84. Командир (бастық) мынадай жағдайларда өз шешімімен қызметтік тексеру және оны жүргізу бойынша уәкілетті лауазымды адам тағайындайды:
1) әскери қызметші осы Жарғыға сәйкес қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту, теріс себептер бойынша әскери қызметтен шығару, лауазымында немесе әскери атағында бір сатыға төмендету көзделген теріс қылық жасаған;
3) келтірілген материалдық залал көлемін белгілеу үшін;
4) егер әскери қызметшінің кінәсін қызметтік тексеру жүргізбей анықтау мүмкін болмағанда оның кінәсін белгілеу үшін қызметтік тексеру тағайындайды.
85. Әскери қызметшінің теріс қылық жасағаны туралы мәліметтер, оны жасауды растайтын не жоққа шығаратын факті кез келген нысанда (жеке және заңды тұлғалардың өтініштері, командирлердің (бастықтардың) және басқа да әскери қызметшілердің баянаттары, прокурорлық шара қолдану актілері, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі комиссиялар жолдаған теріс қылықтар туралы материалдар, қызметтік және өзге де материалдар) болуы мүмкін.
86. Қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылық белгілері бар теріс қылық анықталған кезде командир (бастық) дереу тікелей бастыққа баяндайды және әскери полиция органдарын, сонда-ақ құқық қорғау органдарын хабардар етеді.
87. Қызметтік тексеруді уәкілетті лауазымды адам күнтізбелік он бес күннен аспайтын мерзімде жүргізеді. Ерекше жағдайларда қызметтік тексеру мерзімін күнтізбелік он күннен аспайтын мерзімге қызметтік тексеру жүргізуді тағайындаған адам ұзартуы мүмкін.
Қызметтік тексеру барысында теріс қылық жасаған адам, теріс қылықтың мазмұны, сипаты және зиянды салдардың болуы, келтірілген зиянның көлемі, әскери қызметшінің кінәсі және басқа да мән-жайлар анықталады.
Қызметтік тексеру жүргізу тапсырылған уәкілетті лауазымды адам әскери қызметшіден жазбаша түсінік алу, әскери қызметшінің теріс қылық жасау кінәсін растайтын материалдар жинау, тиісті құжаттармен танысу, олардың көшірмелерін қызметтік тексеру материалдарына қосу, арнайы білімді талап ететін мәселелер бойынша мамандардан қорытындылар, түсініктер мен консультация алу, теріс қылық жасалған орынға бару құқығын пайдаланады.
88. Қызметтік тексеру уақытша еңбекке жарамсыздығына, демалыста, іссапарда болуына байланысты әскери қызметшінің қызметте болмауы уақытына уақытша тоқталуы мүмкін.
89. Қызметтік тексеру аяқталғаннан кейін уәкілетті лауазымды адам қорытынды жасайды және тексеруді тағайындаған командирге (бастыққа) оларды жою қорытындыларымен және ұсыныстарымен анықталған кемшіліктер, заңдылықты, бұйрықты, нұсқаулықтарды бұзулар, теріс қылық жасауға ықпал еткен себептер мен жағдайлар туралы баяндайды.
90. Қызметтік тексеру нәтижелері бойынша командир (бастық):
1) әскери қызметшінің әрекеттерінде тәртіптік теріс қылық белгісі бар болған кезде бұйрық шығарумен жаза қолдану туралы тиісті шешім қабылдауға;
2) құқық бұзушылықтардан сақтандыру жөніндегі іс-шараларды әзірлеуге және іске асыруға міндетті.
Теріс қылықтарды жасырудың, сондай-ақ оларды жасау мән-жайлары туралы объективті емес ақпараттың пәрменді түрде жолы кесіледі, ал оған кінәлі лауазымды адамдар заңнамамен белгіленген жауапкершілікке тартылады.
91. Әскери қызметші тек оған қатысты оның кінәсі белгіленген теріс қылық үшін ғана тәртіптік жауапкершілікке тартылады.
92. Теріс қылық жасағаны үшін кінәлі болып қасақана немесе абайсызда құқыққа қарсы әрекет жасаған (әрекетсіздік танытқан) әскери қызметші танылады.
93. Егер әскери қызметші өзінің құқыққа қарсы әрекетінің (әрекетсіздігінің) сипатын ұғынып, оның зиянды салдарының болуын алдын ала білсе және осы салдардың болуын тілесе немесе саналы түрде жол берсе не оларға немқұрайлы қараса, теріс қылық қасақана жасалған болып танылады.
94. Егер теріс қылық жасаған әскери қызметші өз әрекетінің (әрекетсіздігінің) зиянды салдарының болу мүмкіндігін алдын ала білсе, бірақ оған жеткілікті негіздерсіз оларды болдырмауға жеңілтектікпен қараса немесе тиісті ұқыптылық пен сақтық кезінде оларды болжап білуге тиіс және болжап біле алатын бола тұра, осындай салдардың болу мүмкіндігін алдын ала білмесе, ол абайсызда жасалған болып танылады.
Достарыңызбен бөлісу: |