2-бөлім. Аумақтық кеңістікте даму бағыттары
1. Қазақстан Республикасын 2020 жылға дейін аумақтық кеңістікте дамытудың мақсаты мен міндеттері
Болжамды схеманың мақсаты – әрбір өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін тиімді пайдалану негізінде өңірлердің орнықты дамуы үшін жағдайлар жасау.
Қазақстан Республикасының алдағы онжылдыққа арналған мемлекеттік өңірлік саясаты адамдар мен капиталдың перспективалы аудандар мен басым өсу аймақтарында аумақтық шоғырлануына, урбандалуы жоғары аймақтарды, кәсіпкерлік белсенділікті қарқынды дамытуға, халықтың өнімді жұмыспен қамтылуын және өмір сүруге қолайлы ортаны қамтамасыз етуге бағытталған елді аумақтық кеңістікте ұйымдастырудың ұтымды жүйесін қалыптастыруға бағытталатын болады.
Аумақтық кеңістікте дамудың негізгі міндеттері:
1) экономикалық өсу орталықтарын қалыптастыру.
Қала агломерациялары, екінші және үшінші деңгейдегі қалалар және тірек ауылдық елді мекендер халық үшін де, шаруашылық жүргізуші субъектілер үшін де табиғи тартылыс орталықтары, өсу нүктелері ретінде болады. Қала агломерациялары, тірек қалалар мен тірек ауылдық елді мекендер айналасында халықтың, капиталдың, ресурстың және озық технологиялардың шоғырлануын, экономикалық маманданудың перспективалы бағыттарын және аумақтардың экономикалық өсу резервтерін ескеру қажет;
2) халықты қоныстандырудың оңтайлы жүйесін қалыптастыру.
Аталған міндеттің шеңберінде қалыптасқан қоныстандыру жүйесін жетілдіруге елеулі әсер ететін өңірлік ерекшеліктерді, болып жатқан экономикалық, демографиялық және көші-қон процестеріндегі айырмашылықтарды ескеру қажет.
Қоныстандырудың оңтайлы жүйесінің шарттары ретінде шалғай өңірлер мен халықтың тығыздығы төмен өңірлерде (Солтүстік, Батыс, Орталық-Шығыс макроөңірлері) көлік қызметтерінің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ететін көлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуды назарға алу керек.
Сондай-ақ ірі қалаларда инновациялық экономиканың негіздерін қалыптастыру және жалған урбандалу проблемаларын болдырмау мақсатында урбандалу және агломерациялау процестерін дамытуды ынталандыру және реттеу қажет;
3) өңірлерді экономикалық мамандандырудың бәсекеге қабілеттілігін дамыту.
Осы міндеттің шеңберінде республикалық және өңірлік еңбек бөлінісінде өңірлерде бәсекеге қабілетті экономикалық мамандандыруды қалыптастыру қажет.
Экономикалық маманданудың басым салаларында инновациялық индустрияландыруды жүргізу керек, сондай-ақ өңірлер экономикасын әртараптандыру шеңберінде жаңа жоғары технологиялы салалар мен кластерлерді дамыту талап етіледі.
Мемлекет елдің барлық өңірлерінде шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуды қолдау тетіктерін үнемі жетілдіруі қажет.
Өңірлердің шекаралас аумақтарын дамыту және оның ішінде Еуразиялық экономикалық одақтың жұмыс істеуін ескере отырып, олардың сауда-экономикалық, көші-қон, өндірістік, ғылыми және мәдени байланыстарын күшейту үшін жағдайлар жасау қажет;
4) өңірлік инфрақұрылымды нығайту.
Өндірістік күштерді орналастыра және халықты қоныстандыра отырып инженерлік инфрақұрылым объектілерін (көлік, энергетика, сумен қамтамасыз ету инфрақұрылымы) перспективалы орналастыру схемасын өзара байланыстыру керек.
Инфрақұрылымды дамытуды, ең алдымен, елдің Еуразия континентінде тораптық және транзиттік орналасу басымдықтарын іске асыру және елдің ішкі байланыстылығын күшейтуге бағытталған аумақтық кеңістікте дамуының белдеулік жүйесін қалыптастыру тұрғысынан қарастыру қажет.
Инфрақұрылым объектілерін орналастыруды ұзақ мерзімді жоспарлау мақсатында рекреациялық және индустриялық аймақтарды, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды ұйымдастырып, ауыл шаруашылығы, орман шаруашылығы, тұрғын аймақтарды бөліп көрсете отырып, аумақтық дамудың функционалды аймақтарының перспективалы құрамын қалыптастыру қажет;
5) халықтың өмір сүру деңгейін арттыру бойынша жағдай жасау.
Түптеп келгенде, Болжамды схеманың ережелерін іске асыру және тиісті өңірлік саясатты жүргізу халықтың өмір сүру деңгейін жақсарту, әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуін арттыру және өмір сүру ұзақтығын арттыру үшін жағдайлар жасауға тиіс.
Жұмыссыздық деңгейін төмендету, өзін-өзі өнімсіз жұмыспен қамтуды төмендету, сондай-ақ ел халқының табысын өсіру бойынша іс-шаралар жүргізу қажет;
6) экологиялық жағдайды сақтау және жақсарту.
Экономикалық саясат жүргізу кезінде ел өңірлерінің экологиялық жағдайын ескеру қажет. Елде іске асырылып жатқан іс-шаралар табиғатты ұтымды пайдалануды қамтамасыз ету және қоршаған ортаға экологиялық ауыртпалықты азайту арқылы аумақтардың экологиялық жағдайын және халықтың экологиялық қауіпсіздігін жақсартуға бағытталуға тиіс.
Осыған байланысты елдің экологиясына зиян келуіне жол бермеу мақсатында қазіргі заманғы экологиялық тұрғыдан барынша таза және қалдықсыз технологиялар мен әдістерді өндірісте қолдану арқылы қоршаған ортаға шығарындыларды азайту жөнінде шаралар кешенін қабылдау қажет, сондай-ақ қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу, су көздерін тазалау және ел аумағында ормандарды көбейту жөніндегі жұмыстарды жандандыру қажет.
2. Елді тиімді аумақтық кеңістікте дамытудың негізгі тәсілдері
1-тәсіл. Аумақтық шоғырлану мен басқарылатын урбандалу негізінде баланстық даму.
Ауқымды, сирек қоныстандырылған және инфрақұрылымдық дамыған аумағы бар Қазақстан үшін өндіріс пен халықтың шоғырлануы аса маңызды болып отыр.
Әлемдік практика көрсетіп отырғандай халық тығыздығы шамамен
40-50 адам/ш. км болған кезде жаңғырту әсері жоғары болады.
Аталған тәсіл шеңберінде өндірістік және еңбек ресурстарының өсу нүктелерінде аумақтық шоғырлануды ынталандыру арқылы елдің баланстық дамуын қамтамасыз ету қажет.
Жаһандық және өңірлік нарықтармен интеграцияланған және елдің қалған өңірлері үшін даму «көшбасшылары» ретінде болатын анағұрлым серпінді дамушы қалалар мен өңірлер өсу полюстеріне айналады.
Қазақстанның аумақтық дамуы жергілікті даму аумақтарында шоғырлануға тиіс және олар арқылы ел мен оның өңірлерін жалпы әлемдік шаруашылық процестерге қосуға тиіс. Елдің алдында аумақты баланстық дамытуға көшу және өңірлерде шоғырланған экономикалық кеңістік ареалдары мен нүктелерін қалыптастыру, оларда біртіндеп қолайлы халықтың экономикалық тығыздығына қол жеткізу міндеті тұр.
Ұзақ мерзімді жоспарда заманауи инновациялық-индустриялық технологияларға негізделген экономиканы әртараптандыру баланстық даму саясатының мақсаты болып табылады.
Аумақтық шоғырлану экономикалық мамандану схемасына сәйкес жүргізілуге тиіс.
Еңбек ресурстарын елдің экономикалық тұрғыдан перспективалы өңірлеріне жұмылдыру.
Халықты аумақтық қайта бөлу ағындары жұмыспен қамтуды, жалақыны, әлеуметтік ұтқырлықты арттыру мүмкіндіктері бар өңірлерге бағытталуға тиіс. Оңтүстік макроөңірден көші-қон ағындарының дамуын ескере отырып, республиканың оңтүстік өңірлерінен солтүстік және шығыс өңірлеріне халықтың көші-қонын ынталандыруды көздеу қажет. Еңбек ресурстарын жұмылдырудың маңызды аспектісі капиталды өңдеуші өнеркәсіптің, агроөнеркәсіптік кешеннің және геологиялық барлаудың кәсіпорындарына инвестициялайтын трансұлттық компаниялар үшін жұмыс күшінің еркін ауысуы болып табылады. Бұдан басқа, өңірлерде халықтың көшіп кетуіне неғұрлым бейім өз бетінше жұмыспен қамтылған халықтың көптігін назарға алған жөн.
Осылайша, еңбек ресурстарын аумақтық қайта бөлу бағдарламалық құжаттарды іске асыру шеңберінде жаңадан құрылған жұмыс орындарын ескеретін болады. Қазіргі кезде индустриялық секторды дамыту шеңберінде 220-дан астам инвестициялық жобаны іске асыру күтілуде және шамамен
50 мың жұмыс орнын ашу жоспарлануда.
Басқарылатын урбандалу
Қалалардың жылдам өсуі және қала халқының ұлғаюы мүмкіндіктерді де, сол сияқты сын-қатерлерді де тудырады. Бір жағынан, қалалар, әсіресе, ірі қалалар экономикалық өсу және даму, бизнес пен адамдар үшін мүмкіндіктердің шоғырлану орталықтарына айналады. Екінші жағынан, қалалардың инфрақұрылымы кәсіпорындар мен қала халқының жылдам өсіп жатқан қажеттіліктеріне ілесе алмайды, бұл қалаларда өмір сүру жағдайларының нашарлауына және экологияның нашарлауы, коммуналдық қызметтердің жетіспеуі мен төмен сапасы, аурулар мен адам денсаулығы үшін қауіптердің өсуі сияқты, сондай-ақ көптеген өзге де проблемаларға алып келеді.
Жоғарыда аталған қалалардың жоғары урбандалу қарқындары стратегияларды әзірлеу және қалалық дамуды басқару әдістеріне елеулі өзгерістер енгізуді, сондай-ақ қалалық инфрақұрылым мен көрсетілетін қызметтер саласының дамуына мемлекеттік және жеке инвестицияларды айтарлықтай ұлғайтуды талап етеді.
Қалаларда инфрақұрылымға, жаңартылатын энергия көздеріне, құрылысқа және электр энергиясы мен сумен жабдықтауды пайдаланудың тиімділігін арттыруға инвестициялар салу аса маңызды болып отыр. Қазақстан қалалары қалдықтарды жинау мен қайта өңдеу жүйелерін жақсарту инвестициялар салуды қажет етеді.
Қалалардың теңгерімді дамуы және жалған урбандалу феноменін болдырмау мақсатында мынадай қағидаттарда қалаларды дамыту және хабтарды қалыптастыру ұсынылады:
-
урбандалуға байланысты проблемалар туындағаннан кейін ден қоюдың орнына қала халқының өсуін алдын ала жоспарлау және азаматтарға ресурстар ұсыну;
-
табиғи урбандалуды ынталандыру және нормативтік немесе құқықтық кедергілері жою;
-
ауылдық жерлерден қалаларға көшіп келетін азаматтарды қолдауды қамтамасыз ететін бағдарламалар мен институттар құру;
-
экономикалық аудандардың синергиясын құра отырып, ірі қалалардың дамуына кішігірім қалалар мен ауыл аудандарын қосу;
-
халыққа қалалардың экономикалық өсуіне және әлеуметтік жобаларға қатысуға мүмкіндік беретін қолжетімді, жоғары сапалы инфрақұрылым құру.
Бұл ретте Қазақстанда урбандалудың негізгі басым бағыттары:
1) қалалық жоспарлауды жетілдіру;
2) қала экономикасын жаңғырту;
3) инфрақұрылымды жеделдетіп қалыптастыру;
4) қалалық ортаны және қалалықтардың мәдениетін дамыту;
5) ауыл халқын интеграциялау болады.
Урбандалуды дамыту және Қазақстанда жаңа қағидаттарда агломерацияларды қалыптастыру «жасыл экономикаға» көшу бойынша тұрақты даму, ғылыми-зерттеу әзірлемелері, инновациялар мен кәсіпкерлікті дамыту орталықтарына айналатын әлемдік деңгейдегі агломерацияларды қалыптастыруға мүмкіндік береді. Олар жоғары сапалы білім беру, ақпараттық және көлік қызметтерін ұсыну, бәсекелестікті арттыру, шетелдік инвесторлар үшін тартымды жағдайлар жасау есебінен адами капиталды дамытуды және өнімді пайдалануды қамтамасыз етеді.
Қалаларда халықтың айтарлықтай өсуі Қазақстанның тез өсетін қалаларында әлеуметтік-экономикалық және демографиялық процестер серпінін басқаруға ерекше назар аудару қажеттігін айқындайды. Агломерациялау процестеріне назар аудармау жалған урбандалу феноменіне және қалаларда жалпы әлеуметтік үйлесімсіздіктің артуына әкеледі. Қалалық инфрақұрылымның барабар дамуына негізделмеген, қосымша еңбек салаларының болмауы орын алған агломерациялық орталықтарда халықтың шамадан тыс шоғырлануы (әсіресе, Алматы және Шымкент сияқты қалаларда) Қазақстанда агломерациялау процестерінің жағымсыз сценарий бойынша дамуына әкелуі мүмкін.
Сондықтан орнықты кеңістікте даму қағидаттарына ауысу қажет: қалалардың аумағын кеңейтудің орнына оларды өсіру; экономикалық жұмыспен қамтудың дербес орталықтарына айналатын орталық қала және оның маңындағы елді мекендер арасында функциялар мен мамандануды бөлу; агломерацияларды өңір – қалаларға айналдыру және басқалар. Қаланың және оның агломерациялық айналасын әлеуметтік-экономикалық қала құрылыстық даму кешенділігі мен үйлесімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін ерекше өзара байланысты аумақтық құрылымдар ретінде агломерацияларды дамытуды жоспарлауға да жаңа көзқарас қажет.
Облыс орталықтары мен республиканың басқа да қалалары келешекте индустриялық-сервистік экономикасы мен жаңғыртылған қалалық ортасы бар ойдағыдай үйлесімді дамушы өңірлік агломерациялық құрылымдарға ауысуға бағдарланатын болады.
Қалалық агломерациялардың артықшылықтарын пайдалану үшін олардың қала маңы аймақтарын қалыптастыру мен дамыту процестерінің зор мәні бар.
Бұл ретте еңбек ұтқырлығын дамытудың маңызды шарты ретінде агломерация ядросы мен қала маңы аймақтары арасында жүрдек көлік қатынасының заманауи түрлерінің маңызы зор болады.
Хабтардың урбандалу және қалыптасу процестерін дамытуды жоспарлау перспективалы қоныстандыру және әлеуметтік инфрақұрылымды орналастыру схемасында жүйелі көрініс тапқан.
Аумақтық кеңістікте даму шеңберіндегі өңірлік саясат бағыты жергілікті өзін-өзі басқару, өңірлердің жауапкершілігі және салыстырмалы экономикалық дербестігі қағидаттарын ескереді. Сондай-ақ орталық пен жергілікті атқарушы органдар арасында функциялар мен өкілеттіктердің аражігін ажыратуды назарға алу маңызды.
2-тәсіл. Хаб және шұғыла қағидаттары негізінде макроөңірлік даму.
Қазақстан Республикасын аумақтық кеңістікте ұйымдастыру базасы ірі қалаларда дамудың шынайы алғышарттары бар жаңа экономика болады. Бұл урбандалған өңірлерде осындай кластерлерді шоғырландыру арқылы ел экономикасының басым салаларында жоғары технологиялы өндірістерге бағдарланған кластерлерді қалыптастыруды және дамытуды болжайды.
Агломерациялық дамыту қалаларды дамытуды жандандыру есебінен қамтамасыз етіледі. Оған агломерацияларды қолдау ықпал ететін болады, оларда аумақтардың түйінді қаржылық, адами, инновациялық, табиғи-экологиялық, мәдени ресурстары шоғырландырылатын болады. Агломерацияларды қалыптастыру сапалы демографиялық және аумақтық кеңістікте өсуін қамтамасыз ете алатын, халық тығыздығы төмен Қазақстанның аумақтық ұйымдастырылуының негізгі нысанына айналады.
Аумақтық кеңістікте даму белгілі бір дәрежеде өңірлердегі дамыған көліктік-логистикалық инфрақұрылымға байланысты. Сондықтан көліктік- логистикалық инфрақұрылымды дамыту макроөңірлерді хаб қағидаты бойынша қалыптастыру шеңберінде жүзеге асырылатын болады, бұл негізгі жүк ағындарын тартуға және өңірлер бөлінісінде өсу нүктелерінде менеджмент сапасын және терминалдық инфрақұрылымды дамытуға бағдарланған көліктік-дистрибуциялық торапты дамытуды көздейді.
Макроөңірлер қалыптастыру шеңберінде бірінші кезекте хаб-қалаларды қалыптастыру қажет, бұл – Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе және Өскемен қалалары.
Хаб-қалалар капитал, ресурстар және озық технологиялар шоғырланатын орталықтар болады. Хаб қалаларда әлемдік деңгейдегі, оның ішінде адами капиталды дайындау бойынша көрсетілетін қызметтер саласын дамыту қажет. Бұл қалалар еуразиялық кеңістік шеңберінде мегаполистермен бәсекеге түсуге тиіс. Хаб-қалалар шамадан тыс көп халықты қамтуға және халықтың жедел урбандалуына ықпал етуге бағытталатын болады.
Елдің және оның өңірлерінің әлемдік және өңірлік экономикадағы орнын айқындау, экономикалық, табиғи, еңбек әлеуетін, сондай-ақ қоныстану жүйесін талдау және бағалау негізінде елдің аумақтық кеңістігін хаб қағидаты бойынша қалыптастыруға көшуді жүзеге асыру көзделеді, оның тіректік негізі қазіргі және болашақта құрылатын көліктік-коммуникациялық дәліздер болады, ал аса маңызды тораптар өңірлік және жаһандық нарықтармен және екінші деңгейдегі қалалармен интеграцияланған ірі көшбасшы хаб-қалалар болады.
Стратегиялық хаб-қалалар қалыптасқан, сол сияқты құрылатын өңірлік және субөңірлік аумақтық-шаруашылық жүйелерді, сондай-ақ оқшауланған экономикалық тораптар мен аумақтарды өзара байланыстырады, бұл жергілікті белдеу аралық желілердің қалыптасуымен қатар елдің ішкі экономикалық кеңістігінің бірлігін қамтамасыз етеді.
Екі деңгейдегі қалаларды:
1) 5 хабты – жалпыұлттық, ал перспективада Орта Азиялық деңгейдегі көшбасшы қалалар, олар еуразиялық тауар, қаржылық, технологиялық және мәдени алмасу жүйесінде аса маңызды тораптарға айналады. Хабтарды дамыту инновациялық дамуға көшуді, қалаларды ұлттық және өңірлік өзара іс-қимылдың толыққанды орталықтарына айналдыруды болжайды: сауда-логистика және көлік, қаржы және кадр орталықтары, ақпараттар мен технологияларды жеткізушілер. Хабтар ғаламдық, өңірлік және ұлттық нарықтармен ықпалдасқан өсу полюстерінің орталықтарына айналуға және елдің қалған барлық өңірлері үшін «локомотивтер» ретінде болуы тиіс;
2) өз өңірлерінде экономикалық белсенділікті шоғырландыратын және бәсекеге қабілетті өңірлік кластерлердің қалыптасуына себепші болатын және өңірлердің ұлттық және сыртқы нарықтарға шұғыла қағидаты бойынша шығуын қамтамасыз ететін екінші деңгейдегі қалаларды басым дамыту көзделеді.
Қазіргі жағдайларда Қазақстанда елдегі экономикалық белсенділікті шоғырландыратын және елдің өңірлік және жаһандық нарықтармен ықпалдастығы аймағы болуға мүмкіндігі бар перспективалы өсу полюстері мынадай хабтар болып табылады:
-
Солтүстік макроөңір хабы – Астана қаласы;
-
Орталық-Шығыс макроөңір хабы – Өскемен қаласы;
-
Батыс макроөңірі хабы – Ақтөбе қаласы;
-
Оңтүстік макроөңір хабтары – Алматы және Шымкент қалалары.
-
Астана
Солтүстік макроөңірде халық саны – 796,3 мың адамды, ал 2020 жылға қарай –1047,4 мың адамды құрайтын Астана қаласы хаб болады.
Астана қаласында серпінді астаналық агломерацияның өсіп келе жатқан сұранысына негізделген барлық дерлік өңірлермен күшті байланыстар басым. Астана агломерациясын қоса есептегенде, халық санының перспективалы өсуі 2020 жылға қарай 1115,5 мың адамды құрайды.
Астана хабын шұғыла қағидатымен полиорталықты даму орталығы ретінде дамытудың жаңа саясаты демографиялық процестерді дамытуға, халықтың көші-қон қозғалысына және урбандалуға байланысты болатын қоныстану жүйесін ескеретін болады. Халықтың табиғи және механикалық өсімі – бұл қоныстанудың желісі мен жүйесінің қалыптасуына неғұрлым күшті әсер ететін факторлардың бірі.
Солтүстік макроөңірде ауыл халқының қалаларға көшу проблемасын әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды есепке ала отырып ескерген жөн.
Солтүстік макроөңірде тірек қаңқасын дамыту көші-қон және урбандалу процестерін ескере отырып, қоныстандыру саясатын пысықтауды талап етеді.
Ол үшін Петропавл, Қостанай, Көкшетау қалаларында облыстық қоныстандыру жүйелерінің орталықтарын қалыптастыру қажет. Аталған қалалар өздерінің көлік жүйелерін шоғырландыру орталығы ретінде Солтүстік макроөңірдің бірыңғай қоныстану жүйесінің тірек кеңістіктік қаңқасын қалыптастырады.
Қазіргі уақытта Солтүстік макроөңірде 2011 жылмен салыстырғанда халық санының 0,7%-ға төмендеуі байқалады (2014 жылы – 2189,6 мың адам, 2011 жылы – 2204 мың адам). Бұдан басқа, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарында халықтың демографиялық қартаю процестері де байқалады. Көрсетілген демографиялық процестер табиғи өсім көрсеткіштерінің серпінімен, сондай-ақ халықтың ішкі және сыртқы көшіп-қонуымен байланысты.
Астана хаб-қаласы барлық макроөңірлерді «Орталық-Шығыс», «Орталық-Оңтүстік», «Орталық-Батыс» өңіраралық автожолдар желісі жобаларын іске асыру есебінен байланыстыратын орталық болады.
Астана – Павлодар – Семей – Қалбатау – Өскемен маршруты арқылы өтетін және Астананы шығыс өңірлермен байланыстыратын «Орталық-Шығыс» жобасы, бұл транзиттік жүктерді тартуға, отандық тауарларды экспорттауға, туристік кластерді дамытуға, ықпал ету аймағына екінші деңгейдегі Семей және Павлодар қалаларын қоса отырып ықпал етеді.
Астана – Қарағанды – Балқаш – Қапшағай – Алматы бағыты бойынша «Орталық-Оңтүстік» жобасы Астананы Оңтүстік макроөңірмен байланыстыруға мүмкіндік береді және шекарамаңы аумақтарының құрғақ порттарының транзиттік әлеуетінің мүмкіндіктерін кеңейтуге, сыртқы нарықтарға экспортты ұлғайтуға, халқы тиісінше 2020 жылға қарай
492,4 мың адамнан 503,2 мың адамға, 59 мың адамнан 64,9 мың адамға, 78,4 мың адамнан 80,1 адамға дейін өсетін Қарағанды, Қапшағай және Балқаш қалаларын ықпал ету аймағына қоса отырып, көліктік-логистикалық көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға түрткі болады.
Астана – Арқалық – Ырғыз – Шалқар – Бейнеу – Ақтау бағыты бойынша «Орталық-Батыс» жобасы Астананы батыс өңірлерімен байланыстырады, осылайша орталық және батыс өңірлерінің арасындағы жүк айналымын, олардың кооперациясын ұлғайтуға, автомобиль, теңіз және теміржол көлігінің тасымалдарын интеграциялауға жағдайлар жасалады, қазақстандық теңіз порттары арқылы отандық тауарлар үшін жаңа нарықтар ашады. Бұл жобаны іске асыру халық саны тиісінше 41,9 мың адам және
185 мың адамды құрайтын Арқалық және Ақтау сияқты екінші деңгейдегі қалалардың, сондай-ақ бірқатар елді мекендер мен шағын қалалардың дамуына әсер етеді.
«Орталық-Батыс» жобасымен қатар Жезқазған – Бейнеу және Арқалық – Шұбаркөл теміржол желілері пайдалануға беріледі және Қызылорда – Жезқазған және Жезқазған – Арқалық автомобиль жолдарының реконструкциясы аяқталды, ол халқы 89,4 мың адамнан перспективада
2020 жылға қарай 91,4 мың адам болатын Жезқазған қаласына солтүстік, оңтүстік және батыс өңірлерін байланыстыратын көлік-логистикалық орталыққа айналуға мүмкіндік береді.
Қазақстан өңірлерін дамытудың хаб қағидатын іске асыру полиорталықты дамумен байланысты, бұл оларда заманауи жоғары технологиялық инфрақұрылымдық объектілердің, ең алдымен әуежайлар мен көлік-логистикалық орталықтардың болуын болжайды. Астана хаб-қаласында әуежайды жаңғырту және оның жолаушылар терминалын 2017 жылға дейін 750-ден 1500 жолаушы/сағ. дейін кеңейту қажет.
Астана хаб-қаласын дамыту Қарағанды, Көкшетау қалаларын және Щучинск-Бурабай курорттық аймағын қамтитын желілік өсу аймағы ретінде Астана агломерациясының қалыптасуына байланысты болады, бұл ретте Көкшетау қаласының халық саны 2020 жылға қарай 155,6 мың адамнан 162,3 мың адамға дейін ұлғаятын болады.
2. Алматы
Халық саны 1,5 млн. адамнан асатын Алматы қаласы Оңтүстік макроөңірдің хабына айналады. 2020 жылға қарай оның халқының саны
1676,4 мың адамға дейін өседі.
Алматы қаласы Алматы – Тараз – Шымкент бағытын байланыстыратын ірі көлік-логистикалық орталық болып табылады. Алматы хабының ықпал ету аймағындағы екінші деңгейдегі қалалардың даму серпіні Алматы агломерациясының даму қарқынымен және олардың транзиттік әлеуетімен айқындалатын болады. Алматы агломерациясы халқының перспективалы санының өсуі 2020 жылға қарай 3057,9 мың адамды құрайды.
«Жетіген – Қорғас» учаскесі бойынша жобаны іске асыру Азия – Еуропа бағытындағы қашықтықты 500 км-ге қысқарта отырып, Қытайдан Еуропа және Азия елдеріне бағытталатын транзиттік жүк ағынын ұлғайтуға мүмкіндік береді. «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағын (бұдан әрі – АЭА) құру «Жетіген – Қорғас» теміржолымен, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомобиль дәлізімен технологиялық байланыста бола отырып, Еуропа мен Азияға ең жақын жолды қамтамасыз ететін қуатты индустриялық-логистикалық хаб қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Қазақстанның транзиттік мүмкіндіктерін іске асыру және инвестициялар тарту, жаңа жұмыс орындарын құру үшін Жетіген кентінде 2017 жылға қарай ірі транзиттік авиациялық хаб ретінде қарастырылып отырған жаңа әуежай салынады.
Бұл ретте Алматы қаласының халықаралық деңгейдегі хаб ретіндегі рөлі байланыстыратын буын және транзиттік әлеует ретінде басты орында болады. Ол үшін ішкі және халықаралық көлік ағындарын орындау үшін көлік-логистикалық орталықтарды одан әрі өсіру және «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» және «Алматы – Қапшағай» жоғары жылдамдықты автотрассаларының, сондай-ақ «Жетіген – Қорғас» теміржолының мүмкіндіктерін пайдалану қажет.
Алматы хаб-қаласын дамыту үшін Алматы қаласындағы әуежайының өткізу қабілеті 1440 жолаушы/сағ. халықаралық жолаушылар терминалын салуды аяқтау қажет.
Алматы хаб-қаласын дамыту Алматы облысының (Қарасай, Талғар, Іле, Еңбекшіқазақ, Жамбыл аудандары, Есік, Қапшағай, Қаскелең, Талғар қалалары, Байсерке, Боралдай, Жетіген, Қараой, Өтеген батыр, Ұзынағаш, Шамалған кенттері) үшінші деңгейдегі қалаларын тарту арқылы желілік өсу аймағы ретінде Алматы агломерациясының қалыптасуымен байланысты болады.
Республикада басқа да стратегиялық хабтардың қалыптасуы өңірлік даму орталықтары болып табылатын және кейіннен өзінің ғана емес, аралас өңірлердің де экономикалық белсенділігін шоғырландыру мүмкіндігі бар, біріктіруші бола алатын екінші деңгейдегі қалалардың даму әлеуетімен айқындалады.
3. Өскемен
328,6 мың адам тұрғыны бар Өскемен қаласы Орталық-Шығыс макроөңірінің хабына айналады. 2020 жылға қарай оның халқы 361 мың адамға дейін өседі.
Достарыңызбен бөлісу: |