Қазақстан Республикасындағы мемлекеттiк жоспарлау жүйесi туралы



жүктеу 219.39 Kb.
Дата26.06.2016
өлшемі219.39 Kb.
Қазақстан Республикасындағы мемлекеттiк жоспарлау жүйесi туралы

Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2009 жылғы 18 маусымдағы N 827 Жарлығы


Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2009 ж., N 30, 259-құжат

Қазақстан Республикасы Президентi


мен Үкiметi актiлерiнiң жинағында
жариялануға тиiс         

      Мемлекеттiк жоспарлаудың тұтас және тиiмдi жүйесiн қалыптастыру мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМIН:


      1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасындағы мемлекеттiк жоспарлау жүйесi (бұдан әрi - Мемлекеттiк жоспарлау жүйесi) бекiтiлсiн.
      2. Қазақстан Республикасының Үкiметi жергiлiктi атқарушы органдармен және Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттiк органдармен бiрлесiп 2010 жылғы 1 желтоқсанға дейiн қолданыстағы стратегияларды, тұжырымдамаларды, доктриналарды, мемлекеттiк, салалық (секторалдық) және өңiрлiк бағдарламаларды осы Жарлыққа сәйкес келтiрсiн.
      3. Қазақстан Республикасының Үкiметi:
      1) Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспарын, Елдiң аумақтық-кеңiстiктiк дамуының болжамды схемасын, мемлекеттiк бағдарламаларды, аумақтардың даму бағдарламаларын, мемлекеттiк органдардың стратегиялық жоспарларын әзiрлеу, iске асыру, мониторинг, бағалау және бақылау жүргiзу ережесiн 2009 жылғы 1 қыркүйекке дейiн белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасы Президентiнiң Әкiмшiлiгiне енгiзсiн;
      2) Әлеуметтiк-экономикалық даму, салалық бағдарламалардың болжамын әзiрлеу ережесiн 2009 жылғы 1 қыркүйекке дейiн бекiтсiн;
      3) осы Жарлықтан туындайтын өзге де шаралар қабылдасын.
      Ескерту. 3-тармаққа өзгерту енгiзiлдi - ҚР Президентiнiң 2010.03.04 № 931 (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 5-т. қараңыз) Жарлығымен.
      4. Осы Жарлықтың 2-тармағын iске асыруға байланысты
бағдарламаларды әзiрлеудi қоспағанда, Қазақстан Республикасында Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейiнгi стратегиялық даму жоспары бекiтiлгенге дейiн мемлекеттiк, салалық бағдарламаларды, аумақтардың даму бағдарламаларын әзiрлеуге тыйым салу енгiзiлсiн.
      5. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы
Президентiнiң Әкiмшiлiгiне жүктелсiн.
      6. Осы Жарлық қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi және ресми жариялануға тиiс.

      Қазақстан Республикасының


      Президентi                                         Н. Назарбаев

Қазақстан Республикасы 


Президентiнiң     
2009 жылғы 18 маусымдағы
N 827 Жарлығымен    
БЕКIТIЛДI       

Қазақстан Республикасындағы мемлекеттiк жоспарлау
ЖҮЙЕСI

      Ескерту. Мемлекеттiк жоспарлау жүйесi жаңа редакцияда - ҚР Президентiнiң 2014.06.17 № 840 (алғашқы ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi) Жарлығымен.



1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасындағы Мемлекеттiк жоспарлау жүйесi (бұдан әрi - Мемлекеттiк жоспарлау жүйесi) - елдiң ұзақ мерзiмдi (5 жылдан астам), орта мерзiмдi (бiр жылдан 5 жылға дейiн) және қысқа мерзiмдi (1 жылға дейiн) кезеңдерге арналған дамуын қамтамасыз ететiн, мемлекеттiк жоспарлау қағидаттарынан, құжаттарынан, процестерiнен және оған қатысушылардан тұратын өзара байланысты элементтер кешенi.


      2. Мемлекеттiк жоспарлау мемлекеттiк билiк органдарының және елдi дамыту процесiне өзге де қатысушылардың Қазақстанның әлеуметтiк-экономикалық даму деңгейiн арттыруға, азаматтардың әл-ауқатын өсiруге және ел қауiпсiздiгiн нығайтуға бағытталған қызметiн қамтиды.

2. Мемлекеттiк жоспарлау жүйесiнiң қағидаттары

      3. Мемлекеттiк жоспарлау жүйесi мынадай қағидаттарға негiзделедi:


      1) бiрыңғайлық пен бiртұтастық - мемлекеттiк жоспарлау саласындағы заңнаманың, Мемлекеттiк жоспарлау жүйесiн ұйымдастыру және оның жұмыс iстеу қағидаттарының бiрыңғайлығы, мемлекеттiк жоспарлау процесiн жүзеге асыру тәртiбiнiң бiрыңғайлығы;
      2) iшкi теңгерiмдiлiк - Мемлекеттiк жоспарлау жүйесi құжаттарының даму мақсаттары, мiндеттерi және нәтижелер көрсеткiштерi бойынша өзара келiсiлуi;
      3) нәтижелiлiк және тиiмдiлiк - мақсаттарды, мiндеттердi және нәтижелер көрсеткiштерiн таңдау барынша дұрыс (нәтижелi) болуға, ағымдағы ахуалды терең талдауға және қойылған нәтижелерге ресурстарды барынша аз жұмсай отырып қол жеткiзу қажеттiлiгiне негiзделуi тиiс;
      4) мiндеттердi шешу жолдарын таңдау дербестiгi - мемлекеттiк жоспарлау процесiне қатысушылардың өз құзыретi шегiнде мақсаттарға қол жеткiзу жолдары мен әдiстерiн таңдаудағы және елдiң даму мiндеттерiн шешудегi дербестiгi;
      5) мемлекеттiк жоспарлау процесiне қатысушылардың жауапкершiлiгi - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өз құзыретi шегiнде мiндеттердi шешудiң тиiмсiздiгi және күтiлетiн нәтижелерге қол жеткiзiлмегенi үшiн жауапкершiлiктi қамтамасыз ету;
      6) айқындық (ашықтық) - мемлекеттiк құпияларға жататын ақпаратты қамтитын ережелердi қоспағанда, Мемлекеттiк жоспарлау жүйесiнiң құжаттарын мiндеттi түрде жариялау;
      7) анықтық және шынайылық - Мемлекеттiк жоспарлау жүйесiнiң құжаттарында белгiленген даму мақсаттарына қол жеткiзудiң негiзделген мүмкiндiгi, сондай-ақ мемлекеттiк жоспарлау процесiнде пайдаланылатын  нәтижелер көрсеткiштерiнiң негiздiлiгi;
      8) үздiксiздiк, сабақтастық және дәйектiлiк - Мемлекеттiк жоспарлау жүйесiнiң сатылы сипаты, яғни жоғары тұрған құжаттардың мақсаттарына, мiндеттерiне, нәтижелер көрсеткiштерiне табысты қол жеткiзу төмен тұрған құжаттарды жоспарлау мен олардың мақсаттарына, мiндеттерiне, нәтижелер көрсеткiштерiне қол жеткiзудiң сапасына және уақтылығына байланысты, сондай-ақ оның жұмыс iстеуiнiң үздiксiз тетiгi;
      9) ресурстық қамтамасыз етiлу — қойылған мақсаттар мен мiндеттерге қол жеткiзу үшiн мемлекеттiк органдардың стратегиялық жоспарларының негiзгi бағыттары бойынша қаржыландыру көздерi мен көлемiн, адами, басқа да материалдық және материалдық емес ресурстарды айқындау.

3. Мемлекеттiк жоспарлау жүйесiнiң құжаттары

      4. Мемлекеттiк жоспарлау жүйесiнiң құжаттарына мыналар жатады:


      1) Қазақстанның 2050 жылға дейiнгi даму стратегиясы;
      2) Қазақстан Республикасының 10 жылға арналған стратегиялық даму жоспары, Елдi аумақтық-кеңiстiкте дамытудың болжамды схемасы;
      3) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiгiнiң стратегиясы;
      4) 5 жылға арналған әлеуметтiк-экономикалық даму болжамы;
      5) мемлекеттiк бағдарламалар (5 жылды қоса алғанға дейiнгi);
      6) үкiметтiк бағдарламалар (5 жылды қоса алғанға дейiнгi);
      7) мемлекеттiк органдардың 5 жылға арналған стратегиялық жоспарлары;
      8) өңiрлердi дамытудың 5 жылға арналған бағдарламалары;
      9) ұлттық басқарушы холдингтердiң, ұлттық холдингтердiң және жарғылық капиталына мемлекет қатысатын ұлттық компаниялардың (бұдан әрi - ұлттық компаниялар) 10 жылға арналған даму стратегиялары.
      Ескерту. 4-тармаққа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР Президентiнiң 30.11.2015 № 120 (01.01.2016 бастап қолданысқа енгiзiледi) Жарлығымен.
      5. Мемлекеттiк жоспарлау жүйесiнiң құжаттары үш деңгейге бөлiнедi.
      Бiрiншi деңгейдегi құжаттарға түйiндi басымдықтары мен бағдарлары бар, ел дамуының ұзақ мерзiмдi пайымын айқындайтын құжаттар - Қазақстанның 2050 жылға дейiнгi даму стратегиясы, Қазақстан Республикасының 10 жылға арналған стратегиялық даму жоспары, Елдi аумақтық-кеңiстiкте дамытудың болжамды схемасы, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк стратегиясы жатады.
      Екiншi деңгейдегi құжаттарға аядағы/саладағы даму стратегиясын айқындайтын құжаттар - 5 жылға арналған Әлеуметтiк-экономикалық даму болжамы, 5 жылды қоса алғанға дейiнгi мемлекеттiк және үкiметтiк бағдарламалар жатады.
      Үшiншi деңгейдегi құжаттарға қайта құрылымдау негiзiнде мемлекеттiк жоспарлау жүйесiнiң бiрiншi және екiншi деңгейдегi құжаттарына қол жеткiзу жолдарын айқындайтын құжаттар - мемлекеттiк органдардың 5 жылға арналған стратегиялық жоспарлары, 5 жылға арналған өңiрлердi дамыту бағдарламалары, ұлттық басқарушы холдингтердiң, ұлттық холдингтердiң және ұлттық компаниялардың 10 жылға арналған даму стратегиялары жатады.
      Мемлекеттiк жоспарлау жүйесi құжаттарының нысаналы индикаторлары мен нәтижелер көрсеткiштерi осы бағыныстылық сатысына сүйене отырып айқындалуы тиiс.
      Бiрiншi деңгейдегi құжаттарда елдiң ұзақ мерзiмдi кезеңдегi дамуын айқындайтын жалпыұлттық нысаналы индикаторлар мен көрсеткiштер көрсетiлуi тиiс.
      Екiншi деңгейдегi құжаттар жалпыұлттық нысаналы индикаторлар мен көрсеткiштерге қол жеткiзуге бағытталған аялар мен салалардың нысаналы индикаторлар мен даму көрсеткiштерiн қамтиды.
      Үшiншi деңгейдегi құжаттар өңiрлер дамуының, орталық мемлекеттiк органдар, сондай-ақ ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялар қызметiнiң нысаналы индикаторлары мен көрсеткiштерiн қамтуы тиiс.
      Ескерту. 5-тармаққа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР Президентiнiң 30.11.2015 № 120 (01.01.2016 бастап қолданысқа енгiзiледi) Жарлығымен.
      6. Қазақстан Республикасының Президентi елдегi жағдай мен Қазақстан Республикасының iшкi және сыртқы саясатының негiзгi бағыттары туралы Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдау (бұдан әрi - Жолдау) арнайды. Жолдаудың ережелерi, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентiнiң тапсырмалары Мемлекеттiк жоспарлау жүйесiнiң құжаттарын әзiрлеу мен түзету үшiн, оның iшiнде алдағы жоспарлы кезеңге арналған бюджеттi қалыптастыру үшiн негiз болып табылады.
      Жолдаудың жобасын әзiрлеу, келiсу, Жолдауды iске асыру тәртiбiн Қазақстан Республикасының Президентi айқындайды.
      7. Қазақстан Республикасы Президентiнiң тапсырмасы бойынша тұжырымдамалар мен доктриналар әзiрленедi.
      Тұжырымдама белгiлi бiр аяны, саланы дамытудың пайымын, тиiстi мемлекеттiк саясаттың негiздемесiн көрсететiн құжат болып табылады және осы саясаттың негiзгi қағидаттары мен жалпы тәсiлдерiн қамтиды.
      Тұжырымдаманы Қазақстан Республикасының Президентi, Қазақстан Республикасының Үкiметi не консультациялық-кеңесшi орган бекiтедi немесе мақұлдайды.
      Тұжырымдаманы iске асыру үшiн әзiрлеушi мемлекеттiк орган Тұжырымдаманы iске асыру жөнiндегi iс-шаралар жоспарын iске асырудың бүкiл кезеңiне арнап немесе орта мерзiмдi әрбiр кезеңге арнап кезең-кезеңiмен әзiрлейдi.
      Доктрина - белгiлi бiр мәселе бойынша көзқарастар жүйесiн, саяси қағидаттардың жиынтығын айқындайтын құжат.
      Доктринаны Қазақстан Республикасының Президентi бекiтедi немесе мақұлдайды.
      Тұжырымдамалар мен доктриналар стратегиялық және бағдарламалық құжаттар, мемлекеттiк органдардың стратегиялық жоспарлары мен заңдар арқылы iске асырылады.
      Тұжырымдамалар мен доктриналарды әзiрлеу тәртiбiн Қазақстан Республикасы Президентiнiң Әкiмшiлiгiмен келiсiм бойынша Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.
      Ескерту. 7-тармаққа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР Президентiнiң 18.02.2015 № 1005 Жарлығымен (алғашқы ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi).

3.1. Қазақстанның 2050 жылға дейiнгi даму стратегиясы

      8. Қазақстанның 2050 жылға дейiнгi даму стратегиясы Қазақстан Республикасы дамуының жаһандық пайымы мен стратегиясын, елдiң экономикалық, саяси, қоғамдық дамуының ұзақ мерзiмдi бағыттары мен басымдықтарын айқындайды, оны iске асыру мақсатында Мемлекеттiк жоспарлау жүйесiнiң құжаттары әзiрленедi.



3.2. Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспары

      9. Қазақстан Республикасының стратегиялық даму жоспарлары Қазақстанның 2050 жылға дейiнгi даму стратегиясын iске асыру мақсатында 10 жылға әзiрленедi және тиiстi онжылдық кезеңдегi елдiң әлеуметтiк-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуының стратегиясын, мақсаттарын, мiндеттерiн, басым бағыттарын, олардың көрсеткiштерiн, кезең-кезеңдiк нысаналары бағдарларын көрсете отырып, күтiлетiн нәтижелерiн нақтылайды.


      10. Алдағы кезеңге арналған Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспарының жобасын әзiрлеудi орталық мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi уәкiлеттi орган (бұдан әрi - мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi уәкiлеттi орган) жүзеге асырады.
      Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспарын Қазақстан Республикасының Президентi бекiтедi.
      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентiнiң 18.02.2015 № 1005 Жарлығымен (алғашқы ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi).
      11. Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспарының iске асырылуын мониторингтеу мен бағалауды мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi уәкiлеттi орган жүргiзедi, олардың негiзiнде оған түзету жүзеге асырылуы мүмкiн.
      12. Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспарын iске асыруды бақылауды Қазақстан Республикасы Президентiнiң Әкiмшiлiгi жүзеге асырады.
      13. Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспарын әзiрлеу, iске асыру, мониторинг, бағалау жүргiзу және iске асырылуын бақылау тәртiбiн Қазақстан Республикасының Президентi айқындайды.
      14. Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспарын iске асыру мақсатында мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi уәкiлеттi орган тиiстi кезеңге арналған Елдi аумақтық кеңiстiкте дамытудың болжамды схемасын әзiрлейдi. Елдi аумақтық кеңiстiкте дамытудың болжамды схемасы - бұл елдiң орнықты дамуын қамтамасыз ету үшiн өңiрлер бөлiнiсiнде өндiрiстiк күштердi, өндiрiстiк, әлеуметтiк және басқа инфрақұрылымды ұтымды орналастыру, ел халқын қоныстандыру жүйесi.
      Елдi аумақтық кеңiстiкте дамытудың болжамды схемасын Қазақстан Республикасының Президентi бекiтедi.
      Iске асыру процесiнде, макроэкономикалық жағдай өзгерген кезде Елдi аумақтық кеңiстiкте дамытудың болжамды схемасын түзету жүзеге асырылуы мүмкiн.
      Елдi аумақтық кеңiстiкте дамытудың болжамды схемасының iске асырылуын бақылауды Қазақстан Республикасы Президентiнiң Әкiмшiлiгi жүзеге асырады.
      Елдi аумақтық кеңiстiкте дамытудың болжамды схемасын әзiрлеу, iске асыру және оның iске асырылуын бақылау тәртiбi мен мерзiмдерiн Қазақстан Республикасының Президентi айқындайды.
      Ескерту. 14-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентiнiң 25.08.2015 № 73 Жарлығымен (алғашқы ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi).

3.3. Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк стратегиясы

      15. Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк стратегиясы Қазақстанның 2050 жылға дейiнгi даму стратегиясын, Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспарын iске асыру мақсатында әзiрленедi және ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету саласындағы негiзгi проблемалар мен қауiп-қатерлердi, стратегиялық мақсаттар мен нысаналы индикаторларды, мiндеттер мен нәтижелер көрсеткiштерiн, сондай-ақ ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету критерийлерiн айқындайды.


      16. Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк стратегиясын мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi уәкiлеттi орган орта мерзiмдi (5 жылға) немесе ұзақ мерзiмдi (5 жылдан астам) кезеңдерге әзiрлейдi.
      Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк стратегиясы алдыңғы Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк стратегиясын iске асырудың соңғы жылынан кешiктiрiлмей әзiрленедi.
      Ескерту. 16-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентiнiң 18.02.2015 № 1005 Жарлығымен (алғашқы ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi).
      17. Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк стратегиясының құрылымын, базалық тәсiлдерi мен негiзгi мазмұнын Қазақстан Республикасының Қауiпсiздiк Кеңесi мақұлдайды. Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк стратегиясын әзiрлеудiң тәртiбiн Қазақстан Республикасының Президентi айқындайды.
      18. Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк стратегиясын Қазақстан Республикасының Президентi бекiтедi.
      19. Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк стратегиясын iске асыру үшiн оны iске асыру жөнiндегi Iс-шаралар жоспары әзiрленедi.
      Iс-шаралар жоспарын мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi уәкiлеттi орган әзiрлейдi және Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк стратегиясы бекiтiлген күннен бастап үш ай мерзiмде Қазақстан Республикасы Президентiнiң Әкiмшiлiгiмен келiсiм бойынша Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
      20. Iс-шаралар жоспарын iске асыру қорытындыларын мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi уәкiлеттi орган жыл сайын Қазақстан Республикасы Қауiпсiздiк Кеңесiнiң қарауына енгiзедi.

3.4. Әлеуметтiк-экономикалық даму болжамы

      21. Әлеуметтiк-экономикалық даму болжамы Мемлекеттiк жоспарлау жүйесiнiң жоғары тұрған құжаттары, Жолдау ескерiле отырып, жыл сайын жылжымалы негiзде бесжылдық кезеңге әзiрленедi және мыналарды:


      1) мемлекеттiк басқарудың республикалық деңгейiнде:
      экономиканы дамытудың сыртқы және iшкi жағдайларын;
      бесжылдық кезеңге арналған экономикалық саясаттың, оның iшiнде салық-бюджет саясатының мақсаттары мен мiндеттерiн;
      бесжылдық кезеңге арналған экономикалық саясаттың, оның iшiнде салық-бюджет саясатының негiзгi бағыттары мен шараларын;
      бесжылдық кезеңге арналған әлеуметтiк-экономикалық даму көрсеткiштерiнiң болжамын;
      шоғырландырылған, мемлекеттiк және республикалық бюджеттердiң түсiмдерi мен шығыстарының болжамын, тиiстi бюджет тапшылығын қамтитын үшжылдық кезеңге арналған бюджеттiк параметрлердiң болжамын;
      әлеуметтiк-экономикалық даму басымдықтарын iске асыруға бағытталған шығыстардың жаңа бастамаларын;
      кезектi қаржы жылына арналған шартты түрде қаржыландырылатын шығыстардың тiзбесiн;
      2) облыс, республикалық маңызы бар қала, астана деңгейiнде:
      облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әлеуметтiк-экономикалық даму үрдiстерiн, басымдықтарын, нысаналы индикаторлары мен көрсеткiштерiн;
      облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әлеуметтiк-экономикалық даму көрсеткiштерiнiң болжамын;
      мыналарды:
      облыс, республикалық маңызы бар қала, астана бюджетiнiң түсiмдерi мен шығыстарының болжамын қамтитын облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджеттiк параметрлерiнiң болжамын;
      облыстың республикалық маңызы бар қаланың, астананың әлеуметтiк-экономикалық даму басымдықтарын iске асыруға бағытталған шығыстардың жаңа бастамаларын;
      облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың басым бюджеттiк инвестицияларының тiзбесiн қамтуға тиiс облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың үшжылдық кезеңге арналған бюджеттiк параметрлерiн қамтиды.
      Нысаналы индикаторлар мен көрсеткiштер сандық және сапалық нәтижелердi айқындау үшiн түйiндi бағыттар (салалар) бойынша белгiленедi, бесжылдық кезең iшiнде мемлекеттiң әлеуметтiк-экономикалық саясаты осы нәтижелерге қол жеткiзуге бағытталуға тиiс.
      Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) әлеуметтiк-экономикалық даму көрсеткiштерi мен бюджеттiк параметрлерi облыстың әлеуметтiк-экономикалық даму болжамының құрамында аудандар (облыстық маңызы бар қалалар) бөлiнiсiнде көрсетiледi.
      Ескерту. 21-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентiнiң 18.02.2015 № 1005 Жарлығымен (алғашқы ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi).
      22. Әлеуметтiк-экономикалық даму болжамын тиiсiнше мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық және жергiлiктi уәкiлеттi органдар әзiрлейдi және Қазақстан Республикасының Үкiметi немесе жергiлiктi атқарушы орган мақұлдайды және бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануы тиiс.
      23. Әлеуметтiк-экономикалық даму болжамын мониторингтеу, бағалау және бақылау жүзеге асырылмайды.
      24. Әлеуметтiк-экономикалық даму болжамын әзiрлеу тәртiбi мен мерзiмдерiн мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi уәкiлеттi орган айқындайды.
      Ескерту. 24-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентiнiң 18.02.2015 № 1005 Жарлығымен (алғашқы ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi).

3.5. Мемлекеттiк бағдарламалар

      25. Мемлекеттiк бағдарламалар Мемлекеттiк жоспарлау жүйесiнiң жоғары тұрған құжаттарын iске асыру мақсатында орта мерзiмдi (5 жылды қоса алғанға дейiнгi) кезеңге әзiрленедi және қажеттi ресурстар көрсетiле отырып, ел дамуының басым стратегиялық бағыттары бойынша мақсаттарды, мiндеттер мен күтiлетiн нәтижелердi айқындайтын салааралық және ведомствоаралық сипаттағы құжаттар болып табылады.


      Ескерту. 25-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентiнiң 30.11.2015 № 120 (01.01.2016 бастап қолданысқа енгiзiледi) Жарлығымен.
      26. Мемлекеттiк бағдарламаларды тиiстi мемлекеттiк орган әзiрлейдi және мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi уәкiлеттi органмен келiсiледi.
      Ескерту. 26-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентiнiң 18.02.2015 № 1005 Жарлығымен (алғашқы ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi).
      27. Мемлекеттiк бағдарламаларды Қазақстан Республикасының Президентi бекiтедi.
      28. Мемлекеттiк бағдарламалар тiзбесiн Қазақстан Республикасының Президентi бекiтедi.
      29. Мемлекеттiк бағдарламаны iске асыру үшiн Қазақстан Республикасының Үкiметi Қазақстан Республикасы Президентiнiң Әкiмшiлiгiмен келiсiм бойынша оны iске асыру жөнiндегi iс-шаралар жоспарын бекiтедi.
      30. Мемлекеттiк бағдарламаның iске асырылуын мониторингтеудi әзiрлеушi мемлекеттiк орган не Қазақстан Республикасының Президентi немесе Қазақстан Республикасы Президентi Әкiмшiлiгiнiң Басшысы уәкiлеттiк берген өзге мемлекеттiк орган жүргiзедi.
      Мемлекеттiк бағдарламаның iске асырылуын бағалауды мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi уәкiлеттi орган және Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөнiндегi есеп комитетi жүргiзедi.
      Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөнiндегi есеп комитетi мемлекеттiк бағдарламалардың iске асырылуын бағалауды республикалық бюджеттi атқару және мемлекет активтерiн пайдалану бөлiгiнде, ал Қазақстан Республикасы Президентiнiң тапсырмалары бойынша өзге де бағыттар бойынша тиiмдiлiкке мемлекеттiк аудит және сараптамалық-талдау iс-шараларын жүргiзу шеңберiнде жүзеге асырады. Iске асырылуын мониторингтеу мен бағалау нәтижелерi бойынша мемлекеттiк бағдарлама және оны iске асыру жөнiндегi iс-шаралар жоспары түзетiлуi мүмкiн.
      Ескерту. 30-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентiнiң 11.01.2016 N 169 Жарлығымен (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).
      31. Мемлекеттiк бағдарламаның iске асырылуын бақылауды Қазақстан Республикасы Президентiнiң Әкiмшiлiгi жүзеге асырады.
      32. Мемлекеттiк бағдарламаларды әзiрлеу, iске асыру, олардың iске асырылуына мониторинг, бағалау жүргiзу және iске асырылуын бақылау тәртiбi мен мерзiмдерiн Қазақстан Республикасының Президентi айқындайды.

3.6. Үкiметтiк бағдарламалар

      Ескерту. 3.6-тарау жаңа редакцияда - ҚР Президентiнiң 30.11.2015 № 120 (01.01.2016 бастап қолданысқа енгiзiледi) Жарлығымен.

      33. Үкiметтiк бағдарламаларды орталық мемлекеттiк органдар әлеуметтiк маңызы бар салааралық мәселелердi шешу үшiн Мемлекеттiк жоспарлау жүйесiнiң жоғары тұрған құжаттарын iске асыру үшiн орта мерзiмдi (5 жылды қоса алғанға дейiнгi) кезеңге әзiрлейдi.
      34. Үкiметтiк бағдарламалар тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
      35. Үкiметтiк бағдарламалардың мониторингiн оны әзiрлеуге жауапты мемлекеттiк орган жүргiзедi.
      Үкiметтiк бағдарламалардың iске асырылуын бағалауды мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi уәкiлеттi орган және Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөнiндегi есеп комитетi жүргiзедi.
      Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөнiндегi есеп комитетi үкiметтiк бағдарламалардың iске асырылуын бағалауды республикалық бюджеттi атқару және мемлекет активтерiн пайдалану бөлiгiнде, ал Қазақстан Республикасы Президентiнiң тапсырмалары бойынша өзге де бағыттар бойынша тиiмдiлiкке мемлекеттiк аудит және сараптамалық-талдау iс-шараларын жүргiзу шеңберiнде жүзеге асырады.
      Үкiметтiк бағдарламалардың iске асырылуын бақылауды Қазақстан Республикасының Үкiметi жүзеге асырады.
      Ескерту. 35-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентiнiң 11.01.2016 N 169 Жарлығымен (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).
      36. Үкiметтiк бағдарламаларды Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
      36-1. Үкiметтiк бағдарламаларды әзiрлеу, iске асыру, мониторинг жүргiзу, iске асырылуын бағалау және бақылау тәртiбi мен мерзiмдерiн Қазақстан Республикасының Президентi айқындайды.

3.7. Мемлекеттiк органдардың стратегиялық жоспарлары

      37. Мемлекеттiк органның стратегиялық жоспары стратегиялық және бағдарламалық құжаттардың, әлеуметтiк-экономикалық даму болжамының негiзiнде әр үш жыл сайын бес жылдық кезеңге әзiрленедi.


      Ескерту. 37-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентiнiң 30.11.2015 № 120 (01.01.2016 бастап қолданысқа енгiзiледi) Жарлығымен.
      38. Мемлекеттiк органның стратегиялық жоспары мемлекеттiк орган қызметiнiң стратегиялық бағыттарын, мақсаттарын, нысаналы индикаторларын айқындайды.
      Ескерту. 38-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентiнiң 30.11.2015 № 120 (01.01.2016 бастап қолданысқа енгiзiледi) Жарлығымен.
      39. Қазақстан Республикасының Бюджет кодексiнде айқындалған мемлекеттiк органдар стратегиялық жоспарлар әзiрлемейдi.
      40. Мемлекеттiк органның стратегиялық жоспарын, осы тармақтың үшiншi бөлiгiнде көзделген жағдайды қоспағанда, мемлекеттiк және бюджеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi органдармен келiсiм бойынша мемлекеттiк органның басшысы бекiтедi.
      Мемлекеттiк органның стратегиялық жоспарында бiлiм, ғылым және (немесе) денсаулық аяларымен байланысқан мақсаттар болған кезде мемлекеттiк органның стратегиялық жоспары бiлiм, ғылым және (немесе) денсаулық саласындағы уәкiлеттi органдармен келiсiледi.
      Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң стратегиялық жоспарын, мүдделi мемлекеттiк органдардың және Қазақстан Республикасы Президентi Әкiмшiлiгiнiң келiсуiнсiз, мемлекеттiк органның басшысы бекiтедi.
      Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң бекiтiлген/түзетiлген стратегиялық жоспарының көшiрмесi бекiтiлген күнiнен бастап бiр апта мерзiмде Қазақстан Республикасы Қауiпсiздiк Кеңесiнiң Хатшылығына жолданады.
      Ескерту. 40-тармаққа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР Президентiнiң 18.02.2015 № 1005 (алғашқы ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi); 30.11.2015 № 120 (01.01.2016 бастап қолданысқа енгiзiледi) Жарлықтарымен.
      41. Стратегиялық жоспарды iске асыру үшiн мемлекеттiк орган жыл сайын операциялық жоспар әзiрлейдi.
      Операциялық жоспар мемлекеттiк органның ағымдағы қаржы жылдағы стратегиялық жоспардың мақсаттарына және нысаналы индикаторларға, сондай-ақ мемлекеттiк органның ережесiнде айқындалған басқа мiндеттерге қол жеткiзу жөнiндегi iс-шаралардың ресурстарымен, жауапты орындаушыларымен және жүзеге асыру мерзiмдерiмен байланысқан нақты iс-қимылын қамтитын құжат болып табылады.
      Ескерту. 41-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентiнiң 30.11.2015 № 120 (01.01.2016 бастап қолданысқа енгiзiледi) Жарлығымен.
      42. Мемлекеттiк органның стратегиялық жоспарының iске асырылу мониторингiн әзiрлеушi мемлекеттiк орган жүзеге асырады.
      43. Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөнiндегi есеп комитетi жүргiзетiн бағалаудан басқа, мемлекеттiк органдардың стратегиялық жоспарларының iске асырылуын бағалау Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2010 жылғы 19 наурыздағы № 954 Жарлығымен бекiтiлген Орталық мемлекеттiк органдар мен облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергiлiктi атқарушы органдары қызметiнiң тиiмдiлiгiн жыл сайынғы бағалау жүйесi шеңберiнде жүзеге асырылады.
      Ескерту. 43-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентiнiң 18.02.2015 № 1005 Жарлығымен (алғашқы ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi).
      44. Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөнiндегi есеп комитетi орталық мемлекеттiк органдардың стратегиялық жоспарларының iске асырылуын бағалауды республикалық бюджеттi атқару және мемлекет активтерiн пайдалану бөлiгiнде, ал Қазақстан Республикасы Президентiнiң тапсырмалары бойынша өзге де бағыттар бойынша тиiмдiлiкке мемлекеттiк аудит және сараптамалық-талдау iс-шараларын жүргiзу шеңберiнде жүзеге асырады.
      Ескерту. 44-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентiнiң 11.01.2016 N 169 Жарлығымен (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).
      45. Мемлекеттiк органдардың стратегиялық жоспарларының iске асырылуын бақылауды мемлекеттiк органдардың өздерi жүзеге асырады.
      46. Мемлекеттiк органдардың стратегиялық жоспарларын әзiрлеу, iске асыру, оларға мониторинг, бағалау жүргiзу және iске асырылуын бақылау тәртiбi мен мерзiмдерiн Қазақстан Республикасының Президентi айқындайды.

