Қазақстан республикасының азаматтық процестік кодексі



бет14/21
Дата09.06.2016
өлшемі1.46 Mb.
#124822
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   21

1. Iстi қараған және шешім шығарған сот iске қатысушы адамдардың арызы бойынша тараптардың мүлiктiк жағдайын немесе басқа дәлелді себептерді негiзге ала отырып, шешiмді орындауды кейiнге қалдыруға немесе оның мерзiмiн ұзартуға, сондай-ақ оны орындаудың тәсілі мен тәртiбiн өзгертуге құқылы.

Сот шешімді орындауды кейінге қалдыру, мерзімін ұзарту немесе орындаудың тәсілі мен тәртібін өзгерту туралы арызды, өтінішхатты арыз сотқа түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде қарайды және шешеді.

2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетілген арыздар сот отырысында қаралады. Iске қатысушы тұлғаларға сот отырысының уақыты мен орны туралы хабарландырылады. Аталған тұлғалардың келмеуi соттың алдына қойылған мәселенi шешу үшін кедергi болып табылмайды.

3. Шешiмдi орындау мерзiмiн кейiнге қалдыру немесе мерзiмiн ұзарту, оны орындаудың тәсілі мен тәртiбiн өзгерту туралы мәселе бойынша сот ұйғарымына шағым жасалуы, наразылық келтірілуі мүмкін.


239-бап. Алып берiлген ақша сомаларын индекстеу

1. Сот өндіріп алушының арызы бойынша сот шешімімен өндіріліп алынған ақшалай сомаларға Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң сот актiсi орындалған күнгi қайта қаржыландырудың ресми мөлшерлемесіне сүйене отырып, тиiстi индекстеу жүргiзе алады.

2. Сот алып берілген сомаларды индекстеу туралы арызды арыз сотқа келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде қарайды және шешеді.

Алып берiлген сомаларды индекстеу туралы арыз сот отырысында қаралады. Iске қатысушы адамдар отырыстың уақыты мен орны туралы хабарландырылады, алайда олардың келмеуi соттың алдына қойылған мәселені шешуге кедергi болмайды.

3. Алып берiлген ақша сомаларын индекстеу туралы сот ұйғарымына апелляциялық сатыдағы сотқа шағым жасалуы, наразылық келтірілуі мүмкін, оның шешімі түпкілікті болып табылады.
240-бап. Сот шешiмiнiң заңды күшiне енуi

1. Бiрiншi сатыдағы соттың шешiмi, егер оған шағым жасалмаса немесе наразылық келтірілмесе, оған апелляциялық шағым жасау, наразылық келтіру мерзімі өткеннен кейін заңды күшіне енеді.

2. Қаржы ұйымдарын немесе банк конгломератына кiретiн және қаржы ұйымы болып табылмайтын банк холдингін және (немесе) олардың мүлкін Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда қайта құрылымдау жүргізген кезде қайта құрылымдауды жүргiзу туралы сот шешiмі жарияланған күнінен бастап заңды күшiне енедi және дереу орындалуға жатады.

3. Шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен шығарып жіберу туралы соттың шешімі ол жарияланған күннен бастап күшіне енеді.

4. Осы Кодекстің 28-бабында көрсетілген істер бойынша шығарылған сот шешімі жарияланған күнінен бастап күшіне енеді.

5. Апелляциялық тәртіппен шағым берілген немесе наразылық келтірілген жағдайда, егер оның күші жойылмаса және (немесе) өзгертілмесе, аппелляциялық сатыдағы сот қаулысы жарияланған сәттен бастап заңды күшіне енеді, ал осы Кодекстің 27-бабының төртінші бөлігінің қағидалары бойынша қаралған істер бойынша шешімдер Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының инвестициялық дауларды қарау жөніндегі мамандандырылған алқасының қаулысы жарияланған күннен бастап заңды күшіне енеді.

6. Сот шешімі заңды күшіне енген кезде тараптар және іске қатысушы басқа адамдар, сондай-ақ олардың құқықтық мирасқорлары сол негіздер бойынша сол талап қою талаптарын сотта қайтадан мәлімдей алмайды, сондай-ақ сот анықтаған фактілер мен құқықтық қатынастарды басқа процесте даулай алмайды.

7. Егер жауапкерден мерзімдік төлемдерді өндiріп алу туралы шешiм заңды күшiне енгеннен кейiн төлемдердiң мөлшерiн анықтауға немесе олардың ұзақтығына әсер ететiн мән-жайлар өзгерсе, тараптардың әрқайсысы жаңа талап қою арқылы мерзімді төлемдердiң мөлшерi мен мерзiмдерiн өзгертудi талап етуге құқылы.


241-бап. Соттың шешімін орындауға жіберу

1. Шешiм дереу орындалатын жағдайлардан басқа, заңды күшiне енгеннен кейiн, осы Кодексте белгiленген тәртiппен орындауға жіберіледі.

2. Сот шешiмi заңды күшiне енгеннен кейiн атқару парағы жазылады.

Мүлiк тәркiленген, мемлекет кiрiсiне өндiрiп алынған, сондай-ақ қылмыспен келтірілген залал өндіріліп алынған, алименттер өндіріліп алынған, тарапы мемлекет болып табылатын мертігуден немесе денсаулығына өзге зақым келуден, асыраушысынан айырылудан келтірілген зиянның орны толтырылған жағдайларда, сот өз бастамасымен ол шығарылған күннен бастап келесі жұмыс күнінен кешіктірмей атқару құжатын аумағы бойынша тиісті әділет органына орындауға жібереді.

3. Соттың дереу орындалуға тиiстi шешiмi бойынша атқару парағы шешiм шығарылған күннен кейінгі жұмыс күнінен кешіктірілмей жазылады және орындауға жiберiледi.

4. Бiрiншi сатыдағы сот атқару парағын (бұдан әрi - атқару құжаты) шешiм заңды күшiне енген немесе iс жоғары тұрған соттан қайтарылған күннен бастап бес жұмыс күні iшiнде жазады. Атқару құжаты судьяның электрондық цифрлық қолымен куәландырылатын электрондық атқару құжаты нысанында жазылып берілуі мүмкін.

Атқару құжатында:

шешім шығарған соттың атауы;

iстiң нөмiрi және шешiм шығарылған күн;

шешімнің қарар бөлігі (сөзбе-сөз);

шешiмнiң заңды күшiне енген күні;

атқару құжаты берiлген күн;

өндiрiп алушының тегi, аты және әкесiнiң аты (егер ол жеке басын куаландыратын құжатта көрсетілген болса), туған күнi, айы, жылы, оның тұрғылықты немесе тұрған жері, оның тұрғылықты жері бойынша тiркелгенi туралы мәлiметтер және жеке сәйкестендiру нөмiрi немесе егер өндiрiп алушы заңды тұлға болып табылса, оның атауы, нақты тұрған жерi, банктік деректемелері мен бизнес-сәйкестендiру нөмiрi;

борышкердiң тегi, аты және әкесiнiң аты (eгep ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетiлген болса), туған күнi, айы, жылы, оның тұрғылықты немесе тұрған жерi, оның тұрғылықты жерi бойынша тiркелгенi туралы мәлiметтер, оның жұмыс орны және борышкер жұмыс істейтін заңды тұлғаның банктік деректемелері туралы мәлiметтер (eгep iстiң материалдарында бар болса), банктік деректемелер мен жеке сәйкестендiру нөмiрi (eгep iстiң материалдарында бар болса) немесе егер борышкер заңды тұлға болып табылса, оның атауы, нақты тұрған жерi, банктік деректемелері мен бизнес-сәйкестендiру нөмiрi көрсетiлуге тиiс.

Атқару құжатының нысанын атқару құжаттарының орындалуын қамтамасыз ету жөнiндегi уәкiлеттi әділет органы бекiтедi.

5. Соттың әрбiр шешiмi бойынша бiр атқару құжаты берiледi. Атқару құжаты өндіріп алушыға беріледі не оның арызы бойынша сот тиісті аумақ бойынша әділет органына орындау үшін жібереді.

Өндіріп алушының өтініші бойынша ортақ жауапкерлерден ақшалай сомаларды өндіріп алу туралы соттың шешімі немесе соттың үкімі негізінде ортақ жауапкерлердің санына сәйкес келетін бірнеше атқару парағы берілуге тиіс. Әрбір атқару парағында өндіріп алынатын жалпы сома, барлық жауапкерлер және олардың ортақ жауаптылығы көрсетілуге тиіс.

Егер сот талап қоюды қамтамасыз ету жөнiнде шаралар қабылдаса, талап қоюды қамтамасыз ету жөнінде қолданған шаралар және талапты қамтамасыз ету үшiн тыйым салынған мүліктің тұрған жерi және оның сақталуына жауапты тұлғалар туралы мәлiметтердi қамтитын құжаттардың көшiрмелерi атқару құжатына қоса беріледі.

Егер атқару әртүрлi орындарда жүргiзiлуге тиіс болса не шешiм бiрнеше талапкердің пайдасына немесе бiрнеше жауапкерге қарсы шығарылса, сот өндiрiп алушылардың өтiнiшi бойынша атқару орнын не осы атқару құжаты бойынша орындалуға тиiс шешiмнiң сол бөлiгiн дәл көрсете отырып бiрнеше атқару құжатын жазады.

Сот атқару құжатына сот актiсiнiң көшiрмесiн не соттың мөрiмен куәландырылған оның үзiндi көшірмесін қоса береді.

6. Сот іс жүргізу құқықтық мирасқорлығы туралы ұйғарым шығарған жағдайда сот шешімі шығарылғаннан және ол орындауға жіберілгеннен кейін жаңа борышкер көрсетіле отырып, атқару құжаты жазып беріледі.

7. Әділет органы атқару құжаты орындалған жағдайда шешiм шығарған сотты бұл туралы он жұмыс күнi iшiнде хабардар етуге не «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республиксының Заңында белгіленген орындау мерзімі өткен соң сотқа сот шешімінің орындалмау себептерi туралы ақпарат беруге міндетті. Мәжбүрлеп орындатуға атқару құжаты ұсынылғанға дейін сот шешімін орындаған борышкер шешім шығарған сотты бұл туралы үш жұмыс күні ішінде хабардар етуге тиіс.

8. Соттың заңды күшіне енген шешімін орындамау заңда көрсетілген жауаптылыққа әкеп соғады.
242-бап. Соттың атқару парағының немесе сот бұйрығының телнұсқасын беруі

1. Атқару парағының немесе сот бұйрығының түпнұсқасы (бұдан әрі - атқару құжаттары) жоғалған жағдайда шешім немесе сот бұйрығын шығарған сот өндіріп алушының арызы немесе сот орындаушысының ұсынымы, әділет органының өтінішхаты бойынша атқару құжаттарының телнұсқасын беруі мүмкін.

2. Атқару құжатының телнұсқасын беру туралы арыз атқару құжатын ұсыну үшін белгіленген мерзім өткенге дейін сотқа берілуі мүмкін.

Егер атқару құжаты оны орындау барысында жоғалған болса және бұл туралы өндіріп алушыға оны орындауға беру үшін белгіленген мерзім өткеннен кейін белгілі болса, атқару құжатының телнұсқасын беру туралы арыз атқару құжатының жоғалғаны туралы өндіріп алушыға белгілі болған күннен бастап бір ай ішінде берілуі мүмкін.

3. Сот атқару құжатының телнұсқасын беру туралы арызды ол сотқа келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде қарайды және шешеді.

Телнұсқаны беру туралы арыз іске қатысушы адамдарға сот отырысының өткізілетін уақыты мен орны хабарлана отырып, сот отырысында қаралады, алайда олардың келмеуі телнұсқаны беру туралы мәселені шешуге кедергі болмайды.

4. Атқару құжатының телнұсқасын беру туралы арызды қарау кезінде сот атқару құжатының жоғалғаны туралы дәлелдемелерді тексереді және зерттейді.

5. Соттың ұйғарымына апелляциялық сатыдағы сотқа шағым жасалуы және наразылық келтірілуі мүмкін, оның шешімі түпкілікті болып табылады.


243-бап. Дереу орындалуға жататын шешiмдер

Мынадай:

1) алимент алып беру туралы;

2) қызметкерге жалақы, бiрақ үш айдан аспайтын уақытқа алып беру туралы;

3) жұмысқа қайта орналастыру туралы;

4) денсаулыққа зақым келуден, сондай-ақ асыраушысынан айрылуынан келтірілген зиянды, бiрақ үш айдан аспайтын уақытқа өтеу туралы;

5) ереуiлдi заңсыз деп тану туралы;

6) қаржы ұйымдарын және банк конгломератына кiретiн және қаржы ұйымы болып табылмайтын банк холдингін және (немесе) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда қайта құрылымдау кезінде олардың мүлкін қайта құрылымдау туралы;

7) Қазақстан Республикасының және (немесе) басқа мемлекеттің аумағында экстремизмді немесе террористік әрекетті жүзеге асыратын ұйымды экстремистік немесе террористік деп тану туралы, оның ішінде оның атауын өзгерткенін анықтау туралы;

8) Қазақстан Республикасының аумағында таратылатын ақпараттық материалдарды экстремистік немесе террористік деп тану туралы шешiмдер дереу орындалуға тиiс.


244-бап. Соттың шешiмдi дереу орындауға жiберу құқығы

1. Егер айрықша мән-жайлардың салдарынан шешiмдi орындаудағы кiдiрiс өндiрiп алушы үшін елеулi зиян келтіруі мүмкін болса немесе шешiмдi орындау мүмкiн болмаса, сот талапкердің өтiніші бойынша шешiмдi дереу орындауға жiбере алады.

2. Шешiмді дереу орындауға жол берілген кезде сот талапкерден сот шешiмiнiң күшi жойылған жағдайда шешiмнiң орындалуын қайта бұрып атқаруды қамтамасыз етудi талап ете алады.

3. Шешiмдi дереу орындау туралы мәселе шешiм шығарылған кезде шешiлмесе, сот отырысында қаралады. Iске қатысушы адамдар сот отырысының уақыты мен орны туралы хабарландырылады, алайда олардың келмеуi сот шешiмiн дереу орындау туралы мәселені шешуге кедергi болмайды.

4. Шешiмдi дереу орындау туралы мәселе жөнiндегi сот ұйғарымына апелляциялық сатыдағы сотқа жеке шағым жасалуы, наразылық келтірілуі мүмкiн, оның шешімі түпкілікті болып табылады. Шешiмдi дереу орындау туралы ұйғарымға жеке шағым жасау, наразылық келтіру осы ұйғарымның орындалуын тоқтата тұрады.
245-бап. Шешiмнiң орындалуын қамтамасыз ету

Сот дереу орындалуға жiберiлмеген шешiмдi орындауды осы Кодекстің 15-тарауының қағидалары бойынша қамтамасыз ете алады.

Сот осы әрекеттердi атқару парағын аумақ бойынша тиiстi әділет органына орындау үшiн жiберілгенге дейiн жүргiзедi.
246-бап. Сот шешiмiнiң орындалуын кейiнге қалдыру және мерзiмiн ұзарту, оны орындау тәсілі мен тәртiбiн өзгерту, татуласу келiсiмiн немесе дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді бекiту

1. Iс бойынша шешiм шығарған сот, сондай-ақ сот қаулысы орындалатын жердегi сот сот орындаушысының өтінішхаты бойынша немесе тараптардың арызы бойынша, егер атқарушылық әрекеттер жасауды қиындататын немесе мүмкiн емес ететiн мән-жайлар туындаса, шешімді орындау тәсiлiн немесе тәртiбiн өзгертуі, атқарушылық iс жүргiзудегі тараптардың арызы бойынша сот шешімін орындауды кейінге қалдыруы немесе мерзімін ұзартуы мүмкін.

2. Атқарушылық іс жүргізу тараптарының арызы бойынша сот олардың арасында жасалған татуласу келісімін немесе дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді бекітуге құқылы.

3. Сот орындаушысының өтінішхаты немесе атқарушылық iс жүргiзудегi тараптардың арыздары, сондай-ақ олардың арасында жасалған татуласу келiсiмі немесе дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісім сот отырысында қаралады. Iске қатысушы адамдар отырыстың уақыты мен орны туралы хабарландырылады, алайда олардың келмеуi өтінішхатты немесе арызды шешуге кедергi болмайды.

Сот шешiмiнiң орындалуын кейiнге қалдыру және мерзiмiн ұзарту, оны орындау тәсілі мен тәртiбiн өзгерту, татуласу келiсiмін немесе дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді бекiту туралы арызды, өтінішхатты сот арыз сотқа түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде қарайды.

4. Соттың осы баптың үшінші бөлігінде көрсетілген:

осы Кодекстің 238-бабының үшінші бөлігінде белгіленген тәртіппен сот шешiмiнiң орындалуын кейiнге қалдыру, мерзiмiн ұзарту, оны орындау тәсілі мен тәртiбiн өзгерту туралы;

осы Кодекстің 177-бабының жетінші бөлігіне сәйкес бiтiмгершiлiк келiсiмін немесе дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді бекiту туралы ұйғарымына шағым жасалуы, наразылық келтірілуі мүмкін.


247-бап. Сот шешiмiнiң орындалуын қайта бұрып атқару

1. Заңды күшіне енген, толық немесе бір бөлігінде орындалған бірінші сатыдағы сот шешiмiнің, апелляциялық және кассациялық сатыдағы сот қаулысының күшi жойылған және сот талаптан толық немесе оның бір бөлігінен бас тарту туралы жаңа шешiм шығарған жағдайда талапкерден күшi жойылған шешiм бойынша ол алғанның барлығы өндiрiлiп алынады (шешiмнiң орындалуын қайта бұрып атқару).

2. Шешiмнiң орындалуын қайта бұрып атқару орындалған сот шешімі толық немесе бір бөлігінде күшін жойған және іс бойынша іс жүргізуді қысқарту туралы ұйғарым немесе талапты қараусыз қалдыру туралы ұйғарым шығарылған жағдайда да жүргізіледі.
248-бап. Сот шешiмiнiң орындалуын қайта бұрып атқару туралы арызды қарау

1. Бұрын шығарылған шешім толық немесе бір бөлігінде орындалған іс бойынша жаңа шешiм шығарған сот шешімнің орындалғаны туралы дәлелдемелер ұсынылған кезде жаңа шешімде жауапкердің орындауды қайта бұрып атқару туралы арызын қарайды және шешеді.

2. Егер сот iстi жаңадан қараған кезде күшi жойылған шешiм бойынша орындауды қайта бұрып атқару мәселесін шешпесе, жауапкер шешiмнің орындалуын қайта бұрып атқару туралы арызбен бірінші сатыдағы сотқа жүгінуге құқылы.

3. Сот шешiмнің орындалуын қайта бұрып атқару туралы арызды ол сотқа келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде қарайды. Арыз талапкер мен жауапкерді, ал қажет болған кезде, сотқа күші жойылған сот шешімінің орындалуы туралы мәліметтерді табыс етуге тиіс әділет органы хабарландырыла отырып, жеке сот отырысында қаралады.

Аталған адамдардың сот отырысына келмеуі шешiмнiң орындалуын қайта бұрып атқару туралы арызды қарауға кедергі болмайды. Сот шешімі орындауда жатқан жағдайда тиісті атқарушылық ісі іс жүргізуінде жатқан сот орындаушысы сот отырысына келуге және оны сотқа ұсынуға міндетті.

4. Шешiмнiң орындалуын қайта бұрып атқару туралы бірінші сатыдағы соттың ұйғарымына апелляциялық сатыдағы сотқа шағым жасалуы, наразылық келтірілуі мүмкiн, оның шешімі түпкілікті болып табылады.


249-бап. Сот орындаушысының ұсынымын қарау

1.Сот орындаушысының ұсынымында атқарушылық іс жүргізу тараптарының деректемелері мен орналасқан жері, атқарушылық іс жүргізуді қозғау күні, атқарушылық құжаттың орындалу барысы туралы мәліметтер, өтініштің негіздері болуға тиіс.

Ұсыным осы талаптарға сәйкес келмеген жағдайда, сондай-ақ сот орындаушысы ұсынуды кері қайтарып алу туралы арыз берген жағдайда, сот ұсынуды оған қоса берілген құжаттармен қоса қайтарады.

2.Сот орындаушысының ұсынымын судья ұсыну сотқа келіп түскен күннен бастап он күннің ішінде шешеді. Сот борышкерге және өндіріп алушыға сот орындаушысының ұсынымы келіп түскені туралы хабарландырады, сот отырысының өткізілетін уақыты мен орнын хабарлайды. Сот отырысының өткізілетін уақыты мен орны туралы тиісінше хабарландырылған борышкердің немесе өндіріп алушының келмей қалуы істі қарауға кедергі болмайды. Судья сот орындаушысының ұсынымын қарап, ұйғарым шығарады, оған шағым жасауға, наразылық келтіругеболады.

Сот ұйғарымының көшірмесі борышкер мен өндіріп алушыға бес жұмыс күні ішінде салып жіберіледі.
250-бап. Сот орындаушысының әрекетiне (әрекетсiздiгiне) шағым беру

1. Өндiрiп алушы немесе борышкер сот орындаушысының атқарушылық iс жүргiзу процесіндегi сот актілерін орындау жөніндегі, оның ішінде сауда-саттықты даулау жөніндегі әрекеттерiне (әрекетсiздiгiне) не осындай әрекеттерді жасаудан бас тартуына шағым беруі мүмкiн.

Шағым әрекет жасалған (әрекет жасаудан бас тартылған) күннен бастап немесе сот орындаушысының әрекет жасау уақыты мен орны туралы хабардар етілген өндiрiп алушыға немесе борышкерге ол туралы белгiлi болған күннен бастап он жұмыс күні iшiндеаумақтық учаскенің сот орындаушысы қызмет көрсететін аудандық (қалалық) сотқа не жеке сот орындаушысының тіркелген жері бойынша берiледi. Егер сот орындаушысы қызмет көрсететін аумақтық учаске не жеке сот орындаушысы тіркелген жері атқарушылық әрекеттер жасалатын жермен бір елді мекенде болса, шағым атқарушылық әрекеттер жасалатын жер бойынша беріледі.

Жоғары тұрған органдарға және жоғары тұрған лауазымды адамға бағыныштылық тәртiбiмен алдын ала жүгiну сотқа шағым беруге кедергі болмайды.

2. Сот шағымды сот талқылауына дайындау аяқталған күннен бастап он жұмыс күні ішінде қарайды. Істі сот талқылауына дайындау осы Кодекстің 165-бабының ережелеры бойынша он жұмыс күні ішінде жүргізіледі, оны одан әрі ұзартуға жол берілмейді.

Сот өндіріп алушыны, борышкерді және сот орындаушысын сот отырысының уақыты мен орны туралы хабарландырады, алайда олардың келмеуі шағымды шешу үшін кедергі болмайды.

3. Сот шағымды негізді деп танып, сот орындаушысының әрекеттерін (әркетсіздігін) заңсыз деп тану туралы шешім шығарады және әділет органын жол берілген бұзушылықты толық көлемінде жоюға не өндіріп алушының немесе борышкердің бұзылған құқықтарын, бостандықтарын немесе заңды мүдделерін өзге тәсілмен қалпына келтіруге міндеттейді.

Егер аталған әрекеттерді тек сот орындаушысы ғана жасауы мүмкін болса, сот шешімдежол берілген бұзушылықтар жойылуға тиіс уақытты белгілейді.

4. Сот, егер шағым жасалып отырған әрекеттер (әрекетсiздiк) сот орындаушысының өкiлеттiгi шегiнде заңға сәйкес жасалғанын және борышкер мен өндiрiп алушының құқықтарының, бостандықтарының және заңмен қорғалатын мүдделерiнiң бұзылмағанын анықтаса, шағымды қанағаттандырудан бас тартады.

5. Шешiмнiң орындалғаны туралы сотқа, өндіріп алушыға немесе борышкерге сот белгілеген мерзімде не соттың шешімі алынған күннен бастап бiр айдан кешіктірілмейтін мерзiмде хабарлануға тиiс.

6. Сот орындаушысының мүлікті бағалаумен байланысты, сондай-ақ бағалау туралы есепті қабылдау не қабылдаудан бас тарту туралы әрекетіне осы бапта көрсетілген тәртіппен шағымдануға болады.
251-бап. Шешiмдi орындаған кезде басқа тұлғалардың құқықтарының қорғалуы

1. Сот орындаушысы мүлiкке тыйым салу iсiн жүргiзу кезiнде мүлiктiң борышкерге немесе басқа тұлғаларға тиесiлi болуына қарамастан тыйым салудың күшiн жоюға негiз болып табылатын заң бұзушылыққа жол берген жағдайда, сот борышкердiң немесе басқа адамдардың мүлiкке тыйым салудың күшiн жою туралы арызын осы Кодекстiң 251-бабында көзделген тәртiппен қарайды. Мұндай арыз тыйым салынған мүлiктi сатқанға дейiн берiлуi мүмкiн.

Өндiрiп алу қолданылған мүлiктiң тиесiлiлігiне байланысты құқық туралы дауды басқа адамдар әрекет жасалған (әрекет жасаудан бас тартылған) күннен бастап он жұмыс күні ішінде немесе тұлғаға бұл туралы белгілі болған күннен бастап мәлiмдеуі мүмкін. Мұндай талаптарды сот талап қою бойынша іс жүргізу қағидалары бойынша қарайды.

2. Меншiк иелерi немесе мүлiкке шаруашылық жүргiзу, оралымды басқару, жалға алу, тұрақты жер пайдалану құқығымен не заңнамалық актiлерде немесе шартта көрсетілген өзге де негiз бойынша иелiк ететiн адамдар мүлiктi тыйым салудан босату (тізімдемеден алып тастау) туралы талаптар қоя алады.

3. Мүлiктi тыйым салудан босату туралы талаптар борышкерге және өндiрiп алушыға қойылады.

4. Егер мүлiкке тыйым салу мүлiктi тәркiлеуге байланысты жүргiзiлсе, сотталған адам және мемлекеттік меншiкке айналдырылған (түскен) мүлiктi есепке алу, сақтау, бағалау және оны одан әрi пайдалану бойынша жұмысты ұйымдастыруға уәкiлеттi тиiстi орган жауапкер ретiнде тартылады.

Талап қою талаптары негiздi деп танылған жағдайда, егер тәркiленуге тиiс мүлiк мемлекеттік меншiкке айналдырылған (түскен) мүлiктi есепке алу, сақтау, бағалау және одан әрi пайдалану жөнiндегi жұмысты ұйымдастыруға уәкiлеттi органда болса және ол оны сауда ұйымдарына, басқа ұйымдарға сату, қайта өңдеу үшiн не өтеусiз берсе, онда осы мүлiк заттай түрде қайтарылуға жатады. Мұндай жағдайда мемлекеттік меншiкке айналдырылған (түскен) мүлiктi есепке алу, сақтау, бағалау және оны одан әрi пайдалану бойынша жұмысты ұйымдастыруға уәкiлеттi органнан басқа аталған сауда ұйымдары және басқа ұйымдар iске қатысуға тартылады. Егер осы ұйымдар тізімдемеден алып тасталуға тиіс мүлікті сатпаған болса, онда оларға мүлікті заттай түрінде қайтару жөнінде міндет жүктеледі.

5. Судья осы баптың бiрiншi бөлiгiнде аталған мүдделi тұлғалардың арызына қарамастан, көрсетілген мән-жайларды анықтап, арызды осы Кодекстің осы бабында және 251-бабында белгіленген тәртіппен қараған кезде мүлікті тыйым салудан босатуға (тізімдемеден алып тастауға) міндетті.

6. Егер мүлiктi тәркiлеуге байланысты тыйым салу жүргiзiлген мүлiк сатылған немесе қайта өңдеуге жiберiлген болса, арызды осы Кодекстің осы бабында және 251-бабында белгіленген тәртіппен қараған кезде талапкерге мүлiктi сатудан түскен сома өтеледi.
252-бап. Сот орындаушысының қаулысын санкциялау

1. Заңда белгіленген жағдайларда сот орындаушысы соттың санкциялауына жататын атқарушылық әрекеттерді жүргізу туралы қаулы шығарады. Қаулыда санкцияланатын әрекеттерді қабылдау қажеттілігін туғызған уәждер мен негіздер жазылуға тиіс.

2. Соттың санкциялауына жататын қаулыны сот орындаушысы сотқа ұсынады. Қаулыға санкцияланатын әрекеттерді қабылдаудың негізділігін растайтын атқарушылық іс жүргізу материалдары қоса беріледі.

3. Сот орындаушысының қаулысын сот материалдар сотқа түскен күні қарауға тиіс.

4. Сот орындаушысының қаулысын және оған қоса берілген атқарушылық іс жүргізу материалдарын қарап, сот атқарушылық әрекеттерді жасауға санкция береді немесе санкция беруден бас тартады.

Санкция беру сот орындаушысының қаулысына судьяның қолымен расталатын «Санкциялаймын» деген сот мөртаңбасын қою арқылы жүзеге асырылады. Санкция беруден бас тартқан жағдайда судья атқарушылық әрекеттерді жүргізуге санкция беруден бас тарту туралы ұйғарым шығарады.

Электрондық құжат нысанында берілген сот орындаушысының қаулысына санкция беруді сот судьяның электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландыру арқылы жүзеге асырады. Санкция беруден бас тарқан жағдайда судья санкция беруден бас тарту туралы электрондық құжат нысанында уәжді ұйғарым шығарады.

5. Сот орындаушысының атқарушылық әрекеттерді жүргізу туралы сот санкциялаған қаулысына осы Кодекстің 250-бабында көзделген қағидалар бойынша шағым жасалуы, наразылық келтірілуі мүмкін.

Атқарушылық әрекеттерді жүргізу туралы қаулыға санкция беруден бас тарту туралы соттың ұйғарымына шешімі соңғы болып табылатын апелляцилық сатыдағы сотқа шағым жасалуы, наразылық білдірілуі мүмкін.
20-тарау. АРАЛЫҚ СОТТЫҢ ШЕШIМIН ОРЫНДАУ
253-бап. Аралық соттың шешiмiн мәжбүрлеп орындату

1. Егер аралық соттың шешiмi онда белгiленген мерзiмде ерiктi түрде орындалмаған жағдайда, өз пайдасына аралық соттың шешiмi шығарылған аралық сотта талқылау тарапы (өндiрiп алушы) аралық соттың шешiмiн мәжбүрлеп орындату туралы арызбен аралық сот дауды қараған жердегi не борышкердің тұрғылықты жеріндегі немесе заңды тұлғаның органы орналасқан жердегі, егер тұрғылықты жері немесе орналасқан жері белгісіз болса, онда борышкердің мүлкі орналасқан жердегі сотқа жүгiнуге құқылы.

2. Атқару парағын беру туралы арызға мыналар қоса беріледі:

1) аралық сот шешiмiнiң түпнұсқасы немесе көшiрмесi. Тұрақты жұмыс iстейтiн аралық сот шешiмiнiң көшiрмесiн осы аралық соттың төрағасы растайды, аралық сот шешiмiнiң көшiрмесi нақты дауды шешу үшiн нотариатта куәландырылуға тиiс;

2) заңда белгiленген тәртiппен жасалған аралық келiсiмнiң түпнұсқасы немесе нотариат растаған көшiрмесi.

3. Атқару парағын беру туралы арыз аралық соттың шешiмiн ерiктi түрде орындауға арналған мерзiм аяқталған күннен бастап үш жылдан кешiктiрiлмей берiлуi мүмкiн.

4. Белгiленген мерзiм өткiзіліп алынған, мерзімді қалпына келтіру туралы өтінішхат және растаушы құжаттар қоса берілмеген атқару парағын беру туралы арызды сот қарамай керi қайтарады, бұл туралы ұйғарым шығарылады. Ұйғарымға апелляциялық сатыдағы сотқа шағым берілуі мүмкiн, оның шешімі түпкілікті болып табылады.

5. Сот егер аталған мерзiмдi өткiзiп алу себептерiн дәлелдi деп тапса, атқару парағын беру туралы арыздың мерзiмiн қалпына келтiруге құқылы.

6. Судья атқару парағын беру туралы арызды сотқа арыз түскен күннен бастап он бес жұмыс күні iшiнде жеке-дара қарайды.

7. Сот өндiрiп алушының аралық соттың шешiмiн мәжбүрлеп орындату туралы арызының түскені, сондай-ақ оны сот отырысында қарау орны мен уақыты туралы борышкердi хабардар етеді. Өндiрiп алушыда оның арызын қараудың орны мен уақыты туралы хабардар етіледі. Егер борышкерден сот отырысына келе алмауының дәлелдi себептерi көрсетiлiп, арызды қарауды кейiнге қалдыру туралы өтінішхат түспесе, борышкердiң немесе өндiрiп алушының сот отырысына келмей қалуы арызды қарауға кедергi болмайды.

8. Сот аралық соттың шешiмiн мәжбүрлеп орындатуға арналған атқару парағын беру туралы арызды қараған кезде аралық соттың шешiмiн мәнi бойынша қайта қарауға құқылы емес.

9. Сот арызды қараудың нәтижелерi бойынша атқару парағын беру туралы не оны беруден бас тарту туралы ұйғарым шығарады.

Атқару парағын беру туралы соттың ұйғарымы дереу орындалуға жатады.
254-бап. Атқару парағын беру

1. Сот аралық соттың шешiмiн мәжбүрлеп орындатуға арналған атқару парағын беру туралы ұйғарым шығарған кезде атқару парағы осы Кодекстiң 241-бабының қағидалары бойынша берiледi.

2. Аралық соттың шешiмiн мәжбүрлеп орындатуға арналған атқару парағын беру туралы арыз бойынша шығарылған соттың ұйғарымына шағым берілуі, наразылық келтірілуі мүмкiн.
255-бап. Атқару парағын беруден бас тарту

Сот, егер:

1) аралық соттың шешiмi өзiне қарсы қабылданған тарап сотқа:

аралық келiсiмнiң жарамсыз болып табылатынына;

аралық соттың шешiмi аралық келiсiмде көрсетілмеген немесе оның шарттарына тура келмейтiн дау бойынша қабылданғанының немесе аралық келiсiмнiң шегінен шығатын мәселелер жөнiндегi қаулылардан тұратынының, сондай-ақ даудың аралық соттың қарауына жатпайтынының дәлелдемелерiн табыс етсе, аралық соттың шешiмiн мәжбүрлеп орындатуға арналған атқару парағын беруден бас тарту туралы ұйғарым шығарады. Егер аралық соттың аралық келiсiмде қамтылатын мәселелер жөнiндегi қаулылары мұндай келiсiмде қамтылмайтындардан бөлiп шығаруға болатын болса, онда аралық соттың аралық келiсiмде қамтылатын мәселелер жөнiндегi қаулылардан тұратын шешiмiнiң сол бөлiгiн мәжбүрлеп орындатуға арналған атқару парағын беруден бас тартуға болмайды;

аралық соттың құрамы немесе аралық сотта талқылау Қазақстан Республикасының аралық сотта талқылау туралы заңнамасының талаптарына сәйкес келмеуiнің;

өзiне қарсы аралық соттың шешiмi қабылданған тарап аралық судьялардың сайлануы (тағайындалуы) туралы немесе аралық сот отырысының уақыты мен орны туралы тиiстi түрде хабардар етiлмеулерінің не аралық сотқа басқа да себептермен өз түсiндiрмелерiн бере алмауларының;

тараптардың бiрiнiң аралық келiсiм жасау кезiнде толық әрекетке қабiлетсiз немесе әрекетке қабiлетi шектеулi болғанының;

соттың немесе аралық соттың сол тараптардың арасындағы дау бойынша, сол нысана туралы және сол негiздер бойынша шығарылған заңды күшiне енген шешiмiнiң не талапкердiң талап қоюдан бас тартуына байланысты iс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы соттың немесе аралық соттың ұйғарымы болғанының;

сот үкiмiмен анықталған қылмыстық құқық бұзушылықты жасаудың нәтижесiнде соттың шешiм шығаруы мүмкiн болғандығының дәлелдемелерiн ұсынса;

2) сот:

дау Қазақстан Республикасының заңнамасына немесе осы дау бойынша аралық келiсiмдi тараптар бағындырған басқа құқыққа сәйкес аралық сотта талқылау нысанасы бола алмайтынын;

аралық соттың шешiмi осы баптың 1), 2) тармақшаларында белгiленген талаптарға және Қазақстан Республикасының жария тәртiбiне қайшы келетiнiн анықтаса, аралық соттың шешiмiн мәжбүрлеп орындатуға арналған атқару парағын беруден бас тарту туралы ұйғарым шығарады.
21-тарау. СЫРТТАЙ IС ЖҮРГIЗУ ЖӘНЕ СЫРТТАЙ

ШЕШIМ ШЫҒАРУ


256-бап. Сырттай іс жүргізудің негіздері

1. Отырыстың өткізілетін орны мен уақыты туралы тиісінше хабарландырылған, келмей қалуының дәлелді себептерін хабарламаған және істі өзінің қатысуынсыз қарауды сұрамаған жауапкер сот отырысына келмей қалған жағдайда, егер талапкер бұған қарсы болмаса, іс сырттай іс жүргізу тәртібімен қаралуы мүмкін.

2. Іске бірнеше жауапкер қатысқан кезде, сот отырысына барлық жауапкерлер бір мезгілде келмей қалса, іс сырттай іс жүргізу тәртібімен қаралуы мүмкін.

3. Егер сот отырысына келген талапкер жауапкер жоқта істі сырттай іс жүргізу тәртібімен қарауға келіспесе, сот істің қаралуын кейінге қалдырады және жауапкерге жаңа сот отырысының өткізілетін уақыты мен орны туралы хабарлама жібереді. Тиісті түрде хабарландырылған жауапкер тағы да келмей қалған жағдайда, сот талапкердің пікіріне қарамастан, істі сырттай іс жүргізу тәртібімен қарайды.

4. Егер сот отырысына келмеген жауапкерден істі оның қатысуынсыз қарау туралы арыз келіп түссе, онда іс сырттай іс жүргізу тәртібімен емес, жалпы тәртіппен қаралуға жатады.

5. Сот істі сырттай іс жүргізу тәртібімен қарау туралы ұйғарым шығарады, ол істі сырттай іс жүргізу тәртібімен қараудың негіздері көрсетіле отырып сот отырысының хаттамасына енгізіледі.

6. Талапкер талап қоюдың нысанасын немесе негіздемелерін өзгерткен, талап қою талаптар санын көбейткен кезде сот істі осы сот отырысында сырттай іс жүргізу тәртібімен қарауға құқылы емес. Істі қарау талапкердің талап арызын талаптың өзгертілген нысанасымен немесе негіздемесімен, талап қоюдың көбейтілген мөлшерімен қоса жауапкерге табыс ету үшін кейінге қалдырылады.

Жаңа сот отырысында іс осы баптың бірінші бөлігінде белгіленген негіздемелер болған кезде сырттай іс жүргізу тәртібімен қаралуы мүмкін.


257-бап. Сырттай іс жүргізу тәртібі

Сот сырттай іс жүргізу тәртібімен істі қарау кезінде іске қатысушы адамдар берген дәлелдемелерді зерттейді, олардың дәлелдерін ескереді және сырттай шешім деп аталатын шешім шығарады.


258-бап. Сырттай шешімнің мазмұны

1. Сырттай шешімнің мазмұны осы Кодекстің 226-бабының қағидаларында айқындалады.

2. Сырттай шешімнің қарар бөлігінде жауапкердің осы шешімнің күшін жою туралы арыз беруінің мерзімі мен тәртібі көрсетілуге тиіс.
259-бап. Сырттай шешімнің көшірмесін салып жіберу

Сырттай шешімнің көшірмесі жауапкерге, сондай-ақ сот отырысына қатыспаған талапкерге ол шығарылған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмей, оны алғанын тіркеуді қамтамасыз ететін байланыс құралдары пайдаланыла отырып салып жіберіледі.


260-бап. Сырттай шешімнің күшін жою туралы арыздың мазмұны

1. Сырттай шешімнің күшін жою туралы арызда:

1) сырттай шешім шығарған соттың атауы;

2) арыз берген тараптың атауы;

3) жауапкердің сот отырысына дәлелді себептермен келмей қалуын куәландыратын мән-жайлар туралы мәліметтер және осы мән-жайларды растайтын дәлелдемелер, сондай-ақ сырттай шешімнің мазмұнына ықпал етуі мүмкін дәлелдемелер;

4) арыз берген тараптың өтініші;

5) арызға қоса берілетін материалдардың тізбесі болуға тиіс.

2. Сырттай шешімнің күшін жою туралы арызға тарап немесе өкілеттігі болған кезде оның өкілі қол қояды және іске қатысушы адамдардың саны бойынша арыздың және оған қоса берілген материалдардың көшірмелерімен бірге сотқа тапсырылады.


261-бап. Соттың арыз қабылданғаннан кейінгі әрекеттері

Сот іске қатысушы адамдарға сырттай шешімнің күшін жою туралы арыздың қаралатын уақыты мен орнын хабарлайды, оларға арыздың және оған қоса берілген материалдардың көшірмелерін жібереді.


262-бап. Арызды қарау

1. Сырттай шешімнің күшін жою туралы арызды сот ол сотқа келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде сот отырысында қарайды. Сот отырысының өткізілетін уақыты мен орны туралы хабарландырылған іске қатысушы адамдардың келмей қалуы арызды қарауға кедергі болмайды.

2. Сырттай шешімнің күшін жою туралы не сырттай шешімнің күшін жоюдан бас тарту туралы сот ұйғарымы шағым беруге, наразылық келтіруге жатпайды.
263-бап. Соттың өкілеттіктері

Сот сырттай шешімнің күшін жою туралы арызды қарап, арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы немесе сырттай шешімнің күшін жою және істі мәні бойынша соттың сол немесе өзге құрамында қайта қарау туралы ұйғарым шығарады.


264-бап. Сырттай шешімге шағым жасау

1. Жауапкер немесе оның өкілі өкілеттігі болған кезде сырттай шешім шығарған сотқа осы шешімнің күшін жою туралы сырттай шешімнің көшірмесін алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде арыз беруге құқылы.

2. Осы Кодекстің 260-бабының бірінші бөлігіне сәйкес берілген арызды қанағаттандырудан бас тартылған жағдайда, жауапкер сот арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы ұйғарым шығарған күннен бастап бір ай ішінде сырттай шешімге апелляциялық тәртіппен шағым жасауға құқылы.

3. Сырттай шешiмге іске қатысушы тұлғалар шағым беруі немесе осы шешiмнiң күшiн жою туралы арыз беру мерзiмi өткен соң, ал егер арыз берілген жағдайда - осы арызды қанағаттандырдан бас тарту туралы сот ұйғарым шығарған күннен бастап бір ай ішінде прокурор наразылық келтіруі мүмкін.


265-бап. Сырттай шешімнің күшін жоюдың негіздері

1. Егер сот жауапкердің:

1) сот талқылауының уақыты мен орны туралы хабарланған бола тұра сот отырысына дәлелді себептермен келмегенін;

2) сырттай шешімнің мазмұнына әсер етуі мүмкін дәлелдемелерді ұсынғанын куәландыратын мән-жайлардың жиынтығын анықтаса, сырттай шешімнің күші жойылуға жатады.

2. Жиынтығында осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген негіздемелердің болмауы бірінші сатыдағы соттың сырттай шешімнің күшін жоюына мүмкіндік тудырмайды.
266-бап. Істі қайта бастау

1. Сот сырттай шешімнің күшін жою туралы ұйғарым шығарып, онымен істі мәні бойынша қарауды қайта бастайды.

2. Сот отырысының өткізілетін уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабарландырылған жауапкер келмей қалған жағдайда, істі жаңадан қараған кезде сот шешімі сырттай шешім деп танылмайды. Жауапкер осы шешімнің күшін жою туралы қайта арыз беруге құқылы емес.
267-бап. Сырттай шешімнің заңды күші

Сырттай шешім осы Кодекстің 240-бабының бірінші бөлігінде белгіленген қағидалар бойынша күшіне енеді.


22-тарау. СОТ ҰЙҒАРЫМЫ
268-бап. Сот ұйғарымы және оны шығару тәртібі

1. Істі мәні бойынша шешпейтін сот актісі ұйғарым нысанында шығарылады.

2. Сот ұйғарымды осы Кодекстің 223-бабында көрсетілген тәртіппен дербес процестік құжат түрінде шығарады.

3. Күрделі емес мәселелерді шешкен кезде сот отырыс залынан шықпай-ақ ұйғарым шығара алады. Ұйғарымның мазмұны туралы сот отырысының хаттамасында көрсетіледі.

4. Ұйғарым не оның қарар бөлігі шығарылғаннан кейін дереу жарияланады. Ұйғарым түпкілікті нысанда шешімнің қарар бөлігі жарияланғаннан кейін бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімде дайындалуы мүмкін.
269-бап. Ұйғарымның мазмұны

1. Соттың кеңесу бөлмесінде шығарылатын ұйғарымында:

1) ұйғарымның шығарылған күні мен орны;

2) ұйғарым шығарған соттың атауы, сот отырысындағы судьяның және хатшының тегі және аты-жөні;

3) іске қатысушы адамдар, даудың нысанасы немесе мәлімделген талап;

4) ұйғарым шығарылатын мәселе;

5) соттың өз қорытындыларын шығару себептері және сот басшылыққа алған заңдарға сілтеме;

6) соттың іс жүргізушілік шешімі;

7) егер ұйғарым бойынша шағым беруге болса, шағым берудің тәртібі мен мерзімі көрсетілуге тиіс.

2. Сот отырысы залында сот шығаратын ұйғарымда осы баптың бірінші бөлігінің 4), 5), 6) тармақшаларында көрсетілген мәліметтер болуға тиіс.


270-бап. Соттың жекеше ұйғарымы

1. Заңдылық бұзылған жағдайлар анықталған кезде сот жеке ұйғарым шығаруға және жіберуге құқылы, ал егер бұзушылыққа мемлекеттік органдар, лауазымды адамдар мен мемлекеттік қызметшілер тарапынан жол берілсе сот жеке ұйғарым шығарады және тиісті ұйымдарға, басқару функцияларын атқаратын лауазымды немесе өзге де адамдарға жібереді, олар өздері қолданған шаралар туралы бір ай мерзім ішінде хабарлауға міндетті.

2. Қолданған шаралар туралы хабарламау өздеріне жеке ұйғарым жіберілген адамдарды сотты құрметтемегені үшін осы Кодекстің 119 және 120-баптарының талаптарына сәйкес әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғады. Әкімшілік жаза қолдану тиісті адамдарды соттың жеке ұйғарымы бойынша қолданған шаралар туралы хабарлау міндетінен босатпайды.

3. Егер істі қарау кезінде сот тараптардың, процестің басқа да қатысушыларының, лауазымды немесе өзге адамның әрекетінен қылмыстық құқық бұзушылық белгілерін тапса, ол бұл туралы прокурорға хабарлайды.

4. Өздерінің мүдделерiне жекеше ұйғарымның қатысы бар адамдар оған осы Кодекстiң 429-бабының төртінші бөлiгiнде көрсетілген тәртiппен шағым жасай алады және наразылық келтіре алады.
271-бап. Іске қатысушы адамдарға сот ұйғарымының көшірмелерін салып жіберу

Іске қатысушы, сот отырысына келмеген тараптар мен басқа адамдарға іс бойынша іс жүргізудің тоқтатыла тұруы немесе қысқартылуы туралы не арыздың қараусыз қалдырылуы туралы сот ұйғарымының көшірмелері оны алғанын тіркеуді қамтамасыз ететін байланыс құралдары пайдаланыла отырып ұйғарым түпкілікті нысанда шығарылған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмей салып жіберіледі.


23-тарау. ІС БОЙЫНША ІС ЖҮРГІЗУДІ ТОҚТАТА ТҰРУ
272-бап. Соттың іс жүргізуді тоқтата тұру міндеті

1. Сот:


1) егер даулы құқықтық қатынас құқықтық мирасқорлыққа жол берген болса, азамат қайтыс болғанда немесе заңды тұлға қайтадан құрылған, таратылған;

2) азамат заңда белгіленген тәртіппен әрекетке қабілетсіз деп танылған;

3) жауапкер Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің жауынгерлік іс-қимылдарға қатысушы бөлімдерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында болған немесе Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің жауынгерлік іс-қимылдарға қатысушы бөлімдерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында жүрген талапкердің өтініші болған;

4) азаматтық, қылмыстық немесе әкiмшiлік сот iсiн жүргiзуде қаралып жатқан басқа істің шешілуіне дейін бұл істі қараудың мүмкіндігі болмаған;

5) егер ол осы іс бойынша қолданылуға тиіс заң немесе басқа да нормативтік құқықтық акт адамның және азаматтың Конституцияда бекітілген құқықтары мен бостандықтарына қысым жасайтындығын байқаған және осы актінің Конституцияға сәйкес еместігін тану туралы Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесіне өтініш жасаған, сондай-ақ Конституциялық Кеңес басқа соттың бастамашылығымен осы іс бойынша қолданылуға тиісті нормативтік құқықтық актінің конституцияға сәйкес келетіндігін тексеріп жатқандығы белгілі болған;

6) құқықтық көмек көрсету туралы тапсырмамен шет мемлекеттің сотына өтініш жасаған;

7) тараптар медиатормен медиация жүргізу туралы шарт жасасқан жағдайларда іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұруға міндетті. Медицияны жүргізу мерзімін ұзартқан кезде тараптар бұл туралы бірлескен жазбаша хабарламамен сотқа хабарлауға тиіс.

8) бала туралы даумен баланысты іс бойынша соттың Қазақстан Републикасына заңсыз алып өтілген немесе Қазақстан Республикасында ұсталып отырған баланы қайтару туралы немесе егер бала халықаралық шартта көрсетілген, осы балаға қатысты қолданылуға жатпайтын жасқа толмаған болса, балаға қатысты қол жеткізу құқығын жүзеге асыру туралы Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары негізінде берілген арызды өндіріске қабылдау туралы сот ұйғарымының көшірмесі келіп түскен жағдайларда іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұруға міндетті.


273-бап. Соттың іс жүргізуді тоқтата тұру құқығы

Сот:


1) тарап Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында шақыру бойынша әскери қызметте болған немесе ол басқа да мемлекеттік міндетті орындауға тартылған;

2) заңды тұлғалардың өкілдері іске қатысқан жағдайларды қоспағанда, тарап істі қарау мерзімінен асатын уақытта қызметтік іссапарда болған;

3) іске заңды тұлғаның өкілдері қатысатын жағдайларды қоспағанда, тараптың емдеу мекемесінде стационарлық емдеуде болған;

4) қаралып жатқан іс бойынша құқықтық көмек көрсету жөнінде сотқа тапсырылған өтініш;

5) бала асырап алу туралы істер бойынша қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган асырап алушылардың тұрмыс жағдайын зерттеуді тағайындаған;

6) сот сараптама тағайындаған;

7) сотта медиация жүргізілген немесе партисипативтік рәсім жүргізілген;

8) осы Кодекстің 133-бабында көзделген жағдайларда жауапкеріздестіруде болған жағдайларда іске қатысушы адамдардың арызы бойынша немесе өз бастамасымен іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұра алады.


274-бап. Соттың іс жүргізуді тоқтата тұру мерзімдері

1. Іс бойынша іс жүргізу:

1) осы Кодекстің 272-бабының 1) және 2) тармақшаларында көзделген жағдайларда - шығып қалған адамның құқықтық мирасқоры анықталғанға дейін немесе әрекетке қабілетсіз адамға қорғаншы тағайындалғанға дейін;

2) осы Кодекстің 272-бабының 3) тармақшасында және 273-бабының 1), 2), 3), 4), 5), 6) және 8) тармақшаларында көзделген жағдайларда - тарап Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрамында болуын тоқтатқанға дейін, ол мемлекеттік міндетті орындауды аяқтағанға дейін, қызметтік іссапардан оралғанға дейін, емдеу мекемесінен шыққанға немесе сырқатынан айыққанға дейін, сарапшының қорытындысы немесе қорғаншылық және қамқоршылық органның қорытындысы сотқа табыс етілгенге дейін;

3) осы Кодекстің 272-бабының 4) тармақшасында және 273-бабының 7) тармақшасында көзделген жағдайларда - сот шешімі, үкімі немесе соттың қаулысы заңды күшіне енгенге дейін;

4) осы кодекстің 272-бабының 5) тармақшасында көзделген жағдайларда - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің шешімі күшіне енгенге дейін;

5) осы Кодекстің 272-бабының 6) тармақшасында, 273-бабының 5) тармақшасында көзделген жағдайларда - сот құқықтық көмек көрсету туралы тапсырманы орындағанға дейін;

6) осы Кодекстің 272-бабының 7) тармақшасында көзделген жағдайларда - медиация тоқтатылғанға дейін;

7) осы Кодекстің 273-бабының 7) және 8) тармақшаларында көзделген жағдайларда - осы Кодекстің 179-бабының төртінші бөлігінде белгіленген мерзім аяқталғанға дейін;

8) Қазақстан Републикасына заңсыз алып өтілген немесе Қазақстан Республикасында ұсталып отырған баланы қайтару туралы немесе Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары негізінде балаға қатысты қол жеткізу құқығын жүзеге асыру туралы соттың шешімі немесе осы іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы ұйғарымы немесе осы Кодекстің 272-бабының 8) тармақшасында көрсетілген арызды соттың қарамай тастауы туралы ұйғарымы заңды күшіне енгенге дейін іс бойынша іс жүргізу тоқтатыла тұрады.


275-бап. Соттың іс жүргізуді тоқтата тұру туралы ұйғарымына шағым жасау немесе наразылық келтіру

Соттың іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұру туралы ұйғарымына осы Кодексте көрсетілген жағдайларда апелляциялық сатыдағы сотқа шағым берілуі, наразылық келтірілуі мүмкін, оның шешімі түпкілікті болып табылады.


276-бап. Іс жүргізуді қайта бастау

Іс жүргізуді тоқтата тұруды туғызған мән-жайлар жойылғаннан кейін іске қатысушы адамдардың арызы бойынша немесе соттың бастамасымен іс бойынша іс жүргізу қайта басталады. Іс жүргізу қайта басталған кезде сот іске қатысушы адамдарға азаматтық іс жүргізудің жалпы қағидалары бойынша хабарлайды.

Іс бойынша іс жүргізуді қайта бастау туралы соттың ұйғарымы шағым беруге, наразылық келтіруге жатпайды.

Ұйғарымның көшірмесі іске қатысушы адамдарға ол шығарылған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде оны алғанын тіркеуді қамтамасыз ететін байланыс құралдары пайдаланыла отырып жіберіледі не тапсырылады.


24-тарау. ІС БОЙЫНША ІС ЖҮРГІЗУДІ ТОҚТАТУ
277-бап. Іс бойынша іс жүргізуді тоқтатудың негіздері

Сот, егер:

1) іс азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпаса;

2) сол тараптардың арасындағы дау бойынша сол нысана туралы және сол негізлер бойынша шығарылған, заңды күшіне енген сот шешімі немесе талапкердің өз талабынан бас тартуына немесе тараптардың татуласу келісімін, дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімін, дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісімді орнықтыруына байланысты іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы сот ұйғарымы болса;

3) сол тараптар арасындағы дау бойынша, сол нысана туралы және сол негiздемелер бойынша төреліктің немесе аралық соттың қабылдаған шешімі болса;

4) талапкердің талап қоюдан бас тартуын сот қабылдаса;

5) тараптар татуласу келісімге келіп, сот оны бекітсе;

6) тараптар дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісім, дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім жасасса және оны сот бекітсе;

7) іс бойынша тараптардың бірі болып табылатын азамат қайтыс болғаннан кейін даулы құқықтық қатынас құқықтық мирасқорлығына жол бермесе;

8) iс бойынша тарап ретiнде әрекет ететін ұйым қызметi тоқтатылуына және құқықтық мирасқорлары болмауына байланысты таратылса;

9) шет мемлекетте сот имунитетінің бар екені анықталса, iс бойынша іс жүргізуді тоқтатады.
278-бап. Іс бойынша іс жүргізуді тоқтатудың тәртібі мен салдары

1. Іс бойынша іс жүргізу сот ұйғарымымен тоқтатылады

2. Іс бойынша іс жүргізу тоқтатылған жағдайда сол тараптар арасындағы дау бойынша, сол нысана туралы және сол негіздер бойынша екінші рет сотқа жүгінуге жол берілмейді.

3. Осы Кодекстің 277-бабының 1), 2), 3), 4), 5), 6) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша іс бойынша іс жүргізуді тоқтата отырып, сот ұйғарымда мемлекеттік бажды осы Кодекстің 115-бабының талаптарына сәйкес қайтару туралы көрсетеді.

Сот іс бойынша іс жүргізуді тоқтата отырып, талап қоюды қамтамасыз ету жөнінде қолданылған шаралардың күшін жою туралы шешім қабылдайды.

4. Соттың іс бойынша іс жүргізудітоқтату туралы ұйғарымына осы Кодексте көрсетілген жағдайларда және тәртіппен шағым берілуі және наразылық келтірілуі мүмкін.

25-тарау. ТАЛАП АРЫЗДЫ ҚАРАУСЫЗ ҚАЛДЫРУ
279-бап. Талап арызды қараусыз қалдырудың негіздері

Сот, егер:

1) талапкер осы санаттағы істер үшін заңнамалық актілерде белгіленген дауды сотқа дейін реттеудің міндетті тәртібін сақтамаса және осы тәртіпті қолданудың мүмкіндігі жойылмаса;

2) талап арызды әрекетке қабілетсіз адам берсе;

3) талап арызға оған қол қоюға және оны беруге өкілеттігі жоқ адам қол қойса немесе берсе;

4) осы немесе басқа бiр соттың не төреліктің немесе аралық соттың іс жүргізуінде сол бір тараптар арасындағы дау бойынша, сол нысана туралы және сол негiздемелер бойынша бұрын қозғалған iс болса;

5) егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, тараптар арасында заңға сәйкес осы дауды төреліктің немесе аралық соттың шешуіне беру туралы келісім жасалса;

6) істі өзінің қатысуынсыз қарауды өтінбеген талапкер екінші шақыру бойынша сотқа келмесе;

7) өзінің мүддесіне сай іс қозғалған адам мәлімделген талапты қолдамаса;

8) талапкер талап арызды қайтарып алу туралы арыз берсе;

9) көрсетушіге арналған күші жойылған бағалы қағаздар және ордерлі бағалы қағаздар бойынша құқықтарды қалпына келтіру туралы істер жөніндегі арыз жарияланған күннен бастап үш ай мерзім аяқталғанға дейін берілсе;

10) коммуналдық меншік құқығын тану туралы арыз заңда белгіленген мерзімнен бұрын берілсе немесе заңда көзделген жылжымайтын мүлікті иесіз деп тіркеу рәсімдері бұзыла отырып берілсе;

11) осы Кодекстің 105-бабының үшінші бөлігінде және 106-бабының екінші бөлігінде белгіленген тәртіппен мемлекеттік баж төленбесе;

12) осы Кодекстің 34-тарауында көзделген ерекше талап қою ісі бойынша бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланғаны туралы мәліметтер ұсынылмаса;

13) істі ерекше іс жүргізуде қарау кезінде талап қою бойынша іс жүргізуде қаралуға жататын, сот қарайтын құқық туралы даудың бар екені анықталса, арызды қараусыз қалдырады.
280-бап. Талап арызды қараусыз қалдырудың тәртібі мен салдары

1. Талап арыз қараусыз қалдырылған жағдайда іс бойынша іс жүргізу соттың ұйғарымымен аяқталады. Бұл ұйғарымда сот істі қарауға кедергі келтіретін, осы Кодекстің 279-бабының 1), 2), 3), 9) және 10) тармақшаларында аталған мән-жайларды қалай жою керек екенін көрсетуге міндетті. Осы Кодекстің 279-бабының 1) және 2) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша талап арызды қараусыз қалдыра отырып, сот ұйғарымда мемлекеттік бажды қайтаруды және талапты қамтамасыз ету жөнінде қолданылған шаралардың тоқтатылатынын көрсетеді.

2. Соттың талап арызды қараусыз қалдыру туралы ұйғарымына апелляциялық сатыдағы сотқа шағым жасалуы немесе наразылық келтірілуі мүмкін, апелляциялық шешім түпкілікті болып табылады.

3. Талап арызды қараусыз қалдыруға негіз болған мән-жайлар жойылғаннан кейін мүдделі адам жалпы тәртіп бойынша сотқа тағы да талап арыз беруге құқылы.

Ұйғарымның көшірмесі талап арызға қоса ұсынылған материалдармен бірге талапкерге жіберіледі немесе табыс етіледі.
26-тарау. ХАТТАМАЛАР
281-бап. Хаттама жүргізудің міндеттілігі

1. Соттың әрбір сот отырысы туралы, сондай-ақ отырыстан тыс жасалған әрбір жеке процестік әрекет туралы сот отырысының жазбаша нысанда хаттамасы жасалады не аудио- немесе бейнежазбасы жүргізіледі.

Іске қатысушы адамдардың бәрі сот отырысына келмеген жағдайда аудио- немесе бейнежазба жүргізілмейді.

Аудио- немесе бейнежазба пайдаланылған кезде соттың қалауы бойынша жазбаша нысанда қысқаша хаттама жасалады.

2. Істі бірінші сатыдағы сотта қарауға алдын ала дайындау кезінде апелляциялық сатыдағы соттың отырысында хаттама соттың қалауы немесе тараптың өтініші бойынша жүргізіледі. Шешім бірінші сатыдағы соттың алдын ала отырысында шығарылған жағдайда, сондай-ақ апелляциялық сатыдағы сот істі бірінші сатыдағы соттың ережелеры бойынша қараған кезде хаттама жүргізу міндетті.

Апелляциялық сатыдағы соттың сот отырысында қосымша дәлелдемелерді, соның ішінде сараптамалық қорытындыларды, апелляциялық сатыдағы соттың отырысына шақырылған адамдардан жауап алуды зерттеу кезінде апелляциялық сатыдағы сот жеке процестік әрекеттің хаттамасын жүргізеді.

3. Кассациялық және қадағалау сатыларындағы соттарда хаттама жүргізілмейді.
282-бап. Хаттаманың мазмұны

1. Сот отырысының немесе отырыстан тыс жасалған жеке процестік әрекеттің хаттамасы істі қараудың немесе жеке процестік әрекет жасаудың барлық елеулі мән-жайларын көрсетуге тиіс.

2. Хаттамада:

1) сот отырысының жылы, айы, күні және орны;

2) сот отырысы басталған және аяқталған уақыт;

3) істі қарайтын соттың атауы, сот отырысы судьясының, хатшысының тегі мен аты-жөні;

4) істің атауы;

5) соттың стенографияны қолданғаны туралы мәліметтер және процесте аудио- бейнежазба жүргізудің мүмкін еместігінің себептері;

6) іске қатысушы адамдардың, өкілдердің, куәлердің, сарапшылардың, мамандардың, аудармашылардың келгені туралы мәліметтер;

7) іске қатысушы адамдарға, өкілдерге, сондай-ақ аудармашыға, сарапшылар мен мамандарға олардың процестік құқықтары мен міндеттерінің түсіндірілгені туралы мәліметтер;

8) төрағалық етушінің өкімдері және сот отырысы залында шығарылған ұйғарымдар;

9) іске қатысушы адамдар мен өкілдердің арыздары, өтінішхаттары мен түсіндірмелері;

10) куәлардың ауызша айғақтары, сарапшылар мен мамандардың түсіндірмелері;

11) дәлелдемелер мен құжаттардыңжария етілгені және зерттеудің нәтижелері туралы мәліметтер, аудиожазбалардың тыңдалғаны және бейнежазбалардың, кино материалдарының көрсетілгені;

12) осы Кодекстің 55-бабының негізінде іске қатысушы мемлекеттік органдардың және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қорытындысы туралы мәліметтер;

13) сот отырысы залында берілген сұрақтар мен жауаптардың мазмұны;

14) сот жарыссөздері мен репликалардың мазмұны;

15) осы Кодекстің 54-бабының негізінде іске қатысқан прокурордың қысқаша қорытындысы;

16) шешімнің және ұйғарымдардың мазмұны жария етілгені және түсіндірілгені туралы, оларды түпкілікті нысанда дайындаудың мерзімдері, шағым берудің тәртібі мен мерзімін түсіндіру туралы мәліметтер;

17) іске қатысушы адамдарға сот отырысының хаттамасымен танысу және оған ескертулер жасау құқықтарының түсіндірілгені туралы мәліметтер;

18) хаттаманың түпкілікті нысанда жасалған күні көрсетіледі.

3. Істі талқылауды аудио-, бейнежазба құралдарын пайдалана отырып жазып алған кезде қысқаша хаттама жасалады.

4. Қысақша хаттаманың мазмұны осы баптың екінші бөлігінің 1), 2), 3), 4), 6) және 18) тармақшаларында көрсетілген талаптарға сәйкес келуге тиіс. Сондай-ақ аудио- немесе бейнежазба құралдарының пайдаланылғаны туралы, файлдың атауы, аудио- немесе бейнежазбаның мазмұны да көрсетіледі.

Аудио- немесе бейнежазба және қысқаша хаттама іске қоса тіркеледі.

Іске қатысушы адамдардың және өкілдердің өтінішхаты бойынша сот аудио- немесе бейнежазбаның көшірмесін беруі мүмкін.

5. Сот отырысының барысын түсіріп алу үшін аудио- немесе бейнежазбаны қолдануды соттардың қызметін ұйымдық және материалдық-техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асыратын орган қамтамасыз етеді.


283-бап. Хаттама жасау

1. Сот отырысының немесе жеке процестік әрекеттің хаттамасын сот отырысының хатшысы жасайды немесе аудио- немесе бейнежазба жүргізіледі.

2. Хаттама (қысқаша хаттама) компьютерлік, машинкада жазу не қолмен жазу тәсілімен жасалады.

3. Іске қатысушы адамдар мен өкілдер хаттаманың қандай да бір бөлігін жария ету туралы, өздері іс үшін елеулі деп есептейтін мән-жайлар жөніндегі мәліметтерді хаттамаға енгізу туралы өтінішхат беруге құқылы.

4. Хаттама сот отырысы аяқталғаннан кейін бес жұмыс күнінен кешіктірілмей, ал жеке процестік әрекет туралы хаттама ол жасалғаннан кейінгі келесі күннен кешіктірілмей дайындалуға және оған қол қойылуға тиіс. Күрделі істер бойынша сот отырысының хаттамасы сот отырысы аяқталғаннан кейін он жұмыс күнінен кешіктірілмей дайындалуға және оған қол қойылуға тиіс.

5. Хаттамаға төрағалық етуші мен хатшы қол қояды. Барлық өзгерістер, түзетулер, толықтырулар хаттамада жазылуға және олардың қолы қойылып куәландырылуға тиіс.

6. Сот іске қатысушы адамдардың өтінішхаты бойынша төрағалық етушінің және сот отырысы хатшысының электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған электрондық құжат нысанындағы хаттаманы танысу үшін беруге міндетті.

7. Егер іске қатысушы адамдар ауызша берген түсіндірмелерін, арыздарын, өтінішхаттарын, қорытындыларын қосымша жазбаша нысанда берсе, сот жазбаша құжаттарды олардың мазмұнын хаттамада толық көрсетпей-ақ хаттамаға тіркейді.


284-бап. Хаттамаға, аудио- немесе бейнежазбаға ескертулер

Іске қатысушы адамдар немесе олардың өкілдері сот отырысының хаттамасы (қысқаша хаттамасы), аудио- немесе бейнежазба дайындалған және оған қол қойылған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде онымен танысуға құқылы. Аталған адамдар олармен танысқаннан кейін хаттамаға, аудио- немесе бейнежазбаға жасалған процестік әрекеттердің және дәлелдемелердің белгіленуінің толық еместігін көрсете отырып, үш жұмыс күні ішінде оған жазбаша түрде немесе электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған электрондық құжат нысанында ескертулер беруге құқылы.


285-бап. Хаттамаға, аудио- немесе бейнежазбаға жасалған ескертулердi қарау

1. Сот отырысының хаттамасына (қысқаша хаттамаға), аудио- немесе бейнежазбаға жасалған ескертулерді оған қол қойған төрағалық етуші судья қарайды, ол ескертулермен келіскен жағдайда олардың дұрыстығын өзінің бұрыштамасымен және қойған қолымен куәландырады.

2. Төрағалық етуші сот отырысының хаттамасына берілген ескертулермен келіспеген жағдайда олар істі қарауға қатысқан адамдар хабарландырыла отырып, сот отырысында қаралады. Істі қарауға қатысушы адамдардың келмеуі хаттамаға (қысқаша хаттамаға), аудио- немесе бейнежазбаға ескертулерді қарау үшін кедергі болмайды.

Төрағалық етуші ескертулерді қараудың нәтижелері бойынша оларды қанағаттандыру туралы не оларды толық немесе ішінара қабылдамау туралы ұйғарым шығарады. Ескертулердің бәрі іске тігіледі.

3. Сот отырысының хаттамасына ескертулерді қараудың нәтижелері бойынша шығарылған соттың ұйғарымы шағымдануға және наразылық келтіруге жатпайды. Ұйғарыммен келіспеу туралы дәлелдер апелляциялық шағымға немесе наразылыққа енгізілуі мүмкін.

4. Хаттамаға (қысқаша хаттамаға), аудио- немесе бейнежазбаға ескертулер олар сотқа түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде қаралуға тиіс.

5. Егер төрағалық етуші дәлелді себептермен хаттамаға (қысқаша хаттамаға), аудио- немесе бейнежазбаға ескертулерді қарай алмаса, олар іс материалдарына қоса тіркеледі.
3-бөлімше. ЕРЕКШЕ ТАЛАП ҚОЮМЕН ІС ЖҮРГІЗУ
27-тарау. САЙЛАУҒА, РЕФЕРЕНДУМДАРҒА ҚАТЫСУШЫ АЗАМАТТАР МЕН ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІКТЕРДІҢ САЙЛАУ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ ТУРАЛЫ АРЫЗДАР БОЙЫНША ІС ЖҮРГІЗУ
286-бап. Арыз беру

1. Мемлекеттік органның, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органының, сайлау комиссиясының, кәсіпорынның, ұйымның, олардың лауазымды адамдарының шешімімен, әрекетімен (әрекетсіздігімен) сайлау немесе сайлану, сайлауға, референдумға қатысу құқығы бұзылды деп санайтын азамат, қоғамдық бірлестік, сайлау комиссиясының мүшесі, кандидаттар мен саяси партиялардың сенім білдірілген адамдары, кеңесші дауыс беру құқығы бар саяси партиялардың өкілдері осы Кодекстің 3-тарауында және басқа да заңдарда белгіленген соттылыққа жататын іс бойынша жазбасша арызбен сотқа жүгінуге құқылы.


287-бап. Арызды қарау

1. Егер «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында, «Республикалық референдум туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында өзгеше көзделмесе, сайлауға, республикалық референдумға әзірлік және оны өткізу кезеңінде, сондай-ақ дауыс беру күнiнен бастап бір ай мерзім ішінде түскен арыз - бес күн мерзім ішінде, ал дауыс беру күнінен бес күн бұрын, дауыс беру күні және сайлаудың, республикалық референдумның қорытындылары жарияланғанға дейін түскен арыз - дереу қаралуға тиіс.

Сайлаушылардың (таңдаушылардың) тiзiмдерiндегі түзетулердің қажеттiлігi туралы сайлау комиссиясының шешiмiне шағым жасау туралы арыз келiп түскен күнi қаралуға тиiс.

2. Сот арызды арыз берушінің, тиісті сайлау комиссиясы немесе мемлекеттік орган, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін өзі басқару органы, кәсіпорын, ұйым өкілінің, прокурордың қатысуымен қарайды. Сот отырысының өткізілетін уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабарландырылған аталған адамдардың сотқа келмеуі істің қаралуы мен шешілуіне кедергі болмайды.


288-бап. Соттың шешімі және оның орындалуы

1. Арыз негiздi деп танылған сот шешiмi бұзылған сайлау құқығын қалпына келтiру үшiн негiз болып табылады.

2. Егер «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында, «Республикалық референдум туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында өзгеше көзделмесе, бірінші сатыдағы соттың шешіміне шешімнің көшірмелері тапсырылған күннен бастап үш күн ішінде апелляциялық тәртіппен шағым берілуі, наразылық келтірілуі мүмкін.

Апелляциялық сатыдағы соттың қаулысы шағым беруге және наразылық келтіруге жатпайды.

3. Егер «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында, «Республикалық референдум туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының шешімдерін және әрекеттерін (әркетсіздіктерін), сондай-ақ осы Кодекстің 28-бабында көрсетілген соттылық қағидалары бойынша шығарылған, Референдумның орталық комиссиясының шешімдерін және әрекеттерін (әркетсіздіктерін) дау айту туралы істер бойынша сот шешіміне шешімнің көшірмесі тапсырылған күннен бастап үш күн ішінде шағым берілуі, наразылық келтірілуі мүмкін.

4. Егер «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында, «Республикалық референдум туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында өзгеше көзделмесе, осы баптың екінші және үшінші бөліктерінде көрсетілген шешімдерге шағым немесе өтінішхат - сотқа түскен күннен бастап үш күн мерзім ішінде, ал дауыс берукүнінен бес күн бұрын, дауыс беру күні және сайлаудың, республикалық референдумның қорытындылары жарияланғанға дейін түскен шағым немесе өтінішхат дереу қаралуға тиіс.

5. Заңды күшіне енген сот шешімі тиісті мемлекеттік органға, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін өзі басқару органына, кәсіпорынға, ұйымға, сайлау комиссиясының төрағасына жіберіледі. Сот шешімінің орындалмауына кінәлі лауазымды адамдар заңда белгіленген тәртіппен жауапты болады.
28-тарау. ЖЕРГIЛІКТI АТҚАРУШЫ ОРГАНДАРДЫҢ АЗАМАТТАРДЫҢ АЛҚАБИ РЕТIНДЕ ҚЫЛМЫСТЫҚ СОТ IСIН ЖҮРГIЗУГЕ ҚАТЫСУ ҚҰҚЫҚТАРЫН БҰЗАТЫН ШЕШIМДЕРІНЕ, ӘРЕКЕТТЕРIНЕ (ӘРЕКЕТСIЗДІГІНЕ) ДАУ АЙТУ ЖӨНІНДЕГI АРЫЗДАР БОЙЫНША ІС ЖҮРГІЗУ
289-бап. Арыз беру

1. Жергіліктi атқарушы органның шешiмiмен, әрекетiмен (әрекетсiздiгiмен) азаматтың алқаби ретiнде қылмыстық сот iсiн жүргiзуге қатысу үшiн iрiктеу рәсiмiне қатысу құқығы бұзылып отыр деп есептеген азамат осы Кодекстiң 3-тарауында белгiленген соттылық бойынша сотқа арыз берiп жүгiнуге құқылы.

2. Азаматтың алқабиге кандидаттардың тізіміне енгізу және қылмыстық сот ісін жүргізуге алқаби ретінде қатысу құқығы бұзылғаны туралы куәландыратын дәлелдемелер арызға қоса тіркелуге тиіс.

3. Арызды Қазақстан Республикасының алқабилер туралы заңнамасына сәйкес алқабилерге кандидаттардың алдын ала тізімдерімен азаматтарды таныстыру мерзімі аяқталған кезден бастап жеті жұмыс күні ішінде сотқа беруге болады.


290-бап. Арызды қарау

1. Осы Кодекстің 288-бабында белгiленген мерзiмде келіп түскен арыз екi жұмыс күні ішінде, ал осы мерзім аяқталатын күні келіп түскен арыз дереу қаралуға тиіс.

2. Сот арызды арыз иесінің, тиісті жергілікті атқарушы орган өкілінің қатысуымен қарайды. Сот отырысының уақыты мен орны туралы тиiсті түрде хабарландырылған аталған адамдардың сотқа келмей қалуы iстi қарау және шешу үшiн кедергi болмайды.

291-бап. Арыз бойынша сот шешiмi және оның орындалуы

1. Азаматтың қылмыстық сот iсiн жүргiзуге алқаби ретiнде қатысу үшiн iрiктеу рәсiмiне қатысу құқығының бұзылуын анықтаған сот шешiмi алқабиге кандидаттардың алдын ала тiзiмдерiне түзетулер енгiзу үшiн негiз болып табылады.

2. Сот шешiмi тиiстi жергiлiктi атқарушы органға жiберiледi. Сот шешiмiнiң орындалмауына кiнәлi лауазымды адамдар заңда белгiленген жауаптылықта болады.


29-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК БИЛІК, ЖЕРГІЛІКТІ ӨЗІН-ӨЗІ БАСҚАРУ ОРГАНДАРЫНЫҢ, ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІКТЕРДІҢ, ҰЙЫМДАРДЫҢ, ЛАУАЗЫМДЫ АДАМДАР МЕН МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕРДІҢ ШЕШІМДЕРІ МЕН ӘРЕКЕТТЕРІНЕ (ӘРЕКЕТСІЗДІГІНЕ) ДАУ АЙТУ ТУРАЛЫ ІС ЖҮРГІЗУ
292-бап. Арыз беру

1. Азамат және заңды тұлға мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының, қоғамдық бірлестіктің, ұйымның, лауазымды адамның, мемлекеттік қызметшінің шешіміне, әрекетіне (немесе әрекетсіздігіне) сотта дау айтуға құқылы. Жоғары тұрған органның, ұйымның, лауазымды адамның, комиссияның немесе омбудсменнің өтінішті қарауы заңмен белгіленген жағдайларда азаматтың және заңды тұлғаның арызы сотқа жүгінудің осындай тәртібі сақталғаннан кейін беріледі.

Жеке қолданыстағы құқықтық актінің заңға сәйкессіздігіне, сондай-ақ мемлекеттік органның немесе лауазымды адамның әрекеттеріне наразылықты заңсыз актіні шығарған немесе заңсыз әрекеттерді жасаған орган немесе лауазымды адам не жоғары тұрған орган немесе лауазымды адам қабылдамай тастаған жағдайда прокурор актіні, іс-әрекетті заңсыз деп тану туралы арызбен сотқа жүгінеді.

2. Осы тараудың қағидалары бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізудіжүзеге асыратын органның (лауазымды адамның) әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағымдану туралы істер бойынша арыз сотта қарауға жатпайды.

3. Арыз сотқа осы Кодекстің 3-тарауында белгіленген соттылық қағидалары бойынша беріледі. Аудандық соттардың сотта іс қарауына жатқызылған арыздар азаматтың тұрғылықты жері бойынша сотқа не әрекеті дау айтылып отырған мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының, қоғамдық бірлестіктің, ұйымның, лауазымды адамның, мемлекеттік қызметшінің орналасқан жері бойынша сотқа берілуі мүмкін.

4. Арыз берушінің мемлекеттік құпияны құрайтын мәліметтер туралы хабардар болу негізі бойынша Қазақстан Республикасынан шетелге кетуіне рұқсат беруден бас тартуға кету туралы өтінішті қанағаттандырмау жөнінде шешім қабылдаған органның орналасқан жері бойынша тиісті аудандық және оған теңестірілген сотта дау айтылады.

5. Прокурордың сотқа жүгінуі наразылық келтірілген жеке қолданыстағы құқықтық актінің күшін сот қарағанға дейін тоқтата тұрады.
293-бап. Мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, қоғамдық бірлестіктердің, ұйымдардың, лауазымды адамдардың, мемлекеттік қызметшілердің сот арқылы дау айтуға жататын шешімдері, әрекеттері (әрекетсіздігі)

1. Мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, қоғамдық бірлестіктердің, ұйымдардың, лауазымды адамдардың, мемлекеттік қызметшілердің сотта дау айтуға жататын шешімдерінің, әрекеттерінің (немесе әрекетсіздігінің) нәтижесінде:

1) азаматтың құқықтары мен бостандықтары және заңды тұлғаның заңды мүдделерi бұзылған;

2) азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, сондай-ақ жеке тұлғаның заңды мүдделерiн жүзеге асыруына кедергі жасалған;

3) азаматқа немесе заңды тұлғаға қандай да бiр мiндет заңсыз жүктелген немесе олар заңсыз жауапқа тартылған алқалық және жеке-дара шешiмдер мен әрекеттер (әрекетсiздiк) жатады.

Арыз сотқа осы баптың бірінші бөлігінде көзделген кез келген негіз бойынша берілуі мүмкін.

2. Осы тарауға сәйкес:

1) Қазақстан Республикасы Конституциясының нормаларына сәйкестігіне тексерілуі Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің айрықша құзыретіне жатқызылған заңнамалық актілерге;

2) басқа заңнамалық актілермен сотқа шағымданудың өзгеше тәртібі көзделген жеке-дара құқықтық актiлерді;

3) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына;

4) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкестігін тексеру осы Кодекстің 31-тарауында көрсетілген тәртіппен жүргізілетін нормативтiк құқықтық актiлерге;

5) мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, қоғамдық бірлестіктердің, ұйымдардың, лауазымды адамдардың, мемлекеттік қызметшілердің, сот арқылы шағым жасауға жататын, жарғылық капиталында мемлекеттің үлесі бар заңды тұлғалардың талап қою ісін жүргізу тәртібімен дау айтуға жататын (корпоративтік дауларға) шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне);

6) мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, қоғамдық бірлестіктердің, ұйымдардың, лауазымды адамдардың, мемлекеттік қызметшілердің қылмыстық процестік заңнамасында және әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамада айқындалған тәртіппен соттың қарауына жататын шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) сотта дау айтуға болмайды.

3. Арыз сотқа осы баптың бірінші бөлігінде көзделген кез келген негіз бойынша берілуі мүмкін.

Арыз берушінің өтінішхаты бойынша арызды соттың іс жүргізуіне қабылдау туралы ұйғарымның көшірмесі шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) дау айтылып отырған органға немесе лауазымды адамға ұсынуы үшін арыз берушіге берілуі мүмкін.
294-бап. Сотқа арызбен жүгінуге арналған мерзім

1. Азамат немесе жеке тұлға құқықтарының, бостандықтарының және заңды мүдделерiнiң бұзылғаны туралы өздерiне мәлiм болған күннен бастап үш ай iшiнде сотқа арызбен жүгiнуге құқылы.

Прокурор наразылықты қараудың нәтижелері туралы хабарламаны алған кезден бастап он күндік мерзім ішінде немесе оны қарау үшін заңда белгіленген мерзім өткеннен кейін сотқа жүгінуге құқылы.

2. Сотқа арызбен жүгінуге арналған үш айлық мерзімді өткізіп алу соттың арызды қабылдаудан бас тартуына негіз болып табылмайды.

Көрсетілген мерзімді қалпына келтіру туралы не осы мерзімді қолдану туралы өтінішхаты алдын ала сот отырысында немесе сот отырысында қаралады. Егер мерзім қалпына келтірілмесе, сот арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім шығарады.
295-бап. Істі сот талқылауына дайындау

Судья арыз соттың іс жүргізуіне қабылданған күннен бастап он жұмыс күні ішінде осы Кодекстің 165-бабында көзделген тәртіппен істі сот талқылауына дайындауды жүргізеді. Бұл мерзімді ұзартуға жол берілмейді.


296-бап. Арызды қарау

1. Сот арызды істі соттың талқылауына дайындық аяқталған күннен бастап бiр ай мерзiмде прокурордың, азаматтың, шешімдері мен әрекеттері дау айтылып отырған мемлекеттік орган, жергілікті өзін-өзі басқару органы, қоғамдық бірлестік, ұйым басшысының, лауазымды адамның немесе мемлекеттік қызметшінің немесе олардың өкіл(дер)інің қатысуымен қарайды.

Сот прокурордың арызын істі сот талқылауына дайындау аяқталған күннен бастап он күндік мерзім ішінде прокурордың қатысуымен және наразылықты қабылдамау туралы шешім қабылдаған органның, лауазымды адамның немесе оның өкілінің қатысуымен қарайды.

2. Сот отырысының өткізілетін орны мен уақыты туралы тиісті түрде хабарландырылған аталған адамдардың қайсыбірінің сот отырысына келмеуі арыздың қаралуына кедергі болмайды. Алайда, сот іс бойынша талқылауды кейінге қалдырып және адамдарды қайтадан шақырып, аталған адамдардың сот отырысына келуін міндетті деп тануы мүмкін.

3. Сот осы баптың бірінші бөлігінде аталған адамдардан барлық құжаттар мен материалдарды өз бастамасы бойынша талап етіп алдыруға құқылы, дау айтылып отырған шешім, әрекет (әрекетсіздік) солардың негізінде қабылданады.

Талап етілген материалдарды сотқа дәлелсіз себептерсіз ұсынбау осы Кодекстің 73-бабының тоғызыншы бөлігінде көзделген құқықтық салдарға әкеп соғады.


297-бап. Соттың шешімі және оның орындалуы

1. Сот шешімі осы Кодекстің 227-бабының талаптарына сәйкес шығарылады.

2. Соттың шешімі жол берілген заң бұзушылықтарды жою үшін мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының, қоғамдық бірлестіктің, ұйымның басшысына, лауазымды адамға, мемлекеттік қызметшіге не бағыныстылығы тәртібімен жоғары тұрған органға сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін үш жұмыс күні ішінде жіберіледі. Сот шешімінің көшірмесі жоғары тұрған мемлекеттік органға және прокурорға жіберіледі.

3. Шешімнің орындалғаны туралы сотқа, азаматқа немесе заңды тұлғаға сот шешімі алынған күннен бастап бір ай мерзімнен кешіктірілмей хабарлануға тиіс. Сот шешімін орындамағаны үшін кінәлі лауазымды адамдар заңда көзделген жауаптылықта болады.

4. Мемлекеттік органның, жергілікті өзін өзі басқару органының, қоғамдық бірлестіктің, ұйымның, лауазымды адамның немесе мемлекеттік қызметшінің қабылдаған заңсыз шешімінің, жасаған заңсыз әрекетінің (әрекетсіздігінің) нәтижесінде азаматқа немесе заңды тұлғаға келтірілген зиянды өтеу талап қою жөніндегі іс жүргізу тәртібімен жүзеге асырылады.
30-тарау. НОРМАТИВТІК ҚҰҚЫҚТЫҚ АКТІНІ ДАУЛАУ

ТУРАЛЫ ІС ЖҮРГІЗУ


298-бап. Арыз беру

1. Өздерiне нормативтiк құқықтық актiнiң күшi қолданылатын, заңда көзделген тәртіппен қабылданған және жарияланған нормативтік құқықтық актімен олардың Қазақстан Республикасының Конституциясымен және заңнамалық актілерімен кепiлдiк берiлген құқықтары мен заңмен қорғалған мүдделерi бұзылып отыр деп санайтын азамат және заңды тұлға осы актiнi заңға толық немесе жекелеген бөлiгiнде қайшы келедi деп тану туралы арызбен сотқа жүгiнуге құқылы.

Заңға сәйкес келмейтін нормативтік құқықтық актіге наразылықты заңсыз актіні шығарған орган немесе лауазымды адам не жоғары тұрған орган немесе лауазымды адам қабылдамай тастаған жағдайда прокурор актіні заңсыз деп тану туралы арызбен сотқа жүгінеді.

2. Арыз осы Кодекстің 148-бабында көзделген талаптарға сәйкес келуге және онда дауланып отырған заңға тәуелді нормативтік құқықтық актіні қабылдаған мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының атауы, лауазымды адамның аты-жөні, оның қабылданған күні туралы қосымша деректер, осы актімен немесе оның жекелеген ережелерімен азаматтың немесе заңды тұлғаның қандай құқықтары, бостандықтары және заңмен қорғалатын мүдделерi бұзылып отырғаны, даулап отырған актінің Қазақстан Республикасы Конституциясының қандай баптарына, Қазақстан Республикасы заңнамалық актілерінің қандай баптарына немесе ережелеріне қайшы келетіндігі қамтылуға тиіс.

3. Арызға дауланып отырған актінің немесе оның бір бөлігінің көшірмесі нормативтік құқықтық актіні қандай бұқаралық ақпарат құралының органы жариялағаны және оның қашан ресми жарияланғаны көрсетіле отырып, қоса тіркеледі.

4. Прокурор сот қарағанға дейін наразылық келтірілген нормативтік құқықтық актіні заңсыз деп тану туралы сотқа жүгінген жағдайларды қоспағанда, сотқа арыз беру нормативтік құқықтық актінің қолданылуын тоқтата тұрмайды.


299-бап. Істі соттың талқылауына дайындау

Осы Кодекстің 165-бабында көзделген тәртіппен судья арыз соттың іс жүргізуіне қабылданған күннен бастап он жұмыс күні ішінде істі соттың талқылауына дайындауды жүргізеді. Бұл мерзімді ұзартуға жол берілмейді.


300-бап. Арызды қарау

1. Сотқа арызбен жүгiнген азамат немесе заңды тұлға, прокурор, сондай-ақ нормативтік құқықтық актіні қабылдаған мемлекеттік орган (лауазымды адам) сот отырысының өткізілетін уақыты мен орны туралы хабардар етіледі.

2. Іс азаматтың немесе заңды тұлға өкілінің, прокурордың, нормативтік құқықтық актіні қабылдаған мемлекеттік орган немесе лауазымды адам өкілінің міндетті түрде қатысуымен істі сот талқылауына дайындау аяқталған күннен бастап бір ай мерзімде қаралады.

Сот прокурордың арызын істі сот талқылауына дайындау аяқталған күннен бастап он күндік мерзім ішінде прокурордың қатысуымен және, наразылықты қабылдамау туралы шешім қабылдаған органның лауазымды адамның немесе оның өкілінің қатысуымен қарайды.

Аталған адамдардың келмеуі істі қарауға кедергі болмайды.

3. Сот отырысында сот нормативтік құқықтық актіні қабылдаған мемлекеттік органның немесе жергілікті өзін-өзі басқару органының құзыретін не лауазымды адамның өкілеттігін, бүкіл нормативтік құқықтық актінің немесе оның жекелеген бөлігінің Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкестігін тексереді.

4. Нормативтік құқықтық актіні заңға қайшы деп тану туралы арызды қарау кезінде аталған актіні қабылдауға негіз болған мән-жайларды дәлелдеу міндеті актiні қабылдаған мемлекеттік органға немесе жергілікті өзін-өзі басқару органына не лауазымды адамға жүктеледі.

5. Сотқа жүгінген адамның өзінің талабынан бас тартуы іс бойынша іс жүргізуді тоқтатуға әкеп соқпайды. Нормативтік құқықтық актіні шығарған мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының, лауазымды адамның қойылған талапты мойындауы сот үшін міндетті болып табылмайды.


301-бап. Соттың шешімі және оны орындау

1. Сот шешімі осы Кодекстің 228-бабының талаптарына сәйкес шығарылады.

2. Нормативтік құқықтық актіні толығымен немесе оның жекелеген бөлігін заңға сәйкес емес және жарамсыз деп таныған сот шешімі осы актіні қабылдаған мемлекеттік орган немесе лауазымды адам үшін міндетті. Шешім дауланып отырған заңға тәуелді нормативтік құқықтық актінің күші құқықтары мен бостандықтарына, заңды мүдделеріне қолданылған белгісіз адамдар тобы үшін міндетті.

3. Нормативтік құқықтық актінің заңнамалық актіге сәйкестігі немесе сәйкес еместігі туралы сот шешімінің преюдициялық күші бар. Заңға тәуелді нормативтік құқықтық актінің заңдылығын басқа азаматтар немесе заңды тұлғалар оның сот тәртібімен бұрын тексерілмеген бөлігін ғана қайта даулай алады.


4-бөлімше. ЕРЕКШЕ ІС ЖҮРГІЗУ
31-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
302-бап. Сот ерекше іс жүргізу тәртібімен қарайтын істер

1. Сот ерекше іс жүргізу тәртібімен қарайтын істерге:

1) заңдық маңызы бар фактілерді анықтау туралы;

2) бала асырап алу туралы;

3) азаматты хабарсыз кетті деп тану туралы және азаматты қайтыс болды деп жариялау туралы;

4) азаматтың әрекетке қабілеттігінің шектеулілігі туралы, азаматты әрекетке қабілетсіз деп тану туралы, он төрт жастан он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағанды өз табысына өз бетінше билік ету құқығын шектеу туралы немесе одан айыру туралы;

5) кәмелетке толмағанды әрекетке толық қабілетті (эмансипация) деп жариялау туралы;

6) кәмелетке толмағандарды девиантты мiнез-құлықты балаларға арналған арнаулы білім беру ұйымдарына немесе ерекше режимде ұстайтын ұйымдарға жіберу туралы;

7) заңда көзделген негіздер бойынша азаматты психиатриялық стационарға мәжбүрлеп жатқызу туралы;

8) азаматты туберкулезден, алкоголизмнен, нашақорлықтан, уытқұмарлықтан мәжбүрлеп емдеуге жіберу туралы;

9) қаржы ұйымдарын, банк конгломератына кіретін және қаржы ұйымы болып табылмайтын банк холдингін және (немесе) олардың мүлкін қайта құрылымдау туралы;

10) оңалту және банкроттық туралы;

11) жылжымалы затты иесіз деп тану және жылжымайтын мүлікке коммуналдық меншік құқығын тану туралы;

12) азаматтық хал актілері жазбаларының дұрыс еместігін анықтау туралы;

13) нотариаттық әрекеттерге немесе оларды жасаудан бас тартуға берілген шағымдар бойынша;

14) бағалы қағаздарды көрсетуші адамның жоғалған бағалы қағаздар және ордерлік бағалы қағаздар (шақырту ісін жүргізу) бойынша құқықтарын қалпына келтіру туралы;

15) Қазақстан Республикасының және (немесе) басқа мемлекеттің аумағында экстремизмді немесе террористік әрекетті жүзеге асыратын ұйымды экстремистік немесе террористік ұйым деп тану туралы, соның ішінде оның өз атауын өзгерткенін анықтау туралы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында таратылатын ақпараттық материалдарды экстремистік немесе террористік деп тану туралы;

16) Қазақстан Республикасының аумағында таратылатын, Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне қайшы келетін ақпаратты қамтитын шетелдік бұқаралық ақпарат құралының өнімін тану туралы;

17) шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының шегінен тыс шығарып жіберу туралы істер жатады.

2. Заңда ерекше іс жүргізу тәртібімен басқа да істерді қарау көзделуі мүмкін.


303-бап. Ерекше жүргізілетін істерді қарау тәртібі

1. Ерекше жүргізілетін істерді осы Кодекстің 32-50-тарауларында белгіленген ерекшеліктерімен қоса талап қою жөніндегі іс жүргізу ережелері бойынша соттар қарайды. Ерекше жүргізілетін істерді сот арыз берушінің және мүдделі адамдардың қатысуымен қарайды.

2. Егер арыз берген немесе істі ерекше іс жүргізіп қарау кезінде соттың қарауына жататын құқық туралы даудың болғаны туралы белгілі болса, сот арызды қараусыз қалдыру туралы ұйғарым шығарады, сонымен тараптар мен мүдделі адамдарға талап қою жөніндегі іс жүргізу тәртібімен сотқа жүгіну құқығын түсіндіреді.
304-бап. Істі соттың талқылауына дайындау

Судья осы Кодекстің 165-бабында көзделген тәртіппен осы Кодекстің 31-тарауында белгіленген ерекшеліктерімен қоса сот арызды іс жүргізуіне қабылдап алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде істі соттың талқылауына дайындауды жүргізеді. Бұл мерзімді ұзартуға жол берілмейді.


32-тарау. ЗАҢДЫҚ МАҢЫЗЫ БАР ФАКТІЛЕРДІ АНЫҚТАУ
305-бап. Заңдық маңызы бар фактілерді анықтау туралы істер

1. Сот азаматтардың немесе заңды тұлғалардың жеке не мүліктік құқықтарының туындауына, өзгеруіне немесе тоқтатылуына байланысты болатын фактілерді анықтайды.

2. Сот мынадай фактілерді:

1) адамдардың туыстық қатынастарын;

2) адамның біреудің асырауында болуын;

3) тууды, бала асырап алуды, некеге тұруды, ажырасуды және қайтыс болуды тіркеуді;

4) әке болуды тануды;

5) құқық белгілейтін құжаттардың (әскери құжаттарды, паспорттарды, жеке куәліктерді және азаматтық хал актілерін жазу органдары беретін куәліктерді қоспағанда) құжатта көрсетілген аты, әкесінің аты немесе тегі осы адамның паспорты немесе жеке куәлігі немесе туу туралы куәлігі бойынша атына, әкесінің атына немесе тегіне сәйкес келмейтін адамға тиесілі екендігін;

6) егер құқық белгілейтін құжат жоғалған және оны өзгеше тәртіппен қалпына келтіру мүмкін болмаған жағдайда жылжымайтын мүлік объектілерін иелену және пайдалану;

7) егер жазатайым жағдайды өзгеше тәртіппен растау мүмкін болмаса, жазатайым жағдайды;

8) азаматтық хал актілерін жазу органдары қайтыс болуды тіркеуден бас тартқан жағдайда, адамның белгілі бір уақытта белгілі бір мән-жайларда қайтыс болуын;

9) егер нотариаттық әрекет жасайтын адам мұрагерлік мүлікті иелену үшін күшіне ену фактісін растауға қажетті тиісті құжаттардың болмауына немесе жеткіліксіздігіне байланысты мұраға құқық туралы куәлікті арыз берушіге бере алмаса, мұрагерлікті қабылдау және мұрагерліктің ашылу орнын анықтау туралы істерді қарайды.

3. Егер заңнамада басқа заңдық маңызы бар фактілерді анықтаудың өзгеше тәртібі көзделмесе, оларды сот анықтайды.
306-бап. Заңдық маңызы бар фактілерді анықтауға қажетті шарттар

Сот арыз берушінің заңдық маңызы бар фактілерді куәландыратын тиісті құжаттарды өзге тәртіппен алуы мүмкін болмаған кезде не жоғалған құжаттарды қалпына келтіруі мүмкін болмаған кезде ғана осы фактілерді анықтайды.


307-бап. Арыз беру

Жылжымайтын мүліктің орналасқан орны бойынша сотқа берілетін заңдық маңызы бар фактілерді анықтау туралы істер бойынша арыз, жылжымайтын мүлікті меншік, шаруашылық жүргізу, жедел басқару құқығында иелену, пайдалану және (немесе) оған иелік ету фактісін қоспағанда, арыз берушінің тұрғылықты жері бойынша сотқа беріледі.


308-бап. Арыздың мазмұны

Арызда арыз берушінің осы фактіні қандай мақсатпен анықтауы қажет екендігі көрсетілуге тиіс, сондай-ақ арыз берушінің тиісті құжаттарды алуы мүмкін еместігін не жоғалған құжаттарды қалпына келтіруі мүмкін еместігін растайтын дәлелдемелер келтірілуге тиіс.


309-бап. Соттың арыз бойынша шешімі

Заңдық маңызы бар фактіні анықтау туралы соттың шешімі, егер мұндай құқық осы органдар беретін құжаттарды ауыстырмай, тіркелуге жататын болса, тиісті құқықты мемлекеттік тіркеуге және тиісті құжаттарды беруге негіз болып табылады.


33-тарау. БАЛА АСЫРАП АЛУ ТУРАЛЫ АРЫЗДАР БОЙЫНША

ІС ЖҮРГІЗУ


310-бап. Арыз беру

Жасы кәмелетке толмаған баланы асырап алу (бұдан әрi - асырап алу) туралы арызды бала асырап алуға тілек білдірген азаматтар баланың тұрғылықты (тұратын) жерiндегi кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотқа осы Кодекстің 3-тарауында белгіленген соттылық ережелері бойынша бередi.


311-бап. Арыздың мазмұны

Бала асырап алу туралы арызда:

1) бала асырап алушылардың (асырап алушының) тегі, аты, әкесінің аты, олардың тұрғылықты жері;

2) асырап алынатын баланың тегі, аты, әкесінің аты және туған күні, айы, жылы, оның тұрғылықты (тұратын) жері, асырап алынатын баланың ата-аналары, аға-інілері мен апа-қарындастарының бар-жоғы туралы мәліметтер;

3) бала асырап алушылардың (асырап алушының) бала асырап алу туралы өтінішін негіздейтін мән-жайлар және осы мән-жайларды растайтын дәлелдемелер;

4) бала асырап алушылар (асырап алушы) баланың туу туралы акті жазбасына тиісті өзгерістер енгізуге тілек білдірген кезде, асырап алынатын баланың тегін, атын, әкесінің атын, оның туған күнін, айын, жылын, асырап алынатын баланың туған жерін өзгерту туралы, баланың туу туралы акті жазбасына бала асырап алушыларды (асырап алушыны) ата-аналар (ата-ана) ретінде жазу туралы өтініш көрсетілуге тиіс.


312-бап. Бала асырап алу туралы арызға қоса берілетін құжаттар

Асырап алу туралы арызға:

1) некеде тұрған адамдардың (адамның) баланы асырап алуы кезінде – бала асырап алушылардың (асырап алушының) неке туралы куәлігінің көшірмесі;

2) баланы ерлі-зайыптылардың біреуі асырап алған кезде – екінші жұбайының келісімі немесе ерлі-зайыптылардың отбасылық қарым-қатынастарын тоқтатқанын дәлелдейтін құжат. Арызға тиісті құжатты қоса беру мүмкін болмаған кезде арызда осы фактілерді растайтын дәлелдемелер көрсетілуге тиіс;

3) бала асырап алушылардың (асырап алушының) денсаулық жағдайы туралы медициналық қорытынды;

4) атқаратын қызметі және жалақысы туралы жұмыс орнынан анықтама не табысы туралы өзге құжат;

5) тұрғын үй-жайды пайдалану немесе тұрғын-үй жайға меншік құқығын растайтын құжат;

6) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көрсетілген өзге де құжаттар қоса берілуге тиіс.
313-бап. Істі сот талқылауына дайындау

1. Судья істі соттың талқылауына дайындау кезінде асырап алынатын баланың тұрғылықты (тұрған) жері бойынша қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органдарды бала асырап алудың негізділігі туралы және баланың мүддесіне сәйкестігі туралы комиссия қорытындысының негізінде асырап алуға беру туралы рұқсатты сотқа беруді міндеттейді.

2. Қорғаншылық және қамқоршылық органдарының қорытындысына:

1) асырап алынатын баланың тұрғылықты жері немесе тұрған жері бойынша не бала асырап алушылардың (асырап алушының) тұрғылықты жері бойынша қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияны жүзеге асыратын орган жасаған бала асырап алушылардың (асырап алушының) тұрмыс жағдайларын тексеру актісі;

2) асырап алынатын баланың туу туралы куәлігі;

3) асырап алынатын баланың денсаулық жағдайы, дене бітімінің және ақыл-ойының дамуы туралы медициналық қорытынды;

4) он жасқа толған асырап алынатын баланың асырап алуға, сондай-ақ оның атын, әкесінің атын, тегін өзгертуге мүмкіндік беруге және асырап алушыларды (асырап алушыны) оның ата-анасы ретінде жазуға келісімі (егер мұндай келісім Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес талап етілмейтін жағдайларды қоспағанда);

5) «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының кодексінде көрсетілген жағдайларды қоспағанда, он алты жасқа толмаған ата-аналардың баласын асырап алуға келісімі, сондай-ақ олардың заңды өкілдерінің келісімі, ал заңды өкілдері болмаған кезде қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияны жүзеге асыратын органның келісімі;

6) баланың қорғаншысының немесе қамқоршысының, патронат тәрбиешінің немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала тұратын білім беру, медициналық және басқа да ұйымдар басшысының баланы асырап алуға келісімі;

7) Қазақстан Республикасынан тыс жерде тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдіктер баланы асырап алу кезінде балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органда орталықтандырылған есепте тұру фактісін растайтын құжат, сондай-ақ балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органның осы баланы бірінші кезекте асырап алуға олардың азаматтығы мен тұрғылықты жеріне қарамастан, туысқандарының не Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтарын іске асырғанын растайтын құжаттар қоса берілуге тиіс.

3. Сот қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияны жүзеге асыратын органдардан бастапқы, өңірлік, орталықтандырылған есепте тұрған, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жетім балалар туралы ақпаратты жазбаша сұрау салу негізінде сұратып алады.

4. Сот қажет болған кезде өзге де құжаттарды сұратуы мүмкін.


314-бап. Арыздарды қарау

Баланы асырап алу туралы істерді сот баланы асырап алушылардың (асырап алушының) өздерінің, қорғаншылық және қамқоршылық жөніндегі функцияны жүзеге асыратын орган өкілдерінің, сондай-ақ прокурордың міндетті түрде қатысуымен қарайды.

Қажет болған жағдайларда сот асырап алынатын баланың ата-аналарын (ата-анасын) немесе өзге де заңды өкілдерін, оның туысқандарын және басқа да мүдделі адамдарды, сондай-ақ он жасқа толған баланың өзін іске қатысуға тарта алады.

Сот баланы асырап алу туралы істерді жабық сот отырысында қарайды.


315-бап. Соттың арыз бойынша шешімі

Бала асырап алу туралы арызды қарай отырып, сот арызды қанағаттандыру не оны қанағаттандырудан толық бас тарту немесе бала асырап алушылардың (асырап алушының) өздерін баланың ата-аналары (ата-анасы) ретінде оның тууы туралы акт жазбасына жазу туралы, сондай-ақ баланың туған күнін, айын, жылын және туған жерін өзгерту туралы өтінішін қанағаттандыру бөлігінде бас тарту туралы шешім шығарады.

Бала асырап алу туралы арыз қанағаттандырылған кезде бала асырап алушылардың (асырап алушының) және асырап алынған баланың өзара құқықтары мен мiндеттерi сот шешiмi заңды күшiне енген күннен бастап туындайды.

Сот шешімінен үзінді көшірме баланы асырап алуды мемлекеттiк тiркеу үшiн соттың орналасқан жері бойынша азаматтық хал актiлерiн жазу органына, сондай-ақ қорғаншылық және қамқоршылық жөніндегі функцияны жүзеге асыратын органға шешім заңды күшіне енген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде жiберiледi.


316-бап. Бала асырап алудың күшін жою

Бала асырап алудың күшін жою туралы істерді қарау және шешу талап қою іс жүргізу ережелері бойынша жүзеге асырылады.


34-тарау. АЗАМАТТЫ ХАБАРСЫЗ КЕТТІ ДЕП ТАНУ НЕМЕСЕ ҚАЙТЫС БОЛДЫ ДЕП ЖАРИЯЛАУ ТУРАЛЫ ІС ЖҮРГІЗУ
317-бап. Арыз беру

1. Азаматты хабарсыз кетті деп тану туралы немесе азаматты қайтыс болды деп жариялау туралы арыз оны берушінің тұрғылықты жеріндегі не хабарсыз кеткен азаматтың соңғы мәлім болған тұрғылықты жеріндегі сотқа беріледі.

2. Азаматты хабарсыз кетті деп тану немесе азаматты қайтыс болды деп жариялау туралы іс оның отбасы мүшелерінің, прокурордың, қоғамдық бірлестіктердің, қорғаншылық және қамқоршылық органы мен басқа да мүдделі адамдардың арызы бойынша басталуы мүмкін.
318-бап. Арыздың мазмұны

Арызда оны берушіге азаматты хабарсыз кетті деп тану немесе оны қайтыс болды деп жариялау қандай мақсат үшін қажет екендігі көрсетілуге тиіс, сондай-ақ азаматтың хабарсыз кетуін растайтын мән-жайлар не хабарсыз кеткен адамның қаза табу қаупін төндірген немесе оны белгілі бір жазатайым жағдайдан қайтыс болды деп жорамалдауға негіз болатын мән-жайлар айтылуға тиіс. Әскери қызметшілерге немесе соғыс қимылдарына байланысты хабарсыз кеткен өзге де азаматтарға қатысты арызда соғыс қимылдарының аяқталған күні көрсетіледі.


319-бап. Істі сот талқылауына дайындау

1. Судья істі сот талқылауына дайындау кезінде қандай адамдардың жоқ адам туралы мәлімет бере алатынын анықтайды, сондай-ақ жоқ адам туралы соңғы мәлім болған тұрғылықты жері және жұмыс орны бойынша тиісті ұйымдардан, ішкі істер органдарынан, әскери бөлімдерден ол туралы бар мәліметтерді сұратады.

2. Судья істі сот талқылауына дайындау туралы ұйғарымда арыз берушінің есебінен бұқаралық ақпарат құралдарында (аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі, Интернет желісінде, теледидарда) азаматты хабарсыз кетті деп тану немесе азаматты қайтыс болды деп жариялау туралы іс қозғалғаны туралы жарияланым беруге міндеттейді.

Жарияланым сот белгілеген мерзімде жүргізіледі және:

1) азаматты хабарсыз кетті деп тану немесе қайтыс болды деп жариялау туралы арыз келіп түскен соттың атауын;

2) арыз берушінің аты-жөнін және оның тұрғылықты жерін (егер арыз заңды тұлғадан келіп түссе, орналасқан жерін);

3) жоғалып кеткен адамның тегін, атын, әкесінің атын, туған жері мен соңғы жұмыс орнын;

4) азаматтың жүрген жері туралы мәліметтері бар адамдарға жарияланым берілген күннен бастап үш ай мерзімде сотқа бұл туралы хабарлауды ұсынуды қамтуға тиіс.

3. Арыз беруші бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланым туралы растауды орналастырылған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей сотқа ұсынуға міндетті. Жарияланым туралы растауды ұсынбау арызды қараусыз қалдыруға әкеп соғады.

Судья қамқоршылық немесе қорғаншылық жөніндегі функцияны жүзеге асыратын органға жоғалып кеткен азаматтың мүлкін күзету және басқару үшін қамқоршы тағайындауды ұсына алады.


320-бап. Прокурордың қатысу міндеттілігі

Азаматты хабарсыз кеткен деп тану туралы немесе азаматты қайтыс болған деп жариялау туралы істерді сот міндетті түрде прокурордың қатысуымен қарайды.


321-бап. Сот шешімінің салдары

1. Азаматты хабарсыз кетті деп таныған сот шешімі қамқоршылық немесе қорғаншылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның хабарсыз кеткен азаматтың мүлкіне оның орналасқан жері бойынша қамқоршы тағайындауына негіз болып табылады.

2. Азаматты қайтыс болды деп жариялаған сот шешімі азаматтық хал актілерін жазу органының адамның қайтыс болуы туралы жазбаны азаматтық хал актілерін тіркеу кітабына енгізуіне негіз болып табылады.

Қайтыс болды деп жарияланған азаматтың мүлкіне қатысты мұра сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап ашық деп есептеледі.


322-бап. Сот шешімімен хабарсыз кетті деп танылған немесе қайтыс болды деп жарияланған азаматтың келуі немесе жүрген жерін анықтаудың салдары

1. Сот шешімімен хабарсыз кетті деп танылған немесе қайтыс болды деп жарияланған азамат келген немесе оның жүрген жері анықталған жағдайда бірінші сатыдағы сот жаңа шешіммен өзінің бұрын шығарған шешімінің күшін жояды. Бұл шешім хабарсыз кетті деп танылған азаматтың мүлкіне қамқоршылық жасауды тоқтату және қайтыс болды деп жарияланған адамның қайтыс болуы туралы азаматтық хал актілерін тіркеу кітабындағы жазбаны жою үшін негіз болып табылады.

2. Азаматты хабарсыз кетті деп тану туралы немесе оны қайтыс болды деп жариялау туралы сот шешімінің күшін жою аталған тұлғалардың мүліктік құқықтарын қалпына келтіру үшін негіз болып табылады.
35-тарау. АЗАМАТТЫҢ



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   21




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет