К І Р І С П Е
өзіндік философиялық жасампаз, руханиланған даналық әлемін
игере түскен сайын еліміздегі өркениетті және орнықты дамудың
іргетасын нығайта түсеміз, мәдениеттер арасында көпір орнатамыз.
Жалпы еңбектегі деректер ежелгі түркі әлемінде қалыптасқан
дүниетанымдық үлгілерден бастап қазіргі кезеңдегі кәсіби филосо-
фиялық деңгейге дейінгі аралықты қамтиды. Жұмысты қалыптасты-
ру барысында қазақтың философиялық ойының сан қырлы бей-
нелеу формалары сараптаудан өткізілді. Кейбір бөлімдер тарихи
тұлғалардың дараланған дүниетанымындағы ерекшеліктерді ашып
көрсетуге арналса, біршама бөлімдерде қазақ халқының тарихи сана-
сындағы айрықша белгілерге философиялық сипаттамалар беріледі.
Ұлттық философия адамзат тарихында ғасырлар бойы қалыптас-
қан әлемдік философияның ажырамас құрамдас бөлігі екені белгілі.
Күні кешеге дейін бұл тақырыппен байланысты мәселелердің бар-
лығы мұқият бақылауда болып, көбісі тыйым салынған дүниелер
қатарында келгені баршаға аян. Өйткені, социализмнің принциптері
тек бір коммунистік идеяның төңірегіне шоғырланғандықтан оған
сәйкес келмейтін басқаша түсініктердің барлығын жоққа шығарып
отырды. Сондықтан халықтың рухани өміріндегі өткені мен қазіргі
замандағы әлеуметтік-рухани кеңістіктер арасындағы өзара түсініс-
тікті білдіретін іргелі байланыстар үзіліп қалған болатын.
Жалпы тоталитарлық қоғам ұлттық философиямен, оның ішін-
де қазақ философиясымен айналысамын деген азаматтардың осы
мақсатта ұлттық ойлау жүйесін жандандыруға ұмтылған әрекеттерін
идеологиялық бағалаулармен, ұстанымдармен шектеп отырды.
Міне, осындай рухани әлемдегі идеологиялық тұмшалаудың арқа-
сында тарих сахнасында әр түрлі рухани тереңдіктердегі өздерінің
даналыққа толы тұжырымдарын бұқара халыққа жеткізген ойшыл-
дардың шығармаларының мәтін түрінде қоғамда кең тарамай және
ғылыми зерттеулер кейпінде өз бағалауларын алмай ондаған жылдар
бойы уақыт өткізгені белгілі. Қазіргі тәуелсіздік орнығуы үрдісінің
арқасында осындай көптеген құбылыстарға түзетпелер енуде, яғни
тарихи сананың адекватты пайымдалуы басталғаны байқалады.
Ал, енді міне қазіргі уақытта жаңа заманның тарихи кезеңі
келді, рухани дүние де біршама демократиялана бастады, яғни
осыған орай ойлау еркіндігінің ұстанымдары, жаңа құндылықтық
бағыт-бағдарлары қоғамдық санада беки түсуде. Сөйтіп, тарихи
дәуірлердің философиялық даналығының, қазақ халқының және
басқа да халықтардың ой-тұжырымдарының тарих доңғалығының
астында жоғалып кетпеуі маңызды. Олар халықтың рухының терең
тамырларында бойлай орналасқанын, өмір сүргенін байқатты.
|