Қызметі. Аш ішектің негізгі атқаратын қызметі асты қорыту және сіңіру болып табылады.
Асты қорыту ферменттердің екі тобының көмегімен атқарылады. Бірінші топ – ұйқы безінен келіп түсетін панкреаттық сөлдің ферменттері. Олар қуыс ішіндегі ас қорытуды қамтамасыз етеді.
Екінші топ – ішек сөлінің ферменттері. Бұл сөл ішектің эпителиоциттерінің өздері өндіретін өнімі болғандықтан олар жасушалардың үстіңгі бетінде орналасады. Ас жентегінің құрамындағы субстраттарды қорыту осы аймақта жүретін болғандықтан бұл құбылыс қабырғалық ас қорыту деп аталады. Ішек сөлінің құрамында ферменттердің түрі әрқилы болады. Мысалы ақуыздарды ыдыратуға трипсин, химотрипсин, энтерокиназа, пептидазалар т.б. қатысады. Көмірсуларды амилаза, мальтаза, лактаза, сахараза т.б., липидтерді- липазалар, фосфолипазалар т.б., нуклеин қышқылдарын — әртүрлі нуклеазалар мен нуклеотидазалар ыдыратады.
Асты сіңіру шырышты қабықшаның көлемін арттыратын ішек бүрлері мен криптілер және олардың бетін жауып тұратын ерекше жасушалардың көмегімен іске асырылады.
Бұлардан басқа аш ішек механикалық, эндокриндік және қорғаныш қызметтерін атқарады.
Құрылысы. Аш ішектің қабырғасы шырышты қабықшадан, шырыш асты негізден, бұлшықетті және сірі қабықшалардан тұрады (14 сурет). Шырышты қабықша бірқатар түзілімдер – айналмалы қатпарлардың, бүрлердің және криптілердің (ішек бездері) болуына байланысты ерекше бедерге ие. Бұл құрылымдар аш ішектің жалпы үстіңгі бетін ұлғайтып, оның негізгі қызметтерін атқаруға септеседі. Айналмалы қатпарлар шырышты қабықшадан және шырыш асты негізден құралған. Шырышты қабықшаның бетінде көптеген кішірек көлемді төмпешіктер жиі кездеседі. Бұл аймақтарда қабықшаның ішінде жеке (солитарлық) немесе топ құраған (пейер түймешіктері) лимфалық фолликулалар орналасады. Пейер түйіншелерінің жалпы саны 30-ға дейін жетіп, көбінесе тек мықын ішекте орналасады. Олардың аймағында, әдетте, бүрлер мен криптілер болмайды.
Ішек бүрлері қабықшаның аш ішек саңылауына еркін еніп тұратын саусақ тәрізді немесе жапырақ тәрізді пішіні бар өсінділер болып табылады. Аш ішек бүрлердің саны орасан көп. Әсіресе ол ұлтабар мен ащы ішекте мол болады да (1 шаршы мм-ге 22-40 бүр келеді) , мықын ішегінде аз қоныстанады (1 шаршы. мм-ге 18-31 бүр келеді). Ұлтабардағы бүрлер – енді және қысқа (биіктігі бар болғаны 0,2-1,5 мм). Әр бүрдің түзілуіне шырышты қабықшаның барлық қабаттарының құрылымдық элементтері қатысады.
Әрбір ішек бүрінің беті бір қабатты призмалық эпителиймен жабылған. Эпителийде жасушаның үш түрі ажыратылады, олар: бағаналы эпителиоциттер (олардың құрамына М-жасушалар да кіреді), бокал тәрізді экзокриноциттер мен эндокриноциттер. Бүрдің бағаналы эпителиоциттері
14 сурет. Аш ішек. (В.Г.Елисеев, Ю.И.Афанасьев, Е.Ф.Котовский бойынша)
І - шырышты қабықша
Іа - бүрлер
Іб – криптілер
Ів – бірқабатты цилиндр тәрізді жиекшелі эпителий
1 – шырышты қабықшаның меншікті табақшасы
2 – шырышты қабықшаның бұлшықет табақшасы
ІІ – шырыш асты негіз
ІІІ – бұлшықет қабықшасы
ІІІа – ішкі айналмалы қабат
ІІІб – сыртқы бойлай қабат
ІҮ – сірі қабықша
бүрді жабатын эпителий қабатының негізгі бөлімін құрайды. Бұлар – пішіні жағынан призмалық, биіктігі 22-26 мкм және ені 3 мкм шамасындағы жасушалар. Олар құрылысының айқын полярлық жіктелуімен сипатталады. Бұл олардың функциональдық мамандандырылуы – тамақпен түсетін заттардың сіңірілуі мен тасымалдануын қамтамасыз етуден көрінеді.
Жасушалардың апикальды бетінде көптеген микробүрлерден түзілген жолақты (оксифильді) жиекше көрінеді. Жасушалардың 1 шаршы мкм бетіндегі микробүрлердің саны 60-90 аралығында болады. Адамның әр микробүрінің биіктігі - 0,9-1,25 мкм-ге, диаметрі – 0,08-0,11 мкм, микробүрлердің арақашықтығы – 0,01-0,002 мкм-ге тең. Микробүрлердің көптігінің арқасында ішектің сіңіру беті 30-40 есе ұлғаяды. Микробүрлерде жіңішке филаменттер мен микротүтікшелер бар. Микробүрлердің бетін жауып тұратын гликокаликсті ажыратады. Оның құрамында липопротеиндер, гликозамингликандар, кейбір ас қорыту ферменттері: аминопептидазалар, фосфатазалар, гликозидазалар болады. Бұл ферменттер бағаналық эпителиоциттердің өнімдері болып табылады. Жасушалардың базальдық бөлімінде жақсы дамыған түйіршікті ЭПТ және Гольджи кешені орналасқан. Аш ішек эпителийіндегі фосфатазаның белсенділігі олардың бауырдағы деңгейіне қарағанда 700 еседей жоғары және олардың 3/4 бөлігі жиекшенің бетінде орналасады. Қоректік заттардың ыдырауы мен сіңірілуі әсіресе жолақты жиекше аймағында қарқынды өтетіндігі анықталған. Гликокаликстің аймағында және микробүрлердің мембраналарының үстінде астың ыдырауы (қабырғалық және мембраналық) аяқталады. Микробүрлердің беті ферменттер мен қоректік заттардың адсорбенті қызметін атқарады, ал бүрлер арасындағы қашықтық бұл жерде өтетін ферменттік реакциялар үшін тиімді болып табылады.
Қорытылуы аяқталған ас бағаналы жасушалардың көмегімен сіңіріледі. Астың сіңірілуі жеңілдетілген диффузия (глюкоза), белсенді тасымал (аминоқышқылдар), қарапайым диффузия (су, спирт) әдістерімен жүреді. Бұл заттар бағаналы эпителиоциттердің ішіне түседі. Жасушалардан олар базальды мембрананың астында орналасқан қан капиллярларына жеткізіледі. Әрі қарай бауырдың портальды жүйесінің тамырларына барып түседі.
Майлардың сіңірілуі өзгеше жүреді. Ішектің қуысында майлар өт қышқылдарының ықпалымен бастапқы өңдеуден өтіп, майда тамшыларға айналады. Қарапайым диффузия жолымен ыдыратылған өнімдер жасушалардың ішіне түседі. Бағаналы жасушалардың апикальдық бөлігінде орналасқан жазық эндоплазмалық торда майлар мен липидтердің ресинтезі өтеді. Пайда болған жаңа заттар Гольджи кешенінде арнайы тасымалдану түйіршіктеріне - хиломикрондарға –айналады. Бұл құрылымдардың беткейін (салмағының 2 %) арнайы ақуыздар, қалған ішкі көлемін гидрофобты май молекулалары алып жатады. Ақуыздардың гидрофобты бөліктері майларға қарай, ал гидрофильді радикалдары сыртқа қарай бағытталған. Бағаналық жасушалардан хиломикрондар лимфа капиллярларына барып түседі.
Достарыңызбен бөлісу: |