Қарауылдардағы ішкі тәртіп
174. Қарауыл бастығының рұқсатынсыз қарауыл құрамының ешқайсысы да қарауылдық үй-жайдан кетуге құқығы жоқ.
175. Қарауылдық үй-жайда тыныштық пен тәртіп сақталуы тиіс. Постылармен және қарауылдар (әскери бөлім) бойынша кезекшімен байланысты қоспағанда, байланыс құралдарын пайдалануға, ән айтуға және музыкалық аспаптарда ойнауға тыйым салынады. Әдебиеттер мен кезеңдік басылымдарды оқуға, шахмат пен дойбы ойнауға, қарауылдың міндеттерін орындауға және демалушының ұйқысына бөгет жасамай, радио және телебағдарламаларды ақырын тыңдауға және көруге рұқсат етіледі. Шылым шегуге және аяқ киімін тазалауға тек ол үшін бөлінген орындарда рұқсат етіледі.
176. Автоматтар, карабиндер мен оқшашарлар оқталмай, оқжатарсыз, бекітпесі алға қаратылған, шүріппесі түсірілген және сақтандырғышқа қойылған күйде пирамидаларға қойылады. Қарауылдық үй-жайларда пирамидалар құлыпқа жабылмайды, бірақ қарауыл бастығына және бөлім бойынша кезекшіге электрлі дыбыстық дабылдамамен, сондай-ақ қарауыл бастығы мен оның көмекшісінің бөлмесі жағынан ашылатын бекітпемен жабдықталады.
Автоматтарға жарақтандырылған оқжатарлар (карабиндерге оқтізерлер) сөмкелер, сүңгі-пышағымен қынап және арнайы құралдар белдік белбеуден алынбайды. Пистолеттермен қаруланған қарауылдар бастықтары қарауылдық үй-жайда оларды шешпейді.
Оқшашарларға оқжатарлар (ленталармен жарақтандырылған қораптар) құлыпқа жабылған пирамидалардағы арнайы жәшіктерде сақталады, оның кілті мөрленген пеналда қарауыл бастығында болады, ал ол қарауылдық үй-жайдан кеткен кезде және демалу кезеңінде қарауыл бастығының көмекшісіне беріледі.
Бақылау-өткізу пункттері қарауылдарының пистолеттері құлыпқа жабылған металл жәшіктерде (сейфте) кобураларда сақталады, оның кілті қарауыл бастығында болады, ал ол қарауылдық үй-жайдан кеткен кезде және демалу кезеңінде қарауыл бастығының көмекшісіне беріледі. Пистолеттер қарауылдарға арнайы карточкалар бойынша постыға түсер алдында беріледі.
Қару пирамидадан тек қарауыл бастығының немесе оның көмекшісінің рұқсаты бойынша алынады. Қаруды тазалау қарауыл бастығының немесе оның көмекшісінің басшылығымен жүргізіледі, бұл ретте қаруды бөлшектеуге тыйым салынады.
177. Қарауылдың жеке құрамына қарауылдық үй-жайда бас киімсіз және астары жылы далалық күртешесіз (қысқа тонсыз, шинельсіз) болуға рұқсат етіледі, бірақ жабдықтары жанында болуы тиіс. Шешілген астары жылы далалық күртеше (қысқа тон, шинель) мен бас киім ілгішке ілінеді.
178. Қарауылдың жеке құрамына, қарауыл бастығы мен оның көмекшісін қоспағанда, қарауылдық үй-жайға келгендермен сөйлесуге тыйым салынады, тек қарауылды тексеретін адамдардың сұрақтарына жауап беруге рұқсат етіледі.
179. Жабдықтарын шешпей, аяқ киімсіз және шешінбей, тек жағасын және белдік белбеуді босатып, жатып дем алуға (ұйықтауға) рұқсат етіледі:
қарауыл бастығына - нұсқаулықпен айқындалған күндізгі (гауптвахта жанындағы қарауыл бастығына - түнгі) уақытта 4 сағат;
қарауыл бастығының көмекшісіне, қарауыл бастығының техникалық күзет құралдары жөніндегі көмекшісіне (операторға) - қарауыл бастығының (гауптвахта кезекші ауысымы бастығының) рұқсатымен әрбіреуіне - 4 сағат;
қарауыл бастығының қарауылдық иттер жөніндегі көмекшісіне, таратушыларға, шығарушылар мен көлік құралын жүргізушілерге - қарауыл бастығының рұқсатымен міндеттерін атқарудан бос уақытта;
қарауылдардың бір ауысымы құрамына - постыларға түсер алдында, постылардан ауысқаннан және қарауылдық үй-жайға басқа ауысым қарауылдың жауынгерлік есептобы жеткізуге қайта оралғаннан кейін;
объектілерді тек түнде күзететін қарауылдар ауысымына - олар қарауыл үй-жайына қайта оралғаннан кейін және постыларға қайтадан жібергенге дейін қарауылдың жауынгерлік есептобы жеткізгеннен кейін;
бақылау-күзету топтарының қарауылдарына - кезекпен, жауынгерлік есептопты жеткізгеннен кейін, қарауыл бастығының рұқсатымен әрбіреуіне 4 сағат.
Демалатын ауысымның қарауылдарына аяқ киімді шешуге және кептіруге рұқсат етіледі.
180. Қарауылды «қаруға» шақырған кезде қарауылдық үй-жайда болатын қарауылдың жеке құрамы, оның ішінде демалатын ауысым да бас киімдерін киеді, өз қаруын алады және өз нөмірлерінің тәртібімен қарауылдық үй-жайдың ішінде сапқа тұрады.
Қарауылға немесе олар күзететін объектіге кенеттен шабуыл жасалған жағдайда, сондай-ақ өрт немесе басқа да зілзала апаттары болған кезде жеке құрам жауынгерлік есепке сәйкес әрекет етеді.
Астары жылы далалық күртешелер (қысқа тондар, шинельдер) қарауыл бастығының ерекше нұсқауы бойынша киіледі.
Қарауылды қарауылдық үй-жайдан шығарудың барлық жағдайларында (төтенше жағдайлардан басқа) онда қарауыл бастығының көмекшісі немесе таратушылардың біреуі, ал олар болмайтын қарауылдарда - қарауылдардың біреуі қалады.
181. Негізгі тамақтанудан басқа, қарауылдың жеке құрамы қызмет өткеру кезеңінде қосымша үлеспен қамтамасыз етіледі. Ыстық шай үнемі болуы тиіс.
Қарауылдарға тамақты жеткізуді олар тағайындалған бөлімшелердің командирлері немесе қарауылдар (әскери бөлім) кезекші ұйымдастырады.
182. Қарауылдық үй-жайды және оған шектес жатқан аумақты таза және реттеп ұстау, сондай-ақ пеш жағу қарауыл құрамына жүктеледі. Осы міндеттердің атқарылуын, сондай-ақ жабдықтардың, мүлік пен мүкәммалдың сақталуын бақылау қарауыл бастығының көмекшісіне, ал ол тағайындалмаған қарауылдарда - қарауыл бастығына жүктеледі.
183. Күнделікті жинаудан басқа, кемінде аптасына бір рет, гарнизон бастығы (әскери бөлімнің командирі) белгілеген күні қарауылдық үй-жайларды профилактикалық залалсыздандыру ұйымдастырылады.
184. Қарауылдық үй-жайдың ауасын үнемі тазартып тұру керек. Қарауылдық үй-жайдағы ауа температурасы +180С-дан төмен болмауы тиіс.
Пеш жағу гарнизон бастығы (әскери бөлім командирі) белгілеген тәртіппен жүргізіледі.
Қараңғы түскеннен кейін қарауылдық үй-жайда, дәліздерде және әжетханаларда толық жарық, ал демалатын ауысым үшін бөлмеде - кезекші жарық болуы тиіс.
Әскери қалашықтан тыс орналасқан қарауылдық үй-жайдың терезелері түнгі уақытта ішінен металл қақпақтармен жабылады.
185. Әскери қалашықтан тыс орналасқан және өз құрамында кемінде үш ауысымды бес постысы бар қарауылдық үй-жайды күзету үшін қарауылдық үй-жайдың кіреберісінде сергек ауысымның қарауылдары қатарынан сақшы қойылады.
Ерекше маңызды объектілерді күзететін және үш ауысымды бес постысы бар қарауылдарда қарауылдық үй-жайды күзету үшін қосымша қарауылдар тағайындалады.
Қарауылдық үй-жайдың кіреберісіндегі қарауылдар қызметті қадағалау мұнараларында өткеруі мүмкін.
Әскери бөлімнің (күзетілетін объектінің) аумағында орналасқан қарауылдық үй-жайлар, әдетте, күзетілмейді.
Қарауылдық үй-жайлардың есіктері қарайтын терезелермен жабдықталады және ішінен жабық болуы тиіс.
Қарауылдарды тексеру
186. Қарауылдарды, қарауылдар бағынатын адамдар (осы Жарғының 109-тармағы), олар тағайындалған роталар (батареялар) командирлері, батальондар (дивизиондар) командирлері, сондай-ақ олардың орынбасарлары мен осы командирлердің тікелей бастықтары тексеруге міндетті.
Темір жол (теңіз, өзен) учаскелерінің және станциясының (портының), әуежайдың аумағында орналасқан қарауылдарды, сондай-ақ станция (порт), әуежай арқылы өтетін әскери жүктері бар көліктерге ілесіп жүретін қарауылдарды, одан басқа темір жол (теңіз, өзен) учаскелерінің және станциясының (портының), әуежайдың әскери коменданты немесе оның көмекшілері тексеруге міндетті.
Лауазымды адамдардың қарауылдарды тексеру гарнизонның бастығы (әскери бөлімнің командирі) бекіткен кесте бойынша жүргізіледі.
Тексеру қарауылдың әрбір ауысымын қамтуы тиіс.
ҚР Президентінің 2013.15.04. № 541 Жарлығымен 187-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
187. Одан басқа, қарауылдарды әскерлерге инспекциялау (тексеру) жүргізуге келген адамдар және олардың тапсырмасы бойынша инспекциялау (тексеру) тобы қатарынан офицерлер - олар инспекциялайтын (тексеретін) әскери бөлімдердің қарауылдарын, сондай-ақ мыналардың тапсырмалары бойынша адамдар:
Қорғаныс министрі, Қарулы Күштер Бас штабының бастығы, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың тиісті басшылары мен олардың орынбасарлары;
әскер түрлерінің бас қолбасшылары, әскерлер тектерінің және өңірлік қолбасшылықтар әскерлерінің қолбасшылары, Қорғаныс министрлігі мен Қарулы Күштер Бас штабы департаменттерінің, бас басқармаларының, басқармаларының, бөлімдері мен қызметтерінің бастықтары, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың тиісті басшылары - олардың бағынысында болатын күзетілетін объектілердің қарауылдарын;
бригада командирлері - оларға бағынысты әскери бөлімдерден тағайындалатын қарауылдарды;
әскери бөлімнің командирлері - бағынысты бөлімшелерден тағайындалатын қарауылдарды;
гарнизон бастығы - осы гарнизонның аумағындағы гарнизондық, ішкі және уақытша қарауылдарды;
әскери қатынастар бастықтары - станция (порт), әуежай арқылы өтетін, сондай-ақ темір жол (теңіз, өзен) учаскелерінің және станциясының (портының), әуежайдың аумағында орналасқан қарауылдарды тексереді.
Қарауылдарды тексеру тек қарауылдық қызметті жақсы білетін адамдарға тапсырылады. Қарауылдарды тексеру үшін тағайындалған әскери қызметшілерге нұсқаулар берілуі тиіс.
188. Осы Жарғының 187-тармағында көрсетілген адамдар гарнизон бастығына (әскери бөлімнің командиріне) бастықтардың, олардың тапсырмалары бойынша қарауылдарды тексеру үшін олар тағайындалған мөрмен расталған жазбаша нұсқамаларын ұсынуға міндетті. Осы нұсқамалар негізінде оларға қарауыл (әскери бөлім) бойынша кезекшіге ұсынатын гарнизон бастығының (әскери бөлім командирінің) қолы қойылған, елтаңбалы мөрмен расталған қарауылдарды тексеруге құқық беретін біржолғы куәлік беріледі. Көрсетілген біржолғы куәлікті гарнизон бастығы, сондай-ақ гарнизондық сияқты ішкі қарауылдарды тексеру үшін, ал әскери бөлім командирі - ішкі қарауылдарды тексеру үшін тағайындалған адамдарға береді.
Біржолғы куәлікте кімге, атап айтқанда, қандай қарауылдарды тексеру үшін және тексеру қанша уақыт ішінде болатыны көрсетіледі. Тексеру аяқталғаннан кейін ол қарауыл бастығына тапсырылады. Егер куәлікті қолдану уақыты өтіп кетсе және ол пайдаланылмаса, онда ол қарауылды тексеретін адам гарнизонның (әскери бөлімнің) штаб бастығына өткізеді.
Қарауыл тағайындалған рота (батарея) командиріне, сондай-ақ оның орынбасарларына және рота (батарея) командирінің тікелей бастықтарына қарауылдарды тексеру құқығын беретін куәлік берілмейді.
Темір жол (теңіз, өзен) учаскесінің және станциясының (портының), әуежайдың әскери коменданты Қарулы Күштер әскери қатынастарының бастығы қол қойған қарауылдарды тексеруге құқық беретін тұрақты куәлік негізінде және жеке басының куәлігін ұсынғаннан кейін темір жол (теңіз, өзен) учаскесінің және станциясының (портының), әуежайдың аумағында орналасқан қарауылдарды, ал темір жол (теңіз, өзен) учаскесі және станциясы (порты), әуежай комендатураларының басқа да лауазымды адамдары - әскери комендант қол қойған қарауылдарды тексеруге құқық беретін тұрақты рұқсаттама негізінде тексеру жүргізеді.
189. Осы Жарғының 187-тармағында аты аталған бастықтардың тапсырмасы бойынша қарауылдарды тексеру үшін келген барлық адамдар тексеруді қарауылдар (әскери бөлім) бойынша кезекшінің немесе оның көмекшісінің (егер оған қарауыл бағынатын болса, әскери бөлім бойынша кезекші көмекшісінің) ілесіп жүруімен жүргізеді. Қарауылдар (әскери бөлім) бойынша кезекші осы адамдардың жеке басының куәлігін және қарауылды тексеруге құқық беретін біржолғы куәлікті тексереді.
Өз әскери бөлімінің офицерлері тексеруді әскери бөлім бойынша кезекшінің немесе оның көмекшісінің ілесіп жүруінсіз жүргізе алады.
190. Қарауылдарда:
постылық ведомосқа сәйкес жеке құрамның болуы;
қарудың болуы;
қарауылдың жауынгерлік әзірлігі, қарауыл жеке құрамының міндеттерін білуі және оларды іс жүзінде орындауы;
қарауылдағы ішкі тәртіп, қаруды және оқ-дәрілерді сақтау ережелерінің сақталуын, белгіленген құжаттаманы ресімдеудің және постылық ведомосты жүргізудің дұрыстығы;
қарауылдық үй-жай мен постыларды жабдықтаудың осы Жарғыға сәйкес келуі, техникалық күзет құралдарының, байланыс, жарық түсіру құралдарының ақаусыздығы;
гауптвахтаны жабдықтау, тұтқындалғандардың бар болуы және оларды ұстау тәртібі тексеріледі.
191. Сақшылардың қызмет өткеруін тексеретін адамдарға постылар бойынша қарауыл бастығы немесе оның көмекшісі (таратушы) қаруланған бір-екі қарауылмен ілесіп жүреді.
Сақшылардың қызмет өткеруін тексеру үшін, сондай-ақ постыға шығарған жағдайда қарауыл бастығына немесе оның көмекшісіне (таратушыға) қаруы оқталған қаруланған бір-екі қарауыл ілесіп жүреді.
192. Тексерушілер (сақшылар бағынысты адамдардан басқа) сақшылардың қызмет өткеруіне оларға ескерту жасамайды, барлық байқалған кемшіліктер туралы олар ілесіп жүретін адамдарға нұсқау береді. Тексеру нәтижелері мен өзінің нұсқауларын тексеруші постылық ведомосқа жазады.
Сақшылар қызмет өткергенде тексеру уақытында постыға және кіреберістерді қадағалауды күшейту үшін оған қарауыл бастығы немесе оның көмекшісі (таратушы) оған ілесіп жүретін қарауыл тартылады.
Сақшылардың қызмет өткеруін постыға жасырын келу, сақшыдан қаруын тартып алуға әрекет жасау жолымен және қайғылы оқиғаларға әкеп соқтыруы мүмкін тәсілдермен тексеруге тыйым салынады.
Жеке орналасқан радиотехникалық (зениттік-зымырандық) және басқа да арнайы бөлімшелердегі объектілерді күзету және қорғау жөніндегі қарауылдық қызметті ұйымдастыру мен өткеру ерекшелігі
193. Жеке орналасқан радиотехникалық (зениттік-зымырандық) және басқа да арнайы бөлімшелердегі объектілерді, қару-жарақты, әскери және басқа техниканы, материалдық құралдарды күзету және қорғау жөніндегі қызметті бөлімшелердің командирлері ұйымдастырады және осы бөлімшелерден тағайындалған штаттық қарумен қаруланған патрульдермен, сондай-ақ техникалық күзет құралдарын немесе техникалық күзет құралдарымен бір уақытта патрульдерді пайдаланумен жүзеге асырылады.
Объектілерді техникалық күзет құралдарымен жабдықтау кезінде олардан белгілерді қабылдау аппаратурасы кезекші жауынгерлік есептоп (ауысым) бастығының немесе бөлімше бойынша кезекшінің бөлмесінде орнатылады және оның қадағалауында болады.
Патрульдер бөлімшенің тәуліктік наряд құрамына кіреді, бөлімше командиріне, жауынгерлік есептоп (ауысым) бастығына, сержантқа (старшинаға) және бөлімше бойынша кезекшіге бағынады және осы Жарғыға және әскери бөлімнің командирі бекіткен нұсқаулыққа сәйкес сақшылар сияқты қызмет өткереді.
194. Бөлімше бойынша кезекшінің және патрульдердің нұсқаулықтарын объектінің сипатын және оны күзетудің шарттарын ескере отырып, әскери бөлімнің штаб бастығы (бөлімше командирі) жасайды.
Объектілерді күзету жөніндегі қызметті әр түрлі бөлімшелердің жиынтық құрамымен ұйымдастырған кезде нұсқаулықтарды жоғары тұрған әскери басқару органының штабы жасайды.
Нұсқаулықтарда: бөлімше бойынша кезекшінің және объектілерді күзету мен қорғау жөніндегі патрульдердің міндеттері; патрульдеу уақыты мен тәртібі, патрульдердің саны, бағдарлардың жекелеген учаскелеріндегі патрульдердің ерекше міндеттері, күзетілетін объектіге шабуыл жасалған, техникалық күзет құралдары өздігінен іске қосылған, төтенше жағдайлар кезінде, жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне келтіруге белгілер бойынша олардың іс-қимыл тәртібі; қару-жарақтан, әскери және басқа техникадан электр магниттік сәулелену секторы, патрульдердің олардан қорғану тәртібі жазылады; патрульдерге қандай жағдайларда қару (арнайы құрал) қолдануға рұқсат етілетіні көрсетіледі; қызмет өткеру туралы баяндау және күзетілетін объектілерге, қару-жараққа, әскери және басқа техникаға, материалдық құралдарға, сондай-ақ күзетілетін аумаққа адамдарды жіберу тәртібі белгіленеді.
Бөлімше бойынша кезекшінің нұсқаулығына әскери бөлімнің (бөлімшенің) командирі бекіткен: патрульдердің қозғалыс схемасы; күзетілетін аумаққа жіберілетін, қару-жарақты, әскери және басқа техниканы, материалдық құралдарды алуға немесе сақтау орындарын аңдуға құқығы бар адамдардың тізімі; осы Жарғының 122-тармағына сәйкес ресімделген рұқсатнамалардың және мөрлер таңбаларының (пломбалар бедерлемелерінің) үлгілері қоса беріледі.
195. Патрульдердің қызмет өткеруі үшін уақыт аралықтары мен патрульдердің қозғалыс бағдарларының қайталануын болдырмайтын бірнеше кесте жасалады.
Патрульдеу кестесін бөлімше командирі бекітеді және бөлімше бойынша кезекшіде (қарауыл бастығында) жабық жәшікте сақталады. Әрбір кестені қолдану уақытын бөлімше командирі айқындайды.
196. Патрульдер жауынгерлік патрондармен осы Жарғының 115-тармағына сәйкес қамтамасыз етіледі.
Барлық патрульдер үшін патрондар жарақтандырылған оқжатарларда (оқтізерлерде) бөлімше бойынша кезекшіде құлыпқа жабылатын және бөлімше бойынша кезекші мөр басқан, қаруды сақтауға арналған бөлмеде орналастырылатын металл жәшіктерде сақталады.
Патрульдердің қарулары, олар бөлімшеде болған кезде қаруды сақтау үшін бөлмеде жеке пирамидада сақталады.
197. Патрульдерді қызмет өткеруге даярлау осы Жарғының 142-145-тармақтарына сәйкес жүргізіледі.
198. Патруль патрульдер қозғалысының схемасында көрсетілген бағдар бойынша бөлімшенің (объектінің) орналасуын қарап шығу жолымен қызмет өткереді.
Патрульдер жылжымалы байланыс құралдарымен қамтамасыз етіледі, одан басқа қозғалыс бағдарларында стационарлық байланыс нүктелері орнатылады, олар бойынша патруль бөлімше бойынша кезекшіге (қарауыл бастығына) қызмет өткеру барысы туралы баяндайды.
Күндізгі уақытта патрульдер ыңғайлы орындардан немесе байланыс құралдарымен жабдықталған мұнаралардан қадағалаумен күзетті жүзеге асыруы мүмкін.
199. Патруль:
бөлімшенің объектілерін, қару-жарағын, әскери және басқа техникасын, басқа да материалдық құралдарын қырағы күзетуге және қайсарлы түрде қорғауға және ол ауысқанға немесе алынғанға дейін қойылған міндеттерді атқаруды тоқтатпауға;
бөлімше бойынша кезекшімен байланыс және қандай да бір бұзушылық немесе объектінің қоршауындағы ақауларды анықтаған кезде, сондай-ақ әр түрлі бұзушылықтар кезінде оны шақыру үшін белгіленген белгілерді білуге;
ол үшін белгіленген кестені және қозғалыс бағдарын қатаң сақтауға;
қызмет өткеру уақытында онда осы Жарғының 117-тармағында көрсетілген ережелер бойынша оқталған қарудың болуына және әрекет жасауға үнемі әзір болуға міндетті.
Патрульге, ол қызмет өткерген уақытта қойылған міндетті орындаудан басқаға көңілін аударуға (ұйықтауға, отыруға, оқуға, жазуға, темекі шегуге, бөгде адамдармен сөйлесуге, табиғи қажеттіліктерін орындауға, біреулерден бір заттар алуға және беруге, қажет болмағанда патронды патронникке салуға) немесе өз міндеттерін атқарудан алаңдауға тыйым салынады.
Патруль, ол бағынатын адамдардың немесе тексеру үшін келген адамдардың сұрақтарына жауап беруі тиіс.
200. Патрульге немесе ол күзететін объектіге шабуыл жасалған жағдайда, сондай-ақ күзетілетін объектінің көрсеткіштерімен белгіленген шекарасына бөгде адам жақындаған кезде патруль осы Жарғының 323-326-тармақтарында көрсетілгендей әрекет етеді.
201. Патрульдердің қызмет өткеруін тексеруді бөлімше командирі, оның орынбасарлары, оның тапсырмасы бойынша адамдар, сондай-ақ оның барлық тікелей бастықтары жүзеге асырады. Одан басқа, тексеруді кезекші жауынгерлік есептоптың (ауысымның), сондай-ақ сержант (старшина) және бөлімше бойынша кезекші жүзеге асырады.
Патрульдердің қызмет өткеруін тексеретін адамдарға бос ауысымның бір патрулімен бөлімше бойынша кезекші ілесіп жүреді.
Тексеру нәтижелері, сондай-ақ сақтау орындарын (қоймаларды) ашу және жабу уақыты кезекшілікті қабылдау және тапсыру кітабына жазылады.
Бөлімше бойынша кезекші, бұл ретте осы Жарғының 189, 190-тармақтарының талаптарын басшылыққа ала отырып, патрульдердің қызмет өткеруін кемінде тәулігіне екі рет (оның ішінде бір рет түнде) тексеруге міндетті.
202. Патрульдерді ауыстыру бөлім бойынша ауысатын кезекшінің қатысуымен, сақшыларды ауыстыруға сәйкес (осы Жарғының 164-169-тармақтары) бөлім бойынша кезекші нарядты ауыстыру уақытында; одан әрі - әрбір ауысымға бөлім бойынша кезекші белгілеген кестеге сәйкес, рұқсаттама және кері шақырту бойынша дербес жүргізіледі.
203. Кезекті патрульді қызмет өткеруге жіберер алдында бөлімше бойынша кезекші белгілеген тәртіпке сәйкес оған қару мен патрондарды береді, қаруды қолдану тәртібіне ерекше көңіл бөле отырып, нұсқаулар береді, қаруды оқтау және оғын алу үшін алаңға шығарады және оның дұрыс оқталуын тексереді.
204. Патруль патрульдеу бағдарынан оралғаннан кейін белгіленген белгімен қаруды оқтау және оғын алу үшін алаңға бөлімше бойынша кезекшіні шақыртады, оған патрульдеу нәтижелері, постылардың жай-күйі және жасалған ауыстырулар туралы баяндайды, оның қадағалауымен қарудың оғын алады, одан кейін қару мен оқжатарлардағы (оқтізерлердегі) патрондарды кезекшіге тапсырады. Қару мен патрондарды тапсыру және қабылдау туралы бөлімше бойынша кезекші қару мен оқ-дәрілерді беру кітабында тиісті жазба жасайды.
205. Патрульдерді ауыстыру туралы бөлімше бойынша кезекші кезекшілікті қабылдау және тапсыру кітабына жазба жасайды.
206. Патрульдердің демалу тәртібі мен орнын осы Жарғының 177, 179-тармақтарына сәйкес орналасу шарттарына байланысты бөлімше командирі айқындайды.
Гауптвахтадағы қарауылдық қызметті ұйымдастыру және өткеру ерекшелігі
Жалпы ережелер
207. Гауптвахта - әскери қызметшілерді тұтқында ұстау үшін әскери полиция органдары жанында жабдықталған үй-жай.
Гауптвахта жанындағы қарауыл құрамына қарауыл бастығы, шығарушылар мен қарауылдар тағайындалады, қарауыл бастығының көмекшісі мен таратушы тағайындалуы мүмкін.
Қарауыл бастығы пистолетпен, қарауылдар - автоматтармен қаруланады, шығарушы арнайы құралдармен қарулануы мүмкін.
Сыртқы және ішкі күзет постыларының саны мен орналастыру Қарулы Күштер, басқа да әскерлер мен әскери құралымдар әскери полициясының бастықтары бекітетін постылар табельдерімен белгіленеді.
Қызмет өткеру және қаруды қолдану тәртібі осы Жарғының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
208. Гауптвахтада:
тергеушімен немесе алдын ала тергеу органдарымен (ішкі істердің, ұлттық қауіпсіздіктің, қаржы полициясының, әскери полицияның, мемлекеттік өртке қарсы қызметтің, кеден органдарының, әскери полиция органы болмаған жағдайда шекара бөлімдерінің командирлерімен, әскери бөлімдердің командирлерімен) қылмыс жасады деген күдік бойынша ұсталған әскери қызметшілер - жетпіс екі сағаттан аспайтын мерзімге;
тергеуші немесе алдын ала тергеу органы, прокурор немесе судья күдік туғызушы және айыпталушы әскери қызметшілерді тұтқындау түрінде олардың жолын кесу шарасын таңдағанда - қылмыстық-іс жүргізу заңнамасымен айқындалған мерзімге;
сотталушы болып табылатын әскери қызметшілер - сотта қылмыстық істі қарау аяқталғанға дейін, бірақ қылмыстық-іс жүргізу заңнамасымен белгіленген мерзімнен аспайды;
сот тәртіптік әскери бөлімге жіберген сотталған әскери қызметшілер - үкім немесе сот қаулысы заңды күшіне енгенге дейін;
сот гауптвахтада ұстаумен тұтқындауға сотталған әскери қызметшілер - сот үкімімен айқындалған мерзімге;
олар лауазымды адамдарға ашық бағынбау немесе қарсылық көрсеткен, қылмыс жасаған жағдайларда, сондай-ақ оларды уақытша оқшаулауды талап ететін жағдайлар кезінде ұсталған әскери қызметшілер - заңмен белгіленген мерзімге ұсталуы мүмкін.
Күдікті - оған қатысты қылмыстық іс қозғалған, ұстау жүзеге асырылған немесе айыпталғанға дейін жолын кесу шаралары қолданылған әскери қызметшілер.
Айыпталушы - оған қатысты оны айыпталушы ретінде жазаға тарту туралы қаулы шығарылған немесе оған қатысты сотта қылмыстық іс қозғалған немесе айыптау хаттамасы жасалған әскери қызметші.
209. Гауптвахтадан елеулі қашықтықта орналасқан әскери полиция органдарында және әскери бөлімдерінде әскери полиция органы бастығының (әскери бөлім командирінің, гарнизон бастығының) бұйрығымен әскери қызметшілерді уақытша ұстау үшін жеке үй-жай жабдықталуы мүмкін.
Достарыңызбен бөлісу: |