Мотивациялық ерекшелікті диагностикалау (кәсіптік қызығушылықтары, бейімділіктері мен құндылық бағдарлары)
Көптеген ұлы адамдар – ғалымдар, жазушылар, композиторлар, суретшілер – бала кезінен бастап ғылымға, көркем әдебиет, музыка, бейнелеу өнері сабақтарына қызығушылық пен бейімділік танытты. Оқушылардың қызығушылығын қалыптастыруға қоршаған орта, білім мен тәрбие әсер етеді. Психологтар өмірлік сценарий деп атайтын әр адамның өзінің «бағдарламасы» бар. Сценарий ерте балалық шақта негізінен ата-аналардың ықпалымен қалыптасады.
Қызығушылық-бұл танымдық қажеттілік көрінісінің ерекше түрі. Қызығушылық қабілеттерін ашуға, мақсатқа жету жолындағы кедергілерді жеңуге көмектеседі. Қызығушылық мазмұны бойынша әртүрлі болады (мысалы, әдебиетке, музыкаға, техникаға,
жануарларға, түстерге, компьютерлік ойындарға, киімдерді үлгілеуге қызығушылық танытады). Тұрақты қызығушылық адам өмірін жарқын және қанық етеді. Барлық маңызды кәсіптік жетістіктер қолайлы жағдайда бейімділікке айналған қызығушылықтардан туындайы.
Қызығушылық мәселесін теориялық және практикалық тұрғыдан алғаш зерделеп, негізін қалаған чех педагогі Ян Амос Коменский (1592–1670). Ұлы педагог оқулықтарды оқудағы қызығушылық принципіне сәйкес әзірлеген, «махаббат пен таңдану еліктеу мен ұмтылысты оятудың қуатты құралы». Коменскийдің пікірі бойынша, әр баланың табиғатында адамгершілік және ақыл-ой мүмкіндіктеріне деген терең сенім, гуманизм идеясы бар, бұл идея ғалымға оқушы тұлғасына үнемі қысым көрсету мен қатаң бақылауда ұстау, қорқыту секілді ескі әдістерден бас тартып, оқытудың жеңілділігі, жағымдылығы мен негізділігі туралы ережелерді басты орынға шығаруына мүмкіндік берді.
К.Д.Ушинский табысты оқытудағы қызығушылықтың рөлі мен оның маңыздылығын мойындап, былай деген: «Тәрбиеші оқушылардың қызығушылығын ескермей тек қана мәжбүрлеу арқылы оқытатын болса ..., онда мұндай оқыту ұзаққа бармайды және оқушының оқуға деген ынтасын мүлдем жояды». Орыс педагогі оқушылардың зейінін тәрбиелеумен, сыныптық әңгімелесу өнерімен, мектепте балаларға әсер ету процесінің ғылыми негізін зерделеумен байланысты оқушылардың білімге деген қызығушылығы мен құмарлығын дамытуды ынталандырудың бірегей жүйесін әзірледі.
Заманауи педагогтер жан-жақты дамыған тұлғаны қалыптастыру факторы ретінде баланың қызығушылығын тәрбиелеуге үлкен көңіл бөлді. В.А.Сухомлинский пікірінше: «Ең бастысы балалар жалығып кетіп, мұғалімнің «Үйге қайтамыз» деген сәтін асыға күтпейтіндей болуы керек. Мен біздің мектептің жұмысын оқушылардың пәнге деген қызығушылығы басымдылыққа ие болып, олардың әрі қарай өзбеттерінше әрекет етуіне деген ниеттері мен ұмтылыстары оянған кезде тоқтатуға тырыстым. Себебі бүлдіршіндер ертеңгі сабақты асыға күтіп, жаңа қуанышты сезінсін». Оның айтуынша, егер қалыпты бала бірде-бір пәнде жетістіктерге қол жеткізбесе, егер оның сүйікті пәні немесе сабағы болмаса, онда мектеп өз міндеттерін орындамады деген сөз. Сухомлинский әр оқушының сүйікті пәні болуы тиіс екенін атап өтті. Мұғалім баланың білімге деген қызығушылығын оятып, таланттарын ашады.
Қызығушылықтың негізгі сипаттары:
іс-әрекетке қатысты жағымды эмоциялар;
осы эмоцияның танымдық жағы, яғни таным қуанышы;
іс-әрекеттің өзінен туындайтын түрткінің болуы, яғни іс-әрекетпен айналысуға деген ынта мен ықыластың болуы.
Достарыңызбен бөлісу: |