Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiнiң



бет1/13
Дата24.02.2016
өлшемі1.66 Mb.
#15158
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13




Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң

2011 жылғы «28» желтоқсан

№ 1617 қаулысымен

бекiтiлген



Қазақстан Республикасы

Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiнiң

2011 – 2015 жылдарға арналған

стратегиялық жоспары
Мазмұны
1-бөлім. Миссия және пайымдау

2-бөлім. Ағымдағы ахуалды талдау және қызметтiң тиiстi салаларының (аяларының) даму үрдiстерi

3-бөлім. Стратегиялық бағыттар, мақсаттар, мiндеттер, нысаналы индикаторлар, iс-шаралар мен нәтиже көрсеткiштерi

4-бөлім. Функционалдық мүмкiндiктердi дамыту

5-бөлім. Ведомствоаралық өзара iс-қимыл

6-бөлім. Қатерлердi басқару

7-бөлім. Бюджеттік бағдарламалар

1-бөлім. Миссия және пайымдау
Миссия
      Еңбек құқықтарын қорғау, жұмыспен нәтижелі қамтуға және халықтың әл-ауқатының артуына жәрдемдесу.
Пайымдау
      Өмiр сүру деңгейi мен сапасын лайықты жұмыспен қамтудың қолжетiмдiлiгiн кеңейту, әлеуметтiк қамсыздандыру деңгейiн арттыру, халықты әлеуметтiк қолдау жүйесiн дамыту және оңтайландыру негiзiнде арттыру.

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің (бұдан әрі – Министрлік) мақсаты, міндеттері және қызметінің бағыттары Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына жолдаулары (2009 жылғы 6 наурыздағы «Дағдарыстан – дамуға», 2010 жылғы 29 қаңтардағы «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері», 2011 жылғы 28 қаңтардағы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз»), Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 – 2015 жылдары экономиканың 7 % өсімін қамтамасыз ету жөніндегі жоспары негізінде айқындалды.

Осыларға сәйкес әлеуметтік-еңбек саласын басқару тұрақты экономикалық дамуға жәрдемдесуге, әлеуметтік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, әлеуметтік кепілдіктер жүйесінің тиімді қызмет етуіне және адам капиталын дамытуға бағытталған.

Осыған орай, Министрліктің алдағы уақыттағы жұмысының негізгі бағыттары мыналар болады:



  • еңбек ресурстарының өсуіне жәрдемдесу;

  • жұмыспен нәтижелі қамтуға жәрдемдесу;

  • азаматтардың еңбек құқықтарының іске асырылуын қамтамасыз ету;

  • халықтың әл-ауқатының артуына жәрдемдесу;

  • халықтың әлеуметтік әлсіз топтарын әлеуметтік қолдаудың тиімді жүйесін қалыптастыру.



2-бөлім. Ағымдағы ахуалды талдау және қызметтiң тиiстi салаларының (аяларының) даму үрдiстерi
1-стратегиялық бағыт. Еңбек ресурстарының өсуіне жәрдемдесу
Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарында көзделген индустриялық-инновациялық экономика үшін қажетті «экономиканың сапалы дамуы ... адам ресурстарын дамытуға... негізделетін болады».

Бұл проблеманы шешу демографиялық ахуалдың жақсаруына және халық санының тұрақты өсуін қамтамасыз етуге байланысты. Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарында көзделген халық санының 10 % өсіміне қол жеткізу үшін туудың одан әрі өсуін, өмір сүрудің жалпы ұзақтығын арттыруды және көші-қонның оң сальдосын қамтамасыз ету қажет.

Осы проблемалардың шешімі әр түрлі ведомстволық бағыныстағы Қазақстан Республикасының орталық және жергілікті атқарушы органдарының қызметін үйлестіруді және өзара іс-қимылын ұйымдастыруды қажет етеді.

Демографиялық процесті басқару жүйесіндегі буындардың бірі ретінде Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі туудың өсуіне, балалы отбасылардың жағдайының жақсаруына қолайлы жағдай жасауға жәрдемдесуге арналған.

Министрліктің туудың өсуіне жәрдемдесу жөніндегі қызметінің негізгі бағыттары оның қазіргі жағдайын ескере отырып айқындалған.
Реттелетін қызмет саласының негізгі даму параметрлері
Өткен кезеңде халық санының өскені байқалады: 2011 жылғы қаңтардағы жағдай бойынша 16,4 млн. адам болды, бұл 1999 жылғы деңгейден 1,5 млн. адамға көп.

Халық санының артуы, негізінен туудың өсуі есебінен қамтамасыз етілді. Соңғы бес жыл ішінде туылған балалардың орташа жылдық саны 330 мыңнан асты; туу коэффициенті 2008 – 2010 жылдары (орта есеппен 22,58) 1990 жылғы деңгейден артты.



1-сурет

Бала туу серпіні

(жалпы туу коэффициенті, 1000 адамға шаққанда)

Халықтың жас құрылымы оң тұрғыдан өзгерді. 2010 жылы:

1) еңбек етуге қабілетті азаматтардың үлесі 49,6 %-дан (2003 ж.) 52,5 %-ға дейін артты;

2) 18 жасқа дейінгі балалардың үлесі үштен бір бөлікке жақындады.

Демографиялық ахуалды жақсартуға балалы отбасыларды әлеуметтік қорғау жүйесі айтарлықтай ықпал етті. 2003 жылдан бастап халықаралық тәжірибеде (АҚШ, ЕО елдері, Ресей, Беларусь және т.б.) кеңінен таралған мынадай қолдау түрлері кезең-кезеңмен енгізілді:

1) отбасыларға табысына қарамастан 30 АЕК (бірінші, екінші және үшінші баланың туылуына) бастап 50 АЕК (төртінші және одан кейінгі балалардың туылуына) дейінгі мөлшерде РБ-тен төленетін баланың туылуына байланысты біржолғы әлеуметтік жәрдемақылар;

2) бала 1 жасқа толғанға дейін оның күтімі бойынша жәрдемақы. Жұмыс істемейтін аналарға ол табысына қарамастан РБ-тен 5,5 АЕК-тен 8,5 АЕК-ке дейінгі (отбасында туылған және тәрбиеленіп жатқан балалардың санына байланысты) мөлшерде төленеді. Әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы - жұмыс істейтін аналар (немесе отбасы мүшелері) – соңғы 24 айдағы орташа жалақысының 40 % мөлшерінде «МӘСҚ» АҚ-дан әлеуметтік төлемдер алады;

3) мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға, қамқоршыларға арналған ең төмен жалақы мөлшеріндегі жәрдемақы (2010 жылдан бастап енгізілді);

4) табысы азық-түлік себетінің құнынан аз күнкөрісі төмен отбасыларға ЖБ-тен 1 АЕК мөлшерінде тағайындалып, төленетін 18 жасқа дейінгі балаларға арналған жәрдемақы.

2010 жылдан бастап көп балалы аналарды «Алтын алқа» және «Күміс алқа» белгілерімен марапаттау шарттары өзгертілді және оларға төленетін арнаулы мемлекеттік жәрдемақының мөлшері арттырылды (39 АЕК-тен АЕК-ке дейін).

Ана мен баланы қорғаудың жаңа жүйесі қызмет еткен кезеңде:

1) баланың тууына байланысты жәрдемақы алатын отбасылардың саны 157,5 мыңнан ( 2003 жылы) 329,2 мыңға дейін (2 еседен астам) артты;

2) төрт және одан көп баласы бар отбасылардың салыстырмалы үлесі 2003 жылғы 7 %-дан 2010 жылы 13 % артты.
Негізгі проблемаларды талдау
Алайда соңғы жылдары байқалған оң өзгерістердің аясында демографиялық салада жекелеген проблемалар да кездеседі.

1. Халық тығыздығының салыстырмалы түрде төмендігі (бір шаршы километрге 5,7 адам) өңірлік даму мүмкіндіктерін шектейді және әлеуметтік-экономикалық тұрақтылыққа әсер ететін факторлардың бірі болып табылады.

2. Халықтың қартаю үрдісінің дамуы. Болашақта (2020 жылға дейін) соғыстан кейінгі кезеңде туған адамдардың есебінен (бала туудың «қарқынды» кезеңінде) еңбекке жарамды жастан асқан адамдар үлесінің артуы болжанып отыр. Халықтың қартаю үрдісі кейінгі жылдары да сақталатын болады. Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің есебі бойынша 2030 жылға қарай қарт адамдардың үлесі 11,1 – 11,3%, 2050 жылға қарай – 14,7 -15% дейін артады.

Халықтың қартаюы экономиканың өсуіне, жинақтар мен инвестицияларға, жұмыс күшінің ұсыныстары мен жұмыспен қамтуға, зейнетақымен қамсыздандыру бағдарламаларына, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсетуге, салық салуға, отбасының құрамына және тұрмыс тәртібіне әртүрлі әсер ететін болады.

3. Халықтың көші-қон арқылы өсуінің төмендеуі: 2010 жылы көші-қонның оң сальдосы 2005 жылмен салыстырғанда 1,5 есе қысқарды, еңбек етуге жарамды адамдардың көшіп кетуі орын алып отыр.

4. Ұлттық еңбек нарығындағы еңбек ресурстарының тапшылығы.

5. 18 жасқа дейінгі балаларды әлеуметтік қолдау жүйесімен қамту айтарлықтай төмен болып қалып отыр (балалардың жалпы санының 15%). Балалар мен отбасыларға арналған жәрдемақылардың мөлшері салыстырмалы түрде көп емес, бұл балалардың дамуына бастапқы тең мүмкіндік беруге кедергі келтіреді.

6. Өндірістік жарақаттанудың салыстырмалы түрде жоғары деңгейі сақталып отыр.


Реттелетін қызмет саласының негізгі сыртқы және ішкі даму факторларын бағалау
Осылайша, қалыптасқан жағдайда еңбек ресурстарының өсуін қамтамасыз ету үшін балалы отбасыларды мемлекеттік қолдауды күшейтуге бағытталған шараларды іске асыру жалғастырылатын болады.

Мыналар жоспарланған:

1) баланың тууына, бала бір жасқа толғанға дейін оның күтімі бойынша жәрдемақылардың және көп балалы аналарға арналған арнаулы мемлекеттік жәрдемақылардың (индексация) мөлшерін арттыру;

2) әлеуметтік төлемдерді оңтайландыру есебінен күнкөрісі төмен отбасылардағы 18 жасқа толмаған балаларға арналған жәрдемақының мөлшерін арттыру;

3) шартты әлеуметтік төлемдерді енгізу және отбасылардың әлеуметтік қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша ұсыныстар әзірлеу;

4) қиын өмірлік жағдайда жүрген отбасылар мен балаларды жеке әлеуметтік қолдау және қызмет көрсету жүйесін дамыту.



2-стратегиялық бағыт. Жұмыспен нәтижелі қамтуға жәрдемдесу
Үдемелі индустриялық-инновациялық дамуға көшу және экономикадағы құрылымдық өзгерістер еңбек нарығында да тиісті өзгерістерді көздейді.

Осыған орай экономиканың еңбек ресурстарына деген қажеттілігін қамтамасыз ету, еңбек нарығында ұсыныс пен сұраныстың теңгерімділігіне ықпал ету үшін Министрлік орталық және жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, жалпы жұмыссыздық деңгейін 2015 жылға қарай 5,5 % дейін төмендетуді, еңбек қатынастарын заңдастыру және жұмыспен тиімді қамтудың үлес салмағын арттыру, жұмыс күшінің кәсіптік және аумақтық ұтқырлығын арттыруды көздейтін Жұмыспен қамту 2020 бағдарламасын іске асыруды қамтамасыз етуге тиіс.

Жоспарланып отырған жұмыспен қамту саласындағы әлеуметтік қатерлерді басқару жүйесін дамыту қазіргі уақытта осы салада қалыптасқан жағдайдың, проблемалары мен үрдістерінің көрінісі болып табылады.
Саланы дамытудың негiзгi параметрлерi
Еңбек нарығы және жұмыспен қамту

Есептi кезеңде жұмыссыздық деңгейi мен құрылымы елде әлемдiк қаржы-экономикалық дағдарыстың әсерiмен және экономиканы тұрақтандыру кезеңінде қалыптасқан экономикалық жағдайға тiкелей тәуелдi болды.

Экономикалық өсу қарқынының бәсеңдеуi (2008 – 2009 жж.), жекелеген кәсiпорындарда өндірістің жабылуы және/немесе тоқтатылуы еңбек нарығындағы сұраныстың азаюына және жұмыспен қамтылу деңгейiнiң уақытша төмендеуiне, жасырын жұмыссыздықтың пайда болуына және заңсыз жұмыспен қамтудың көбеюiне алып келді. Осындай жағдайда жұмыссыздық деңгейінің өсуінің алдын алуға және өңірлік жұмыспен қамтуға жәрдемдесу үшiн Қазақстан Республикасының Үкiметi арнайы дағдарысқа қарсы шараларды әзірлеп, жүзеге асырды (Жол картасы).      

Жол картасы аясында соңғы екi жылда жөндеу жұмыстарында 390,2 мың жаңа жұмыс орны құрылды, 148,7 мың жұмыссыз кейiннен жұмысқа орналастырумен даярлауға және қайта даярлауға жiберiлдi. Халықтың нысаналы топтарының 108,1 мың өкілі әлеуметтiк жұмыс орындарына орналастырылды, жастар практикасы шеңберінде шамамен 90 мың түлек уақытша жұмыспен қамтамасыз етілді. 202,3 мың адам қоғамдық жұмысқа тартылды.      

Ретсiз көшi-қон қаупiн азайту, ұлттық еңбек нарығына қысымды азайту үшін 2009 жылы шетелдiк жұмыс күшiн (бұдан әрi – ШЖК) тарту квотасы екi есеге қысқартылды. Тартылатын шетелдiк қызметкерлердiң саны 54204 адамнан (2008 жылы) 30988 адамға дейiн азайды.      

Шетелдік мамандарды тартуды реттеу және бақылау бойынша 2010 жылы қабылданған қосымша шаралардың нәтижесінде тартылған шетелдік мамандардың саны 24,7 мың адамды құрады, оның ішінде бірінші санатты жоғары білікті ШЖК үлесі 74,6 % дейiн артты (салыстыру үшін: 2008 жылы – 45,6 %).     

Қабылданған шаралар жұмыссыздық деңгейінің одан әрі төмендеуіне әсер етті. 2010 жылы ол 5,8 %, ал а.ж. бірінші тоқсанда – 5,5 % құрады.
Еңбек нарығының серпіні

Жұмыспен қамтудың өсуінің жаңа мүмкіндіктері үдемелі индустриялық-инновациялық дамуға көшуге жол ашады. Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қазақстан Республикасын үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны (ҮИИДМБ) іске асыру 161 мың тұрақты және 207 мың уақытша жаңа жұмыс орындарын ашуды болжайды, алайда оларды толтыру үшін еңбек ресурстарының тиісті сапасы қажет.

Осыған орай, еңбек ресурстарын дамытуды, олардың өз бетінше жұмыспен айналысатын, жұмыссыз және табысы аз халықтың кәсіптік және аумақтық ұтқырлығын арттыруды, жұмыспен нәтижелі қамтуды көздейтін жаңа Жұмыспен қамту 2020 бағдарламасы әзірленді.

      Негiзгi проблемаларды талдау


Сонымен қатар ұлттық еңбек нарығының дамуында бірқатар проблемалар мен қиыншылықтар да кездеседі.

1) Ұлттық еңбек нарығы теңгерiмдi емес. Жұмыссыздық сақталып отыр, әсіресе әйелдер арасында оның деңгейі жоғары. Жасырын нысандағы жұмыссыздық етек жаюда. Жұмыссыздыққа қарамастан, кәсіпорындар мен ұйымдарда бос жұмыс орындары сақталған. Жаппай жұмысшы кәсіптері қызметкерлеріне, сондай-ақ жоғары білікті қызметкерлерге сұраныс қанағаттандырылмайды.     

2) Экономикалық белсенді халықтың айтарлықтай бөлігінің экономиканың бейресми секторында жұмыспен қамтылуы жалғасып келеді, олар әлеуметтік қорғаумен қамтылмаған. Жұмыс iстейтiн халықтың 33 % астамы өз бетінше жұмыспен айналысатын адамдар, олардың жартысына жуығы (1,3 млн. астам адам) жеке шаруашылығында жұмыс істейді.

3) Жұмыспен тиiмсiз қамтудың үлес салмағы жоғары – жалдамалы қызметкерлердiң шамамен үштен бiрi экономиканың көп еңбектi қажет ететiн салаларында жұмыс істейді.

4)  Жұмыс ресурстарының сапасы инновациялық экономиканың қажеттіліктеріне жауап бермейді (жұмыспен қамтылған адамдардың шамамен үштен бiрiнiң кәсiптiк бiлiмi жоқ).

Бұған қоса, экономиканың жаһандануы және шекаралас елдердегі күрделі әлеуметтік-экономикалық жағдай, көші-қон ағынын реттеу және бақылаудың тиімсіз тетіктері басқарылмайтын көші-қонның өсуіне, ішкі еңбек нарығының қысымына және ұлттық мүдделердің бұзылуына алып келеді.


Негiзгi сыртқы және iшкi факторларды бағалау
Жұмыспен қамту саласын басқару тетіктерін жетілдіру жақын келешекте еңбек нарығы мен жұмыспен қамтуға белгілі бір сыртқы және ішкі жағдайлардың әсері ескеріліп жүргізілетін болады.

Айталық, жұмыспен нәтижелі қамтуға жәрдемдесуде негізгі салмақ уақытша жұмыс орындарын құруға (Жол картасы шеңберінде), жұмыспен тұрақты және нәтижелі қамтуға түседі. Ол үшін Жұмыспен қамту 2020 шеңберінде еңбек және халықты жұмыспен қамту туралы заңнаманы жетілдіру және үйлестіру, еңбек нарығы мен жұмыспен қамтуға мониторингті жақсарту және оны болжау сапасын арттыру, еңбек ресурстарының теңгерімділігін әзірлеу және пайдалануға көшу қажет болады. Халық пен жұмыс берушілердің қажеттіліктеріне бағытталған ақпараттық-консультациялық қызметтер желісін жаңарту көзделеді.

Мүдделі мемлекеттік органдармен біресе отырып, ұлттық біліктілік шеңбері негізінде кадрларды кәсіптік даярлау және қайта даярлау, еңбек ресурстарының кәсіптік және аумақтық ұтқырлығын күшейту бойынша пәрменді шаралар қабылданатын болады. Еңбек қатынастарын заңдастыру; еңбек әлеуетін жандандыру және өз бетінше жұмыспен айналысатын адамдардың еңбек өнімділігін арттыру қосымша шараларды талап етеді.

Ұлттық еңбек нарығын қорғау және ШЖК тарту қажеттілігі сақталады.

Экономиканың тұрақты дамуы, жұмыспен тұрақты және нәтижелі қамту халықтың әл-ауқатын арттырудың берік негізін құрайды.
3-стратегиялық бағыт. Азаматтардың еңбек құқықтарының іске асырылуын қамтамасыз ету.
Лайықты еңбекке қолжетімділікті кеңейту мақсатында Министрлік орталық және жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып:

1) еңбек қатынастарының заманауи стандарттарын енгізуді;

2) әлеуметтік әріптестік институтын дамытуды;

3) азаматтардың еңбек құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуге тиіс.


Саланы дамытудың негiзгi параметрлерi
Еңбек саласын басқаруда:

1) заманауи еңбек стандарттарын енгiзу жалғастырылды. Ең алдымен өндіріс жағдайлары зиянды және ерекше зиянды салаларда («Кәсiптік еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау менеджментi жүйесi. Талаптар» (ҚР СТ 1348-2005); ХЕҮ-ЕҚБЖ 2001 ILO-OSH 2001 халықаралық стандарты, OHSAS 18001: 1999 «Occupational Health and Safety Assessment Series. Requirements (MOD)»);

2) өндiрiстегi жарақаттану деңгейiн азайту шаралары қабылданды:

кәсiпорындарды аттестаттау (2009 жылы еңбек жағдайлары бойынша шамамен 3 мың өндiрiстiк нысан аттестатталды);

еңбек (қызметтiк) мiндеттерiн атқару кезiнде қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан сақтандырумен қамтуды кеңейту;

тәуекелдi бағалау жүйесiн (бұдан әрi – ТБЖ) енгiзу.

3) келіссөздер процесінің рөлі арттырылды (қазiргi уақытта қолданыстағы ұжымдық шарттардың саны 50 мыңнан асты); бизнестiң әлеуметтiк жауапкершiлiгiн арттыру ынталандырылды («2010 – 2012 жылдарға арналған лайықты еңбек» бағдарламасын iске асыру, «Ұжымдық шарт жасаңыздар» республикалық акциясы, Бизнестiң әлеуметтiк жауапкершiлiгi жөнiндегi «Парыз» конкурсы).

Қазақстан Республикасының Үкiметi Қазақстан Республикасының Кәсiподақтары Федерациясымен және «Атамекен» одағы» ҰЭП бiрлесе отырып, жұмыс орындарын сақтау және қызметкерлердiң жаппай босатылуының алдын алу жөнiнде iрi компаниялармен меморандум жасау бастамасын көтердi. 2011 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша әлеуметтiк жобаларды iске асыру бойынша 42,3 млрд. теңгеден астам сомаға 7,9 мыңнан астам меморандум жасалды; өндiрiстiк процестердi тұрақтандыру, әлеуметтiк қорғау, еңбек құқықтары мен кепiлдiктерiн қамтамасыз ету мәселелерi жөнiнде өзара ынтымақтастық туралы 8,4 мың Меморандумға қол қойылды, олар 950 мыңнан астам қызметкердi қамтыды.


Негiзгi проблемаларды талдау
Сонымен қатар, еңбек қатынастарын дамытуда белгілі бір проблемалар мен қиындықтар кездеседі. Еңбек заңнамасының бұзылуы сақталып отыр. Биылғы жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша жалақы бойынша жалпы берешек 3234,2 млн. теңгені құрады.

Өндірістік жарақаттану деңгейі жоғары күйінде сақталып тұр.

2010 жылдың қорытындысы бойынша өндірісте 2162 адам зардап шекті, бұл 2009 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2,3% көп (2009 жылы – 2102 адам). Соңы өліммен аяқталатын өндірістік жарақаттану деңгейі 4,9% өсіп, қаза тапқан адамдардың саны 363 құрады (2009 жылы – 346 адам).
Ішкi және сыртқы негізгі факторларды бағалау
Еңбек қатынастарын дамытуды басқару алдағы уақытта Еңбек кодексiнiң нормаларына сәйкес еңбек қатынастарының негiзгi субъектiлерi мүдделерiнiң теңгерiмдiлiгiн сақтау және олардың конституциялық құқықтарын іске асыру мүддесіне орай жүзеге асырылатын болады. Әлеуметтік диалогтың рөлін одан әрі арттыру және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін өсіру болжануда.

Мемлекеттік еңбек инспекциясының жұмысы бизнес үшін кедергілерді азайту жағдайында жүзеге асырылатын болады. Қазақстан Республикасы Президентiнiң тапсырмаларына сәйкес ТБЖ-да құқық бұзушылықтардың, өндiрiстегi жазатайым оқиғалар қаупiнiң алдын алуға, орын алған заң бұзушылықтар мен кемшiлiктердi жоюға баса назар аударылады.

Еңбек қатынастарын басқарудың мемлекеттiк саясатын әзiрлеу және iске асырудың сыртқы ортасы экономиканы жаһандандыру, ТМД, ЕурАзЕҚ шеңберiнде кiрiктiру процестерiн дамыту, бірыңғай кеден кеңістігін қалыптастыру болып қалып отыр.

Халықаралық әлеуметтiк институттардың ұсынымдарын ескере отырып, салыстыру мақсатында еңбек қатынастарының ұлттық стандарттарын анағұрлым дамыған елдердiң стандарттарына жақындату, Кеден одағы аясында Қазақстанның, Ресей Федерациясының және Беларусь Республикасының еңбек заңнамасын бiрiздендiру жұмысы жалғастырылатын болады.     


4-стратегиялық бағыт. Халықтың әл-ауқатының артуына жәрдемдесу
Саланы дамытудың негiзгi параметрлерi
Халық табысының негізгі бөлігі жалақы есебінен қалыптасады.

Соңғы бес жылда жалақының ең төменгі мөлшері 1,7 есе арттырылды (9200 теңгеден 15 999 теңгеге дейін).

Жалпы ел бойынша бір қызметкердің орташа айлық жалақысы экономикалық қызмет түрлері бойынша (Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің деректері бойынша) – 1,9 есе артып, 2010 жылы 77 482 теңгені құрады.

Қазақстан Республикасы Президентінің жолдауларына сәйкес бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысы 2006 – 2007 жылдары тиісінше 32 және 30 % артты. Екі рет – 2009 жылы және 2010 жылғы 1 сәуірден бастап бюджет саласы қызметкерлері жалақысының деңгейі 25 % арттырылды және қазіргі уақытта орта есеппен 56 160 теңгені құрайды. Бұл ретте, 2011 жылғы 1 шілдеден бастап 30 % арттырылды.

Азаматтық қызметшілерге жаңа еңбекақы төлеу жүйесі моделінің жобасы әзірленді және мемлекеттік органдар мен кәсіподақтар өкілдерінің талқылауында.

Өнеркәсіптің жеті саласында (тау-кен металлургия, машина жасау, көмір, мұнай-газ, құрылыс, химия, электр энергиясы) еңбекақы төлеудің салалық арттыру коэффициенттері бекітіліп, қолданылуда.

Халық табысының құрамында екінші орынды әлеуметтік төлемдер алады.

Қазіргі уақытта Қазақстанда нарықтық экономиканың қағидаттарына сәйкес келетін әлеуметтік қамсыздандыру үшін жауапкершілікті мемлекет, жұмыс беруші және қызметкер арасында бөлуді көздейтін әлеуметтік қамсыздандыру жүйесінің көпдеңгейлі үлгісі қызмет етеді.

Әлеуметтік қамсыздандырудың негізі үнемі жаңартылып отыратын ең төменгі әлеуметтік стандарттар болып табылады. 2006 жылмен салыстырғанда:

1) ең төменгі күнкөріс деңгейі 7945 теңгеден 15999 теңгеге дейін артты;

2) базалық әлеуметтік төлемдерді ескергендегі ең төменгі зейнетақының мөлшері – екі еседен артық өсті (9700-ден 24047-ге дейін).

Мемлекет басшысының тапсырмаларына, «Нұр Отан» ХДП халықтық тұғырнамасы әлеуметтiк бағдарламасының негiзгi ережелерiне және Үкiметтiң 2009 – 2010 жылдардағы iс-әрекет бағдарламасына сәйкес зейнетақы төлемдерi жыл сайын 25 %, ал 2011 жылдан бастап – 30 %; әлеуметтiк төлемдер 2010 жылы 9 %, 2011 жылы – 7 % көбейтiлген болатын.

Осы арттырулар мен ЖЗҚ төленетiн төлемдердi ескергенде, жиынтық зейнетақы төлемдерiнiң орташа мөлшерi 01.01.2011 ж. 29,4 мың теңгенi құрады.

Қызметкерлердiң мiндеттi жинақтаушы зейнетақы жүйесiне (бұдан әрi – ЖЗЖ) және міндетті әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне қатысуы кең етек алуда. ЖЗҚ-ға қатысушылар саны 01.01.2011 ж. жағдай бойынша 5469,1 млн. адам болды, ал ЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтары 2346,5 млрд. теңгеден асты. Міндетті әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне  қатысушылардың саны 6 миллионға жақындады, ал МӘСҚ активтерi 235,7 млрд. теңгеден асты, МӘСҚ-тан төленетін әлеуметтік төлемдер 2010 жылы орта есеппен 33632 теңгені құрады.

Сонымен қатар, Қазақстанда халықтың табысы аз бөлігін қамтитын әлеуметтік көмек жүйесі қызмет етеді. Ол әлеуметтік төлемдер (арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар, атаулы әлеуметтік көмек, күнкөрісі төмен отбасылардағы 18 жасқа толмаған балаларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар, тұрғын үй көмегі және т.б.) түрінде көрініс табады.

Атаулы әлеуметтік көмек және қолдау жүйесімен қазіргі уақытта бір миллионнан астам қазақстандық қамтылған.



Негізгі проблемаларды талдау
Қабылданған шараларға қарамастан, Қазақстан Республикасында өмір сүру деңгейі анағұрлым дамыған елдердегі деңгейден қалыңқы.

Еңбекақы төлеуде еңбекке ақы төлеудiң айтарлықтай салалық және өңiрлiк саралануы сақталуда, бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысы оның жалпы экономика бойынша деңгейінен айтарлықтай артта қалып келеді. Ең төменгі еңбекақы стандарттары жетілмеген. Еңбекке ақы төлеудің оның нәтижесіне байланыстылығы бұзылған – жалақының өсу қарқыны еңбек өнімділігінің өсу қарқынынан озық.

Әлеуметтік қамсыздандыру жүйесінде әлеуметтік төлемдердің алдыңғы табыстарға және елдегі өсіп отыратын өмір сүру деңгейіне барабар келмеуі негізгі проблема болып табылады.

Осының салдарында елде кедейлік сақталған. Кедейлікке бірінші кезекте, көп балалы отбасылар мен ауыл тұрғындары ұшырайды; жұмыс істегеніне қарамай кедей адамдар бар.

Кедейлік табыс деңгейінің әртүрлілігі мен айтарлықтай айырмашылығына байланысты одан әрі тереңдей түседі.

Әлеуметтік көмек жүйесінде шешімін талап ететін проблемалар ретінде мыналар сақталуда:

1) әлеуметтік көмек және қолдау көрсетуді ұйымдастыру тиімділігінің төмендігі мен жүйеліліктің болмауы;

2) табысы аз адамдардың еңбек қарымын жандандыру әдістерін жеткілікті пайдаланбау.

Әлеуметтік көмек жүйесінде көрсетілген проблемалардың болуы әр түрлі себептерге байланысты. Объективті түрде олар макроэкономикалық жағдайға, қаржы-экономикалық мүмкіндіктер мен жалпы мемлекеттік және өңірлік ауқымдағы басымдықтарға байланысты. Субъективті тұрғыдан - әлеуметтік көмек көрсету жүйесінің жетілмеуімен, кедейлік шеңберінен өз бетінше шығу үшін халықтың нысаналы топтары мен мүмкіндіктері шектеулі адамдардың басым бөлігінің еңбекке ынталылығының төмендігімен байланысты.
Негізгі сыртқы және ішкі факторларды бағалау
Тұрақты макроэкономикалық жағдай, халықаралық ынтымақтастықпен байланысты басымдықтарды пайдалану мүмкіндігі, әлеуметтік қатерлерді басқару жүйесін жетілдіру – заманның негізгі талаптарына жауап беруге тиіс және халықтың әл-ауқатының артуын қамтамасыз ететін орта болып сақталып отыр.

Халық табысында жалақының ерекше маңызы сақталатын болады. Алдағы уақытта:

1) еңбекақы төлеу мәселелерін ұжымдық-шарттық қатынастар жүйесіне қосуға қол жеткізу;

2) ЕТЕС белгілеу тәжірибесін кеңейту;

3) жалақының еңбек өнімділігі мен қызметтің түпкілікті нәтижесіне байланыстылығын қамтамасыз ету;

4) азаматтық қызметшілерге еңбекақы төлеу жүйесінің жаңа моделін жасап, енгізу қажет.

Азаматтық қызметшілерге еңбекақы төлеу жүйесін реформалау шеңберінде:

1) базалық лауазымдық жалақы түсінігі нақтыланады;

2) функционалдық-блоктық тәсілге негізделген лауазымдардың жаңа тізбесі және лауазымдарды бөлудің негізгі өлшемдері қалыптастырылады;

3) лауазымдық жалақыны есептеу үшін коэффициенттердің жаңа торы енгізіледі;

4) еңбек жағдайлары үшін қосымша ақылар мен үстемеақылардың қолданыстағы жүйесі оңтайландырылады.

Әлеуметтік қамсыздандыру жүйесі мен әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қаржылай тұрақтылығын күшейтудің маңызды факторы әлеуметтік заңнаманы жаңарту болып табылады.

Аталған факторларды іске асыру Министрліктің халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі жұмысының негізі болуға тиіс.

Экономикалық тұрақтандыру және индустриялық-инновациялық дамуға көшу экономикалық өсуді маңызды әлеуметтік проблемаларды және ең алдымен, кедейлік проблемасын шешуге пайдалану мүмкіндігін кеңейтеді.

Жұмыспен қамту 2020 бағдарламасын іске асыру барысында шартты әлеуметтік көмек пен қолдаудың жаңа нысандары енгізілетін болады. Жұмыспен нәтижелі қамтуға қолжетімділікті кеңейту және кедейлікті төмендету мәселелерін кешенді шешу әлеуметтік көмек пен қолдауға мұқтаж адамдар тобын қысқартуға және оның атаулылық сипатын күшейтуге мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру шеңберінде әлеуметтік көмек пен қолдау механизмін жетілдіру жалғастырылатын болады. 2011 – 2012 жылдары пилоттық зерттеулердің негізінде халықаралық тәжірибені ескере отырып, атаулы әлеуметтік көмек пен қолдау көрсетудің түрлері мен нысандарын оңтайландыру жүзеге асырылады, барлық өңірлер үшін оны көрсетуге әмбебап және бірыңғай талаптар қалыптастырылады.

Әлеуметтік-еңбек саласының бірыңғай ақпараттық жүйесін енгізу барысында (2011 жылдан бастап) әлеуметтік көмек пен қолдау көрсетуге мониторинг жүргізу үшін жаңа мүмкіндіктер жасалатын болады.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет