186. Қарауылдарды қарауылдар бағынатын адамдар (осы Жарғының 109-тармағы), олар тағайындалған роталар (батареялар) командирлері, батальондар (дивизиондар) командирлері, сондай-ақ олардың орынбасарлары мен осы командирлердің тікелей бастықтары тексеруге міндетті.
Теміржол (теңіз, өзен) учаскелері мен станциясы (порты), әуежай аумағында орналасқан қарауылдарды, сондай-ақ станция (порт), әуежай арқылы өтетін әскери жүктері бар көліктерге ілесіп жүретін қарауылдарды, одан басқа теміржол (теңіз, өзен) учаскелері мен станциясының (портының), әуежайдың әскери коменданты немесе оның көмекшілері тексеруге міндетті.
Лауазымды адамдардың қарауылдарды тексеруі гарнизон бастығы (әскери бөлімнің командирі) бекіткен кесте бойынша жүргізіледі.
Тексеру қарауылдың әрбір ауысымын қамтуға тиіс.
187. Одан басқа, қарауылдарды әскерлерді инспекциялау (тексеру) жүргізуге келген адамдар және олардың тапсырмасы бойынша инспекциялау (тексеру) тобы қатарынан офицерлер – олар инспекциялайтын (тексеретін) әскери бөлімдердің қарауылдарын, сондай-ақ мыналардың тапсырмалары бойынша адамдар:
1) Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі, Қарулы Күштері Бас штабының бастығы, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың тиісті басшылары мен олардың орынбасарлары;
2) әскер түрлерінің бас қолбасшылары, әскер тектерінің және өңірлік қолбасшылықтар әскерлерінің қолбасшылары, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі мен Қарулы Күштері Бас штабы департаменттерінің, бас басқармаларының, басқармаларының, бөлімдері мен қызметтерінің бастықтары, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың тиісті басшылары – олардың бағынысында болатын күзетілетін объектілердің қарауылдарын;
3) бригада командирлері – оларға бағынысты әскери бөлімдерден тағайындалатын қарауылдарды;
4) әскери бөлімнің командирлері – бағынысты бөлімшелерден тағайындалатын қарауылдарды;
5) гарнизон бастығы – осы гарнизонның аумағындағы гарнизондық, ішкі және уақытша қарауылдарды;
6) әскери қатынастар бастықтары – станция (порт), әуежай арқылы өтетін, сондай-ақ теміржол (теңіз, өзен) учаскелері мен станциясы (порты), әуежай аумағында орналасқан қарауылдарды;
7) гарнизон әскери полиция органының бастығы – жауапкершілік аймағындағы қарауылдарды, оның ішінде уақытша қарауылдарды тексереді.
Қарауылдарды тексеру тек қарауылдық қызметті жақсы білетін адамдарға тапсырылады. Қарауылдарды тексеру үшін тағайындалған әскери қызметшілерге нұсқаулар берілуге тиіс.
188. Осы Жарғының 187-тармағында көрсетілген адамдар гарнизон бастығына (әскери бөлімнің командиріне) бастықтардың, олардың тапсырмалары бойынша қарауылдарды тексеру үшін олар тағайындалған мөрмен расталған жазбаша нұсқамаларын ұсынуға міндетті. Осы нұсқамалар негізінде оларға қарауыл (әскери бөлім) бойынша кезекшіге ұсынатын гарнизон бастығының (әскери бөлім командирінің) қолы қойылған, елтаңбалы мөрмен расталған қарауылдарды тексеруге құқық беретін біржолғы куәлік беріледі. Көрсетілген біржолғы куәлікті гарнизон бастығы, сондай-ақ гарнизондық сияқты ішкі қарауылдарды тексеру үшін, ал әскери бөлім командирі – ішкі қарауылдарды тексеру үшін тағайындалған адамдарға береді.
Біржолғы куәлікте кімге, атап айтқанда, қандай қарауылдарды тексеру үшін және тексеру қанша уақыт ішінде болуға тиіс екені көрсетіледі. Тексеру аяқталғаннан кейін ол қарауыл бастығына тапсырылады. Егер куәлікті қолдану уақыты өтіп кетсе және ол пайдаланылмаса, онда оны қарауылды тексеретін адам гарнизонның (әскери бөлімнің) штаб бастығына өткізеді.
Қарауыл тағайындалған рота (батарея) командиріне, сондай-ақ оның орынбасарларына және рота (батарея) командирінің тікелей бастықтарына қарауылдарды тексеру құқығын беретін куәлік берілмейді.
Әскери қатынастар әскери коменданты Қарулы Күштер әскери қатынастарының бастығы қол қойған қарауылдарды тексеруге құқық беретін тұрақты куәлік негізінде және жеке басының куәлігін ұсынғаннан кейін теміржол (теңіз, өзен) учаскесі мен станциясы (порты), әуежай аумағында орналасқан қарауылдарды, ал теміржол (теңіз, өзен) учаскесі мен станциясы (порты), әуежай комендатураларының басқа да лауазымды адамдары – әскери комендант қол қойған қарауылдарды тексеруге құқық беретін тұрақты рұқсатнама негізінде тексеру жүргізеді.
189. Осы Жарғының 187-тармағында аты аталған бастықтардың тапсырмасы бойынша қарауылдарды тексеру үшін келген барлық адамдар тексеруді қарауылдар (әскери бөлім) бойынша кезекшінің немесе оның көмекшісінің (егер оған қарауыл бағынатын болса, әскери бөлім бойынша кезекші көмекшісінің) ілесіп жүруімен жүргізеді. Қарауылдар (әскери бөлім) бойынша кезекші осы адамдардың жеке басының куәлігін және қарауылды тексеруге құқық беретін біржолғы куәлікті тексереді.
Өз әскери бөлімінің офицерлері тексеруді әскери бөлім бойынша кезекшінің немесе оның көмекшісінің ілесіп жүруінсіз жүргізе алады.
190. Қарауылдарда:
1) бекеттік ведомосқа сәйкес жеке құрамның бар болуы;
2) қарудың бар болуы;
3) қарауылдың жауынгерлік әзірлігі, қарауыл жеке құрамының міндеттерін білуі және оларды іс жүзінде орындауы;
4) қарауылдағы ішкі тәртіп, қару мен оқ-дәрілерді сақтау қағидаларының сақталуын, белгіленген құжаттаманы ресімдеудің және бекеттік ведомосты жүргізу дұрыстығы;
5) қарауылдық үй-жай мен бекеттерді жабдықтаудың осы Жарғыға сәйкес келуі, техникалық күзет құралдарының, байланыс, жарық түсіру құралдарының ақаусыздығы;
6) гауптвахтаны жабдықтау, гауптвахтада ұсталатын әскери қызметшілердің бар болуы және оларды ұстау тәртібі тексеріледі.
191. Сақшылардың қызмет өткеруін тексеретін адамдарға бекеттер бойынша қарауыл бастығы немесе оның көмекшісі (таратушы) қаруланған бір-екі қарауылмен ілесіп жүреді.
Сақшылардың қызмет өткеруін тексеру үшін, сондай-ақ бекетке шақыртқан жағдайда қарауыл бастығына немесе оның көмекшісіне (таратушыға) қаруы оқталған қаруланған бір-екі қарауыл ілесіп жүреді.
192. Тексерушілер (сақшылар бағынысты адамдарды қоспағанда) сақшылардың қызмет өткеруіне оларға ескерту жасамайды, барлық байқалған кемшіліктер туралы олар ілесіп жүретін адамдарға нұсқаулар береді. Тексеру нәтижелері мен өз нұсқауларын тексеруші бекеттік ведомосқа жазады.
Сақшылардың қызмет өткеруін тексеру уақытында бекетке және оған кіреберістерді қадағалауды күшейту үшін оған қарауыл бастығы немесе оның көмекшісі (таратушы) оған ілесіп жүретін қарауылды тартады.
Сақшылардың қызмет өткеруін бекетке жасырын жақын келу, сақшыдан қаруын тартып алуға әрекет жасау жолымен және қайғылы оқиғаларға әкеп соқтыруы мүмкін тәсілдермен тексеруге жол берілмейді.
Жеке орналасқан радиотехникалық (зениттік-зымыран) және басқа
да арнайы бөлімшелердегі объектілерді күзету және қорғау
жөніндегі қарауылдық қызметті ұйымдастыру мен оны өткеру
ерекшелігі
193. Жеке орналасқан радиотехникалық (зениттік-зымыран) және басқа да арнайы бөлімшелердегі объектілерді, қару-жарақ пен әскери техниканы, материалдық құралдарды күзету және қорғау жөніндегі қызметті бөлімшелердің командирлері ұйымдастырады және осы бөлімшелерден тағайындалған штаттық қарумен қаруланған патрульдер, сондай-ақ техникалық күзет құралдарын немесе техникалық күзет құралдарымен бір уақытта патрульдерді пайдалана отырып жүзеге асырылады.
Объектілерді техникалық күзет құралдарымен жабдықтау кезінде олардан сигналдар қабылдау аппаратурасы кезекші жауынгерлік есептоп (ауысым) бастығының немесе бөлімше бойынша кезекшінің бөлмесінде орнатылады және оның қадағалауында болады.
Патрульдер бөлімшенің тәуліктік наряд құрамына кіреді, бөлімше командиріне, жауынгерлік есептоп (ауысым) бастығына, сержантқа (старшинаға) және бөлімше бойынша кезекшіге бағынады және осы Жарғыға және әскери бөлімнің командирі бекіткен нұсқаулыққа сәйкес сақшылар сияқты қызмет өткереді.
194. Бөлімше бойынша кезекшінің және патрульдердің нұсқаулықтарын объектінің сипатын және оны күзетудің шарттарын ескере отырып, әскери бөлімнің штаб бастығы (бөлімше командирі) жасайды.
Объектілерді күзету жөніндегі қызметті әртүрлі бөлімшелердің жиынтық құрамымен ұйымдастырған кезде нұсқаулықтарды жоғары тұрған әскери басқару органының штабы жасайды.
Нұсқаулықтарда: бөлімше бойынша кезекшінің және объектілерді күзету мен қорғау жөніндегі патрульдердің міндеттері; не күзетілуге тиіс; патрульдеу уақыты мен тәртібі; патрульдердің саны, бағдарлардың жекелеген учаскелеріндегі патрульдердің ерекше міндеттері, күзетілетін объектіге шабуыл жасалған, техникалық күзет құралдары өздігінен іске қосылған, төтенше жағдайлар кезінде, жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне келтіруге сигналдар бойынша олардың іс-қимыл тәртібі; қару-жарақ пен әскери техникадан электр-магниттік сәулелену секторы, патрульдердің олардан қорғану тәртібі жазылады; патрульдерге қандай жағдайларда қару қолдануға рұқсат етілетіні, сондай-ақ оқ атудың қауіпті бағыты көрсетіледі; қызмет өткеру туралы баяндау және күзетілетін объектілерге, қару-жарақ пен әскери техникаға, материалдық құралдарға, сондай-ақ күзетілетін аумаққа адамдарды жіберу тәртібі белгіленеді.
Бөлімше бойынша кезекшінің нұсқаулығына әскери бөлімнің (бөлімшенің) командирі бекіткен: патрульдердің қозғалыс сұлбасы; күзетілетін аумаққа жіберілетін, қару-жарақ пен әскери техниканы, материалдық құралдарды алатын немесе сақтау орындарын ашатын адамдардың тізімі; осы Жарғының 122-тармағына сәйкес ресімделген рұқсатнамалардың және мөрлер таңбаларының (пломбалар бедерлемелерінің) үлгілері мен бедерлері қоса беріледі.
195. Патрульдердің қызмет өткеруі үшін уақыт аралықтары мен патрульдердің қозғалыс бағдарларының қайталануын болдырмайтын бірнеше кесте жасалады.
Патрульдеу кестесін бөлімше командирі бекітеді және бөлімше бойынша кезекшіде (қарауыл бастығында) жабық жәшікте сақталады. Әрбір кестені қолдану уақытын бөлімше командирі айқындайды.
196. Патрульдер жауынгерлік патрондармен осы Жарғының 115-тармағына сәйкес қамтамасыз етіледі.
Барлық патрульдер үшін патрондар жарақтандырылған оқжатарларда (оқтізерлерде) бөлімше бойынша кезекшіде құлыпқа жабылатын және бөлімше бойынша кезекші мөр басқан, қаруды сақтауға арналған бөлмеде орналастырылатын металл жәшіктерде сақталады.
Патрульдердің қарулары олар бөлімшеде болған кезде қару сақтауға арналған бөлмеде жеке пирамидада сақталады.
197. Патрульдерді қызмет өткеруге даярлау осы Жарғының 142-145-тармақтарына сәйкес жүргізіледі.
198. Патруль патрульдер қозғалысының сұлбасында көрсетілген бағдар бойынша бөлімшенің (объектінің) орналасуын қарап шығу жолымен қызмет өткереді.
Патрульдер жылжымалы байланыс құралдарымен қамтамасыз етіледі, одан басқа қозғалыс бағдарларында стационарлық байланыс нүктелері орнатылады, олар бойынша патруль бөлімше бойынша кезекшіге (қарауыл бастығына) қызмет өткеру барысы туралы баяндайды.
Күндізгі уақытта патрульдер ыңғайлы орындардан немесе байланыс құралдарымен жабдықталған мұнаралардан қадағалаумен күзетті жүзеге асыруы мүмкін.
199. Патруль:
1) бөлімшенің объектілерін, қару-жарағы мен әскери техникасын, басқа да материалдық құралдарын қырағы күзетуге және жанқиярлықпен қорғауға және ол ауысқанға немесе алынғанға дейін қойылған міндеттерді атқаруды тоқтатпауға;
2) бөлімше бойынша кезекшімен байланыс және қандай да бір бұзушылық немесе объектінің қоршауындағы ақауларды анықтаған кезде, сондай-ақ әртүрлі бұзушылықтар кезінде оны шақырту үшін белгіленген сигналдарды білуге;
3) ол үшін белгіленген кестені және қозғалыс бағдарын қатаң сақтауға;
4) қызмет өткеру уақытында онда осы Жарғының 117-тармағында көрсетілген қағидалар бойынша оқталған қарудың болуына және әрекет жасауға үнемі әзір болуға міндетті.
Патрульге, ол қызмет өткерген уақытта қойылған міндетті орындаудан басқаға көңілін аударуға (ұйықтауға, отыруға, оқуға, жазуға, темекі шегуге, бөгде адамдармен сөйлесуге, табиғи қажеттіліктерін орындауға, біреулерден бір заттар алуға және беруге, қажет болмағанда патронды ұңғылыққа жіберуге) немесе өз міндеттерін атқарудан алаңдауға рұқсат етілмейді.
Патруль, ол бағынатын адамдардың немесе тексеру үшін келген адамдардың сұрақтарына жауап беруге тиіс.
200. Патрульге немесе ол күзететін объектіге шабуыл жасалған жағдайда, сондай-ақ күзетілетін объектінің көрсеткіштерімен белгіленген шекарасына бөгде адам жақындаған кезде патруль осы Жарғының 323-326-тармақтарында көрсетілгендей әрекет етеді.
201. Патрульдердің қызмет өткеруін тексеруді бөлімше командирі, оның орынбасарлары, оның тапсырмасы бойынша адамдар, сондай-ақ оның барлық тікелей бастықтары жүзеге асырады. Одан басқа, тексеруді кезекші жауынгерлік есептоптың (ауысымның), сондай-ақ сержант (старшина) және бөлімше бойынша кезекші жүзеге асырады.
Патрульдердің қызмет өткеруін тексеретін адамдарға бос ауысымның бір патрулімен бөлімше бойынша кезекші ілесіп жүреді.
Тексеру нәтижелері, сондай-ақ сақтау орындарын (қоймаларды) ашу және жабу уақыты кезекшілікті қабылдау және тапсыру кітабына жазылады.
Бөлімше бойынша кезекші, бұл ретте осы Жарғының 189, 190-тармақтарының талаптарын басшылыққа ала отырып, патрульдердің қызмет өткеруін кемінде тәулігіне екі рет (оның ішінде бір рет түнде) тексеруге міндетті.
202. Патрульдерді ауыстыру бөлім бойынша ауысатын кезекшінің қатысуымен, сақшыларды ауыстыруға сәйкес (осы Жарғының 164-169-тармақтары) бөлім бойынша кезекші нарядты ауыстыру уақытында, кейіннен – әрбір ауысымға бөлім бойынша кезекші белгілеген кестеге сәйкес, рұқсаттама және кері шақырту бойынша дербес жүргізіледі.
203. Кезекті патрульді қызмет өткеруге жіберер алдында бөлімше бойынша кезекші белгілеген тәртіпке сәйкес оған қару мен патрондарды береді, қаруды қолдану тәртібіне ерекше көңіл бөле отырып, нұсқаулар береді, қаруды оқтау және оғын алу үшін алаңға шығарады және оның дұрыс оқталуын тексереді.
204. Патруль патрульдеу бағдарынан оралғаннан кейін белгіленген сигналмен қаруды оқтау және оғын алу үшін алаңға бөлімше бойынша кезекшіні шақыртады, оған патрульдеу нәтижелері, бекеттердің жай-күйі және жасалған ауыстырулар туралы баяндайды, оның қадағалауымен қарудың оғын алады, одан кейін қару мен оқжатарлардағы (оқтізерлердегі) патрондарды кезекшіге тапсырады. Қару мен патрондарды тапсыру және қабылдау туралы бөлімше бойынша кезекші қару мен оқ-дәрілерді беру кітабында тиісті жазба жасайды.
205. Патрульдерді ауыстыру туралы бөлімше бойынша кезекші кезекшілікті қабылдау және тапсыру кітабына жазба жасайды.
206. Патрульдердің демалу тәртібі мен орнын осы Жарғының 177, 179-тармақтарына сәйкес орналасу шарттарына байланысты бөлімше командирі айқындайды.
Гауптвахтада қарауылдық қызметті ұйымдастыру және оны атқару ерекшелігі
Жалпы ережелер
207. Гауптвахта – әскери қызметшілерді заңды негізде қоғамнан уақытша оқшаулауды қамтамасыз ететін, әскери полиция органдары жанында жабдықталған үй-жай.
Гауптвахта жанындағы қарауыл құрамына қарауыл бастығы, шығарушылар мен қарауылдар тағайындалады, қарауыл бастығының көмекшісі мен таратушы тағайындалуы мүмкін.
Қарауыл бастығы пистолетпен, қарауылдар – автоматтармен қаруланады, шығарушы арнайы құралдармен қарулануы мүмкін.
Сыртқы және ішкі күзет бекеттерінің саны мен оларды орналастыру Қарулы Күштер, басқа да әскерлер мен әскери құралымдар әскери полициясының бастықтары бекітетін бекеттер табельдерімен белгіленеді.
Қызмет өткеру және қару қолдану тәртібі осы Жарғының және Ішкі қызмет жарғысы 10-11-тармақтарының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
208. Гауптвахтада:
1) сот қаулысымен айқындалған мерзімге әкімшілік тұтқынға ұшыраған;
2) тергеуші немесе анықтау органдары (ішкі істер органдары, ұлттық қауіпсіздік органдары, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, әскери полиция органдары, мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдары, экономикалық тергеу қызметі, әскери полиция органы болмаған жағдайда, шекара бөлімдерінің командирлері, әскери бөлімдердің командирлері) қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік бойынша ұстаған әскери қызметшілер – жетпіс екі сағаттан аспайтын мерзімге;
3) қылмыстық іс жүргізу заңнамасына сәйкес оларға қатысты қамауда ұстау түріндегі жазалау таңдалған;
4) сот үкімімен айқындалған мерзімге гауптвахтада ұстаумен тұтқынға алу түріндегі қылмыстық жазалауға сотталған;
5) сот үкімі заңды күшіне енгенге және оларды жазаны орындау органдарына жібергенге дейін бас бостандығынан айыруға сотталған адамдар ұсталады.
209. Гарнизондар әскери полиция органдарының бастықтары уақытша ұсталған әскери қызметшілерді үй-жайға:
1) масаң күйде болғандарды медициналық қызметкер куәландырған сауығу уақытынан бастап, үш сағаттан аспайтын мерзімге;
2) ішкі істер және әскери полиция органдары қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін ұсталғандарды – үш сағаттан аспайтын мерзімге қамауға алады.
Әскери полиция органдарының бастығы жоғарыда көрсетілген іс-қимылдарды Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері, басқа да әскерлері мен әскери құралымдары Гарнизондық және қарауылдық қызметтер жарғысының 240-244-тармақтарына қатаң сәйкестікте іске асырады.
Әскери қызметшілерді гауптвахтаға жіберу
және оларды күзету (ілесіп жүру)
210. Ұсталған әскери қызметшілер ұстау хаттамасының көшірмесімен гауптвахтаға жіберіледі.
Әскери қызметшілерге қатысты әкімшілік тұтқынға алу қолданылған адамдар гауптвахтаға әкімшілік тұтқынға алуды қолдану туралы сот қаулысымен жіберіледі.
Әскери қызметшілерге қатысты күзетте ұстау түрінде жолын кесу шарасы таңдалған адамдар гауптвахтаға Қылмыстық-процестік кодекске сәйкес шығарылған қаулымен жіберіледі.
Гауптвахтада ұстауға сотталған әскери қызметшілер гауптвахтаға үкімнің көшірмесімен, оны орындау туралы өкіммен жіберіледі.
Бас бостандығынан айыруға сотталған әскери қызметшілер гауптвахтаға үкім заңды күшіне енгенге дейін сот үкімінің көшірмесімен жіберіледі.
211. Әскери қызметшілерді гауптвахтаға жіберу үшін әскери полиция органы бастығының (гарнизон бастығының) бұйрығы бойынша көлік құралы бөлінеді (17-қосымша).
212. Гауптвахтада ұсталатын әскери қызметшілер (әкімшілік қамаққа алуға тартылған әскери қызметшілерден басқа) гауптвахта шегінен тыс жерлерге (прокуратураға, сотқа, тергеу әрекеттерін іске асыру үшін және басқа да жағдайлар бойынша) штаттық қарумен және арнайы құралдармен қаруланатын айдауылдың күзетуімен көлік құралымен жіберіледі.
Күзеттің құрамы мен тәртібін күзету шарттарын және айдауылдау бағдарларын зерделеу негізінде әскери полиция органының бастығы (әскери бөлімнің командирі) айқындайды.
Ілесіп жүрушілер (күзетшілер) қаруды "қарубауға" күйінде, көлік құралында жүрген кезде – тізелерінің арасында ұстауға тиіс.
213. Гауптвахтада ұсталатын әскери қызметшілерді елді мекендерде жаяу тәртіппен айдауылдауға, сондай-ақ қалалық және қала маңына баратын көлікпен алып жүруге жол берілмейді.
Достарыңызбен бөлісу: |