Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі тарих факультетінің «жалпы тарих» кафедрасы Тақырыбы: Орталық Азия және Қазақстанның қауіпсіздік мәселелері



бет1/7
Дата25.02.2016
өлшемі0.98 Mb.
#22275
  1   2   3   4   5   6   7


ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

Тарих факультетінің «жалпы тарих» кафедрасы




Тақырыбы: Орталық Азия және Қазақстанның қауіпсіздік мәселелері.
030601 «тарих және география»

МАЗМҰНЫ

Кіріспе........................................................................................................................3-7
I тарау. Стратегиялық қайшылықтар мен аймақтық дағдарыстар.

1.1. Ауған мәселесі..................................................................................8-27

1.2. Парсы шығанағындағы дағдарыс.............................................28-46
II тарау. Халықаралық терроризм және экстремизм. Әлемдік есірткі саудасы.

2.1. Халықаралық терроризм және экстремизм, онымен күрес жолдары..........................................................................................47-72

2.2. Әлемдік есірткі саудасы және нашақорлық............................73-79
III тарау. Халықаралық және аймақтық-ұжымдық қауіпсіздік пен қорғаныс стратегиялары.

3.1. Халықаралық қатынастар және БҰҰ.......................................80-85

3.2. Аймақтағы ұжымдық қауіпсіздік шаралары..........................86-95

3.3. Қазақстан Республикасының қауіпсіздік стратегиялары.............................................................................96-104
Қорытынды.......................................................................................................105-106

Пайдаланылған әдебиеттер............................................................................107-108

Қосымшалар

Түйін


Жұмыс бүгіннің көкейкесті тақырыбы болып отырған ұлттық, аймақтық және ғаламдық қауіпсіздік мәселелерін Орталық Азияға қатысты зерттеуге арналған.

Беттің саны - Қосымшалар - Әдеби деректемелер –


Резюме

Исследовательская работа посвещается одному из актуальных проблем современности – национальной, региональной и глобальной безопасности Центральной Азии.

Количество страниц - Приложение - Литературных источников –

Summary

The research work comprises one of the actual problems of nowadays: state, regional and global safety of Central Asia.

Number pages - Supplement - Literature springs –




Кіріспе
Тақырып көкейкестілігі. Дүниеде қатып-семіп қалған ештеңе жоқ. Уақыт та бір орнында тұрмайды. Халықаралық қатынастарда болып жататын өзгерістер де – осыған дәлел. Карл Ясперстің: «қауіпсіздігін жоғалтқан адам замана бейнесін білдіреді»1 дегеніндей, бүгінде адамзат қауымы осындай күй кешіп отырған сыңайлы. Бірақ ғаламдық, өмірлік және ұлттық қауіпсіздікке төнген қауіп-қатер азаюдың орнына жаңа сапа мен өзгеше ауқымға ұласып барады2. Қауіпсізідік мәселесі бүгінде әртүрлі түсіндіріледі. Біз соның батыстық немесе тек шығыстық нұсқасын ғана емес, мүмкіндігінше жан-жақты қарастырып, қалыс пікірлеуге тырыстық. Өйткені, кез-келген мәселені бір жақты тереңдей зерттеген сайын ол оның бір қыры, сыңар жағы екенін естен шығарып алу әбден мүмкін.

Қарама-қарсы екі жүйенің бірі – социалистік лагер, КСРО мемлекетінің ыдырауымен келмеске кеткенімен әлемде ірілі-ұсақты жанжалдар мен «ыстық нүктелер» көбейіп барады. Жұмыстың көкейкестілігі оның әлемдік қауіпсіздікті түгел қамтуы немесе қамтымауында емес, бәлкім Орталық Азияға жақын, қатері мейлінше қауіпті аймақтық қақтығыстар мен шекара білмейтін халықаралық терроризм және экстремизм, сондай-ай аймақ тұрақсыздығына мүдделі әлемдік есірткі саудасы мен нашақорлық мәселесінде болып отыр.

Қазақта «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген нақыл бар. Сондықтан қауіп-қатердің пайда болу себептеріне көбірек мән беріп, оның өзімен емес себептерімен күрескенде ғана қауіптің алды алынады деген принципті ұстандық.

Тарих қайталанады, сондықтан біз бүгінгі қателіктерді келешекте болдырмауға, өткеннің қателіктерінен бүгін сабақ алуға тиіспіз. Азия мен Еуропаның бірқатар елдерінде, сондай-ақ араб елдерінің өткені мен бүгінгі тарихында осыған мысал боларлық оқиғалар жеткілікті. Осындай көкейкесті мәселелер дипломдық тақырыбымыздың теориялық, ғылымдық және практикалық маңыздылығын арттыра түсері анық.



Мәселенің өңделуі. Мемлекет үшін қауіпсіздіктен қымбат ештеңе жоқ. Елдегі мәдени, экономикалық және саяси-әлеуметтік реформалардың жүзеге асуы мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігіне байланысты. Аймақтық, әлемдік қауіпсіздік туралы ойлар 1975 жылғы Хельсинки шартындағы Еуропа қауіпсіздігі мәселесінен соң кең түрде қозғала бастады. Бірақ бүгінгі күнде қауіпсіздіктің мәні мен мағынасы өзгерген. Сондықтан дерек көздері де жаңа өзгерістерге лайықты еңбектерден алынды.

1Дүние саясатының айнасы (Еуразиялық Медиа-форум). //Егемен Қазақстан. 29 сәуір 2003.

2 Н. Назарбаев. Сындарлы он жыл. - А., 2003. 22б.

Аймақтық қақтығыстар мен стратегиялық қайшылықтар мәселелері Президентіміз Н. Назарбаевтың «Сындарлы он жыл»1, «Тарих толқынында»2, «Бейбітшілік кіндігі»3 атты еңбектерінде жан-жақты талдаулар жасалып, алдын алу мен шығу себептері дәйекті деректермен дәлелденген. Алып мемлекеттердің бүгіні мен ертеңіне Еуразия котинентінің алдағы уақыттағы тарихи болмысына дәлелді болжамдарды американдық саясаткер З. Бжезинскийдің еңбектерінен4 алдық. Ауғанстан мәселесіне байланысты деректер Ө. Қасеновтың «Безопасность Центральной Азии: Национальное, региональное и глобальное проблемы»5, Ю. Волковтың редакторлығымен шыққан «Правда об Афганистане»6 еңбегінен және «История Афганистана»7 оқулықтарынан алынып, сараланды. Ол еңбектерде ауған мәселесіне, талибан қозғалысы мен ауған соғысы жайлы, соғыстан кейінгі саяси өзгерістер және бүгінгі жағдайы баяндалады. Ал халықаралық терроризм мен экстремизм және «исламдық фактор» мәселелеріне дерек көзі ретінде А. Г. Косиченко, М. С. Әшімбаев т.б. авторлардың «Современный терроризм: взгляд из Центральной Азии»8, А. Гушердің «Террор на пороге вашего дома»9, А. Сагадеевтің «Философское наследие мусульманского мира и современное идеологическая борьба»10, С. Шерматованың «Ислам на постсоветском политических элит»11 еңбектерінен алынды. БҰҰ, халықаралық және аймақтық қорғаныс жүйелері жайлы деректерді Қ.Тоқаевтың «Қазақстан Республиасының дипломатиясы»12, «Қазақ Ұлттық Энциклопедиясы»13, «Международный ежегодник: политика и экономика»14 деген еңбектерден және ҰҚК, ШЫҰ, АӨІСШК сияқты қауіпсіздік жүйелерінің келісім-шарттарынан алдық. Сондай-ақ ұлттық, аймақтық және ғаламдық қауіпсіздік мәселелеріне қатысты мерзімді баспасөз деректерінен мысалы:



Н. Назарбаев. Сындарлы он жыл. – А., 2003.

2­­­Н. Назарбаев. Тарих толқынында. – А., 1999.

3Н. Назарбаев. Бейбітшілік кіндігі. – А., 2002.

4З. Бжезинский. Большая шахматная доска. – М., 2000.

5У. Касенов. Безопасность Центральной Азии. – А., 1998.

6Ю. Волков. Правда об Афганистане. – М.,1980.

7История Афганистана. – М.,1982.

8А. Г. Косиченко, М. С. Ашимбаев. Современный терроризм: взгляд из Центральной Азии. – А., 2002

9А. Гушер. Террор на пороге вашего дома. – М.,1998.

10А.Сагадеев. Филосовское наследие мусульманского мира и современная идеологическая борьба. – М.,1987.

11С. Шерматова. Ислам на постсоветском политических элит. – М.,2001.

12Қ. Тоқаев. Қазақстан Республикасының дипломатиясы. – А., 2002.

13Қазақ Ұлттық Энциклопедиясы. – А., 1998.

14Международный ежегодник: политика и экономика. – М, 1989.

«Континент», «Саясат», «Полис», «Социал-гуманитарные знания», «А и Ф Казакстан», «Независимая газета», «Красная звезда», «Московские новости», «Казахстанская правда», «Егемен Қазақстан», «За рубежом», «Время по Гринвичу», «Независимое военное обозрение» сияқты газет, журналдардан алынды.



Диплом жұмысының мақсаты. Кеңес Одағы ыдырап, Еуразия котинентінің үлкен бір бөлігіндегі мелекеттер бірлестігі тарағанда онымен бірге осы елдердің қорғаныс жүйесі де құлап еді. Енді осы «қорғансыз қалған» елдерге сыртқы және ішкі қатерлер қандай дәрежеде және қай жақтан әсер етеді. Сондай-ақ, қауіпсіздіктің қай жүйесіне қосылғаны тиімді. Аймақ елдері үшін халықаралық қауымдастыққа қосылу ең алдымен өзара жан-жақты интеграциялық байланыста болып отырғаны және Еуразиялық бірлік аясында даму ғана бейбіт болашақ кепілі екенін дәлелдеу - диплом жұмысының негізгі мақсаты болмақ.

Зерттеу міндеті. Орталық Азияға жақын аймақтық қақтығыстар мен стратегиялық қайшылықтар, сондай-ақ халықаралық терроризм мен экстремизмнің себеп-салдарын зерттеу, әртүрлі қауіпсіздік жүйелеріне талдау жасау арқылы Қазақстанның ондағы алар орны мен елімізге қаупі басым қатерлер, оларға қарсы күрес шараларын, алдағы уақыттағы атқарылар іс-шараларды ашып көрсету.

Зерттеу нысанасы. БҰҰ-ның 2002 жыл қыркүйекте Иоханнесбургте өткен мыңжылдық саммитінде Бас хатшы Кофи Аннан бүгінгі ғаламдық үш мәселені көтерді, олар – қауіпсіздік мәселесі, кедейшілік және қоршаған ортаны қорғау. Демек, қауіпсіздік мәселесі ғаламдық дәрежеге жеткен. Елбасымыздың «Сындарлы он жыл» еңбегінде көрсетілгендей қазіргі дүниенің дидарын өзгертіп отырған екі құбылыс бар, олар жаһандану мен халықаралық терроризм1. Зерттеу нысанамыз да осылар.

Зерттеу пәні. Зерттеу пәні ретінде аймақтық және ғаламдық қауіп-қатердің Орталық Азияға тигізер әсері мен себеп-салдары, сондай-ақ аймақ елдерінің өңірік дәрежеде, сосын Еуразия кеңістігіндегі қорғаныс мәселелері алынды. Зерттеудің мақсат-міндеттеріне сәйкес ғылыми-танымдық әдістер қолданылды: тарихи, салыстырмалы түсіндіру т.б. Мұның өзі авторға бір жақты позиция мен догмалардан арылып, зерттеліп отырған мәселені сыни, объективті тұрғыдан қарастыруға мүмкіндік берді.

Зерттеу деректері. Саясаткерлердің, мемлекет қайраткерлерінің түрлі дәрежедегі сарапшылардың, сондай-ақ ғалымдар мен тарихшылардың қорғаныс және ғаламдық мәселелер жөніндегі еңбектері мен зерттеулері,сондай-ақ монографиялары, ғылыми мақалалары алынды. Және де қоғамдық-саяси, ғылыми көпшілік және арнайы басылымдар мен оқулықтар, интернет материалдары пайдаланылды.

1Н. Назарбаев. Сындарлы он жыл. – А., 2003. 10 б.

Тәрбиелік құндылығы. Диплом жұмысының негізгі практикалық маңызы сол, оның ой-тұжырымдары мен сарапталған мәліметтері жаңаша көзқарастық түсініктердің қалыптасуына үлкен көмек береді. Жеке ойлау мен өз бетінше жұмыс істеуге үйретеді. Өйткені адам дүниеде не болып жатқанын білуге ғана емес, неге бұлай болып жатқанын да білуге хақылы. Жұмыстағы ой-түйіндер мен сараптаулар «Қазіргі заман тарихы», «Дүниежүзілік өркениеттер тарихы», «Еуразия тарихы», «ТМД елдерінің тарихы» және «Саясаттану» пәндерін оқыту мен студенттердің білімдерін одан әрі дамытуға көмектеседі деп сеніммен айта аламыз.

Жұмыстың байқап көрілуі. Диплом жұмысының негізгі нәтижелері тарих факультетінің студенттік-ғылыми практикалық конференциясында (25ақпан – 2наурыз 2002ж. ОҚМУ Шымкент) және Ғ. Мүсіреповтің 100 жылдығы мен Оңтүстік Қазақстан облысының 70 жылдығына арналған жаратылыстану, техникалық, әлеуметтік-гуманитарлық және экономикалық ғылымдар бойынша V студенттердің ғылыми конференциясында (13-18 мамыр. 2002ж. ОҚМУ. Шымкент), сондай-ақ 2003ж 26-28 наурыз аралығында өткен VI студенттік ғылыми конференциясында баяндалып, жүлделі орындарға ие болған.

Диплом жұмысының құрылымы. Диплом жұмысы кіріспеден, үш тараудан және қорытынды, қолданылған құжаттар мен әдебиеттер тізімінен, сондай-ақ қосымшалардан тұрады. Кіріспеде зерттеу тақырыбының көкейкестілігі, мақсат-міндеттері және методологиялық негізі дәйектеледі. Мәселенің зерттелу деңгейі айқындалып, дерек көздері сараланды. Еңбектің ғылыми жаңалылығы мен практикалық маңызы тақырыпқа жаңаша жандасу мен мәселенің түпкі себептеріне қалыс пікір білдіру болып табылады.

Жұмыстың «Стратегиялық қайшылықтар мен аймақтық дағдарыстар» деп аталатын 1-тарауында XIX ғасырдағы Ресей мен Ұлыбритания державаларының арасындағы Орталық Азия өңірі үшін таласының себеп-салдары, соған байланысты Ауғанстанның билік басындағы ауыс-түйістер, 1979-1989 жылдардағы ауған соғысы, ауған соғысынан кейінгі жағдайлар мен талибан қозғалысы және 11 қыркүйектегі оқиғағаға байланысты антитеррорлық коалиция әрекеттері баяндалады. Уақытша үкіметтің орнауы мен оның бүгінгі жағдайы, Қазақстанға ауған мәселесінің әсері және осы мәселедегі Қазақстандық позиция көрсетіледі. Елбасымыздың мәлімдегеніндей: «Ауғанстан Қазақстан үшін де стратегиялық-транзиттік маңызды аймақ»1. Ирак мәселесінің себеп-салдары мен соғыс барысы және оның ықтимал нәтижелері мен бүгінгі жағдайы сондай-ақ ертеңгі болашағы жайлы ой өрбітіледі. Әлемдік держава болған АҚШ-тың сыртқы саясаты жан-жақты баяндалады. Жұмыстың 2- тарауы «Халықаралық терроризм және экстремизм. Әлемдік есірткі саудасы» деп аталады. Онда халықаралық терроризм мен экстремизмнің мәні мен болмысы, пайда болу алғышарттары мен түрлері баяндалады.



1www.khabar.kz.

Терроризмнің шығу себептері қарама-қарсы екі жүйенің арасындағы текетірестік пен аймақтық дағдарыстардан және әлемдік даму теңсіздігі, сондай-ақ халықаралық есірткі саудасы тұрғысынан қарастырылады. Терроризммен күрестегі аймақтық қорғаныс жүйелерінің алар орны және ондағы Қазақстандық іс-шаралардың рөлі көрсетіледі. 3-тарау «Халықаралық және аймақтық ұжымдық қауіпсіздік пен қорғаныс стратегиялары» деп аталады. Оның «Халықаралық қатынастар және БҰҰ» деген тарауында оның бөлімшелері мен мәмілегерлік саясаты баяндалады. Үшінші тараудың «Аймақтағы ұжымдық қауіпсіздік шаралары» деп аталатын тармағында Ұжымдық Қауіпсіздік Кеңесі (ҰҚК), Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы (ШЫҰ) және Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім білдіру шаралары жөніндегі Кеңес (АӨІСШК), олардың принциптері мен атқарылып жатқан жұмыстарына талдау жасалынады, ал үшінші тармағы «Қазақстан Республикасының қауіпсіздік стратегиялары» деп аталып, онда қауіпсіздікке байланысты елімізде қабылданған іс-шаралар мен қорғаныс стратегиялары, сондай-ақ әскери доктриналар мен құқықтық-нормативтік құжаттары жан-жақты талданып, Қазақстандық бейбіт саясаттың бүгіні мен ертеңіне көз жүгіртіледі.



I тарау. Стратегиялық қайшылықтар мен аймақтық дағдарыстар.
Екі бірдей дүниежүзілік соғыстың және көптеген аймақтық жанжалдардың, Ресейдегі қазан төңкерісі мен Ирандағы ислам төңкерістерінің, Германиядағы фашизм мен Жапониядағы милитаризмнің пайда болуы мен күйреуінің,отарлау жүйесінің қирауы мен социалистік жүйенің ыдырауына куә болған XX ғасыр өз миссиясын аяқтады. Бұрынғы қалыптасқан таптаурын түсініктердің орнына геоэкономиклық, геосаяси және геостратегиялық жаңа өлшемдердің уақыты келді1.

Алайда ғаламдық мәселелер XXI ғасырға да еншіленген екен. Дүниежүзілік соғыстарды қоспағанның өзінде әлемді 170 рет соғыс өрті шарпыпты. Қазірдің өзінде дүниенің көп бөлігінде саяси дағдарыстар мен ұлтаралық қақтығыстар белең алып отыр. Оның ішінде әсіресе, Ресейдегі Шешенстан, Югославиядағы Косово, Үнді-Пакистан, Израиль-Палестина дағдарыстары мен Ауған мәселесі және бүгінгі Ирактағы жағдай осыларға айқын мысал бола алады.



1.1. Ауған мәселесі.

Аймақтық қақтығыстар шекара білмейді. Қазақстан, жалпы Орталық Азия елдері Балқаннан Үндістанға дейінгі «тұрақсыздық иінінің» солтүстік бөлігінде жатқандықтан кез-келген қақтығыстан шет қала алмайды. Соның бірі Ауған мәселесі.

11 қыркүйектегі лаңкестік әрекеттерден соң әлемдік бұқаралық ақпарат құралдары (БАҚ) антитеррорлық операциялары мен болуы мүмкін өзгерістер жайлы жарыса жазып жатты. Алайда, Ауғанстандағы бұл тұрақсыздық бір бүгін емес, сонау XIX ғасырдан, әлемдік державалар дәрежесіне көтерілген мемлекеттердің ықпал ету аймағына таласы тұсынан басталады.

XIX ғасырда отар елдерінің көптігі жөнінен де, әскери әлеуеті мен халықаралық аренадағы ықпалы жөнінен де екі держава алға суырылып шығып еді. 1819 жылы Ресей миссиясының Хиуаға, 1820 жылы Британ миссиясының Бұқараға келуі осы державалар арасындағы Орта Азия елдеріне тасласуының бастамасы еді. Бұл текетірестік ықпал ету аймағын анықтап берген 1907 жыл, 18 тамыздағы ағылшын-орыс бейбіт келісімі арқылы шешілген болатын. Ол келісімнің 1 бабында: Ауғанстан «орыс ықпалына жатпайтын аймақ» және екі жақ та «Ауғанстанға ешқандай агенттерін кіргізбеуі керек»2. 2 бабында: «Ағылшындардың Ауғанстанда ешқандай үстемдігі жоқ және ішкі істеріне араласа алмайды»3 делінген. Пуштун тайпалары үстемдік ететін Ауғанстанның әу бастан Ұлыбритания отары болғаны тарихтан белгілі.


1Қ. Тоқаев. Қазақстан Республикасының дипломатиясы. –А., 2002. 19 б.

2В. А. Гурко – Кряжин. Афганистан. – М., 1923. С. 87

3И. М. Рейснер. Англо-русская конвенсия 1907 г. т. III. – М.,1925. С. 54-56

XIX ғасырдан бастап Ұлыбритания Үндістандағы иеліктерін қорғауды сылтау етіп, Ауғанстанға бірнеше рет бастырып кірген болатын. Біріншісінде, 1838 жылғы соғыста ағылшын-үнді әскерлері Ауғанстаннан жеңіліспен қайтады. Ал екінші рет, 1878-1880 жылдары Майванд ауылы маңында ағылшын әскерлері тағы да ойсырай жеңіледі. Бірақ Ауғанстан әмірі Абдурахманның саяси әлсіздігін пайдаланған Англия, Ауғанстандағы өз протекторатын сақтап қалады және 1893 жылы Ауғанстан мемлекет үшін тиімсіз «Дюранд сызығы» деп аталатын Үнді-Ауған шекаралық келісіміне қол қоюға мәжбүр болады1. Осы кезден бастап Ресей патшалығы және оның заңды жалғасы болып табылатын КСРО үкіметі өз ықпалын оңтүстікке қарай ұлғайтуға құпия кірісіп те кетті. Ресей дипломатиясының сәтті әрекеттеріне орай Ауғанстан әмірі Аманулла хан 1919 жылғы 7 сәуірде Ресеймен сауда-экономикалық байланыстарға қол қойған болатын2. Осыдан бастап Ағылшын үкіметі де өз тыңшылығын іске қосады. Ауғанстанда мемлекеттік төңкеріс жасау мақсатында барлаушы Томас Эдуард Лауренсті «Пір Карам» деген бүркеншік атпен Пакистанға жібереді. Ол Бачай Сакао («Сушының баласы») деген атпен белгілі болған атақты бандаға жолығып, күш біріктіреді. Нәтижесінде Ағылшын үкіметінің тікелей ықпалымен Лауренс пен Бачай Сакао жақтастары 1929 жылғы 17 қаңтарда Кабулды басып алып, әмір Аманулла ханды өлтіреді. Содан Бачай Сакао «Хабибулла хан» атанып, елді тоғыз ай басқарады. Бірақ, ол да 1929 жылғы 2 қарашада Надир шах адамдарының қолынан қаза табады3. Осылайша Ауғанстандағы билік алма-кезек күш басымдығы мен дипломатиялық ықпалына қарай бірде Ресейдің, бірде Британ тәжінің қарамағында болып келді. Ал ІІ дүниежүзілік соғыстан соң капиталистік дүниеде гегамондыққа қол жеткізген АҚШ, социалистік жүйемен текетіресте, сондай-ақ ықпал аймағы үшін таластарда басты ойыншылардың біріне айналып келе жатыр еді.