3.8. Аумақтарды дамыту бағдарламасы

      47. Аумақтарды дамыту бағдарламасы Мемлекеттiк жоспарлау жүйесiнiң жоғары тұрған құжаттары негiзiнде бесжылдық кезеңге арналып әзiрленедi.


      Аумақтарды дамыту бағдарламасы негiзгi бағыттарды, мақсаттарды, нысаналы индикаторларды, қажеттi ресурстарды қамтиды.
      Ескерту. 47-тармаққа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР Президентiнiң 30.11.2015 № 120 (01.01.2016 бастап қолданысқа енгiзiледi) Жарлығымен.
      48. Облысты, республикалық маңызы бар қаланы, астананы дамыту бағдарламасын облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергiлiктi атқарушы органы әзiрлейдi және ол мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi уәкiлеттi органмен, мүдделi орталық мемлекеттiк органдармен келiсiледi.
      Ауданды (облыстық маңызы бар қаланы) дамыту бағдарламасын ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi уәкiлеттi органы әзiрлейдi және ол облыстың мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi уәкiлеттi органымен, облыстың мүдделi атқарушы органдарымен келiсiледi.
      Ескерту. 48-тармаққа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР Президентiнiң 18.02.2015 № 1005 Жарлығымен (алғашқы ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi).
      49. Аумақтарды дамыту бағдарламасын жергiлiктi өкiлдi орган бекiтедi.
      50. Облысты, республикалық маңызы бар қаланы, астананы, ауданды (облыстық маңызы бар қаланы) дамыту бағдарламасын iске асыру үшiн жергiлiктi атқарушы орган оны iске асыру жөнiндегi iс-шаралар жоспарын бекiтедi.
      Ескерту. 50-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентiнiң 30.11.2015 № 120 (01.01.2016 бастап қолданысқа енгiзiледi) Жарлығымен.
      51. Облысты, республикалық маңызы бар қаланы, астананы дамыту бағдарламасының iске асырылу мониторингiн облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi уәкiлеттi органы жүргiзедi.
      Ауданды (облыстық маңызы бар қаланы) дамыту бағдарламасының iске асырылу мониторингiн ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi уәкiлеттi органдары жүргiзедi.
      Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың тексеру комиссиясы жүргiзетiн бағалаудан басқа, облысты, республикалық маңызы бар қаланы, астананы дамыту бағдарламаларының iске асырылуын бағалау Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2010 жылғы 19 наурыздағы № 954 Жарлығымен бекiтiлген Орталық мемлекеттiк органдар мен облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергiлiктi атқарушы органдары қызметiнiң тиiмдiлiгiн жыл сайынғы бағалау жүйесi шеңберiнде жүзеге асырылады.
      Ескерту. 51-тармаққа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР Президентiнiң 18.02.2015 № 1005 Жарлығымен (алғашқы ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi).
      52. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың тексеру комиссиясы аумақтарды дамыту бағдарламаларының iске асырылуын бағалауды тиiстi бюджеттi атқару және мемлекет активтерiн пайдалану бөлiгiнде, ал Қазақстан Республикасы Президентiнiң тапсырмалары бойынша өзге де бағыттар бойынша тиiмдiлiкке мемлекеттiк аудит және сараптамалық-талдау iс-шараларын жүргiзу шеңберiнде жүзеге асырады.
      Ескерту. 52-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентiнiң 11.01.2016 N 169 Жарлығымен (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).
      53. Мониторинг пен iске асырылуын бағалау нәтижелерi бойынша аумақтарды дамыту бағдарламалары мен оларды iске асыру жөнiндегi iс-шаралар жоспарлары түзетiлуi мүмкiн.
      Аумақтарды дамыту бағдарламаларын түзету процесi Мемлекеттiк жоспарлау жүйесiнiң жоғары тұрған құжаттарының жаңасы қабылданған не оларға өзгерiстер енгiзiлген, сондай-ақ аумақтарды дамыту бағдарламасының iске асырылуын мониторингтеу мен бағалау нәтижелерi алынған сәттен бастап үш ай мерзiмнен аспауы тиiс.
      54. Аумақтарды дамыту бағдарламасының iске асырылуын бақылауды тиiстi жергiлiктi өкiлдi орган жүзеге асырады.
      55. Аумақтарды дамыту бағдарламасын әзiрлеу, iске асыру, оған мониторинг, бағалау жүргiзу және iске асырылуын бақылау тәртiбi мен мерзiмдерiн Қазақстан Республикасының Президентi айқындайды.

3.9. Ұлттық басқарушы холдингтердiң, ұлттық холдингтердiң, ұлттық компаниялардың даму стратегиялары

      56. Ұлттық басқарушы холдингтердiң, ұлттық холдингтердiң, ұлттық компаниялардың даму стратегиялары Мемлекеттiк жоспарлау жүйесiнiң жоғары тұрған құжаттары ескерiле отырып 10 жылға әзiрленедi.


      Ұлттық басқарушы холдингтердiң, ұлттық холдингтердiң, ұлттық компаниялардың даму стратегиялары ұлттық басқарушы холдингтердiң, ұлттық холдингтердiң, ұлттық компаниялардың алдыңғы даму стратегияларын iске асырудың соңғы жылынан кешiктiрмей әзiрленедi.
      Ұлттық басқарушы холдингтердiң, ұлттық холдингтердiң, ұлттық компаниялардың даму стратегиялары олардың стратегиялық бағыттарын, мақсаттары мен қызметi нәтижелерiнiң көрсеткiштерiн айқындайды және акциялары (қатысу үлестерi) ұлттық басқарушы холдингтерге, ұлттық холдингтерге, ұлттық компанияларға осы заңды тұлғалар қабылдайтын шешiмдердi айқындауға құқық беретiн заңды тұлғалардың даму стратегиялары ескерiле отырып әзiрленедi.
      Ұлттық басқарушы холдингтердiң, ұлттық холдингтердiң, ұлттық компаниялардың даму стратегиялары Мемлекеттiк жоспарлау жүйесiнiң жоғары тұрған құжаттарында баяндалған мақсаттарға, мiндеттерге және бюджеттiк параметрлерге сәйкестiгi тұрғысынан мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi уәкiлеттi органмен келiсiледi және оларды Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
      Ұлттық әл-ауқат қорының даму стратегиясын Ұлттық әл-ауқат қорының директорлар кеңесi мақұлдағаннан кейiн Ұлттық әл-ауқат қорының жалғыз акционерi бекiтедi.
      Ұлттық басқарушы холдингтердiң, ұлттық холдингтердiң, ұлттық компаниялардың даму стратегияларын iске асыру мақсатында ұлттық басқарушы холдингтердiң, ұлттық холдингтердiң, ұлттық компаниялардың 5 жыл мерзiмге арналған даму жоспарлары әзiрленедi.
      Ұлттық басқарушы холдингтерге, ұлттық холдингтерге, ұлттық компанияларға арналған даму стратегияларын әзiрлеу мен бекiту тәртiбiн мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi уәкiлеттi орган айқындайды.
      Ескерту. 56-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентiнiң 18.02.2015 № 1005 Жарлығымен (алғашқы ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi).
      57. Ұлттық басқарушы холдингтердiң, ұлттық холдингтердiң, ұлттық компаниялардың даму стратегияларының iске асырылуын мониторингтеудi мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi уәкiлеттi орган айқындайтын тәртiппен тиiстi саланың уәкiлеттi органы немесе жергiлiктi атқарушы орган (жергiлiктi бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы орган) жүзеге асырады.
      Ескерту. 57-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентiнiң 18.02.2015 № 1005 Жарлығымен (алғашқы ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi).
      58. Ұлттық басқарушы холдингтердiң, ұлттық холдингтердiң, ұлттық компаниялардың даму стратегияларының iске асырылуын бағалауды аудиттелген қаржылық есептiлiк бекiтiлгеннен кейiн 3 жыл өткен соң мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi уәкiлеттi орган айқындайтын тәртiппен мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
      Ескерту. 58-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентiнiң 18.02.2015 № 1005 Жарлығымен (алғашқы ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi).
      58-1. Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөнiндегi есеп комитетi тиiмдiлiк аудитi шеңберiнде ұлттық компаниялардың даму стратегияларының iске асырылуын бағалауды жүзеге асырады.
      Ескерту. Мемлекеттiк жоспарлау жүйесi 58-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Президентiнiң 11.01.2016 N 169 Жарлығымен (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).
      59. Тиiстi саланың уәкiлеттi органы немесе жергiлiктi атқарушы орган (жергiлiктi бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы орган) ұлттық басқарушы холдингтердiң, ұлттық холдингтердiң, ұлттық компаниялардың даму стратегияларының мониторингi мен оларды бағалау нәтижелерiн веб-порталда (құпия сипаттағы және қызмет бабында пайдалануға арналған ақпаратты қоспағанда) орналастырады.
      60. Тиiстi саланың уәкiлеттi органы, ұлттық әл-ауқат қорын қоспағанда, ұлттық басқарушы холдингтердiң, ұлттық холдингтердiң, акционерi мемлекет болып табылатын ұлттық компаниялардың даму стратегияларының тиiстi салада орындалуын бақылауды жүзеге асырады.
      Ұлттық әл-ауқат қорының даму стратегиясын бақылауды оның директорлар кеңесi жүзеге асырады.

4. Мемлекеттiк жоспарлау жүйесiнiң процесi және процеске қатысушылар

      61. Мемлекеттiк жоспарлау жүйесiнiң процестерi оның құжаттарын әзiрлеу, бекiту, iске асыру, оларды мониторингтеу, бағалау, түзету  және iске асырылуын бақылау болып табылады.


      Мониторинг - бұл Мемлекеттiк жоспарлау жүйесi құжаттарының iске асырылу барысы туралы ақпаратты жинау, жүйелеу, талдау және қорыту.
      Бағалау - бұл Мемлекеттiк жоспарлау жүйесiнiң құжаттарын iске асырудың нәтижелiлiгi мен тиiмдiлiгiне қол жеткiзу дәрежесiн айқындау құралы.
      Түзету - Мемлекеттiк жоспарлау жүйесi құжаттарының iске асырылуына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентi Жолдаулары ережелерiнiң, жекелеген тапсырмаларының iске асырылуына мониторинг пен бағалау жүргiзу нәтижесiнде аталған құжатқа өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу.
      Бақылау - Мемлекеттiк жоспарлау жүйесi құжаттарының толықтығын  және уақтылы орындалуына талдауды жүзеге асыру.
      62. Мемлекеттiк жоспарлау жүйесi процестерiне қатысушылар мемлекеттiк билiк органдары, мемлекет қатысатын заңды тұлғалар, қоғамдық, ғылыми және жекеше ұйымдардың өкiлдерi, жеке тұлғалар болып табылады.


©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет