Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының жалпыәскери жарғыларын бекіту туралы



бет178/195
Дата02.01.2022
өлшемі0.64 Mb.
#452088
1   ...   174   175   176   177   178   179   180   181   ...   195
5. Жалпы Әскери Жарғылар - әскери қызметтің құқықтық негізі - 02.08.21

1. Жалпы ережелер


      1. Әскери тәртіп – әскери қызметшілердің заңдармен, жалпыәскери жарғылармен, басқа да нормативтік құқықтық актілермен және командирлердің (бастықтардың) бұйрықтарымен (өкімдерімен) белгіленген қағидаларды қатаң және нақты сақтауы.

      2. Әскери тәртіп әскерлердің жауынгерлік әзірлігін қамтамасыз ететін басты шарттардың бірі болып табылады.

      Әскери тәртіп әрбір әскери қызметшінің өз әскери борышын және өз Отаны – Қазақстан Республикасын қорғауға деген жеке жауапкершілігін сезінуіне, өз халқына шексіз адалдығына негізделеді.

      3. Командирлер (бастықтар) заңнаманың, жалпыәскери жарғылардың, жоғары тұрған әскери басқару органдарының командирлері (бастықтары) бұйрықтарының (өкімдерінің) талаптарын қатаң басшылыққа ала отырып, әскери бөлімдерде, корабльдерде және бөлімшелерде әскери тәртіпті күнделікті ұстауға міндетті.

      Бастық деп, егер осы Жарғымен өзгелер белгіленбеген болса, Келісімшарт жасау, әскери қызметшілерді және әскери міндеттілерді әскери лауазымдарға тағайындау, ауыстыру, босату, шығару, сондай-ақ оларға Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы айқындайтын әскери атақты беру туралы бұйрықтар шығаруға құқығы бар лауазымды адамдар тізбесінде көрсетілген Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарының лауазымды адамы түсініледі.

      4. Әскери тәртіп әрбір әскери қызметшіні:

      1) Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға;

      2) әскери анттың, жалпыәскери жарғылардың, командирлер (бастықтар) бұйрықтарының талаптарын нақты орындауға;

      3) әскери қызметтің қиындықтарынан табандылықпен өтуге;

      4) қырағы болуға, мемлекеттік құпияларды қатаң сақтауға;

      5) командирлерге (бастықтарға) және бір-біріне құрмет көрсетуге, әскери сәлемдесу мен әскери сыпайылылық қағидаларын сақтауға;

      6) әділ болуға, әскери істі адал зерделеуге және сеніп тапсырылған қару-жарақты, әскери техника мен әскери мүлікті күтіп-ұстауға;

      7) өзін абыроймен ұстауға, өзі лайықсыз қылық жасамауға және басқалардың оны жасауына жол бермеуге, азаматтардың ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғауға жәрдемдесуге міндеттейді.

      5. Әскери тәртіпке:

      1) әскери қызметшілерді патриоттық, әскери, адамгершілік және рухани тұрғыдан тәрбиелеумен, оларда жоғары моральдық-психологиялық және жауынгерлік қасиеттерді, командирлерге (бастықтарға) саналы түрде бағынуды қалыптастырумен;

      2) әрбір әскери қызметшінің өз міндеттерін, заңнаманың және жалпыәскери жарғылардың талаптарын орындауға жеке жауапкершілігімен;

      3) әскери бөлімде (бөлімшеде) жарғылық тәртіпті ұстаумен, күн тәртібін және қызмет уақытының регламентін қатаң сақтаумен;

      4) жауынгерлік даярлықты нақты ұйымдастырумен және оған жеке құрамды толық қамтумен;

      5) командирлердің (бастықтардың) жеке үлгі-өнеге көрсетуімен және бағыныстыларға әскери қызмет міндеттерін олардың тиісті орындауы үшін күнделікті талап қоюымен, олардың орындаушылығын ұдайы бақылаумен, әскери қызметшілердің құқықтары мен жеке қасиеттерін құрметтеумен, оларға үнемі қамқорлық жасаумен, көтермелеу, сендіру, мәжбүрлеу және ұжымның қоғамдық ықпал ету шараларын шебер үйлестірумен және дұрыс қолданумен;

      6) әскери бөлімде (бөлімшеде) әскери қызмет өткеру қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жағдайлар, қажетті материалдық-тұрмыстық жағдайлар жасаумен қол жеткізіледі.

      6. Тәртіптік жауапкершілік – әскери қызметшілердің, олар әскери қызмет міндеттерін атқару кезінде тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін жауапты болатын жауапкершілік түрі.

      7. Әскери қызметшінің тәртіптік теріс қылығы (бұдан әрі – теріс қылық) – бұл әскери қызметшінің әскери тәртіпті бұзумен сипатталатын іс-қимылы (әрекеті немесе әрекетсіздігі). Теріс қылық жеңіл, елеулі және ауыр болып бөлінеді.

      Елеулі және ауыр теріс қылықтардың түрлері осы Жарғыға 1-қосымшада көрсетілген. Осы қосымшада көрсетілмеген теріс қылықтар жеңілдер санатына жатады.

      8. Тәртіптік жаза (бұдан әрі – жаза) – әскери қызметшілерге, олар теріс қылықтар жасағаны үшін осы Жарғыға сәйкес осындай құқығы бар командирдің (бастықтың) билігімен қолданылатын тәртіптік жауапкершілік шарасы.

      9. Көтермелеу – әскери қызметшіні тәрбиелеудің және әскери тәртіпті нығайтудың маңызды құралы болып табылатын оның қызметтік істерін оң бағалау.

      10. Қызметтік карточка – әскери қызметшінің көтермелеулері мен жазалары туралы мәліметтерді көздейтін белгіленген нысандағы қатаң есептілік құжат (2-қосымша).

      Қызметтік карточка әскери бөлімнің штабында тіркеледі және әскери қызметшіні ауыстырған кезде жеке ісімен бірге жаңа қызмет орнына жолданады.

      11. Қызметтік тексеру – оқиғаның, теріс қылық жасаудың немесе өтініште көрсетілген фактілердің мән-жайын жан-жақты, толық және объективті түрде зерттеу.

      12. Әскери қызметшілерді тәртіптілікке тәрбиелеудің негізгі әдісі сендіру әдісі болып табылады.

      13. Әскери бөлімдегі (бөлімшедегі) әскери тәртіптің жай-күйіне жалпыәскери жарғыларға сәйкес командир (бастық), оның орынбасарлары және міндеттер мен тәртіптік құқықтар берілген басқа да лауазымды адамдар жауап береді. Олар бағыныстылардан оны сақтауды талап етуге, лайықтыларды көтермелеуге, бұзушыларды қатаң, бірақ әділ жазалауға міндетті.

      Жарғылық тәртіпті және заңнама, жалпыәскери жарғылар, командирлер (бастықтар) бұйрықтарының талаптарын сақтауға қажетті жағдайларды қамтамасыз етпеген, құқық бұзушылықтардан сақтандыру жөнінде шаралар қабылдамаған, оларды жасыруға жол берген командир (бастық) ол үшін осы Жарғыда және заңнамада белгіленген жауапкершілікте болады.

      14. Әскери бөлімде (бөлімшеде) әскери тәртіпті ұстау мақсатында командир (бастық):

      1) бағыныстылардың жеке қасиеттерін зерделеуге, олардың арасында достықты нығайтуға, әскери қызметшілер арасындағы жалпыәскери жарғыларда айқындалған өзара қарым-қатынас қағидаларын қолдауға, әскери ұжымды шоғырландыруға;

      2) жеке құрамның моральдық-психологиялық қасиеттерін білуге, бағынысты командирлердің (бастықтардың) талаптарды, әскери тәртіпті нығайту міндеттері мен тәсілдерін бірыңғай түсінуіне қол жеткізуге, жеке құрамның жоғары моральдық-психологиялық жай-күйін қамтамасыз ету жөніндегі олардың қызметіне басшылық жасауға, бағыныстыларды тәртіптік практиканы дұрыс қолдануға үйретуге;

      3) құқықтық насихатты ұйымдастыруға және құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша жұмыс жүргізуге;

      4) анықталған әскери қызмет өткеру қағидаларын бұзуларды дереу жоюға шаралар қабылдауға;

      5) бағынысты әскери қызметшілердің әскери тәртіпті сақтауын қамтамасыз ететін барлық шараларды қабылдауға;

      6) бағыныстыларды заңнаманың, әскери анттың, жалпыәскери жарғылардың, командирлер (бастықтар) бұйрықтарының талаптарын мүлтіксіз орындау рухында тәрбиелеуге және оларда ар-намыс сезімін, әскери борышын үлгілі орындауға талпынысты дамытуға және қолдауға;

      7) әскери бөлімде (бөлімшеде) әскери тәртіпті, әсіресе әскери қызметшілер арасындағы жарғылық өзара қарым-қатынас қағидаларын бұзушылыққа және әлеуметтік әділетсіздік фактілеріне төзбеушілікпен қарауды қалыптастыруға;

      8) бағыныстыларды, олардың жеке басын және ар-намысын құрметтеуге, бағыныстыларға дөрекілік көрсетуге және оларды кемсітуге жол бермеуге, олар үшін заңнаманы, жалпыәскери жарғылар мен бұйрықтарды қатаң сақтаудың тұрақты үлгісі болуға;

      9) бағыныстылардың әлеуметтік және құқықтық қорғалуы туралы қамқорлық жасауға, олардың мұқтаждары мен сұраныстарын білуге, олардың қанағаттандырылуына қол жеткізуге;

      10) жоғары тұрған командирге (бастыққа) әскери тәртіптің жай-күйі және жеке құрамның моральдық-психологиялық жай-күйі туралы уақтылы және объективті баяндауға;

      11) әскери полиция және құқық қорғау органдарын әскери бөлімде (бөлімшеде) жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтар мен оқиғалар туралы дереу хабардар етуге міндетті.

      15. Командирдің (бастықтың) әскери тәртіпті нығайту мен ұстау жөніндегі іс-қимылын бағалаудың негізгі критерийі:

      1) бөлімдегі (бөлімшедегі) әскери тәртіптің жай-күйі, теріс қылықтардың, оқиғалар мен қылмыстық құқық бұзушылықтардың саны мен сипаты, жеке құрамның моральдық-психологиялық жай-күйі;

      2) командирлердің, олардың орынбасарларының, офицерлер мен сержанттардың (старшиналардың) жеке үлгі көрсетуі, олардың заңнама нормаларын, жалпыәскери жарғылардың талаптарын сақтауы;

      3) белсенді құқықтық насихаттауды ұйымдастыру мен жүргізу, бөлімнің басшылық құрамының, бөлімше командирлерінің тәрбие жұмыстарын жүргізуіне қатысуы, жұмыстың озық тәжірибесін жүргізу және енгізу;

      4) бөлім, бөлімше қолбасшылығының идеологиялық жұмысты жүргізуге жүйелі түрде қатысуы;

      5) құқық бұзушылықтардың алдын алу және әскери қызмет қауіпсіздігін, командирлердің (бастықтардың) бөлімде (бөлімшеде) тәртіптік практиканы толық және сапалы жүргізу жөніндегі жұмыстың жай-күйі;

      6) жауынгерлік әзірліктің, қызметтік-жауынгерлік және күнделікті істердің жай-күйі, жауынгерлік даярлық үдерісін ұйымдастыру, жауынгерлік және мемлекеттік-құқықтық даярлық жоспарларын орындау сапасы болып табылады.

      Командирлердің (бастықтардың) әскери тәртіпті нығайту және қолдау жөніндегі қызметін объективті бағалау мен тиімділігін арттыру жөніндегі негізгі шаралар:

      1) бөлімде (бөлімшеде) әскери тәртіпті нығайту және қолдау жөніндегі функционалдық міндеттерді толық және сапалы орындау үшін командирлерден (бастықтардан) талап етуді және талап қоюды арттыру, оларды құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі жұмыстың төмен тиімділігі үшін жауапкершілікке тарту;

      2) командирлер (бастықтар) қолданатын бағынысты жеке құрамға қатысты көтермелеу және тәртіптік ықпал ету шараларын қолдану заңдылығын, олардың бөлімде (бөлімшеде) тәртіптік практиканы толық және сапалы жүргізуін объективті бағалау;

      3) есепті кезеңнің қорытындылары бойынша оң нәтижелерге қол жеткізген командирлерге (бастықтарға) қатысты көтермелеулерді жүйелі қолдану;

      4) бөлімде (бөлімшеде) заңдылық пен құқық тәртібін қамтамасыз етуде ерекше көзге түскен командирлерді (бастықтарды) және елеулі үлес қосқан өзге де лауазымды адамдарды наградтауға ұсыну;

      5) командирлердің (бастықтардың) құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі озық жұмыс тәжірибесін насихаттау және тарату, бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау болып табылады.

      16. Демалыстарда болатын әскери қызметшілер және әскери қызмет міндеттерімен байланысты емес жасаған құқық бұзушылықтары үшін командир (бастық) тәртіптік жауапкершілікте болмайды.

      17. Әрбір әскери қызметші командирге (бастыққа) әскери бөлімде (бөлімшеде) тәртіп орнатуға және әскери тәртіпті ұстауға жәрдемдесуге міндетті.

      18. Командирдің (бастықтың) бұйрық беру құқығы және бағыныстының командирге (бастыққа) мүлтіксіз бағыну міндеті дара басшылықтың негізгі қағидаттары болып табылады.

      Әскери қызметші ашық түрде бағынбаған немесе қарсылық көрсеткен жағдайларда, сондай-ақ осы әскери қызметшінің немесе өзге де адамдардың өміріне, денсаулығына, құқықтары мен заңды мүдделеріне, қоғамның немесе мемлекеттің мүдделеріне тікелей қатер төндіретін қауіпті жою үшін командир (бастық) реттілік пен тәртіпті қалпына келтіру үшін Қазақстан Республикасының заңдарымен көзделген барлық мәжбүрлеу және жауапкершілікке тартуға дейін шараларын қолдануға міндетті. Бұл ретте қару тек жауынгерлік жағдайда, ал бейбіт уақыт жағдайларында – заңнамаға сәйкес ерекше жағдайларда қолданылуы мүмкін.

      19. Командирлердің (бастықтардың) тәртіптік құқықтары атқарып отырған лауазымына немесе атқарып отырған лауазымы бойынша көзделген әскери атағына сәйкес айқындалады.

      Әскери қызметшілерге мерзімінен бұрын әскери атақтар беру, атқарып отырған штаттық лауазымы бойынша көзделген әскери атағынан бір саты жоғары кезекті әскери атақ беру, лауазымында немесе әскери атағында бір сатыға төмендету немесе қалпына келтіру, сондай-ақ әскери қызметшілерді теріс себептер бойынша әскери қызметтен шығару Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 25 мамырдағы № 124 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында әскери қызмет өткеру қағидаларына (бұдан әрі – Әскери қызмет өткеру қағидалары) сәйкес жүргізіледі.

      20. Осы Жарғыда лауазымдары көрсетілмеген командирлер (бастықтар) оларға бағынысты әскери қызметшілерге қатысты атқарып отырған лауазымы бойынша көзделген әскери атағына сәйкес тәртіптік құқықтарды:

      1) кіші сержант, сержант, екінші сатылы старшина мен бірінші сатылы старшина – бөлімше командирінің билігін;

      2) аға сержант және бас старшина – взвод сержантының билігін;

      3) үшінші сыныпты сержант және үшінші сыныпты старшина – рота сержантының билігін;

      4) екінші сыныпты сержант және екінші сыныпты старшина – батальон сержантының билігін;

      5) бірінші сыныпты сержант және бірінші сыныпты старшина – бригада сержантының билігін;

      6) штаб-сержант және штаб-старшина – өңірлік қолбасшылық сержантының билігін;

      7) шебер-сержант және шебер-старшина – Қарулы Күштер түрі сержантының билігін;

      8) лейтенант және аға лейтенант – взвод командирінің билігін;

      9) капитан және капитан-лейтенант – рота (4-дәрежелі корабль) командирінің билігін;

      10) майор, подполковник, 3-дәрежелі капитан және 2-дәрежелі капитан – батальон (3 және 2-дәрежелі корабль) командирінің билігін;

      11) полковник және 1-дәрежелі капитан – бригада (1-дәрежелі корабль) командирінің билігін;

      12) генерал-майор және контр-адмирал – өңірлік қолбасшылық әскерлері қолбасшысының билігін;

      13) генерал-лейтенант, вице-адмирал, генерал-полковник, адмирал – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері түрі бас қолбасшысының билігін пайдаланады.

      Штаттарда екі әскери атақ көзделген лауазымдарды атқаратын командирлер (бастықтар) жоғары әскери атағына сәйкес тәртіптік құқықтарды пайдаланады.

      Қызметі бойынша міндеттерді уақытша атқару кезінде командирлер (бастықтар) ол міндеттерді атқаруға жіберілген лауазымы бойынша тәртіптік құқықтарды пайдаланады.

      Тәртіптік жарғының 33-тармағының 5) – 10) тармақшаларында, 41-тармағының 3) – 9) тармақшаларында көрсетілген бағынысты әскери қызметшілерге қатысты тәртіптік құқықтарды тек жазбаша бұйрықтар шығаруға құқығы бар лауазымды адамдар пайдаланады.

      21. Бөлімшелер, әскери бөлімдер командирлерінің орынбасарлары, корабльдер командирлерінің аға көмекшілері оларға бағынысты адамдарға қатысты олардың тікелей бастықтарына берілген құқықтардан бір сатыға төмен тәртіптік билікті пайдаланады.

      Корабль командирінің аға көмекшісі және көмекшісі бар корабльдерде соңғысы аға көмекшіге берілген құқықтардан бір саты төмен тәртіптік билікті пайдаланады.

      22. Бригада командирінің орынбасарынан бастап және одан төмен офицерлер бөлімшелермен немесе командалармен олардың бастықтары ретінде іссапарда болған кезде, сондай-ақ бөлім командирінің бұйрығында айқындалған дербес міндеттерді атқарған кезде атқарып отырған лауазымынан бір саты жоғары тәртіптік билікті пайдаланады.

      23. Әскерге шақыру бойынша әскери қызмет өткеретін офицерлерге келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін офицерлер үшін көзделген көтермелеу және жазалау түрлері қолданылады.

      24. Офицерлер – курсанттар (тыңдаушылар) бөлімшелерінің командирлері – әскери оқу орындарында өздеріне бағынысты адамдарға қатысты атқарып отырған лауазымы бойынша құқықтардан бір саты жоғары тәртіптік билікті пайдаланады.

      25. Мемлекеттік органдар аппараты департаменттерінің, басқармаларының, Қарулы Күштер бас басқармаларының бастықтары өздеріне бағынысты әскери қызметшілерге қатысты өңірлік қолбасшылық әскерлері қолбасшысының тәртіптік құқықтарын пайдаланады.

      26. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабы бастығының, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі директорының, Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының, Бас әскери прокурордың орынбасарлары өздеріне бағынысты әскери қызметшілерге қатысты әскер тегі қолбасшысының тәртіптік құқықтарын пайдаланады.

      27. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрінің орынбасарлары, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары – Мемлекеттік күзет қызметі Айрықша мақсаттағы күштердің қолбасшысы, Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы, Бас әскери прокурор өздеріне бағынысты әскери қызметшілерге қатысты Қарулы Күштер түрі Бас қолбасшысының құқықтарын пайдаланады.

      Ескерту. 27-тармаққа өзгерістер енгізілді – ҚР Президентінің 05.05.2017 № 471; 13.06.2019 № 13 Жарлықтарымен.


      28. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі және Қазақстан Республикасының Бас прокуроры өздеріне бағынысты әскери қызметшілерге қатысты осы жарғыдағы тәртіптік құқықтарды толық көлемде пайдаланады.

      Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының бастығы Әскери қызмет өткеру қағидаларын ескере отырып, тәртіптік құқықтарды толық көлемде пайдаланады.

      29. Азаматтық персонал қатарынан Қарулы Күштердің лауазымды адамдары бағынысты әскери қызметшілерге қатысты атқарып отырған лауазымына сәйкес тәртіптік құқықтарды пайдаланады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   174   175   176   177   178   179   180   181   ...   195




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет