9-бап. Орталықтан зейнетақы төлемдерiн тағайындау
1. Орталықтан зейнетақы төлемдерi:
1998 жылғы 1 қаңтардан бастап - еркектерге 61 жасқа толғанда, әйелдерге 56 жасқа толғанда;
1998 жылғы 1 шiлдеден бастап - еркектерге 61,5 жасқа толғанда, әйелдерге 56,5 жасқа толғанда;
1999 жылғы 1 шiлдеден бастап - еркектерге 62 жасқа толғанда, әйелдерге 57 жасқа толғанда;
2000 жылғы 1 шiлдеден бастап - еркектерге 62,5 жасқа толғанда, әйелдерге 57,5 жасқа толғанда;
2001 жылғы 1 шiлдеден бастап - еркектерге 63 жасқа толғанда, әйелдерге 58 жасқа толғанда тағайындалады.
2. Төтенше және барынша радиациялық қатерлi өңiрлерде 1949 жылғы 29 тамыздан 1963 жылғы 5 шiлдеге дейiн кемiнде 10 жыл тұрған азаматтар "Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтiк қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес:
еркектер - жалпы жұмыс стажы 25 жылдан кем болмаған жағдайда 50 жасқа жеткенде;
әйелдер - жалпы стажы 20 жылдан кем болмаған жағдайда 45 жасқа жеткенде зейнетақы тағайындалуына құқылы.
3. 5 және одан да көп бала туып, оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген әйелдер 50 жасқа толғанда жасына байланысты толық көлемде зейнетақы алуға құқылы, аталған зейнетақы жасы 1998 жылғы 1 шілдеден бастап жыл сайын 6 айға өсіп отырады, бірақ тұтас алғанда 3 жылдан аспауға тиіс.
4. Орталықтан жасына байланысты зейнетақы төлемдерi толық көлемiнде осы баптың 1-тармағында белгiленген жасқа толғанда азаматтардың мынадай санаттарына:
1) еркектерге 1998 жылғы 1 қаңтарда кемiнде 25 жыл еңбек стажы болғанда және осы Заңның 60-бабының 2-тармағында аталған адамдар арасынан еркектерге қызметінен босатылған кезінен бастап тағайындалады. Бұл ретте осы Заңның 60-бабының 2-тармағында аталған адамдар үшін еңбек стажына 1998 жылғы 1 қаңтардан бастап қызметтен босатылған кезіне дейінгі қызметі осы кезеңде жинақтаушы зейнетақы қорларына міндетті зейнетақы жарналары жасалмаған жағдайда есептеледі;
2) әйелдерге 1998 жылғы 1 қаңтарда кемiнде 20 жыл еңбек стажы болғанда және осы Заңның 60-бабының 2-тармағында аталған адамдар арасынан әйелдерге қызметінен босатылған кезінен бастап тағайындалады. Бұл ретте осы Заңның 60-бабының 2) тармағында аталған адамдар үшін еңбек стажына 1998 жылғы 1 қаңтардан бастап қызметтен босатылған кезіне дейінгі қызметі осы кезеңде жинақтаушы зейнетақы қорларына міндетті зейнетақы жарналары жасалмаған жағдайда есептеледі.
5. Толық емес көлемдегi жасына байланысты зейнетақы төлемдерi осы баптың 1-тармағында аталған азаматтар санаттарына олардың 1997 жылғы 1 қаңтарда нақты еңбек стажының болуына қарай Орталықтан толық көлемiнде зейнетақы төлемдерiн алу құқығы болмаған жағдайда және осы Заңның 60-бабының 2-тармағында аталған адамдар үшін қызметтен босатылған кезінен бастап тағайындалады.
6. Жасына байланысты зейнетақының толық емес көлемдегі төлемдері Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен, толық зейнетақыдан 1998 жылғы 1 қаңтарда болған еңбек стажына бара-бар үлес ретінде есептеледі. Бұл орайда, осы Заңның 60-бабының 2-тармағында аталған адамдар үшін еңбек стажына 1998 жылғы 1 қаңтардан бастап қызметтен босатылған кезіне дейінгі қызметі осы кезенде жинақтаушы зейнетақы қорларына міндетті зейнетақы жарналары жасалмаған жағдайда есептеледі.
10-бап. Орталықтан зейнетақы төлемдерiн төлеу кезеңi
Орталықтан зейнетақы төлемдерi өмiр бойына тағайындалады және қайтыс болған айына қоса төленеді.
3-тарау. Орталықтан зейнетақы тағайындауға
арналған еңбек стажы
11-бап. Орталықтан зейнетақы тағайындау үшiн еңбек стажын есептеу
1. Орталықтан зейнетақы тағайындау үшiн еңбек стажын есептеу кезiнде мыналар есепке алынады:
1) еңбек шарты бойынша жеке және заңды тұлғалар ақы төлейтiн жұмыс;
2) әскери қызмет;
3) құқық қорғау органдарындағы қызмет;
4) мемлекеттiк қызмет;
5) кәсiпкерлiк қызмет;
6) бiрiншi топтағы мүгедекке, екiншi топтағы жалғызiлiктi мүгедекке және өзгенiң жәрдем көрсетуiне мұқтаж жасына байланысты зейнеткерге, сондай-ақ 80 жасқа толған қарт адамдарға күтiм жасаған уақыт;
7) атом сынақтары, экологиялық апаттар салдарынан зардап шеккен не иммундық тапшылық вирусын жұқтырған не ЖҚТБ-мен ауыратындарға, 16 жасқа дейiнгi мүгедекке күтiм жасаған уақыт;
8) жұмыс iстемейтiн ананың жас балаларды бағып-күткен, бiрақ әрбiр бала 3 жасқа толғаннан аспайтын жалпы жиынтығы 12 жыл шегiндегi уақыт;
9) қылмыстық жауапқа негiзсiз тартылған және қуғын-сүргiнге ұшыраған, бiрақ кейiн ақталған азаматтардың қамауда болған, бас бостандығынан айыру және жер аудару орындарында жазасын өтеген уақыты;
10) еңбекке жарамды азаматтардың бұрынғы КСРО-ның уақытша оккупацияланған аумағында және Ұлы Отан соғысы кезеңiнде өздерi басқа мемлекеттердiң аумағына зорлықпен апарылған адамдардың /жасына қарамастан/ сонда болған, фашистiк концлагерьлерде (геттоларда және соғыс кезеңiнде мәжбүрлеп ұстайтын басқа да орындарда ұсталған уақыты, егер аталған кезеңдерде бұл адамдар Отанға қарсы қылмыс жасамаса;
11) жұмыс iстемейтiн соғыс мүгедектерi мен оларға теңестiрiлген мүгедектердiң мүгедек болған уақыты;
12) бұрынғы кеңес мекемелерiнiң, Қазақстан Республикасы мекемелерi мен халықаралық ұйымдардың қызметкерлерi әйелдерiнiң (жұбайларының) шетелде тұрған кезеңi, бiрақ жалпы алғанда 10 жылдан аспауға тиiс;
13) офицерлiк құрамдағы адамдар, прапорщиктер, мичмандар , келісімшарт бойынша қызмет өткеретін әскери қызметшілер және мерзiмiнен тыс қызмет атқаратын әскери қызметшiлер әйелдердiң мамандығы бойынша жұмысқа орналасу мүмкiндiгi болмаған жерлерде жұбайларымен бiрге тұрған кезеңi, бiрақ 10 жылдан аспауға тиiс;
14) Қазақстан Республикасының аумағындағы және одан тыс жерлердегi жоғары және арнаулы орта оқу орындарында, училищелерде, мектептерде және кадрлар даярлау, бiлiктiлiгiн арттыру және қайта мамандандыру курстарында, аспирантурада, докторантурада және клиникалық ординатурада, сондай-ақ күндiзгi жоғары және орта дiни оқу орындарында оқу;
15) әскерилендiрiлген күзетте, арнаулы байланыс органдарында және кен-құтқару бөлiмдерiнде олардың ведомстволық бағыныстылығына және арнаулы немесе әскери атағының болуына қарамастан;
16) әлеуметтiк сақтандыруға қаржы төлеген жағдайда өзге де жұмыс.
2. Орталықтан зейнетақы тағайындау үшін еңбек стажын жеңiлдiкпен есептеу кезiнде мыналар да есепке алынады:
1) ұрыс қимылдары кезеңiнде майдандағы армия құрамындағы, оның iшiнде әскери борышын өтеу кезiндегi әскери қызмет, сондай-ақ ұрыс қимылдары кезеңiнде партизан отрядтары мен құрамаларында болу, сондай-ақ әскери жарақат салдарынан емдеу мекемелерiнде емдеуде болған уақыт - әскери қызметшiлерге еңбек сiңiрген жылдары үшiн зейнетақы тағайындаған кезде осы қызметтiң мерзiмiн есеп үшiн белгiленген тәртiппен;
2) әскери бөлiмдерiндегi жұмыс, оның iшiнде еркiн жалдамалы құрам ретiндегi жұмыс және осы тармақтың 1) тармақшасында көзделген әскери қызметтен басқа, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қызмет екi есе мөлшерде;
3) Ұлы Отан соғысы жылдарында 1941 жылғы 8 қыркүйектен бастап 1944 жылғы 27 қаңтарға дейiнгi қоршау кезеңiнде Ленинград қаласындағы жұмыс - үш есе мөлшерде;
4) 12 жастан бастап және одан үлкен жастағы азаматтардың 1941 жылғы 8 қыркүйектен бастап 1944 жылғы 27 қаңтарға дейiнгi қоршау кезеңiнде Ленинград қаласында болған уақыты - екi есе мөлшерде;
5) Ұлы Отан соғысы кезiнде басқа мемлекеттердiң аумағына зорлықпен апарылған адамдардың сонда болған уақыты, сондай-ақ фашистiк концлагерьлерде (геттоларда және соғыс кезеңiнде мәжбүрлеп ұстайтын басқа да орындарда) болған уақыты, егер аталған кезеңдерде бұл адамдар Отанға қарсы қылмыс жасамаса - екi есе мөлшерде;
6) заңсыз қылмыстық жауапқа тартылған және қуғын-сүргiнге ұшыраған, кейiннен ақталған азаматтардың қамауда болған, бас бостандығынан айыру, жер аудару орындарында жазасын өтеу, бас бостандығын шектеу отырып мәжбүрлеп еңбекке тартылған, арнаулы қоныстандыру орындарында ұсталған және психиатрлық мекемелерде мәжбүрлеп емдеуде болған уақыты - үш есе мөлшерде;
7) Семей сынақ полигонына жапсарлас жатқан аудандардағы 1949 жылғы 29 тамыздан бастап 1963 жылғы 5 шiлдеге дейiнгi кезеңде жұмыс iстеп, әскери қызмет атқару - үш есе мөлшерде, ал 1963 жылғы 6 шiлдеден бастап 1992 жылғы 1 қаңтарға дейiнгiсi - бiр жарым есе мөлшерде;
8) алапеске және обаға қарсы мекемелерде, иммундық тапшылық вирусын жұқтырған немесе ЖҚТБ-мен ауырған адамдарды емдеу жөнiндегi жұқпалы аурулар мекемелерiндегi жұмыс - екi есе мөлшерде; сот медициналық сараптама мекемелерiндегi және емдеу мекемелерiнiң патология-анатомиялық бөлiмдерiндегi жұмыс - Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен жұмыс тiзбесi бойынша бiр жарым есе мөлшерде;
9) толық навигациялық кезең iшiнде су көлiгiндегi жұмыс бiр жыл iстеген жұмыс үшiн есептеледi;
10) ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, өнеркәсiптiң маусымдық салалар кәсiпорындарындағы толық маусым iшiндегi жұмыс Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен тiзiм бойынша бiр жылғы жұмыс стажына есептеледi.
12-бап. Еңбек стажын растау
1. 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiнгi кезеңге Орталықтан зейнетақы төлемдерiн есептеу үшiн еңбек стажы еңбек кiтапшасымен расталады.
2. Еңбек кiтапшасы жоқ немесе онда тиiстi жазбалар болмаған кезде еңбек стажы жұмыс туралы мәлiметтердi растайтын құжаттардың негiзiнде не сот шешімінің негізінде анықталады.
3. Осы Заңның 11-бабының 1-тармағының 5) және 16) тармақшаларына сәйкес қызметтi жүзеге асырған азаматтардың еңбек стажы Қазақстан Республикасының Зейнетақы қорына 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн сақтандыру жарналарын төлегенi туралы құжаттармен расталады.
4-тарау. Орталықтан төленетiн зейнетақы
төлемдерiн есептеу
13-бап. Орталықтан төленетiн зейнетақы төлемдерiнiң мөлшерiн есептеу
1. Орталықтан төленетiн зейнетақы төлемдерiн толық көлемiнде есептеу осы Заңның 14-бабына сәйкес белгiленетiн орташа айлық кiрiстiң 60 процентi есебiнен жүргiзiледi.
2. Орталықтан төленетiн зейнетақы төлемдерiнiң мөлшерiн есептеу жұмыста болған үзiлiстерге қарамастан, қатарынан кез келген 3 жыл жұмыс үшiн орташа айлық табыс негiзге алына отырып, 1995 жылғы 1 қаңтардан бастап жүзеге асырылады.
1998 жылғы 1 қаңтардан басталған кезең үшiн орташа айлық табыстың мөлшерi жинақтаушы зейнетақы қорларына мiндеттi зейнетақы жарналары жүзеге асырылған табысқа сәйкес халықты әлеуметтік қорғау саласындағы орталық атқарушы орган анықтайтын тәртіппен белгiленедi.
3. 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн қажеттi еңбек стажынан тыс жұмыс iстеген әрбiр толық жыл үшiн зейнетақы төлемдерiнiң мөлшерi 1 процентке өсiрiледi, бiрақ ол зейнетақыны есептеу үшiн ескерiлетiн табыстың 75 процентiнен аспауға тиiс.
4. Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерінің, әскери қызметшілердің, Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарының, прокуратура, бұрынғы Мемлекеттік тергеу комитеті қызметкерлерінің және зейнетақы 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін, Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен, өндірістердің, жұмыстардың, кәсіптердің, лауазымдардың және көрсеткіштердің № 1 тізімі бойынша және жұмыс орындарын аттестаттау нәтижелері бойынша жеңілдікті шарттарда тағайындалған адамдардың зейнетақы төлемдері мөлшерін қоспағанда, 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін тағайындалған зейнетақы төлемдерінің ең жоғары мөлшері тиісті жылға арналған республикалық бюджет туралы заңмен белгіленген 25 еселенген айлық есептік көрсеткіштің 75 процентінен аса алмайды.
14-бап. Орталықтан төленетiн зейнетақы төлемдерiн есептеу үшiн табысты анықтау
1. Орталықтан төленетiн зейнетақы төлемдерiн есептеуге арналған табысқа еңбекке ақы төлеудiң барлық түрлерi және тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейтiн өзге де табыстар енгiзiледi.
2. Зейнетақы төлемдерiн есептеу үшiн 3 жылғы жұмыс iшiндегi табыс қатарынан 36 күнтiзбелiк айдағы жұмыс iшiндегi табыстың жалпы сомасын отыз алтыға бөлу арқылы анықталады.
3. Орталықтан төленетiн зейнетақы төлемдерiн есептеуге арналған табыс тиiстi жылға арналған республикалық бюджет туралы заңда белгiленетiн жиырма бес еселенген айлық есептiк көрсеткiштен аспауға тиiс.
5-тарау. Орталықтан зейнетақы төлемдерiн
Тағайындау
15-бап. Орталықтан зейнетақы төлемдерiн тағайындауға өтiнiш беру тәртiбi
1. Орталықтан зейнетақы төлемдерiн тағайындау туралы арыз зейнетақы төлемдерiн есептеу үшiн қажеттi стажы мен табысын растайтын құжаттармен қоса азаматтың тұрғылықты жерi бойынша Орталыққа берiледi.
2. Орталықтан зейнетақы төлемдерiн тағайындауды зейнетақы төлемдерін тағайындаушы орган Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртiппен жүргiзедi.
3. Зейнетақы төлемдерін тағайындаушы орган зейнетақы тағайындау мәселелері бойынша түсiндiрме беруге және азаматтардың тиiстi құжаттарды ресiмделуiне көмек көрсетуге мiндеттi.
16-бап. Орталықтан зейнетақы төлемдерiн тағайындауға арналған құжаттарды қарау мерзiмдерi
1. Орталықтан зейнетақы төлемдерiн тағайындауға арналған құжаттарды қарауды халықты әлеуметтiк қорғау органы құжаттар табыс етiлген күннен бастап он жұмыс күні ішінде жүзеге асырады.
2. Зейнетақы төлемдерін тағайындаушы органы тиiстi шешiм шығарылғаннан кейiн бес жұмыс күнінен кешiктiрмей бұл туралы арыз берушiге хабарлайды.
3. Орталықтан зейнетақы төлемдерiн тағайындаудан бас тартылған жағдайда зейнетақы төлемдерін тағайындаушы органы бас тартудың себептерiн жазбаша түрде негiздеп, табыс етiлген құжаттарды арыз берушiге қайтаруға мiндеттi.
4. Зейнетақы төлемдерін тағайындаушы органның шешiмiне сот тәртiбiмен шағымдануға болады.
17-бап. Орталықтан зейнетақы төлемдерiн тағайындау мерзiмдерi
1. Орталықтан зейнетақы төлемдерi зейнетақы тағайындауға өтiнiш берiлген күннен бастап тағайындалады.
2. Арыз бен қажеттi құжаттарды Орталыққа бiр мезгiлде берген күн Орталықтан зейнетақы төлемдерiн тағайындауға өтiнiш берген күн болып есептеледi.
6-тарау. Орталықтан зейнетақы төлемдерiн төлеу
және олардан ұстап алу тәртiбi
18-бап. Орталықтың ұйымдық-құқықтық нысаны және оның қызметінің негізгі бағыттары
1. Орталық мемлекеттік кәсіпорын нысанында құрылады, оның уәкілетті органын Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
2. Орталық:
1) осы Заңға сәйкес зейнетақымен қамсыздандырылуға құқығы бар азаматтарға бюджет қаражаты есебінен зейнетақы төлемдерін төлеуді;
2) азаматтарға әлеуметтік жеке кодтар беруді;
2-1) Қазақстан Республикасының Үкiметі белгiлеген тәртiппен мiндеттi зейнетақы жарналары бойынша салымшылардың (алушылардың) деректер базасын және міндеттi зейнетақы жарналары есебiнен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасасқан жеке тұлғалардың бiрыңғай тiзiмiн қалыптастыруды;
3) міндетті зейнетақы жарналарын дербес тұрғыдан есепке алуды;
4) міндетті зейнетақы жарналарын агенттерден жинақтаушы зейнетақы қорларына аударуды;
4-1) мiндеттi зейнетақы жарналары есебiнен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасаспаған және (немесе) әлеуметтік жеке код беру туралы куәлігі жоқ (немесе) деректемелерінде қателер жіберілген тұлғалардың міндетті зейнетақы жарналарын агентке қайтаруды;
4-2) салымшылардың жинақталған зейнетақы қаражаттарын бiр жинақтаушы зейнетақы қорынан басқасына аударуды;
5) мемлекет алдындағы салықтық міндеттемелердің орындалуына салықтық бақылауды қамтамасыз ететін орталық атқарушы органға агенттердің Орталық есебіне аударған және Орталықтан агентке қайтарылған міндетті зейнетақы жарналарының сомалары бойынша тізілімдер мен төлем құжаттарын табыс етуді;
6) Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес басқа да функцияларды жүзеге асырады.
19-бап. Орталықтан зейнетақы төлемдерiн төлеу тәртiбi
1. Орталықтан зейнетақы төлемдерi ағымдағы ай үшiн төленедi.
2. Осы Заңның 13-бабының 4-тармағымен және 60-бабымен көзделген шектеулер мен жағдайларды ескере отырып, жұмыс iстейтiн зейнеткерлердiң зейнетақыны толық мөлшерiнде алуға құқығы бар.
3. Зейнетақы төлемдерi нотариат куәландырған сенiмхат бойынша төленуi мүмкiн.
4. Орталықтан зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру тәртібін Қазақстан Республикасының Yкіметі айқындайды.
20-бап. Өткен уақыт үшiн зейнетақы төлемдерiн алу
1. Есептелген, бiрақ алушы талап етпеген зейнетақы төлемдерiнiң сомасы өткен уақыт үшiн, бiрақ оларды алуға өтiнiш беру алдындағы 3 жылдан аспайтын уақыт үшiн төленедi.
2. Зейнетақы төлемдерiн тағайындайтын немесе жүзеге асыратын органның кiнәсiнен уақытында алынбаған зейнетақы төлемдерiнiң сомасы өткен уақыт үшiн мерзiмi шектелмей төленедi.
21-бап. Зейнетақыдан ұстап қалу
1. Зейнетақы тағайындау кезіндегі қателіктер салдарынан артық төленген сомаларды зейнетақы төлемдерін алушының өтініші негізінде ұстап қалатын жағдайлардан, сондай-ақ сотталғандардың, бас бостандығынан айырылғандардың табысынан ұстап қалатын жағдайлардан басқа, зейнетақыдан ұстап қалу атқарушылық iс жүргiзу тәртiбiмен жасалуы мүмкiн.
2. Зейнетақыдан ұстап қалу төленуге тиiстi сомадан жасалады.
3. Зейнетақыдан төленуге тиiстi соманың 50 проценттен астамын ұстап қалуға болмайды.
3 Бөлім
Жинақтаушы зейнетақы қорларынан және
сақтандыру ұйымдарынан
зейнетақымен қамсыздандыру
7-тарау. Жинақтаушы зейнетақы қорларынан
Зейнетақымен қамсыздандыру
22-бап. Міндетті зейнетақы жарналарын төлеу
1. Міндетті зейнетақы жарналарының салымшылары жинақтаушы зейнетақы қорларына міндетті зейнетақы жарналарын осы Заңда белгіленген ставкалар бойынша төлеуге тиіс.
2. Міндетті зейнетақы жарналарының салымшысы міндетті зейнетақы жарналарын төлеу үшін бір ғана жинақтаушы зейнетақы қорын таңдап алуға және онымен міндетті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасасуға міндетті. Міндетті зейнетақы жарналарының салымшысына міндетті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы бір мезгілде екі және одан да көп шарт жасасуға, сол сияқты салымшының міндетті зейнетақы жарналарын іс жүзінде екі және одан да көп жинақтаушы зейнетақы қорына енгізуіне, не жарнаны бір қорға төлеп, жинақталған зейнетақы қаражатының бір бөлігін басқа жинақтаушы зейнетақы қорында сақтауына жол берілмейді.
3. Осы Заңның 9-бабының 1-3-тармақтарына сәйкес, зейнеткерлік жасқа жеткен адамдар жинақтаушы зейнетақы қорына міндетті зейнетақы жарналарын төлеуден босатылады.
3-1. Бiрiншi және екiншi топтардағы мүгедектiгi бар адамдар, егер мүгедектiгi мерзiмсiз болып белгiленсе, жинақтаушы зейнетақы қорларына мiндеттi зейнетақы жарналарын төлеуден босатылады.
3-2. Жинақтаушы зейнетақы қорларына міндетті зейнетақы жарналарын төлеуден:
1) 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін зейнетақы төлемдері тағайындалған;
2) осы Заңның 61-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес Орталықтан зейнетақы төлемдері тағайындалған әскери қызметшілер, ішкі істер органдары мен Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің, қаржы полициясы мен мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарының арнайы атақтар берілген және Қазақстан Республикасының заңнамасында ішкі істер органдарының қызметкерлері үшін белгіленген тәртіп қолданылатын қызметкерлері босатылады.
4. Міндетті зейнетақы жарналары Қазақстан Республикасының ұлттық валютасымен төленеді.
5. Міндетті зейнетақы жарналарының және осы Заңның 22-4-бабының 1-тармағына сәйкес есептелген өсімпұлдың толық және уақтылы төленуін бақылауды Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес салық органдары жүзеге асырады.
6. Міндетті зейнетақы жарналарын басқа адамдардың пайдасына төлеуге болмайды.
7. 2005 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша әлеуметтiк жеке коды және (немесе) салық төлеушiнiң тiркеу нөмiрi және (немесе) жинақтаушы зейнетақы қорларымен жасасқан зейнетақы шарттары жоқ бұрынғы қызметкерлердiң (Қазақстан Республикасының шегiнен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кеткен, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен хабарсыз кеткен немесе қайтыс болған деп танылған) кiрiстерiнен ұсталған мiндеттi зейнетақы жарналары Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен аударылады.
22-1-бап. Мiндетті зейнетақы жарналарының ставкасы
1. Жинақтаушы зейнетақы қорларына төленуге тиiстi мiндетті зейнетақы жарналары осы баптың 3-тармағына сәйкес айқындалатын тәртіппен зейнетақы жарналарын есептеу үшiн қабылданатын, қызметкердiң ай сайынғы табысының он процентi мөлшерiнде белгiленедi. Бұл ретте, мiндетті зейнетақы жарналарын есептеу үшін қабылданатын ай сайынғы табыс тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген жалақының жетпіс бес еселенген ең төменгi мөлшерден аспауға тиiс.
1-1. Қазақстан Республикасынын судьялары үшін жинақтаушы зейнетақы қорларына республикалық бюджет қаражаты есебінен судьяның ай сайынғы кірісінін он проценті мөлшерінде міндетті зейнетакы жарналары қосымша белгіленеді.
Судья келеңсіз себептер бойынша қызметінен босатылған кезде көрсетілген жарналар республикалық бюджетке алынады.
2. Адвокаттар, жеке нотариустер, сондай-ақ жеке кәсіпкерлер үшiн жинақтаушы зейнетақы қорларына өз пайдасына төлеуге жататын, салық кезеңінің әрбiр айы үшін есептелетін мiндетті зейнетақы жарналары мәлімделетін табыстың он процентi мөлшерiнде, бiрақ тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңмен белгіленген жалақының ең төменгi мөлшерінің он процентінен кем емес және жалақының жетпiс бес еселенген ең төменгі мөлшерiнiң он процентінен жоғары емес болып белгiленеді.
Арнаулы салық режимін қолданатын шаруа (фермер) қожалықтары үшiн шаруа (фермер) қожалығының кәмелетке толған мүшесінің (қатысушысының) және басшысының пайдасына жинақтаушы зейнетақы қорларына төлеуге жататын, салық кезеңiнің әрбiр айы үшін есептелетін мiндетті зейнетақы жарналары тиістi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңмен белгіленген жалақының ең төменгi мөлшерінің он процентiнен кем емес және жалақының жетпiс бес еселенген ең төменгi мөлшерінiң он процентiнен жоғары емес мөлшерде белгiленедi. Шаруа (фермер) қожалығының кәмелетке толған мүшелерінің (қатысушыларының) пайдасына міндетті зейнетақы жарналары олар кәмелетке толған жылдан кейінгі күнтізбелік жылдан бастап есептелуге және төленуге тиіс.
Арнаулы салық режимін біржолғы талон негiзiнде қолданатын жеке тұлғалар үшін жинақтаушы зейнетақы қорларына өз пайдасына төлеуге жататын мiндеттi зейнетақы жарналары бiржолғы талондар сатып алынатын әрбiр отыз күнге есептелетін, тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңмен белгiленген жалақының ең төменгі мөлшерiнiң он процентi мөлшерiнде белгіленедi.
Дара кәсіпкер, адвокат және жеке нотариус жинақтаушы зейнетақы қорларына өз пайдасына міндетті зейнетақы жарналарын есептеу үшін дербес айқындайтын табыс мәлімделетін табыс болып табылады.
3. Мiндеттi зейнетақы жарналарын есептеп шығарудың, ұстап қалудың (есептелуінің) және аударудың тәртiбi мен мерзiмдерiн Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейдi.
Достарыңызбен бөлісу: |