ІІ тарау. Қазақ ойшылдарының шығармашылығындағы
тарихи үдерістің зерделенуі
Мұхаммед Хайдар Дулатидің ақындық мұрасынан қалған
жалғыз шығарма – ертегі үлгісімен құрылып, түркі тілінде жазылған
– «Жаhаннама» дастаны. Бұл шығарма Алманияда Берлин қалалық
кітапханасында сақтаулы тұр. Мұны белгілі башқұрт ғалымы Ахмет
Зәки Уәлиди кездестірген. Қолжазбаны 1814 жылы Молда Омар ибн-
Қашы көшірген. Көлемі 125 бет. Хайдар мырзаның бұл еңбегі әлі
қалың оқырман қауымының қолына тиген жоқ.
Ал «Тарих-и Рашиди» шығармасына келер болсақ, оның шығыс-
тық тарихнамалық дәстүрде де, батыстық тарих ғылымында да
ертеден кең танымал екендігін атап өткен жөн. «Тарих-и Рашидиді»
кейінгі замандағы тарихшылар дерекнама ретінде көп пайдаланды.
Мысалы, XVI-XIX ғасырларда көптеген тарихшылар, әдебиетшілер,
жыршылар, оның ішінде Әмин Ахмет Рази, Махмұд бен Уәли,
Мұхаммед Азам және т. б. өз шығармаларында М.Х. Дулатидің
еңбегінен мәліметтер алып, оған сілтеме жасап отырды.
Аталмыш шығарма сондай-ақ Батыс ғылымына, әсіресе орыс
шығыстану ғылымына да таныс болды. Еуропа жұртшылығы Мырза
Хайдардың шығармашылығымен XIX ғасырдың аяғында танысып
үлгерді. Ағылшын отаршылары «Тарих-и Рашидидің» парсы тіліндегі
қолжазбасын Үндістаннан тауып, оны ағылшын тіліне аударып 1895
жылы және 1898 жылы Лондонда екі мәрте жариялаған [3]. Атақты
ориенталист-ғалым, академик В.В. Бартольд бұл шығармаға былай
деп баға береді: «М.Х. Дулатидің «Тарих-и Рашиди» еңбегі XVI
ғасырдың тарихи-әдеби ескерткіші болып табылады және Шығыс
Түркістан бойынша аса маңызды деректердің бірі» [4, 75 б.]. Ал
Мұхаммед Хайдар Дулатидің осы еңбегінің үзіндісін ең алғаш орыс
тіліне аударып, оның қазақтарға қатысты тұстарын терең зерттеген
В.В. Вельяминов-Зернов былай дейді: «М. Хайдардың жазғандарының
барлығы дерлік – жаңалық және мейлінше қызғылықты. Әңгімелері
қай жағынан қарағанда да үйлесімді және жауапкершілігімен
ерекшеленеді» [5]. Кеңестік дәуірде шығыстану ғылымы ортағасыр-
лық бұл шығарманы біршама жоғары деңгейде зерттеді. Белгілі
тарихшы-зерттеушілер С.Г. Кляшторный мен Т.И. Сұлтанов
«Тарих-и Рашидиді» ортағасырлық мұсылман тарихнамасындағы
Қазақ хандығының ерте тарихын бяндайтын жалғыз шығарма
ретінде бағаласа, Орта Азияны зерттеуші-ғалым П.П. Иванов «бұл
еңбек – XV–XVI ғасырлардағы Моғолстан өмірі туралы мәліметтерге
негіз болатын жалғыз дерек» деген қорытындыға келеді [6, 12 б.].
Бір айта кететіні, түбі бір түркі халықтарының ортақ мұрасы
болып келетін Мұхаммед Хайдар Дулати бабамыздың көлемі 50
баспа табақ болатын осы шығармасын ғылыми айналымға кеңінен
|