Қазақстан Республикасы Білім және ғылым Министрлігі Ғылым комитеті


Имам әл-Матуридидің ақида саласындағы ұстаздарының тізбегі Имам Ағзам Әбу Ханифаға барып тіреледі



бет3/5
Дата05.02.2024
өлшемі288 Kb.
#490916
түріРеферат
1   2   3   4   5
МАТУРИДИЛІК СЕНІМ ЖҮЙЕСІНІҢ РӨЛІ

Имам әл-Матуридидің ақида саласындағы ұстаздарының тізбегі Имам Ағзам Әбу Ханифаға барып тіреледі.Тарихи шығармаларда Имам әл-Матуриди имам Ағзамның кітаптарын ұстаздары Әбу Насыр Ахмад ибн Аббас әл-Бәйади, Ахмад ибн Исхақ әл-Жүрджани және Насыр ибн Йахия әл-Балхилердің көмегімен үйренгендігі, ал олардың Әбу Сүлеймен Мұса әл-Жүрджаниден дәріс алғандығы, әл-Жүрджани болса, бұл ілімді ұстазы Мұхаммед ибн Хасан әш-Шәйбаниден алғандығы айтылған [56, 181-б.].
Әбу Мансур әл-Матуриди Әбу Ханифаның ақидаға байланысты шығармаларын оқып, өз көзқарасын оның пайымдаулары шеңберінде негіздеген. Осыған орай, Матуридиге Әбу Ханифаның ізбасары деп баға беріліп, мәзһабы ханафи деп аталып кеткен [56, 183-184-бб.].
Имам әл-Матуриди иман негіздеріне қатысты мәселелерді имам Ағзамның жолымен жүре отырып, аят-хадистерді қолданумен қатар, ақыл-ойға да мән беретін өзгешерек, «кәлам» әдісін қолдану арқылы жүйелеген. Самарқанда әрі сол аймақтағы ағымдар мен бағыттарға қарсы пікірталастарында кәлам әдісін қолдану арқылы үлкен жетістікке жеткен. Әбу Муин ән-Насафи де: «Имам Әбу Мансур әл-Матуриди усулде (ақида) және фуруғда (фиқһта) нағыз Әбу Ханифаның ізінен ерушілердің қатарынан» деп бұны нақтылай түседі [57, 35-б.]
Оның қосқан үлесі нәтижесінде Әбу Ханифаның ақидаға байланысты қысқа шығармалары арнайы «кәләм» іліміне айналды. Осы еңбектерінің нәтжесінде имам әл-Матуриди «ханафи мәзһабының мутакаллимі (кәләм ғалымы)» сипатын алып, салған жолы өзінің есіміне байланысты матуридия деп аталды. Осылайша ханафилік тек Имам Ағзамның фиқһ мектебінің ұстанушыларының аты ретінде ғана жалғасты [57, 70-б.].
Оның шығармаларына қарап, кәләм, кәләмдық мәзһабтар мен ағымдар, фиқһ, фиқһ методологиясы (усул әл-фиқһ) және тәпсір саласы бойынша қалам тербеген ғалым екенін байқауға болады. Түрлі ғылым салаларына қатысты Матуридиге телінген еңбектердің бас-аяғы жиырма екіге жуық. Олардың 14 нақты Матуридиге тиесілі еңбектер қатарына жатса, қалғандары күмәнді. Десе де оның аты кәләм саласында шығып, сунниттік ислам кәләмінің негізін қалаушылардың біріне айналып, матуридия деп аталатын мектептің негізін қалады. Енді кезегімен осы ғылым салаларындағы орнына қысқаша тоқталып өтсек.
Кәләм іліміндегі орны
Имам Матуридиге телінген еңбектерге назар аударсақ басым көпшілігінің кәләм іліміне қатысты екеніне көз жеткіземіз. Мәселен,
1. Китәб ат­таухид (кәләм ілімі);
2. Китәб әл­мақаләт (кәләм ілімі);
3. Китәб радд ’әуә’йл әл­’әдиллә ли-л­Ка‛би (кәләм ілімі);
4. Китәб радд тәһзиб әл­жәдәл ли-л­Ка‛би (кәләм ілімі);
5. Китәб Бәйән уәһм әл­му‛тазилә (кәләм ілімі);
6. Радд китәб әл­Ка‛би фи уа‛ийд әл­фуссақ (кәләм ілімі);
7. Радд әл­усул әл­хамса ли Әби ‛Умар әл­Бәһили (кәләм ілімі);
8. Радд китәб әл­’имәмә ли ба‛д ар­рауафид (кәләм ілімі);
9. ар­Радд ῾алә әл­қарамита (фи-л­усул)/(кәләм ілімі).
Кәләм ілімінің мәселелерін жүйелеп, оның арнайы ғылым салаларының біріне айналуына септігін тигізген Имам Матуридиді кәләмға қатысты шығармаларын өз заманында кең таралған ағымдарға қарсы жауап ретінде жазғанын көреміз. Негізінде оның көбінесе мутазаилиттерге қарсы күрескендігі анық байқалады.
Әл-Матуридидің ақидаға байланысты сақталып қалған жалғыз кітабы – «Китаб ат-Таухид». Ол – ислам ақидасы бойынша сақталып қалған ең көне шығарма. Бұл еңбектің жалғыз қолжазба нұсқасы Кембридж университетінің кітапханасында сақтаулы.
Матуриди өмірі мен шығармашылығын кең көлемде зерттеген неміс ғалымы У. Рудольф бұл кітаптың құндылығымен қатар өзіндік қиындықтарын да, яғни тілдік күрделілігін, екіншісі, қолжазбаның кейбір жерлерінің жақсы сақталмағандығын, еңбектің толықтай келмегендігін, бұдан да кең көлемде болуы мүмкін екенін айтқан [58, 142-148-бб.].
«Китәб ат-таухид» ерте кездегі ақида іліміне байланысты маңызды мәліметтерді жеткізумен құнды. Бүкіл қайнаркөздер әл-Матуридидің бұл туындысын ең бірінші кезекке қойған. «Китәб ат-таухид» имам Матуридидің негізгі теологиялық тұжырымдары мен ұстанымдарын қамтитындықтан «матуриди» сенім мектебінің жиынтығы саналады. Матуриди мектебінің алғашқы буын ғалымдарының өз еңбектерін Китәб ат-таухидтағы теологиялық тұжырымдар негізінде жазулары – мұның нақты дәлелі.
Матуриди ғылыми полемикалық әдіс негізінде жазылған бұл еңбегінде сунниттік бағыттың, соның ішінде ханафи мектебінің сенім мәселелері бойынша басты қағидаттары мен ұстанымдарын дәйекті дәлелдермен қуаттап, өзге бағыттар мен діни топтардың сенімі мен ұстанымдарын «діни мәтін» (Құран/сүннет) мен ақылға негізделген бұлтартпас дәлелдермен теріске шығарған. Сондықтан бұл еңбек кәләм ілімімен қатар, исламдағы мұғтазилиттерден бастап, түрлі діни­пәлсапалық және діни­саяси мазхабтар мен ағымдардың, исламнан тыс діндер мен пәлсапалық ағымдардың сенімі мен ұстанымы жайлы мәлімет беретін әрі олардың көзқарастарын қатаң сынап, терістейтін ең көне теологиялық трактаттардың бірі болып табылады.
Матуриди бұл еңбегін дінді дәлелмен тану/ұстану керектігін (ужуб ма‛рифат әд-дин би-д-әлил) және «таным» теориясын (назарият әл-ма‛рифа) баяндаумен бастаған. Осылайша ол өзінің теологиялық тұжырымдарын эпистемологияға негіздеу арқылы өз ілімінің іргетасын пәлсапалық тұрғыдан мықтап қалай білді. Әсілі, Матуридидің бұл еңбегі – таным теориясын баяндаумен басталатын ең көне теологиялық трактат болып табылады [59, 290-б.]. Осыған орай имам Матуридиді сунниттік бағыттағы ғалымдар арасында өзінің теологиялық тұжырымдарын эпистемологияға негіздеген ең алғашқы кәләм ғалымы (мутәкәллим) деп кесіп айтуға болады. Өйткені, Матуридиден бұрын бірде-бір кәләм ғалымы еңбегінің кіріспесінде «таным» теориясын өз алдына бөлек тақырып ретінде қолға алып, жан-жақты талдап, дәйектемеген. Басқасын айтпағанда, имам Матуридидің замандасы, әшғари кәләм мектебінің негізін қалған имам Әшғаридің (қ.ж.324/935) бізге жеткен «Китәб әл-лума‛» және «әл-Ибәнә» атты теологиялық трактаттарында «таным» теориясына қатысты арнайы бөлім жоқ.
Түрік зерттеушісі С. Кутлу Матуридидің кәләм ілімінің негізін қалауда имам Әшғариден де үлкен рөл ойнағандығын: «Әшғари әхлі-сүннет кәләмінің негізін қалаушы ретінде аталғанымен, екі ғұламаның шығармаларының кәләмдық деңгейлері, қарастырған негізгі мәселелер және оларды талқылау әдісіне жіті назар аударсақ, кейінгі ғасырларда әхлі-сүннет кәләмы ретінде қабылданған көзқарастардың қалыптасуында Матуридидің Әшғариға қарағанда көбірек рөл ойнағандығына көз жеткізуге болады» деп атап өтеді [60, 32-б.].
Негізінен Имам Матуридидің бұл еңбегінің түсінуге қиын келуінің себептерінің бірі ғұламаның сол кезде өз аймағында кең тараған түрлі ағым өкілдеріне қарсы күресу үшін қолданған тәсіліне қатысты туындаған. Сонымен қатар ерте кезеңдерде кәләм саласында әлі ғылыми тәсіл мен әдістің қалыптасып үлгермеуі де мәселелерді қолға алуда және оны түсінуде өзіндік қиындығын тигізген. Мұны Әшғаридің еңбектерінен де байқауға болады. Сол себепті, Матуридидің ілімі негізінен одан кейінгі кезеңдер еңбектерін қолға алған Әбу Му῾ин ән­Нәсәфи, Әбу әл­Йуср әл­Паздауи және Хусам әд­Дин әс­Сығнақи сынды матуриди мектебінің маңдайалды өкілдері арқылы тараған.
Тәпсір іліміндегі орны
Әл-Матуридидің Құран тәпсіріне байланысты жазған ең маңызды еңбегі – Китаб әт­­Тәуилат. Сондай-ақ дереккөз кітаптарда ол «Тә’уиләт әһл ас-суннә» «Тә’уиләт әл­Қуран» деп те аталған. «Тәуилат әһл әс­­суннә» деген атауға келсек, атынан да көрініп тұрғандай, бұл еңбектің сунниттік сенім негізінде жазылғандығын және имам Матуридидің сунниттердің көшбасшы имамдарының бірі ретінде қабылданғандығын көрсетеді. Әлем кітапханаларында оны 50-ге жақын нұсқасы бар деп есептеледі.
Өкінішке қарай Имам Матуридидің тәпсір тарихы тұрғысынан аса маңызды саналатын бұл еңбегі жақында ғана басылып шықты. Китәб әт­тә’уилатқа жасалған ең соңғы, әрі ең қомақты зерттеу Бекир Топалоғлу басшылығымен бір топ түркиялық исламтанушы ғалымдар тарапынан қолға алынып, «Тә’уиләт әл­Қуран ли Әби Мансур Мухаммад ибн Мухаммад әл­Матуриди ас­Самарқанди» деген атаумен 17 томдық зерттеу болып, 2005-2010 жылдар аралығында Стамбулда жарыққа шықты.
Имам Матуридидің еңбегін «әт­Тәфсир» немесе «Тәфсир әл­Құран» емес Китаб әт­Тәуилат немесе Тәуилат әл­Құран деп атауы оның Құран аяттарын түсіндірудегі негізгі ғылыми ұстанымын нақты көрсетеді. Өз кезегінде ол еңбегінің кіріспесінде Құран іліміндегі тәпсір мен тәуил ұғымдарының ара-жігін ажыратып, былай түсіндірген: «Тәпсір сахабаларға, ал тәуил ғалымдарға тиесілі. Мұның мәні ‒ сахабалар бәріне куә болғандықтан Құран аяттарының не үшін әрі қандай мәселеге қатысты түскенін нақты білген. Құран аятының тәпсірі тәуилге қарағанда маңызды, өйткені тәпсір ‒ Алланың нені меңзегенін (яғни аяттың нақты мән­мағынасын, ақиқатын) білдіреді. Ол (Алланың атынан) куәлік ету секілді, сондықтан оны тәпсірлеу (аяттың қандай мәселеге қатысты және не себепті түскенін) нақты білетін кісіге ғана рұқсат етіледі. Осыған байланысты, (бір хадисте): «Кімде­кім Құранды өз ойымен, өз бетінше тәпсірлейтін болса, тозақтағы орнына дайындалсын», – делінген. Өйткені ол Құран аятын тәпсірлеу арқылы Алланың атынан куәлік еткен (яғни Алланың атынан сөйлеп, үкім айтқан) болады» [61, 638-б.]. Міне осылайша Матуриди тәпсір ұғымын Алла меңзеген мағынаны нақты білу деп түсіндірсе, тәуил ұғымын Алла меңзеген мағынаның не екеніне қатысты кесімді пікір білдірмей, «бұл аятта Алла меңзеген мағына мынау болуы мүмкін», дегендей, дұрыс болуы ықтимал бірнеше мағынаның бірін таңдау деп түсіндірген. Міне сондықтан да, ол бұл еңбегін Китаб әт­Тәфсир емес, Китаб әт­Тәуилат деп атаған.
Имам Матуридидің тәпсір әдіснамасы Құран аяттарын «нақыл» (Құран, хадис, сахаба және табиғин ғалымдарының сөздері), қирағат ілімі және тілдік ережелермен қатар, ақыл тезіне де салу арқылы жан­жақты талдайтын ерекше әдіс еді. Кейіннен ғалымдар тәпсірдің бұл түрін тәфсир би әд­дирая/тәфсир би әр­ра´и (дираят тәпсірі) деп атады. Ендеше, имам Матуридидің бұл тәпсірі Құран ілімі тарихындағы дираят тәпсірінің ең алғашқы үлгісі болып табылады. Оны өзінен кейін жазылған дираят тәпсірлеріне соны үлгі болды деуге толық негіз бар.
Атап айтсақ, бұл еңбек кейіннен жазылған Кәшшәф және Мәфәтих әл­Ғайб атты тәпсірлерге үлгі болған. Соған қарамастан, тәпсіршілер жайлы автобиографиялық (кутуб әт­табақат уә әт­таражим), сондай­ақ тәпсір ілімінің тарихы мен методологиясына қатысты жазылған бірқатар елеулі еңбектерде Китабәт­Тәуилат жайлы ешқандай мәлімет берілмеуін және Фахруддин әр­Разидің Мәфәтих әл­Ғайб деп аталатын Құран тәпсірінің дираят тәпсірінің ең алғашқы үлгісі ретінде алға тартылуын Құран ілімі тарихындағы ең үлкен қателік деп қабылдау керек [62, 54-55-бб.].
Әсілі бұл еңбекке қарап, имам Матуридидің діни ілімдердің бәрін жоғары деңгейде меңгерген біртуар ғұлама болғанын анық көруге болады. Ол бұл еңбегінде өз дәуірінде болған, бүгінге дейін жалғасын тапқан, мұсылмандардың бірлігі мен татулығына сызат түсіретін сенімге және діннің өзге де тармақ мәселелеріне қатысты түйіткілді мәселелерді Құран аяттарын талдай отырып шешуге тырысқан. Бұл еңбек оның тек қана кәләм ілімі бойынша емес, фиқһ ілімі, фиқһ методологиясы, қирағат ілімі, хадис ілімі, мазхабтар тарихы және жалпы Құран ілімі бойынша асқан білгірлігі мен терең ілімінің жемісі болып табылады.

Фиқһ іліміндегі орны


Матуридидің кітаптары арасында фиқһ іліміне қатысты жазған «ар­Радд ῾алә әл­қарамита (фи-л­фуру῾)/(фиқһ ілімі)», «Китәб мә’хаз әш­шара’й‛» (фиқһ ілімінің негіздері/методологиясы), «Китәб әл­жәдәл» (фиқһ ілімінің негіздері/методологиясы), «Шәрху әл-жамиғ әс-сағир» атты кітаптары да аталады. Имам Матуриди мутакаллим және муфассир ретінде танылғанымен фиқһ және усул әл-фиқһта (фиқһ методологиясы) да оның өзіндік ролі мен беделі болған. Оның фиқһ әдіснамасына қатысты көзқарастары Самарқан аймағындағы ізбасарларына қатты ықпал еткендіктен «Самарқан ғалымдарының шейхы» деген атаққа ие болған. Алайда оның фақиһтық қыры көбіне беймәлім болып қалған.
Имам әл-Матуриди өз еңбектерінде көзқарастарын тілге тиек етер кезде: «Қала әл-Фақиһ» (Фақиһ былай деді) деген тіркесті жиі қолданған. Ол – фиқһ дәстүрінің маңызды өкілдерінің бірі. Жоғарыда атап өткендей ол фиқһ және әдіснамасы жайлы бірқатар еңбектер жазған. Ол Самарқандағы фиқһ, кәләм және тәпсір секілді салаларда мамандандырылған орталықтардың бірі саналатына Дәр әл-Журжанияда тәлім алумен қатар, ұстаздық та жасаған. Матуриди Әбу Ханифаның ең білікті шәкәрттерінің бірі – Мұхаммед әш-Шәйбанидің кітаптарын тізбек арқылы жеткізген беделді ғалымдардың бірі. Ол өмірінің соңына дейін Шәйбанидің кітаптарын оқытқан. Мәселен, өзінің шәкірті Әбу әл-Хасан Әли ибн Саид әр-Рустуғфаниге (345/956 ж.) Имам Мухаммедтің «әл-Мабсут» атты еңбегін толықтай және «әл-Жамуи әл-кәбирді» зекет бөліміне дейін оқытқандығы мәлім [63, 126-б.].


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет