Қазақстан Республикасындағы ұлттық идеяның қалыптасуының негізі” атты Жобасына сәйкес дайындалып, Университеттің ғылыми кеңесінде бекітілген. Рецензенттер: С.Қирабаев, ҚР ҰҒА-ның академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор



бет13/33
Дата09.06.2016
өлшемі2.55 Mb.
#126025
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   33

«... малды сарып қылып ғылым табу керек. Ғылымсыз – ахирет те жоқ, дүние де – жоқ. Ғылымсыз – оқыған намаз, тұтқан ораза, қылған қажылық, ешбір ғибадат орнына келмейді», – дейді.

Біз сол ғылымды «малдың», яғни, бизнестің құрбандығына шалып отырмыз.

3. Ұлттық ұйытқының, мектептің, соның ішінде бастауыш мектептің ұлттық мәйегі ұйымаған. Ботаника пәнінен – Қазақстанның шөптерінің түрі мен атауларын, зоологиядан – Қазақстанның жан-жануар мен хайуанаттар дүниесін, жағырапиядан – жер мен су атауларын, жер қыртысының аттарын, астрономиядан – «он сегіз мың ғаламның» қазақша атауларын, тарихтан, өзгені былай қойғанда, қазақ хандығының құрылған жылы туралы нақты мәліметті таба алмайсыз (Бұл ретте тарихшылар әлі бір тоқтамға келген жоқ).

4. «Саудасы – ар мен иманы» – деп Абай айтқандай, дін – саясат пен бизнестің құралына айналды. Ұлттың өз дінін өзіне жиіркенішті көрсету ұстанымы жүргізіліп отыр (Дін туралы қабылданбай қалған ескі заң жобасы мен қолға алынып жатқан жаңа заңның сұлбасы солай деуге негіз қалайды).

5. Мемлекеттік Тіл – мемлекеттік қолданымнан шеттетіліп отыр. Мысал керек пе? «Кітап шығарудың қажеті қанша. Оны кім оқиды. Электрондық нұсқа бар» – дейтін министрлер мен ректорлар пайда болды.

6. Мемлекет – өз ұлтынан ажырай бастады. Екеуінің ойы екі басқа. Енді олардың басы қайта біріге ме, жоқ па? Әй, қайдам.

Бұның барлығы нені танытады? Жоғарыда атап өткенімдей, біздің тәуелсіз мемлекетімізде қарама-қарсы бағыттағы екі ұлттық ағымның қалыптасқандығын анық аңғартады. Ашығын айтайын, мемлекет халықтан ажырап қалды. Қазір мемлекет пен халық басқа: «Мемлекет тек реттеп отыруы керек. Қалғанын базардың өзі реттейді», – деп өзеурегендер, енді бірер жылдан соң халықтан мүлдем қол үзіп, тағы да сол Ленин айтқандай, «халық бұрынғысынша өмір сүргісі келмейтін, ал биліктегілер бұрынғысынша басқара алмайтын жағдайға» душар болары анық. Былтыр ғана болуы мүмкін болжам, биыл, шындыққа қарай бетін бұрып отыр.

Міне, Әлихан Бөкейханов ұйытқан Алаш идеясының негізгі мәйектері осындай.

Қазір ерінбеген – алашшыл болып алды. Мәселе ұранда емес, соны ұлттың діліне сіңіруде. Кейде, маған кеңес тұсындағы Балтық жағалауы, Өзбекстан, қазіргі Бельгия сияқты Үнсіз Азаматтық Мойынсынбау қозғалысын үнемі санада ұстаған дұрыс сияқты да көрініп кетеді. Осы орайда Әлихан Бөкейхановтың саяси көзқарасына қатысты, оны «массонға», «шоқыншыға», еуропашылдыққа, «рушылға» теңеп жүрген саяси сауатсыздық пен азаматтық жәдігөйлікке сәл ғана түсінік бере кеткім келеді.

Бірінші уәж: Әлихан Бөкейхановтың массондық идеяға қатысы қандай?

Әлихан Бөкейханов – ұлттық саясаткер. Ұлт тәуелсіздігі жолында ықпалы тиетін барлық мүмкіндікті пайдалануға мәжбүр. Ал 1905 жылы ұлттық автономия, патшаны тақтан түсіру, конституциялық демократия орнату, бұратана ұлттарға нәсіліне, дінінен қарамастан азаттық беру, өзінің даму жолын анықтауға ерік беру мәселесін кім көтерді? Кадет партиясы көтерді. Ендеше, «бұратана ұлттарға нәсіліне, дінінен қарамастан азаттық беру, өзінің даму жолын анықтауға ерік беруді» мақсат етіп қойған саяси партияның құрамына Әлихан Бөкейханов неге кірмеуі тиіс? Конституциялық демократия партиясы өзінің күрес жолына: адамға адам – бауыр, дос, бірің – бәрің үшін, бәрің – бірің үшін, нәсілдік, ұлттық, діндік, әлеуметтік теңдік, азаматтық қоғам сияқты тура өзіміз ұрандатып өскен коммунизмнің принциптерін негізге етіп алды. Міне, сол мақсатқа жету үшін Әлихан Бөкейханов кадет партиясына өтті. Бұл мақсатқа жету жолында бауырлас түркі халықтарының ұлт зиялылары да топтасты.

Соның нәтижесінде Ресей мұсылмандарының бірінші құрылтайын ұйымдастыруға мүмкіндік алды. Сол құрылтайда көтерілген жасыл тудың шылауымен 1917 жылы 1-11 мамыр аралығында Мәскеу қаласында өткен І Бүкілресейлік мұсылмандар құрылтайына Х.Досмұхамедов, Ж.Досмұхамедов, Ғ.Әлібеков, К.Жәленов, Ғұбайдолла және Дәулет ишандар, У.Танашев пен Ш.Бекмұхамедов қатысты. Бұл құрылтай Ресей бодандығындағы мұсылмандарды ғана біріктіріп қойған жоқ, сонымен қатар тәуелсіз республика туралы мәселе ашық мінбеде көтерілген тұңғыш бас қосу болды.

Ал1917 жылы Керенский:

«Түркістан мен дала облыстары Тула немесе Тамбов облыстары емес. Ағылшындар немесе француздар өздерінің отарларына қалай қараса, біз де оларға (яғни, қазақтарға – Т.Ж.) солай қарауымыз керек»,– деп мәлімдеме жасағаннан кейін Ә.Бөкейханов ресми түрде кадет партиясынан шықты.

Өйткені, бұл кезде қазақ арасында дербес партия құру мәселесі толық пісіп-жетілген еді. Ә.Бөкейханов өзінің бұл шешімін:



кадет партиясының мақсаты – ұлттық автономия жариялауға қарсы болғандықтан да, Алаш идеясына сәйкес келмегендіктен де, оның құрамынан шығамын – деді.

Міне, бұл кез-келген саясаткер ұстанатын күрес тәсілі. Осындайда Аятолла Хомейнидің өзінің күнделігіне: «Мен дінім үшін (ұлтым үшін деп түсініңіз – Т.Ж.) шайтанмен де жұмыс істеуге әзірмін» – деген сөзі еске түседі. Ә.Бөкейханов та алаштың азаттығына қол жеткізу үшін барлық саяси әдіс-тәсілден бас тартқан жоқ.

Сол үшін де азамат соғысы жылдары «Алашорда» үкіметі Құрылтай үкіметінің құрамына кірді. Ондағы мақсаттарын сұраған түрме тергеушісіне Х.Досмұхамедов:

«Құрылтайдың тапсыруымен Орал қазақтарының басқару құрылымын жасадым, ол еш өзгеріссіз құрылтайда бекітілді. Кейінгі демократиялық өзерістердің барысында ол жеке кітапша боп басылып шықты. Құрылтай: монархияға – демократияның құлдығының символы, бір халықты екінші халыққа арандатудың ошағы ретінде баға берді. Егерде: барлық халықтардың өзін-өзі билеуіне ерік берілген жағдайда және барлық державалар қарусыздандырылса, онда құрылтай өкілдері ешқандай аннекциясыз, контрибуциясыз бейбіт келісім жасауды жақтайтынын мәлімдеді. Жалпыға ортақ ашық және жасырын дауыспен сайланған Құрылтай жиналысы – Россияның мелекеттік заңдық құрылымы ретінде танылды, өзінің санына байланысты әр ұлттың өкілі мемлекеттік мекемелерге қабылданатын болсын деп шешім шығарды»,– деп жауап берді.

Екінші уәж: Әлихан Бөкейхановқа қаратыла жиі айтылатын «шоқыншы», «еуропашыл», мұсылмандыққа қарсы деген пайымсыз байбаламға байланысты айтарымыз мынау. Кеңестік жетпіс жылда біздің діни танымымыз толықтай тоқырауға ұшырап, өзіміздің мұсылмандық тарихатымыздан айырылып қалдық. Бізге бұйырылған жол имам Ағзамның жолы ғой. Бұл туралы Абайдың 17 түрлі тәпсірлі түсінігі бар. Ол Абайдың «Имамсыздық намазда қызылбастар салған жол» – деген түсінігімен тікелей байланысты. Қадыми діншілдердің кесірінен мұсылман әлемі жаратылыстану мен өнеркәсіптік ғылымнан мүлдем ажырап қалды. Қазақ, өзбек, қырғыз, түрікмен, тәжіктер әлі де өнеркәсіптік ғылымды жатырқап келеді. Соның нәтижесінде, ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырда бүкіл мұсылман қауымы отарланып қалды. Соған қарсы мұсылман және түркі әлемінде жадидтік ағым мен саяси күрес басталды. С.Асфандияров: «Алаш идеясының оянуына әсер еткен – жәдидтік бағыт пен күрес»,– деп ашық жазған. Ал Өзбекстан мен Түркменстандағы 1927 жылға дейінгі созылған басмашылар соғысы – тек кеңеске қарсы соғыс емес, ол қадым мен жәдидшілердің арасындағы азаматтық соғыс болатын. М.Тынышбаевтің Қоқан автономиясының премьер-министрлігінен бас тартуының өзі сол екі ағымның бітіспейтін майданының кесірі еді.

Үшінші уәж: 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі туралы мына пікірді атап өткім келеді.

1916 жылы 3 ақпанда Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Н.Бегімбетов Петроградқа барып, әскери министр генерал Поливановқа жолығып, қазақтарды әскерге алу мәселесін жеткізді. Ондағы басты мақсат: қазіргі заманның қару-жарағының тілін білмей, тұрақты әскерге тартылмай ұлттық тәуелсіздік туралы қиялдауға да болмайтын. Мұны алаштықтар: келешек ұрпақтың алдындағы парызымыз, – деп түсінді. Заманның беталысы ұлттан соны талап етті. Саналы армиясыз «сәулетті, еркін күнді» аңсаудың өзі надандық болатын.

Төртінші уәж: осы Түркістан идеясы деген не? Ол Қазақстанның тәуелсіздігіне кепілдік беретін идея ма, жоқ па? – деген сұраққа тарихшыларымыз тура жауап бермей, бетін бүркемелеп келеді. Сол идеяны өткізу үшін кейбір «тарихшылар» кешегі алаш ұранды азаматтарды қолдан жікке бөлді: олардың қателігі – Түркістан иедясын бөліспеді, ана тұлғаға, мына тұлғаға қарсы шықты – десті. Сонда, 1991 жылы тәуелсіздік жарияланғанда, оның тәуелсіздігін таныған елу төрт ел қандай мемлекетті, оның қандай шекарасын мойындады? Ол шекара қашан және қалай құрылды, олардың басында кім тұр еді? Өткен жылы Қазақстанның мемлекеттік шекарасының бектіліп, автономиялы мемлекет болып жарияланғанына 90 жыл толды. «Одақтас республикалардың кез-келген уақытта дербес мемлекет ретінде СССР-дің құрамынан бөлініп кетуіне құқы бар» – деген бапты кімдер кеңестің конституциясына кіргізіп еді? Әрине, оның ішінде Украина мен Грузия өкілдері, «Алашорда» үкіметінің көсемдері, оның ішінде тікелей осы мәселемен айналысқан Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Ә.Ермеков, Х. және Ж.Досмұхамедовтер бар. Егер Түркістан идеясын қолдаса, онда солтүстіктегі бес облыс – Ресейге, оңтүстіктегі бес облыс – Өзбекстанға қалар еді. «Алашордашылардың» мақсаты – біртұтас қазақ мемлекетін құру. Бұған Х.Досмұхамедовтің түрмедегі тергеушіге берген мына жауабы дәйек бола алады. Онда:

«Қазақстан жағырапиялық жағынан біртұтас мемлекет ретінде басқарылуы тиіс. Барлық жоғарғы лауазымдар сайланып қойылуы керек. Егерде Кеңес өкіметі саяси еркіндік жариялап, еркін партия құруға мүмкіндік берсе, оларға да осы талапты қою керек дестік. Бұл бағдарламаға Тынышбаев екеуміз қандай үлес қоссақ, Жаһанша Досмұхамедов те сондай дәрежеде белсене қатысты.

«Ұйымның басты құрылымы екі жағдайды ескере отырып қарастырылды: бірінші, кеңес өкіметі құлаған жағдайда, екінші Әнуар паша жеңілген жағдайда не істеу керектігі басты назарға алынды... Біз ол кезде сіздердің федерация туралы шешімдеріңізді білмейтін едік, ол кезде Түркістанды өзбек басшылары билеп-төстейтін, жобаны жасаған да солар болатын. Қазақтардың өзбектермен аралас тұратынына қарамастан, біз өзбектердің бұл ұсынысына мүлдем қарсы болдық. Өйткені біздің басты мақсатымыз – барлық қазақтың басын қосу болатын. Біз тіпті қытайдағы қазақтарды да қосып алудың жолын қарастырдық. Әрине, олар өздері мекендеп отырған территориясымен қазақтың құрамына кіру керек деп есептедік. Бұл жоспар сол қиял күйінде қалды, іс жүзінде еш нәрсе де атқарылған жоқ. Бұған қазақстандық қазақтардың қалай қарайтыны маған белгісіз. Жат жердегілердің жағдайы өте ауыр күйде, өмір сүру дәрежесі төмен, сондықтан да бірігуге қарсы бола қоймас деп ойладық», – деп атап көрсетті.

Міне, Бөкейхановтың да түпкі мақсаты мақсаты осы еді.

Бесінші уәж: біз, «Алашорда» мен Ә.Бөкейханов туралы сөз еткенде саяси эмиграция мәселесіне баса көңіл бөліп, кейде жалаң жанашырлыққа дейін барып жүрміз. Алайда біз ұлттық идея үшін күрескен зиялылардың саяси эмиграция туралы:



««Қазақтың – Қазақстаннан басқа отаны жоқ. Сондықтан да қазақ үкіметінің мүшелері қазақ ішінде қалуы тиіс. Егерде біз теңдікке қол жеткізгіміз келсе, онда қазірден бастап тереңдеп ойламасақ болмайды. Бүгін не ексек, ертең соны орамыз»,– деген астыртын уағдаластығын олардың күрес жолындағы таңдауы ретінде сыйлауымыз керек.

Өмірдің өзі көрсетіп отырғанындай, егерде алаш зиялылары жаппай эмиграцияға кеткенде, онда 1920-1930 жылдар арасындағы ағарту және ғылым саласындағы еңбектер дүниеге келер ме еді? Ол еңбектер жазылмаса қазіргі қазақ тілінен бастап алгебра, геометрия, биология, физика, зоология, жағырафия терминдері қалай қалыптасар еді? Сонымен қатар, түпкі күрес мақсатына жете алмаса да, жоғарыдағы бес тұжырым үшін күрескен С.Сәдуақасов сияқты жас қайраткерлер қалыптасар ма еді, Қазақстандағы саяси ахуал мен саяси күрес қалай бет алар еді?

Міне, Алаш идеясы мен оның көсемі Әлихан Бөкейхановтың ұлттың толықтай бостандығы жолында ұстаған ұстанымының бір тарамы осындай. Менің ойымша, бұл идея – мәңгілік және қазақ ұлты өмір сүріп тұрған жағдайда күн тәртібінен түспейді деп ойлаймын.

ҰЛТТЫҚ ИДЕЯ ЖӘНЕ КЕҢЕСТІК ЖАЗАЛАУ САЯСАТЫ


Біз төменде келтіретін деректердің барлығы да «аса құпия» деген бұрыштамасы бар қауіпсіздік комитетінің архивінен алынған. Сондықтан да тосын да томырық мағлұмат болып көрінуі әбден мүмкін. Алайда бұл үш жүз жылға созылған бодандық атты тарихшы жазған шындық. Империяның отарында болған ұлттың маңдайына тиесілі сыбаға да осы. Кейде ол көрсетінділердегі шындық пен жаланың аражігін айырудың өзі арнайы дайындықты қажет етеді. Соның ішінде, «жапон имперализмінің агенті», «Қазақстанды Жапонияға сатпақ болды» деген айыппен жазаға тартылғандардың саны алпыс мыңға жетеқабыл екен. Солардың арасында бүгінгі ғылыми конференцияның басты кейіпкері болып отырған қажырлы, сенімді қайраткер Ораз Жандосов та бар. Конференцияны ұйымдастырушылар және алаш ұранды азаматтың ұлы Әли Жандосов ағамыз тілек білдірген Жапония мен Қазақстанның арасындағы жазалау саясаты тұсындағы «идеялық байланыстар» туралы мағлұматтардың қара бояуы көбірек болып кетсе, ғафу етіңіздер, тарих ақиқаты солай. Біз түгіл кеңес тарихшыларының өзі де еңбектерін жандармерея мен қауіпсіздік мекемесінің архивтері негізінде жазды. Мысалы, «Алашорда» туралы жинақ құрастырғанда өздерінің тек құпия тыңшылар мен жандармереяның жасырын мәліметтеріне сүйенгенін Брайнин мен Шафиро:

«Осымен қатар басқа бір мәселені қозғай кеткім келеді. Айтушылар бізді: тек қана жандарм мекемесінің құжаттарын пайдаланды – деп айыптайды, мұның да жөні бар. Мәселе: бұл құжаттарды пайдалануға бола ма, жоқ па, – деп қойылып отырған жоқ, мәселе – бұл құжаттарды қалай пайдалануда», – деп (Алаш қозғалысы, 4 том, 73-бет) қысылып-қымтырылмастан ашық мойындады.

Ал қандай құжатты, қай кезде, кімге қарсы және қалай пайдалануды кеңестік күркілдер білетін. Сондықтан да негізінен жандармерея жинақтаған тыңшылық құжаттардан құрастырылған «Алашорда» туралы басылымдардың тек қана айыптау бағытындағы әшкерелеуші дерек ретінде қызмет еткені түсінікті. Соның ішінде алаштық және кеңестік қазақ зиялыларын шетінен «жапон имперализмінің шпионы» етіп көрсетуге себепкер болған Мұхамеджан Тұңғашин мен мен Бақытжан Қаратаевтің большевиктердің архивіне өткізген жеке құжаттары. Онда түскен құжаттардың барлығымен ең бірінші құпия мекеме қызметкерлері (ЧК, ОГПУ, НКВД, кейін КГБ) танысып, мәліметтерді іріктеп, тиісті орындарға хабарлап барып, мұрағаттың қорына қосатын бұлжымайтын кеңселік тәртіп бар. Оның үстіне тура сол кезде (1927) «Алашордаға» қарсы құпия мәліметтер жинақталып, Өлкелік комитетте тексеріліп, кімге қандай айып тағу керектігі туралы тергеушілерге нұсқау беріліп жатқан.

Қазақ зиялыларына қарғыбау болып тағылған осынау формулировканың шығуына негіз қалаған тарихи оқиға түсінікті болуы үшін Заки Валиди «Қатирасындағы» мағлұматтарды қысқаша баяндап өтеміз.

1917 жылы кеңес өкіметінің Ресейдің құрамындағы отар ұлттардың өзі өзі билеуге мүмкіндік беруге уәде еткен Тәуелсіздік декларациясы жарияланысымен, 1917 жылы 513 желтоқсандағы Бүкілқазақтық ІІ құрылтайда Қазақ автономиясы, ал 20 желтоқсанда Башқұртстанның үшініші құрылтайында тәуелсіз Башқортстан республикасы жарияланып, ресми заңмен бекітілді. Он күннен кейін Қоқанда Түркістан үкіметі жарияланды. Әр республиканың Ұлттық әскері жасақталды. Алайда бұл үш үкімет Сібір Колчак үкіметі, Самара құрылтайшылар үкіметі және большевиктер өкіметі тарапынан үш жақты әскери майдан қыспағына түседі. Олардың ешқайсысы империяның құрамындағы ұлттардың тәуелсіздігін мойындамады, заңсыз деп жариялады. 1918 жылы 3 ақпанда Башқұрт үкіметінің мүшелері жаппай тұтқынға алынады. Алайда оларды Башқұрт ұлттық әскері түрмеден босатады. 27 мамыр күні Чехословак корпусы Челябі – Омбы арасындағы темір жол желісін басып алды. Міне, осындай аласапыран тұсында Мұстафа Шоқай сол жолы Каспий арқылы Грузияға, одан Түркияға, одан Парижге эмиграцияға кетті. Ал «Алашорда» үкіметінің қайраткерлері:

«Қазақтың – Қазақстаннан басқа отаны жоқ. Сондықтан да қазақ үкіметінің мүшелері қазақ ішінде қалуы тиіс», – деп шешті.

Сөйтіп, астыртын жағдайда: «1918 жылы 15 мамыр күні Астыртын жағдайда «Алашорда» өкілдерімен ақылдаса отырып Қостанайда жасырын кеңес өткізді, онда: Қазақстанның, Башқұртстанның, Түркістанның саяси жағдайы туралы мәлімдеме жазылып, оны бүкіл әлемге тарату үшін Жапония үкіметіне жеткізу мәселесі қаралып, мақұлданды. Жапонияның таңдап алынуы, бұл ел Ресейдің одақтасы болатын. Сол арқылы халықаралық үрдісті сақтауды көзделді. Қалыптасқан әскери қоршау жағдайында Урал мен Қазақстан аймағындағы біріккен мұсылман Мемлекетін құру идеясы да ұсынылды. Башқұрт әскері жеңістен жеңіске жетіп, Қазақстан мен Түркістанға бет алды. «Кеңес өкіметіне қарсы башқұрттармен қазақтардың бірігіп күресуі (большевиктердің) өшпенділігін өршіте түсті. «Колчактік Сібір үкіметінің жоғары командованиесі өткізетін 18-21 шілде аралығындағы құрылтайға ұсыну үшін Башқұртстан мен «Алашорда» үкіметінің 12 баптан тұратын ұсынысы Семейде талқыланды. Оған Башқұртстаннан – Сеитгерей Мағазов, «Алашордадан» – Әлихан Бөкейханов, Түркістан – Қоқан автономиясының төрағасы Мұхамеджан Тынышбаев қатысты» (З.Валиди. Қатиралар. Стамбул. 1969. 249-бет).

Ғылыми конференцияны ұйымдастырушылардың белгілеп берген тақырыбына орай Жапония үкіметіне қатысты бұл оқиғаны тәпіштеп отыруымыздың себебі, осы оқиға 1922-1953 жылдардың арасындағы қазақ зиялыларына: «Жапон милитаристік мемлекетінің шпионы», «жапон барлау мекемесінің қызметкері», «Қазақстанды Ресейден бөліп алып, Жапонияға астыртын сатпақ болды», «Өнеркәсіпті Жапон капиталистерінің қаржысымен салуға ұмтылды», – деген сияқты айып тағуға мүмкіндік берді. Олардың мұндай айып тағуына жоғарыда айтылған астыртын мәжілістен:

«Кейін екі жылдан соң (1920) астрахандық зиялы қазақ Мұхамеджан Тұңғашиннің қағаздарымен қоса жоғарыдағы 12 пунктен тұратын біз қабылдаған құжаттың және «Алашорда» үкіметінің құжаттары кеңес өкіметінің қолына түсіпті, олар біздің ұлттық күресімізді ресейдің ішкі мәселесі ретінде қарастыруымызды қолдапты. Кеңес саяси қайраткерлері де сол патша тұсындағылардай орыс ұлтшылдары болғанын кейін мен Чичериннің аузынан естідім», – деген (З.Валиди. Қатиралар. Стамбул. 1969. 249-бет) оқиға себепкер болыпты.

Кеңестік жазалау жүйесінің «зульфуһары» атанған – Мемлекеттік Біріккен ерекше саяси бөлімнің (ОГПУ) тергеушілері бұл деректі сондай бір әккілікпен пайдаланды. Ал отызыншы жылдан бастап «жапон шпионы» деген айып үкімі кәдімгі қатардағы қолданыстағы көп тіркестің біреуі ғана болып қалды. Сондай-ақ «Алашорданың» «Жапония үлгісіндегі ұлттық салт-дәстүрге, ғылымға сүйенген ұлттық демократиялық республика» құру туралы мақсаты да ол үкімді» заңдастыруға, «жапон шпиондарының» қаптап кетуіне түрткі салды. Тарих үшін бұл да құжаттық мәні бар оқиға. Ал мұндай кездейсоқтықтардың кесіріне ұшырағандар қаншама.

Арасын құрылықтар мен мұхиттар бөліп тұрған, әр қайсысының өз тарихи даму кеңістігі тұйықтала қалыптасқан қазақ пен жапон жұртының «бір-бірімен барлаушы» алмасып, «жерді несиеге беретіндей» қандай байланысы болуы мүмкін. Мүмкін емес. Бірақ Ұлт-азаттық идеясы, ұлттық даму жолы, өркениетке ұмтылыс мүмкін еместі мүмкін етті. Жапандағы жапон жұртына қиырдағы қазақ елінің назарын аудартқан тарихи оқиға – күн шығыс еліндегі «Мэйдзи» реформасынан кейін ұйыған ұлттық идея мен даму қарқыны. Соншама жағырафиялық, тарихи даму, өмір сүру формаларының алшақтығына қарамастан жапондардың ұлттық тәуелсіздік идеясы отар ұлттың зиялыларының назарын ерекше аударды. Соның ішінде, ХХ ғасырдың басындағы орыс – жапон соғысындағы жапондардың жеңісі, 1905 – 1907 жылдар арасындағы орыс революциясы отар ұлттың өшкен үмітін жақты. Патшалық Ресейден де қуатты елдің барын, ол ел күні кеше ғана қазақ ұлты сияқты феодалдық құрылымда өмір сүргені, отыз жылдың ішінде әлемдік державаға айналғаны Жаһанша Сейдалин, Әлихан Бөкейханов, Мұхамеджан Тынышбаев, Ахмет Байтұрсынов, Халел Досмұхамедов, Жақып Ақбаев сияқты қайраткерлердің саяси-қоғамдық көзқарастарына тың идея ұсынды. Медицина университетінің жоғарғы курс студенті Халел Досмұхамедов өзінің досы Бердиевке 1905 жылы жазған хатында (бұл хат та өткен жылы ғана әскери жандармереяның архивінен табылды) «... қыр елінің өркениетті елдердің қатарына қосылуға» толық мүмкіндігі бар екендігін айта келіп:

«Сенен басқа жүздеген, мыңдаған қазақтың жоғарғы дәрежелі білім алып жатқанын ойыңа алсаң, сол кезде: бұл халық та еңбекке, алға басуға қабылетті екен, деп есептейсің. Бұл: «Бір кезде дүние жүзінде алдыңғы қатарлы құрметті орындардың бірін алады, ол екінші Жапонияға айналады», деген сөз... ... Сондықтан да 1905-1906 жылдардағы революция кезінде, қазіргі кезде де қазақ халқы ең алдымен ұлттық дербестік пен тәуелсіздікті талап етуі керек, дербестік Қазақ өлкесін автономиялық жолмен басқару арқылы көрінуі керек», – деп жазуы қазақтың ұлт-азаттық қозғалысына белсене араласқан зиялылардың ұлттық идеясының қалыптасу жолынан хабардар етеді.

Ұлттық дамудың өзіндік ерекшеліктері ескеріле отырып ұлт көсемі Әлихан Бөкейхановтың жетекшілігімен 1917 жылы тамыз айында «Алаш» ұлттық-демократиялық партиясы, «Алаш» халықтық кеңесі, желтоқсан айында «Алашорда» үкіметі құрылды. Алаштың ұлттық идеясы бес түрлі тұжырымға негізделді.

Бірінші ұстаным: жер, жер және жер. Жерсіз Отан жоқ. Әлихан Бөкейхановтың ұйғарымы бойынша: «Қазақтың байырғы жерін қашан қазақтар өз бетінше ғылым мен техникаға сүйеніп толық игермейінше, жер жеке меншікке де, қоныстанушыларға да берілмейді».

Екінші ұстаным: жердің астындағы, үстіндегі, аспанындағы барлық игілік қазақ мемлекетіне қызмет етуі керек. Ә.Бөкейхановтың айтуынша: «Оның әр бір түйір тасы қазақтың өңіріне түйме болып қадалу керек» болатын.

Үшінші ұстаным: Ә.Бөкейхановтың жобасы бойынша, «Қазақтың жерінде өндірілген «бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып киілуі» керек, яғни, толықтай экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізуге ұмтылуы тиіс еді.

Төртінші нысана: рухани тәуелсіздікке қол жеткізу, яғни, қазақ мемлекетінде мемлекет құрушы ұлттың тіл, дін, діл үстемдігі болуы керек.

Бесінші, түпкі мақсат: ғылымға, ұлттық салт, дәстүрге негізделген заңға сүйене отырып, Жапонияның үлгісіндегі ұлттық-демократиялық мемлекет құру еді.

Өзінің «Қатираларында» Заки Валидов 1921-22 жылдары қайтадан қозғалған бір мәселені еске алады. Ол – барлық түркі тектес халықтарға ортақ жаңа саяси партия құру мәселесі. Бұл идея кейін түркістандық қайраткерлер тұрғысынан да қолдау тапты, бірақ олардың идеясы да, мақсаты мен міндеті де, құрылымдық жүйесі де заман ағымына қарай өзгерген еді. Ал оның алғашқы негізі 1918-19 жылдары қаланыпты. Оған З.Валидов:



«Кеңес өкіметі жағына шықпас бұрын саяси күштерді біріктіру мақсатында коммунистік партиядан өзге, социалистік партия құру мәселесімен айналыстық. Бастапқыда оның теориялық тұғырнамасын жазумен Ильяс Алкин айналысты. Ол азат социалистік партия аталуы тиіс еді. Бұл туралы қазақ жетекшілеріне хабарлай отырып, оларға: «Алаштың» неосоциалистік қоғамдық-экономикалық платформасының негізінде Қазақ социалистік партиясын құруды ұсындық. Бағдарламаны біз әзірледік. Оның бір данасын қазақтарға бердік. Кейіннен бұл бағдарлама (1926) Прагада жарық көрді... Біз партия мәселесімен шұғылданып жатқанда майдандағы оқиғалар да тез өзгере бастады. 21-қаңтар күні Орынбордың шетіндегі мекендер де, Ор қаласы да қызылдардың қолына өтті. Біз толықтай қоршауда қалдық...», – деп куәлік етеді.

Демек, жалпытүріктік ұлттық партия құру мәселесі 1919 жылы талқыланған. Ташкенттік ұйым Бұқарадағы З.Валидовпен байланыс жасауға ұмтылғанда, осы жобаны жүзеге асыруды ойластырған. Ал оның платформасының 1926 жылы шетелде жариялануы «Алашорда» үкіметінің мүшелерінің алдынан шыққан. Бұл жарияланым Голощекиннің:



«Алашордашылардың» шетелмен байланысы бар. Дәл қазір Валидовпен бірігіп большевиктерге қарсы партия құрған астыртын ұйым әшкереленіп отыр», – деуіне себепкерлік етті.

Астыртын күрестің өз заңы бар. Оның әр іс-әрекеті де астыртын болуға тиіс. Ал саяси бедел жинау үшін дұшпаныңның қол астында қалған әріптестерін әшкерелейтін құжатты жариялау – оларға өлім жазасын кесумен бірдей еді. Өкінішке орай солай болды да. «Алашорда» қайраткерлері мен ұлттық интеллигенция өкілдеріне 1927–1930 жылдары:



«1.1921-1922 жылдары Орынбор мен Ташкентте құрылған контрреволюциялық астыртын ұйымға қатысқаны үшін; 2. Орта Азиядағы басмашылардың қозғалысына қосылып, әскери жасақ құруға ұмтылғаны үшін, сөйтіп, 3. Қарулы көтеріліс арқылы Қазақстанды Ресейдің құрамынан бөліп әкетпек болғаны үшін. 4. Байларды тәргілеуге қарсы үгіт жүргізіп, оларды қарулы көтеріліс жасауға бағыттағаны үшін. 5. Англиямен (отызыншы жылдан бастап бұл сөз Жапониямен алмастырылған) астыртын байланысып, ағылшын (жапон) әскерi Қазақстанға басып кiре қалған жағдайда, қырда көтерiлiс ұйымдастыруды жоспарлағаны үшін»,деген (ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің архиві, №78754 іс) айып тағылып, 1927 жылы – 40 адам, 1930 жылы – 32 адамнан тұтқынға алынды.

Олардың алды 1930 жылы атылды, соңы айдауға кетті. 1937 жылғы репрессиядан кейін олардың бір де біреу» тірі қалған жоқ. Керісінше, енді ұлтшылдыққа қоса СССР-дің Бас Проуроры А.Я.Вышинский айналымға түсірген «Жапония мен Германияның белсенді шпинондары», «Жапонияның жалдамалы итаршылары», «жандайшабы» деген термин қосылып, бұл тергеу мекемелерінің ең оңтайлы әрі үйреншікті айыптау актісіне айнала бастады. Жиырмасыншы жылдардың соңы мен отызыншы жылдардың басында бұл терминді Т.Рысқұлов, О.Исаев, Ұ.Құлымбетов сияқты кеңестік мемлекет қайраткерлері «Алашордашыларға» қарсы олардың «жапондармен астыртын байланысы бар» деп қолданды. Кейін олардың өзі «Жапония мен Германияның ең белсендi шпионы» ретінде айыпталып, ату жазасына бұйырылды және өздерінің көрсетінділерінде оны «мойындап» жауап берді.

Отыз жетiншi – отыз сегізінші жылғы қасiрет тұманы ешкiмдi мамандығына, лауазымына, атағына қарап таңдап жатпады. Зауал жалпыға жалпағынан төндi. 1937 жылы 13 тамыз күнi «Қазақ әдебиетi» газетінде» басылған «Ұлтшыл фашистерге өмiр сүргiзбеймiз!» деген мақалада қазақ зиялыларын бас-бастарына түгендеп тұрып:



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   33




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет