Білімнің, ғылымның және өндірістің кірігуін қамтамасыз ету, зияткерлік меншік пен технологиялардың өнімдерін коммерцияландыру үшін жағдай жасау. Жоғары білікті ғылыми және ғылыми-педагог кадрларды даярлау
Ескерту. Тарауға өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 02.11.2012 № 423 Жарлығымен.
Іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулерді, басқа ғылыми-техникалық, тәжірибе-конструкторлық жұмыстарды ұйымдастыру мен жүргізуде қатысатын зерттеу университеттері құрылады, олардың даму бағдарламаларын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді. Зерттеу университеттерінің негізгі міндеті жоғары және жоғары білімнен кейінгі білім деңгейлерінің барлығында ғылыми қызметпен білім беру процесін біріктіру болады. Зерттеу университеті жоғары және жоғары білімнен кейінгі білім бағдарламаларын әзірлеу мен іске асыруға, сондай-ақ оқуға қабылдау кезінде бейінді бағыттың қосымша талаптарын белгілеуге құқылы.
Білім мен ғылымның бірігуі жекелеген ғылыми-зерттеу институттарын заңдық дербестік құқығымен жетекші зерттеу университеттердің құрамына беру арқылы жүзеге асырылады.
Елдің индустриялық-инновациялық даму бағыттарын іске асыру үшін жоғары оқу орындары негізінде инновациялық құрылымдар құру үшін базалық ЖОО-ны айқындау тетіктері әзірленеді:
бизнес-инкубаторлар, оның ішінде:
2013 жылы – «Энергетика» бағыты бойынша; 2014 жылы – «Мұнай өңдеу және мұнай-газ секторының инфрақұрылымы»; 2015 жылы – «Химия өнеркәсібі»;
технопарктер, оның ішінде:
2013 жылы – «Металлургия және дайын металл өнімдерін өндіру» бағыты бойынша; 2014 жылы – «Машина жасау»; 2015 жылы – «Жеңіл өнеркәсіп»;
ғылыми әзірлемелер мен технологияларды коммерцияландыру орталықтары.
Еліміздің жетекші ЖОО-лары жанынан жоғары білікті ғылыми-педагог кадрларды даярлау және инновациялық қызметті дамыту мақсатында ғылыми зерттеулер жүргізу, зияткерлік меншік құқығын қорғауды одан әрі қамтамасыз ете отырып, зияткерлік меншіктің бәсекеге қабілетті өнімдерін жасау үшін ғылыми және жобалық-конструкторлық ұйымдардың бірлескен құрылымдық бөлімшелері ашылады: 2011 жылы – 5 бірлескен құрылымдық бөлімше; 2012 жылы – 8, 2013 жылы – 10, 2014 жылы – 12, 2015 жылы – 15.
Жеке меншік секторды ғылыми және инновациялық қызметке тарту бойынша оларды экономикалық ынталандыру шаралары әзірленген.
Студенттік және дипломдық жұмыстарды дайындау үшін 5 ұлттық және 15 инженерлік зертхананың зертханалық жабдықтарына кең қолжетімділік қамтамасыз етіледі.
2015 жылдан бастап Назарбаев Университеті жоғары кәсіби мамандар мен жас ғалымдарды оқытып шығарады. Назарбаев Университетінің тәжірибесі біртіндеп елдің жұмыс істеп тұрған жоғары оқу орындарына енгізіледі.
2016 жылдан бастап:
жетекші шетелдік әріптес жоғары оқу орындарымен бірлесіп, білім беру бағдарламалары әзірленеді;
жоғары технологиялық және ғылымды қажетсінетін өнім жасау үшін экономиканың басым бағыттарында ғылыми зерттеулер жүргізіледі;
әріптес университеттермен және шетелдік ғылыми орталықтармен бірлесу жүзеге асырылады.
Нәтижесінде, іргелі және қолданбалы зерттеулерді кеңейту үшін университеттердің маңызды ғылыми әлеуеті тиімді қолданылады, олардың кешенділік және практикалық нәтижелілігі артады.
Өмір бойы оқу
Ескерту. Кіші бөлімге өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 02.11.2012 № 423 Жарлығымен.
Мақсаты:
Өмір бойы білім алу жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету.
Міндеті:
Баршаға арналған білім, өмір бойы білім алу үшін жағдай жасау.
Нысаналы индикатор:
Барлық жастағылар үшін білім берудің әртүрлі нысандары мен типтерін енгізу.
Өмір бойы оқу білім алудың барлық деңгейінде адамның білім алуға деген қажеттіліктерін қанағаттандырудың түрлі мүмкіндіктерін жасау есебінен жүзеге асырылады.
2020 жылға қарай өмір бойы оқу үшін жасына, білімі мен кәсіби біліктілік деңгейіне қарамастан жағдайлар жасалатын болады.
Жасына және әлеуметтік жағдайына қарамастан барша халыққа техникалық және кәсіптік, жоғары білім жүйесінде оқытудың түрлі нысаны және білім беру қызметтерін жекеше берушілер арқылы (қашықтықтан оқыту, қайта біліктілік беру, формалды, формалды емес, инклюзивті қысқа мерзімді курстар) жаңа базалық дағдыларды игеруді қоса алғанда, негізгі дағдыларды игеру мен жетілдіру мүмкіндігі ұсынылатын болады. Оқу орындарымен, сондай-ақ әлеуметтік әріптестермен бірлесіп, өндірістен қол үзбей оқыту қарастырылатын болады.
Білім беру ұйымдарында 2016 жылдан бастап мүмкіндіктері шектеулі адамдарды кәсіби даярлау үшін жағдайлар жасалатын болады, модульдік білім беру бағдарламалары жасалады.
Өндірісте жұмыс істей жүріп, адам өзі оқытудың түрлерін, қарқынын және мерзімін таңдап, білім алу процесін дербестендіре алады. Білім алушылардың тәуелсіз коммерциялық емес агенттіктерде өздерінің алған біліктілік деңгейін бағалаудан өтіп, сертификаттар алуы арқылы мемлекеттік және жекеше білім беру қызметтерін ұсынушыларды оқыту нәтижелерін тануда тиімді шаралар әзірленетін болады.
Өмір бойы оқыту оқытудың формалды және формалды емес нысандарының тұтастай спектрін, инклюзивті білім беруді қоса алғанда, мектеп жасына дейінгі жастан бастап зейнеткерлікке шығу жасынан кейінгі оқытуды қамтитын болады.
Инклюзивті білімді дамыту тиісті бейіндегі мамандарын даярлауды жүзеге асыратын жоғары оқу орындарының жанынан консультациялық-практикалық орталықтардың құрылуына ықпал етеді.
Жұмыс берушілер оқу бағдарламаларын қоса қаржыландыруға және әрбір қызметкердің үздіксіз білімге қатысуына мүмкіндік беретін икемді сызбаларды дайындауға тартылады.
Барша қазақстандық азаматтар мемлекеттік тілді толық меңгергенге дейін тілдерді меңгерудің халықаралық стандарттары негізінде мемлекеттік тілді үздіксіз оқытатын «Балабақша - мектеп, колледж – жоғары оқу орындары» жүйесі құрылатын болады.
Қазақстан азаматтары (оқушылар, студенттер, магистранттар, түрлі сала қызметкерлері) мен Қазақстанда жұмыс істейтін шетелдік азаматтар үшін сертификат бере отырып, қазақ тілін білу деңгейін бағалау жүйесі – Қазтест енгізіледі.
Тәрбие жұмысы және жастар саясаты
Мақсаты:
Жастардың бойында белсенді азаматтық ұстанымды, әлеуметтік жауапкершілікті, отансүйгіштік сезімді, жоғары адамгершілік және көшбасшылық қасиеттерді қалыптастыру.
Міндеті:
Жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу және олардың азаматтық белсенділігін, әлеуметтік жауапкершілігін және әлеуетін ашу тетіктерін қалыптастыру жөніндегі шаралар кешенін іске асыру.
Нысаналы индикатор:
Ескерту. Тарау жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 02.11.2012 № 423 Жарлығымен.
Жастардың жалпы санына шаққанда жастар саясаты мен патриоттық тәрбие саласындағы іс-шараларды іске асыруға белсенді түрде қатысатын жастардың үлесі (2015 жылы - 31%, 2020 жылы - 55%).
Жастар саясатын іске асыру қазақстандық патриотизмді, рухани-адамгершілік мәдениетті тәрбиелеу, ұлттық сәйкестікті қалыптастыру негізінде жүзеге асырылады.
2011 жылдан бастап:
консультациялық, ақпараттық-талдамалық, оқыту және басқа да қызметтер көрсету мақсатында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде жастардың үкіметтік емес ұйымдары базасында қызметті жүзеге асыратын облыстық және республикалық әлеуметтік қызметтер одан әрі дамитын болады;
республикалық деңгейде мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты іске асыру шеңберінде ерікті, әскери-патриоттық ұйымдардың, әскери-спорттық, әскери-іздеуші және спорттық-техникалық клубтардың желісі 20 дан 30-ға дейін көбейеді;
білім беру ұйымдарында спорт секцияларының желісі дамытылады;
қазақстандық патриотизмді қалыптастыру мақсатында тұрақты негізде мемлекеттік рәміздерді таныту, тарих, салт-дәстүр және ана тілін білу жөнінде іс-шаралар жалғастырылатын болады;
түрлі жобаларды іске асыру арқылы жастар арасында қайырымдылық мәдениетін қалыптастыру жөнінде мақсатты шаралар қабылданатын болады.
Алматы қаласы үлгісінде жастардың үкіметтік емес ұйымдарының және жастардың қызметін үйлестірудің орталықтандырылған жүйесін құру мақсатында жастар саясаты басқармасы құрылады.
Девиантты және деликвентті балалармен жұмысты күшейту жоспарлануда. Балалар мен жасөспірімдер арасында девиантты мінез-құлықтың алдын алуы түрлі факторлардың өзара іс-қимылымен қамтамасыз етілетін болады: отбасы, мектеп, бос уақыттағы орта және тұтас қоғам.
Одан басқа, тәрбие мен оқытуды, девиантты және деликвентті мінез-құлықты балаларды әлеуметтік оңалтуды қамтамасыз ету бойынша арнайы білім ұйымдары мен ерекше режимде ұстайтын білім ұйымдарына баса назар аударылатын болады.
Білім беру жүйесіне кәмелетке толмағандарды уақытша оқшаулау, бейімдеу және оңалту орталықтарын беруге байланысты олар Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы (бұдан әрі – КТБО) болып қайта ұйымдастырылады.
КТБО-ның негізгі міндеті – кәмелетке толмағандардың дағдарыс жағдайынан шығуға және өмірін орнықтыруға, баланы отбасымен қосуға көмек көрсету мен отбасын әрі қарай сүйемелдеу.
Тұтас алғанда, мектепке дейінгі жастан бастап тәрбиеге ерекше көңіл бөлінетін болады.
Жастардың әлеуетін ашу тетіктерін іске асыру
Ескерту. Тарауға өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 02.11.2012 № 423 Жарлығымен.
Жастар саясаты саласындағы мәселелерді шешуге жастардың қатысуы үшін оның өкілді органдарда қатысуын қамтамасыз ету міндеті қойылып отыр.
Ұйымдастырушылық қабілеті мен көшбасшылық қасиеті бар студенттер арасынан белсенді жастарды, сондай-ақ әлеуметтік жобаларды іске асыру аясында жастар ұйымдарының жетекшілерін оқыту жоспарлануда.
Шығармашыл жастарды қолдау мақсатында жыл сайынғы ұлттық конкурстар, ойындар, турнирлер, КТК, оның ішінде Дельфий ойындарын өткізу және кейіннен қазақстандық құрамалардың халықаралық конкурстарға, турнирлер мен ойындарға қатысуын қамтамасыз ету көзделуде.
Осылайша, шығармашыл жастарды қолдау 2020 жылға қарай Дельфий ойындарына қатысушыларды 2000 адамға дейін жеткізуді көздейді.
Республиканың ғылыми-техникалық әлеуетін тұрақты негізде нығайту үшін ғылыми ұйымдарда және жоғары оқу орындарында консультативтік-кеңесші органдардың қызметіне жастардың шығармашылық және инновациялық бірлестіктері тартылатын болады.
Мәдениеттегі, өнердегі, ғылымдағы, ақпараттық технологиялар саласындағы ұзақ мерзімді конкурстық жобаларды дамыту бойынша ведомствоаралық жұмыс күшейтіледі.
2020 жылға қарай:
депутаттардың жалпы санына шаққанда барлық деңгейлердегі өкілді органдарға сайланушы жастардың үлесі 4,1%-ға жетеді;
жастар ұйымдарының қызметіне жастардың 35%-ы қатысатын болады;
мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыруға тартылған жастар ұйымдарының үлесі 24%-ды құрайды.
6. Бағдарламаны іске асыру кезеңдері
Қазіргі заманғы жағдайда стратегиялық ресурсы адами капитал болып табылатын еңбек өнімділігі экономикалық өркендеу мен бәсекеге қабілеттіліктің ұзақ мерзімді негізіне айналуы тиіс. Мемлекет осы ресурстың дамуына үлес қосуы керек.
Білімді адамдарсыз заманауи инфрақұрылымды дамыту, тиімді мемлекеттік аппарат құру, қолайлы бизнес климатты қамтамасыз ету мүмкін емес.
Саяси ерік пен мемлекеттің жан-жақты қолдауының болуы осы реформаларды жүргізуге негіз болып табылады.
Бағдарлама екі кезеңде іске асырылатын болады: 2011 – 2015 жылдар мен 2016 – 2020 жылдар.
Бағдарламаны іске асырудың бірінші кезеңінде (2011 – 2015 жылдар) жекелеген бағыттар бойынша білім беруді дамытудың модельдерін әзірлеумен, оларды сынақтан өткізумен, сондай-ақ ауқымды қайта құрулар мен эксперименттердің басталуымен байланысты жұмыстарды жүргізу көзделген.
Екінші кезеңде (2016 – 2020 жылдар) басымдық жабдықтарды сатып алуды, білім беру жүйесін дамыту міндеттерін шешуге бағытталған іс-шараларға инвестициялар салуды (білім берудің материалдық инфрақұрылымын жаңғырту және басқа да шығыны көп жұмыстар, әдістемелік, кадрлық, ақпараттық қамтамасыз ету) көздейтін іс-шараларды жүзеге асыруға беріледі, негізінен, өткен кезеңдерде алынған нәтижелерді енгізуге және таратуға бағытталған іс-шараларды іске асыру қарастырылған.
Әрбір кезеңде жылдар бойынша Бағдарламаның іске асырылу барысын және бағдарламалық іс-шаралардың білім беру жүйесінің жай-күйіне әсерін сипаттайтын көрсеткіштерді өзгерту жоспарланған.
Күтілетін нәтижелер:
2015 жылға қарай өтпелі кезең аяқталады және Қазақстанның білім беру жүйесі құрылымы, мазмұны, басқару мен қаржыландыру тетіктері бойынша дамыған елдер моделіне сәйкес келетін болады.
Білім беру жүйесінің дамуы бойынша Қазақстан ТМД елдері арасынан көшбасшылық орындарға шығады.
2020 жылға қарай білім беру жүйесі жоғары білім сапасы мен халықаралық индикаторлармен расталған адами капиталдың даму деңгейі түрінде нәтиже беретін болады.
Бағдарламаны іске асыру нәтижесінде мынадай әлеуметтік-экономикалық әсерлер қамтамасыз етіледі:
Ескерту. Тарауға өзгерістер енгізілді - ҚР Президентінің 02.11.2012 № 423; 12.08.2014 N893 Жарлықтарымен.
2015 жылға қарай:
1. Жаңа қаржы-экономикалық тетік әзірлеу.
2. Электрондық оқыту жүйесін құру.
3. Оқытудың 12 жылдық моделіне көшудің басталуы.
4. Ұлттық біліктілік жүйесінің негізі жасалады.
5. Мектептің және жоғары білімнің бағдарламалары кіріктіріледі.
6. Білімді, ғылымды және өндірісті кіріктіру басталады.
2020 жылға қарай:
1. Адами капиталдың сапасын арттыру мен еңбек ресурстарын пайдалану тиімділігінен туындаған мемлекет экономикасының бәсекеге қабілеттілігі мен тиімділігін арттыру.
1-1. 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен 100% қамтуды қамтамасыз ету.
2. Ғимараттарды жобалау, салу және қайта салудың жаңа принциптерін ескере отырып, білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту. Тозған және апатты білім беру объектілерін жою. Білім берудің технологиялық және әлеуметтік инфрақұрылымын жаңғырту (асханалар мен спорт залдарын, автопарктерді, компьютерлік техниканы жаңарту және т.б.).
3. Бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігін арттыру.
4. Білім беру саласының қолжетімділігін, сапасын, ашықтығын арттыру; корпоративтік басқару принциптерін енгізу.
5. Нормативтік - жан басына шағу принципі негізінде жаңа қаржы-экономикалық тетікті енгізу, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын қаржыландыру.
6. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың вариативті нысандарын енгізу, балалардың мектепте білім алуға дайындығының жоғары болуын қалыптастыру, олардың жастай оңды әлеуметтенуін қамтамасыз ету.
7. Мектеп оқушыларын оқытудың жеке траекторияларын пайдалану арқылы бейіндік мектеп моделін құру.
8. Оқушылардың әлемдегі барлық білім беру ақпараттық ресурстарына on-line арқылы қол жеткізуін қамтамасыз ету.
9. Білім беру сапасын бағалаудың облыстық жүйесін енгізу.
10. Даму мүмкіндіктері шектеулі балалар мен ересектерге арналған мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың, мектептегі және кәсіптік білім берудің тиісті деңгейін қамтамасыз ететін оқытудың инклюзивті жүйесін құру.
11. Республикада жаңа тұрпаттағы педагогтердің қажетті санын және тиісті біліктілігін қалыптастыру. Білім саласы қызметкерлерінің еңбегін экономикалық және әлеуметтік жағынан ынталандыру жүйесін, оқытушылардың еңбекақысын еліміздегі орташа еңбекақы деңгейіне жеткізетін және жұмыс сапасын ынталандыратын еңбекақы төлеудің икемді жүйесін енгізуге басымдық беру.
12. Ішкі нарықта білім берудің үлес салмағын арттыру, еліміздің білім беру жүйесіндегі білім беру қызметінің экспорттық көлемі мен құрылымын ұлғайту.
13. Еңбек нарығының талаптарына сай келетін, азаматтардың кәсіптік, мансаптық және жеке тұлға боп өсуіне ықпал ететін үздіксіз кәсіптік білім берудің икемді жүйесін қалыптастыру.
14. Білім беруге мемлекеттік-жеке меншік әріптестікті енгізу.
15. Кәсіптік білім бағдарламаларының, сондай-ақ ұлттық және халықаралық аккредиттеуден өткен жоғары оқу орындарының санын арттыру.
16. Заманауи ғылыми білім-білікке ие және еліміздің инновациялық дамуына үлесін қоса алатын ғылыми-педагог кадрларды даярлау.
17. Бәсекеге қабілетті ғылыми-техникалық өнімді жасау және өткізу.
18. Жастар саясаты саласындағы іс-шараларды іске асыруға қатысатын жастардың үлесін 55 %-ға арттыру.
7. Қажетті ресурстар
2011 – 2020 жылдары білім беруге жұмсалатын бюджет шығыстарын кезең-кезеңімен арттыру, 2020 жылға қарай олардың жалпы ішкі өнімдегі үлесін дамыған елдердің орташа деңгейіне дейін өсуін қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
Білім беру саласында педагогтік қызметтің ерекшелігін ескере отырып, еңбекақы төлеудің сараланған жаңа жүйесі әзірленіп, енгізіледі.
Ауылдық ШЖМ педагогтерін қолдауға арналған шаралар жүйесі қарастырылуда.
Болжамды қаржы шығындары (күрделі және ағымдағы)
Ескерту. Тарауға өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 02.11.2012 № 423 Жарлығымен.
Шығын құрылымында АКТ мен электрондық оқытуды дамытуға, 3 ауысымды және апатты жағдайдағы мектептердің орнына бейіндік, «Назарбаев зияткерлік мектептерін» салуға, жетекші ЖОО-ларға шетелдік ғалымдар мен консультанттарды тартуға, магистратура мен докторантураға қабылдау бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысына шығындар басым.
Бағдарламаның цифрлармен бірінші кезеңін республикалық бюджеттен қаржыландыру көлемі 509,7* млрд. теңгені құрайды. оның ішінде:
2011 жылы - 72,3 млрд. теңге;
2012 жылы - 98,3 млрд. теңге;
2013 жылы - 52,8 млрд. теңге;
2014 жылы - 145,9 млрд. теңге;
2015 жылы - 140,4 млрд. теңге.
Бағдарламаның іс шараларын жергілікті бюджеттен қаржыландыру жыл сайын тиісті жергілікті бюджеттерден білім беру жүйесін дамытуға бөлінетін қаражат шеңберінде жүзеге асырылатын болады.
* 2011 – 2015 жылдарға арналған Бағдарламаны қаржыландыру көлемі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті қаржы жылдарына арналған республикалық бюджетті бекіту кезінде нақтыланатын болады.
Достарыңызбен бөлісу: |