10-дәріс. Классикалық емес ғылымның қалыптасуы
10.1.Классикалық емес ғылымның қалыптасуының алғышарттары.
10.2. Гуманитарлық ғылымның дамуы.
10.3.Пәнаралық зерттеулердің пайда болуы.
ХХ ғасырдағы ғылым философиясы мен әдіснамасы: философиясы және әдіснамасы ретінде екі сала ретінде қарастырылғанмен, екеуін бір парадигмада зерделеу соңғы жылдары қолға алынған. Бұнда ғылыми білімдердің қалыптасуы, ғылыми таным әдістері мен әдіснамалары, жалпы ғылыми таным парадигмалары т.б. мәселелер сарапталады. Ғылым философиясының аясына ғылым тарихының философиялық мәселелері де енгізіледі. Осыған орай, ХХ ғасырда қалыптасқан және жалпы ғылыми танымның, әсіресе, қоғамдық ғылымдардың әдіснамасына айналып отырған философиялық бағыттар мәдени-рухани аймаққа да кеңінен әсер етті. Олар әуел баста философиялық ағымдар ретінде пайда болған болатын.
Соның бірі – герменевтика,кең мағынасында «түсінуді» әлеуметтік болмыстың шарты ретінде қарастыратын философиядағы бағыт. Тар мағынасында білім саласындағы мәтін мен форманы түсіндіру техникасы мен ережелері. Яғни, мәтіннің мәнін оның объективтік – сөздердің грамматикалық мағынасы мен олардың тарихи жағдайларының варияцияларын және субъективтік – автордың ынтасын, айтайын деген ойын, түсінушінің талғамын т.б. түсіндірудің тоериясы мен өнері. Оның бізге белгілі шығу тарихы эллинзм дәуіріндегі көне мифоллогиялық шығармаларды түсіндіруден басталады, мәселен, өз дәуірінде Гомердің туындыларын сараптауды осыған жатқызуға болады. Ол кейіннен қасиетті діни жазбаларды түсіндірудің өнеріне айналды. Бұны экзегетика деп атайды. Герменевтика 19 ғасырда тек мәтінді түсіндірумен ғана шектелмейтіндей, еркін дамитын парадигманы қолға алды. Мәселен, Дильтей бұл бағытты қоғамдық ғылымдардың арнайы тәсілі ретінде қолданып, «түсіну» рух жөніндегі ғылым әдісі болып табылады дейді.
ХХ ғасырдың орта шеніне таман герменевтика философиялық түсіндірмелердің негізгі ұстанымына өтті. Гадамерде болмыс өзін нақты адамдар мен құбылыстар арқылы түсінеді, бұл – болмыс, тіл, дәстүр. Қазір жалпы мағынасында шындыққа философиялық тұрғыдан келу және адамның саналы іс-әрекеттерінің нәтижелерін талдайтын ғылым салаларында қолданылады. Герменевтика салысының негізгі орталық түсініктері: мәтін, мәтіндік талдау, түсіну мен түсіндіру, шеңбермен тұйықталу, сұхбат, қарым-қатынас т.б. Негізгі өкілдері: Дильтей, Гадамер, Рикер, Шлейермахер, Хабермас, Бетти т.б.
Философиялық герменевтика – түсінуді герменевтикалық шеңберге алып келетін (бүтін бөлшекпен, бөлшек бүтін арқылы түсініледі) шексіз процесс. Герменевтика дамуындағы әр түрлілік: аударма (өз тіліне мағынаны аудару), реконструкция (шынайы мағынаны тудыру), диалог (өмір сүретіндерге қатынасты жаңа мағынаны қалыптастыру) бойынша құрылады.
Реконструкция Шлейермахердің идеясы бойынша өркендей түсті, ол мәтін автордың ішкі сезім түйсіктерімен байланысып жатырғандығын атап көрсетті, ал Дильтей мәтіннің шығу жағдайына үңілді, герменевтиканың базасы сипаттамалы психология болып табылатындығын атап өтсе, Э. Бетти герменевтика философиядан тәуелсіз гуманитарлық ғылымдардың тәсілі болып қалуы тиіс екендігін негіздеді.
ШлейермахерФридрих (1768 - 1834 жж.) немістің протестанттық теологы және философы герменевтиканың қалыптасуына ықпал еткен, бірақ ХІХ ғасырдың басында өмір сүрген ойшыл. Негізгі шығармалары: «Дін туралы сұхбаттар» «Монологтар», «Диалектика» т.б. еңбектерімен қатар этика, эстетика, психология мәселелерімен шұғылданды.
Дильтей Вильгельм (1833 - 1911 жж.) немістің мәдениет тарихшысы, философ-идеалист. Негізгі шығармалары: «Сипаттамалы психология», «Дүниеге көзқарастың типтері және оның метафизикалық жүйедегі көрінісі» т.б.Өмір философиясының өкілі, түсіндірмелі психологияны негіздеуші Дильтейдің түсінігінде орталық мәселе мәдени-тарихи шындықтағы адам болмысынң тәсілі ретіндегі өмір ұғымы. Адам тарихты иеленбейді, өзі оның не екендігін ашып көрсететін тарих дей келе, тарихтан табиғат әлемін ажыратып алды. Таным теориясын «Рух туралы ғылым» деп ұсынды. Рух туралы ғылым ретінде философияның мақсаты — өмірдің өзінен шығатын өмірді түсіну. Осыған байланысты ол кейбір рухани тұтастыққа тікелей жетудің тәсілі ретінде «түсінуді» басты орынға шығарады. «Түсіну» өмірге интуитивті түрде енумен туыстас, оған сыртқы тәжірибемен және пайымдаудың құрылымдау қызметімен байланысты болып келетін «табиғат туралы» ғылымда қолданылатын «түсіндіруді» қарсы қойды. Өзінің жеке ішкі әлемін түсіну интроспекция арқылы қол жеткізіледі, өзге әлемді түсіну — «бірге күйзелу», «сезінісу» арқылы іске асады, ал мәдениетке қатысты алғанда өткенді түсіну интерпретация арқылы жүзеге асады, бұл тәсілді Дильтей герменевтика деп атаған: жеке құбылыстарды сол дәуірді қайта жағырту арқылы, ондағы тұтас жандық-рухани өмірдің сәтідеп түсіндіру қажеттігін ұсынды. Адам өзінің кім екенін тек қана тарих арқылы біле алады деп тұжырымдамды.
Кейіннен Дильтей «түсінудің» психологиялық тәсілі ретінде интроспекциядан бас тартады. Ол өмірдің «соңғы құпиясын» мойындауға қарай жақындап, романтизмге қарай ойысып отырады, оған түсіндіруші (интерпретатор) тек жақындап қана келе алады, түбегейлі соңына дейін жете алмайды деп байыптайды. Батыс еуропалық дүниеге көзқарас біржақты болғанмен, адам табиғатының шынайы көрінісін бере алатын, үш типін көрсетеді: материализм (позитивизм), объективті идеализм және еркіндік идеализмі. Бірақ бұлардың ешқайсысы философияда монополиялық түрде үстемдік ете алмайды, метафизика олардан ауытқып кетеді.
Гадамер Хане Георг (1900 жылы туған) неміс философы. Негізгі шығармасы: «Ақиқат пен әдіс». Дильтейдің түсіндірмелі психологиясынан, Гуссерльдің «көкжиек» пен «өмірлік әлем» түсініктерінен, Хайдеггердің тіл туралы ілімінен туындатып, герменевтиканың тұжырымдамасын негіздеді. Ол герменевтиканы тек гуманитарлық ғылымдардың әдісі ретінде ғана емес, өзіндік ерекшелігі бар онтология деп көрсетті.
Рикер Поль (1913 жылы туған) көрнекті француз философы, экзистенциализмдегі діни феноменологияның өкілі, кейіннен герменевтикалық мәселелермен шұғылданушы. Оның негізгі философиялық мәселесі — субъектінің ерік белсенділігі. Басты шығармасы: «Ерік философиясы». Гуссерльге, Хайдеггерге, Фрейдке сүйене отырып, ол ерікті адамның «шекті бастапқылығы» ретінде ұсынып, бұның қоршаған шындыққа мағына енгізуге қабілетті екендігін атап өтеді. «Шекті бастапқылық» жеке адамның бейболмыстың мүмкіндігін саналы түйсінуінен, қобалжуынан тұрады. Адам санасын «ілгерішіл» зерттеудің шегі – адам болмысын толықтай ашатын құдайды түсіну болып табылады деді. Осы қағидалар негізінде, Рикер ұсынғандай, әлем мен мәдениетті, адамды түсіндірудің тәсілі ретінде феноменологиялық герменевтика құрылады.
Хабepмac Юрген (1929 жылы туған) неміс философы және әлеуметтанушы. Бастапқыда қоғамдық-саяси мәселелермен, осы заманның қоғамдық құрылысымен айналысып, бұндағы басты мәселе ретінде антогонистік қайшылықтарды бұқаралық пікірталспен және идеологияны бірте-бірте «жоюмен» бейтараптандыруды ұсынды.
Негізгі шығармалары: «Қоғамдастықтың құрылымдық өзгерістері», «Теория және практика», «Техника және ғылым идеология ретінде», «Әлеуметтік ғылымдардың логикасына қарай», «Қоғам теориясы немесе әлеуметтік технология», «Мәдениет және сын», «Тарихи материализмді реконструкиялауға қарай», «Әмбебап прагматика дегеніміз не?», «Моральдік сана және коммуникативтік әрекет ету» т.б.
Қоғамдағы тілдік қарым-қатынас мәселелеріне қарай ойысып, «рационализациялау» түсінігіне мән берді. Рационализациялау коммуникация құрылымындағы байқатпай құрылған мәжбүр ету қатынастарын жояды. Әлеуметтік талдаудың парадигмасында құралдық ақыл емес, коммуникативтік ақыл орталықтандырылуы керек деп тұжырымдайды. Осыған орай, Хабермас Гадамердің философиялық герменевтикасын қолданудан бас тартады, бірақ тілдік өзара түсінісудің гадамерлік нұсқасын қоғамдық үдерістерді түсіндірудің құралы ретінде пайдалуға болатындығын көрсетті. Тіл үстемдік пен әлеуметтік биліктің құралы болып табылады дей келе, ол коммуникацияның өңін айналдыратын және жалған келісімді әкеліп таңатын институционалдық және мәдени мәжбүрлеуге қарсы тұрды: шынайы рационалды келісімге (консенсус) дискурс арқылы ғана жетуге болады, ол – аргументтер келтірудің өзара тең сұхбаттастық процедуралары және әмбебап келісім болып саналады, қарым-қатынастың парасатты субъектілерінің бәріне мағыналы. Философия жаңа заман кезеңіндегі мәдени құндылықтардың үш жеке аймаққа бөлінуінен пайда болған ақылдың бірлігінің жоғалуын қайтадан қалпына келтіреді. Бұл үш тармақ: ғылым мен технология, мораль мен құқық, өнер және көркемдік сын деп ой түйеді. Хабермас бойынша философия әлеуметтік практиканың ерекше формасы болып табылады. Сондықтан философиялық теория сырттан таңылған саяси практиканың толықтыруына мұқтаж емес, әрекетте өзінің ішкі практикалылығын қосады – рационалды сынның қуаты. Хабермас көп түрлі ағымдардың ішінде ХХ ғасырдағы маңызды төрт ағымды өзінің жеке келбеті бар деп көрсетеді: аналитикалық философия, феноменология, батыстық марксизм және структурализм. Осы төрт бағытқа ортақ әуендер: постметафизикалық ойлау, лингвистикалық бетбұрыс, «логоцентризмді» жеңу. Осыларды жеке-жеке талдай келе, Хабермас өзара түсінісудің мәніне үңіліп, оның белгілерін көрсетеді.
Сезімдік таным тәжірибесімен белгілі болатын, жалпы алғанда, құбылыс деген мағынаны білдіретін «феномен» сөзінен шыққан «феноменология» түсінігі ХХ ғасырда арнайы ілім ретінде қалыптасып, ғылыми танымның жалпы әдіснамаларының біріне айналды. Ол өзінің бастапқыдағы мағынасынан кейіннен алшақтай бастады. Мәселен, Кантта – эмпирикалық құбылыстар туралы ілім, Гегельде – тікелей сезімдік қабылданатын абсолютті білімнен туындаған сананы метафизикалық бейнелеу, Брентанода – сипаттамалы психологияға сәйкес келеді т.б. Ал кейінгі феноменология Э. Гуссерль негіздеген іліммен байланысты барынша маңызды мағынаға ие. Осы феноменологияны қолдаушы өкілдер: Л. Ландгребе, Э. Финк т.б.
Феноменологияның сананың объектіге қатысын көрсететін басты түсінігі «интенция». Феноменологияда санадан тыс өмір сүретін объективті шындықты бар деп тікелей мойындауға болмайды, таным субъектісінің өзін танымға бағытталған таза сана деп түсіну керек (трансцендентальдік редукция), себебі, ол – тәжірибе мен тарихтан тыс сана ретінде психологиялық толқулар мен тілдегі көрінетін идеалды мағыналарға сәйкес келеді, олай болса, философия таза мағыналарды зерттеуі тиіс.
ГуссерльЭдмунд (1859-1938 жж.) неміс философ-идеалисі. Негізгі шығармасы: «Логикалық зерттеулер», «Еуропалық ғылымдардағы дағдарыс және трансцендентальді феноменология» т.б.
Ол психологизм бойынша кез-келген танымдық акт өзінің мазмұны арқылы эмпирикалық сананың құрылымы болып анықталады, сондықтан танушының субъективтілігінен тәуелсіз болып табылатын қандай-да ақиқат туралы ешнәрсе айтуға болмайды дей келе, психологизмнің өрістеуін Локктан бастап, Юм, Дж. Милль арқылы Вундтқа дейінгі аралықпен дәектейді. Қазіргі заманғы психологизмнің нұсқасы натурализмде, тарихилықта деп білді, сондықтан табиғат пен тарих туралы ғылымдар белгілі бір деңгейде негіздеуге мұқтаж, бұны философия, нақтырақ айтқанда, қатаң ғылым ретіндегі сананың феномендері туралы ілім — феноменология ғана бере алады деп байыптаған Гуссерль, сананы эмпирикалық мазмұннан тазартатын өзінен-өзі айқын логикалық қағидаларды табуға ұмтылды, бұл редукция арқылы ғана мүмкін болады деп түсіндірді. Философия бұрынғы барлық догматикалық тұжырымдаулардан азат болу керек, сондықтан бұл дәуірді қандай-ма болмасын шешімдерден қалыс қалу актісімен аяқтау қажет. Осыдан тек қана жалғыз санадан ажырағысыз бірлік — интенционалдық қана қалады: жеке адамдық психологиялық, әлеуметтік, нәсілдік сипаттамалардан азат болған жағдайдағы нәрсеге бағытталған сананың таза құрылымын қарастыру қажет деп атап өтеді. Осы интенционалдық арқылы Гуссерль басты теориялық-танымдық мәселе субъект-объект арақатынасын шешуге ұмтылды; ол екі жақтылықтың көпірі іспетті — жалпы адамзаттық сананың имманентті әлемнің өкілі болу мен болмыстың трансценденттік әлемінің аралғында дейді.
Гуссерль феномендегі әртүрлі қабаттарды көрсетеді: тілдік қабықша, әр түрлі психикалық толқулар, санадағы ойланылған заттар. Нәрселік болмыс санаға іштей тән болып табылады, ол санаға қатысу арқылы өзінің объективті мағынасын табады, сондықтан нәрселік болмыс пен сана бір-біріне өзара қатынасты (коррелятивті). Сана екі жақтылықтың бірлігі болып табылады: танымдық актілер — ноэзис және нәрселік мазмұндар — ноэма, бұлар идеалдық мағынаға сәйкес келеді. Сондықтан феноменологияның мақсаты — нәрсе туралы әр түрлі айтылған пікірлердің, сөздер мен бағалаулардың күңгірттеген мағынасын ашу. Бұл бағыт материализмнің барлық формаларын және сананың тарихи түсінігін жоққа шығарады. Сондықтан феноменологияның пәні — таза ақиқаттардың патшалығы, априорлы мағыналар. Гуссерль түсінігінде, бұл бағыт «бірінші философия» болып табылады. Таным сананың ағымы: іштей ұйымдасқан және тұтасқан, бірақ нақты психикалық актілерден, таным субъектісі мен оның қызметінен салыстырмалы түрде тәуелсіз. Сондықтан феноменологиялық редукция өзінің ішкі мәнінен тереңдеп, психологиялық транс жағдайындағы ештеңеге өту бойынша танымның қатпарларын зерделегісі келеді.
Позитивизм (позитивті – оңды, дұрыс, жағымды деген мағыналарды береді) – парадигмалық танымдық әдіснамалық құрылым болып табылатын, нақты ғылымдарды шынайы білімнің көз деп есептейтін бағыт. Оның бастапқы идеялары Юмның, Даламбердің еңбектерінен көрініс тапқанмен, оның негізін салушылар ретінде – Конт пен Спенсер аталады. Ол жорамалды, теориялық спекуляцияны, идеализмді, спиритуализмді, рационализмді теріске шығара отырып, бұрынғы: болмыс, мән, себеп, рух сияқты ұғымдар мен түсініктер ғылыми тексерілуге жатпайтын, тәжірибеде айқындалмайтын болғандықтан, мәңгі шешімін тапппайтын жалған мәселелер немесе өзінің мағынасын жойған деп есептейді. Сондықтан оларды метафизикалық мәселелер деп жариялап, өзінің бағытын метафизикалық емес, дұрыс бағыт деп түсінеді. Бұны аймақ бойынша франциялық; Литтре, Тэн, Ренан; Ағылшындық: Милль, Спенсер; немістік: Дюринг, Шуппе т.б. деп ажырату дәстүрге айналған.
Осы ағым негізінде неопозитивизм пайда болып, бұлардың негізгі идеялары постпозитивизм ағымымен жоққа шығарылды. Сондықтан позитивизм эволюциясын: 1) бірінші позитивизм: Конт, Милль; Спенсер, Литтре; 2) екінші позитивизм немесе эмпириокритицизм: Мах, Авенариус; 3) неопозитивизм: Поппер, Айдукевич, Уисдом, Остин және логикалық позитивизм: Шлик, Карнап, Нейрат т.б; 4) постпозитивизм – әдіснамалық радикализмді жұмсартуға бағытталған түрі: Кун, Лакатос, Тульмин, Фейерабенд т.б деп ажыратуға болады. Демек, позитивизм тамырлары ХҮІІІ-ХІХ ғасырларда-ақ қалыптаса бастаса, ол ХХ ғасырда неопозитивизмге өтті.
Неопозитивизм – шындық туралы білімді күнделікті және нақты ойлау арқылы алуға болады, ал философия ойлаудың нәтижелерінен көрінетін тілді талдауды қолға алуы тиіс. Философиялық талдаулар объективті шындыққа таратылмайды, ол тек мәліметтермен, тәжірибемен, тілмен шектеліп отырылады. Ал тілдің объективті шындықты бере білу сәйкестігіне назар аудару керек. Сондықтан философияның міндеті күнделікті тілді зерттеумен айналысу деп біледі. Бұл бағыт жалпы неопозитивизм деп аталғанмен; логикалық атомизм, логикалық позитивизм, жалпы семантика, неореализм, аналитикалық философия, лингвистикалық философия, сыншыл рационализм сияқты салаларды қамтитын іргелі ағым ретінде пайда болады.
Логикалық атомизм шындық туралы көптүрлі және номиналистік ілім ретінде ХХ ғасырдың 20 жылдарында қалыптасты:Рассел, Витгенштейн. Бұнда жетілген логикалық тілді сараптау басшылыққа алынып, әлемді бір-бірімен сырттай байланысқан атомарлық айғақтардың, яғни, жеке-жекелердің жиынтығы деп қарастырды.
Аналитикалық философия – тілді талдау барысында жалған проблема ретінде қойылған түйткілдерді ажырату керектігін немесе олар мүлде философияға қатысы жоқ болуы мүмкіндігін көрсетті. Ал табиғи тілдердің деректерін зерттеу лингвистикалық философияға ұласты. Яғни, дүниені бейнелейтін таным нәтижесі тілмен берілетін болғандықтан, мәселе, осы тілде деп байыптап, оны зерттеуді арнайы қолға алу керектігін тереңдетуді мақсат етеді. Бұл ХХ ғасырдың 40-50 жылдары Англияда пайда болды: Дж. Остин, Дж. Уисдом т.б.
Жалпы тілдік талдау философиясының көрнекті өкілдерінің бірі –Витгенштейн Людвиг (1889-1951 жж.) австриялық философ, логик,математик. «Логикалық-философиялық трактатында» жетілген тілді математикалық логиканың тілі деп түсіндіріп, философия тілдің сынына айналды. Бірақ өзінің кейбір ойларынан бас тарып, бұларды «тілдік ойындар» ретінде бағалады.
Логикалық позитивизм Вена үйірмесі арқылы (О. Нейрат, Ф. Франк, Г. Фейгль, X. Рейхенбах т.б) ХХ ғасырдың 20 жылдары қалыптасқан бағыт. Ол білімді формальдандыру мен математикаландыру кезіндегі таңбалық-рәміздік құралдарды, шындықты тілмен бейнелеудің тәсілдерін зерделейді де, оны философиялық-әдіснамалық талдаудың пәні деп біледі, сондықтан шынайы философия ғылым тіліне логикалық талдау жасаумен айналысуы тиіс деген ұстанымдарды енгізіп, бұдан біртұтас ғылым құру мақсаты айқындалды. Бұдан 30 жылдары логикалық эмпиризм деп аталатын бағыт туындады да, бұл субъектінің ішкі толқуларынан туындайтын тілді емес, физикалық құбылыстарды сезімдік қабылдайтын заттық тілді сараптауды басшылыққа алуды көздеді.
Неореализм – АҚШ-тағы ХХ ғасырдың 30 жылдары менҰлыбританияда пайда болған бағыт: Дж. Э. Мура, Р. Перри, У. Марвин, Э. Холт, У. Монтегю, У. Питкин, Э. Сполдинг т.б. Бұнда идеализм мен материализмге қарсы көзқарастар айтылғанмен, қабылданатын заттың санада тікелей бейнеленуін қолдайтын пікірлер дәйектеледі. Мәселен, Мур кеңістік пен уақыттың шынайы өмір сүретіндігін дәйектеуге ұмтылады. Нәрселердің өздерін қатынастардың тәуелсіздігі құрайды деп, «сыртқы қатынастар теориясын» негіздейді. Ал «спекулятивті космология» ілімінде сана дамудың кеш қалған буыны ретінде объектілердің танымнан тәуелсіздігі негізделеді.
Поппер Карл Раймонд (1902 жылы туған) ағылшын философы, логик, әлеуметтанушы. Негізгі шығармалары: «Ғылыми зерттеудің логикасы», «Ашық қоғам және оның жаулары», «Тарихшылдық жұтаңдығы», «Болжам және теріске шығару», «Объективті білім» т.б.
Ол ғылыми білім, оның өсуі, фальсификация, метафизика мен ғылым демаркациясы, оның өлшемдері мәселелерімен шұғылданып ғылым методологиясы, яғни, ғылым философиясындағы неопозитивизмнен постпозитивизмге бет бұрды. Поппер индуктивтік логика мен эмпиризмді сынауға кіріседі де, дедуктивті логикадағы «модус толентін» ұсынады. Верификацияланбағандарды метафизикалық мәселелер деп табады. Ол барлық теорияларды жоба (гипотетизм) деп табады да ақиқат, не жалған ұғымдарын метафизикалық мәселе деп, объективтілікті қолдайды. Ақиқатқа жету, оған ұмтылу, оның өлшемі тәрізді түсініктерде шынға ұқсастық (правдоподобность) ұғымын ұсынады. Онда ақиқаттың салыстырмалылығы мәселелері қозғалады.
Поппер танымдағы психологизммен (Бэкон, Юм, Рассел) күреседі. Ол шындықты үшке бөледі: физикалық әлем, психикалық әлем, ойлаудың объективті мазмұны. Үшінші әлем автономды, рухани-ғылыми тұжырымдар, заңдылықтар. Білім білусіз-ақ білім, білетін субъектісіз объективті деп тұжырымдайды.
Ол ғылыми білімнің өсуін эпистемологияның басты мәселесі ретінде қарап, эволюциялық эпистемологияға ұласады. Алғашында ол шындық тәрізділік дәрежесінің өсуі ғылыми теорияларды кезекті ауыстыру – ғылыми білімнің өсуі десе, ғылыми білімді Р1-ТТ-ЕЕ-Р2 яғни, мәселе, байқап көру, қатаң сынау, жаңа мәселе, яғни өсу – қателердің элиминациялануы деген. Білім өсуін биологиялық дарвиндік заң бойынша ұғынған.
Позитивизм ағымынан кейінгі пайда болған постпозитивизмпозитивизмнің негізгі қағидаларына түбегейлі қарсы болды. ХХ ғасырдың екінші жартысына қарай өріс ала бастаған бұл бағыттың негізгі өкілдері ретінде – К. Попперді, Т. Кунді, Тульминді, Лакастосты, Фейербендті т.б. атауға болады. Оның мынандай негізгі қағидалары бар:
- символикалық логика бағдарынан арылып, ғылым тарихына назар аудару. Логикалық позитивизмдегі формальді логикалық құрылым мен ғылым тіліне логикалық талдау, негізгі формальдік қатаң жүйеге емес, шынайы ғылыми білім мен тарихына назар аударуды көрсетті.
- әдіснамалық зерттеулер проблемасында мәнді өзгерістер тудырды, ғылыми білімнің дамуын түсінуге ұмтылды: жаңа теория қалай пайда болады, қалай мойындалады, бәсекелі ғылыми теориялар мен оларды салыстырудың өлшемі неде, баламалы теориялардың арасында қарым-қатынас бола ма ?- деген түйткілдерге жауап іздеді.
- қатаң шектелген линиялардан бас тарту. Эмпирикалық-теориялық дихотомия жұмсарып, факт мен теорияның қарама-қарсы қойылуы жойылады, олардың бір деңгейден екіншісіне өтетін салыстырмалы екенін көрсетті.
- демаркационизмнен арылады. Метафизикалық теорияларды терістемейді. Мәселен, Фейерабенд ғылым, философия, миф үшеуін де қандайда бір айырмашылық бар екенін мойындамайды.
- ғылым тарихына сүйену кең жайылды. Басты объектісі білімнің дамуы болғандықтан, ғылыми идея мен теорияның алмастыруы мен дамуы, пайда болу тарихын білуге мәжбүр болды.
- кумулятивизм қағидасынан бас тарту. Революциялық мәнді қайта құрулар ғылым тарихында керек екенін мойындауы ғылым дамуы емес деп, ғылыми білімдегі өзгерістерді қарастырды. Бұл мәселелерде толықтырулар бола ма? - деген мәселе қойды.
- «теориялардың салыстырылмайтындығын» ұсынды, бірін-бірі терістеуші теорияларда логикалық байланыс жоқ деп, басқа ұғымдарды пайдаланады, әлемді көрудің әдістері мен тәсілдері де мүлде басқа дей келе, ғылым дамуында сабақтастық жоқ деп, білім әлеуметтануы мәселелеріне ойысты.
Фейерабендтің «Эпистемологиялық анархизмі» «бәрі де рұқсат етілген» қағидасына саяды. Бұл ағым постмодернистік философияға, постструктурализмге ойысты.
Структурализм— құрылымдар объектінің қандай да бір скелеті емес, бөлшектерін ауыстырып орналастыру арқылы бір объектіден екіншісін, одан үшіншісін алатын ережелер деп түсінетін ғылыми әдіс ретіндегі сала. Құрылымдық әдіс алғаш тіл білімінде туған. Соссюрдің «Жалпы лингвистика курсы» деп аталатын еңбегінде тіл қарапайымнан бастап, күрделіге дейінгі таңбалар жүйесін тәртіпке келтіретіндігін негізге алынады.
Структурализм өкілдері антропологияда – К. Леви-Стросс, психоанализде – Ж. Лакан, М.П. Фуко т.б. 1950 жылдары Леви-Стросс бұны тәсіл ретінде жалпы ғылымдар аясында қолдануды ұсынды да, бұны қарапайым халықтардағы дәстүрлер мен салттарды, мифтерді, олардың тілдерін зерттеу арқылы іске асырды. Леви Брюльдің мифологикасындағы прологикалы ойлаудағы – табиғилық пен табиғилықтан тыс нәрсені ажыратпайтындығын, бастапқы себеп пен түпкілікті салдар тікелей байланыста болады, аралық байланыстар еленбейді деген сияқты пікірлерінің кемсітушілік бағдарын жоюға тырысты.
Леви-СтроссКлод (1908 жылы туған) – француз этнографы, әлеуметтанушысы. Негізгі шығармалары: «Мифологика», «Құрылымдық антропология», «Маскалардың жолдары» т.б. Еуропоцентризм мен расизмді жоққа шығарып, артта қалған халықтар мен байырғы ойлау дәстүрлерін ерекше таным ретінде бағалаған ол, осыдан өзінің «үстемрационализм» тұжырымдамасын туындатты: еуропалық өркениеттегі жойылып бара жатырған сезімдік таным бастауы мен рационалдық танымның бірлігін қайта қалпына келтіру қажеттігін көрсетті, бұл үйлесімділіктің көзі адам болмысындағы қайшылықтарды шеше білген мифологиялық ойлауды зерделеуде деп білді. Леви-Стросс мифтік ойлауды ұжымдық бейсаналылық деп түсіндіріп, бұны адам ақылының анатомиясын және оның құрылымын көрсету деп білді. Бұнда ғылым теріске шығарған қажетті білімдер қоры бар деп бағалады. Бұл бағыт постструктурализммен және постмодернизммен ұласып кетті.
Постструктурализм — 1970-1980 жылдардағы әлеуметтік-гуманитарлық тұрғыдан келген шындықты семиотикалық түсіндіруді басшылыққа алатын бағыт. Постструктурализм – структуралистік парадигмаларды қайта қараудан туған әлеуметтік-гуманитарлық тұрғыдан келу бірлігін білдіретін әдіс. Өкілдері: Деррида, Делез, Гваттари, Бодрийяр, Лиотар т.б. Олар танымдағы белгіленетін мен белгілейтіннің арақатынасын зерделеуге көңіл бөлді. Бірақ осылардың, философия мен әдебиеттің шекараларының шарттылығын ұсынады. Постструктурализм өзіндік терминдері мен ұғымдарының көптігімен және әртараптығымен ерекшеленеді. Дегенмен, мынадай басты ерекшеліктерін атап өтуге болады: 1) батыс еуропалық метафизиканы сынау және логоцентризмді жоққа шығару; 2) мистификасыздандыру; 3) еркіндік аймағын іздеу — биліктің, құрылымның үстемдігін жоққа шығару т.б.
Поструктурализмде текстіден тыс ештеңе де болмайды, шындық – тілдік шындықпен текстіленген әлем. Постструктуралистер метафизиканы талдауда оның ерекшелігі логоцентризмде деп білді, ақиқат ұғымы –логоцентристік сананың тууынан: бәрінен тәртіп пен мағынаны іздеу, алғашқы себепті табу. Текстінің тағайындалуы биліктен кету, тіл – ұғымдар арасында билік орнатқан деген сияқты ұстынымдарын дәйектейді. Бұл постмодернизм бағытымен жалғасын тапты.
Постмодернизм— рухани мәдениет аясына кең таралған философиялық рефлексияның дәстүрлі емес ойлауын негізге алатын бағыт. Негізгі өкілдері: Р.Барт, Батай, Бланшо, Бодрийяр, Делез, Деррида, Джеймисон, Гваттари, Клоссовски, Кристева, Лиотар, Мерло-Понти, Фуко т.б. Бұл терминді алғаш рет Р.Ранвицтің «Еуропалық мәдениет дағдарысы» деп аталатын еңбегінде кездеседі. Ал Тойнби қазіргі заманды, яғни, модернистік бағдардан кейінгі дәуірді бейнелеу үшін қолданса, 1960-1970 жылдары өнерде жаңашылдықты сипаттау үшін қолданылды. 1979 жылдан бастап, Лиотардың «Постмодернистік жағдай: білім туралы баяндама» атты еңбегінде философиялық категория деңгейіне дейін көтерілді. Бұл бағыт философиялық білімді онтология мен гносеологияға ажыратудан бас тартады, дәстүршілдік пен классиканы жоққа шығарып, оларды тек ежелгі дәуір ретінде қабылдайды, метафизикалық мәселелері мойындамайды да, қазіргі ойлауды постметафизикалық ойлау деп түсіндіреді, субъект пен объектінің, әйелдік пен ерліктің, ішкі мен сыртқының, орталық пен шет аймақтың дихотомиясын ажыратып қарастырудан тыс аймақты қалайды. Постмодернизм өзінің осындай бейсызықты ойлау жүйесі арқылы өзіндік ұғымдар мен категориялар жүйесін негіздеді: Логоцентризм, Дискурс, Логотомия, Логомахия, Онто-тео-телео-фалло-фоно-логоцентризм, Постметафизикалық ойлау, Бинаризм, Хора, «субъектінің өлімі», Антипсихологизм, Ацентризм, Деконструкция, Бос таңба, «Автордың өлімі», Семиотикалық Диспозитив, Номадология, Ризома, Хаосмос, Эон, Үстірттілік, Мүшесіз дене, Шизоанализ, Нарратив, метанаррацияның батуы, Метанаррация, Генеалогия, Оқиға, Симуляция, Симулякр, Қатыспау Метафизикасы, Дискурс, Постмодернистік сезімталдылық, Трансгрессия т.б.
Бұдан постмодернизмнің мынадай негізгі әдіснамалық-теориялық негіздері туындаған:
- Мәтіндік талдау – мәтіннің негізгі бірден-бір мағынасы сол болуы болған күнде де бір мағынаны табу мақсатын қоймау керек (Р.Барт);
- Номодология – оқиғаларды көшпелілердің жоспарсыз қозғалыстарымен, жоғары мақсатқа тағайындалмауымен, бағытталмауымен ұқсатып қарастыру керек (Ж.Делез).
- Генеалогия – тарихи процестегі сабақтастықтық пен себептілікті жоққа шығарып, антиэволюционизм мен кездейсоқтықты, спонтанды ақиқаттылықты бекітеді (М.Фуко, Ж.Делез, Деррида).
- Симуляциялық тұрғы – қазіргі мәдениетте шындықты таңбалар шындығымен алмастыру жүрді, яғни, симулякрлармен (образ, ұқсас, типтес) Осыдан симулякрлар мен моделдер әлемі пайда болған, олар шындыққа еш сәйкес келмесе де, шындықтың өзінен гөрі неғұрлым шынайы әлдене ретінде қабылданды. Осындай әлем шындыққа емес, өзіне ғана сүйенеді деп пайымдайды. Бодрийар оны гиперреалдылық деп атады. Бұдан гипермәтін ұғымы туындайды. Бұнда мәтінде өзіндік логика болмауы тиіс, ол еркін психологиялық ассоциациялар бойынша құрылуы керек, қойылған мәселе шешілмесе де, айтушы мен қабылдаушыға тиімді түрде тақырыптар тез ауысып отыруы тиіс.
Достарыңызбен бөлісу: |