Ұрықтандыру әдістері. Аналық малдарды ұрықтандыруды таза, жарық бөлмеде жүргізеді. Қолдан ұрықтандырудың интрагенитальдық тәсіліне: 1. қыныптық, 2. цервикальдық 3. жатырлық 4. аналық жыныс түтікшесі арқылы ұрықтандыру жатады.
1. Қынап әдісімен ұрықтандыру - сирек қолданылады, өйткені бұл жағдайда ұрық цервикальдық әдіске қарағанда көп мөлшерде жұмсалады. Ұрықты шприц-катетер, капрон шприцпен қосылған полистироль түтігі арқылы қынапқа жібереді. Осылай қояндарды және қынабы тар тұсақ пен құнажынды ұрықтандырады. Несеп шығатын жолға түспеу үшін аспапты қынаптың жоғарғы езуінен (бұрышынан) тоқтыларға 15-18 см, ал құнажындарға 30-35 см тереңдікке енгізеді.
2. Цервикальдық әдіспен ұрықтандырғанда - ұрықты жатыр мойынының жолына шприц-катетермен немесе басқа аспаптармен енгізеді.
Цервикальдық әдіс келесі түрлерге бөлінеді: а) қынап айнасы көмегімен ұрықтандыру (визоцервикальдық), б) жатыр мойынын тік ішек арқылы ұстап тұрып ұрықтандыру (ректоцервикальдық), в) жатыр мойынын қолмен ұстап тұрып ұрықтандыру (маноцервикальдық).
А) Қынап айнасы көмегімен ұрықтандыру (визоцервикальдық). Ұрық жатыр мойынының жолына шприц-катетер арқылы енгізіледі. Бұл әдісті сиырларды, саулықтарды және ешкілерді ұрықтандырғанда қолданады. Аспаптарды даярлаған соң аналық малдың қынабына, қынап айнасын кіргізеді. Содан кейін қолдың көмегімен жатыр мойынының жолына саулыққа 0,5 см, сиырға 4-5 см тереңдікке ұрықтың тиісті мөлшерін жібереді. әдістің кемшіліктері: қынап айнасы тез арада суыйды, қынаптың кілегейлі қабығы қысылып қалады, қынап айнасының бұтақтарын қатты ашқанда аналық малдарда вагинизм пайда болады. Вагинизм кезінде жіберген ұрық жатыр мойынынан кері қынапқа ағады. Осы жағдайды болдырмау үшін Л. Овчинников жетілдірілген қынап айнасын ұсынды (қынап айнасының жоғарғы бұтағының оң шеті кесілген). Бұндай айнаның көмегімен шприц-катетерді әдеттегі жолмен жатыр мойынының 4-5 см, тереңдігіне кіргізеді, содан кейін қынап айнасын суырып алады, шприц-катетердің ұшы жатыр мойынында қалады. 20-30 секундтан кейін мал тынышталады, жыныс органдарының моторикасы күшейеді, осы уақытта жылынған ұрық толық көлемде жатырмен сорылып алынады. Сол себептен ұрықтың жіберілуі өздігінен болады, бұл жағдай қолдан ұрықтандыру кезінде аса қажет. Егерде жатырдың моторикасы нашар байқалса және ұрықтың сорылу процессі болмаса, онда шприцтің поршенімен ұрықты біртіндеп жатыр мойынының жолына итереді. Тәжірибе көрсеткендей, жетілдірілген қынап айнасын қолданғанда ұрық жыныс жолына терең енгізіледі және сиырлардың ұрықтану процессінің дәрежесі өседі.
Достарыңызбен бөлісу: |