Мақсаты: тыңдаушылардың кәсіптік бағдар жұмысын тиімді ұйымдастыру мазмұнын, формасын, тәсілдерін іске асыру бойынша кәсіптік білімі мен дағдысын жетілдіру.
Міндеттері:
жаңа мамандықтар атласына сәйкес кәсіптік бағдар жұмысы туралы түсініктерін кеңейту және тереңдету;
болашақта сұранысқа ие болатын мамандықтарға сай ХХІ ғасыр дағдыларын дамыту;
тұлға қабілеттілігі мен кәсіптік бағыттылығын анықтау әдіс-тәсілдерін қолдану дағдыларын қалыптастыру;
білім алушының мамандық таңдаудағы тұлғаның жеке даму моделін құру мен оны жүзеге асыруда ата-аналармен бірлескен жұмыстарды жоспарлау дағдыларын дамыту.
Нәтижелері:
тыңдаушылардың жаңа мамандықтар атласына сәйкес кәсіптік бағдар жұмысы туралы түсініктері кеңейеді;
болашақта сұранысқа ие болатын мамандықтарға сай ХХІ ғасыр дағдылары туралы түсінік алады;
тұлға қабілеттілігі мен кәсіптік бағыттылығын анықтау әдіс-тәсілдерін қолдану дағдылары қалыптасады;
білім алушының мамандық таңдаудағы тұлғаның жеке даму моделін құру мен оны жүзеге асыруда ата-аналармен бірлескен жұмыстарды жоспарлауды үйренеді.
ІІ. Негізгі бөлім
2.1 КӘСІПТІК БАҒДАРДЫҢ МӘНІ ЖӘНЕ МАЗМҰНЫ
Әрбір он жыл сайын әлемде тың жаңа мамандықтар пайда болады. 21-ғасырда жаңа мамандықтардың пайда болуы жаппай жұмыссыздықпен, бос орындардың тапшылығымен, жаңа технологиялардың қарқынды дамуымен және де жаһандық компьютерлендірумен тікелей байланысты. Осы орайда қазақстандық қоғамның қазургі даму жағдайында мектеп оқушыларының кәсіптік бағдары өзекті мәселелердің біріне айналды.
Қазақстан Республикасының Білім туралы Заңында: «29) кәсіптік бағдар - білім алушының кәсіптік қызығушылықтарына, жеке қабілеттері мен психикалық-физиологиялық ерекшеліктеріне сәйкес білім беру және кәсіптік мүмкіндіктер саласында, мамандық пен оқитын орнын еркін және саналы таңдау құқықтарын іске асыруына ақпараттар мен консультациялық көмек беру» («Білім туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі № 319 Заңы. 19.04.2019 өзгертілген.), -делінген екен.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 24 шілдедегі № 460 қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016 – 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында»: «Жалпы білім беретін мектептерде оқушылар ерте кәсіптік бағдарлау мақсатында кәсіптік бағдарлау кабинеттері ашылатын болады. Оқушылардың кәсіптік өзін -өзі анықтау процесіне жұмыс берушілер мен ата-аналар белсенді қатысады. Орта білімнің маңызды бөлігі 7 және 10-сыныптардың әр оқушысын жыл сайын кәсіптік диагностикалау және еңбек нарығында қажетті мамандықтарға бағдарлау болуы қажет» (ҚР Үкіметінің Қаулысы //Электронды ресурс https://egov.kz/cms/ru/law/list/P1800000460),- деп мектеп оқушыларына кәсіптік бағдар берудің өзектілігі нақты айқындалған.
Жалпы орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартының (ҚР Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы № 604 бұйрығына 4-қосымша) 2-тарауының 7-ші және 9-шы тармақтарында мектеп оқушыларының кәсіптік бағдарын қалыптастыруға басты назар аударылған. Нақты атап айтқанда:
Жалпы орта білім берудің мақсаты: кең ауқымды дағдыларды дамыту негізінде білім алушылардың жоғары оқу орындарында білімін жалғастыруы және кәсіптік өзін-өзі анықтауы үшін академиялық дайындығын қамтамасыз етуге қолайлы білім беру кеңістігін жасау болып табылады, яғни:
білімді функционалдықпен және шығармашылықпен қолдану;
сын тұрғысынан ойлау;
зерттеу жұмыстарын жүргізу;
ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану;
коммуникацияның түрлі тәсілдерін қолдану;
топта және жеке жұмыс жасау білігі;
мәселелерді шешуі және шешім қабылдау.
9. Жалпы орта білім берудің негізгі міндеттері:
бітірушілерге олардың мүдделері мен қабілеттеріне сәйкес кәсіптік өзін-өзі анықтауына көмектесу;
бітірушілерге өмір бойы білім алуын жалғастыруға оң көзқарасының, өмірде мансаптық өсуі мен танымдық процесін реттеуге даярлығының қалыптасуына көмектесу болып табылады (МЖМС).
Жоғары нормативтік-құқықтық құжаттарға жасалған шолудан кәсіптік білім беру сапасын жетілдіру және қоғамдық сұраныстарға жауап беретін маман даярлау проблемасы үлкен мәнге ие екендігін көруге болады.
«Кәсіптік бағдар» алғаш рет жеке ұғым ретінде 20-ғасырдың басында Америка Құрама Штаттарында пайда болды. Кәсіптік бағдар мәселесінің негізін қалаушы 1908 жылы Бостонда «Мамандық таңдау бюросын» құрған және мамандық таңдауға ғылыми тәсілді қолданған американдық зерттеуші Френк Парсонс. Парсонстің «Мамандық таңдау» атты еңбегі оның дүниеден өткеннен кейін 1909 жылы жарыққа шығып, американдық профориентаторлардың басты құралына айналды. «Талант-бағдарланған тәсілдеме» («talent-matching approach») термині мен «ерекшелік-фактор» тұжырымдамасы осы авторға тиесілі.
Достарыңызбен бөлісу: |