақытта, ал ұзақ тоқтауларда - ауысым бойынша атқарады.

Сақшы:


тасымалданатын жүктің сақталуын қадағалауға және қозғалыс жан-жақтары бойынша қадағалау жүргізуге;

қарауыл бастығының рұқсатынсыз бөгде адамдардың автомобильдерге өтуіне жол бермеуге;

қажет болған жағдайда автомобиль жүргізушілеріне және қарауыл бастығына белгіленген белгілерді беруге;

лектің тоқтаулары уақытында күзетілетін жүктерді үнемі қадағалауға, оларға бөгде адамдарды жібермеуге, постылар табелінде көрсетілген арақашықтықта шылым шегуге және от жағуға рұқсат етпеуге;

қарауыл бастығының рұқсатымен әскери қызметшілерді автомобильдерді жөндеуге жіберуге міндетті.

Қарауыл адамдарының құқықтары мен міндеттері.

Қарауыл бастығы

Жалпы міндеттер

272. Қарауыл бастығы қарауылға тапсырылған объектілерді күзетуге және қорғауға, қарауыл жеке құрамының жауынгерлік әзірлігіне, олардың қызметті дұрыс өткеруіне, постылардағы және қарауылдық үй-жайлардағы техникалық күзет құралдарының, қоршаулардың, байланыс және өрт сөндіру құралдарының, көлік құралдарының сақталуына және оны дұрыс пайдалануға, сондай-ақ тізімдемеге сәйкес қарауылдық үй-жайда болатын қаруға, оқ-дәрілер мен басқа да мүлікке жауап береді.

273. Қарауыл бастығының өзінің немесе қарауыл құрамымен күзетілетін объектілерге, сақшыларға, қарауыл ауысымына (бақылау-күзету тобына) қарауылдық үй-жайға шабуыл жасалған жағдайларда, тұтқындалғандар арасындағы тәртіпсіздікті тоқтату немесе қашып бара жатқан тұтқындалғандар бойынша, сондай-ақ дабыл белгісін беру немесе көмек шақыру үшін қару (арнайы құралдар) пайдалануға құқығы бар.

Қаруды қолданар алдында дауыстап немесе оны қолдану ниеті туралы жоғары оқ атып ескертуі тиіс.

Ескертусіз қару кенеттен немесе қарулы шабуыл, жауынгерлік техниканы, көлік құралдарын, ұшу аппараттарын, теңіз және өзен кемелерін пайдаланумен шабуыл кезінде, сондай-ақ тұтқындалғандар қарумен қашқан кезде және олардың қозғалысы кезінде көлік құралдарынан қолданылуы мүмкін.

274. Қарауыл бастығы:

қарауылдың міндеттерін, қарауыл бастығының нұсқаулығын және қарауылдың барлық адамдарының міндеттерін білуге;

қарауылдың жеке құрамынан олардың өз міндеттерін анық білуін және нақты орындауын, жоғары қырағылық пен тәртіпті талап етуге;

тізімдеме бойынша ауысатын қарауыл бастығынан құжаттарды, оқ-дәрілері бар жәшіктерді, олардағы мөрлер мен оларға кілттерді, сондай-ақ техникалық күзет құралдарын, байланыс және өрт сөндіру құралдарын қабылдауға;

нұсқаулықта көрсетілген күзетілетін анағұрлым маңызды объектілердің жай-күйін, олардың жарық түсіруінің, қоршаулары мен окоптардың дұрыстығын, сондай-ақ қарауылдық үй-жайдың және гауптвахтаның жай-күйін ауысатын қарауыл бастығымен бірге, ал таратушылар немесе өз көмекшілері арқылы қалған күзетілетін объектілердің жай-күйін өзі сыртынан қарап тексеруге; қарауылды қабылдау кезінде жойылуы мүмкін емес, бірақ объектіні сапалы күзетуді қамтамасыз етуге ықпал етпейтін постыларда және күзетілетін объектілер қоршауларында анықталған барлық ақауларды постылық ведомосқа жазуға;

объектіні (постыны) сенімді күзетуді қамтамасыз етуге ықпал ететін кемшіліктер анықталған жағдайда объектіні (постыны) күзетуді шұғыл күшейтуге, ол туралы қарауылдар (әскери бөлім) бойынша кезекшіге баяндауға, одан әрі оның нұсқауы бойынша әрекет етуге;

постыларға ауысымдарды белгіленген уақытта жіберуге, бұл ретте таратушылардың және қарауылдардың өз міндеттерін білуін тексеруге және оларға әрбір постыда қызмет өткеру ерекшеліктерін ескертуге;

резервтік (бақылау-күзету) топтың ұдайы жауынгерлік әзірлігін, қарауыл көлік құралының, байланыс құралының ақаусыздығын, қарауыл жеке құрамының қару мен оқ-дәрілерді ақаусыз ұстауын, қаруды оқтау, оғын алу ережелерінің сақталуын, бұл ретте қауіпсіздік талаптарының орындалуын, сондай-ақ постыларға жіберілетін қарауылдың барлық адамдарының қарауылдық үй-жайда тұтандыратын, шылым шегу керек-жарақтары мен бөгде заттарын қалдырып кетуін қадағалауға;

осы Жарғының 174-185-тармақтарының талаптарына сәйкес қарауылда ішкі тәртіпті ұстауға;

постылардан әрбір ауысым қайтып оралғаннан кейін қарауылдың жеке құрамына резервтік топтарға жауынгерлік есеп жүргізуге, күзетілетін объектіге немесе қарауылдық үй-жайға шабуыл жасалған жағдайға және нұсқаулықта мазмұндалған көрсеткіштерге сәйкес өрт сөндіру жағдайына оларға тапсырмалар қоюға және олардың іс жүзіндегі іс-қимылын тексеруге;

кемінде тәулігіне екі рет (оның ішінде біреуі түнде) сақшылардың қызмет өткеруін, күзетілетін объектілердің және қоршаулардың жай-күйін, байланыс және өрт сөндіру құралдарының ақаусыздығын өзі тексеруге, осы мақсаттар үшін постылық ведомоста ол туралы жазба жасай отырып, өз көмекшісін және таратушыны кезең-кезеңімен жіберуге;

сақшы шақырған немесе одан белгіленген уақытта қызмет өткеру туралы баяндау түспеген жағдайда таратушыны (өз көмекшісін) жіберуге немесе постыға өзі келуге;

қарауылдық үй-жайға, бұл ретте осы Жарғының 282, 283-тармақтарын басшылыққа ала отырып, бұған құқығы бар адамдардан басқа ешкімді кіргізбеуге;

ұсталған күдікті адамдардың және өткізу режимін бұзумен объектіге өтіп кетуге әрекет жасаған адамдардың жеке басын анықтауға, қысқаша сұрақтар қоюға, ал қажет болған кезде толық тексеруге, олар туралы қарауылдар (әскери бөлім) бойынша кезекшіге баяндауға;

офицерлердің әскери бөлім бойынша кезекші бөлмесіндегі жеке қарулары тұратын шкафтарды күзету дабылының рұқсат етілмеген өздігінен қосылу себебін анықтауға, ал қажет болған кезде ол жерге өз көмекшісін (таратушыны) жіберуге;

қарауылдар (әскери бөлім) бойынша кезекшінің немесе оның көмекшісінің рұқсатымен бөлімнің медициналық пунктіне немесе жақын жердегі емдеу мекемесіне қарауыл құрамындағы сырқаттанғандарды жіберуге және қарауылдар (әскери бөлім) бойынша кезекшіден оны ауыстыруды талап етуге; қысқы уақытта жеке құрамның үсікке ұрынуының алдын алу жөнінде шаралар қабылдауға;

сақшының қару қолданған әрбір жағдайын сол жерде анықтауға және жедел қарауылдар (әскери бөлім) бойынша кезекшіге баяндауға міндетті.

275. Егер сақшыны ауыстырған кезде постыда қандай да бір ақау анықталатын болса, қарауыл бастығы шақыру бойынша постыға келеді және ақаудың сипаты мен себебін анықтап, қарауылдар (әскери бөлім) бойынша кезекшіге баяндайды, одан әрі оның нұсқауы бойынша әрекет етеді.

276. Қарауыл құрамынан біреуі өз міндеттерін орындамаған немесе өзге де теріс қылық жасаған кезде қарауыл бастығы қажетті шараларды (постыдан алу, қаруды, оқ-дәрілерді алу және тағы басқа) қабылдайды және шұғыл қарауылдар (әскери бөлім) бойынша кезекшіге ол туралы баяндайды.

Егер жасалған теріс қылықтың сипаты бойынша әскери қызметші одан әрі қызмет өткеруге жіберілмейтін болса, онда ол қарауылдар (әскери бөлім) бойынша кезекшінің бұйрығы бойынша оны басқа әскери қызметшімен ауыстыру үшін қарусыз және оқ-дәрілерсіз әскери бөлімге (бөлімшеге) қайтарылады. Оған әскери бөлімнен (бөлімшеден) осы мақсат үшін шақыртылған адам ілесіп жүреді. Теріс қылықты анықтау бөлімшеде жүргізіледі.

277. Егер қарауыл бастығы кенеттен сырқаттанса, онда ол туралы қарауылдар (әскери бөлім) бойынша кезекшіге баяндайды және оның нұсқауы бойынша әрекет етеді.

Таратушының біреуі кенеттен сырқаттанған кезде қарауыл бастығы оның міндеттерін өз көмекшісіне жүктейді немесе оларды өзі орындайды және ол туралы қарауылдар (әскери бөлім) бойынша кезекшіге баяндайды.

278. Қарауыл бастығы мынадай жағдайларда қарауылды:

күзетілген объектілерге, сақшыларға, қарауылдар ауысымына (бақылау-күзету тобына) немесе қарауылдық үй-жайға шабуыл жасалған;

техникалық күзет құралдары рұқсат етілмеген өздігінен іске қосылған;

тұтқындалғандар арасында тәртіпсіздік туындаған немесе олардың қашуының алдын алу үшін;

күзетілетін объектілерде немесе қарауылдық үй-жайда өрт шыққан немесе табиғи және техногендік сипаттағы басқа да жағдайлар туындаған;

жауынгерлік әзірліктің жоғары деңгейіне келтіруге белгі алған;

қарауылды тексеретін адамдардың бұйрығы бойынша (осы Жарғының 186-187-тармақтары);

жалпыбригадалық (жалпыполктік) кешкі тексеру өткізген кезде «қаруға» шақыруға міндетті.

Қарауылды «қаруға» шақыру үшін қарауыл бастығы «Қарауыл, ҚАРУ-ҒА» командасын береді. Осы команда бойынша қарауыл құрамы осы Жарғының 180-тармағында көрсетілгендей әрекет етеді.

279. Күзетілетін объектілерге, сақшыларға немесе қарауылдық үй-жайға шабуыл жасалған кезде қарауыл бастығы нұсқаулыққа сәйкес әрекет етеді және жағдайға байланысты шабуылға тойтарыс беруге шаралар қабылдайды; шабуыл жасалғаны туралы қарауылдар (әскери бөлім) бойынша кезекшіге шұғыл баяндайды.

Қажет болған жағдайда қарауыл бастығы жауынгерлік патрондар, гранаталар мен тұтандырғыштар қоры бар жәшікті ашады. Кейіннен оқ-дәрілерді жәшіктен алғаны туралы акті жасайды.

280. Егер күзетілетін объекті немесе қарауылдық үй-жай маңында (пост табелінде көрсетілген арақашықтықтан жақын) қоғамдық тәртіп бұзылса немесе қарауылдың қойылған міндеттерді сенімді орындауының төмендеуіне қатер төнсе, қарауыл бастығы қарауылдың күшімен тәртіпті қалпына келтіруге шаралар қабылдайды және ол туралы қарауылдар (әскери бөлім) бойынша кезекшіге шұғыл баяндайды.

281. Күзетілетін объектілерде немесе қарауылдық үй-жайда шыққан өртті сөндіруді қарауыл бастығы жауынгерлік есепке сәйкес қарауылдың резервтік топ күшімен ұйымдастырады; мүлікті сақтап қалуға шаралар қабылдайды; болған оқиға туралы қарауылдық (әскери бөлім) бойынша кезекшіге шұғыл баяндайды және одан әрі оның нұсқауы бойынша әрекет етеді.

Күзетілетін объектінің техникалық аумағында немесе ішкі және сыртқы қоршауы бар объектіде, сондай-ақ оның жанында өрт шыққан кезде қарауыл бастығы ол туралы қарауылдар (әскери бөлім) бойынша кезекшіге шұғыл баяндайды және оның нұсқауы бойынша әрекет етеді.

Жанар-жағар май материалдарын немесе жарылғыш заттарды (оқ-дәрілерді) сақтау объектісінде өрт шыққан жағдайда қарауыл бастығы қарауылдар (әскери бөлім) бойынша кезекшіге баяндайды, объектіні ашады және жауынгерлік есепке сәйкес өрт сөндіруге шаралар қабылдайды.

Егер күзетілетін объектіге төтенше жағдайлар қатері төнсе, қарауыл бастығы ол туралы қарауылдар (әскери бөлім) бойынша кезекшіге баяндайды және күзетілетін мүлікті сақтап қалуға шаралар қабылдайды.

Өміріне төтенше жағдайлар катері төнген сақшыларға қарауыл бастығы күзетілетін объектіні қадағалауды жалғастыра алатын қауіпсіз орынға ауысуға бұйрық береді, ал қатер өткен соң оларды бұрынғы орындарына қояды.

282. Қарауыл бастығы қарауылдық үй-жайға тек қарауыл бағынатын адамдарды (осы Жарғының 109-тармағы) және олар ілесіп жүретін адамдарды, сондай-ақ қарауыл тағайындалған бөлімше командирін, оның орынбасарлары мен бөлімше командирін, егер ол олардың түрін білетін болса, барлық тікелей бастықтарын кідіріссіз кіргізеді. Осы адамдардың қарауылдық үй-жайға келгені туралы қарауыл бастығы қарауылдар (әскери бөлім) бойынша кезекшіге баяндайды. Одан басқа, қарауыл бастығы қарауылдық үй-жайда күзетілетін объектілерді ашу (жабу) үшін келген адамдарды, олардың жеке басын және келу мақсатын анықтағаннан, күзетілетін объектіні ашуға (жабуға) құқық беретін тізіммен рұқсаттаманы және тиісті мөрдің (пломбаланған бедерлерінің) бар болуын салыстырғаннан кейін кіргізеді.

Осы Жарғының 187-тармағында аты аталған бастықтардың тапсырмасы бойынша қарауылды тексеру үшін келген адамдар қарауылдық үй-жайға, егер қарауыл оған бағынатын болса, тек қарауылдар (әскери бөлім) бойынша кезекшінің немесе оның көмекшісінің (әскери бөлім бойынша кезекші көмекшісінің) ілесіп жүруімен жіберіледі.

Ішкі қарауылды тексеру үшін келген өз әскери бөлімінің офицерлері қарауылдық үй-жайға жеке басының куәлігі және онда тиісті уақыты көрсетілген қарауылды тексеруге құқық беретін біржолғы куәлік бойынша жіберіледі.

Дұрыс ресімделмеген құжаттармен келген адамдарды қарауыл бастығы ұстайды, олар туралы қарауылдар (әскери бөлім) бойынша кезекшіге шұғыл баяндайды және оның нұсқауымен әрекет етеді.

Қарауылды тексеруге келген адамдардан басқа, қарауылдық үй-жайға әрбір жіберу туралы қарауыл бастығы постылық ведомосқа жазба жасайды.

Қарауылдарды ауыстыру уақытында қарауылдық үй-жайға және күзетілетін объектілерге, қарауылды тексеру үшін келген адамдардан басқа, жіберілім жүргізілмейді.

283. Қарауыл бағынатын адамдар немесе олардың тікелей бастықтары, ал гарнизондық қарауылға, сондай-ақ өз әскери бөлімінің командирі қарауылға келгеннен кейін қарауыл бастығы оларға баяндайды, мысалы: «Генерал-майор мырза, қызмет өткеру уақытында оқиғалар болған жоқ. Қарауыл бастығы аға лейтенант Шоқпаров». Қарауыл бастығы баяндаған кезде қарауылдық үй-жайдағы қарауылдың сергек ауысымы өз бетімен саптық қалыпты қабылдайды.

Қарауылдық үй-жайға қарауыл бастығының әскери атағымен тең немесе атағы бойынша одан үлкен басқа адамдар келген жағдайда қарауыл бастығы келгенге жақындайды және өзін таныстырады, мысалы: «Майор мырза, қарауыл бастығы капитан Жәукенов», одан кейін осы Жарғының 282-тармағында көрсетілгендей әрекет етеді.

284. Қарауыл бағынатын бастықтың атынан басқа адамдар арқылы берілетін бұйрықтар алған кезде қарауыл бастығы осы адамдардан парольді сұрауға міндетті. Алынған бұйрықтың дұрыстығына күмәнданған жағдайда қарауыл бастығы, ол ыңғайлы деп тапқан кез келген тәсілмен растауға құқығы бар.

285. Жауынгерлік әзірліктің жоғары деңгейіне шақыру белгісі жарияланған кезде қарауыл бастығы қарауылды «қаруға» шақырады, таратушы мен қарауылдарға тапсырма қояды (нақтылайды), постылар мен қарауылдық үй-жайлардың күзетін күшейтеді; сақтау орындары (қоймалары) бастықтарының күзетілетін объектілерді жылдам ашуын қамтамасыз етеді; өткізілген іс-шаралар, қарауылдың ауысуға әзірлігі туралы қарауылдар (әскери бөлім) бойынша кезекшіге баяндайды және оның нұсқауы бойынша әрекет етеді.

286. Қарауыл бастығына:

сақшыларды ауыстыру, олардың қызмет өткеруін тексеру үшін немесе олардың шақыруы бойынша, сондай-ақ күзетілетін объекті маңында оқиға немесе төтенше жағдайлар болған жағдайда сияқтылардан басқа, қарауылдық үй-жайдан кетуге; қарауылдық үй-жайдан кеткен кезде ол өзінің орнына көмекшісін, ал ол болмаған жерде - таратушыны немесе қарауылдардың біреуін қалдырады;

телефон арқылы өзі қызметке байланысы жоқ сөйлесулер жүргізуге немесе қарауылдың басқа адамдарына оған рұқсат етуге;

қарауылдар (әскери бөлім) бойынша кезекшінің рұқсатынсыз қарауыл құрамынан біреулерді жіберуге;

қарауылдар (әскери бөлім) бойынша кезекшінің рұқсатынсыз постылық ведомоста көзделген сақшыларды ауыстыру тәртібін өзгертуге;

қарауылдар (әскери бөлім) бойынша кезекшінің рұқсатынсыз оларды жөндеу және ақауларын жою үшін белгі беру құралдарын өшіруге;

қарауыл үшін бөлінген көлік құралдарын мақсатсыз пайдалануға тыйым салынады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет