3. Татуласу рәсімін қолдана отырып дауды реттеу туралы өтінішхат, егер осы Кодексте немесе заңда өзгеше көзделмесе, жария-құқықтық қатынастардан туындайтын істерден өзге талап қою бойынша іс жүргізудің кез келген ісі бойынша берілуі мүмкін.
175-бап. Татуласу келісімін жасау
1. Татуласу келісімі бірінші, апелляциялық, кассациялық және қадағалау сатыларындағы соттардың кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін кез келген уақытта, сондай-ақ сот актісінің орындалуы кезінде жасалуы мүмкін.
2. Татуласу келісімінде басқа адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзбауға және заңға қайшы келмеуге тиіс.
3. Татуласу келісімін сот бекітеді.
176-бап. Татуласу келісімінің нысаны мен мазмұны
1. Татуласу келісімі жазбаша нысанда жасалады және оған тараптар немесе олардың сенімхатта арнайы көзделген өкілдері татуласу келісімін жасауға өкілеттіктері болған кезде қол қояды.
2. Татуласу келісімінде оларды орындау мерзімі мен тәртібі көрсетіле отырып, тараптар келіскен шарттарды қамтуы тиіс.
3. Татуласу келісімін кейінге қалдыру шартымен жасауға жол берілмейді.
4. Татуласу келісімінде кейінге қалдыру немесе ұзарту мерзімдері көрсетіле отырып, жауапкердің міндеттемелерді орындауын кейінге қалдыру немесе ұзарту, талап ету құқығын басқаға беру, борышты толық немесе ішінара кешіру не мойындау, сот шығыстарын бөлу, татуласу келісімін мәжбүрлеп орындау шарттары және заңға қайшы келмейтін өзге де шарттар туралы қамтылуы мүмкін.
Егер татуласу келісімінде сот шығыстарын бөлу туралы шарт болмаса, олар өзара өтелді деп есептеледі.
5. Татуласу келісімі татуласу келісімін жасасқан адамдардың санынан бір дана артық жасалады және оған қол қойылады. Татуласу келісімін бекіткен сот осы даналардың біреуін іс материалдарына қоса тіркейді.
177-бап. Соттың татуласу келісімін бекітуі
1. Сот тараптардың татуласу келісімін бекітуі туралы өтінішхатын сот отырысында қарайды. Іс жүргізуге қатысушы адамдар сот отырысының өтетін орны мен уақыты туралы хабарландырылады.
Сот отырысының уақыты мен орны туралы тиісінше хабарландырылған тараптар сот отырысына келмеген және өтінішхатты олардың қатысуынсыз қарау туралы арыз болмаған жағдайда, сот татуласу келісімін бекіту туралы өтінішхатты қарамайды.
2. Сот татуласу келісімін жасаудың құқықтық салдарын татуласу келісімі бекітілгенге дейін тараптарға түсіндіреді.
3. Сот қараудың нәтижелері бойынша татуласу келісімін бекіту және іс бойынша іс жүргізуді тоқтату немесе татуласу келісімін бекітуден бас тарту туралы ұйғарым шығарады.
4. Егер татуласу келісімі заңға қайшы келсе немесе басқа да адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзса, сот оны бекітпейді. Сот татуласу келісімін бекітуден бас тартқан жағдайда бұл туралы ұйғарым шығарады, ол ұйғарым шағымдануға және наразылық білдіруге жатпайды. Ұйғарыммен келіспеу туралы уәждер апелляциялық шағымда көрсетілуі мүмкін.
5. Соттың татуласу келісімін бекіту туралы ұйғарымында:
1) татуласу келісімін бекіту және іс бойынша іс жүргізуді тоқтату;
2) татуласу келісімінің шарттары және оны орындау мерзімдері;
3) осы Кодекстің 176-бабының төртінші бөлігінің қағидаларына сәйкес сот шығындарын бөлу;
4) талапкерге оған бюджеттен төлеген мемлекеттік бажды қайтару көрсетіледі.
6. Сот актісін орындау сатысында жасалған татуласу келісімі сот актісі орындалатын жердегі бірінші сатыдағы соттың немесе аталған сот актісін қабылдаған соттың бекітуіне ұсынылады.
7. Татуласу келісімін бекіту туралы ұйғарымға апелляциялық және кассациялық сатыдағы соттарға шағымдануы және наразылық білдірілуі мүмкін.
178-бап. Татуласу келісімін орындау
1. Татуласу келісімін оны жасасқан адамдар осы келісімде көзделген тәртіппен және мерзімдерде ерікті түрде орындайды.
2. Ерікті түрде орындалмаған татуласу келісімі татуласу келісімін жасасқан адамның өтінішхаты бойынша соттың берген атқару парағының негізінде мәжбүрлеп орындатуға жатады.
179-бап. Дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу
-
Тараптар сот кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін бірінші, апелляциялық, кассациялық және қадағалау сатыларындағы соттарда дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы өтінішхатты беруге құқылы.
Тараптардың дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы өтінішхаты, егер бұл қосымша процестік әрекеттерді және істі қарауды тоқтата тұруды талап етпесе, кассациялық немесе қадағалау сатыларындағы соттарда берілуі мүмкін. Тараптар дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді кассациялық немесе қадағалау сатыларындағы соттардағы өтінішхатпен бір мезгілде ұсынуға тиіс.
2. Медиатор медиацияны жүргізу туралы өтінішхатты берген және тараптардың медиатормен жасасқан шарты бірінші және апелляциялық сатыдағы соттарға ұсынылған жағдайда іс бойынша іс жүргізу осы Кодекстің 272-бабының 7) тармақшасына сәйкес бір айдан аспайтын мерзімге тоқтатыла тұрады.
3. Бірінші немесе апелляциялық сатыдағы судья медиацияны өткізу туралы өтінішхатты берген кезде сот іс бойынша іс жүргізуді осы Кодекстің 273-бабының 7) тармақшасына сәйкес он жұмыс күнінен аспайтын мерзімге тоқтата тұруға құқылы.
4. Бірінші сатыдағы сотта медиацияны өткізу үшін іс басқа судьяға беріледі. Тараптардың өтінішхаты бойынша медиацияны ісі іс жүргізуде жатқан судья өткізуі мүмкін.
Медиацияны апелляциялық сатыдағы сотта өткізу үшін іс әдетте, соттың алқалы құрамындағы судьялардың біріне беріледі.
5. Медиацияны өткізетін судья медиация өткізілетін күнді тағайындайды және тараптарға оның өткізілетін уақыты мен орны туралы хабарлайды. Сотта медиация «Медиация туралы» Қазақстан Республикасының Заңына және осы Кодексте белгіленген ерекшеліктерге сәйкес өткізіледі.
Сот тараптардың өтінішхаты бойынша медиация рәсімін осы баптың үшінші бөлігінде белгіленген мерзім шегінде кейінге қалдыруға және егер басқа адамдардың қатысуы дауды (жанжалды) реттеуге ықпал етсе оларды медиацияға шақыруға құқылы.
6. Сотта медиацияны өткізу хаттамасы жүргізілмейді.
7. Егер дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісім сот актісін орындау сатысында жасалған жағдайда, ол сот актісінің орындалатын орны бойынша бірінші сатыдағы сотқа немесе аталған сот актісін қабылдаған сотқа бекітуге ұсынылады.
180-бап. Дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісім және оны орындау
1. Іс іс жүргізуінде жатқан судья (сот құрамы) дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімнің мазмұнын тексереді және оны бекіту және іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы ұйғарым шығарады.
2. Дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісім, осы келісімді бекіту туралы ұйғарым «Медиация туралы» Заңның талаптарына және осы Кодекстің 176, 177-баптарына сәйкес болуға тиіс.
3. Егер тараптар медиация тәртібімен келісімге қол жеткізбесе немесе келісімнің шартын сот бекітпесе, істі талқылау жалпы тәртіппен жүргізіледі.
4. Дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы сот бекіткен келісімді орындау осы Кодекстің 178-бабында белгіленген татуласу келісімін орындау қағидалары бойынша жүргізіледі.
181-бап. Дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу
1. Тараптар осы Кодекстің 179-бабында көзделген қағидалар бойынша соттар кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы өтінішхатты мәлімдеуге құқылы.
2. Партисипативтік рәсім екі тарап адвокаттарының дауды реттеуге жәрдемдесуімен тараптар арасында келіссөздер жүргізу арқылы судьяның қатысуынсыз өткізіледі.
182-бап. Дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім және оны орындау
1. Іс жүргізуінде іс жатқан судья (сот құрамы) дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісімнің мазмұнын тексереді және осы Кодекстің 177-бабына сәйкес оны бекіту және іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы ұйғарым шығарады.
2. Дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім, осы келісімді бекіту туралы ұйғарым осы Кодекстің 176, 177-баптарының талаптарына сәйкес болуға тиіс.
3. Егер тараптар партисипативтік рәсім тәртібімен келісімге қол жеткізбесе немесе сот келісім шартын бекітпесе, істі талқылау жалпы тәртіппен жүргізіледі.
4. Дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы сот бекіткен келісімді орындау осы Кодекстің 178-бабында белгіленген татуласу келісімін орындау қағидалары бойынша жүргізіледі.
18-тарау. СОТ ТАЛҚЫЛАУЫ
183-бап. Бірінші сатыдағы соттың азаматтық iстердi қарау және шешу мерзiмдерi
1. Азаматтық істі қарау мерзімі оның нақты күрделілігіне және іске қатысушы адамдардың мүдделеріне сәйкес келуге тиіс.
2. Азаматтық iстерді сот істі сот талқылауына дайындау аяқталған күннен бастап екi айға дейiнгi мерзiмде қарайды және шешедi.
Жұмысқа қайтадан алу, әке болуды анықтау және алимент өндiру туралы азаматтық істер, сондай-ақ ерекше талап қою және ерекше іс жүргізу істерін сот істі сот талқылауына дайындау аяқталған күннен бастап бір айға дейiнгi мерзiмде қарайды және шешедi. Ереуілдерді заңсыз деп тану туралы істер талап арыз сотқа түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде қаралады және шешіледі. Уәкілетті органның мемлекеттік сатып алуды өткізуді тексерудің қорытындылары бойынша шешімдерін, қорытындыларын, нұсқамаларын даулау туралы істер істі сот талқылауына дайындау аяқталған күннен бастап он жұмыс күні ішінде қаралады және шешіледі.
3. Осы Кодексте азаматтық iстердiң жекелеген санаттары үшін оларды қараудың және шешудің өзге де мерзiмдері белгiленуi мүмкiн.
4. Қарсы талап қойылған істерді қарау және шешу мерзімі негізгі талап қою бойынша істі сот талқылауына дайындау аяқталған күннен бастап есептеледі.
5. Негізгі істен бөліп алынған істі, сондай-ақ бірлесіп қарау үшін бір іске біріктірілген істерді қарау және шешу мерзімі осы Кодекстің 167-бабының төртінші бөлігіне сәйкес есептеледі.
6. Осы Кодексте белгіленген тәртіппен соттың ұйғарымына шағымданған кезде, талап қоюды қамтамасыз ету туралы ұйғарымға шағымдану жағдайларын қоспағанда, істі жоғары сатыдағы сотқа жіберген кезден бастап ол бірінші сатыдағы соттың іс жүргізуіне түскенге дейін істі қарау және шешу мерзімі үзіледі.
184-бап. Сот отырысы
Сот азаматтық істі талқылауды іске қатысушы адамдарды міндетті түрде хабарландыра отырып сот отырысында жүргізеді.
185-бап. Сот отырысында төрағалық етушi
1. Төрағалық етушiнiң мiндетiн судья атқарады. Төрағалық етушi азаматтық сот ісін жүргізу қағидаттарына сәйкес процестік әрекеттер жасаудың сабақтастықтығы мен тәртiбінiң сақталуын, процеске қатысушылардың процестік құқықтарын жүзеге асыруын және олардың процестік міндеттерін орындауын, процестің тәрбиелiк ықпалын қамтамасыз ете отырып, отырыстың барысына басшылық жасайды.
2. Іске қатысатын адамдардың бiрi төрағалық етушiнiң процестік әрекеттерiне қарсылық бiлдiрген жағдайда, бұл сот отырысының хаттамасына енгiзiледi.
3. Төрағалық етушi сот отырысында тиiстi тәртiптi қамтамасыз етуге қажеттi шаралар қабылдайды. Сот отырысында тәртіпті сақтау жөніндегі талаптар сот отырысына қатысушы барлық адамдар және өкілдер, мамандар, сарапшылар, аудармашылар үшiн, сондай-ақ сот отырысы залында қатысып отырған азаматтар үшiн мiндеттi.
Төрағалық етушінің сот отырысында тәртіпті сақтау жөніндегі талаптарды орындамауы осы Кодекстің 119 және 120-баптарының талаптарына сәйкес заңда көзделген жауаптылыққа әкеп соғады.
186-бап. Сот талқылауының тікелей және ауызша болуы
1. Сот іс пен дауды қарау және шешу кезiнде iс бойынша дәлелдемелердi тiкелей зерттеуге міндетті.
Жазбаша іс жүргізу тәртібімен қаралатын істерді қоспағанда, сот тараптардың және іске қатысушы басқа адамдардың түсiнiктемелерiн, куәлардың айғақтарын, сарапшылардың қорытындыларын, мемлекеттiк органдардың және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының қорытындыларын тыңдауға, құжаттармен танысуға, заттай дәлелдемелердi қарап шығуға, аудио жазбаларын тыңдауға және бейнежазбаларды, кино-, фотоматериалдарды көруге, ақпаратты түрлендірудің өзге де құралдарының материалдарымен танысуға мiндеттi. Қажет болған жағдайларда iс бойынша дәлелдемелердi зерттеген кезде сот маманның консультациялары мен түсiндiрмелерiн тыңдайды.
2. Сот отырысында істi талқылау ауызша жүргiзiледi. Істі қарау процесінде судья алмастырылған жағдайда талқылау басынан бастап жүргізілуге тиіс.
3. Сот тараптардың, іске қатысушы басқа да адамдардың түсініктемелерін, куәлердің айғақтарын, сарапшылардың қорытындыларын, мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қорытындыларын тыңдауды бейнеконференцбайланыс арқылы жүзеге асыра алады.
187-бап. Сот отырысындағы тәртiп
1. Судья сот отырысы залына кiрген кезде залдағы қатысып отырған адамдар орындарынан тұрады. Шешiм шығармай аяқталатын істегі сот шешiмiн немесе ұйғарымын сот отырысы залында қатысып отырғандар түрегеп тұрып тыңдайды.
2. Іске қатысушы адамдар мен сот отырысы залында қатысып отырған азаматтар судьяға «Құрметті сот» деп жүгінеді.
Түсініктемелер мен айғақтарды, сұрақтар мен оларға жауаптарды процеске қатысушылар төрағалық етушінің рұқсатымен түрегеп тұрып береді. Бұл қағидадан ауытқуға төрағалық етушiнiң рұқсатымен ғана жол берілуі мүмкiн.
3. Іске қатысушы адамдар, сондай-ақ сот отырысы залында қатысып отырған азаматтар сот отырысы залындағы тәртіпті сақтауға міндетті.
188-бап. Сот отырысындағы тәртiпті бұзушыларға қолданылатын шаралар
1. Iстi талқылау кезiнде тәртiпті бұзған адамға төрағалық етушi соттың атынан ескерту жасайды.
2. Тәртiптi қайталап бұзған жағдайда iске қатысушы адам сот отырысының хаттамасына енгізілетін сот ұйғарымы бойынша сот талқылауының барлық уақытына немесе оның бiр бөлiгiне сот отырысы залынан шығарып жiберiлуi мүмкiн. Төрағалық етушi соңғы жағдайда сот отырысы залына қайта жiберiлген адамды ол жоқ кезде жасалған процестік әрекеттерiмен таныстырады. Сот отырысы залына қайта оралған адамдар өздері болмаған кезде зерттелген мән-жайлар бойынша түсініктеме беруге және іске қатысушы басқа адамдарға сұрақтар қоюға құқылы.
3. Іске қатыспайтын және сот отырысы залында қатысып отырған азаматтар қайталап тәртіп бұзғаны үшін төрағалық етушінің өкімімен отырыс залынан шығарып жіберіледі.
4. Iстi талқылау барысында оған қатысушы азаматтар жаппай тәртiп бұзған жағдайда сот iске қатыспайтын азаматтардың барлығын сот отырысы залынан шығарып, iстi жабық отырыста қарауы немесе iстi қарауды кейiнге қалдыруы мүмкiн. Істі жабық сот отырысында қарау және шешу туралы ұйғарым шығарылады, ол сот отырысының хаттамасына енгізіледі.
5. Сот процеске қатысушы адам тарапынан тікелей сотта істі талқылау барысында сотты құрметтемеу фактісі анықталған кезде кінәлі адамға осы Кодекстің 120-бабында белгіленген тәртіппен әкімшілік жаза қолдануға құқылы.
6. Егер сот отырысында тәртіп бұзушының әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылық (қылмыс) белгілері болса, бұл адам осы Кодекстің 120-бабында белгіленген тәртіппен қылмыстық жауапқа тартылуы мүмкін.
189-бап. Сот отырысын ашу
1. Iстi талқылау үшiн белгiленген уақытта төрағалық етушi сот отырысын ашады және қандай азаматтық iс қаралуға тиiс екенiн жариялайды.
2. Төрағалық етушi сот отырысында аудио- немесе бейнежазба құралдарын сот пайдаланған жағдайда бұл туралы хабарлайды.
Сот отырысының аудио- немесе бейнежазба құралдарын пайдалану мүмкін болмаған жағдайда сот отырысының хатшысы бұл туралы сотқа баяндап, осы мәліметтерді сот отырысының хаттамасында көрсетеді.
190-бап. Процеске қатысушылардың келуiн тексеру
1. Сот отырысының хатшысы осы iс бойынша шақырылған адамдардан кiмнiң келгенiн, келмеген адамдарға хабар берiлгенін не берiлмегенiн және олардың келмеу себептерi туралы қандай мәлiметтердiң бар екенiн сотқа баяндайды.
2. Төрағалық етушi келгендердiң жеке басын анықтайды, сондай-ақ өкiлдердiң өкiлеттiктерiн тексередi.
191-бап. Аудармашыға оның мiндеттерiн түсiндiру
1. Төрағалық етушi аудармашыға сот жүргiзiлiп отырған тiлдi бiлмейтiн адамдардың түсiндiрмелерiн, айғақтарын, мәлiмдемелерiн, ал осы адамдарға iске қатысушы адамдар мен куәлардың түсiндiрмелерiнiң, айғақтарының, мәлiмдемелерiнiң, жария етiлетiн және iсте бар құжаттардың, аудио жазбаларының, сарапшылар қорытындыларының, мамандар консультацияларының, сондай-ақ судья өкiмдерiнiң, сот шығарған сот актілерінің мазмұнын аудару мiндетiн түсiндiредi.
2. Төрағалық етушi аудармашыға көрiнеу қате аударма жасағаны үшiн Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiнде көзделген жауаптылық жөнiнде ескертедi. Аудармашының бұл туралы қолхаты сот отырысының хаттамасына қоса тiркеледi. Аудармашы сотқа келуден немесе өз мiндеттерiн орындаудан дәлелсіз себептермен жалтарған жағдайда, оған әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңнамаға сәйкес әкiмшiлiк жаза қолданылуы мүмкiн.
3. Осы баптың қағидалары сурдоаударма жасау дағдыларын меңгерген және сот процесіне қатыстырылған адамға қолданылады.
192-бап. Куәларды сот отырысы залынан шығару
1. Келген куәлар сот отырысы залынан шығарылады.
2. Төрағалық етушi жауап алынған куәлардың жауап алынбаған куәлармен сөйлеспеуі үшін шаралар қолданады.
193-бап. Сот құрамын жария ету және қарсылық бiлдiру құқығын түсiндiру
1. Төрағалық етушi сот құрамын жариялайды, прокурор, сарапшы, маман, сот отырысының хатшысы ретiнде кiмдердiң қатысып отырғанын хабарлайды және iске қатысушы адамдарға олардың қарсылық бiлдiру құқығын түсiндiредi.
2. Қарсылықтарды бiлдiру үшiн негiздер, мәлiмденген қарсылықты шешу тәртiбi және осындай мәлiмдеулердi қанағаттандырудың салдары осы Кодекстiң 38, 39, 40, 41 және 42-баптарында айқындалады.
194-бап. Iске қатысушы адамдарға олардың құқықтары мен мiндеттерiн түсiндiру
Төрағалық етуші іске қатысушы адамдардың процестік құқықтары мен және міндеттерімен танысқандығына көз жеткізеді, ал таныспаған жағдайда оларға құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді.
Төрағалық етуші тараптарға дауды татуласу келісімімен, дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімімен, дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісімімен шешу немесе дауды заңда белгіленген басқа тәсілмен реттеу не дауды шешу үшін төрелік немесе аралық сотқа жүгіну құқығын және олардың құқықтық салдарын тараптарға түсіндіреді.
195-бап. Соттың iске қатысушы адамдардың өтiнiшхатын шешуi
Iске қатысушы адамдардың және өкiлдердiң iстi талқылауға байланысты мәселелер бойынша өтiнiшхаты iске қатысушы адамдардың пiкiрлерi тыңдалғаннан кейін шешіледі, бұл туралы сот отырысының хаттамасында көрсетіледі. Осы Кодексте белгіленген жағдайларда соттың ұйғарымы шығарылады.
196-бап. Iске қатысушы адамдардың және өкiлдердiң сот отырысына келмеуінің салдары
1. Iске қатысушы адамдар сот отырысына келмеу себептерi туралы сотқа алдын ала хабарлауға және осы себептердiң дәлелдi екендiгiне дәлелдемелердi ұсынуға мiндеттi.
2. Iске қатысушы адамдардың қайсыбiрі сот отырысына келмеген жағдайда, олардың тиісінше хабарландырылғаны туралы мәлiметтер жоқ болса, iстi талқылау кейiнге қалдырылады.
3. Егер iске қатысушы адамдар сот отырысының уақыты мен орны туралы тиiсiнше хабарландырылса, олардың келмеу себептерi тек дәлелдi деп танылған жағдайда ғана сот iстi талқылауды кейiнге қалдырады.
4. Сот отырысының уақыты мен орны туралы тиiсiнше хабарландырылған iске қатысушы адамдардың қайсыбiрi келмеген жағдайда, егер олардың келмеу себептерi дәлелсiз деп танылса, сот iстi қарауға құқылы.
5. Сот істі осы Кодекстің 256-бабында көзделген негіздер бойынша сырттай iс жүргiзуде қарауға құқылы.
6. Тараптар соттан iстi олардың қатысуынсыз қарау және оларға шешiмнiң көшiрмелерiн жiберу туралы жазбаша нысанда өтiнуге құқылы.
7. Сот отырысының уақыты мен орны туралы хабарландырылған iске қатысушы адам өкiлiнiң келмеуi iстi қарауға кедергi болмайды. Талапкердің, жауапкердің не үшінші адамның өтінішхаты бойынша оның өкiлiнің сот отырысына дәлелдi себептер бойынша келмеуiне байланысты сот iстi талқылауды кейiнге қалдыруы мүмкін.
197-бап. Сот отырысына куәнiң, сарапшының, маманның, аудармашының келмеуінің салдары
1. Сот отырысына куә, сарапшы немесе маман келмеген жағдайда сот iске қатысушы адамдардың iстi олар жоқта қарау мүмкiндiгi туралы пiкiрiн тыңдайды және сот талқылауын жалғастыру немесе оны кейiнге қалдыру туралы ұйғарым шығарады.
2. Сот отырысына аудармашы келмеген жағдайда, егер аудармашыны алмастыру мүмкiн болмаса, сот iстi талқылауды кейiнге қалдыру туралы ұйғарым шығарады.
3. Егер куә, сарапшы, маман немесе аудармашы сот отырысына сот дәлелдi емес деп таныған себептер бойынша келмесе, олар сотты құрметтемегені үшін осы Кодекстің 119 және 120-баптарында белгіленген тәртіппен әкімшілік жауапқа тартылуы мүмкін.
198-бап. Iстi талқылауды кейiнге қалдыру
1. Егер сот іске қатысушы адамдардың қайсыбiрінің келмеуi, осы Кодекстің 73-бабының қағидалары бойынша қосымша дәлелдемелерді ұсыну немесе талап ету қажеттілігі, осы Кодекстің 153-бабының екінші бөлігінде көзделген жағдайда қарсы талап қойылған кезде, өзге де процестік әрекеттер жасау қажеттілігі салдарынан осы сот отырысында істі қарау мүмкін емес деп тапса, iстi талқылауды кейiнге қалдыруға жол беріледі.
2. Қазақстан Республикасының халықаралық шарт бойынша міндеттемелерін орындауын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының уәкілетті органынан олардың осы баланы Қазақстан Републикасына заңсыз алып өткені немесе осы баланың Қазақстан Республикасында ұсталып отырғаны туралы арыз алынғаны туралы жазбаша хабарлама келіп түскен жағдайда сот бала туралы даумен байланысты істі талқылауды отыз күнге кейінге қалдыруға міндетті. Егер бала осы балаға қатысты қолданылуға жатпайтын, халықаралық шартта көрсетілген жасқа толмаған болса, хабарламаға арыздың көшірмесі қоса берілуге тиіс.
3. Iс кейiнге қалдырылған кезде iстiң жаңа сот отырысында қаралуын және шешiлуiн қамтамасыз етуге мүмкiндiк беретiн уақыт ескерiле отырып, жаңа сот отырысының күнi белгiленедi, бұл жөнiнде келген адамдарға қол қойдыру арқылы хабарланады. Келмеген және процеске қатысуға жаңадан тартылған адамдарға жаңа сот отырысының уақыты мен орны туралы шақыру қағазы (хабар) жiберiледi.
199-бап. Iстi талқылау кейiнге қалдырылған кезде куәлардан жауап алу
Істі талқылау кейінге қалдырылған кезде, егер тараптар сот отырысында қатысып отырса, сот келген куәлардан жауап алуға құқылы. Осы куәларды қажет болған жағдайда ғана жаңа сот отырысына екінші рет шақыруға жол беріледі.
200-бап. Сарапшы мен маманға олардың құқықтары мен мiндеттерiн түсiндiру
Төрағалық етушi сарапшы мен маманға оның процестік құқықтары мен мiндеттерiн түсiндiредi, көрiнеу жалған қорытынды бергенi үшiн қылмыстық жауаптылық туралы ескертедi, ол туралы сарапшыдан қолхат алынады. Қолхат сот отырысының хаттамасына қоса тiркеледi.
Маманға оның қажетті процестік әрекеттерді орындауда сотқа жәрдем көрсетудің процестік құқықтары мен міндеттері түсіндіріледі.
201-бап. Iстi мәнi бойынша қараудың басталуы
Істі мәні бойынша қарау төрағалық етушінің талапкердің өзінің талаптарын қолдайтынын не қолдамайтынын талапкердің талаптарын жауапкердің мойындайтынын не мойындамайтынын және тараптардың істі татуласу келісімімен аяқтауды немесе істі төреліктің немесе аралық соттың қарауына беруді не дауды (жанжалды) медиация тәртібімен не партисипативтік рәсім тәртібімен немесе заңда белгіленген басқа тәсілмен шешуді қалайтынын не қаламайтынын анықтауынан басталады.
202-бап. Iске қатысушы адамдардың түсiнiктемелерi және дәлелдемелерді зерттеу тәртібін анықтау
1. Сот талапкердің және оның тарапынан қатысатын үшiншi адамның, олардың өкілдерінің, сондай-ақ жауапкердiң және оның тарапынан қатысатын үшiншi адамның, олардың өкілдерінің түсiнiктемелерiн тыңдайды.
Осы Кодекстің 55-бабының үшінші бөлігіне және 56-бабына сәйкес талапкердің мүдделері үшін талап қойған адамдар істің мән-жайлары бойынша түсініктеме береді және дәлелдемелерді бірінші болып ұсынады.
Іске қатысушы адамдар төрағалық етуші белгілейтін тәртіппен және кезектілікпен бір-біріне сұрақтар қоюға құқылы. Қойылатын сұрақтардың санына шектеу болмайды, бірақ төрағалық етуші талапкердің талаптары мен жауапкердің қарсылығы негізделген даудың нысанасы мен мән-жайларға қатысы жоқ сұрақтарды алып тастауға құқылы.
Достарыңызбен бөлісу: |