Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының жалпыәскери жарғыларын бекіту туралы



бет132/195
Дата02.01.2022
өлшемі0.64 Mb.
#452088
1   ...   128   129   130   131   132   133   134   135   ...   195
5. Жалпы Әскери Жарғылар - әскери қызметтің құқықтық негізі - 02.08.21

Қарауылдарды ауыстыру


      149. Таралымнан кейін қарауыл ауысатын қарауыл орналасқан орынға келеді. Жаңа қарауыл бастығы оны күзетілетін объекті аумағы кіреберісінің алдына немесе қарауыл бастығына нұсқаулықта көрсетілген қашықтықта қарауылдың үй-жайы алдына тоқтатады, ауысатын қарауыл бастығына өзін таныстырады және оған бұрынғы парольді айтады. Содан соң ол оған маңдайшебімен қарауылдық үй-жай алдындағы алаңға өз қарауылын сапқа тұрғызады.

      150. Ауысатын қарауыл бастығы, оған айтылған парольдің дұрыстығына көзі жеткеннен кейін, үй-жайда өз көмекшісін немесе таратушылардың біреуін қалдыра отырып, өз қарауылын қаруымен қарауылдық үй-жайдан шығарады және жаңа қарауылдың маңдайшебі алдына алты-сегіз адымда алаңға қарауылды сапқа тұрғызады. Сапқа тұрғызылғаннан кейін қарауылдар бастықтары жаңа қарауыл бастығынан бастап кезекпен "Қарауыл, ТҮЗЕЛ", "ТІК ТҰР" командаларын береді.

      Пистолеттермен қаруланған қарауылдар бастықтары команда бере отырып, қолын баскиіміне апарып, бір-біріне саптық адыммен келеді, біреуі екіншісіне екі-үш адым қалғанда тоқтайды және жаңа қарауылдың бастығынан бастап баяндайды, мысалы: "Капитан мырза, жаңа қарауыл ауысу үшін келіп тұр. Қарауыл бастығы капитан Мұратов"; "Капитан мырза, бұрынғы қарауыл ауысу үшін дайын. Қарауыл бастығы капитан Бейсебаев", одан кейін қолын баскиімінен түсіреді.

      Автоматтармен немесе карабиндермен қаруланған қарауылдар бастықтары қолын баскиіміне апармайды және "ТІК ТҰР" командасынан кейін автоматтарды "қарубауға" күйіне алып, бір-біріне қарсы жүреді.

      Баяндаудан кейін қарауылдар бастықтары "ЕРКІН ТҰР" командасын береді, қарауылдық үй-жай кіреберісіндегі сақшыны, егер ол қойылса, ауыстырады, ал содан кейін өз қарауылдарына: "Оң-ҒА", "Адым – БАС" командаларын береді. Жаңа қарауыл бастығы өз қарауылын қарауылдық үй-жайға кіргізеді, ал ауысатын қарауыл бастығы өз қарауылын ауысатын қарауылдың жеке құрамын күту бөлмесіне (орнына) әкетеді, қаруды пирамидаға қоюға команда береді, өзінің орнына лауазымы үлкенді қалдырады және өз көмекшілерімен және таратушылармен бірлесе отырып, қарауылдық үй-жайға кіреді.

      Цельсий бойынша ауа температурасы –15о С және одан төмен кезде, сондай-ақ қолайсыз ауа райында және бір бекеті бар қарауылдарда қарауылдарды ауыстыру жоғарыда жазылған қарауылдарды ауыстыру тәртібін сақтамай, қарауылдық үй-жайда жүргізіледі.

      Жаңа қарауыл бастығы ауысатын қарауыл бастығына өзін таныстырғаннан және оған бұрынғы парольді айтқаннан кейін өз қарауылын ауысу үшін қарауылдық үй-жайға кіргізеді.

      151. Жаңа қарауылдың жеке құрамы үй-жайға кіргеннен кейін қаруын пирамидаға (пистолеттерді – сейфке) қояды, одан кейін ауысатын және жаңа қарауылдар бастықтары өз таратушыларына мөрлерден таңбаларды (пломбалардан бедерлерді) тапсыруды және қабылдауды, ал көмекшілеріне қарауылдық үй-жайларды тапсыруды және қабылдауды бұйырады және тапсыру дұрыстығын қадағалайды. Ауысатын қарауыл бастығының көмекшісі тапсырады, ал жаңа қарауыл бастығының көмекшісі қарауылдық үй-жайды және онда тұрған жабдықты, мүкәммал мен мүлікті тізімдеме бойынша қабылдайды. Ауысатын қарауыл бастығы жаңа қарауыл бастығына ауысатын қарауыл құрамынан алынған барлық ескертулер мен нұсқаулар туралы хабарлайды.

      Қарауыл бастығының техникалық күзет құралдары жөніндегі көмекшісі ауысатын көмекшіден құжаттаманы, аппаратураны қабылдайды және оның жұмысқа қабілеттілігін тексереді, одан кейін жаңа қарауыл бастығына қабылдағаны туралы баяндайды, аппараттық журналға жазба жасайды.

      152. Мөрлерден таңбаларды (пломбалардан бедерлерді) қабылдағаннан кейін жаңа қарауыл бастығы: "Бірінші ауысым, ҚАРУДЫ АЛ", қаруды алғаннан кейін – "Бірінші ауысым, САПҚА ТҰР" командаларын береді.

      Осы команда бойынша таратушылар мен бірінші ауысымның қарауылдары өз қаруын ала отырып, оңнан солға қарай бекеттердің нөмірлері тәртібінде бір қатарға сапқа тұрады. Таратушылар өздерімен бірге мөрлерден таңбаларды (пломбалардың бедерлерін), ал тәуліктің түнгі уақытында қолшамдарын алып, өз ауысымдарының оң жақ қапталдарына тұрады.

      Ауысатын қарауылдың таратушылары олармен бір қатарда және жаңа қарауылдың тиісті таратушыларынан оңға қарай тұрады.

      Жаңа қарауыл бастығы таратушылардың және қарауылдың міндеттерін білуін тексереді, қарауылдарға қаруды ұстау тәртібіне ерекше назар аудара отырып, әрбір бекетте қызмет өткеру ерекшеліктерін еске салады, темекі шегу және тұтандыру керек-жарақтарын, сондай-ақ бөгде заттарды тапсыруға команда береді, ауысымды қарауылдық үй-жайдан шығарады және оны қаруды оқтау және оғын алу үшін алаңға сапқа тұрғызып, команда береді: "Ауысым, оң жақтан бастап бір-бірден – ОҚТА". Осы команда бойынша оң қапталдағы әскери қызметші алға бір адым жасайды және жартылай оңға бұрылады, сүңгіні қаруға бекітеді және осы Жарғының 116, 117-тармақтарына сәйкес оқтайды, ал қарауыл бастығы қарудың оқталғанын тексереді. Қаруды оқтағаннан кейін әскери қызметші "Қару оқталды және сақтандырғышқа қойылды" деп баяндайды, оны өз бетімен "қарубауға" күйіне алады және артқа қарай бір адым жасайды.

      Осындай кезеңділікпен қалған таратушылар мен қарауылдар кезекпен қаруды оқтайды.

      153. Ауысым қаруды оқтағаннан кейін жаңа қарауыл бастығы ауысымға қызмет өткеруге ауызша бұйрық береді және: "Ауысым, оң-ҒА", "Бекеттерге адым – БАС" командаларын береді. Әрбір таратушы: "Ауысым, менің соңымнан – АДЫМДА" командасын береді және алдын ала қадағалаушыларды тағайындай отырып, ауысымды бекеттерге алып жүреді.

      Қарауылдық үй-жайдан бірінші ауысым кеткеннен кейін бастық (қарауыл бастығының көмекшісі) резервтегі топтарға қарауылдың қалған жеке құрамына жауынгерлік есеп жүргізеді және күзетілетін объектілерге немесе қарауылдық үй-жайға шабуыл жасалған жағдайда тойтарыс беру, өрт сөндіру және жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне келтіру сигналын алған жағдайларға міндеттер қояды.

      154. Ауысымның (бақылау-күзету топтарының) бекеттерге және бекеттерден қозғалуы бір лекпен жасалады. Таратушы лектің бас жағында жүреді. Әскери бөлімнің Жауынгерлік Туы және ескерткіштер жанындағы бекеттерге ауысымның қозғалысы бекетке дейін 30 адым қалған кезде саптық адыммен жасалады.

      Ауысатын қарауылдың таратушысы бір қатарда және жаңа қарауылдың таратушысынан солға қарай жүреді.

      Барлық командаларды жаңа қарауылдың таратушысы береді. Бекеттердің көп саны бар қарауылдарда, сондай-ақ бірі екіншісінен немесе қарауылдық үй-жайдан үлкен қашықтықта орналасқан кезде ауысымдардың бекеттерге қозғалысы көлік құралдарында жүргізілуі мүмкін.

      155. Жаңа қарауыл бірінші ауысымының соңғы қарауылы бекетке қойылған кезде ауысатын қарауылдың таратушысы өзінің қарауылдарын өзі ауысымның басында жүре отырып, қарауылдық үй-жайға апарады. Жаңа қарауылдың таратушысы бір қатарда және ауысатын қарауылдың таратушысынан солға қарай жүреді.

      Барлық команданы ауысатын қарауыл таратушысы береді.

      156. Бекеттерге бара жатқанда және бекеттерден келе жатқанда қарауыл ауысымдары әскери сәлемдесуді Саптық жарғыда жазылған қағидалар бойынша орындайды.

      157. Қарауылды ауыстырған кезде жаңа қарауыл бастығы ауысатын қарауыл бастығымен бірлесіп, қарауыл бастығына нұсқаулықта көрсетілген күзетілетін анағұрлым маңызды объектілердің жай-күйін, оларға жарық түсірудің, қоршаудың және жертасалардың дұрыстығын, қарауылдық үй-жайдың және гауптвахтаның жай-күйін қарап шығу және сыртынан қарау жолымен тексереді, бұдан кейін одан тізімдеме бойынша құжаттарды, оқ-дәрілері бар жәшіктерді, олардағы мөрлерді және оларға кілттерді, күзетілетін объектілерді ашуға рұқсаттаманы, гауптвахтада ұсталатын әскери қызметшілердің атаулы тізімін (16-қосымша), сондай-ақ байланыс және өрт сөндіру құралдарын қабылдайды.

      158. Бекеттерден келгеннен кейін ауысатын және жаңа қарауылдардың таратушылары кезекпен жасалған ауысулар туралы өз қарауылдар бастықтарына баяндайды, мысалы: "Лейтенант мырза, ауысу жүргізілді, бекеттер ақаусыз тапсырылды (қабылданды). Бірінші таратушы сержант Ванюнькин". Ауысатын қарауыл бастығының командасы бойынша қарудың оғы алынады. Ең бірінші ауысатын қарауылдың ауысымы, одан кейін жаңа қарауыл таратушысы қарудың оғын алады. Қарудың оғын алу үшін қарауыл бастығы: "Ауысым, оң жақтан бастап бір-бірден – ОҒЫН АЛ" командасын береді.

      Осы команда бойынша оң жақ қапталдағы таратушы (қарауыл) алға бір адым жасайды, оңға жартылай бұрылады, қарауыл бастығының қадағалауымен өз қаруының оғын алады, жарақтандырылған оқжатарды (патрондары бар оқтізерді) сөмкеге немесе жақпарлы кеудешедегі қалтаға салады және баяндайды: "Қарудың оғы алынды", бекітпе рамасын (бекітпені) артқа тарта отырып, қаруды тексеруге береді. Қарауыл бастығы қаруды тексереді, одан кейін таратушы бекітпе рамасын бұрынғы күйіне қояды (бекітпені орнына келтіреді), шүріппені басады, қаруды сақтандырғышқа қояды және баяндайды: "Сақтандырғышқа қойылды", сүңгіні ағытып тастайды (жинайды), қаруды "қарубауға" алады және артқа қарай бір адым жасай отырып, өз орнына тұрады.

      Осындай кезеңділікпен қалған қарауыл ауысымы қарудың оғын кезекпен алады. Одан кейін қарауылдар үлкеннің командасы бойынша ауысатын қарауылдың тұрған жеріне, ал таратушылар – қарауылдық үй-жайға қарай жүреді.

      159. Қарауыл бастықтары баяндауды қабылдап және қарудың оғын алып, ауысатыннан бастап ауысатын қарауылдың бекеттік ведомосына қол қояды, бұл ретте жаңа қарауыл бастығы оған ауысым уақытында анықталған барлық кемшіліктер туралы ескертулерді енгізеді.

      Егер қарауылды ауыстырған кезде қарауылды тексеру үшін келген адам қатысқан болса, таратушылар одан рұқсат ала отырып, қарауылдар бастықтарына жүргізілген ауысулар туралы баяндайды. Таратушылардан баяндауларды қабылдағаннан кейін жаңа қарауыл бастығы: "ТІК ТҰР" командасын береді, одан кейін қарауылдар бастықтары кезекпен тексерушіге жүргізілген ауысымдар туралы баяндайды.

      Барлық жағдайларда қарауылдар бастықтары ауысу туралы өз қарауылдары (әскери бөлімі) бойынша кезекшіге байланыс құралдары арқылы баяндайды немесе оған өзі баяндаумен келеді.

      160. Қарауылды ауыстырғаннан кейін ауысатын қарауыл бастығы ауысатын қарауылды өз әскери бөліміне (бөлімшесіне) әкетеді. Әскери бөлімге (бөлімшеге) келгеннен кейін өзі қарауыл құрамымен оқжатарлардан оқтарды алуды және патрондарды бөлім бойынша кезекшіге (рота сержантына (старшинасына) тапсыруды ұйымдастырады.

      Бөлімшеге келгеннен кейін ауысатын қарауыл бастығы қарауылдың жеке құрамын сапқа тұрғызады және бөлімше командиріне міндетті орындағаны туралы баяндайды.

      Мысалы: "Капитан мырза, қарауыл толық құрамда келді. Қызметті өткеру уақытында оқиғалар болған жоқ. Қарауыл бастығы лейтенант Өтепов".

      Одан кейін бекеттік ведомоста белгі қойылған қарауылды тексеру нәтижелері туралы баяндайды және оған басқа құжаттармен бірге бекеттік ведомосты тапсырады. Осыдан кейін қарауыл құрамы қарауыл бастығының дербес қадағалауымен қаруды (жауынгерлік патрондарды) тапсырады.

      Объектіні тек түнде күзеткен қарауылдарды объектіні күзету мерзімі аяқталғаннан кейін қарауылдың ауысуын күтпестен, бөлімшеден келген үлкеннің командасы бойынша өз әскери бөліміне (бөлімшесіне) қарауыл бастығы жібереді. Ол туралы қарауыл бастығы бекеттік ведомосқа жазба жасайды және қарауылдар (әскери бөлім) бойынша кезекшіге баяндайды. Бөлімшеге келгені туралы команда үлкені бөлім бойынша кезекшіге, бөлімше командиріне (сержантына, старшинасына) баяндауға және қарауылдардың қаруды және оқ-дәрілерді өткізуін бақылауға міндетті.

      161. Ауысқан қарауыл құрамы ауысқан күні сабақтардан және жұмыстардан босатылады; объектіні тек түнде күзеткен қарауылдар сабақтардан және жұмыстардан бөлімшеге келгеннен кейін 4 сағатқа босатылады, осы уақытта оларға жатып демалуға (ұйықтауға) рұқсат етіледі.

      162. Жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне келтіруге сигнал алған кезде қарауылдарды ауыстыруды жауынгерлік есепке сәйкес бөлінген бөлімшелер жүзеге асырады. Осы жағдайда қарауылды тарату жүргізілмейді. Қарауылдар (әскери бөлім) бойынша кезекшіге қысқаша нұсқау бергеннен және парольді алғаннан кейін ауысу үшін қарауыл қарауылдық үй-жайға келеді.

      Қарауылдарды ауыстыру қысқа мерзімдерде белгіленген тәртіппен жүргізіледі. Бекеттердің саны, қарауыл адамдарының ерекше міндеттері және жаңа пароль жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне келтіруге сигнал алған жағдайдағы құжаттамада белгіленеді (осы Жарғының 121-тармағы).

      163. Күзетілетін объектіден қарауылды алуды күзетілетін объекті бастығының қатысуымен мөрмен расталған гарнизон бастығының (әскери бөлім командирінің) жазбаша бұйрығына сәйкес қарауылдар (әскери бөлім) бойынша кезекші жүргізеді. Қарауылды алу туралы қарауылдар (әскери бөлім) бойынша кезекшінің, қарауыл бастығының және күзетілетін объекті бастығының қол қоюымен акті жасалады. Актіде күзетілетін объектіні, қарауылдық үй-жайды және онда тұрған және бекеттердегі жабдық пен мүкәммалды тапсыру туралы жазба жасалады.

      Тұрақты қарауылдарды алу туралы гарнизон бастығы (әскери бөлімнің командирі) қарауылдар кестесін бекіткен бастыққа баяндайды.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   128   129   130   131   132   133   134   135   ...   195




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет