Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Хабаршысы
278
Ескі жолдың оқуын сөз қылып қозғамайын. Бүгін бар, ертең жоқ болатын нәрсе. Ескі мен
жаңаның оқытуға шыдамдылығы бірдей емес. Ескі әлі-ақ тозып жыртылып, пара-пара болып
тұтынудан шығады.
Жаңа жолдың оқуы жаңа оқып шыққан жас мұғалімдердің қолында. Бұлардың күштерінің,
білімдері соны, пікірлері жаңа. Ниеті - жұртына қызмет ету. Бұлар білгенін, тапқан-таянғанын
жұртынан аяп қалатын емес. Қазақтың бастауыш мектебіндегі жұмысын қолдарына алуға лайық
адамдар. Әр жайдан хабардар: дүниеде не істеліп, не қалыпта тұрғаннан болардың мағлұматы
мол». Яғни, сол кездегі оқыту жолдарының ішінде жаңа оқып шыққан, қазақ халқына қызмет етуге
жан-тәнімен берілген, білімді мұғалімдер оқытатын жаңаша оқудың қазақ балалары үшін , елдің
болашағы үшін маңыздылығын көрсетеді [6].
Ә. Бөкейханов Кеңес мектебінің бағдарламасын талдап, былай: «Бұрынғы кеңес мектеп
бағдарламасының білімге көзқарасы – педагогикалық көзқарас, ілімнің негізі – затшылдық, әр
нәрсеге, әр құбылысқа айқын кірісу», – деп сынап, «өзінің тәрбиешілдік жұмысын орындаған жоқ,
әлі жеткен жоқ, кемшілігі көп» деп баға береді [7].
«Еңбекші қазақ» газеті бетінде көрсетілген өзекті мәселелердің бірі – университет ашылуы. Бұл
туралы Ә. Бөкейхановтың жазған ірі мақаласы шықты.
Ә Бөкейханов университетті үш факультетпен ашуды ұсынды, олар: педагогикалық,
ауылшаруашылық, дәрігерлік. «Педагогикалық факультетті ашу арқылы, - дейді ол, - оқыту
әдісі әрі оқу құралдарын жазатын оқытушыларды даярлайды. Ал, ауылшаруашылық мамандары
Қазақстанның мал шаруашылығы мен егін шаруашылығын көтеру үшін, дәрігерлік факультет
Қазақстандағы жұқпалы ауру көптігінен мамандар даярлау үшін» [8]. Алайда, Ә. Бөкейханов
дәрігерлік факультетті ашуға Қазақстанның шамасы жетпейтіндігін айтты. Тағы бір мәселе – оқыту
тілін айта кетіп, Ә.Бөкейханов екі түрлі пікірді көрсетті: біріншісі– орыс тілінде, екіншісі – казақ
тілінде оқытуды қолдаушылар. Бұл мәселеде Ә. Бөкейханов Халық Ағарту Комиссариатының оқуды
қазақ тіліне көшіре беруді жүзеге асыруын қолдайды. Оған жету үшін қазақ тілінде кітаптар, қазақ
жастарынан профессорлар даярлау, қазақша оқуға мүмкін пәндерді қазақша оқыту шараларын
жүргізу көзделді. Автор университеттегі қаржыландыру ісін жолға қою үшін қор ұйымдастыру, оны
мемлекет қолдауын сыртқары әр түрлі шаруашылық мекемелерден салық алу арқылы іске асыру
жолын ұсынады. Сонымен қатар университетке студенттер даярлау үшін орта дәрежелі мектептерді
күшейту керектігін көрсетті [8].
Ә.Бөкейхан халықтың жанашыры, қоғам қайраткері ретінде қазақ елінің басқа елдермен терезесі
тең, болашағы жарқын болуын армандап, халықтың мәдениетін көтеріп, сана-сезімін оятуда
сол кездегі қазақтан шыққан азғантай оқыған мұғалімдер қауымына арқа сүйеді, сенім артты.
«Оқытушы- кеңес құрылысының ұстасы» мақаласында елдің ел болуы үшін, қоғам дамуының
барлық саласында оқу-білімнің, ғылымның маңызын көрсетеді [7].
Ғылым-білімнің мемлекеттің мықты әскерін құруда, Отанды қорғауды нығайтудағы маңызын
ашып, елдің шаруашылығын өркендетудегі роліне тоқталады. Оқу комиссариаты халық
шаруашылығына қажетті мамандарды даярлап, жасы келген мамандардың орнына фабрика-
зауыттық мектептерде мыңдаған жастарды оқытып, олардың шеберліктерін бұрынғы мамандардан
арттырып, орынбасарлар даярлап, сонымен қатар билік, сауда, сот саласына да қажетті мамандарды
оқытуда көп еңбек етіп жатқанын, қорыта келе, елдің шаруашылығын ілгерілету үшін ең алдымен
оқу жұмысын ілгерілету қажеттігін айтады.
Ә.Бөкейхан халқын мәдениеті жоғары елдер санатына қосуды арман қылып, елдің тұрмысын,
мәдениетін, білімін көтеруді өзінің алдына мақсат етіп, халықтың ұлттық мәдениетін өркендету,
өнер-білімін көтеру, ұлттық сана-сезімін оятуды теңдік пен ұлттық тәуелсіздіктің төте жолы деп
білді.
Достарыңызбен бөлісу: |