133. Рота сержанты – жауынгерлік және дене дайындығы жөніндегі нұсқаушы рота командирінің қатардағы жауынгерлер мен сержанттар құрамымен жұмыс жөніндегі бірінші көмекшісі болып табылады, бейбіт және соғыс уақытында: ротаның қатардағы жауынгерлері мен сержанттары құрамының жауынгерлік әзірлігіне, жауынгерлік және дене дайындығына; ротаның қатардағы жауынгерлері мен сержанттары құрамының әскери тәрбиесіне, тәртібіне, моральдық-психологиялық жай-күйіне; рота сержанттары құрамының жауынгерлік, дене дайындығы және жалпыәскери жарғылар бойынша сабақтарды өткізу сапасына; рота сержанттары құрамының кәсіби даярлық деңгейіне, ротаның қатардағы жауынгерлері мен сержанттары құрамының дене дайындығына; оқу материалдық-техникалық базаны, оқу-жаттығу аспаптары мен жабдықты ұстауға және жетілдіруге; ротаның қатардағы жауынгерлері мен сержанттары құрамын жауынгерлік кезекшіліктегі, жауынгерлік, гарнизондық, қарауылдық және ішкі қызметтегі қызметті өткеруге даярлауға; ротаның қатардағы жауынгерлері мен сержанттары құрамына кезекті әскери атақтар, сыныптық біліктілік беру, оларды жоғары лауазымдарға жоғарылату, әскери оқу орындарына және курстық даярлауға жіберу жөніндегі жұмысты ұйымдастыруға; ротаның қатардағы жауынгерлері мен сержанттары құрамының сыртқы келбетіне; сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар қабылдауға жауап береді.
Рота старшинасы лауазымы көзделмеген бөлімшелерде рота сержанты – жауынгерлік және дене дайындығы жөніндегі нұсқаушыға роталық шаруашылықты жүргізуге, ротада ішкі тәртіпті ұстауға, рота бойынша тәуліктік нарядта сарбаздар мен сержанттардың қызмет өткеруін ұйымдастыруға және бақылауға, ротадан тағайындалатын командаларды даярлауға және жөнелтуге қосымша жауапкершілік жүктеледі.
Ол рота командиріне бағынады, ротаның барлық қатардағы жауынгерлері мен сержанттары құрамының тікелей бастығы болып табылады.
134. Рота сержанты – жауынгерлік және дене дайындығы жөніндегі нұсқаушы:
1) ротадағы сабақтар кестесін жасауға қатысуға;
2) ротаның жауынгерлік және дене дайындығының есебін жүргізуге;
3) ротаның сержанттар құрамымен нұсқау беру-әдістемелік, практикалық сабақтар және ротаның қатардағы жауынгерлерімен және сержанттарымен жауынгерлік, дене дайындығы және жалпыәскери жарғылар бойынша сабақтар өткізуге;
4) взводтар сержанттарына жауынгерлік, дене дайындығы және жалпыәскери жарғылар бойынша сабақтарды ұйымдастыруда көмек көрсетуге және оларды өткізуді бақылауға;
5) әрбір бағыныстының тегін, атын, әкесінің атын, іскерлік, моральдық-психологиялық және жеке қасиеттерін, әскери қызметке дейін айналысқан қызмет түрін, отбасы жағдайын, жауынгерлік, дене дайындығындағы жетістіктері мен кемшіліктерін; ротаның сержанттары құрамының кәсіби шеберлігі деңгейін білуге;
6) рота сержанттары құрамының белгіленген құжаттаманы уақтылы және сапалы жүргізуін бақылауға;
7) айына бір реттен жиі емес рота сержанттары кеңесінің отырыстарын өткізуге;
8) бағыныстылармен жеке әңгімелесулер өткізуге, оларға жеке кәсіби қасиеттерін дамыту және тәрбиелеу мәселелері бойынша консультациялар беруге;
9) ротаның қару-жарағы мен әскери техникасының материалдық бөлігін, пайдалану қағидаларын білуге, апта сайын олардың жауынгерлік әзірлігін бақылауға, взводтарда оларға техникалық қызмет көрсетуді жүргізуді, сондай-ақ сақтау тәртібі мен жағдайларын бақылауға;
10) қару-жарақ пен әскери техниканың, оқу материалдық-техникалық базаның оқу-жаттығулар мен сабақтарға әзірлігін, сондай-ақ оқу-жаттығулардан немесе сабақтардан қайтып оралғаннан кейін олардың бар болуы мен жиынтықталуын тексеруге;
11) ротаның оқу материалдық-техникалық базасын жетілдіруге шаралар қабылдауға; жауынгерлік және дене дайындығы бойынша сабақтарды барлық қажеттіліктермен қамтамасыз етуге;
12) алынатын жалпыәскери жарғылардың, тәлімдемелердің, оқу әдебиеттері мен құралдарының сақтауды және есепке алуды, сондай-ақ оларды уақытша пайдалануға беруді ұйымдастыруға және взводтарда олардың сақталуын бақылауға;
13) ротаның қатардағы жауынгерлері мен сержанттары құрамынан әскери тәртіпті, күн тәртібін, қызмет уақытының регламентін сақтауды талап етуге, әскери тәртіпті бұзу туралы, сондай-ақ ротаның қатардағы жауынгерлері мен сержанттары құрамына қолданылған көтермелеулер мен тәртіптік жазалар туралы рота командиріне дереу баяндауға;
14) өз өкілеттіктері шегінде Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасы және басқа да заңнамалық актілерінің талаптарын орындауды қамтамасыз етуге;
15) ротаның қатардағы жауынгерлері мен сержанттары құрамының сабақтарды, оқ атуларды, оқу-жаттығулар мен жұмыстарды жүргізу кезінде қауіпсіздік шараларын сақтауын талап етуге;
16) апта сайын ротаның сержанттар құрамымен қызметтік істер, әскери тәртіп бойынша қорытындылауға, нәтижелері туралы рота командиріне және батальон сержантына баяндауға;
17) таңертеңгі дене жаттығуын жүргізуге, таңертеңгі тексеру мен кешкі тексеруді жүргізу кезінде кезең-кезеңімен қатысуға;
18) ротаның қатардағы жауынгерлері мен сержанттары құрамын жауынгерлік кезекшілікте және жауынгерлік, гарнизондық, қарауылдық және ішкі қызметте қызмет өткеруге даярлауды ұйымдастыруға және бақылауға;
19) ротада қатардағы жауынгерлер мен сержанттар құрамымен спорттық жұмысты ұйымдастыруға және жүргізуге міндетті.
Рота старшинасы лауазымы көзделмеген бөлімшелерде рота сержанты – жауынгерлік даярлық және дене дайындығы жөніндегі нұсқаушыға мынадай қосымша міндеттер:
1) ротаға келіп түсетін керек-жарақтарды, мүлікті және басқа да материалдық құралдарды уақтылы қабылдауды және қарап тексеруді ұйымдастыру, олардың бар болуына, дұрыс пайдалануға, сақтауға, қызмет көрсетуге және күтіп-ұстауға бақылауды жүзеге асыру, роталық шаруашылықты жүргізу;
2) ротадан тәуліктік нарядқа тағайындалатын сарбаздар мен сержанттарды даярлауға бақылауды жүзеге асыру, оған нұсқаулар беруді ұйымдастыру және тәуліктік наряд адамдарының міндеттерді нақты орындауын бақылау;
3) рота бойынша кезекші арқылы асхана бойынша кезекшіге жауынгерлік кезекшілікте, жауынгерлік қызметте, нарядта болатын немесе қызметтік істер бойынша орнында болмайтын адамдарға тамақ қалдыру туралы өтінім беру; қызмет өткеру және сабақтар өткізу орындарына тамақты жеткізуді ұйымдастыру;
4) ротадан тағайындалатын командаларды даярлау және жөнелту, оларды азық-түлікпен, заттай және басқа да мүлікпен қамтамасыз етуді ұйымдастыру;
5) взводтар арасында қызметке және жұмысқа нарядтарды бөлу, сержанттарға нарядтардың кезектілігін жүргізу, барлық взводтарда нарядтарды жүргізу тәртібін тексеру;
6) рота бойынша кезекші арқылы әскери бөлім бойынша кезекшіге: жеке құрамның шығысы; іссапарларға кеткен әскери қызметшілер мен командалар; сабақтарда қолданылатын қару, оқ-дәрілер туралы; қызметте жоқ әскери қызметшілер, ал өз еркімен тастап кеткендер бар болған кезде – олардың атағы, тегі, аты мен әкесінің аты туралы мәліметтерді ұсыну;
7) ротаның барлық үй-жайларын, сондай-ақ ротаға бекітіліп берілген аумақ учаскесін тазалықта және реттілікте ұстауды ұйымдастыру жүктеледі.
Ротаның аға технигі (технигі) (қару-жарақ, әскери техника
мен оқ-дәрілер жөніндегі нұсқаушы)
135. Ротаның аға технигі (технигі) бейбіт және соғыс уақытында: қару-жарақ пен әскери техниканың, оқ-дәрілер мен аспаптардың техникалық ақаусыздығына, оларды сақтауға және дұрыс пайдалануға, уақтылы техникалық қызмет көрсетуге, сақтауға, эвакуациялауға және жөндеуге, өз мамандығы бойынша ротаның жеке құрамын техникалық даярлауға; сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар қабылдауға жауап береді.
Ротаның аға технигі (технигі) ротаның сержанттары мен старшиналарынан басқа, ротаның сержанттары мен сарбаздарына тура бастық болып табылады.
136. Ротаның аға технигі (технигі):
1) бір аптаға сабақтар кестесін жасауға қатысуға;
2) ротаның қару-жарағы мен әскери техникасын, оқ-дәрілері мен аспаптарын техникалық дұрыс пайдалануды, техникалық қызмет көрсетуді, сақтауды, эвакуациялауды және жөндеуді ұйымдастыруға, оларды реттілікте және ақаусыздықта ұстау жөнінде шаралар қабылдауға;
3) рота механик-жүргізушілерінің (жүргізушілерінің) әскери атағын, тегін, атын, әкесінің атын, қызмет мерзімін, атқаратын лауазымын және мамандығын, отбасы жағдайын, іскерлік және моральдық-психологиялық қасиеттерін білуге, олардың біліктілігін арттыру жөніндегі жұмысты жүргізуге;
4) өз өкілеттіктері шегінде Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасы және басқа да заңнамалық актілерінің талаптарын орындауды қамтамасыз етуге;
5) ротаның қару-жарағы мен әскери техникасының құрылымын, пайдалану, техникалық қызмет көрсету, сақтау, эвакуациялау және жөндеу тәртібін, қағидаларын, олардың бар болуын және техникалық жай-күйін білуге; экипаждар (жүргізушілер) күшімен жүргізілетін қару-жарақ пен әскери техникаға техникалық қызмет көрсету және оларды жөндеу жөніндегі жұмыстарға жеке өзі басшылық жасауға;
6) ротаның жеке құрамымен техникалық даярлық, машиналарды жүргізу негіздері мен қағидалары бойынша сабақтар өткізуге; техникалық мамандықтардың сыныптық мамандарын даярлауды жүргізуге;
7) жанармай, жағармай материалдары мен оқ-дәрілерді, қосалқы бөлшектерді және басқа да техникалық мүлікті үнемді жұмсауға бақылауды жүзеге асыруға;
8) парктен шығарылатын машиналардың жай-күйін тексеруге және ол туралы жол парағында белгі жасай отырып, тек техникалық ақаусыз машиналарды пайдалануға жол беруге;
9) ротаның қару-жарағы мен әскери техникасының апаттарынан, аварияларынан, сынуларынан, оқиғалары мен зақымдануларынан сақтандыру жөнінде шаралар қабылдауға, олардың себептері және рота командирі қабылдаған шаралар туралы дереу баяндауға;
10) ротаның әрбір оқу-жаттығуға немесе сабаққа шығуына машиналарды дайындауға және қайтып оралғаннан кейін олардың жай-күйін тексеруге;
11) оқ атулар жүргізілгеннен кейін гильзаларды, ыдыстарды (сауыттарды), жұмсалмаған зымырандар мен оқ-дәрілерді бригаданың зымыран-артиллериялық қару-жарақ қоймасына уақтылы тапсыруды бақылауға; рота командиріне зымырандарды ұшырудың іске аспағаны, сондай-ақ оқ-дәрілердің ақаулығы туралы баяндауға;
12) қару-жарақпен және әскери техникамен сабақтарды, жұмыстарды, оларды пайдалануды, қызмет көрсету мен жөндеуді ұйымдастырған кезде жеке құрамға қауіпсіздік талаптарын жеткізуге және оларды орындауға қол жеткізуге;
13) рота паркінде және машиналарында өртке қарсы іс-шараларды жүзеге асыруға;
14) аптасына бір реттен жиі емес ротаның қару-жарағы мен әскери техникасының жай-күйін тексеруге, қаруды нөмірлері бойынша тексеруді жүргізуге;
15) қажетті техникалық мүлікке өтінімді уақтылы ұсынуға, оны дұрыс пайдалануды, сақтау мен күтіп-ұстауды ұйымдастыруға;
16) ротаның қару-жарағы мен әскери техникасының, оқ-дәрілері мен аспаптарының есебін жүргізуге, айына бір рет бригаданың техникалық қызметтерімен салыстырып тексеру жүргізуге;
17) формулярларды (паспорттарды), техникалық және жол құжаттамасын дұрыс толтыруды жүргізуге;
18) белгіленген машиналар жұмысының (моторесурстар шығысының) есебін және техникалық мүлік бойынша есептілікті жүргізуге міндетті.
Рота старшинасы лауазымы көзделмеген бөлімшелерде ротаның аға технигіне (технигіне) мынадай қосымша міндеттер:
1) бөлімшеге келіп түсетін қаруды уақтылы алу және қарап тексеру, олардың бар болуына, дұрыс пайдалануға, сақтауға, қызмет көрсетуге және жинақтауға бақылауды жүзеге асыру, олардың есебін жүргізу және жөндеуге уақтылы жіберу;
2) пешті дұрыс жағу, өрт сөндіру құралдарын ұстау және рота сарбаздары мен сержанттарының өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауын ұйымдастыру және бақылау;
3) ротаны жауынгерлік даярлау бойынша сабақтарға оқ-дәрілерді алуды және беруді ұйымдастыру жүктеледі.
Достарыңызбен бөлісу: |