1965 жылы қаңтарда КСРО Мемлекеті Қауіпсіздік Комитетінің (МҚК) тікелей араласуымен Нур Мухаммед Таракидің Ауғанстан Халық Демократиялық Партиясы (АХДП) құрылады. Көп ұзамай ол екіге бөлініп кетеді: «Хальк» тобын Н. М. Тараки мен Хафизулла Амин басқарса, «Парчам» тобын Бабрак Кармаль басқарады. 1977 жыл мамырда Мәскеудің нұсқауымен АХДП-ның екі тобы бірігіп, астыртын қимылға көшеді. Сол кездегі Ауғанстан үкіметінің басшысы Мухаммед Дауд АХДП-ға қысым жасап, 1978 жылы 26 сәуірде оның басшыларын қамауға алады. Осыған наразылық ретінде 27 сәуірде Кабулдағы әскери күштер көтеріліп, үлкен қақтығыс болады. Төңкерісте М. Дауд отбасымен бірге қаза табады да, АХДП-ның басшылары билік басына келеді4.
1Ю. Волков. Правда об Афганистане. – М., 1980. С. 20

2У. Касенов. Безопасность Центральной Азии. – А., 1998. С. 34

3История Афганистана. – М., 1982. С. 240

4Қазақ Ұлттық Энциклопедиясы. – А., 1998. I т. 540 б.

КСРО-ның саясатын жақтап, социализм орнатуға белсене кіріскен үкіметке халықтың көп бөлігі наразы еді, соның нәтижесінде 1978 жылғы қазан айында қарсылас топтар арасында ірі қарулы қақтығыс болып өтеді. Билік басындағы АХДП басшылары Мәскеуде болып «Достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы» шартқа қол қояды1. Алайда елдегі азамат соғысы күшейе берді. Өйткені, парчамилер мен халькилер арасында ауызбіршілік жоқ болатын. 1978 жылғы шілде-тамыз айларында екі топ арасында қарулы қақтығыс болып, онда парчамилер жеңіліп Б. Кармал Чехословакияға елші етіп жіберіледі. Ал 1979 жыл қыркүйекте Н. Таракиді Х. Амин өлтіріп, билікті өз қолына алады2. Бұл әрекетке КСРО үкіметі қарсылық білдіріп Б. Кармалды билік басына әкелуге әрекет етеді. Жалпы, Ауғанстандағы сәуір төңкерісін қолдаймыз деген сылтаумен КСРО үкіметі Ауғанстанның ішкі істеріне мықтап араласа бастайды. 1979 жылы 12 желтоқсанда Кеңестік билік басындағы аз ғана топ - Л. И. Брежнев, Ю. В. Андропов, М. А. Суслов, Д. Ф. Устинов және А. А. Громыколар Ауғанстанға Кеңес Армиясының (КА) шектеулі контингентін енгізу туралы шешім қабылдайды3. 1979 жыл 27 желтоқсанда КА-ның қатысуымен Х. Амин режимі құлатылып, 28 желтоқсанда Бабрак Кармал АХДП-ның билік басына келеді4. Ал 1986 жыл мамыр айында АХДП ОК-ның XVIII пленумында партияның бірінші хатшысы етіп Наджибулла сайланды5. 1979 жыл 25 желтоқсан мен 1989 жыл 15 ақпан аралығында, тұтастай алғанда КСРО-ның 620 мың азаматы Ауғанстан терриориясында әскери қызметтен өткен, яки олардың 525 мыңы КА-ның құрамалары мен бөлімдерінде, 90 мыңы МҚК-ның шекаралық бөлімшелерінде, 5 мыңы ішкі әсерлер мен милиция қатарында өз міндеттерін өтеді. 110 айға созылған ауған соғысында жарақаттанғандар мен ауруға ұшырағандар саны 469685 адамға жетті. Оның ішінде 10751 адам мүгедектікке ұшырады. Ауған соғысынан оралмаған адамдар шығыны 14453 болса, оның 13833-і әскер қатарында, 572-і МҚК бөлімшелерінен, 28 адам КСРО ІІМ тарапынан опат болды. Ауған соғысында тұтқынға түскендер мен із-түзсіз кеткендер саны 417 (кейін олардың 119-ы тұтқыннан босатылды). Әрине, Ауған соғысының мәселесін шешуде тұтқындағы офицерлер мен әскерлер кінәлі емес6. Сондықтан да 1989 жыл 28 қарашада КСРО Жоғарғы Кеңесінің «Ауғанстандағы Кеңес әскерлерінің контингентінде қылмыс жасаған бұрынғы әскери қызметшілерге кешірім жасау жөнінде» Қаулысы қабылданды7.



1История Афганистана. – М., 1982. С. 332

2Ю. Волков. Правда об Афганистане. – М., 1980. С. 93

3Б. Сайлан. Шектеулі контингент.//Егемен Қазақстан 2001, 31 қаңтар. 11 б.

4ҚҰЭ. – А., 1998. I т. 540 б.

5Международный ежегодник: политика и экономика. – М., 1987. С. 236

6Б. Сайлан. Шектеулі Конингент.//Егемен Қазақстан 2001, 31 қаңтар. 11 б.

7 КСРО Жоғарғы Кеңесінің «Ауғанстандағы Кеңес әскерлерінің контингентінде қылмыс жасаған бұрынғы әскери қызметшілерге кешірім жасау жөніндегі» Қаулысы. 28 қараша 1989 жыл. Мәскеу.

Кейіннен, 1949 жылы қабылданған Женева конвенциясының қағидаларына сүйене отырып, 1992 жылғы 13 наурыздағы ТМД үкімет басшыларының Кеңесіндегі жауынгер-интернационалистер ісі жөніндегі комитеттің жағдайын негіз етіп, әскери қызметшілерді іздеу және азат ету міндеттемелерін бекіту үшін 1993 жылы 28 сәуірде ТМД-ның үкімет басшылары Минск қаласында «Ауғанстандағы соғыс кезінде және басқа елдердегі әскери қақтығыстарда тұтқынға түскен және із-түзсіз жоғалған ТМД азаматтарын бірігіп іздеу және азат ету туралы» Келісімге1 қол қойды.

Қазақстанда да 1993 жылы 5 наурыздағы Президент Жарлығы бойынша, із-түзсіз жоғалғандар мен тұтқында қалған әскери қызметшілерді іздеу және азат етуге байланысты комиссия құрылған және жұмыс істеп жатыр.

Әскери қуаты төмен Ауғанстандағы қақтығыстарды қуатты КСРО державасының тоқтата алмауының әрине, өзіндік себептері бар. Моджаһедтерді АҚШ пен Пакистан және мұнайлы араб елдері қаржыландырып отырса, КСРО-ның оған дейін де құлдырап кеткен экономикасын соғыс одан әрі нашарлатып, халықаралық беделіне, әсіресе араб елдерімен қарым-қатынасына үлкен соққы болды.

1988 жыл 14 сәуірдегі Женева келісімі боиынша КА-ның Ауғанстандағы шектеулі контингенті 1988 жыл 15 мамырдан бастап шығарыла бастады. Операцияның бұл бірінші кезеңінде Кеңес әскерінің 50 мыңдық контингенті алып кетілді. Екінші кезеңі 1989 жылғы 15 ақпанда аяқталды2. Осы күні Өзбек КСР-індегі Термз облысының шекаралық көпірінде Кеңестік 40-шы армия қолбасшысы генерал-майор Б.В.Громов Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан толық шығарып әкетілгендігін бүкіл әлемге мәлімдеді3.

Сонау 1970-ші жылдардың аяғынан басталған Ауған соғысы әлі де басылар емес. Оған килікпеген мемлекет те аз шығар.XIX ғасырда үш рет ағылшындармен XX ғасырда он жылдай Кеңес Одағымен соғысқан ауғандықтарды, бүгінде АҚШ-тың бомбалағаны баршамызға белгілі.

Ауған соғысы жылдарында Кеңес әскерінің Ауғанстанға баса көктеп кіруіне әжептеуір септігін тигізген және оны өз мүддесіне тиімді пайдаланған АҚШ-тың көздеген мақсаты да Кеңес Одағы мен Ауғанстан арасындағы кең көлемді ынтымақтастықты жою болатын. «Кезінде, тіпті Кеңес Одағына қарсы қасиетті «жиһад» соғысын ашуды қарапайым ауғандықтар арасында насихаттаған да АҚШ болатын.Өйткені, мұның Кеңес Одағының құлауына алғышарт болатындығына біз кәміл сенетінбіз»,-дейді сол кездегі АҚШ Президентінің мемлекеттік хатшысы Збигнев Бжезинский4.
1«Ауғанстандағы соғыс кезінде және басқа елдердегі әскери қақтығыстарда тұтқынға түскен және із-түзсіз жоғалған ТМД азаматтарын бірігіп іздеу және азат ету туралы» Келісім. 28 сәуір, 1993. Минск.

2Международный ежегодник: политика м экономика. – М., 1889. С. 22

3Б. Сайлан. Шектеулі Контингент //Егемен Қазақстан. 2001, 31 қаңтар. 11 б.

4З. Бжезинский. Великая шахматная доска. – М., 2000. С. 121

Экстремистік топтардың Ауғанстандағы қарулы қимылдарына АҚШ тарапынан белгілі дәрежеде жәрдем көрсетілгендігі бүгінде белгілі жағадай. Сөйтіп, кезінде «бостандық жауынгерлері» атанған ауғандықтар бұл күнде «халықаралық террористер» деп айыпталуды. 1889 жылы Кеңес әскері Ауғанстаннан шығып кетті. Бірақ, көптен күткен бейбітшілік орнамады. Біріншіден, моджаһедтерді біріктіріп отырған ортақ жаулары – КСРО енді жоқ. Екіншіден, КСРО-мен соғыс жылдарында әбден күшейіп алған моджаһедтердің жекелеген фракциялары мен тайпалардың арасындағы билікке талас басталды. «Жиһад» ұраны оларды біріктіруден қалды, тайпалық мүдде жалпыауғандық мүддеден жоғары тұр. Қайшылық негізінен пуштундар мен елдегі азшылықты құрайтын басқа да тайпалар арасында болып отыр1.

БҰҰ-ның 1988 жыл 3 қарашада шыққан «Ауғанстанда коалициялық үкімет құру туралы» резолюциясы қабылданды. Ал, 1989 жыл 23 ақпанда Пакистанның Равалпинди қаласындағы Келісім бойынша Ауғанстанда коалициялық үкімет орнады. Оның Президенті етіп С. Моджадиди, премьер-министр болып А. Р. Сайяф сайланды. Уақытша үкіметті біріншілерден болып мойындағандар Сауд Арабиясы, Судан және Бахрейн мемлекеттері болды2.

Ауғанстанда орын алған тұрақсыздыққа орай АҚШ-тың Сыртқы істер комиссиясының ғылыми кеңесшісі Бернет Рубин: «Кеңес әскерлері Ауғанстаннан кетісімен коалициялық үкімет құрудың орнына Наджибуллаға қарсы соғысқан топтарға жүздеген миллион қаржы бөлу біздің үлкен қателігіміз болды. Тіпті Буш (үлкен) үкіметінің командасы да жоқ жаумен (КСРО) соғысты доғармады. АҚШ та, БҰҰ да Ауғанстанға гуманитарлық көмек беруден басқа саясат ұстанбағандықтан жағдай ушыға берді», - деген болатын. Және де «енді Ауғанстандағы пуштундар әулетін ешқандай да держава қаржылай да, әскери де жабдықтамай қойды. Өйткені, Ауғанстан бүгінде қарсылас альянстар мен мемлекеттер арасындағы қалқан болудан қалды» дегенді айтады3.

Экстремистік топтардың да кадрлық құрылымының толығуына Ауғанстандағы көпжылдық азамат соғысы дем берді. Әртүрлі мемлекеттерде ауғандық моджахедтерге қаржылық, техникалық және кадрлық көмек көрсеткен экстремистік ұйымдар құрады. Соғыс аяқталып, Кеңес әскері шығарылғаннан соң, әскерлер «жиһад» идеясын уағыздап, экстремистік ұйымдарға кіріп кетті. Әртүрлі пайымдаулар бойынша, Ауған соғысының мектебінен өткен бұл сияқты «жиһад» жауынгерлерінің саны шамамен 8 мыңнан 15 мыңға дейінгі адамды құрайды. Олардың көбісі әркезде Кашмирдегі, Палестинадағы, Алжирдегі, Балқан мен Солтүстік Кавказдағы соғыс операцияларына қатысқандар.

1У. Касенов. Безопасность Центральной Азии. – А., 1998. С. 112

2Международный ежегодник: политика и экономика. – М., 1989. С. 230

3У. Касенов. Безопасность Центральной Азии. – А., 1998. С. 113

Міне, дәл осы моджаһед – ардагерлер бұл күнде ықпалды да мәшһүр экстремистік және фундаменталистік ұйымдардың бәрінің дерлік әскерилендірілген өзегін құрап отыр1.

1992 жыл 15 мамырда демалысқа кеткен Ауғанстан Президенті Наджибулла Кабулдағы БҰҰ-ның панасына тығылуға мәжбүр болды. Басы бірікпейтін АХДП партиясы тағы да екіге бөлініп кетті: Біріншісі, Гульбеддин Хекметияр басқаратын пуштундардан құралған Ауған Ислам Партиясы («Халькилер»). Екіншісі, Бурхониддин Раббани мен Абдул Рашид Достум басқаратын тәжіктерден құралған Ауған Ислам Қоғамы («Парчамилер»). Ауған Демократиялық Републикасының орнына Ауған Ислам Республикасы орнады. Бұлардан басқа билікке таласушы А. Р. Сайяфи басқаратын Ауғанды азат ету ислам одағы және Юсуф Халес басқаратын Ауғанстан Ислам Партиясы. Сондай-ақ, С. А. Гиланийдің Ұлттық Ислам Майданы мен С. Моджадидидің Ауғанстанды құтқару ұлттық ислам майданы, сосын М. Н. Мухаммадидің Ауғанстанның ислам төңкерісі қозғалыстары әрекет етуде2.

Осындай ел ішіндегі көптеген ұйымдар мен қозғалыстарға әрқайсысы өз мүдделеріне сәйкес көмек беріп отырған сыртқы елдердің әсерінен Ауғанстан үлкен-үлкен үш аймаққа бөлініп кеткен еді: Солтүстігінде – тәжіктер мен өзбектерден құралған Абдул Рашид Достум жақтастары; Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыста пуштундар бірлестігі; Батысында – хазарилер мен ирандықтар дербес өмір сүріп жатты3.

Саясатшылар Ауғанстанда жақын келешекте бейбітшілік орнауына оңай сене қоймайды. Өйткені талай жылдан бері тақ үшін қырқысып келген тайпалар елдегі басқару билігіне таласпай тұра алмайды. Ауғанстанда бірнеше ұлттар мен ұлыстар өмір сүреді.

Ауғанстанның негізгі халқы – пуштундар, 10 миллион адам. Олар Кеңес әскерлері енген 1979 жылға дейін халықтың 56%-ын құраған. Көрші елдерге босқан 6 миллион ауғандықтардың 85%-ы осылар болғандықтан, бүгінде пуштундар Ауғанстанда 40%-дан сәл астам. Соңғы екі ғасырда үкіметті негізінен пуштундар басқарды. Тағынан айырылған Закир шах, Президент Наджибулла, молда Мухаммед Омар, Гульбеддин Хекметияр – бәрі пуштундар. Сондай-ақ талибтердің көпшілігі де пуштундардан құралған еді. Қазір Пакистанның солтүстігінде 17 миллиондай пуштундар тұрады.

Тәжіктер – 5 миллион адам. Бұл саны жөнінен екінші ауғандық этнос. Халықтың 20%-нан астамын құрайды. Тәжіктердің Ауғанстандағы ықпал-беделі жоғары. Министрлердің, банкирлердің және ірі саудагерлердің көпшілігі – тәжіктер. Алайда, Бурханиддин Раббанидің аз уақыт болған Президенттігін ескермесек Ауғанстанды тек екі рет – XIV ғасырда және 1920 жылдардың аяғында ғана басқарған. Солтүстік Альянстің негізін тәжіктер құрайды.
1Н. Назарбаев. Сындарлы он жыл. – А., 2003. 94 б.

2У. Касенов. Безопасность Центральной Азии. – А., 1998. С. 113

3Там же, С. 114

Марқұм Ахмад Шах Масуд, Президент Раббани, бүгінгі вице-президент әрі Сыртқы істер министрі Мухаммед Фахим, сосын губернатор Исмаил Хан – тәжіктер.

Өзбектер - 2,3 миллион адам. Ауғанстандағы саны жөнінен үшінші этнос. Өзбектердің көпшілігі Ауғанстанға қызыл әскерлерден қашып, 1920 жылдары келіп қалғандар. Олардың жетекшісі Абдул Рашид Достум, кезінде Кеңес Одағын жақтап, Кабулдық үкімет жағында соғысқан. Бірақ, Кеңес әскері кеткен соң Президент Наджибулланы сатып кетеді. Ауғанстандағы өзбектер ең алдымен Өзбекстан қолдауына сүйенеді.

Хазарлар – 2 миллион адам, бүкіл халықтың 9%-ы. Олар өздерін Шыңғыс хан жауынгерлерінің Ауғансанға XIII ғасырда келген ұрпақтары санайды. Хазарлар шиіт дініндегілер болғандықтан Иранның қолдауына сүйенеді.

Исмаилидтер – 1 миллион адам, елдегі халықтың 5%-ы. Исмаилидтер де Иранның қолдауына сүйенеді.

Түрікмендер – 500 мың адам. Бұлар ТМД аудандарымен шекаралас солтүстік аймақтарда топтасып өмір сүреді.

Сондай-ақ Ауғанстанда 15 мыңдай қырғыздар, 200 мыңдай белудждер, 40 мыңдай қызылбастар мен афшарлар және де арабтардың, қазақтардың, күрділердің және Үндістаннан шыққандардың шағын топтары мекендейді1.

Ауғанстанда мұсылман емес халықтар да тұрады. Олар – индуистер, армяндық-григоряндар мен армяндық-католиктер және еврей-иудаистер2. Ислам діні де ауғандықтарды біріктіре алмай отыр. Себебі, халық түрлі секталарға бөлініп кеткен. Ресей Федерациясы 1993 жылдан бастап Наджибулланы қодауын тоқататып, моджаһедтермен келіссөз жүргізе бастады. Моджаһедтердің елде бейбітшілік орнатуға шамалары жетпеді. Сондықтан Еуразияның кіндігі болған Ауғанстан арқылы өткізу жоспарланған мұнай-газ құбырларының бағыттары мен Орталық Азия елдерімен сауда-экономиалық байланыстарының жақын арада жүзеге аспайтындығына көздері жеткен АҚШ және Пакистан үкіметтері Ауған саяси сахнасына «талибан» қозғалысын шығаруды көздеді. Ауғанстандағы 1978 жылғы сәуір төңкерісінен соң елден қуылған пуштун тайпаларын Пакистан үкіметі өз панасына алған болатын. Сол пуштундарды Кветте және Пешавар қалаларында дайындықтан өткізіп, 1994 жылы молда Мұхаммед Омардың басшылығындағы «талибан қозғалысы» төңірегінде біріктіреді3.

Сол жылдардағы Пакистанның премьер-министрі Беназир Бхутто ханым ВВС радиосына берген сұхбатында, бұдан бірнеше жыдар бұрын босқын пуштундардан әскери құрама жасақтау қолға алынғанын және ол жұмыс

1Т. Тәшенов. Ауғанстанда кімдер тұрады? //Қазақстан ZAMAN. 17 қыркүйек, 1999.

2У. Касенов. Безопасность Центральной Азии. – А., 1998. С. 115

3Там же, С. 115

Пакистандық «Жамиат ул–Улема–и–Ислам» партиясына жүктелгенін жасырмайды. «Алғашында талибтер Пакистанның Ауғанстанға шығаратын тауарларын моджаһедтерден қорғауға пайдаланылған болса, кейіннен Пакистанның Ауғанстан арқылы өтетін Орталық Азия елдерімен сауда байланыстарының қауіпсіздігін қамтамсыз етті және осы отряд арқылы ауған босқындарын елдеріне қайтаруға мүмкіндік туды» дейді премьер-министр1.

Пакистан үшін Ауғанстандағы тайпааралық жанжалдар қаупі – Пакистан территориясына да жайылып кету қаупінен көрінеді. Және де Ауғанстанда пуштундар бірігіп, ұлттық «Пуштунистан» мемлекетін құру мүмкіндігіне ие болса, Пакистанның солтүстігіндегі 7 миллион пуштун жасайтын аймаққа көз алартуы әбден мүмкін. Саясатшылар Раджи Менон мен Хенри Баркилердің пікірінше «Егер ауған жанжалы тайпалардың жеке-жеке бөлініп кетуімен аяқталса, онда ол Пакистан қауіпсіздігіне елеулі әсер етеді»2 деген болатын. Оның үстіне Ауған жеріндегі тыныштық – Пакистанның Орталық Азия елдерімен сауда-экономикалық байланыстары мен мұнай-газ құбырларын тартуға мүмкіндіктер берері хақ. Бұл мәселеге қол жеткізу табиғи ресурстарға кедей Пакистан үшін үлкен жетістік.

Ресей және Ирак, ішінара Өзбекстан да көмектесіп отырған Солтүстік альянс талибтердің басты қарсыласы болды. Соған қарамастан Талибтер бірінен соң бір қаланы басып алып, солтүстікке жақындай берді. Олар 1995 жылы Гератты, 1996 жылы 27 қыркүйекте Кабулды алды. Ал 1998 жылғы тамызда Мазари-Шарифті егелеген болса, 2000 жыл 6 қыркүйекте Солтүстік-ауғандық Тахор провинциясының Тәжікстанмен шекарадағы орталығы Талукан қаласын басып алып, Ауғанстанды түгелге дерлік өз қолдарына қаратты3.

Қанша дегенмен де сол кезде ауған халқының көпшілігі талибтерді жақтаған еді. Оның өзіндік себептері де бар. Біріншіден, 1992 жылы Президент Наджибулланы ығыстырып, Кабулды егелеген моджаһедтердің билік үшін өзара қырқысуынан болған қырғындарды тоқтатты. Екіншіден, ауған халқы жауласқан топтардың өзара соғысынан әбден шаршады және талибтер елде тыныштық орнатады деп сенді. Казахстанская правданың меншікті тілшілері В. Баршев пен В. Куликовтардың қарапайым ауғандықтардан алған сұхбаттарынан көп ретте мынадай жауаптар оқисыз «Біз, бұл жиырма жылда соғыстан әбден шаршадық, енді ғана тыныштықтың не екенін сезіне бастадық.Сіздер, шетелдіктерге мұның құнын түсіну қиын. Сіздер ұзақ жылдар бойы өз өмірлеріңіз бен балаларыңыздың өмірі үшін үнемі қорқынышта болған жоқсыздар». Ауғандықтарды да түсінуге болады. Өркениетті қауымдастық тарапынан адам құқықтарын бұзуда деп талибтерге тағылған айып, оларға керек емес.
1У. Касенов. Безопаспость Центральной Азии. – А., 1998. С. 122

2Там же, С. 123

3В. Баршев, В. Куликов. Северный Альянс Афганистана: трудные времена //Каз. Правда. 16 ноября, 2000. С. 6

Оларға керегі бірінші кезекте жеке бастары мен отбасыларының қауіпсіздігі. Үшіншіден, талибтердің көпшілігі пуштундар болғандықтан олар елдің пуштундар қоныстанған Орталық және Оңтүстік бөліктерін оңай басып алды. Сауда байланыстары мен көлік қатынастарына дала командирлерінің орынсыз тиісулеріне тыйым салуы да талибтерге оң нәтиже берді1.

Талибтер де басқа әскери-саяси топтар сияқты билік үшін таласушылар болғандықтан, алдымен қарсыластарының көзін жоюға тырысатындығы белгілі жағдай. Олар этностық жағынан – пуштундар, діни жағынан – сунниттер болғандықтан болар, басынан-ақ басқа тайпалар мен шиіттер тарапынан қатты қарсылыққа ұшырады.

Ауғанстан – Орталық Азиямен шектесіп жатқан оңтүстіктегі іргелес көршіміз. Тәжікстанмен 1100 км, Өзбекстанмен 152,5 км, Түрікменстанмен 800 км-лік шекарамен шектесіп жатыр. Сондықтан әскери үкімет пен біржақты дінге негізделген талибтердің Ауғанстанда билік етуі Орталық Азия үшін тиімділігінен гөрі қауіптілігі басым еді2.

Үнді зерттеушісі К.Варико мәлімдегендей қарулы тәжік және ауған экстремистерінің аймақтағы есірткі және заңсыз қару-жарақ саудалары Орталық Азия елдерінің тұрақсыздығына тікелей әсер ететін бірден-бір фактор болып отыр3.

«Красная звезда» газетінің таратқан мәліметтері бойынша талибтердің қарулы күштерінде 40-50 мың адам, 200 танк, бірнеше БМП мен БТР-лер, мыңға жуық артиллериялық қарулар мен 20 ұшақ және тікұшақтары болған. Бірақ, оларға қарсы тәжік-ауған шекарасында Ресейлік 25 мың шекаралық әскер мен 5 мыңдық мотоатқыштар дивизиясы тұрды. Оған қосымша мыңға тарта Қазақстандық, Қырғызстандық және Өзбекстандық батальондар мен 10 мыңдық тәжік әскері болды. Солтүстік альянстың генералы А.Р.Достумның да қарулы күштері жақсы жабдықталған еді. Құрамында 2 әскери корпус, 13 дивизия, 60 мыңдық әскер, 600 бронотехника, 300 артиллериялық қарулар мен 15 әскери ұшағы бар еді. Масуд күштерінде 10 мың әскер болды4. Ауған жанжалының қаупі ең алдымен Орталық Азияға ауғандық босқындар мен есірткі тасымалынан көрінеді. 1994 жылы тәжік-ауған шекарасында 1,5 тоннадай есірткі ұсталған болса, 1995 жылы ол 2,3 тоннаны жеттен. Ал, 1996 жылы 3 тонна есірткі тәркіленді. БҰҰ-ның мәлімдеуінше талибтер әлемдік есірткі саудасының 45 %-ын өз қолдарында ұстап отыр. Әлемдік саудадаға ауған героинінің жалпы бағасын БҰҰ-ның сарапшылары 70-75 миллиард долларға бағап отыр5.


1В. Баршев, В. Куликов. Северный Альянс Афганистана: трудные времена. //Каз. Правда. 16 ноября, 2000. С. 6

2У. Касенов. Безопасность Центраьной Азии. – А., 1998. С. 118

3Там же, С. 119

4­­«Красная звезда». 8 октября 1996.

5«Московское новости». 13-20 октября 1996.

1996 жылы 4 қарашада Алматыда бас қосқан Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан Президенттері мен Ресей Федерациясының премьер-министрінің Ұжымдық Қауіпсіздік Келісімі саммитінде Ауғанстандағы тайпааралық қақтығыстардың ушығуы «Орталық Азия мен Достастық елдерінің ұлттық мүдделері мен мемлекеттік қауіпсіздігіне кері әсерін тигізеді» дей келе, «Ауған жанжалының ТМД елдері аймағына өтіп кетуі, қатты қарсылыққа ұшырайды және Ташкентте 1992 жылы 15 мамырда қол қойылған Ұжымдық Қауіпсіздік Келісімінің 4 бабына сәйкес қарсы соққы беріледі» деп қорытынды жасалған болатын1.

Ауған жанжалы тек Орталық Азияға ғана емес Оңтүстік Азия елдеріне де өз әсерін тигізері белгілі.

Сондықтан да Иран Ислам Респуликасының Сыртқы істер министрі Әли Акбар Велаяти талибтер 1996 жылы Кабулды басып алғанда, «Ауғанстанда болып жатқан барлық жағдайлар біздің қауіпсіздігімізге әсерін тигізеді» деген болатын. Ал Иранның рухани лидері Аяталла Али Хомеини талибан қозғалысына сын айтып, оны исламдық ұйым емес деп және олардың АҚШ тарапынан қолдау көріп отырғандығын сынға алды.

Иран Ауғанстандағы шиіттер сектасынан болған, хазарилер мен аздаған ирандықтарды біріктіретін «Хизб–е–Вахдат» ұйымына қолдау көрсетеді. Қайткенде де халқының 14%-ы шиіттер болған Ауғанстанда Иранның мүддесі бар2.

Үндістан болса Пакистан үкіметінің талибандарға тікелей көмек көрсеткендігінен шошынған еді. Өйткені исламдық Пакистан одан әрі күшейіп, одақтасын көбейткен сайын, Үндістан қауіпсіздігіне қатері мен Кашмир мәселесі ушыға түсері сөзсіз. Сондықтан Үндістан үкіметі талибтерді емес, Б. Раббани үкіметін қолдады.

Үндістанның Сыртқы істер министрі Индер Кумар Гуджрал Ауғанстандағы жағдайға байланысты былай деп мәлімдемеген болатын: «Біз Раббани үкіметін қолдай отырып, Ауғанстан халқы қайсы үкіметті қолдауын өздері ғана шешуі керек дейміз. Үндістан сыртқы елдердің Ауған жанжалына араласуына үзілді-кесілді қарсы. «Талибан» үкіметін мойындау, сыртқы күштердің Ауғанстанның ішкі істеріне араласуын да мойындағанды білдіреді деп есептейміз»3.

Сауд Аравиясының «Талибан» үкіметін қолдауы бір жағынан шиіттік Иранға қыр көрсетуі болса, екінші жағынан сунниттік талибтерге жанбасуы еді4. Сауд Аравиясының 1979-1989 жылдардағы Ауған соғысында моджаһедтерді қолдағаны да белгілі. Жалпы, Сауд Аравиясы араб елдерінің ішіндегі АҚШ-тың бірден-бір стратегиялық әріптесі.


1Договор Коллективной Безопасности. 2 мая 1992. Ташкент. Статья 4

2У. Касенов. Безопасность Центральной Азии. – А., 1998. С. 123-124

3Там же, С. 124

4Там же, С. 126

Ауған жанжалының бақылаудан шығып кетуі мен жағдайдың ушығуы Ресей үшін де қауіпті. Егер соғыс тәжік-ауған шекарасына жетіп, Тәжікстан Ресейдің ықпал аймағының отүстік шеб болудан қалса, Ресей өз тылын мықтап бекіту үшін Қазақтанмен араға жаңа шекаралық шеп құруға мәжбүр болады. Ресейдің Федералды шекара қызметінің директор орынбасары А. Маниловтың мәлімдеуінше «Бір километр шекара шебін құру үшін мемлекет үш миллиард рубль қаржы жұмсайды. Ал, Ресейдің Қазақстанмен шекарасы 6 мың км. Мұндай шекараны құруға мемлекет 20-30 триллион рубль қаржы бөле алмайды»1. Сондай-ақ Ресей шикізат көздеріне бай Орталық Азия елдерінен айырылып қалғысы жоқ. Егер Ауған жанжалы тайпааралық бөлініп кетумен аяқталғанда және А. Р. Достум күшейіп кеткенде Өзбекстанның ықпалы бұрынғыдан да артқан болар еді. Ал Өзбекстан Ресейге қырын қарап. АҚШ-қа жақындасатын аймақтағы бірден-бір мемлекет.

Тәжікістан үшін Ауған жанжалының тікелей әсері бар. 1992 жылы Тәжікістандағы азамат соғысында 10 мыңдаған тәжік босқындарының Ауғанстанның солтүстігіндегі Бадахшам, Тахор, Балх және Құндыз провинцияларына барып паналады. 1995 жылға қарай олардың саны 100-120 мыңға жетті. Босқындар әрқашан саяси күштердің қолындағы құралы болған. Тәжік босқындарын Г. Хекметияр мен А. Р. Сайяф өз лагерлеріне қабылдап алған болатын. Және есірткі саудасы мен заңсыз қару-жарақтың өтіп кетуі де Тәжікстан қауіпсіздігіне сызат түсірер фактор бола алады2.

Ауған соғысын Кеңес Одағының көп шыығындармен нәтижесіз аяқтуы АҚШ үшін үлкен жетістік еді. Соғыс аяқталғаннан соң АҚШ үкіметі моджаһедтерге көмек беруін тоқтатқанымен, Ресейдің Тәжікістандағы әскери құрамасын ескеріп Ауған мәселесін бақылаумен болды. Жағдай біршама тынышталғандай болғанымен Туркияда Ислам партиясының, Ауғанстанда исламдық топтардың күшейіп кетуімен Орталық Азияға «Ислам әлемінің» әсері АҚШ-ты қайта алаңдатты.

Аймақ жағынан алшақта жатқанымен Орталық Азия АҚШ үшін стратегиялық маңызды аймақ. Әсіресе бай пайдалы қазбалары мен мұнай-газы және Ресей мен Қытай, «Ислам әлемі» аралығындағы транзиттік дәліз екендігі осыған дәлел. Француз зерттеушісі Оливье Руа мәлімдегендей «Ауғанстан арқылы Пакистанға, одан мұхитқа шығатын мұнай-газ бағыттары іске асатын болса, Иран шетте қалып, Орталық Азия үшін мұхитқа жол ашылады. Және ол аймақтар түгелімен АҚШ бақылауында ұсталатын болады»3. АҚШ Мемлекеттік хатшысының Оңтүстік Азия бойынша көмекшісі Робин Рейфел «Біз ешқандай топты да, ешқандай тұлғаны да, сондай-ақ «Талибан» қозғалысында қолдамаймыз. Біз олардың басшыларымен сөйлесіп, соғысты

1«Независимая газета» 15 октября 1996.

2У. Касенов. Безопасность Центральной Азии. – А., 1998. С. 131

3«За рубежом». № 42 18-24 октября 1996. С. 6

тоқтату мен ұттық татулыққа шақырдық» деген болатын1. Дегенмен Орталық Азия елдерінен тартылатын мұнай-газ құбырларының Иранды айналып өтіп, Пакистан арқылы немесе Ресейді айналып өтетін Баку-Жейхан жобасымен тасымалдануын көздеген АҚШ үшін Ауғанстанда тәжіктерден құралған Солтүстік альянс емес, Пакистанға арқа сүйейтін пуштундық талибтердің билік басында болғаны тиімді еді. Ауған тәжіктері Ресей ықпалындағы Тәжікістанмен тығыз байланыста болғандықтан АҚШ-тың ұлттық мүддесі мен мемлекеттік энергетика стратегиясына қайшы келеді.

Шындығында АҚШ Талибан үкімеін қолдаған болса, онда күткен үміті ақталмады. Өз билігін ел Президенті Наджибулла мен тоғыз ирандық дипломатты көпшілік алдында дарға асудан бастаған талибтердің одан кейінгі әрекеттері де әлем жұртшылығының наразылығына ұшырады2.

Талибтердің рухани көсемі болған молда Мухаммед Омардың бұйрығымен Бамиян провинциясындағы исламға дейін салынып, ислам дәуірінде де бұзылмай келген әрқайсысы 54 және 37 метрлік Будда мүсіндерінің қиратылуы да өркениеттілікке жат қылық. Бұған қарсы болған БҰҰ-на да, 55 елді біріктіріп отырған Ислам конференциясына да құлақ аспады3.

2001 жыл 11 наурызда БҰҰ Бас хатшысы Кофи Аннан бастаған делегация Исламабадта болып, Талибан үкіметінің Сыртқы істер министрі Ахмад Мутавакилмен кездесуі де талибтердің елдегі режимі мен ұстанымдарын өзгерте алмады4.

Нәтижеде, БҰҰ ҚК-нің 1996 жыл 16 қазанда қабылдаған № 1076 резолюциясы бойынша Ауғанстан Президенті ретінде Б. Раббани танылып, заңды үкімет деп тәжіктерден құралған Солтүстік альянс жарияланды5. Талибан үкіметін Пакистан, Сауд Аравиясы және Біріккен Араб Әмірліктері ғана мойындады. Осының бәрі Американ үкіметі мен Конгресмендерінің Клинтон әкімшілігіне наразылығын туғызды. Талибтермен байланысы бар деген ұйымдардың АҚШ-тағы есепшоттарын жабу туралы АҚШ Президентінің № 13129 Жарлығының шығарылуы да осы наразылықтардан соң болған еді.

Оның үстіне 11 қыркүйектегі жарылыс та «№ 1 халықаралық лаңкес» Усама бен-Ладен және оның «Ал-Каеда» ұйымынан көріліп отыр. Сол күні жолаушы тасушы ұшақтарындағы асхана пышақтарымен қаруланған террористер Американың Бостон, Вашингтон және Нью-Йорк қалаларынан ұшып шыққан ұшақтарын қорқыту арқылы өз қолдарына алып, Нью-Йорктағы Әлемдік Сауда Орталығы мен Пентагонға соқтығысады. Нәтижеде 3 мыңнан аса халық опат болып, АҚШ экономикасына 60 миллиард долларлық зиян алып келді5.
1«Время по Гринвичу». 23 октября 1996.

2У. Касенов. Безопасность Центральной Азии. – А., 1998. С. 117

3Дін атын жамылған тағылық тәлім. //Егемен Қазақстан. 16 наурыз 2001.

4Ә. Құланбай. Бас хатшы Талибан министрімен кездесті // Егемен Қазақстан. 13 наурыз 2001.

5Қ. Тоқаев. Қазақстан Республикасының дипломатиясы. – А., 2002. 143 б.

Әлемді дүр сілкіндірген осы терактіге және басқа да халықаралық ұйымдасқан қылмыстарға қарсы антитеррорлық коалиция құрылды. Шынында да бүгінгі таңда бұрын-соңды болмаған мұндай қасіретке – халықаралық терроризмге қарсы әрекет ететін бірден-бір құрылым әзірше осы. Коалицияның басында жүрген Құрама Штаттары 2002 жылдың наурыз – сәуір айларында өздеріне қолдау білдірген 46 көпжақты декларациялар алды. Оның ішінде БҰҰ, НАТО, ОАГ, АНЗЮС сияқты іргелі ұйымдар да бар. АҚШ-тың Орталық командованиесіндегі жауапкершілік аймағына 17 мемлекет 16500-ден астам әскери қызметшілерін жіберді. 136 мемлекет түрлі формада әскери көмектерін ұсынды. 142 мемлекет террористерді қодайды деп күдіктенетін ұйымдардың активтерін тұқырту туралы Жарлықтар мен Заңдар шығарды. 190 мемлекет мұндай шараларды жүзеге асыруға дайын екенін білдірді. 11 қыркүйектен бастап 60-тан астам елден «Ал-Каеданың» мыңға жуық агенті тұтқындалды1.

Антитеррорлық коалицияның әскери тактикасы сайып келгенде, Ауғанстандағы операцияларды жүзеге асыру барысында террористер базасына ракета-бомбамен аса дәлдікпен соққылар беруге ден қойды. Бұл жерде американдықтардың негізгі тактикасы созылмалы да індеткен соғыс науқанына ұрынбау болатын. Бұл ретте, барлық мақсат мейлінше мұқият ойластырылған аз мерзімді шалт қимыл операциясына негізделді. НАТО-ның әскери күші, жұрттың күткеніндей, антитеррорлық коалицияның жауынгерлік өзегі болды. Кезінде, 11 қыркүйектегі террористер шабуылы тұтастай Альянсқа әскери шабуыл ретінде бағаланған болатын. Тарихта тұңғыш рет 1949 жылғы Ұжымдық Қауіпсіздік туралы Келісімнің ережесіндегі 5-бапқа жүгінім жасалды, онда НАТО-ның бір мүшесіне шабуыл жасалса, агрессор елдерге қарсы шара қолдану үшін Альянсқа қатысушыларды міндеттеу көзделген болатын. Альянсқа қатысушылардың нақтылы әрекеті НАТО әуе күштеріне қарсы қорғанысы бақылауының 7 жүйесін, Шығыс Жерорта теңізіндегі НАТО-ның әскери-теңіз топтарын жандандыру және НАТО одақтастары мен серіктестерін талибтерге қарсы жүргізілетін әскери әрекеттерге жұмылдыру, сондай-ақ Ауғанстанның шаруашылығы мен қауіпсіздігін қалпына келтіру тұрғысында көрініс тапты2. АҚШ басшылық еткен антитеррорлық коалиция күштерінің Ауғанстандағы әскери акциясы Қауіпсіздік Кеңесінің қарарында БҰҰ Жарғысына сай келетін шара ретінде бағаланды. Бұл құжаттың 51-бабына сәйкес, егер БҰҰ-ның мүшесіне қарулы шабуыл жасалатын болса, әрбір мемлекеттің жеке-жеке немесе ұжымдық қорғаныс жасауына құқығы бар3. Антитеррорлық коалицияның бірінші кезеңі сәтті аяқталып, бұрын жыл сайын 80 мыңға дейін лаңкестер даярлап шығаратын 11 лагер қиратылып, есірткі шығаратын 70 қойма мен кәсіпорын жойылды. Ауғанстанда тыныштық орнап, уақытша үкімет құрылды.
1Н. Назарбаев. Сындарлы он жыл. – А., 2003. 41 б.

2Бұл да сонда, 42 б.

3Бұл да сонда, 43 б.

Осы терактіге тікелей қатысты деп табылған халықаралық лаңкес Усама бен-Ладеннің Талибан үкіметіне жәрдем беруі мен Ауғанстаннан пана табуы ауған халқына зардап алып келді. Бұл әлемдік БАҚ таратқан ресми ақпараттардың тобықтай түйіні. Бірақ осы материалдармен ғана шектелсек, бұл біздің біржақты, сыңаржақ пайымдауымыз болып шығар еді.

2002 жылы ағылшын саясеткері Нафиз М. Ахмедтің «The war on freedom» («Азаттық үшін соғыс») атты еңбегі жарық көрді. Онда автор мол мағлұматтарға сүйене отырып, «бұл соғыс кімге тиімді еді?» деген принцип бойынша зерттеу жүргізген. Автордың қорытындысы былай: «11 қыркүйектегі оқиғаға, айыпы деп табылғандардың қолымен жасалмаған және Ауғанстанға «жорық жасау» терактіге дейін-ақ жоспарлап қойылған. Антитеррорлық операция Ақ үй әкімшілігінің ғана ішкі де, сыртқы да стратегиялық бағдарларына тиімді болды1.

Автор осы гипотезасын дәлелдеу үшін көрсеткен фактілерін екі категорияға бөледі:

1. – Қалайша мүлт кетпейтін АҚШ-тың барлау қызеті үлкен ауқымдағы терактіні сезбей қалады?

– Неліктен АҚШ үкіметі ешқандай дәлелдерсіз теракт авторы ретінде Усама бен-Ладенді көрсетті?



  • Неліктен Ақ үй әкімшілігі заңды іздестіру тәсілінен бас тартып, Ақпарат агенттігі туралы Акт пен Биллді бұзуға дейін барды?

– Буш әулеті мен Усама бен-Ладен отбасының іскерлік және қаржылық байланыстары болған.

– «Ал-Каеда» мүшелерін АҚШ территориясында Орталық Барлау Басқармасы (ОББ) мен Қарулы күштер мамандары даярлықтан өткізген.



  • 11 қыркүйектегі терактінің басты ұйымдастырушыларының бірі Мохаммед Аттаны қаржыландырушы Пакистанның құпия қызметіне АҚШ көмектескен. Осы орайда АҚШ-тың 1994 жылдарда талибан қозғалысының өмірге келуіне мүдделі болғандығын еске түсірейік. Бірақ, 1997 – 2000 жылдар аралығында АҚШ пен Талибан үкіметінің қарама-қайшылығы күшейген үстіне күшейе түсті. АҚШ антитеррорлық операция барысында Орталық Азия мен Ауғанстан төңірегіне орнығып үлгерді. Бірақ талибтердің Орталық Азияға қарай жылжуына « бұл демократияға қарсы режим» деп, тосқауыл қоя берді. «Ақ үй Талибтерге бірнеше ескертулерден соң, авансценаға бен-Ладенді шығарды. Және оны Талибтер басқарып отырған Ауғанстанда жүр деп мәлімдеп, Талибан үкіметін әуеден соққылап, саяси аренадан сызып тастады» бұл Н. Ахметтің қорытынды пікірі2.


1С. Муташев. «Война за свободу» рецензия на книгу Нафиза Н. Ахмеда //Континент. № 3 2003. С. 49

2Там же, С. 49
АҚШ-тың мүддесімен байланыстыра қарайтын болсақ, 11 қыркүйектегі теракт «бақыт жоқ еді, оған бақытсыздық себеп болды» деген нақыл сөзді дәлелдейтін сияқты. Дж. Буш әкімшілігі, нысана ретінде Ауғанстанды таңдауын мына жағдайлармен түсіндіреді: Біріншіден, Ауғанстанның «бақ пен билік іздегендердің» баспанасына айналғандығын ешкім де теріске шығара алмайды; Екіншіден, көптеген елдердің барлау қызметтерінің мәліметтері бойынша Ауғанстанда террористерді даярлау орталықтарының болғаны анық; Үшіншісі, «№ 1 террорист» Усама бен-Ладеннің Ауғанстанда болуы1. Бұл әрине ресми мәліметтер. Бұл мәліметтердің астарында қандай мақсаттар жатқандығын түсіну үшін, Ауғанстанның геосаяси маңыздылығына мән беріп көрелік. Ауғанстан Еуразия кіндігінде орналасқан геостратегиялық маңызды мемлекет. Бүкіл әлемнің антитеррорлық коалицияны қолдауын тиімді пайдаланған Құрама Штаттары өзінің әскери базаларын осынау маңызды елге орналастыруға әрекет ететіндігі белгілі. Сол арқылы Каспий аймағына бақылау орнатып, Қытаймен балансты сақтауды және Ресей мен Иранның Орталық Азиядағы мүдделеріне шектеу қоюды мақсат тұтады. Сондай-ақ Орталық Азияда АҚШ-қа бұра тартатын Альянс құрып, Ауғанстанда АҚШ мүдделеріне қайшы келмейтін үкімет орнатуды көздейді2.

АҚШ тарихында бірінші рет американдық ұлт мәселесі мемлекет деңгейінде көтерілді. АҚШ Президенті «терроризмге қарсы күрес енді ғана күшіне мініп келе жатыр. Біз бен-Ладенді қажет болса он жыл іздейміз. Әйтеуір оның көзін жоймай тынбаймыз. Ауғанстандағы терроршылар түгел жойылған жоқ, есесіне олар көбейіп, әлемнің түкпір-түкпіріне тарап кетті. Біздің мақсатымыз солардың ізін суытпай біртіндеп жою» деп мәлімдеді. Дж. Буш өз сөзінде әлемге ескерту де жасады. «Қайсыбір мемлекет болмасын, терроршылармен сыбайластыққа түссе, оларды жасырса, ол АҚШ-қа қарсы» деп мәлімденеді. Тіпті, күмәнді елдерді де жасырмады. Ондай елдер қатарында Ирак, Иран және Солтүстік Корея, сондай-ақ Палестина аталды.

Кез келген әскери операция жүргізілгенде алдымен оның зияны мен тиімділігі салыстырылып, сосын барып әу бастағы мақсаты орындалды ма, сол елеп-екшелетіні белгілі. «АҚШ-тың Ауғанстандағы жүргізген әскери операцияларының барысында мыңдаған бейбіт тұрғын қаза болды». Мұны жариялаған «Нью-Иорк Таймс» газеті. Ал, Пентагон өкілдері әскери операциялар барысында жіберілген қателіктер туралы айтуға құлықсыз. Мысалы, АҚШ-тың Қорғаныс министрі Дональд Рамсфелд әуе соққыларының азаматтық нысандарға бағытталып, бейбіт халықтың қазаға ұшырап жатқандықтары туралы ақпараттарды жаулары жағының насихаты деп, жауапкершіліктен қашқақтауға тырысты3.

1К. Сыроежкин. Год после трагедии. //Континент. № 18 2002. С. 34

2Там же, С. 35

3Қателіктер қасіреті ауыр. //Егемен Қазақстан. 14 сәуір 2002.

Кабулдағы Қызыл Крест қоймасы 2001 жыл қазан айында екі рет бомбаның астында қалған соң барып АҚШ әкімшілігінің осы тектес ірі олқылықтарды тексеру жұмыстары өлі нүктесінен қозғалды. Сөйтіп, 2002 жылы қаңтарда АҚШ-тың әскери шенеуніктері арнайы бөлімшелердің іс-қимылдарын тексеруге тапсырма алған болатын.

2001 жылдың 11 қазанында Нангахар провинциясындағы Карам аулына әуеден соққы беріліп, соның салдарынан түрлі деректер бойынша, 50- ден 100-ге тарта жергілікті тұрғын көз жұмған. 2001 жылдың 1 желтоқсанында Тора-Бора өңіріндегі бірнеше елді мекен жойып жіберілді. Жергілікті халық жүздеген бейбіт тұрғындардың опат болғанын хабарлап, бомбалауды тоқтатуды талап етіп жатты. «Дәрігерлерге шекара жоқ» ұйымының өкілдері де өз қызметкерлерінің жетпістен аса адамның мәйітін тасымалдағанын қуаттайды. «Human Rights Watch» құқық қорғау тобының өкілдері өз деректерінде мұндай оқиғалардың 300-і бар екенін мәлімдеді. Кейбір есептеулер бойынша 2001 жыл 7 қазан мен 6 желтоқсан аралығында 3767 бейбіт тұрғын қаза тапқан1.

АҚШ ұшақтары Ауғанстан жеріне аспаннан бомбамен қатар әртүрлі дәрі-дәрмектер мен азық-түліктер де тастады. АҚШ Қорғаныс министрі Дональд Рамсфелд «Біз ауған халқымен емес террористермен күресудеміз. Бомбамен қатар әуеден тасталып жатқан азық-түліктер ауған халқының дәстүріне де, ислам дініне де қайшы келмейді. Әзірге біз мұндай азық-түліктердің 2 миллионнан астам данасын дайындадық, оның бәрі де ауғандықтарға әуеден тасталады және ол гуманитарлық көмек болмақ» деп мәлімдеді2.

АҚШ-тың Ауғанстандағы антитеррорлық «кек қайтару» операциясының нәтижелерін жаппай оңды деп есептеуге де болмайды. Еуропалық сарапшылардың пікірінше АҚШ-тың «антитеррорлық операциясының» мақсаты, біріншіден, терроризммен күрес; екіншіден, Еуразия кіндігі болған Ауғанстанда өз билігін орнату; үшіншіден, «зұлымдық иіні» болған Иран, Ирак және Солтүстік Кореяның қазіргі саяси режимін құлатып, Таяу Шығысқа бақылауды күшейту болып табылады3.

Еуропалық Кеңестің сыртқы саяси байланыстарының жауапты қызметкері Кристофер Паттен терроризммен күресті күшпен емес, ақылмен жүргізудің дұрыстығын ескертеді. Ол «терроризмді жою үшін оның шығу себептерінің алдын алу керек» дейді. Мұндай пікірді алғашқылардан болып Елбасымыз да айтқан болатын: «Дегенмен біз халықаралық терроризм және сепаратизм дегеніміз бар болғаны адамзаттың жасырын дертінің сыртқы көрінісі ғана екенін айқын сезінуге тиіспіз. Сондай-ақ бұл дерт жеке-жеке емдеуге көнбейді екен, ол барша елдермен қауымдастықтардың ұжымдық консилиумын қажет етеді. Ол аз болса, бұл дерт біреулерден белгілі дәрежеде құрбандықты, келесілерден ерікті ынтымақтастық пен татуластықты талап етеді.



1Қателіктер қасіреті ауыр. //Егемен Қазақстан. 14 сәуір 2002.

2Ауғанстанғ әуеден азық-түлік тасталуда. //Егемен Қазақстан. 25 сәуір 2002.

3М. Хасанов. Избыток Америки. //Континент. № 18 2002. С. 31

Тек «байлар» мен «кедейлер» әлемінің арасында екіжақты мәмілеге қол жеткенде ғана, тек өндіріс бәріне де зардабын тигізіп отырған «бүлікші» табиғаттың тілін тапқанда ғана, тек агрессия мен қарулы шиеленістің түпкі себебін ұжымдық күшпен аластағанда ғана, біз жағымды жаһандану мен терроризмнің түптамырын жою туралы сөз қозғай аламыз»1.

Еуропаның бірқатар саясаткерлері АҚШ Презезидентінің Иран, Ирак және Солтүстік Кореяны «қатердің діңгегі» санап, алайда Таяу Шығысиағы Израиль-Палестина қақтығыстарын назардан тыс қалдыруын АҚШ-тың өз мүддесін көздеген біржақты гегамондық саясаты деп бағалауда. Жоғары шенді Иран қолбасшысы Сардар Зуль Кадер АҚШ-тың Иранға қарсы кез-келген әскери акциясы қатты қарсылыққа тап болатынын жариялап, Иран Ауғанстан емес, сондықтан мұндағы соғыс екі-үш айға созылмайды деп ескертті2.

Халықаралық Қызыл Крест ұйымы мен АҚШ арасындағы американдықтардың Ауғанстанда қолға түсірген тұтқындарының мәртебесіне қатысты келіспеушіліктер әлі де бар. Женева конвециясына сәйкес әскери тұтқын соғыс бітіп, бітімгершілік болған соң еліне қайтарылуы тиіс. АҚШ үкіметі Кубаның Гуантанамо түрмесіндегі 500-ден астам тұтқынға «әскери тұтқын» мәртебесін бермей отыр3. Оларды саяси тұтқын ретінде айыптап, мәселені шиеленістіріп жіберді. Қызыл Крест ұйымы болса ұсталғандарға әскери тұтқын мәртебесін беру-бермеуді жеңген жақ емес, халықаралық трибунал анықтайтынын көлденең тартуда4. Ауғанстанды бомбалау аяқталып, қателіктер ашылып, АҚШ-ты қаралау белең ала бастағанда «сібір жарасы» шығып, көпшіліктің назары соған ауа бастады және ол Усама бен-Ладен тарапынан жасалғындығы жария етілді. Осыдан кейін, әрине, АҚШ-ты сынайтын ел болса жұқпалы ауру түрін таратып отырған бен-Ладенді жақтағандай күйде қалар еді.

2001 жылы 5 желтоқсанда Кабулда талибтер режимі құлаған соң уақытша үкімет орнады. Елді басқару бұрынғы саяси эмигрант және дала командирі Хамид Карзайға тапсырылды. Ол Батысқа, әсіресе АҚШ-қа жылы ықыласымен белгілі тұлға. Соғыста АҚШ пен коалиция әскерлері оңай жеңіске жетті деуге де болады. «Ал-Каеда» отрядтарының қолдауына қарамастан талибтер қарсылық көрсете алмады. Бірақ талибтерден құтылу Ауғанстанды бүкіл пәледен құтқарған жоқ. Ауғанстан бейбіт, гүлденген ел бола алмады. Бірақ, расын айту керек терроризмге дем беруін тоқтатқан сияқты. Кабулдағы Талибтер мен Солтүстік альянстің бір соғысы тоқтады. Есесіне, бірнеше кішігірім соғыстар басталды. Мұндай жағдай әуелде де болған. Мәселен, прокеңестік Наджибулла режимі құлағаннан соң (1992) Талибтер билікті қолдарына алғанға дейінгі аралықта (1996-1998) болған еді.
1Назарбаев Н. Сындарлы он жыл. – А., 2003. 23 б.

2С. Шайынғазы. Сардар Зуль Кадер: Иран Ауғанстан емес. //Егемен Қазақстан. 12 ақпан 2002.

3Ж. Әбділдә. Гуантанамодағы тәлібтер Пәкістанға қайтарылмақ. //Жас Алаш. 24 қазан 2002.

4С. Мұса. Тұтқындардың мәртебесімен келіспейді. //Егемен Қазақстан. 12 ақпан 2002.

Хост провинциясында пуштундық дала командирі Бадшах Задран Хан мен губернатор Абдул Хаким Танивалдың құрылымдары мәмілеге келер емес. Солтүстікте біраз лидерлердің – Ауғанстан Қорғаныс минитрінің орынбасары генерал А. Р. Достумның, тәжік Мохаммед Аттаның және хазар Халилдың жасақтары өзара қырғи-қабақ. Ауған үкіметінде ауызбіршілік жоқ. Кабинет басшысы Хамид Карзай мен Қорғаныс министрі Мухаммед Фахимнің бір-біріне көзқарасы суық. Бұның өз себебі бар. Ахмад Шах Масуд қаза тапқан соң Солтүстік альянсты басқарған Мухаммед Фахим, БҰҰ Ауғанстандағы билік басына Хамид Карзайды бекіткенде өз наразылығын ашық білдірген еді. Өйткені талибтердің жеңіліске ұшырауында басқа емес, дәл осы Солтүстік альянстың үлесі көп болған еді. Соның қарымтасы ретінде Фахимге вице-президент және Қорғаныс министрлігінің тізгіні берілгенімен,елде әскердің беделі шамалы, біріккен армия жоқ. Хамид Карзай Ауғанстандағы армия саны 70 мың деп жариялағанымен оның тек қағаз жүзінде екендігін айтушылар да бар. Маршал шенін алған М. Фахим жетекші орындарға тәжіктерді қойған, ал Хамид Карзай оларды пуштундармен алмастырғысы келеді. Карзай әскер күштерін Батыстың көмегімен қалыптастырғысы келсе, Фахим Ресейдің қолдауына сүйенеді. Лауазымды қызмет иелері билікке таластың құрбаны болуда. 2002 жылдың ақпанында Кабул әуежайында авиация министрі Абдул Рахман өлтірілген болса, шілде айында Кабулдың орталық көшесінде вице-премьер Хаджи Абдул Кадер оққа ұшты1. Кезінде Вашингтон ауғандық дала командирерін сатып алуға миллиондаған доллар жұмсады. Ол талибтерді жеңу үшін жеткілікті болды да. Ал Ауғанстанды толыққанды орталықтанған елге айналдыру үшін миллион емес, миллиардтар қажет. Кабулға Батысқа бұра тартатын үкімет келгелі есірткі өнімі көбейіп кетті. Сарапшылар мынаны мойындайды: Талибандардың рухани көсемі Мухаммед Омардың 2002 жыл 28 шілдеде шығарған есірткімен күрес жөніндегі Декреті әжептәуір іске асты. АҚШ үкіметінің мәлімдеуінше, есірткі өндіру 2000 жылғы 3656 тоннадан 2001 жылда 74 тоннаға түскен. Ал 2002 жылы 3,5 – 4,6 мың тоннаға жеткен2. Уақытша үкімет те есірткі өсіруге тыйым салды. Бірақ уақытша үкіметтің елде айдары да, айбары да әлсіз. Миллиондаған ауған отбасыларына әкелетін пайданың көзін жауып тастай алмай отыр. Ауғанстан мак өндіру көлемі мен есірткі тарату жөнінен (опиум мен героин) әлемде бірінші орында. Уақытша үімет ауғандарға мак плантацияларының жойылуға тиіс әрбір гектарына 350 доллар ұсынса, олар 3000 доллар талап етіп отыр. Үкімет қатаң жаза қолданатын болса, қарулы қақтығыс болары сөзсіз. Кандагар, Ильменд провинциялары мен пуштундар мекендейтін Хайбер, Бара, Момонд аймақтары – есірткі өңдеудің орталықтарына айналған. БҰҰ-ның сарапшыларының мәлімдеуінше, Еуропаға жеткізілетін есірткінің 80% ауған жерінде өндіріледі екен3.



1 Талибтердің табалдырығы күйреген соң...//Алтын Орда. № 2. 17-23 қаңтар 2003. 6 б.

2Н. Назарбаев. Сындарлы он жыл. – А., 2003. 116 б.

3Ауған есірткісіне Еуропа елтіп отыр. //Қазақстан ZAMAN. 22 ақпан 2002.

Әрине, Хамид Карзай «есірткі экспорты» елге абырой әпермейтінін жақсы түсінеді. Бірақ, қарсы шара қолданып күш көрсетсе, азамат соғысының қайта тұтануы түк емес. Карзай үкіметі қалай болғанда да миллиондаған доллар беруге уәде етіп отырған Батыс мемлекеттерінің наразылығына қалмас үшін есірткімен күреседі немесе күрескен болып көрінеді. Дегенмен, нан табудың, отбасын бағудың басқа жолын таппайынша Ауғанстан әлемдік рыноктағы есірткі таратудың отаны болып қала беретіндігі ащы да болса шындық.

Жиырма жыл бойы соғыстан титықтаған ел экономикасын көтеру үшін бүкіләлемдік қауымдастық қазір Х. Карзайдың үкіметіне көмек беруде. 2002 жылдың 21 қаңтарында Токиода әлемнің 60 мемлекеті мен 22 халықаралық ұйымы Ауғанстан үшін 40-50 миллиардтай доллар көлемінде қаржы бөлуге шешім қабылдады. Жыл сайын оның екі миллиарды бөлініп отыратын болды. «Ауғанстан халқына гуманитарлық көмек ретінде біз 2 мың тоннадан артық бидай бөлеміз» деді Елбасымыз Н. Назарбаев 2002 жыл 5 ақпанда баспасөз бен телерадиоға берген сұхбатында. Және де: «Ауғанстан біз үшін стратегиялық тұрғыдан маңызды мемлекет. Сол елде тыныштық неғұрлым тезірек орнаған сайын, біздің жылы теңіз жағалауларына, Үнді мұхитына, Аравия теңізіне, Парсы шығанағына тіке тартатын автомобиль, темір жолдары, мұнай және газ құбырлары арқылы соғұрлым тезірек жетуіміз мүмкін болады» дегенді нықтап айтты. Мұнайымызды әлемдік мұхит жолдарына Ауғанстан арқылы шығару ең арзан жоба. Бар-жоғы 1300 километр құбыр төселіп, оның құрылып бітуі 2 миллиард долларға түседі екен1.

«Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандырудағы Қазақстанның мүдделілігі туралы мәселеде біздің ұлттық қауіпсіздігіміздің факторын назардан тыс қалдыруға болмайды»2. Антитеррорлық операциядан соң содырлардың бәрі де жойылып кеткен жоқ. Олардың Қырғызстаннан төбе көрсеткенін де жақсы білеміз. Демек, қауіпсіздіктің қаупі әлі сейіле қойған жоқ. Сондықтан да, 2002 жылдың жаз айларында Қазақстанның арнайы батальоны – Қазбат Ауғанстанда бейбітшілік миссиясын атқаруы жоспарланған еді. Қазақстан Республикасы мобильді күштері басқармасы Шымкентте келісім-шарттық қызмет негізінде 63 жауынгерді таңдап алғандығын мәлімдеген еді. Жауынгерлер Қапшағай әскери базасында дайындықтан өтті3. 1996 жылдың басында Қазақстан бейбітшілікті қолдау жөніндегі операцияға қатысу мүмкіндігімен БҰҰ-ның резервтік келісімдер жүйесіне қосылған 51-ші мемлекет болды, бүгінде олардың саны 65 жеткен4. Ол туралы Президентіміз «Дәл рсы күндерде жасақталып жатқан Қазақстан батальоны ол жаққа соғысу үшін бармайды: біздің жігіттер гуманитарлық көмекті бөлуге, реттілік орнату мен тәртіпті сақтауға ат салысады.


1Н. Назарбаев. Ең бастысы – ел тыныштығы. //Егемен Қазақстан. 7 ақпан 2002.

2Бұл да сонда.

3Р. Думанұлы. «Қазбат» Ауғанстанға баруы керек пе? //Қазақстан ZAMAN. 22 ақпан 2002.

4Қ. Тоқаев. Қазақстан Републикасының дипломатиясы. – А., 2002. 279 б.

Олардың қызба-қызу дайындыққа кірісіп кеткені сол елге міндетті түрде барады деген сөз емес – ол үшін БҰҰ-ның атынан шақыру келіп түсуі керек»1. Қазақстан Республикасының көпвекторлы сыртқы саясат ұстануы, оның Ауған мәселесі мен басқа да аймақтық қақтығыстарға қатысты ұстанымын белгілеп береді. Ол – кез келген даулы мәселені халықаралық ережеге сәйкес, адамгершілік тұрғысында бейбіт шешу болып табылады. 1992 жыл БҰҰ Бас Ассамблеясында Елбасымыз Н. Назарбаев әлемдік қауымдастықа мынадай ұсыныс жасаған еді: «Келіңіздер, күшімізді біріктірейік, ерікті ынтымақтастық қадамын жасап көрейік, сөйтіп дағдарыстағы өңірлер мен дамыған елдердің проблемаларын шешу үшін барлық елдердің әскери бюджетінен бір пайыз берейік». Бұл қайшылықты саябырсытуға, сөйтіп мүмкіндігінше жаңадан бой көтеретін қайшылықтар мен шиеленісті жағдайлардан құтылуға мүмкіндік береді. Сол кездің өзінде-ақ жаһанданудың қарышты қадамы мен дүние дидарындағы беймәлім « кереғарлық» өзінің белгі бергенін нобайы және неге ұрындырар нәтижесі жөнінен түнерген тажалдың төніп келе жатқанын аңғартқан. Мұндайда қазақ былай дейді: «қауіп-қатердің дүбірі құлақ тұндырса, көлеңкесі көз қарықтырады»2.

«Біздің аймақтық, ұлттық қауіпсіздігімізге деген қауіп-қатер баршылық және оның сипаты өзгермей тұр. Алайда, мен бұрынғыша, тек өзара келісімге негізделген бітімгершіл саясат пен сенім ғана алдағы уақытта да, Қазақстанның осы жылдар ішінде ұстанып келгеніндей, бейбітшілік режимін орнықтыру жолында ықпалды да тиімді құрал бола алады, сонымен бірге алдағы ахуалға да қызмет етеді деп есептеймін»3 дейді Елбасымыз.

Ұлттық егемендікті, тәуелсіздікті және аймақтық тұтастықты сақтау қашанда кез келген мемлекеттің басты мақсаты болып келді және солай болып қала бермек. Қазақстанның көпвекторлық бейбіт саясаты – аймақтағы тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтаудың басты кілті болмақ.



1 Н. Назарбаев. Ең бастысы – ел тыныштығы. //Егемен Қазақстан. 7 ақпан 2002.

2Н. Назарбаев. Сындарлы он жыл. – А., 2003. 14 б.

3Бұл да сонда, 26 б.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет