7.3-тармағының талаптарын орындауы тиіс.
375. Жүргізушіге балаларды отырғызу (түсіру) уақытында автобустың кабинасынан шығуға болмайды.
376. Балаларды автобусқа отырғызу еріп жүрушінің басшылығымен және жүргізушінің бақылауымен (жаппай тасымалдаған кезде одан басқа тасымалдауды ұйымдастыруға жауаптының байқауымен) автобус толық тоқтағаннан кейін отырғызу алаңында жүргізіледі.
Көлік құралы жақындаған кезде еріп жүрушілер балалардың оның алдынан жүгіріп шығуына, жүру бөлігінің шетінде топтануына жолбермейді.
377. Еріп жүрушілер балаларды отырғызу орнына ұйымдасқан тәртіпте (кіші балаларды - екі-екіден сапқа тұрғызып) жеткізеді. Отырғызу автобустың алдыңғы есігі арқылы жүргізіледі.
Отырғызған кезде жеке заттар баланың бір қолына сыйуы тиіс, басқа қолымен ол баспалдақпен салонға көтерілген кезде тұтқадан ұстауы тиіс.
378. Отырғызған кезде еріп жүрушілер балалардың:
1) жолдың жүру бөлігіне шығуына;
2) итерісуіне, төбелесуіне;
3) салонға иықтарындағы рюкзактармен және сумкалармен кіруіне (тепе-теңдікті жоғалту, өзге жолаушылардың беттері мен көздерін жарақаттану қаупін болдырмау үшін оларды отырғызудың алдында шешу қажет);
4) өту жолдары мен шығатын есіктерді жеке заттармен бөгеуге;
5) жоғарғы сөрелерге ауыр және орнықсыз заттарды қоюға жол бермейді.
379. Еріп жүруші автобусқа кезекпен кіретін балаларды қолжүгінің қауіпсіз орналасуына көңіл бөле отырып отырғызады.
380. Қол жүгі автобуста жолаушылардың қауіпсіздігіне қауіп-қатер төндірмейтіндей және жүргізушінің қарау ауқымын шектемейтіндей болып орналастырылады.
Қол жүгі автобустың салонында орналастырылған кезде мынадай талаптар сақталады:
егер автобуста сөрелер болса, онда оларда тек жеңіл (салмағы 1кг аспайтын), сынбайтын, үшкір дөңестері жоқ және ұзындығы 60 см аспайтын бұйымдар мен заттар ғана орналастырылады;
заттар сөрелерде автобустың қозғалысы, күрт бұрылғанда, тежегенде және т.с.с. кезінде олардың құлауын болдырмайтындай етіп орналастырылуы (бекітілуі) тиіс.
381. Барлық балаларды және қол жүгін автобуста орналастырғаннан кейін еріп жүрушілер осы Қағиданың талаптарына сәйкес:
1) балаларды санап шығуы;
2) олардың барлығы отыруға арналған орындарда орналасқанын және жеке заттарын қауіпсіздік шараларын сақтай отырып орналастырғандығын тексеруі;
3) жүргізушіден медициналық дәрі қобдишасының, өрт сөндіргіштің орналасқан жерін және оларды, авариялық люктерді қолдану тәртібі мен оларды ашу әдісін, есіктерді авариялық ашу батырмаларын және оларды пайдалану тәртібін, көлік құралының ерекшеліктерімен анықталатын өзге де қауіпсіздік шараларын нақтылауы, және де балаларға нұсқау беруі;
4) жүргізушіні отырғызу аяқталғаны туралы хабардар етуі және автобуста оларға арналған орындарды алуы тиіс.
Еріп жүруші отырғызу (түсіру) аяқталғаны туралы хабар бергеннен және автобус есіктері толық жабылғаннан кейін жүргізушіге отырғызу (түсіру) орнынан автобус қозғалысын бастауға рұқсат етіледі.
8. Автобустардың маршруттағы қозғалыс және аялдау (тұрақтау) тәртібi
382. Балаларды тәуліктің қараңғы мезгілінде тасымалдаған жағдайда фаралардың жақын немесе алыс жарығымен қоса тұманға қарсы фаралар пайдаланылуы мүмкін.
383. Лекпен қозғалған кезде автобустар олардың арасында қауіпсіз интервалды сақтай отырып, қатаң белгіленген тәртіпте қозғалуы тиіс (Жол жүру ережесінің 9.10-тармағына сәйкес).
384. Лектің аға жетекшісі әрбір жүргізушінің Жол жүру ережесінің және осы Қағиданың талаптарын сақтай отырып, лектің қозғалуын қамтамасыз етуге тиіс. Балаларды екі автобуспен тасымалдаған кезде лектің аға жетекшісі бірінші автобуста, балаларды үш және одан көп автобустармен тасымалдаған кезде - соңғы автобуста орналасады.
385. Балаларды тасымалдаған кезде қозғалыс жылдамдығын жүргізуші жол, метеорология және өзге де жағдайларға байланысты таңдайды (Жол жүру ережесінің 10.1-тармағына сәйкес), бұл ретте автобус қозғалысының жылдамдығы барлық жағдайда 60 км/сағ аспауы тиіс.
Балаларды лекпен тасымалдайтын автобустардың қозғалысы кезінде қозғалыс жылдамдығын лекке еріп жүретін жол полициясының қызметкері таңдайды, бірақ барлық жағдайда ол 40 км/сағ аспауы тиіс.
Автобусты басқару кезінде жүргізуші күрт тежеуге жол бермей автобус жүрісінің бірқалыптылығына ерекше көңіл бөлуі тиіс.
Автобустар легінің темір жол өткелінен өту қауіпсіздігін оған еріп жүретін жол полициясы қызметкерлері қамтамасыз етеді.
386. Балаларды тасымалдаған кезде жүргізушіге:
1) автобус қозғалысының белгіленген маршрутынан ауытқуға және белгіленген жылдамдық режимдерін бұзуға;
2) қозғалыс барысында автобусты басқарудан алаңдауға (сөйлесуге, тамақ ішуге, кабинада қатты музыка қосуға);
3) тасуға тыйым салынған нәрселерді, заттарды және материалдарды автобуста алып жүруге;
4) топырақ жолдарға шығып кетуге және олармен жүруге (балаларды ауылшаруашылық жұмыстарына және демалыс орындарына, сондай-ақ жолды жөндеу және қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу кезінде тасымалдаған жағдайдан басқа) тыйым салынады.
387. Автобустың қозғалысы барысында еріп жүрушілер автобустың әрбір есігінің жанында орналасуы тиіс. Егер автобуста бір еріп жүруші болса, ол автобустың алдыңғы есігінің жанында орналасуы тиіс.
Медицина қызметкерлері және балалар тасымалын ұйымдастыруға жауаптылар (жаппай тасымалдау кезінде) соңғы автобуста орналасады.
388. Сапар кезінде еріп жүрушілер балалардың:
1) салонда тұруына және жүруіне;
2) есіктер мен терезелерге жантаюына;
3) жоғарғы сөрелерге ауыр және орнықсыз заттарды қоюына;
4) қол жүгін өту жолдарына және кіреберістегі (шыға берістегі) алаңдарда орналастыруына;
5) терезе ойықтарынан бастарын шығаруына;
6) терезеден қоқысты және қандай болса да өзге заттарды тастауға;
7) жазатайым жағдайдың алдын алуға бағытталған жолаушылардың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіретін ахуал туралы хабарламалардан басқа жүргізушіні көлік құралын басқарудан алаңдатуына;
8) жолаушылардың денсаулығы мен өміріне қауіп төндірмейтін жағдайларда авариялық жабдықтарды пайдалануына;
9) есіктерді ашуына;
10) төбелесуіне, итерісуіне, қимыл ойындарын ойнауға;
11) шылым шегуге, сіріңке, оттық жағуға;
12) спирттік ішімдіктерді ішуіне, есірткі, психотропты және улы заттарды қабылдауына жол бермейді.
389. Еріп жүрушілер мыналарды қамтамасыз етеді:
1) барлық оқушылардың қозғалыс, аялдау, тамақтану, түнеу кезінде жеке гигиена ережелерін сақтау;
2) су ішу режимін сақтау;
3) әрбір топта дәрігерге дейінгі көмек көрсетуге қажетті дәрігерлік және тану құралдарының жиынтығымен жабдықталған медициналық дәрі қобдишасы болуын;
4) балалардың хал-жағдайын әрдайым қадағалауын, қажет болған жағдайда ауырғандар мен жарақаттанғандарға дәрігерге дейінгі көмек көрсетуін;
5) сапардың ұзақтығы бір тәуліктен асқан кезде аялдамаларда мамандандырылған қоғамдық тамақтану мекемелерінде (асханаларда, дәмханаларда және т.б.) балалардың толыққанды үш мезгіл ыстық тағаммен тамақтануын;
6) түнеу орындарына келген кезде мамандандырылған мекемелерде (қонақ үйлерде, кемпингтерде және т.б.) балаларға берілген орындардың тексерілуін және олардың санитарлық-эпидемиологиялық нормаларға және қауіпсіздік талаптарына сәйкес келуін тексеру;
7) оқушылардың сегіз сағаттан кем емес күн сайынғы толыққанды түнгі демалуын (ұйықтауын).
390. Бүкіл маршрут бойы балалар автобусқа алғашқы отырғызу кезінде оларға бөлінген орындарды алады. Автобустың қозғалыс барысында және аялдамадан (тұрақтан) кейін еріп жүрушінің рұқсатынсыз орыннан орынға отырғызуға тыйым салынады.
391. Автобус салонындағы терезелер (желдеткіштер) жабық болады. Салонды желдету қажет болған жағдайда және тек еріп жүрушінің рұқсатымен ғана төбедегі желдету люктері ашылады.
392. Қалааралық және қала маңы балалар тасымалдауын (соның ішінде туристік-экскурсиялық) жүзеге асыратын автобустардың кестесінде (кестесінде) әрбір 1,5-2 сағат жүрген сайын ұзақтығы 10 минут және әрбір 4 сағат жүрген сайын ұзақтығы 30 минут тұрақтаулар көзделуі тиіс (соңғысын жүргізушінің түскі асымен сәйкес келтіруге рұқсат беріледі).
393. Тасымалданатын балалардың қалыпты жағдайы мен денсаулығын қамтамасыз етуге байланысты қажеттілік болған кезде автобустың жүргізушісі еріп жүрушінің нұсқауымен жол жүру барысында жоспарланбаған аялдамалар жасайды.
Аялдама және тұрақ орындарын таңдағанда жүргізуші Жол жүру ережесінің 12.1-12.7-тармақтарының талаптарын басшылыққа алуы тиіс. Автобустың аялдауы (тұрақтауы) кезінде балаларды отырғызу және түсіру орындары, мүмкіндігінше, қарқынды қозғалысы бар жол учаскелерінде орналаспауы тиіс. Аталған талапты орындау мүмкін болмаған жағдайда балаларды автобусқа отырғызу және одан түсіру кезінде авариялық сигнал беру іске қосылады.
Тәуліктің қараңғы мезгілінде, сондай-ақ жеткіліксіз көру жағдайында аялдама (тұрақтау) жасаған кезде Жол жүру ережесінің 19.3-тармағына сәйкес сыртқы жарық құралдарын пайдаланған жөн.
394. Еріп жүрушілер қауіпсіздік шараларын сақтау қажеттігі, топтың артында қалып қоюына жол берілмейтіндігі және егер бала қалып қойған жағдайда іс-қимыл тәртібі туралы балаларға ескерте отырып, әрбір аялдаманың алдында тұрақтау уақытын хабарлайды.
395. Тұрақтау (аялдау) кезінде балаларды автобустан шығару алдыңғы есіктер арқылы жүзеге асырылады. Автобустан бірінші болып еріп жүрушілер шығады. Тұрақтау (аялдау) кезінде еріп жүрушілер: біреуі - автобустың алдыңғы бөлігінде, екіншісі - автобустың артында тұруы және балалардың түсуін және содан кейін балалардың жолдың жүру бөлігіне жүгіріп шықпауын бақылау қажет.Балалар автобусқа оралғаннан кейін еріп жүрушілер балалардың өз орындарында орналасқандығына көз жеткізеді, содан кейін ғана жүргізушіге сапарды жалғастыру мүмкіндігі туралы хабарлайды.
396. Маршрут бойынша автобустың қозғалысы мына жағдайларда тоқтатылады:
1) автобуста Жол жүру ережесіне сәйкес қозғалыс немесе оларды пайдалану тыйым салынған техникалық ақаулар пайда болғанда;
2) жол-метеорологиялық жағдайлар өзгергенде және қолданыстағы нормативтік құжаттарға сәйкес автобустар қозғалысына тыйым салынған тасымалдаудың қауіпсіздігіне қауіп төндіретін өзге де жағдайларда (көк тайғақ, тұман, жолдардың бұзылуы, жүретін жолдың маңында авариялар болу және т.б.);
3) жол жүргенде бала жарақат алғанда, кенеттен ауырғанда, қан кеткенде, талғанда және т.б.;
4) жүргізушінің хал-жағдайы нашарлағанда.
397. Техникалық ақауға байланысты автобусты мәжбүрлі тоқтатқан кезде жүргізуші:
өзге көлік құралдарына кедергі жасамайтындай етіп автобусты тоқтатуға, авариялық сигнал беруді қосуға және елді мекенде автобустан 15 метрден және елді мекеннің сыртында - 30 метрден кем емес қашықтықта автобустың артында авариялық аялдау белгісін қоюға;
осы Ереженің барлық талаптарын сақтай отырып, қозғалысты одан әрі жалғастыруға мүмкіндігі туғанға дейін балаларды автобустаншығаруға, еріп жүрушілердің бақылауында оларды қауіпсіз жерге апаруға тиіс.
398. Бала құсқан кезде еріп жүруші жүргізушіге автобусты тоқтату жөнінде белгі беру, мүмкіндігінше себебін анықтап (тербелу немесе тамақтан улану), алғашқы дәрігерге дейінгі көмек көрсету қажет. Тамақтан уланғанда - асқазанды шаю, тербелгенде - жалбыз қосқан дәрі беру, салонның алдыңғы бөлігіндегі орындыққа отырғызу, құсықты жинау үшін полиэтилен пакетпен қамтамасыз ету қажет. Егер баланың хал-жағдайы жақсармаса, науқасқа дәрігерлік көмек көрсету үшін дәрігерлік мекеме бар ең жақын аялдама пунктіне жеткізу керек.
399. Жол жүргенде бала жарақат алғанда, кенеттен ауырғанда, қан кеткенде, талғанда және т.б. жағдайда автобустың жүргізісуші, топ жетекшісі және еріп жүрушілер балаға білікті дәрігерлік көмек көрсету үшін оны жақын орналасқан дәрігерлік пунктіге (мекемеге, ауруханаға) дереу жеткізу шараларын қабылдау қажет.
400. Жолда қозғалысты мәжбүрлі тоқтатудың барлық жағдайларында тасымалдаушыға қозғалысты мәжбүрлі тоқтату туралы ақпарат беріледі, ол тасымалдауды одан әрі жүзеге асыру бойынша оған байланысты барлық шаралар қабылдауға (автобусты ауыстыру немесе жөндеу, жүргізушіні ауыстыру), ал жол-метеорологиялық жағдайлар бойынша қозғалысты тоқтатқан жағдайда - жолаушылар үшін күтудің қолайлы және қауіпсіз жағдайларын қамтамасыз етуге тиіс.
401. Жол-көлік оқиғасы болған жағдайда жүргізуші және еріп жүрушілер көлік құралынан балаларды олардың жеке заттарын шығармай жедел эвакуациялау қажет.
402. Көлік құралында өрт пайда болған жағдайда еріп жүрушілер:
1) өрт жөнінде жүргізушіге белгі беруге;
2) көлік құралы тоқтағанға дейін балаларды өрт көзінен мүмкіндігінше алысырақ апаруға және оны салонда бар өрт сөндіргішпен және қол астындағы заттармен сөндіруге кірісуге;
3) тоқтағаннан кейін балаларды және барлық жолаушыларды көлік құралы жарылған кезде жарақаттарды болғызбайтын қауіпсіз қашықтыққа жеке заттарсыз жедел шығаруға тиіс.
403. Жол-көлік оқиғасы және өрт кезінде балаларды көлік құралынан эвакуациялағаннан кейін еріп жүрушілер және жүргізуші:
1) зардап шеккендерге алғашқы дәрігерлік көмек көрсетуге және оларды жақын орналасқан дәрігерлік мекемеге жеткізуге;
2) жол-көлік оқиғасы немесе өрт орнына жол полициясы және егер қажет болса «жедел көмек» қызметкерлерін, құтқарушыларды, өртке қарсы қызметтің мамандарын шақыру шараларын қабылдауға;
3) зардап шекпеген балаларды олардың қауіпсіздігіне қауіп төнбейтін орынға жинап, оларды тыныштандыруға, қажет болған жағдайда денсаулығы әлсіреген, жүрек-тамыр және асқынуы стреске әкеп соғуы мүмкін өзге де аурулары бар балалардың дәрігер белгіленген дәрілерді қабылдауын қамтамасыз етуге;
4) өртті сөндіруді аяқтағаннан кейін, сондай-ақ жол-көлік оқиғасы орнында қауіп болмаған кезде жол полициясы қызметкерлерінің келісімі бойынша топ жетекшілерінің және ересек еріп жүрушілердің күшімен мүмкіндігінше балаларды тартпай жеке заттарды жинап, оларды балаларға беруге;
5) балаларды онан әрі тасымалдау мүмкіндіктерін және маршрутын анықтауға;
6) қажет болғанда орынға келіп жеткен жол полициясының қызметкерлеріне балаларды тасымалдауды ұйымдастыруға көмек көрсету туралы өтініш жасауға;
7) телефон арқылы оқиға және балалардың хал-жағдайы туралы тапсырыс берушінің әкімшілігіне хабарлауға, оның көмегімен медициналық мекемелерге жіберілген балалардың заңды өкілдеріне олардың орналасқан жері және хал-жағдайы туралы, сондай-ақ зардап шекпеген балалардың заңды өкілдеріне олардың орналасқан жері және топтың онан әрі жүру маршруты туралы жедел хабарлауын қамтамасыз етуге тиіс.
9. Маршруттың соңғы пунктіне келу және балаларды түсіру
404. Маршруттың соңғы пунктіне келгенде автобустар тұрақтау үшін бөлінген орындарға қойылады, ол жерден түсіру орнына бір-бірден келеді.
405. Түсірген кезде еріп жүрушілер балалардың:
1) есікке қарай қозғалғанда төбелесуіне, итерісуіне;
2) баспалдақтардан секіруіне;
3) көлік құралын жолдың жүргінші бөлігінен айналып өтуіне, оған шығуына;
4) жүргінші бөліктің маңында қимыл ойындар ойнауына жол бермейді.
Автобустан шыққанда әрбір бала жеке заттарын (сөмкелерін, пакеттерін және т.б.) бір қолымен көтеріп, ал екінші қолымен баспалдақтардан түскенде тұтқадан ұстауы тиіс. Тепе-теңдікті жоғалтпау және өзге жолаушыларды жарақаттандырмау үшін иықпен көтеріп жүретін рюкзактар мен сөмкелерді оқушылар иықтан шешіп, қолдарына алулары тиіс.
406. Түсіргеннен кейін еріп жүрушілер:
1) жеткізу орнына келген балаларды санап шығуға;
2) ұйымдасқан түрде оларды түсіру орнынан және автобустардың тұрақтау алаңшаларынан еріп жүру;
3) түсіру орнынан жаяу жүрген кезде олардың Жол жүру ережесімен жаяу жүргіншілерге қойылатын талаптардың сақталуын қамтамасыз етеді.
407. Балалардың қалааралық және қала маңы тасымалдауын орындаған кезде автобустың жүргізушісі (немесе лектің аға жетекшісі) маршруттың соңғы пунктіне келген бойдан ол туралы тасымалдаушыға хабарлауға тиіс.
Маршруттың соңғы пунктіне келу үшін жүру кестесі белгілеген уақыттан кейін бір сағат ішінде мұндай хабарлама болмаған жағдайда тасымалдаушы автобустың (автобустардың) орналасқан жерін анықтау бойынша шаралар қабылдайды.
408. Жол қозғалысын ұйымдастыру бойынша, автомобиль жолдарының, көшелердің, темір жол өткелдерінің, паромдық өткелдердің, олардың жайластыру жөнінде жол қозғалысының қауіпсіздігіне қауіп төндіретін қандайда бір ескертулер (кемшіліктер) болған кезде жүргізуші тасымалдаушының диспетчеріне хабарлайды.
10. Балаларды маршруттық көлікпен тасымалдау
409. Маршруттық автокөлікпен ұйымдастырылған балалар топтарының сапары кезінде жоғарыда атап көрсетілген қауіпсіздік шараларымен қатар еріп жүрушілер бірқатар қосымша талаптардың сақталуын қамтамасыз етеді:
1) адамдарды тасымалдауға арналған тек арнайы маршруттық автобустарды, троллейбустарды, шағын автобустарды (маршруттық таксилерді) пайдаланады, адамдарды тасымалдауға рұқсат қағаздарды жоқ маршруттыққа кірмейтін жолай немесе жүргізушілері мұндай тасымалдауға рұқсат алмаған көлік құралдарын пайдаланбау;
2) сапардың алдында балаларға оның маршрутын хабарлау, топ жүретін көлік құралдары маршруттарының нөмірлерін, егер жүру кезінде қайта отырғызу жоспарланған болса аялдамалардың (автобус станцияларының) және соңғы пунктінің атауларын көрсету;
3) балалармен ұялы телефондарының нөмірлерімен алмасу және негізгі топтан қалып қойған оқушылардың іс-қимыл тәртібін белгілеу;
4) Жол жүру ережесімен белгіленген жаяу жүргіншілер мен жолаушылардың міндеттері, аялдамаларда (автобус станцияларында) автокөлік құралдарын күту, отырғызу, өту және түсіру кезінде қауіпсіздік шаралары туралы ескерту;
5) маршруттық автокөлікке отырғызу алдында балалар одан түсетін жолаушыларға кедергі жасамауын қамтамасыз ету;
6) маршруттық көлік құралына отырғызу кезінде балалардың салонда қауіпсіз орналасуын, олардың қауіпсіздік шаралары мен тәртіп ережелерін сақтауын қамтамасыз ету;
7) қалааралық маршруттық автобусқа багажы бар балаларды отырғызу алдында салонды бөгеуі мүмкін ортақ және жеке ірі көлемді, басқа да заттарды багаж бөлімшесіне өткізуді ұйымдастырады;
8) балалар салоннан шыға алатын, сондай-ақ топты түсіру қажет аялдамаларға (автобус станцияларына) жақындағаны жөнінде балаларға алдын ала ескерту;
9) балалар салоннан шыққан аялдамалардан кейін, сондай-ақ қайта отырғызу үшін автокөлік құралынан шыққаннан кейін балалардың ешқайсысы қалып қоймағанына көз жеткізе отырып, топтың құрамын тексеру.
Осы Қағиданың сақталуын бақылау
410. Осы Қағиданың сақталуын мемлекеттік бақылау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Автомобиль көлігімен
жолаушылар мен багажды
тасымалдау
Достарыңызбен бөлісу: |