Қазақстан Республикасындағы ұлттық идеяның қалыптасуының негізі” атты Жобасына сәйкес дайындалып, Университеттің ғылыми кеңесінде бекітілген. Рецензенттер: С.Қирабаев, ҚР ҰҒА-ның академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор


“ЕЛ ҰСТАП, ТӨРЕЛІК ЕТКЕН ...ҚАҒАНДЫ ХАЛЫҚ»



бет12/33
Дата09.06.2016
өлшемі2.55 Mb.
#126025
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   33

2. “ЕЛ ҰСТАП, ТӨРЕЛІК ЕТКЕН ...ҚАҒАНДЫ ХАЛЫҚ»


(немесе көне түркi жазба ескерткiштерiндегi билiк нысанасы)

Әлем кеңiстiгiндегi сана жүйесiнiң саңлауы ашылғаннан бергi адамзат атаулының мәңгiлiк нысанасына айналған және бүгiн де, ертең де, келер замандарда да түйткiлi түйсiгiнен кетпейтiн мәңгiлiк алаңы мол аңсардың бiрi – билiк тұтқасы және сол билiктiң иесi туралы әфсаналық уағыздар. Қадымнан қазiрге дейiнгi дүние тарихы - осы бiр қасиеттi де қажеттi және сондай қатал да қанқұйлы мәселенi шешу жолындағы ғарасат майдандарының қақтығысынан тұратын сақна сияқты. Бесiктегi баланың еңбегiнде бүлкiлдеген “меннен” басталып, тақтың төрiндегi “Мен!” мен тұйықталатын психологиялық пиғыл мен философиялық пайымдаулардың өзi қазiргi кезеңде бiрiнiң толғамын бiрi қайталап, тек ұғымдық және терминдiк жаңғыртулардың тоғысына айналып, тығырыққа тiрелген жайы бар.

Дүние ғұламалары әлмисақтан берi күштi де әдiл билiктiң тұтқасы туралы толассыз толғанып келе жатқанымен, монархия, диктатура, демократия деген билiктiң үш түрiнен өзге мемлекеттiк басқару жүйесiн ойлап тапқан жоқ. Қоғамтанушылар мен дiни миссионерлер ұсынған: “Адамдар бiр бiрiмен санаса отырып, саналы түрде бiр-бiрiне тәуелдi өмiр сүретiн бүкiл әлемдiк нысана” жөнiндегi идеяның халықаралық идеологияға айналғанына ширек ғасыр өтсе де, жалпыға ортақ билiктiң үлгiсi әлi күнге дейiн тұжырымды түрде тиянақталмай келедi. “Ғаламдастыру үлгiсi”, “Әлемдiк саясат форумы”, дүние жүзi президенттерiнiң “Монблан-форумы” iспеттi саяси қозғалыстардың өзi әлi де ниет пен тiлек дәрежесiнен аса алмай жатыр.

Бұл аңсар әлi талай ұрпақтың ақылын сауып, санасын сарқатыны сөзсiз. Оған күмән жоқ. Исi адамзат әлемдiк абсолюттiк әдiл билiк иесiн танып, табу үшiн қаншама сарсаңға түспедi. Алайда ондай былғақты дерттiң дауасының табыла қоюы неғайбыл. Бiрақ оған ұмтылмаса қоғам да, өркениет те тоқырайды. Тәуелсiз ұлт пен дербес мемлекеттер өмiр сүрiп отырған кезде, бүкiләлемдiк абсолюттiк билiк ешқашанда орнамайды. Ол үшiн исi адамзатқа ортақ рухани мүдде қажет. Нәсiлдiк, тектiк, ұлттық, таптық, дiни алшақтықтар қарама-қарсы тайталаста тұрған шақта ондай “қиялдағы патшалықтар” өмiр сүруге дәрменсiз. Кешегi социалистiк қоғам да соның бiр “елесi”. Демек, билiк дегенiмiз жай ғана әкiмшiлiк-әлеуметтiк қана ұғым емес, ол тамырын Тәңiрiден тартатын танымдық киелi нысана.

Бұл талпыныстардың барлығы да көне түркі жазба ескерткiштерiндегi “мәңгiлiк ел” нысанасын еске салады. Бүгiнгi “ғаламдастыру” идеясының түпкi тамыры сонда жатыр. Сол “мәңгiлiк ел” үлгiсiн жете зерттеген көне қытай қайраткерлерi бiздiң жыл қайыруымыздан төрт жүз жыл бұрын жүз жыл соғысып жүрiп қазiргi орталық мемлекеттi құрды. Бесiншi ғасырда Едiл патша әлемдiк қайта қоныстанудың көшiн бастап, Римнiң құлдық қоғамын құлатып, Еуропадағы империялық билiктi қалыптастырды. Көк түрк қағанаты сол “мәңгiлiк елдiң” әлемдiк алғашқы үлгiсi едi. Арғы тегi Алтынорда мырзаларына апарып тiрейтiн князь Трубецкийдiң еуразиялық идеяны ұсынуы да сондықтан. Кезiнде оған төбе шашы тiк тұрған саясатшыл ойшылдардың өзi қазiр бұған ерекше ден қойып, “мәңгiлiк ел” нысанасы туралы пайымды көзқарастар бiлдiре бастауы таным шындығын мойындаудың бiр белгiсi. Атты әскер, желектi найза, үзеңгiлi ертоқым, дөңгелектi арба арқылы сол дәуiрдiң даму деңгейiн жаңа сатыға көтердi. Мұның барлығы қазiргi замандағы атом бомбасының дүниеге келуiмен тең құбылыстар болатын. Бұрын жеке пiкiр ретiнде айтылып жүрген Едiл мен Шыңғысхан, Ақсақ Темiр “әлемдiк өркениеттiң билiк үлгiсiнiң негiзiн қалаушылар” деген ой ендi ғылыми тұжырым есебiнде ұсынылып жүр. Өйткенi, түрк тектес осынау тұлғалар құрған қағанаттан кейiн әлемдiк билiк санасы өзгеше сипақа ие болып, жаңа қоғамдық құрылымның (формация) негiзi қаланыпты.

Өкiнiштiсi сол, сондай ұлы қоғамдық сiлкiнiске қозғалыс берген түркі жұртының өзi “мәңгiлiк ел” нысанасы мен “тәңiр тектi бiлге қағандық билiк” кеңiстiгiнiң тылсымынан шыға алмай, әлемдiк тарих көшiнен жиi-жиi оқшауланып қала берген. Жұбаныштысы сол, бұл нысана мүлдем ұмытылып қалмай, әрбiр үш жүз - төрт жүз жылда ұрпақ санасында жаңғырып, тарих сақнасына жаңа бiр тұрғыдан және тосын тұстан оралып отырған. Тарғытайдан Алып Ер Тоңаға, Тұманнан Тоныкөкке, Тоныкөктен Темiрге, Қасым мен Жәнiбектен Абылайға, Абылайдан Кенесарыға дейiнгi билiк тiзгiнiң киелi нысаны ешқашанда үзiлген емес. Билiктiң бүкiл нысанасы бiрлiкке және сол бiрлiктiң кепiлi қағанға қаратылды. Қандай тарихи сiлкiнiстер мен сүргiлердi басынан кешсе де өзiнiң барлық даму сатысында үнемi “күллi түрк халқы: ”Елдi халық едiм, елiм қазiр қайда, кiмге ел-жұрт iздермiн? Қағанды халық едiм, қағаным қайда, қандай қағанға күш-қуатымды беремiн?” - дестi” (“Күлтегiн”, үлкен жазу).

Кешегi жыраулар мен “зар заман” ақындарының, Абай мен Мағжанның түпкi рухани тұтқасы да сол “елдiк, қағандық” идеология. Абай тiптi бұл нысананы барынша ашық бiлдiрiп:” Не болады өңшең ноль, билемесе бiр кемел” - деп тереңдетiп әкеттi. Себебi, түрктiк таным бойынша қағансыз, хансыз ел – ең тексiз, қасиетсiз жұрт. Ондай ұлысты кемсiте сөйлеп: “Хан сайлап, хан силап көрмеген қара табан құл”- деп қарайды. Ал хан сайлаған елдi .”Бiлге қағандары болған, алып қағандары болған ел екен. Әмiршiлерi де бiрге болған екен. Бектерi де, халқы да сенiмдi екен. Сол үшiн елiн сонша ұзақ билеген екен. Ел ұстап, төрелiк еткен қағанды халық екен” (“Күлтегiн”, үлкен жазу) деп асқақтата қадiр тұтқан. Қағанды ел – еркiн ел, төңiрегiмен терезесi тең ел. Тәуелсiз ел ғана – “мәңгiлiк ел”.

Сондай мәңгiлiк қасиет пен билiкке ие қағанаттың тарихи мұрагерiнiң бiрi – қазақ ұлты. Себебi, мұрагерлiктiң басты шарты – бас еркiндiгi. Ал кез-келген қазақ ”Тебiнгiден ала балта суырысып, тепсiнiсiп келгенде, тең атаның ұлы. Бiрiнен екiншiсiнiң дәрежесiн артық етсе – Тәңiрi еттi”. Тәңiрдiң өзi берген билiкке – талас жүрмейдi. Сондықтан да қазақ қауымы ешқашанда құл ұстамаған және құлдық қоғамды басынан кешпеген. Тәңiрiмнiң өзi бәрiн тең жаратқан. Кез-келген қара өлеңшiнiң өзi “арғы атамнан қаракөк үзiлген жоқ!” - деп топ алдында емiн-еркiн көсiлте жөнелуiнiң өзiнде сондай танымдық-әлеуметтiк, тектiк теңдiк психологиясы жатыр.

”Қаракөк” деген ұғым – қасиеттi тектiң баламасы, “мәңгiлiк ел мен мәңгiлiк билiк иесiнiң” ұрпағымын деген киелi ұғым. Түрк қағандарының осындай ерекше жаратылысы туралы аңыздар еуразиялық елдерге де тарап, “голубой кровь” деген термин қалыптасты. Қазiр бұл атаудың түрк қауымынан ауысқанына ешқандай тектi тұқым қарсы уәж айта алмайды. Тарғытай да, Алып Ер Тоңа да, Оғыз қаған да, Едiл де, Бумын да, Күлтегiн де, Шыңғыс хан да Көктен жаралған, яғның, “мәңгiлiк көктiң” тұқымы. Ендеше ол қасиет ешқашанда үзiлмейдi. Қағанға қарсы келу – Көкке, Көктәңiрiне қарсы келу. Ондай мемлекет сөзсiз жойылады.

Мұндай танымдық талқының, билiк қақындағы барлық тұжырымның түпкi түйткiлi - тектiк түйсiкке барып тiреледi. Ұлттық тәуелсiздiк нысанасы дегенiмiздiң өзi де “бүкiл әлемдiк үлгiге” деген ұлттық мойынсынбау. Абай да орыс билiгiне тұщынбай “Қасым ханның қасқа жолын”, “Есiм ханның ескi жолын”, Әз Тәукенiң тұсындағы “Күлтөбенiң басындағы күнде кеңестi” үлгi тұтып, “татымды толық билiктi” жақтады.. Ал бұдан бұрынғы дәуiрдегi қазақ халқының танымындағы түпкi нысана - “түгел сөздiң түбi бiр, түп атасы Майқы би” едi. Оның арғы тегi “ақыл иесi, сөз иесi – Тоныкөк” болатын. Сол Тоныкөк абыз: “Тәңiрi ақыл берген соң оны (Елтерiстi) қаған еттi. ...Түрiк сiр халқының жерiн жат баспасын дедi. Дұшпанды жояйық дестi. Осы сөздi естiп ..сонда ақылгөйi, дем берушiсi Тоныкөк Елтерiс қаған үшiн, Түрк Бөгi қаған үшiн, Түрк Бiлге қаған үшiн, Қапаған қаған үшiн түнде ұйықтамады, күндiз отырмады. Қызыл қанын төктi, қара терiн ағызды, күш-қуатын аямады... Кiнәлi жауларын алдына келтiрдi. Қарулы жау келтiрмедi, атты әскер жолатпады. Елтерiс қаған жауламаса, оған ерiп Тоныкөк жауламаса Елi, халқы жойылар едi... Тәңiрi мен Ұмай ана, қасиеттi Жер-Су жеңiс бердi. Соның нәтижесiнде Елi қайта Ел болды, халқы қайта халық болды Түрк Бiлге қаған сiр халқын, оғыз халқын көтерiп ұстап отырды” (“Тоныкөк” жазуы. М. Жолдасбековтiң аудармасы).

Демек, қадым заманнан бастап бүгiнгi күнге дейiнгi ел арманы – хан сайлау, яғный, Абай айтқан “бiр кемелге татымды толық билiктi” беру. Бұл көшпелi әскери демократияның - көк түрк қағанатының көкейкестi киелi мақсаты, сонау түп-тұқиянызмыздан келе жатқан елдiк аңсар. Ел ағасын таңдап сайлау және соған бүтiндей бойсыну – “мәңгiлiк ел мен мәңгiлiк билiктiң” басты шарты. Абайдың ”Танымадық, жарымадық, жақсыға бiр iргелi. Қолына алып, пәле салып, аңдығаны өз елi”- деуiнде осы ұлы аңсардың сарыны жатыр. Билiктiң дәмiн бала жасынан татып өскен дала данышпаны билiктiң бiр қолда болғанын және сол билiк иесi бүкiл жамағатын “өз бауырым” деп қарауын армандайды. Негiзсiз армандап отырған жоқ. “Мәңгiлiк елдiң” иесi Бiлге қаған өз жұртына: “Тәңiр тектi тәңiрi жаратқан мен Түрк бiлге қаған бұл шақта таққа отырдым. Сөзiмдi түгел естiңдер бүкiл жеткiншегiм, ұланым, бiрiккен әулетiм, халқым!”- деп (“Күлтегiн”, кiшi жазу) барша елiн бауырына баса сөйлейдi.

Мiне, “мәңгiлiк елдiң” билiк иесiне қоятын ең басты талабы осы. Елiне емiренбеген ер ел басқара алмайды. “Елiм!” деп айту үшiн де ерекше құқық пен пәрмен, мейiрiм-қайырым, әдiл билiк берiлуi тиiс. Өйткенi, “қаған – елдiктiң белгiсi” (Сонда). Бұл қасиеттi нысана мың үш жүз жылдан кейiн де жалғасын тапты. Тәуелсiз қазақ елiнiң Ата заңындағы: Президент – мемлекеттiң тәуелсiздiгiнiң кепiлi – деген анықтама сонау көне түркi қағанаты тұсындағы “мәңгiлiк ел” нысанасымен тiкелей астасып жатыр және ол заңды да. Бұл жалпы қазақ ұлтының қандай телiмге түссе де рухани тамырының заманалар бойы үзiлмей келе жатқандығын танытатын тұспалды тарихи тұжырым. Әлемдiк ғаламдастыру жүйесi тұсында ел есесiн жiбермейтiн саяси, тектiк, танымдық ұлттық мүддемiздiң күретамырлы мақсаты да осы болса керек. Мұндай қасиеттi кепiлдiксiз жат жұртпен қауымдасуға ұмтылу “Тоныкөк” ескерткiшiндегi: ”Хандығыңды тастап... ханыңды тастап бағындың. Бағынғаның үшiн Тәңiрi сенi өлiмшi еттi. Түрк халқы қырылды. Әлсiредi, жойылды. Түрк-сiр халқы жерiнде тiршiлiк қалмады”- деген ескертудiң керiн құшу деген сөз. Тәуелсiздiк Тұжырымдамасындағы “саналы түрде жақындасу” деген пiкiр тек саясат үшiн ғана айтыла салмағанын есте ұстауымыз қажет.

“Байырғы түрк өркениетiнiң жазба ескерткiштерiндегi” басты өсиет пен одан алатын тағылымның бiрi де бiрегейi де “мәңгiлiк ел” мен “мәңгiлiк билiк” нысанасы. Бұл екеуi де елдiктiң кепiлдiгiн бiлдiретiн киелi ұғымдар. Сол ұғымдарды елдiң еркiндiгi мен игiлiгiне жұмсау үшiн “мәңгiлiк билiк иесiне” бес түрлi қасиеттi парыз жүктейдi. Ең ұлы аманат – “Жер-Суды иесiз қалдырмау, халқын құтты қонысқа қондыру”. Қандай да тарихи сiлкiнiстер мен тебiнгiнi басынан өткiзсе де: ”Елсiреген, қағансыраған халықты, күңденген, құлданған халықты, түрк иелiгiнен айырылған халықты ата-баба мекенiне қайта орнату.” Түрк жұрты ата жұртында “Өтүкен қойнауында отырса ғана Мәңгiлiк елдiгiн сақтайды” (“Күлтегiн”). Ол үшiн билiк басында “бiлгiр қағандар, алып қағандар, ақылды кiсiлер, батыл кiсiлер” Жер-Су үшiн Тәңiр атынан кепiлдiк беруi тиiс. “Мәңгiлiк билiктiң” екiншi шарты, бүгiнгiше айтқанда, елдi экономикалық тәуелсiздiкке жеткiзу. “Алтын, күмiс, дақыл, жiбек берiп алдған, сөзi тәттi, бұйымы асыл елдiң” ырқында кетiп, “қызыңды күң, ұлыңды құл етiп алмау”. “Азды көбейту, ашты - тоғайту, күңiңдi – күңдi, құлыңды-құлды ету”. Үшiншi кепiлдiк - ел бiрлiгiн сақтау. Өйткенi, “Бектерiнiң, халықтарының ымырасыздығынан, табғаш халқының тепкiсiне көнгендiгiнен, арбауына көнгендiгiнен, iнiлi-ағалының дауласқандығынан, бектi халқының жауласқандығынан түрк халқы елдiгiн жойды”, алғашқы түрк қағанаты құлады. Егерде ауыз бiрлiгi болса, қағанын тыңдаса, ”Төбеңнен Тәңiрi баспаса, астыңнан жер айырылмаса, түрк халқын, ел-жұртын кiм қорлайды?” (“Күлтегiн”). Ешкiмде. Төртiншi – салт пен дәстүрдi сақтау кепiлдiгi. Билiк иесi жатқа “жақын қонып, сосын олардың әдепсiз қылықтарын үйренуге пәк қыздарының – күң, бек ұлдарының құл болуына, түрк атын жоғалтып, жат ұлттың атын иемденуге” жол бермеуi тиiс. Бұл мәселе өзiнiң мән-маңызын бүгiн де жойған жоқ. Тiптi түрк қағанаты тұсындағыдан да көрi қағынып тұрған қандауыр жайт. Бесiншi кепiлдiк - әдiл де әдептi билiк. Түрк қағанатындағы 28 билiк сатысы болған. Соның әр сатысына лайықты адам сайлау. “Оңындағы – шад пен бектердi, солындағы тарқан мен бұйрық бектердi, отыз тоғыз бектiктi” халық алдында тағайындап, олардың адалдығына кепiлдiк беру. Бұл билiк дәрежесiн Шыңғыс хан өзiнiң “Жасы” арқылы одан әрi жетiлдiрдi, алайда ол құрылым Абылай заманына дейiн еш өзгерiссiз қолданылып келдi. Өкiнiшке орай, “мәңгiлiк ел мен мәңгiлiк билiк” нысанасын негiздеген көк түрк қағанатының түбiне де осы “билiк кепiлдiгiнiң” дұрыс сақталмауы жеттi. Тоныкөктiң қызы, Бiлге қағанның бәйбiшесi Бөпе патшайым оң қол мен сол қолдың билiк тәртiбiн бұзып, мұрагерлiк заңға қиянат жасағандықтан да қағанаттың шаңырағын ортасына түсiрдi. Өзi ата жауы табғаштардың кепiл ханшайымы болып, мәңгiлiк бодандықтың құрсауында қалды.

Мiне, байырғы көне түркi өркениетiнiң жазба ескерткiштерiн қайыра бiр оқығанда ойға оралған пiкiрлер осындай. Ондағы бабалар өсиетi бүгiнгi күннiң көкейкестi мәселелерiмен тiкелей астасып жатқаны ұрпақтар арасындағы тарихи-танымдық сабақтастықты аңғартады. Астананың төрiне орнаған Күлтегiннiң көктасы бiздiң “мәңгiлiк ел” туралы тарихи жадымызды жаңғыртып, рухымызға рух қосады, өткенiмiздi ұмыттырмай, ертеңiмiзге еңсемiздi биiктетiп апаруға тың күш бередi деп сенемiз.


Тамыз. 2001 ж.

ІІ БӨЛІМ
ҰЛТТЫҚ ИДЕЯ

(Сауалға жауап)


Идея – мәңгілік. Идеология – өтпелі әрі онда шектеулі шекара бар. Әсіресе, жас мемлекетке идеология керек. Себебі: біріншіден, біздің ұлттық мәдениетіміз, санамыз заман өзгерген сайын сырттың ықпалына түсті. Күлтегін мен Тоныкөктің сына жазуындағы ұлы идея – тәуелсіздік идеясы бүгінгі заманға сол қалпында жеткен жоқ. Өзгерістерге ұшырады. Дін, киім үлгісі, әскери жасақ құрылымы, ән-күй, тілдік қолданыстағы иірімдер мен түсініктер, билік құрылымы, заң мен дәстүрдің арасындағы байланыс, тағы да басқа саладағы ұлттық сипаттарымыз ежелгі үлгіде сақталмай, сүзгілерден өтті. Сондықтан да, ең алдымен, тәуелсіз ойлау жүйесін санамызға сіңіруіміз керек.

Бұл өмірдің де, мемлекеттің де барлық құрылымын камтыған өте нәзік әрі кірпияз мәселе. Мұның құрамына мәдениеттің күллі саласы кіреді. Тарихи таным, азаматтық мойынсұнбау, тұлғаның тәуелсіздігі, әдебиет пен өнердегі ұлттық рух, заң баптарының ұлттық дәстүрге бейімделе жасалуы іспетті шағымды салалардың бәрін үйлестіріп барып тектік қасиеттерімізді таба аламыз. «Адам мен қоғамның мәдениеті», оның ішінде отаршылдық ықпалдан жаңа құтылған ұлттық, тәуелсіз мемлекеттің «өткендегі өксікті өмірінен келбетті келешекке» бет алған мақсатты жолы сонда ғана барқадам таппақ. Мысалы, үлгі тұтып отырған Американың кез келген азаматымен пікір алысыңызшы: мейлі сауда-саттық, мейлі өнер, мейлі ғылым, мейлі жан-жануар әлемі туралы болсын, бәрібір, ол ең бірінші бұл қозғалған мәселе Америкаға қандай пайда әкеледі, оның мүддесіне сай келе ме, жоқ па, алдымен соны ойлайды. Әбден көзі жеткен соң барып әңгімеге араласады, шешім қабылдайды. Ал біздің азаматтардың ойына ол кіріп те шықпайды. Мәселен, біздің Ата Заңымыздың не кәдімгі заңдарымыздың қайсысы ұлттық дәстүрге негізделген? Егерде, тергеуші не сот қажет деп тапса, сіздің берген сүйіншіңіз бен көрімдігіңізді, беташарыңызды, байғазыңызды пара есебінде іске тіркейді. Ал қазақтың қай қуанышы мұндай кәдесіз өтеді? Сонда бүкіл ұлт парақор болып есептелуі тиіс пе? Демек, біздің қылмыстық заңдарымыздың өзі өзге ұлттың заңының ықпалымен жасалған, яғни, қазақ, ұлтының дәстүрін жат жұртқа тәуелді етіп тұр. Немесе өнер мен көркем сөз саласын алайық. Біз кез-келген шығарманы бағалағанда оны еуропалық өлшеммен салыстырамыз. Дұрыс қой. Бірақ... қазақтың өз таным әлемі тұрғысынан алғанда талай-талай қиянаттарды жасап жүрміз ғой. Егерде белгілі бір кейіпкер – бидің, ағайынның бір ауыз сөзіне тоқтап, оқиғаның шешімі әлгі кесіммен аяқталса, оңда міңдетті түрде жазушыны көркемдік шешімді таба алмаған деп сынаймыз. Ол қалайда өліп, не өлтіріп тынуы керек. Бұл өмірлік шындыққа жанаса ма, әлде дәстүрге жат па? Мәселе – біз өнердің заңдылықтарын жаттың көзімен жаттап өсіп, соны заңға айналдырдық. Демек, біздің санамыз да тәуелді. Сол арқылы мәдениетіміз де тәуелді.

Міне, осындайдан барып ұлттық сана мен тәуелсіз ойлау жүйесін қалыптастыру қажет деген пікір туындайды.

Екінші мәселе – тілдік жүйеміз бен ұғымдарымызды тәуелділіктен құтқаруға әкеп саяды. Тіл – ұлттың еркіндігінің нысаналы белгісі. Тәуелсіз мемлекеттің тәуелсіз ойлау жүйесімен қоса тәуелсіз тілдік жүйесі де мүлтіксіз қызмет етуі шарт. Ол – Отанның бейнесі. Отан деген ұғым осы тілден, содан кейін жерден, содан кейін азаматынан басталады. Тіл – бәрінің бастауы. Егер тіліміз тәуелді болса, онда Отанымыздың да тәуелді болғаны. Біз қазір тілді тек саясат дәрежесінде ғана түсініп, саяси тұрғыдан ғана оның мүддесін қорғап келеміз. Бұл қалыптасқан тарихи тәуелділіктен құтқарудың ең қажетті шарасы. Алайда, Тіл комитеті төрағасының алдына барғанда төрттағандап төменшіктеп қалатын, төраға қол қоюы үшін ондағы сөздің міндетті түрде тәржімаланып баруына мәжбүр болған тілді – тәуелсіз мемлекеттің тәуелсіз тілі деуге бола ма? Жарайды, бұл саяси мәселе болсын. Ал тілдің өзінің даму мәдениетіне назар салайықшы. Біз сөйлеу тілімізде кешегі Абай мен Мұхтар Әуезов қолданған сөздердің қанша мөлшерін қолданып жүрміз?

Бейнелі сөзді жазушылардың есесіне қалдырайык, тура бүгінгі базар бағасы билеген кезеңге сай қолданыстарды алайықшы. Бедекші, жайма базар, көтерме базар, көтек базар, қара базар, шеркет, майда-шүйде дүкені, айырбас дүкені, есеп-қисап деген сөздерді күнделікті әңгімемізде сіңісті етіп пайдаланып жүрміз бе? Өлі сөз, өлі тіл деген содан шығады. Аударма сөздерден көз сүрінеді. Не тура мағынасын бермейді. Газеттің өзін әзер түсінесің. Ал мектеп окулықтарын, оның ішінде бесінші кластың есеп кітабындағы мысалдарды өз басым түсіне алмай-ак, қойдым. «Өлшеме» деген не? Сөйтсем, мөлшер екен. Сонда кешегіден келген рухани мәдениетіміздің көзі – тіл күні ертең қандай болмақ? Егер осы бағытпен кете берсек, тура жарты ғасырдан кейін қазіргі қазақтар мен сол кездің қазақтарының арасындағы тілдік айырмашылық қырғыз бен қазақтың арасындағы айырмашылықтай алшақтыққа жетуі мүмкін. Мен «өлшем» деймін, олар «мөлшер» дейді, немесе керісінше... Ұлттық тіл мәдениетін жетілдірмей ешқашан да мәдениетті ел атанбаймыз. Сондықтан да, тілдің саясаттағы орнын іздеумен қатар, тілдің мәдениетін дамытуға да аса кірпияздықпен әрі мемлекеттік жауапкершілікпен қарау қажет. Қазіргі жиырма бес жастан аспаған ұл-қыздарымыздың қайсысы мақалдап, мәтелдеп сөйлейді? Ал мәтел – сөздің мәйегі емес пе? Ондай тіл – жүнін жұлған тауыққа ұқсап тұрмай ма?

Үшінші, бір адамның ішкі мәдениетіне қатысты мәселе – жеке адамның жауапкершілігі. Бұл – өзіміздің тауып алған дертіміз. Мәселен, ата-бабаларымыз: «Пәленше пәлен депті, түгенше түген екен» – деуі арқылы сол адамның авторлық құқына сілтеме жасап, сөзін, іс-әрекетін мойындап әрі оны жұртқа жайып келді. Ал қазір пәленнің пікірі деген сөзді ұмыттық. Бұл – тобырлық сана. Әр адам өзінің «мені» мен өзгенің «менін» айырмай, не қорғамай мәдениетті бола алмайды. Бұл тұлғаның, ұлттық тұлғаның қалыптасуына, сол арқылы ұлтымыздың өзіндік жеке мәдениетінің қалыптасуына кесірін тигізеді. Иесіз идея да, сөз де, пікір де болмайды.

Міне, қадымнан қалған осы үш қасиетті бүгінгі қоғам мүшелері мен ертеңгі ел иелерінің бойынан көргім келеді. Ол үшін ұлттық (мемлекеттік емес) идеология керек. Ал мемлекеттік идеология – диктатура мен деспотизмге жетелейді. Себебі, мемлекет – билік құралы. Демек, барлық идеология сол билікке қызмет етеді. Ал ұлттық идея мен идеология сол елдің азаматтарының мүддесін қорғайды. Оған барлық ұлт өкілдерінің тікелей қатысы бар. Билік емес, адам тағдыры бірінші орынға шығады. Дәл осы заманда теледидарға иелік жасай алмаған мемлекет – мемлекетке де ие бола алмайды.
«Қазақстан», 2001.

ӘЛИХАН БӨКЕЙХАНОВ ЖӘНЕ БІРТҰТАС АЛАШ ИДЕЯСЫ


Мен оппозиционер емеспін, қазақ мемлекетіне ешқашанда оппозиционер болмаймын, бірақ өз отанымның тағдырына қатысты, оның ішінде «Алашорда» мен Әлихан Бөкейхановты «рушыл», «жүзшіл» етіп көрсетуге тырысып, сыпсың таратып жүрген қасиетсіздікке төзгім де келмейді. Сол пікірді оңаша пыш-пыштап айтып, интернет арқылы таратып жүргендердің өзі нағыз «сасық рушыл», ұлттық иедеяны аздырушылар және кезінде айтылып жүрген: қазақ өзін өзі билей алмайды, оларды ру арқылы таластырып, тәуелсіздігін әлсіретіп, қайтадан Ресейге тәуелсіз ету керек – деген тоқсаныншы жылдардағы Кеңестік одақты жақтаушылар жасаған 950 әскери-саяси доктринаның жеміс бере бастағаны деп санаймын.

Бұл доктринаның басты түйткілі – мемлекетке ұлтсыздық идеясын сіңіру болатын. Ал ондай идея бар ма еді. Бар еді. Ол, 1905 жылдан бастап аса ықтияттылықпен саяси күрес нәтижесінде жасалған, 1917 жылы «Алаш» партиясы құрылу арқылы нақты мемлекеттік иденың негізін қалаған БІРТҰТАС АЛАШ ИДЕЯСЫ. Онда алаш қайраткерлерінің барлығының демі мен аңсары бар, ал ол идеяның ұйытқысы, тарихшы Мәмбет Қойгелдиев дәл тауып айтқанындай, қазақ қоғамының Сун Ят сені мен Махатма Гандиі – Әлихан Бөкейханов болатын. Мен бұл арада Сәлімгерей Жантөриннің «Автономия» атты еңбегінен басталатын ұлттық тәуелсіз сана туралы тарихи тәпсірлерді қазбалап жатпаймын, өзіме жақын, өзім қырық жыл бойы зерттеген ұлттық идея – Алаш идеясы және Бөкейханов деген мәселеге ғана қысқаша тоқталып өтемін.

Сіздерге жақсы таныс, 1917 жылы шілде-тамыз айларының өліарасында Жалпылқазақтық І құрылтай шақырылып, «Алаш» партиясы тарих сахнасына шықты. «Алаш» партиясының ұлттық ұстанымы бес түрлі тұжырымға негізделді.

Бірінші ұстаным: жер, жер және жер. Жерсіз Отан жоқ. Әлихан Бөкейхановтың ұйғарымы бойынша: «Қазақтың байырғы жерін қашан қазақтар өз бетінше ғылым мен техникаға сүйеніп толық игермейінше, жер жеке меншікке де, қоныстанушыларға да берілмейді».

Яғни, бұл ұстаным: Жер – Отан, ал Отанды сатуға да, жеке меншікке айналдыруға да болмайды. Сол жер үшін әр қазақтың намысы жыртылып, ол жерге әр қазақтың тері мен қаны төгілген – деген тұжырымға саяды.

Екінші ұстаным: жердің астындағы, үстіндегі, аспанындағы барлық игілік қазақ мемлекетіне қызмет етуі керек. Ә.Бөкейхановтың айтуынша: «Оның әр бір түйір тасы әр қазақтың өңіріне түйме болып қадалу керек» болатын.

Яғни, бұл өз жерінің игілігін – әуелі өз елі игілігіне айналдырсын, одан асса ғана жатқа салауат деген емеуірінді танытады.

Абай данышпанның:

Өздеріңді түзелер дей алмаймын,

Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың, –

дегеніндегі «ырық» – осы ырық.

Жердің астына, үстіне, аспанына иелік ете алмасаң – ырықтың кеткені сол емес пе?!.

Үшінші ұстаным: Ә.Бөкейхановтың жобасы бойынша, «Қазақтың жерінде өндірілген «бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып киілуі» керек, яғни, толықтай экономикалық тәуелсіздік пен бірлікке қол жеткізуге ұмтылуы тиіс еді.

Тағы да сол Абай:



«Бірлік – ақылға бірлік, малға бірлік емес. Малыңды беріп отырсаң: атасы басқа, діні басқа, күні басқалар да жалданып тірлік қылады. Бірлік сатылса – антұрғандықтың басы осы. Ағайын алмай бірлік қылса керек», – дегендегі бірлік – осы экономикалық бірлік.

Ал біздегі сатылмайтын құндылық – тек «жалданып тірлік құру» ғана болып қалды.

Төртінші нысана: қазақ мемлекетінде мемлекет құрушы ұлттың тіл, дін, діл үстемдігі болуы керек, яғни, Х.Досмхамедовтің пайымдауына жүгінсек, «ұлттық мәдениет үстемдігі сақталуы» тиіс болатын.

Келгенде Жиенқұлға шықпайды үнім, –

деп Сара ақынның сал Біржанға қарата айтқанындай, бұл үш мәселеге келгенде, біздің де үніміз шықпайды.

Егер қоғамның дамуы осы бетімен кете берсе, күні ертең біз «Құранды» да орыс тілінде оқитын боламыз.

Бесінші, түпкі мақсат: тәуелсіз ғылымға, ұлттық салт, дәстүрге негізделген заңға сүйене отырып, Жапонияның үлгісіндегі ұлттық-демократиялық мемлекет құру еді.

Яғни, тағы да сол Х.Досмұхамедовтің пайымдауына жүгінсек:



«тәуелсіз сот құрылымы болады, тең және туыстық қарым-қатынастарды қамтамасыз ететін одақтық қағидаттар (заң) жасалады».

1990 жылғы «Қазақстанның суверенитеті» туралы мәлімдемеде қамтылған осы бес түрлі ұлттық ұстаным бұтақтала келіп, 2002 жылғы жерді сату туралы заң жобасынан кейін қазақ мемлекеті ұлттық идеядан толық арылып, беймарал мемлекеттің құрылымына көшті. Соншама азап шеге жүріп аңсаған тәуелсіздік идеясынан нағып соншама тез жеріндік? Ал «Жапония сияқты ғылымға сүйенген ұлттық-демократиялық мемлекет құру керек» – деген ұстаным үшін анық емес деректерге сүйенсек, 60 мыңдай адам «жапон шпионы» ретінде ату жазасына кесіліпті.

Жоғарыда айтылған ұстанымдарды таратып жатпайын. Ол ұзақ әңгіме. Саясат, экономика, қоғамдық даму дегенді былай қойғанда, біз өзіміздің тәуелсіз рухани тәрбиемізді қадірлей алмадық.

1.Қазір дәстүрсіз ұрпақ қалыптасып келеді. Бұл – үлкен рухани апат.

2. Тәуелсіз экономика мен тәуелсіз ғылым жоқ. Ал тәуелсіз ғылымсыз – тәуелсіздік те, зиялы да, болашақ та жоқ. Тағы да сол «сорлы» Абай:



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   33




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет