Зерттеудің дерек көздері. Зерттеу жұмысына мұғалжар жылқы зауытында жұмыс жасаған ардагер жеке мұрағатындағы деректер алынды.
Негізгі бөлім.
1.Жылқының шығу тарихы
Еуразия континентін дүр сілкіндіріп, адамзат тарихының өзгеше өрбуіне ерекше әсер еткен көшпенділер даңқы ежелгі дәуірлер қойнауынан жаңғырып жеткендей. Әсіресе сахараны шаңдата жүйткіген тұлпарларының тұяқ дүбірі құлағыңнан кетпейді. Иә, сәйгүліктер сол даңқты бабаларымыздың айырылмас серігі болатын. Жылқы малы мінсе көлігі, жесе тамағы, ішсе сусыны, кисе киімі ретінде халық тіршілігі мен ел экономикасының да негізі еді. Көшпенділерді жылқысыз елестету садақты жебесіз атқанмен бірдей екені түсінікті. Жылқы тек төрт түліктің бірі ретінде ғана емес, көшпенділер тіршілігінің тірегіне айналған соң, оның салт-дәстүрі мен өмірлік философиясынан көрініс таппауы мүмкін емес. Бүгінде ғылым мен техниканың дәуірі жүріп, жылқының маңызы бұрынғыдай болмаса да, жылқы десе ішкен асымызды жерге қойып, елегізе елітіп отырытынымыз соның айғағы болса керек.
Ғалымдардың сөзіне сенсек, жылқының пайда болу тарихы осыдан 65 миллион жыл бұрын басталған екен. Ол кезде қазіргі кездегідей биік те сымбатты болмаса керек. Яғни арқасы бүкір, құйрығы ұзын, көлемі қанден ит сияқты бір түрлі жануар болған деседі. Ол жануарды ғылымда эохипус немесе хирокетрия деп те атайды. Бұл хайуанның алдыңғы қолында төрт саусағы, артқы тұяқтарында үш саусағы болып, бұталар мен жас ағаштардың жапырақтарымен қоректеніпті.
Ал 25 миллион жыл бұрын климаттың өзгеріп, ағашты ормандар мен бұталы алқаптар, ұзын шөпті шалғындар құрғақшылыққа ұшырап, жер бетінің кебе бастағаны мәлім. Осы құбылыстан кейін тау-тасты далалардың пайда болуына орай эволюция заңдылығына сәйкес жылқының арғы тегі де өзгеріпті-мыс. Осылайша тұрқы пониге, бас сүйегі мен тісі қазіргі жылқыға ұқсас басқа тіршілік иесіне айналыпты. Бұрынғы жұмсақ айыр тұяқтары қатты тұяққа өзгеріп, енді секіріп, жылдам жүруіне жағдай туыпты. Арада 13 миллион жыл өткеннен соң (12 миллион жыл бұрын) дене тұрқы киіктей, үш айыр тұяқты, жылдам шауып жүретін гиппарион деген жаңа жануарға айналса керек. Уақыт өткен сайын жылқы тұрпаты да сатылап өзгеріп бүгінгі түріне еніпті. Рас-өтірігін кім білсін, қазіргі ғылым осылай деп болжам айтады. Десе де жылқының жаңа тарихы оны адамдардың қолға үйретілуінен кейін басталды.
Осы уақытқа дейін тарихшылар жылқы алғаш рет Еуропа жерінде қолға үйретілген деп санап келген. Тек Ботай мәдениеті ашылғаннан кейін жылқының алғаш рет Солтүстік Қазақстанның аумағында қолға үйретілгені ғылыми түрде дәлелденді. Ботайлықтар тек жылқыны қолға үйретіп қана қоймай, тұғыш болып қымыз ашытуды да ойлап тапқан. Олардың қымыз ашыта білгендігінің дәлелелі табылған қыш ыдыстың қабырғасындағы май қышқылдарының дағымен байланысты. Ал ыдыс қабырғасындағы дақтар бие сүтінің ізі екені анықталған. Американ археологы Дэвид Энтони 2007 жылы жарық көрген «Жылқы, дөңгелек және тілдер» атты кітабында бұл аймақтағы жылқының қолға үйретілу мезгілі шамамен біздің дәуірімізге дейінгі 2500 жыл деп жазады. Яғни жылқының қолға үйретілгеніне шамамен кем дегенде 4500 жыл болды деген сөз. Ботай мәдениетін зерттеушілер тұрақтың 6 мың жыл бұрын құрылғанын айтады. Мыңжылдықтармен есептесек, екі болжам бір-біріне өте жақын. Жылқының қолға үйретілуі адамзаттың өндірістік қуатын арттырып қана қоймай, сонымен қоса әлем тарихындағы мәдени революция болғаны анық. Бұл туралы әлемге танымал ғалым Сандра Олсен: «Менің ойымша, жылқының қолға үйретілуі адамзат тарихындағы ең шешуші оқиға болған. Александр Македонский мен Шыңғысханды қоса алғанда, барлық ұлы империялардың негізін қалаушылар жылқысыз ештеңе істей алмас еді» деп, адам баласы үшін жылқының маңызы қандай болғанын айшықтай түседі. Жылқытанушы қазақ ғалымдары болса жылқы түлігі ақпарат алмасуды тездетіп, өркениеттің пайда болуына әрі ғаламдық тарихтың бір-бірімен байланыс орнатуына айрықша ықпал еткен деп тұжырады. Қазақ даласындағы жылқының тарихы арий кезеңінде жаңа бір сатыға көтерілді.
Арийлер жылқыны ерекше қастерлеп, шексіз құрмет көрсеткен. Ғалымдар арийлерде жылқының үш түрлі тұқымы болған деп санайды. Олар: тауда жүруге ыңғайлы аласа жылқы, ұзақ жүруге ыңғайлы шыдамды қазанат және қазіргі Түркіменстанның ақалтеке жылқысының арғы тегі саналатын ұшқыр тұлпар. Әсіресе, арийлер арасында ұшқыр тұлпарлар жоғары бағаланған. Әлемде алғаш болып екі доңғалақты арбаны ойлап тапқан арийлер оған ұшқыр тұлпарларын қос-қостан жегіп алып, сары далада сағымша жүйткіген. Оның ескерткіштерін қазақ даласындағы жартасқа салынған суреттерден көруге болады.
Келесі сақтар кезеңінде де жылқының рөлі арта түспесе кеміген жоқ. Дала төсінде үйір-үйір жылқы өргізіп, соның арқасында атағынан ат үркіп, қаһарынан дұшпанының тізесі дірілдейтін атты кавалерия құра білді. Бала-шағасынан бастап, тіптен әйелдерге дейін ат құлағында ойнауды игерді. Сонымен бірге, Геродот жазбаларында сақтардың аттарына да мыстан кеудені жауып тұратын сауыт кигізіп, жүгендері мен шылбырларына дейін алтынмен әшекейлегені айтылады. Яғни, жылқыны адамнан кем көрмей, өздерін қаншалық сәндесе, аттарын да соншалық дәрежеде әсемдеп отырғанын байқаймыз. «Алтын адам» соның бір ғана мысалы. Тіптен, сақтардың патшалары мен қолбасшылары өздерінің бас киімдерімен бірге мінген аттарының төбесіне де лауазымдық белгі таққаны туралы деректер бар. Мұндай мүйізге ұқсайтын белгілерді жыға деп атаған. Өзіңіз кинодан жиі көретін мүйізді жылқылардың қайдан шыққанын енді түсінген боларсыз. Мүйізді тұлпарлар өзіміздің Елтаңбамызда да бейнеленген.
Ал ғұн кезеңінде осы жылқының арқасында бір шеті Қытайдың Сарыөзенінен сонау Балқан тауларына дейінгі ұланғайыр аумақты иемденіп, ұлы империя құруларына мүмкіндіктері болды. «Мәңгілік империя» саналған Римнің өзі ғұндардың алдында қауқарлы болмай шықты. Еділ бастаған ғұн жауынгерлерінен тас-талқаны шығып жеңіліп, ақыр соңында тарих саханасынан келмеске кетті. Ең қызығы, тарихшылардың айтуынша, римдіктердің жеңілуіне ғұндардың технологиясының мықтылығы әсер еткен. Мұндағы мықты технология ғұндардың атты жауынгерлерінің ержүректілігі мен әскери қару жарағында емес, ат әбізелдерінде екен. Нақтырақ айтқанда, олардың ерлерінде үзеңгісі болған. Үзеңгісі жоқ Рим атты әскерлері жай соққының өзінен атынан ауынап түсіп, сайыс үстінде дәрменсіздік көрсеткен. Ал ғұндар болса үзеңгінің арқасында атта орнықты отыруымен қатар, найзамен түйреп, шоқпар үйіргенде де ептілік танытқан. Осылайша осы бір елеусіздеу үзеңгінің өзі адамзат тарихының өзгеше өрбуіне мұрындық болыпты. Ата-бабаларымыз тек жылқыны қолға үйретіп қана қоймай, ат әбзелдерін уақыт өткен сайын түрлендіріп, дамытып отырған. Қазіргі сәнге айналған ұзын қоныш, жұмсақ табанды етіктер мен шалбарларды да осы атқа мінуге қолайлы болу үшін бабаларымыздың ойлап тапқаны әмбеге аян. Бұл ұлы бабаларымыздың жылқының арқасында жеткен жетістіктерінің бір парасы ғана. Тарихи мәліметтер бойынша, алғаш атқа мінген бабаларымызды көрген гректер «Адам басты жылқылардан» қатты қорқып, неше түрлі аңыз-миф шығарыпты. «Кентавр» сөзі содан пайда болған. Қазіргі күні батыстың фильмдерінде кентаврлар жайында сюжеттер көп кездеседі. Батыр бабаларымыздың даңқты тарихы адамзат көкірегінде әлі де сайрап жатыр...
Достарыңызбен бөлісу: |