Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының жалпыәскери жарғыларын бекіту туралы


Уақытша ұсталған адамдарға арналған үй-жай



бет140/195
Дата02.01.2022
өлшемі0.64 Mb.
#452088
1   ...   136   137   138   139   140   141   142   143   ...   195
5. Жалпы Әскери Жарғылар - әскери қызметтің құқықтық негізі - 02.08.21

Уақытша ұсталған адамдарға арналған үй-жай


      240. Уақытша ұсталған адамдарға арналған үй-жай – санитариялық талаптарға және әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығына қатерді, сондай-ақ оны өз еркімен тастап кету мүмкіндігін болдырмайтын жағдайларға жауап беретін арнайы бейімделген:

      1) көлік қатынасы болмаған кезеңде қылмыстық құқық бұзушылықтар жасағаны немесе күдік тудырғаны үшін;

      2) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерімен көзделген басқа да жағдайларда әскери қызметшілерді, ұсталған адамдарды белгілі уақыт ішінде мәжбүрлеп ұстауға арналған үй-жай.

      241. Барлық ұсталғандар олар бойынша әскери полиция органының бастығы (әскери бөлімнің командирі) шешім қабылдағанға дейін, бірақ Қазақстан Республикасының заңнамасымен көзделген мерзімнен артық емес, уақытша ұсталған адамдарға арналған үй-жайда ұсталады.

      242. Уақытша ұсталғандарға арналған үй-жайда ұсталатын әскери қызметшілерді гауптвахталар жанындағы қарауылдар немесе арнайы бөлінген наряд күзетеді.

      243. Уақытша ұсталғандарға арналған үй-жайға жеткізілген әскери қызметшілерді гауптвахта бастығы, ал ол болмағанда қарауыл бастығы (әскери бөлім бойынша кезекші) қабылдайды және уақытша ұсталғандарға арналған үй-жайға қамауға алынған әскери қызметшілерді есепке алу журналына жазба жасалады.

      Ұсталған әскери қызметшілерді қабылдай отырып, гауптвахта бастығы (қарауыл бастығы, әскери полиция органы бойынша кезекші, әскери бөлім бойынша кезекші) олардың заттары мен киім-кешегін толық тексеруді жүргізеді, үй-жайда ұстауға тыйым салынатын белдіктерді, бауларды, заттар мен құндылықтарды, сондай-ақ барлық қызметтік құжаттарды алады. Қару мен оқ-дәрілерді, құжаттарды, тыйым салынатын заттарды, заттар мен құндылықтарды алғаны туралы хаттама жасалады, оған гауптвахта бастығы (қарауыл бастығы, әскери полиция органы бойынша кезекші, әскери бөлім бойынша кезекші) және ұсталғанды жеткізген адамдар, сондай-ақ ұсталғанның өзі қол қояды.

      Құжаттарды ресімдеу тәртібі әскери қызметшілерді гауптвахтаға қабылдау кезіндегі сияқты жүргізіледі.

      Уақытша ұсталғандарға арналған үй-жайға мас күйде жеткізілген әскери қызметшілер хаттамаға айыққаннан кейін қол қояды.

      Уақытша ұсталғандарға арналған үй-жайға қабылдау кезінде барлық әскери қызметшілерді медициналық қызметкер тексеруге тиіс, ол туралы ұсталғандардың кітабына тиісті жазба жасалады.

      244. Уақытша ұсталғандарға арналған үй-жайдың есігі құлыпқа жабылады және ұсталғандарды сенімді күзетуді және оларды ұдайы қадағалауды қамтамасыз етуге тиіс. Уақытша ұсталғандарға арналған үй-жайдың кілттері қарауыл бастығында (әскери полиция органы бойынша кезекшіде, әскери бөлім бойынша кезекшіде) сақталады.

      Үй-жайда құлыпқа жабылатын төсек-сәкілер, үстелдер, орындықтар мен түкіргіштер болуға тиіс.


Әскерлерді тасымалдау кезінде әскери эшелондардың қару-жарағы
мен әскери техникасын, материалдық құралдарын күзету жөніндегі
қарауылдық қызметті ұйымдастыру және оны өткеру ерекшеліктері


      245. Теміржол, теңіз және өзен көлігімен әскери эшелондармен тасымалданатын әскерлердің қару-жарағы мен әскери техникасын, материалдық құралдарын оларда тасымалданатын әскери бөлімдерден (бөлімшелерден) тағайындалған қарауылдар күзетеді.

      Әскери эшелонды күзету және оған ілесіп жүру үшін қарауыл тасымалдайтын әскери бөлім командирінің бұйрығымен тағайындалады және әскери эшелонның құрамына және тасымалдау шарттарына байланысты айқындалады.

      246. Әскери эшелонның қарауылы адамдарды тасымалдау үшін жабдықталған вагонда (кеме үй-жайында) немесе жолаушылар вагонының жеке купесіне орналастырылады. Осы вагонда (кеме үй-жайында) Жауынгерлік Ту жанына бекет орналастырылады. Жауынгерлік Тумен бірге күзетуде ақша жәшігі және құпия құжаттары бар жәшік болуы мүмкін.

      Бекеттермен сымды (радио) байланыс ұйымдастырылады.

      247. Әскери эшелонның бағдарлық парағын, қарауылдар нарядының ведомосын, бекеттерге табельдер мен қарауыл бастығына нұсқаулықты әрбір әскери эшелонға жеке әскери бөлімнің штабы әзірлейді, әскери бөлімнің командирі бекітеді және тасымалдауға даярлық кезінде әскери эшелон бастығына беріледі.

      248. Қарауылды тарату және оны ауыстыру тәртібін, орнын, уақытын әскери эшелон бастығы айқындайды. Бірінші ауысымның сақшыларын қою, қарауылды ауыстыру және алу әскери эшелон бойынша кезекшінің немесе оның көмекшісінің қатысуымен жүргізіледі.

      Сақшыларды ауыстыру тоқтауларға және мүмкіндігіне байланысты: жазғы уақытта – әрбір 2 сағат сайын, қыс кезінде – 1 сағат сайын жүргізіледі.

      249. Қарауыл бастығы әскери эшелон бастығына, эшелон бойынша кезекшіге және оның көмекшісіне бағынады. Осы Жарғымен көзделген жалпы міндеттерді орындаудан басқа, ол:

      1) әскери эшелон бойынша кезекшінің қатысуымен, бұл ретте есіктер мен люктердің сенімді жабылуын, вагон шанақтарының ақаусыздығын және пломбалардың тұтастығын тексере отырып, тасымалданатын бөлімшелердің командирлерінен немесе ауысатын қарауыл бастығынан күзетуге жататын қару-жарақ пен әскери техниканы, материалдық құралдарды, сондай-ақ вагондарды (кеме үй-жайларын, палубаларды) (есеп бойынша) қабылдауға;

      2) қару-жарақ пен әскери техниканың, материалдық құралдардың дұрыс бекітілуін, орындар санын, орамының дұрыстығын, бүркемелеу үшін кенептер бауларының сенімділігін, есіктер мен люктердің сенімді жабылуын, сондай-ақ пломбалардың тұтастығын тексеруге; анықталған кемшіліктерді жоюды талап етуге;

      3) әскери эшелон бойынша кезекші көрсеткен пойыздың тоқтаулары кезінде сақшыларды ауыстыруға; егер сақшыларды ауыстыру үшін пойыздың тұру уақыты жеткіліксіз болса, онда ауыстыруды пойыздың келесі тоқтауына дейін тоқтатуға;

      4) сергек ауысымның қарауылдар құрамынан қосымша сақшыларды бөле отырып, тоқтауларда әскери эшелонның күзетін күшейтуге;

      5) оларды жіберу әскери эшелон бойынша кезекшінің рұқсатымен жүзеге асырылатын тиісті лауазымды адамдардың көлігінен басқа, күзетілетін вагондарға (палубаларға және кеме үй-жайларына) қандай да бір бөгде адамдардың кіруіне жол бермеуге;

      6) күзетілетін вагондардың қозғалыс бөліктерін (кемеде – кеме үй-жайларын, палубалық тетіктерді қарап тексеру) және жүктің дұрыс бекітілуін қарап тексеру және жөндеу үшін көлік қызметкерлерін таратушының немесе сақшының қадағалауымен жіберуге;

      7) өрт шығу, қозғалыс қауіпсіздігіне (платформалардағы техниканың жылжуы, танк мұнараларының, артиллериялық жүйе ұңғыларының бұрылуы, ыдыстың дұрыс еместігі, жүктің ағып кетуі және тағы басқа), материалдық құралдардың сақталуына қатер төндіретін қандай да бір нәрсе анықталған жағдайларда пойызды тоқтату шараларын шұғыл қабылдауға және оқиға туралы әскери эшелон бойынша кезекшіге (кемеде – вахталық офицерге немесе вахталық капитанға хабарлауға) баяндауға;

      8) белгіленген пунктке келгеннен кейін әскери эшелон бойынша кезекшінің қатысуымен вагондарды (кемеде – кеме үй-жайлары мен палубаларды) теміржол (порт) өкілдеріне, ал күзетілетін қару-жарақ пен әскери техниканы, материалдық құралдарды – әскери эшелон бөлімшелері командиріне немесе жүкті алушыларға тапсыруға және одан әрі әскери эшелон бойынша кезекшінің нұсқауы бойынша әрекет етуге міндетті.

      250. Пойыздың қозғалысы уақытында сақшылар бекеттерге табельге сәйкес қарауыл орналасатын вагонда немесе жақын вагонда орналастырылады. Тоқтаған уақытта сақшылар күзетілетін вагондардың екі жағына сапқа тұрғызылады, бұл ретте әрбір сақшыға вагондардың бір жағын күзету тапсырылады. Кеме қозғалысы уақытында сақшылар палубалардағы (қондырмалардағы) күзетілетін қару-жарақ пен әскери техника, материалдық құралдар жанына немесе кеме үй-жайлары жанына; тұрақта – палубаларға, әрбір борт жанына, траптар жанына, ал қажет болған кезде – айлақта (жағалауда) орналастырылады.

      251. Сақшы осы Жарғының 317-329-тармақтарында көзделген талаптарды орындаудан басқа:

      1) бекетті қабылдау кезінде қару-жарақ пен әскери техниканың, материалдық құралдардың платформаларға және шағын вагондарға (кеме палубаларында және кеме үй-жайларында) дұрыс бекітілуін, орындар санын, орамының дұрыстығын, оларды бүркемелеу үшін кенептер бауларының сенімділігін, сондай-ақ жабық вагондар (кеме үй-жайы) есіктеріндегі пломбалардың тұтастығын сырттай қарап тексеру арқылы тексеруге;

      2) жол жүруде және тоқтауларда күзетілетін вагондарды (палубаларды, кеме үй-жайын) мұқият қадағалауға;

      3) өрт шыққан, қозғалыс қауіпсіздігіне немесе қару-жарақ пен әскери техниканың, материалдық құралдардың сақталуына қатер төндіретін бір нәрсе анықталған жағдайда ол туралы байланыс құралдары арқылы қарауыл бастығына шұғыл хабарлауға, тоқтату кранымен пойызды тоқтатуға шаралар қабылдауға, ал ол болмаған кезде қызыл жалауша ұстаған қолын созып (түнде – қызыл түсті қолшаммен) шеңбер жасаумен немесе аспанға оқ атумен тоқтату сигналдарын беруге (кемеде – вахталық офицерге, вахталық капитанға хабарлауға);

      4) қарауыл бастығының рұқсатынсыз күзетілетін вагондарға (палубаларға және кеме үй-жайларына), сондай-ақ тасымалданатын машиналардың кабиналары мен шанақтарына бөгде адамдардың кіруіне жол бермеуге;

      5) тек қарауыл бастығының немесе таратушының рұқсатымен күзетілетін вагондардың қозғалыс бөлігін (кемеде – кеме үй-жайларын, палубалық тетіктерді қарап тексеру үшін) қарау әрі жөндеу және жүкті бекіту үшін көлік қызметкерлерін жіберуге; жұмыс уақытында оларды қадағалауға міндетті.

      252. Қарауыл бастығы, әдетте, пойыздың (кеменің) қозғалысы уақытында таратушымен немесе қарауылдардың бірімен кезектесе отырып демалады.

      Қарауылдар қарауыл бастығының рұқсатымен кезекпен демалады.

Әскери жүктерді, оларды тасымалдау кезінде күзету жөніндегі
қарауылдық қызметті ұйымдастыру және оны өткеру ерекшеліктері


      253. Әскери жүктер бар көліктерді күзету мен қорғауды әскери бөлімдерден тағайындалған қарауылдар жүзеге асырады.

      Қарауыл тиеу (жөнелту) пунктінен қарауыл бастығына көрсетілген түсіру пунктіне дейін ауыспай қызмет өткереді.

      254. Оларды тасымалдау кезінде қарауылдың күзетуіне жататын әскери жүктердің тізбесі, сондай-ақ қарауыл құрамы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабы бастығының және басқа да әскерлер мен әскери құралымдар тиісті басшыларының бұйрықтарымен айқындалады.

      255. Қарауыл жабдықталған жабық немесе арнайы ілесіп жүретін вагонда (кеме үй-жайында, әуе кемесі салонында) орналасады. Теміржол қызметкерлеріне вагонда орнату үшін алынбалы-салынбалы әскери жабдық беріледі. Жеке құрамды жылыту және тамақ дайындау үшін пеш өрт қауіпсіздігі талаптарын орындаумен орнатылады.

      Қарауылдың қаруы мен оқ-дәрілері сенімді бекітпелермен және мөр қоюға арналған айла-бұйыммен жабдықталған металл жәшікте сақталады. Жәшік құлыпқа жабылады, қарауыл бастығы мөр қояды. Жәшікке қызыл бояумен көлденең "Әскери" деген жазу жазылады.

      Пойыз (кеме) жүріп келе жатқан уақытта сақшыларды орналастыру, тоқтаулар уақытында әскери жүктерді күзетуді күшейту және сақшыларды ауыстыру осы Жарғының 248-250-тармақтарында көрсетілгендей жүргізіледі.

      Әуе көлігімен тасымалданатын әскери жүктерді күзету кезінде сақшылар: ұшу уақытында – салондарда; әуежайда (әуеайлақта) – әуе кемесі жанына орналасады.

      256. Әскери бөлімнің командирі қарауыл бастығына:

      1) іссапар куәлігін;

      2) қарауыл жеке құрамының тізімімен және куәліктің сыртқы жағында қару түрін, нөмірін және берілген оқ-дәрілер санын көрсетумен оны қарауыл бастығы етіп тағайындау туралы, беткі жағында әскери бөлімнің командирі қол қойған және елтаңбалы мөрмен расталған, сыртқы жағында әскери бөлімнің штаб бастығы қол қойған және елтаңбалы мөрмен расталған белгіленген нысандағы куәлікті;

      3) қару мен оған оқ-дәрілерді, оларды сақтау үшін металл жәшікті, сондай-ақ мөр басуға арналған металл мөрді;

      4) елтаңбалы мөрмен расталған, нұсқау берілгені туралы жазбасы бар бекеттік ведомосты;

      5) бару-қайту жолына азық-түлікті және азық-түлікке аттестаттарды (әрбір қарауылға бөлек);

      6) іссапар шығыстарына ақшалай қаражатты;

      7) радиоқабылдағышты;

      8) тамақ дайындау мен ішуге арналған, сондай-ақ ауызсуды сақтауға арналған ыдыстарды;

      9) бекеттік киім жиынтықтарын, іш киімнің қосымша жиынтықтарын (бір жиынтық 7 тәулікке есебінен), қарауылдың барлық жеке құрамына төсек-орын керек-жарақтарын (бір тәуліктен артық жол жүру кезінде);

      10) медициналық қобдишаны;

      11) қызыл түсті қолшамды және сигнал беретін қызыл жалаушыларды;

      12) әскери тасымалдау құжаттарын (әрбір қарауылға жеке) немесе әскери бөлімге қайтып оралу үшін ақшалай қаражатты, Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың басшылары бекіткен әскери жүктерді күзету және оған ілесіп жүру жөніндегі нұсқаулықтарға (ережелерге) сәйкес басқа да құжаттар мен мүлікті беруді қамтамасыз етуге міндетті.

      257. Арнайы білімнің болуын талап ететін жүктерді тасымалдау кезінде әскери атағы мен тегі бекеттік ведомосқа енгізілетін офицерлер (мамандар) қатарынан ілесіп жүруші тағайындалады.

      Ол жөнелту станциясынан белгіленген станцияға дейін қарауылмен бірге бір вагонда болады.

      258. Қарауылды жөнелту алдында әскери бөлім бойынша кезекші қарауылдың құрамын және қамтамасыз етілуін, олардың өз міндеттерін білуін, қару-жарақ пен оқ-дәрілердің жай-күйін, әрбір қарауылдың сыртқы келбетін тексереді.

      Қарауылдың әзірлігі туралы әскери бөлім бойынша кезекші әскери бөлімнің командиріне (штаб бастығына) баяндайды.

      Әскери бөлімнің командирі (штаб бастығы): қарауылды қарап тексеруді жүргізеді, оның қамтамасыз етілгенін тексереді және қарауылға нұсқаулар береді, оның ішінде жол жүргенде қару мен оқ-дәрілерді сақтау қағидалары, қауіпсіздік шараларының, атап айтқанда электрленген теміржол учаскелерінде қауіпсіздік шараларының, өртке қарсы қорғану талаптарын орындау туралы нұсқаулар береді; жауынгерлік міндетті орындауға бұйрық береді; қажет болған жағдайларда көлік құралын бөле отырып, қарауылдың жүкті қабылдау орнына уақтылы келуін қамтамасыз етеді.

      259. Әскери жүкті жөнелтуші:

      1) жүру жолында жүкті күзету үшін келген қарауылды қарсы алуға, орналастыруға, жеке құрамды ыстық тамақпен және медициналық көмекпен, сондай-ақ оның қаруы мен оқ-дәрілерінің сақталуын қамтамасыз етуге;

      2) жылжымалы құрамдағы бекетті арнайы қоршаумен жабдықтауға;

      3) қажет болған кезде қарауылдың жеке құрамын орналастыру үшін тағайындалған вагонда қалқалар орнатуға;

      4) қарауылға арнайы қарауыл вагоны берілген кезде оны сапасы дұрыс ауызсумен толтыруға, отынмен және жарық түсіру құралдарымен қамтамасыз етуге;

      5) теміржол (теңіз, өзен) учаскесінің және станциясының (порттың), әуежайдың әскери комендантын көліктің жөнелтілуге әзірлігі туралы хабардар етуге міндетті.

      260. Қарауылды шаруашылық жұмыстарға, жылжымалы құрамға техниканы тиеуге және оны бекітуге тартуға жол берілмейді.

      261. Қарауыл бастығы көліктің жүру жолы бойынша теміржол (теңіз, өзен) учаскелерінің және станцияларының (порттарының), әуежайлардың әскери коменданттарына және жүкке ілесіп жүретін офицерге бағынады. Кеме көлігіндегі қарауыл бастығы кеме капитанына (кеме күн тәртібі мәселелері бойынша және авариялар болған кезде) бағынады.

      Жалпы және осы Жарғының 249-тармағында көрсетілген міндеттерді орындаудан басқа қарауыл бастығы:

      1) әскери жүкті жөнелтушіге қарауылмен бірге тиеуге дейін 3 сағаттан кешікпей келуге және оған өзінің қарауыл бастығы болып тағайындалғаны туралы куәлікті көрсетуге;

      2) әскери жүкті жөнелтушіден вагондар (кеме үй-жайлары, әуе кемесінің салондары) және платформалардағы және шағын вагондардағы (кеме палубасындағы) жекелеген орындар тізімдемесінің, оларда жүкті көлік жағдайына келтіру туралы жазба жасаумен, екі данасын, бекеттерге табельді, жүктің ерекшеліктері, оны тасымалдау және тапсыру шарттары туралы нұсқаулықтарды және нұсқауларды алуға;

      3) қарауылдың жеке құрамына алда тұрған жүкті күзету тәртібі мен ерекшеліктері туралы, сондай-ақ жүру жолында қауіпсіздік шараларының талаптарын орындау туралы нұсқаулар беруге; әскери көліктің нөмірін және белгіленген пунктті хабарлауға;

      4) бекеттер табеліне сәйкес сақшыларды қоюға және олардың ауысым тәртібін белгілеуге;

      5) жүктерді тасымалдаудың белгіленген қағидаларының сақталуын қадағалауға;

      6) теміржол (теңіз, өзен) учаскелерінің және станцияларының (порттарының), әуежайлардың әскери коменданттарына станцияға (портқа), әуежайға қарауылдың келгені туралы, қабылдау және күзетуге қабылданған жүктің жай-күйі туралы, болған оқиғалар, тасымалдау қағидаларын бұзушылықтар, жолдағы кідірістер туралы, азық-түлік, отын, жарық түсіру, жеке құрамды санитариялық өңдеу құралдарын, тағайындалған пунктке көліктің келгені және алушыға жүкті тапсырғаны туралы баяндауға;

      7) құрамды қайта құрған кезде барлық күзетілетін вагондардың оған енгізілуін қадағалауға;

      8) теміржол қызметкерлерінен тізімдеме бойынша және қол қойғызып алмалы-салмалы әскери жабдықты қабылдауға, тасымалдау аяқталғаннан кейін оны тапсыруға;

      9) қарауылға арналған вагонда (кеме үй-жайында, әуе кемесінің бортында) тәртіп пен тазалықты сақтауға және өрт қауіпсіздігінің талаптарын орындауға;

      10) жүк алушыда жүкті алуға құжаттардың болуын тексеруге және тізімдеме бойынша, вагондарды (кеме үй-жайларын, әуе кемесінің салондарын) жіберушінің пломбасымен және платформаларда және шағын вагондарда (кеме палубаларында, әуе кемесінің салонында) тасымалданатын жүк орнының саны бойынша, ал техниканы – есебі бойынша оған тапсыруға; жүкті алушының қолын қойғызып, елтаңбалы мөрмен расталған тізімдеменің бір данасын өзіне қалдыруға;

      11) жолаушылар пойыздарында (кемелерінде) жүрген кезде, сондай-ақ вокзалдарда (порттарда, әуежайларда) болған кезде қару мен оқ-дәрілердің сенімді күзетілуін қамтамасыз етуге міндетті.

      262. Өрт шыққан, қозғалыс (ұшу) қауіпсіздігіне немесе жүктің сақталуына қатер төндіретін бір нәрсе анықталған жағдайларда қарауыл бастығы өртті сөндіруге немесе бұзушылықтарды жоюға барлық қажетті шараларды қабылдауға міндетті. Оны қарауыл күшімен және пойыз бригадасымен (кеме командасымен, әуе кемесінің экипажымен) жасауға мүмкін болмаған кезде қарауыл бастығы әскери комендант арқылы, ал ол болмағанда – станция (порт, әуежай) бастығы арқылы қажетті көмекті шақыртады.

      263. Вагон, ол әрі қарай жол жүре алмайтындай бұзылған жағдайда жөндеу аяқталғанға немесе жүкті ақаусыз вагонға қайта тиегенге дейін қарауылдың күзетінде болатын барлық көлік уақытша тоқтатылады. Жүру жолында әскери көліктің вагондарын ағытуға рұқсат етілмейді. Жүкті басқа вагонға қайта тиеген жағдайда қарауыл бастығы теміржол әкімшілігінен екі данада акті жасауды және оны теміржол учаскесі әскери қатынастар комендатурасының әскери комендантында немесе станция бастығында куәландыруды талап етуге міндетті. Белгіленген пунктке келгеннен кейін қарауыл бастығы жүкті алушыға қайта тиелген вагонға актінің екінші данасына қолын қойғызып тапсырады.

      264. Қарауыл бастығы теміржол (теңіз, өзен) учаскелерінің және станцияларының (порттарының), әуежайлардың әскери коменданттарынан басқа біреулерге күзетілетін вагондарға (кеме үй-жайларына, әуе кемесінің салондарына) тізімдемені беруге рұқсат етілмейді.

      265. Сақшылар осы Жарғының 250-251-тармақтарына сәйкес орналастырылады және әскери жүктерді күзету жөніндегі өз міндеттерін орындайды.

      266. Қарауылдың жеке құрамы осы Жарғының 252-тармағында мазмұндалған нұсқауларға сәйкес демалады.

      267. Әскери бөлімнің командирі (жүкті алушы):

      1) қарауылды келген уақытынан бастап 8 сағаттан кешіктірмей босатуға, жүкті қабылдағаны туралы қарауыл бастығының тізімдемесіне қол қоюға және елтаңбалы мөрмен растауға;

      2) қару мен оқ-дәрілердің сақталуын, қарауыл жеке құрамының орналасуын және демалуын, қажет болған кезде оның санитариялық өңделуін қамтамасыз етуге;

      3) егер қажет болса қарауылды азық-түлікпен толық қамтамасыз етуге;

      4) қарауылды теміржол станциясына (портқа, әуежайға) жеткізуге және оны өз әскери бөліміне жіберуге міндетті.

      268. Қарауылды ауыстыру Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабы бастығының және басқа да әскерлері мен әскери құралымдары тиісті басшыларының бұйрығы бойынша жүргізіледі.

      Жаңа қарауыл келгенге дейін көлікті уақытша күзетуді ұйымдастыру көлік тоқтатылған аумақтағы гарнизон бастығына (әскери бөлімнің командиріне) жүктеледі.

      269. Қарауыл бастығы өз әскери бөліміне қайтып оралғаннан кейін жауынгерлік міндеттің орындалғаны және қарауыл жеке құрамының қызметті өткергені туралы әскери бөлімнің штаб бастығына (командиріне) баяндауға; кетерде алған қаруын, оқ-дәрілер мен мүлікті тапсыруға және ақшалай қаражаттың жұмсалуына, әскери тасымалдау құжаттарына және азық-түлікке есеп беруге; жүкке ілесіп жүру жөніндегі құжаттарды тапсыруға міндетті.

      270. Автомобиль көлігімен тасымалданатын жүктерді күзету осы Жарғының 253-258-тармақтарына сәйкес жүзеге асырылады. Тасымалдау шарттарына және жүктердің маңыздылығына байланысты бір бекет 10 автомобильге дейін қамтуы мүмкін.

      Қарауыл өз міндеттерін орындау үшін байланыс құралдарымен қамтамасыз етіледі.

      Қарауыл бастығы лек бастығына және көлікке ілесіп жүретін офицерге, ал егер ілесіп жүруші тағайындалмаса – жүктерді тасымалдау үшін тағайындалған автомобиль бөлімшесінің командиріне бағынады.

      271. Қозғалыс уақытында сақшылар бекет құрамына кіретін автомобильдер шанақтарына (кабиналарына): бірі – бас жағындағы, басқасы – ортасындағы, ал үшіншісі – соңғы автомобильге орналастырылады.

      Лектердің тоқтаулары уақытында сақшылар лектің екі жағында бола тұрып, көліктің күзетін атқарады.

      Қозғалыс уақытында қысқа тоқтауларда сақшылар қызметті бір уақытта, ал ұзақ тоқтауларда – ауысым бойынша атқарады.

      Сақшы:

      1) тасымалданатын жүктің сақталуын қадағалауға және қозғалыс жақтары бойынша қадағалау жүргізуге;

      2) қарауыл бастығының рұқсатынсыз бөгде адамдардың автомобильдерге өтуіне жол бермеуге;

      3) қажет болған жағдайда автомобиль жүргізушілеріне және қарауыл бастығына белгіленген сигналдарды беруге;

      4) лектің тоқтаулары уақытында күзетілетін жүктерді ұдайы қадағалауға, оларға бөгде адамдарды жібермеуге, бекеттер табелінде көрсетілген арақашықтықта шылым шегуге және от жағуға рұқсат етпеуге;

      5) қарауыл бастығының рұқсатымен әскери қызметшілерді автомобильдерді жөндеуге жіберуге міндетті.


Қарауыл адамдарының құқықтары мен міндеттері. Қарауыл бастығы
Жалпы міндеттер


      272. Қарауыл бастығы қарауылға тапсырылған объектілерді күзетуге және қорғауға, қарауыл жеке құрамының жауынгерлік әзірлігіне, олардың қызметті дұрыс өткеруіне, бекеттердегі және қарауылдық үй-жайдағы техникалық күзет құралдарының, қоршаулардың, байланыс және өрт сөндіру құралдарының, көлік құралдарының сақталуына және оны дұрыс пайдалануға, сондай-ақ тізімдемеге сәйкес қарауылдық үй-жайда тұрған қаруға, оқ-дәрілер мен басқа да мүлікке жауап береді.

      273. Қарауыл бастығы өзі немесе қарауыл құрамымен күзетілетін объектілерге, қарауылға, қарауылдық үй-жайға шабуыл жасалған жағдайларда немесе қашып бара жатқан әскери қызметшілерге (әкімшілік қамаққа алуға тартылған әскери қызметшілерден басқа), сондай-ақ дабыл сигналын беру немесе көмек шақырту үшін қару (арнайы құралдар) қолданады.

      Қаруды қолданар алдында дауыстап немесе оны қолдану ниеті туралы жоғары оқ атып ескертуге тиіс.

      Ескертусіз қару кенеттен немесе қарулы шабуыл, жауынгерлік техниканы, көлік құралдарын, ұшу аппараттарын, теңіз және өзен кемелерін пайдаланумен шабуыл жасау кезінде, сондай-ақ қамауға алынған адамдар қарумен қашқан кезде және олардың қозғалысы кезінде көлік құралдарынан қолданылуы мүмкін.

      274. Қарауыл бастығы:

      1) қарауылдың міндеттерін, қарауыл бастығының нұсқаулығын және қарауылдың барлық адамдарының міндеттерін білуге;

      2) қарауылдың жеке құрамынан олардың өз міндеттерін анық білуін және нақты орындауын, жоғары қырағылық пен тәртіпті талап етуге;

      3) тізімдеме бойынша ауысатын қарауыл бастығынан құжаттарды, оқ-дәрілері бар жәшіктерді, олардағы мөрлер мен оларға кілттерді, сондай-ақ техникалық күзет құралдарын, байланыс және өрт сөндіру құралдарын қабылдауға;

      4) нұсқаулықта көрсетілген күзетілетін анағұрлым маңызды объектілердің жай-күйін, олардың жарық түсіруінің, қоршаулары мен жертасалардың дұрыстығын, сондай-ақ қарауылдық үй-жайдың және гауптвахтаның жай-күйін ауысатын қарауыл бастығымен бірге, ал таратушылар немесе өз көмекшісі арқылы қалған күзетілетін объектілердің жай-күйін өзі сыртынан қарап тексеруге; қарауылды қабылдау кезінде жойылуы мүмкін емес, бірақ объектілерді сапалы күзетуді қамтамасыз етуге ықпал етпейтін бекеттерде және күзетілетін объектілер қоршауларында анықталған барлық ақауларды бекеттік ведомосқа жазуға;

      5) объектіні (бекетті) сенімді күзетуді қамтамасыз етуге ықпал ететін кемшіліктер анықталған жағдайда объектіні (бекетті) күзетуді шұғыл күшейтуге, ол туралы қарауылдар (әскери бөлім) бойынша кезекшіге баяндауға, одан әрі оның нұсқауы бойынша әрекет етуге;

      6) бекеттерге ауысымдарды белгіленген уақытта жіберуге, бұл ретте таратушылардың және қарауылдардың өз міндеттерін білуін тексеруге және оларға әрбір бекетте қызмет өткеру ерекшеліктерін ескертуге;

      7) резервтегі (бақылау-күзету) топтардың ұдайы жауынгерлік әзірлігін, қарауыл көлік құралының, байланыс құралының ақаусыздығын, қарауыл жеке құрамының қару мен оқ-дәрілерді ақаусыз ұстауын, қаруды оқтау, оғын алу қағидаларының сақталуын, бұл ретте қауіпсіздік талаптарының орындалуын, сондай-ақ бекеттерге жіберілетін қарауылдың барлық адамдарының қарауылдық үй-жайда тұтандыратын, шылым шегу керек-жарақтары мен бөгде заттарын қалдырып кетуін қадағалауға;

      8) осы Жарғының 174-185-тармақтарының талаптарына сәйкес қарауылда ішкі тәртіпті ұстауға;

      9) бекеттерден әрбір ауысым қайтып оралғаннан кейін қарауылдың жеке құрамына резервтегі топтарға жауынгерлік есеп жүргізуге, күзетілетін объектілерге немесе қарауылдық үй-жайларға шабуыл жасалған жағдайға және нұсқаулықта мазмұндалған нұсқауларға сәйкес өрт сөндіру жағдайына оларға тапсырмалар қоюға және олардың іс жүзіндегі іс-қимылын тексеруге;

      10) кемінде тәулігіне екі рет (оның ішінде түнде бір рет) сақшылардың қызмет өткеруін, күзетілетін объектілердің және қоршаулардың жай-күйін, байланыс және өрт сөндіру құралдарының ақаусыздығын өзі тексеруге, осы мақсаттар үшін бекеттік ведомоста ол туралы жазба жасай отырып, өз көмекшісін және таратушыны кезең-кезеңімен жіберуге;

      11) сақшы шақыртқан немесе одан белгіленген уақытта қызмет өткеру туралы баяндау түспеген жағдайда таратушыны (өз көмекшісін) жіберуге немесе бекетке өзі келуге;

      12) қарауылдық үй-жайға, бұл ретте осы Жарғының 282, 283-тармақтарын басшылыққа ала отырып, оған құқығы бар адамдардан басқа ешкімді кіргізбеуге;

      13) ұсталған күдікті адамдардың және өткізу режімін бұзумен объектіге өтіп кетуге әрекет жасаған адамдардың жеке басын анықтауға, қысқаша сауал жүргізуге қоюға, ал қажет болған кезде толық тексеруге, олар туралы қарауылдар (әскери бөлім) бойынша кезекшіге баяндауға;

      14) офицерлердің әскери бөлім бойынша кезекші бөлмесіндегі жеке қарулары тұратын шкафтарды күзету дабылының рұқсат етілмеген өздігінен іске қосылу себебін анықтауға, ал қажет болған кезде ол жерге өз көмекшісін (таратушыны) жіберуге;

      15) қарауылдар (әскери бөлім) бойынша кезекшінің немесе оның көмекшісінің рұқсатымен бөлімнің медициналық пунктіне немесе жақын жердегі емдеу мекемесіне қарауыл құрамындағы сырқаттанғандарды жіберуге және қарауылдар (әскери бөлім) бойынша кезекшіден оны ауыстыруды талап етуге; қысқы уақытта жеке құрамның үсікке шалдығуының алдын алу жөнінде шаралар қабылдауға;

      16) сақшының қару қолданған әрбір жағдайын сол жерде анықтауға және жедел қарауылдар (әскери бөлім) бойынша кезекшіге ол туралы баяндауға міндетті.

      275. Егер сақшыны ауыстырған кезде бекетте қандай да бір ақау анықталатын болса, қарауыл бастығы шақырту бойынша бекетке келеді және ақаудың сипаты мен себептерін анықтап, қарауылдар (әскери бөлім) бойынша кезекшіге баяндайды, одан әрі оның нұсқауы бойынша әрекет етеді.

      276. Қарауыл құрамынан біреуі өз міндеттерін орындамаған немесе өзге де теріс қылық жасаған кезде қарауыл бастығы қажетті шараларды (бекеттен алу, қаруды, оқ-дәрілерді алу және тағы басқа) қабылдайды және шұғыл қарауылдар (әскери бөлім) бойынша кезекшіге ол туралы баяндайды.

      Егер жасалған теріс қылықтың сипаты бойынша әскери қызметші одан әрі қызмет өткеруге жіберілмейтін болса, онда ол қарауылдар (әскери бөлім) бойынша кезекшінің бұйрығы бойынша оны басқа әскери қызметшімен ауыстыру үшін қарусыз және оқ-дәрілерсіз әскери бөлімге (бөлімшеге) жіберіледі. Оған әскери бөлімнен (бөлімшеден) осы мақсат үшін шақыртылған адам ілесіп жүреді. Теріс қылықты анықтау бөлімшеде жүргізіледі.

      277. Егер қарауыл бастығы кенеттен сырқаттанса, онда ол туралы қарауылдар (әскери бөлім) бойынша кезекшіге баяндайды және оның нұсқауы бойынша әрекет етеді.

      Таратушының біреуі кенеттен сырқаттанған кезде қарауыл бастығы оның міндеттерін өз көмекшісіне жүктейді немесе оларды өзі орындайды және ол туралы қарауылдар (әскери бөлім) бойынша кезекшіге баяндайды.

      278. Қарауыл бастығы мынадай жағдайларда қарауылды:

      1) күзетілетін объектілерге, сақшыларға, қарауылдар ауысымына (бақылау-күзету тобына) немесе қарауылдық үй-жайға шабуыл жасалған;

      2) техникалық күзет құралдары рұқсат етілмеген өздігінен іске қосылған;

      3) қамауға алынғандар арасында тәртіпсіздік туындаған немесе олардың қашып кетуінің алдын алу үшін;

      4) күзетілетін объектілерде немесе қарауылдық үй-жайда өрт шыққан немесе табиғи және техногендік сипаттағы басқа да жағдайлар туындаған;

      5) жауынгерлік әзірліктің жоғары деңгейіне келтіруге сигнал алған;

      6) қарауылды тексеретін адамдардың бұйрығы бойынша (осы Жарғының 186-187-тармақтары);

      7) жалпыбригадалық (жалпыполктік) кешкі тексеру өткізген кезде "қаруға" шақыруға міндетті.

      Қарауылды "қаруға" шақыру үшін қарауыл бастығы "Қарауыл, ҚАРУ-ҒА" командасын береді. Осы команда бойынша қарауылдың жеке құрамы осы Жарғының 180-тармағында көрсетілгендей әрекет етеді.

      279. Күзетілетін объектілерге, сақшыларға немесе қарауылдық үй-жайға шабуыл жасалған кезде қарауыл бастығы нұсқаулыққа сәйкес әрекет етеді және жағдайға байланысты шабуылға тойтарыс беруге шаралар қабылдайды; шабуыл жасалғаны туралы қарауылдар (әскери бөлім) бойынша кезекшіге шұғыл баяндайды.

      Қажет болған жағдайда қарауыл бастығы жауынгерлік патрондар, гранаталар мен тұтандырғыштар қоры бар жәшікті ашады. Кейіннен оқ-дәрілерді жәшіктерден алғаны туралы акті жасайды.

      280. Егер күзетілетін объекті (бекет табелінде көрсетілген арақашықтықтан жақын) немесе қарауылдық үй-жай маңында қоғамдық тәртіп бұзылса немесе қарауылдың қойылған міндеттерді сенімді орындауының төмендеуіне қатер төнсе, қарауыл бастығы қарауылдың күшімен тәртіпті қалпына келтіруге шаралар қабылдайды және ол туралы қарауылдар (әскери бөлім) бойынша кезекшіге шұғыл баяндайды.

      281. Күзетілетін объектілерде немесе қарауылдық үй-жайда шыққан өртті сөндіруді қарауыл бастығы жауынгерлік есепке сәйкес резервтегі қарауыл тобының күшімен ұйымдастырады; мүлікті сақтап қалуға шаралар қабылдайды; болған оқиға туралы қарауылдар (әскери бөлім) бойынша кезекшіге шұғыл баяндайды және одан әрі оның нұсқауы бойынша әрекет етеді.

      Күзетілетін объектінің техникалық аумағында немесе ішкі және сыртқы қоршауы бар объектіде, сондай-ақ оның жанында өрт шыққан кезде қарауыл бастығы ол туралы қарауылдар (әскери бөлім) бойынша кезекшіге шұғыл баяндайды және оның нұсқауы бойынша әрекет етеді.

      Жанар-жағар май материалдарын немесе жарылғыш заттарды (оқ-дәрілерді) сақтау объектісінде өрт шыққан жағдайда қарауыл бастығы қарауылдар (әскери бөлім) бойынша кезекшіге баяндайды, объектіні ашады және жауынгерлік есепке сәйкес өрт сөндіруге шаралар қабылдайды.

      Егер күзетілетін объектіге төтенше жағдайлар қатері төнсе, қарауыл бастығы ол туралы қарауылдар (әскери бөлім) бойынша кезекшіге баяндайды және күзетілетін мүлікті сақтап қалуға шаралар қабылдайды.

      Өміріне төтенше жағдайлар қатері төнген сақшыларға қарауыл бастығы күзетілетін объектілерді қадағалауды жалғастыра алатын қауіпсіз орындарға ауысуға бұйрық береді, ал қатер өткен соң оларды бұрынғы орындарына қояды.

      282. Қарауыл бастығы қарауылдық үй-жайға тек қарауыл бағынатын адамдарды (осы Жарғының 109-тармағы) және олар ілесіп жүретін адамдарды, сондай-ақ қарауыл тағайындалған бөлімше командирін, оның орынбасарларын және, егер ол олардың түрін білетін болса, бөлімше командирінің барлық тікелей бастықтарын кедергісіз кіргізеді. Осы адамдардың қарауылдық үй-жайға келгені туралы қарауыл бастығы қарауылдар (әскери бөлім) бойынша кезекшіге баяндайды. Одан басқа, қарауыл бастығы қарауылдық үй-жайда күзетілетін объектілерді ашу (жабу) үшін келген адамдарды, олардың жеке басын және келу мақсатын анықтағаннан, күзетілетін объектіні ашуға (жабуға) құқық беретін тізіммен рұқсаттаманы және тиісті мөрдің (пломбаланған бедерлерінің) бар болуын салыстырғаннан кейін кіргізеді.

      Осы Жарғының 187-тармағында аты аталған бастықтардың тапсырмасы бойынша қарауылды тексеру үшін келген адамдар қарауылдық үй-жайға, егер қарауыл оған бағынатын болса, тек қарауылдар (әскери бөлім) бойынша кезекшінің немесе оның көмекшісінің (әскери бөлім бойынша кезекші көмекшісінің) ілесіп жүруімен жіберіледі.

      Ішкі қарауылды тексеру үшін келген өз әскери бөлімінің офицерлері қарауылдық үй-жайға жеке басының куәлігі және онда тиісті уақыты көрсетілген қарауылды тексеруге құқық беретін біржолғы куәлік бойынша жіберіледі.

      Дұрыс ресімделмеген құжаттармен келген адамдарды қарауыл бастығы ұстайды, олар туралы қарауылдар (әскери бөлім) бойынша кезекшіге шұғыл баяндайды және оның нұсқауымен әрекет етеді.

      Қарауылды тексеруге келген адамдардан басқа, қарауылдық үй-жайға әрбір жіберу туралы қарауыл бастығы бекеттік ведомосқа жазба жасайды.

      Қарауылдарды ауыстыру уақытында қарауылдық үй-жайға және күзетілетін объектілерге, қарауылды тексеру үшін келген адамдардан басқа, жіберілім жүргізілмейді.

      283. Қарауыл бағынатын адамдар немесе олардың тікелей бастықтары, ал гарнизондық қарауылға, сондай-ақ өз әскери бөлімінің командирі қарауылға келгеннен кейін қарауыл бастығы оларға баяндайды, мысалы: "Генерал-майор мырза, қызмет өткеру уақытында оқиғалар болған жоқ. Қарауыл бастығы аға лейтенант Шоқпаров".

      Қарауыл бастығы баяндаған кезде қарауылдық үй-жайдағы қарауылдың сергек ауысымы өз бетімен саптық қалыпты қабылдайды.

      Қарауылдық үй-жайға қарауыл бастығының әскери атағымен тең немесе атағы бойынша одан үлкен басқа адамдар келген жағдайда қарауыл бастығы келгенге жақындайды және өзін таныстырады, мысалы: "Майор мырза, қарауыл бастығы капитан Егізбаев", одан кейін осы Жарғының 282-тармағында көрсетілгендей әрекет етеді.

      284. Қарауыл бағынатын бастықтардың атынан басқа адамдар арқылы берілетін бұйрықтар алған кезде қарауыл бастығы осы адамдардан парольді сұрауға міндетті. Алынған бұйрықтың дұрыстығына күмәнданған жағдайда қарауыл бастығы, ол ыңғайлы деп тапқан кез келген тәсілмен берілген бұйрықтың дұрыстығын тексереді.

      285. Жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне келтіру сигналы жарияланған кезде қарауыл бастығы қарауылды "қаруға" шақырады, таратушылар мен қарауылдарға тапсырма қояды (нақтылайды), бекеттер мен қарауылдық үй-жайлардың күзетін күшейтеді; сақтау орындары (қоймалары) бастықтарының күзетілетін объектілерді жылдам ашуын қамтамасыз етеді; өткізілген іс-шаралар, қарауылдың ауысуға әзірлігі туралы қарауылдар (әскери бөлім) бойынша кезекшіге баяндайды және оның нұсқауы бойынша әрекет етеді.

      286. Қарауыл бастығына:

      1) сақшыларды ауыстыру, олардың қызмет өткеруін тексеру үшін немесе олардың шақыруы бойынша, сондай-ақ күзетілетін объекті маңында оқиға немесе төтенше жағдайлар болған жағдайдан басқа, қарауылдық үй-жайдан кетуге; қарауылдық үй-жайдан кеткен кезде ол өзінің орнына көмекшісін, ал ол болмаған жерде – таратушыны немесе қарауылдардың біреуін қалдырады;

      2) телефон арқылы өзі қызметпен байланысты емес сөйлесуге немесе қарауылдың басқа адамдарына оған рұқсат етуге;

      3) қарауылдар (әскери бөлім) бойынша кезекшінің рұқсатынсыз қарауыл құрамынан біреулерді жіберуге;

      4) қарауылдар (әскери бөлім) бойынша кезекшінің рұқсатынсыз бекеттік ведомоста көзделген сақшыларды ауыстыру тәртібін өзгертуге;

      5) қарауылдар (әскери бөлім) бойынша кезекшінің рұқсатынсыз оларды жөндеу және ақауларын жою үшін сигнал беру құралдарын өшіруге;

      6) қарауыл үшін бөлінген көлік құралдарын мақсатсыз пайдалануға тыйым салынады.

Қарауыл бастығының әскери бөлімнің Жауынгерлік Туын
күзету жөніндегі ерекше міндеттері


      287. Қарауыл бастығы өз әскери бөлімінің Жауынгерлік Туын және егер олар қарауылға күзетке тапсырылған болса, басқа да әскери бөлімдердің жауынгерлік туларын күзетуге жауап береді.

      Қарауылды ауыстырған кезде ол ауысатын қарауыл бастығынан Жауынгерлік Туды мөрленген тыста немесе мөрленген шыны шкафта, бұл ретте тыстың (шкафтың) және мөрдің дұрыстығын тексере, оның бедерлемесімен мөрді салыстыра отырып өзі қабылдап алуға міндетті. Тыстың (шкафтың) және мөрдің дұрыстығына көзі жеткеннен кейін ол таратушыға және бекетке түсетін қарауылға Жауынгерлік Туды күзетуге қабылдап алуға бұйрық береді.

      288. Жауынгерлік Туды қарауыл бастығы тек әскери бөлім штабының бастығына немесе оның көмекшісіне (орынбасарына), олар Жауынгерлік Туды шығарудың әрбір жағдайына әскери бөлімнің командирі қол қойған рұқсатнаманы ұсынғаннан кейін береді.

      Бірнеше әскери бөлімнің жауынгерлік тулары бірге сақталған кезде қарауыл жарақтандырылған әскери бөлімнің командирі қол қойған рұқсатнама ол берілетін бөлімнің өтінімі және Жауынгерлік Туды шығару туралы бұйрықтан үзінді-көшірме негізінде беріледі.

      Жауынгерлік Туды берер алдында қарауыл бастығы техникалық байланыс құралдары арқылы қарауылдар бойынша кезекшіден (әскери бөлім бойынша кезекшіден) жауынгерлік туларды күзету бойынша бекетті ашуға рұқсатының болуын нақтылайды.

      Штаб бастығы немесе оның көмекшісі (орынбасары) тысын алады және қарауыл бастығының қатысуымен бекеттер табеліне сәйкес матаның, ордендердің, орден ленталарының, баулардың, шашақтардың, ұштығының, сабының бар болуын және жай-күйін тексереді және Жауынгерлік Туды қабылдайды, одан кейін қарауыл бастығы бекеттік ведомосқа жазба жасайды, мысалы: "2007 жылғы 25 қаңтарда 12 сағат 45 минутта Кутузов және Отан ордендері мен оларға орден ленталары бар 00000 әскери бөлімінің Жауынгерлік Туы № 50 рұқсатнамаға сәйкес штаб бастығы подполковник Қ.Ж. Қанафинге берілді".

      Қарауыл бастығы мен Жауынгерлік Туды қабылдаған офицер осы жазбаның астына қолдарын қояды. Қарауыл бастығы жазбаша рұқсатнаманы өзіне қалдырады.

      289. Жауынгерлік Ту қарауылдың күзетуіне қайтып берілген кезде қарауыл бастығы бекеттер табеліне сәйкес матаның, ордендердің, орден ленталарының, баулардың, шашақтарының, ұштықтың, сабының бар болуын және жай-күйін тексереді және ту ұстаушының немесе ассистенттерінің Жауынгерлік Туды дұрыс орауын қадағалайды. Жауынгерлік Туды тыспен қаптағаннан (Жауынгерлік Ту шкафқа қойылғаннан) және тысына (шкафқа) елтаңбалы мөр басылғаннан кейін қарауыл бастығы онда бар бедерлемемен мөрді салыстырады және таратушыға және сақшыға Жауынгерлік Туды күзетуге қабылдап алуға бұйрық береді. Жауынгерлік Туды күзетуге қабылдап алғаннан кейін қарауыл бастығы қандай ордендер мен орден ленталарын және қанша санында қабылдағанын көрсетумен бекеттік ведомосқа тиісті жазба жасайды; одан кейін қарауыл бастығы мен Жауынгерлік Туды тапсырған офицер осы жазбаның астына қолдарын қояды.

      Қарауылды ауыстырғаннан кейін жазбаша рұқсатнама бекеттік ведомоспен бірге тапсырылады.

      Егер Жауынгерлік Туды бергеннен кейін сақшы бекеттен алынатын болса, онда оны бекеттен алу туралы және осы бекетке қайта қою туралы бекеттік ведомосқа жазба жасалады.

      290. Жауынгерлік Ту жанындағы бекетке қатер (өрт немесе зілзала) төнсе қарауыл бастығы өзі Жауынгерлік Туды сақтап қалуға шаралар қабылдайды және оның жаңа орында күзетілуін ұйымдастырады.

Қарауыл бастығының техникалық күзет құралдарымен жабдықталған
объектілерді күзету жөніндегі ерекше міндеттері


      291. Техникалық күзет құралдарымен жабдықталған объектілерді күзететін қарауыл бастығы осы Жарғының 272-286-тармақтарында көзделген жалпы міндеттерін орындаудан басқа:

      1) техникалық күзет құралдарының сигналдарын қабылдау аппаратурасы жанындағы кезекшілікті атқару кестесін жасауға және бекеттік ведомоста есеп жүргізуге;

      2) сигналдарды қабылдау аппаратурасы жанындағы қарауыл бастығының техникалық күзет құралдары жөніндегі көмекшісінің (оператордың) қызмет өткеруін бақылауға;

      3) кестеге сәйкес техникалық күзет құралдарының ақаусыздығын өзі тексеруге және осы мақсатпен қарауыл бастығының техникалық күзет құралдары жөніндегі көмекшісін жіберуге;

      4) сақшыларды қоюмен, осы құралдармен жабдықталған объектілерді күзету және қорғау кезінде техникалық күзет құралдарының сигналдарын қабылдау аппаратурасына бақылауды жүзеге асыруға міндетті.

      292. Бақылау-күзету топтарының кезекшілігі тәсілімен объектіні күзететін қарауылды ауыстыру кезінде жаңа қарауыл бастығы, осы Жарғының 149, 150-тармақтарында жазылғаннан басқа, жауынгерлік есепті жүргізеді, объектіні өзі қабылдайды және қарауыл бастығының техникалық күзет құралдары жөніндегі көмекшісімен (операторымен) бірлесіп, техникалық күзет құралдарының ақаусыздығын тексереді.

      Егер қарауыл құрамына операторлар ауысымы тағайындалса, қарауыл бастығы жауынгерлік есеп жүргізеді, құжаттаманы және техникалық күзет құралдарының сигналдарын қабылдау аппаратурасын қабылдау үшін оператор тағайындайды, ал одан кейін оператормен және ауысатын қарауыл бастығымен бірге объектіні күзетуге қабылдайды. Объектіні қабылдау уақытында жаңа қарауыл бастығы аппаратураны қабылдайтын оператормен техникалық күзет құралдарының жай-күйіне байланысты барлық мәселелерді шешеді.

      293. Объектілік анықтау құралдарымен жабдықталған объектілерді күзетуге қабылдау кезінде қарауыл бастығы (оның көмекшісі немесе таратушысы) объектіні қабылдайды және қарауыл бастығының техникалық күзет құралдары жөніндегі көмекшісімен (оператормен) бірлесіп, күзет құралдарының ақаусыздығын тексереді.

      Одан кейін күзет құралдары іске қосылады, ал қарауыл бастығы ол туралы бекеттік ведомосқа жазба жасайды. Объектіні ашқаннан және бекеттік ведомосқа тиісті жазба жасалғаннан кейін, осы Жарғының 299-тармағында көрсетілгендей, күзет дабылдамасының және анықтаудың объектілік құралдары өшірілуі мүмкін.

      Өрт дабылдамасының техникалық құралдары тәулік бойы қосулы тұрады, ол қарауыл ауысқан кезде жазбамен расталады.

      294. Техникалық күзет құралдары рұқсат етілмеген өздігінен қосылған жағдайда қарауыл бастығы қарауылды "қаруға" шақырады, ол туралы қарауыл (әскери бөлім) бойынша кезекшіге хабарлайды және жағдайды анықтау және объектінің сенімді күзетілуін қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қабылдау үшін бақылау-күзету (резервтегі) тобымен жедел кетеді немесе тиісті таратушыны және техникалық күзет құралдары жөніндегі көмекшіні (операторды) жібереді.

      Өрт дабылдамасының техникалық құралдары бойынша өрт туралы сигнал алған кезде қарауыл бастығы қарауылды "қаруға" шақырады және осы Жарғының 281-тармағында көрсетілгендей әрекет етеді.

      295. Техникалық күзет құралдары істен шыққан кезде қарауыл бастығы қарауылдар (әскери бөлім) бойынша кезекшіге шұғыл баяндайды және қарауыл бастығына нұсқаулықта жазылған нұсқауларға сәйкес объектінің күзетін күшейтеді.

Қарауыл бастығының штабтарды, басқару пункттері
мен мекемелерді күзету жөніндегі ерекше міндеттері


      296. Штабтарды, басқару пункттері мен мекемелерді күзету жөніндегі қарауыл бастығы осы Жарғыда көзделген жалпы міндеттерді орындаудан басқа:

      1) өткізу жүйесін; рұқсаттамалардың, жеке басын куәландыратын құжаттардың сипаты мен қолдану уақытын; бекеттер арқылы әскери қызметшілерді, азаматтық персоналды, келушілер мен көлік құралдарын өткізу тәртібін білуге;

      2) бекет арқылы рұқсаттамасыз бұзушы өтіп кеткен (бұзып өткен) кезде қарауылды "қаруға" шақыруға;

      3) рұқсаттама режімін бұзумен объектіге (объектіден) өтуге әрекет жасаған адамдарды ұстауға шаралар қабылдауға міндетті.


Қарауыл бастығының сақтау орнына (қоймаларға, парктерге) жіберу
және оларды күзетуге қабылдау кезіндегі ерекше міндеттері


      297. Қарауылдың күзетінде болатын сақтау орындарына (қоймаларға, парктерге) жіберу кезінде қарауыл бастығы:

      1) техникалық байланыс құралдары арқылы қарауылдар (әскери бөлім) бойынша кезекшіден осы объектіні ашуға рұқсатының болуын, сондай-ақ ашу уақыты мен мақсатының, объектіні ашу үшін келген адамның лауазымы мен тегінің сәйкестігін анықтауға;

      2) ұсынылған рұқсатнаманың қарауылдық үй-жайда болатын үлгімен сәйкес келуін салыстыруға және келушінің жеке басын куәландыратын құжатты тексеруге;

      3) келген адамның тегі мен лауазымының қарауылдық үй-жайда болатын тізіммен сәйкес келуін салыстырып тексеруге (осы Жарғының 122-тармағы);

      4) ұсынылған мөрді (пломбаланған бедерлерді) қарауылдық үй-жайдағы мөр таңбасының (пломба бедерлемесінің) үлгісімен салыстырып тексеруге міндетті.

      Сақтау орнын (қойманы, паркті) ашу және жабу үшін рұқсатнама ресімдеу барысында осы мақсатпен келген адам қарауылдық үй-жайдың тамбурында болады және басқа бөлмелерге жіберілмейді.

      298. Егер барлық ұсынылған құжаттар, сондай-ақ мөр (пломбаланған бедерлер) үлгілермен сәйкес келсе, қарауыл бастығы таратушыға келгенді сақтау орнын (қойманы, паркті) ашуға (жабуға) жіберуге бұйрық береді.

      Ұсынылған рұқсатнаманы қарауыл бастығы өзіне қалдырады. Қарауыл ауысқаннан кейін біржолғы рұқсатнама бекеттік ведомоспен бірге тапсырылады, ал тұрақты рұқсатнама объектіні қарауылдың күзетуіне өткізгеннен кейін ұсынушыға қайтарылып беріледі.

      Қарауыл бастығы сақтау орындарына (қоймаларға, парктерге) жіберуді бекеттер табелінде көрсетілген талаптарды нақты орындаумен рұқсат етеді.

      Өрт қаупі бар сақтау орындарына (қоймаларға, парктерге) жіберуді қарауыл бастығы бекеттер табелінде көрсетілген тәртіппен арнайы аяқкиімде, керосин қолшамдарынсыз, оқ ату және суық қаруынсыз, шылым шегу және тұтандыру керек-жарақтарынсыз рұқсат етеді.

      Сақтау орнын (қойманы, паркті) күзетуге қабылдауды қарауыл бастығы тек жабу үшін келген адамда өрт жетоны бар болған кезде жүзеге асырады.

      299. Сақтау орнын (қойманы, паркті) ашқан және жапқан кезде қарауыл бастығы ол туралы бекеттік ведомоста жазба жасайды және сақтау орнын (қойманы, паркті, ақша жәшігін) ашу (жабу) үшін келген адаммен бірге осы жазбаның астына қолдарын қояды.

      Қарауыл ауысқанға дейін қандай да бір сақтау орны (қойма, парк) күзетуге тапсырылмаған жағдайда ол туралы жаңа бекеттік ведомоста, сондай-ақ оның астына ауысқан және жаңа қарауыл бастықтары қолдарын қоятын жазба жасалады, ал рұқсатнама жаңа қарауыл бастығына беріледі.

      300. Сақтау орнын (қойманы, паркті) бір сағаттан артық емес ашқан кезде қарауыл бастығы сақшыны бекетке қалдырады, ал сақтау орнын (қойманы, паркті) бір сағаттан астам уақытқа ашқан кезде бекеттер табелінде бар нұсқауларға сәйкес әрекет етеді.

      Сақтау орнын (қойманы, паркті) ашқан уақытта сақшыны алғаны туралы және оны қайтадан осы бекетке қойғаны туралы қарауыл бастығы бекеттік ведомоста тиісті жазба жасайды.

      301. Қарауыл бастығы сақтау орнына (қоймаға, паркке) кіруге мынадай жағдайларда:

      1) егер осы сақтау орнын (қойманы, паркті) ашу қарауылдар (әскери бөлім) бойынша кезекшідегі қарауыл күзететін объектілерді ашуға нарядтарда ресімделмесе;

      2) егер рұқсатнамада аты аталған адам тағайындалған күні және сағатта емес немесе тиісті құжаттарсыз келсе;

      3) егер тізімде немесе рұқсатнамада көрсетілген адамның орнына басқа адам келсе;

      4) егер рұқсатнама немесе жеке басын куәландыратын құжат дұрыс ресімделмесе, сондай-ақ мөрдің бедерге (пломбалау бедерлерінің пломба бедерлемесіне) немесе рұқсатнама үлгісіне сәйкес келмеген кезде рұқсат етпейді.

      Барлық аталған жағдайларда қарауыл бастығы келгенді ұстайды, ол туралы бекеттік ведомоста жазба жасайды, қарауылдар (әскери бөлім) бойынша кезекшіге баяндайды және алдағы уақытта оның нұсқауы бойынша әрекет етеді.

      302. Қарауылдың күзетінде болатын парктерге немесе жауынгерлік машиналардың (қару-жарақ пен әскери техниканың) тұрақ орындарына жіберу осы Жарғының 297-301-тармақтарының нұсқауларына сәйкес жүргізіледі.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   136   137   138   139   140   141   142   143   ...   195




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет