Қазақстан Республикасының білім және ғылым министірлігі


Оңтүстік қара топырақты ылғалдылығы жеткіліксіз дала аймақшасы



бет3/6
Дата13.06.2016
өлшемі1.23 Mb.
#131538
1   2   3   4   5   6

Оңтүстік қара топырақты ылғалдылығы жеткіліксіз дала аймақшасы солтүстік ендіктің 52030/-53030/ бойында орналасқан.Аймақшаның ауданы 13,4 млн.га. Ол Қостанай, Ақмола облыстарының орталық және солтүстік бөліктерін, Павлодар, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарының қиыр солтүстігінде таралған.

Топырақ түзуші тау жыныстары жазықтық жерлерде төрттік дәуірдің карбонатты балшықтары мен лесс тәрізді саздақтары. Батыстағы Орал үстіртінде және Көкшетау қыратында элювиалды, элювиалды-делювиалды қиыршық тасты саздақтар мен балшықтар. Ойпатты алқаптарда палеоген-неоген дәуірінің сортаң балшықтары.

Ауа райының қуаңшылығы бұл аймақшада арта түседі. Жыл ішінде түсетін жауын-шашын мөлшері орташа есеппен алғанда 250-300 мм-ден аспайды, оның 150-180 мм жылы мезгілде жауады.Ауаның пәрменді температурасының қосындысы 2250-24500С.

Табиғи өсімдіктер дүниесі ылғалдылығы жеткілікті дала аймақшасына қарағанда кедейлеу дамыған болып келеді. Негізінен бұл аймақшада аралас шөпті бозды дала өсімдіктері дамыған. Табиғи өсімдік дүниесі сирек сақталған, өйткені аймақшаның топырақтары түгелдей дерлік жыртылып егістік алқаптарға айналған.

Аймақшада негізінен оңтүстік қара топырағы дамыған. Ол аймақшаның жер ауданының 65% алып жатыр. Топырақ жамылғысының құрылымында кездесетін топырақтар келесідей:оңтүстік қара топырағымен кебір топырақтар кешенді жиынтығы 22%, жартылай гидроморфты және гидроморфты топырқтар-10%, кебірлермен сор топырақтар аймақшаның жер ауданының 3%, құрайды.

Осы аймақшада егіншілік шаруашылығымен ет-сүт өндіретін мал шаруашылығы жақсы дамыған.



Қара-қоңыр топырақты құрғақ дала және шөл дала (шөлейт) аймағы еліміздің жалпы жер ауданының 38,6% алады.Ауданы 90,4 млн.га. Ол 48 және 520 солтүстік ендіктер аралығында орналасқан. Бұл аймақ Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Павлодар, Қарағанды облыстарының көп жерін, Қостанай, Ақмола, Шығыс Қазақстан облыстарының бірталай жерін алып жатыр.

Топырақ түзуші экологиялық факторлардың кейбір өзгешеліктерінің болуына байланысты аймақ үш аймақшаға бөлінеді. Олар: күңгірт қара қоңыр топырақты құрғақтау дала; нағыз қара қоңыр топырақты құрғақ дала; ашық қара-қоңыр топырақты шөл дала (шөлейт).



Күңгірт қара-қоңыр топырақты құрғақтау дала аймақша аймақтың солтүстік бөлігінде орналасқан. Ауданы 27,7 млн.га.

Аймақшаның батыс бөлігіндегі Жалпы Сырт, Орал және Торғай үстірттерінің жонды адырлы-бұдырлы жазықтарында аналық тау жыныстары карбонатты балшықтар мен лесс тәрізді саздақтар болып келеді.Сарыарқа төңірегінде аналық тау жыныстары элювиалды-делювиалды шеміршекті тастақ саздақтар мен құмдақ, кейде гипсі бар балшықтар, ал Ертіс өңірі жазықтығында-көне дәуірдің құмы, құмдағы және жеңіл саздағы.

Ауа райы бұл аймақшада құрғақ және күрт континенталды. Қысы аз қарлы, суық, жазы құрғақ, жылы. Жыл ішінде 240-280 мм жауын-шашын түседі, оның 55-60 % жылы мезгілде жауады. Ылғалдың булануы жауын-шашын мөлшерінен 4 есе көп. Жазда құрғақшылық және аңызғақ құбылыстары жиі байқалады. Ауаның пәрменді температура қосындысы 2300-26500. Гидротермиялық коэффициент 0,5-0,7, ылғалдылық коэффициенті 0,3-0,35.

Табиғи өсімдік дүниесі ксерофитті астық тұқымдас және шамалы мөлшерде тараған аралас шөптерден құралған ( боз, бетеге, қазтабан, келлерия т.б.). Баянауылдың аласа таулы өңірінде және Наурзым-Аманқарағай аңғарларында қарағайлы, қайыңды-қарағайлы ормандар кездеседі.

Топырақ жамылғысының негізін күңгірт қара-қоңыр топырақ құрайды. Ол аймақша ауданының 50%-дан артық жерінде кездеседі. Сонымен бірге сорланған, кебірленген топырақтар да жиі тараған. Олар топырақ жамылғысы құрылымының 40% қамтиды. Аймақшада астық және мал шаруашылығы өнімдерін өндіру дамыған.

Нағыз қара-қоңыр топырақты құрғақ дала аймақшасы сипатталып отырған аймақтың орта бөлігінде орналасқан. Қазақстанның Батыс бөлігінде аймақшаның ені 40-100км болса, Шығысында ол 150-225 км-ге дейін жетеді. Бұл аймақша Каспий маңы ойпатының, Орал үстіртінің, Мұғалжар аласа тауларының, Торғай үстіртінің, Сарыарқаның және Ертіс өңірі жазықтығының біраз бөлігін қамтиды. Аймақшаның ауданы 24,3 млн.га. Литологиялық-геоморфологиялық құрылысы топырақ түзуші тау жыныстары күңгірт қара-қоңыр топырақ аймақшасына ұқсас. Климатының континенталдығы және құрғақшылығы артып, өсімдік дүниесі кедейлене түседі. Бір жылда түсетін жауын-шашын мөлшері 230-250 мм, оның 70% жылы мезгілде түседі. Ауаның 100С асатын температуасының қосындысын 2500-29000. Гидротермиялық коэффициент 0,4-0,6, ылғалдану коэффициенті 0,3 шамасында. Қуаңшылықтың байқалуы елу процент болады.

Табиғи өсімдік дүниесі жусанды-бетегелі-бозды шөптер тобынан құралған. Ертіс өңірі жазықтығының құмдарында жолақтық-қарағайлы ормандар қалыптасқан.

Аймақшаның негізгі топырағы нағыз қара-қоңыр топырақ.Ол аймақша ауданының 50 % алып жатыр. Сонымен бірге нағыз қара-қоңыр топырақтың кебірлермен жиынтығыда мол тараған. Олар топырақ жамылғысының 40% құрайды. Ойпатты және сорланған аналық тау жыныстары бар жерлерде шалғынды нағыз қара-қоңыр топырақтар, кебірлер мен сор топырақтар кездеседі.

Аймақшада мал шаруашылығы мен және егіншілікпен айналысу мүмкіндігі бар.



Ашық қара-қоңыр топырақты шөл дала аймақшасы

47030/-50030/ солтүстік ендіктер аралығында орналасқан. Ауданы 38,4 млн га. Батысында Каспий маңы ойпатының солтүстігінен басталып шығысында Алтай және Тарбағатай таулары бөктерлеріне дейін созылып жатыр.

Каспий маңы ойпатының жер бедері аллювиальді теңіз жазықтары, ал топырақ жүзуші тау жыныстары сорланған балшықтар және ауыр саздақтар. Орал және Торғай үстірттері маңының жер бедері адырлы-бұдырлы жазықтықтар және аңғарлармен сайлардан құралған. Аналық тау жыныстары карбонатты балшықтар және саздақтар. Сарыарқа төңірегінде бұдырлы жазықтықтар мен ұсақ шоқылар және аласа таулар орналасқан. Аналық тау жыныстары элювиалды – делювалды шеміршекті, қиыршық тасты саздақтар, кейде құмдақтар.

Климатының континентальдылығы батыстан шығысқа қарай арта түседі. Ауадан түсетін ылғал жылына орташа есеппен 180-210 мм. Ауаның пәрменді температурасы қосындысы 2600-31000. Ылғылдану коэффиценті 0,2-0,3.

Өсімдік дүниесі негізінен жусанды – бетегелі шөптер тобынан құралған. Олармен қатар шамалы түрде қараған, баданалы қоңырбас, бәйшешек кездеседі.

Топырақ жамылғысы негізінен кебірленген ашық қара-қоңыр топырақтармен кебірлерден тұратын кешендерден құралған.Ойпатты жерлерде шалғынды, шалғынды-қара-қоңыр, кебір және сор топырақтар кездеседі. Топырақ жамылғысы құрылымы ауданының 63,3 % ашық қара-қоңыр топырақ, 20,2 % кебірлер, 5,2 %-жартылай гидроморфты, 4,0 % гидроморфты, 1,6 %-сор топырақтар және 1,2 %- құмдар алып жатыр.

Аймақшада қуаншылық жағдай аса дамығандықтан дәнді-дақылдар өнімділігі өте төмен. Сондықтан бұл аймақшада мал шаруашылығын дамыту басты бағыт болуы тиіс.

Құба топырақты шөл аймағы солтүстік жарты шардың 410-480 (кей ауданда 490) ендіктері аралығында орналасқан. Ол батыстан шығысқа дейін 2800 км-ге, ал солтүстіктен оңтүстікке қарай 850 км-ге созылған кең өңірді алып жатыр. Ауданы 119,4 млн.га, немесе республика жер ауданының 43,8% құрайды.

Бұл аймақ Атырау, Манғыстау, Қызылорда облыстарының түгел жерін, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қарағанды, Шығыс-Қазақстан облыстарының біраз жерін, Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарының басым көпшілік жерлерін алып жатыр. Аймақ құба топырақты солтүстік шөл және сұр-құба топырақты орталық шөл аймақшаларына бөлінеді.



Құба топырақты солтүстік шөл аймақшасы 57,4 млн.га жерге орналасқан. Ол Каспий маңы ойпатының және Орал үстіртінің оңтүстік бөлігін, Манғыстаудың біраз бөлігін, Сарыарқаның оңтүстік беткейін алып жатыр.

Топырақ түзіуші тау жыныстары Каспий маңы ойпатында лесске ұқсас саздақтар, сорланған аллювиальды көл шөгінділері және құм мен құмды-балшықты көне дәуірдің аллювий шөгінділері. Сарыарқа төңірегінде құба - сары карбонатты лесске ұқсас саздақтар және үштік кезеңнің алапес сорланған шөгінділері. Гранулометриялық құрамы жеңіл шөгінділер де көп тараған.

Аймақшада атмосферадан түсетін ылғал өте аз. Жылына түсетін ылғалдың мөлшері 130-170 мм, және оның түсуі ерте көктем мен күздің аяғында байқалады. Буланғыштық түсетін ылғал мөлшерінен 10-12 есе көп. Ауаның пәрменді температурасының қосындысы 3100-39000. Осындай климаттық жағдайдың әсерінен топырақта ылғалдың өте тапшылығы байқалады. Топырақта өсімдіктердің, микроорганизмдердің тіршілігінің екі тыныштық кезеңі өтеді, оның біріншісі қыстың суық, екіншісі жаздың құрғақ кезеңі.

Аймақшада өсетін өсімдіктер де ауа райының осындай қысымшылығына бейімделген. Олар сирек өскен жусанды – сораң және жусан шөптер тобы өсімдік жамылғысынан құралған.Олардың топыраққа қалдыратын қалдықтары шамалы.Жоғарыда келтірілген топырақ түзілуінің экологиялық жағдайына байланысты қарашірігі аз, түсі бозғылт тартқан, аналық тау жынысының түсіне ұқсас құба топырақтар түзілген.

Топырақ жамылғысы құрылымның 53% құба топырақтар, 15%-кебірлер, 14,9% құмдар, 8% сор және 5% гидроморфты топырақтар құрайды.

Сұр-құба топырақты орталық шөл аймақшасы батысында Каспий теңізі жағалауынан (Маңғыстау үстіртінен) басталып шығысында Балқаш – Алакөл ойпатына дейін созылған кең алқапты алады. Оның ауданы 61,8 млн. га. Аймақшаның басым бөлігі аллювиальді-жазықтықтарда, біраз бөлігі Манғыстау, Үстірт, Бетпақдала көтеріңкі жазықтықтарында (үстірттерде) орналасқан. Аналық тау жыныстары саздақты, саздақты – қиыршықты, құмдақты, құмды шөгінділер. Олардың құрамына карбонаттар және гипс жиналған.

Климаттың құрғақшылығы және континентальдылығы, құба топырақты шөл аймақшасына қарағанда арта түседі. Жылына 120-150 мм жауын-шашын түседі, оның негізгі бөлігі көктемде байқалады. Ауаның пәрменді температурасының қосындысы 3450-40000. Гидротермиялық коэффициент 0,1-0,3, ылғалдылық коэффициенті 0,2-ден аз.

Өсімдік жамылғысы жусанды-сораң, және сораң өсімдіктер тобынан құралған, сонымен бірге аздап эфемер өсімдіктерде кездеседі. Бұлардың органикалық заттар түзуі мардымсыз болып келеді.

Топырақ жамылғысы құрылымында сұр-құба топырақ 44,6%, құм және құмды шөл топырағы-30,2, тақырлар мен тақырлау топырақтар-11,0, кебірлер мен сорлар-8 және гидроморфты топырақтар 6 % үлес алады.

Құба және сұр-құба топырақты шөл аймағында мал шаруашылығын дамытуға жағдай бар. Егін шаруашылығы өзен аңғарларында суармалы егістік ретінде шамалы дамыған
Таулы алқаптар топырақтары Қазақстанның онтүстік және онтүстік шығысында 40-500 солтүстік ендіктер аралығында 2500 км-ге созылып орналасқан. Аумағы 37 млн.га немесе республика жер аумағының 13,6% (К.Ш.Фаизов ж.б.,2001). Шығыс Қазақстанда Алтай таулары, Алматы облысында Жоңар және Іле Алатаулары, Жамбыл облысында Қырғыз Алатауы, Оңтүстік Қазақстан облысында Қазығұрт пен Қаратау таулары орналасқан.

Таулы аймақтың ерекшелігі-топырақтардың тік (биіктік) аймақтық таралуы заңдылығына сәйкес тау беткейлерінде белдеулене орналасуы болып табылады. Тау етегінен беткеймен жоғары көтерілген сайын, климаты мен өсімдік жамылғысы өзгеруіне байланысты топырақ жамылғысыда өзгеріп отырады.Таулы алқаптар топырақтарына қысқаша сипаттама беру үшін белдеулік аймақтар түгел кездесетін Іле Алатауын мысалға алып қарастыру ыңғайлы (Бигалиев А., ж.т.б.,1995).

Таулы алқаптардың етегінде ені әр жерде әр түрлі болып келетін тау етегіндегі шөлді дала аймағы орналасады. Жазықтағы шөлді дала аймақшасына қарағанда тау етектерінде жатқандықтан бұл аймақта ылғал мөлшері молырақ болады. Жылдық ылғалдың түсуі 250-360 мм-ге жетеді. Ылғал көбінесе жылдың көктемгі және қысқы айларында түседі. Бұл аймақтың топырағы негізінен боз топырақтар. Таудан алыс жерлерде ашық түсті боз топырақтар, одан кейін тауға жақындау нағыз боз топырақтар, ал тауға ең жақын күңгірт түсті боз топырақтар және ашық қара қоңыр топырақтар орналасады. Осы аймақта қысқы және көктемгі ылғалды дұрыс пайдаланып, күздік және жаздық бидай, арпа өсіріледі. Сонымен бірге суармалы егістіктер қолданылып, онда мақта, қант қызылшасы, жүгері, көкөністер, бау-бақша ағаштары, жүзім өсіріледі.

Тау етегі шөлді дала аймағынан биігірек алқапта аласа таулы дала аймағы басталады. Жыл ішінде түсетін ылғал мөлшері біршама жақсарып 460-780 мм-ге жетеді. Ауа температурасының пәрменді жылу қосындысы 2500-31000 болады. Жердің биіктігі өсуіне байланысты ылғал мөлшерінің артуы және ауа температурасының жеткілікті болуы әсерінен шөптесін өсімдіктердің өніп-өсуі жақсарады. Сондықтан бұл аймақта қара-қоңыр және қара топырақ дамып, таралған. Бұл аймақта суарылмайтын егістік жер қолданылады. Жер бедері тегістеу жерлерде көбінесе астықты дақылдар, ал көлбеулігі көп, жыралы-сайлы жерлері жақсы мал жайылымдары ретінде пайдаланылады. Жеміс ағаштары мол өнім береді. (А.Бигалиев, ж.т.б., 1995).


Аласа таулы дала аймағынан биігірек орташа-таулы орманды-дала және орманды белдеу орналасқан. Бұл аймақта жылдық жауын-шашын мөлшері тағыда ұлғайып 840-880мм-ге дейін өседі, бірақ ауа температурасының салқындауы байқалады. Ауаның пәрменді температурасыныың мөлшері 860-8800-қа дейін төмендейді. Бұл белдеуде қара топырақ және күңгірт қара-сұр орманның топырағы қалыптасқан. Жер бедері күрделі болып және ауа райының суықтығына байланысты егін шаруашылығы аз дамыған. Жері, негізінен, жазғы жайлау мен шабындыққа қолайлы болып келеді.

Биік таулы-шалғынды және шалғынды дала белдеуі Іле Алатауында (Солтүстік Тянь-Шань жотасы) 2800-3800м биіктікте орналасқан. Бұл белдеуде альпілік және субальпілік шалғынды өсімдік жамылғысы дамыған. Осы шалғындар астында таудың шалғынды және таудың шалғынды далалық топырақтары қалыптасады.Бұлар таулы өлкенің, жазықтық жерде кездеспейтін, ерекше топырағы.Бұл белдеудің климаты салқын. Ауаның жылдық орташа температурасы 0,8-1,00С, жыл ішінде ауаның 100-тан жоғары температурасы бар күндер саны 57-60. Бір жылда түсетін ылғал мөлшері 730-750 мм. Негізінен бұл белдеу ұсақ малдардың жазғы өрісі-жайлауы ретінде пайдаланылады.


3. Қазақстаның жазықтық жерінің топырақтары
3.1. Ормандық сұр топырақ

Солтүстік Қазақстан облысының қиыр солтүстігіндегі орманды дала аймағында ормандық сұр топырақ кездеседі. Алып жатқан жер ауданы шамалы -76 мың га. Осы топырақтардың дамуына мерзімді шайылмалы су режимі ықпалын тигізеді. Аналық тау жыныстары жеңіл гранулометрлік құрамды болып келеді (құм, құмдақ және жеңіл саздақ).

Бұл топырақ көктеріңкі құрғақ жазықтар мен өзен аңғарларындағы ақ қайыңды – көк теректі және қарағайлы орман ішінде орманды –шалғынды аралас шөптер жамылғысы астында дамыған. Олардың өсімдік қалдықтарымен бірге топыраққа минералды элементтер және органиқалық заттардың мол мөлшері түседі.

Ормандық сұр топырақтың құрылысы және негізгі морфологиялық белгілері келесідей. Тың жерде оның үстінде Ад немесе Ао қабаты (дала немесе орман төсеніші) бар. Одан кейін орналасқан қаршірінді қабаты А1 – қарашірінділі және

А1 А2 – қарашірінділі – күлгінденген қабаттарға бөлінген.

Одан соң А2В ауыспалы қабат, ал оның астында иллювиалді В қабаты және аналық тау жынысы С орналасқан.

Ормандық сұр топырақтың А1 қабатының қалыңдығы 20-25 см, түсі біркелкі сұр немесе қара сұр, құрылымы әлсіз кесекті болып келеді. А1 А2 – қаршірінділі–күлгінденген қабаттың жаңғақты құрылымды түйіршіктері бетінде кремний тотығы себіндісі бар болып келеді. Бұл қабат біртіндеп А2 В – ауыспалы қабатқа айналады. Оның түсі сұрғыш қоңыр,жаңғақты құрылымды түйіршіктері бетінде кремний тотығы себіндісі бар. Иллювиальды В қабаты күрең түсті, құрылымы оның үстіңгі жағында ірі жанғақты, ал астына қарай призмалы болып келеді.Топырақтың астыңғы 150 см тереңдігіндегі қабатында ұзынша дақтар күйінде қарбонаттар жиналған. Бұл топырақтың ерекшеліктері: біріншіден, оның үстіңгі қабатындағы қарашіріндінің мөлшерінің астына қарай күрт кемуі, ал астыңғы қабаттарында біркелкі болып таралуы; екіншіден, оның үстіңгі қабаттарында кремний тотығы себіндісінің болуы және сіңіру кешені құрамында аздаған сутегі иондарының кездесуі әсерінен қарашірінді қабатының реакциясының қышқылдау болып қалыптасуы.

Ормандық сұр топырақ үш типшеге бөлінеді. Олар: ормандық ашық сұр топырақ; ормандық сұр топырақ және ормандық күңгірт сұр топырақ.

Күнгірт сұр топырақтың физикалық, химиялық қасиеттері, құнарлылығы ашық сұр және сұр топыраққа қарағанда жақсы болып келеді.

Қарашірінді мөлшері ормандық ашық сұр топырақтың үстіңгі қабатында 3-4%, сұр топырақта 4-6%, ал күңгірт сұр топырақта 6-7% болады.


3.2. Қ ара топырақ
Орманды дала және дала аймақтарында қара топырақ типі аймақтық топырақ болып қалыптасқан. Бұл топырақ Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола облыстарында кеңінен тараған, ал Павлодар, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында шамалы ауданды алады. Қара топырақты орманды дала және дала аймақтарының алып жатқан жер ауданы 25,8 млн. га.

Қара топырақ физикалық, химиялық қасиеттері және құнарлылығы жағынан ең бағалы топырақ. Сондықтан Қазақстанның астық шаруашылығы өндірісі осы топырақ аймағында жақсы дамыған.

Қара топырақ аралас шөпті және далалық шөптесін өсімдіктер жамылғысы астында түзіледі. Оның құрылысы келесідей: Тың жерде үстінде Ад – дала төсеніші (кигізі) қабаты болады. Оның астында өте жақсы дамыған А- қарашірінді жиналу қабаты, одан төмен В1 – қарашірінділі аралық қабат, одан кейін В2- қарашірінді тілдері қабаты, ал оның астында аналық тау жынысы орналасқан.

Қарашірінді жиналу қабаты (А) қара-сұр немесе қара түсті, дәнше, дәнше-кесекті құылымды болады, қалындығы 25-30 см-ге дейін жетеді. А+В1 қабаттарының қуаты 50-70 см-ге дейін болады.

Қарашірінділі аралық (В1) қабатының түсі біркелкі емес, жалпы қара-сұр түсті қабатта күрең түсті дақтар кездеседі. Қарашірінді тілдері (В2) қабаты үші төменге қарай бағытталған күңгірт түсті қарашірінді тілдері және ашық түсті үші жоғарыға қарай бағытталған тау жынысының сынашаларынан құралған. Қара топырақтың жалпы қалыңдығы 100-150 см-ге жетеді.

Қара топырақтың түзілуі (генезисі) туралы ғылыми дұрыс көзқарасты В. В. Докучаев «Орыстың қара топырағы» (1883) атты енбегінде толықтырып, дамытып, қорытындылады. Ол қара топырақтың түзілуін аналық тау жыныстарында қарашіріндінің жиналуын далалық шөптесін өсімдіктердің қалдықтарының ыдырауымен және климаттың, жердің геологиялық жасының, өсімдіктердің, жер бедерінің және аналық тау жыныстарының өзара тығыз қарым-қатынасының әсерімен байланыстырды. Ол климаттың өсімдік түрінің қалыптасуына, дамуына оның қалдықтарының ыдырауына үлкен әсері бар екенін атап көрсетті.

Қара топырақтың түзілуі туралы, оның құрамы және қасиеттері жөнінде үлкен ғылыми жұмыстарды орыс ғалымы П.А. Костычев атқарды. Ол «Россияның қара топырақты облыстары» (1886) атты еңбегінде, қара топырақтың түзілуіне басты әсер ететін биологиялық процесс екенін және қарашіріндінің жиналуына, топырақтың құрылымының қалыптасуына негізінен шөптесін өсімдіктердің тамырларының ыдырауы ықпал ететінін дәлелдеді.

Қазіргі кезде жиналған мағлұматтар қара топырақтың құралуының негізгі ерекшеліктерін терең түсінуге мүмкіндік береді. Қара топырақтың түзілуі шымдану процесінің әсерінен жүреді. Яғни топырақтың үстіңгі қабатында қарашіріндінің мөлшерінің артуы, оның қалыңдығының жақсы дамып жетілуі, өсімдіктерге қажет қоректік заттардың жиналуы және топырақтың құрылымының қалыптасуы байқалады.

Қара топырақты дала аймағында 1га жерге жылына 10-20т шөптесін өсімдіктер қалдықтары түседі (барлық биомассаның

40-60%) және оның 40-60% өсімдік тамырларынан құралады. Олардағы күл 7-8% болады, ал қылқанды жапырақты орман қалдықтарында күл 0,7-1,7%, жалпақ жапырақты орман қалдықтарында 1,6-7,5% болады. Сонымен бірге шалғынды – дала өсімдіктері қалдықтарында азоттың, кальцийдің және басқа элементтердің мөлшері мол болады. Сондықтан, қара топырақтың түзілуінің тағы да бір ерешелігі-топыраққа өсімдік қалдықтарымен азоттың және басқа да күлді элементтердің мол түсуі болып саналады.

Топырақта қарашіріндінің құралуы сілтілі ортада, оттегімен жақсы қамтамасыз етілген, қолайлы ылғылдылық көрсеткіші қалыптасқан, артық шайылуы жоқ жағдайда азоты және сілтілі элементтері мол өсімдік қалықтары ыдырауынан қарымталы жүреді. Осындай жағдай орманды дала және дала аймағында шөптесін өсімдік қалықтары ыдырағанда қалыптасады.

Қарашіріндінің түзілуіне қолайлы жағдай бұл аймақта көктемде және жаздың басында байқалады. Осы кезде топырақта күзгі, қысқы ылғалдың, қардың еріген суының ылғалы жеткілікті және топырақтың температурасы қолайлы болады. Ал жаздың ыстық айларында топырақ құрғап, микробиологиялық процестер әлсірейді, түзілген қарашірінді қосылыстары күрделілене түседі де қарашіріндінің минералдануы саябырлайды. Ал күзгі ылғалдан микробиологиялық процестердің пәрменділігі артуы байқалғанымен топырақ температурасының күзде тез салқындап кетуі және қыс айларындағы топырақтың қатуы қарашіріндінің ыдырауын тоқтатады.

Қара топырақты аймақтың шөптесін өсімдіктерінің қалдығында кальций элементінің мол болуына байланысты топырақта Са(НСО3)2 түрінде биогенді кальцийдің түзілуі байқалады. Сондықтан пайда болған қарашірінді қосылыстары кальциймен қаныққан болып, олардың суда ерігіш түрлерінің пайда болып, топырақтың төменгі қабаттарына шайылуын тежейді. Түзілген қарашірінді қосылыстары ішінде гумин қышқылдары басым келеді, ал бос фульвоқышқылдар шамалы және олардың өзі күрделі құрылысты болады. Қарашірінділену кезінде пайда болатын қарашірінді қышқылдары өсімдік қалдықтарынан бөлінетін негіздермен және топырақ ерітіндісіндегі кальциймен бейтараптанып, топырақтағы минералдардың ыдырауына пәрменді ықпал тигізбейді. Топырақ түзілуі барысында пайда болған органикалық заттар топырақ минералдарымен әрекеттесе отырып, тұрақты органо-минералды қосылыстар түзеді. Осы қосылыстар құрамында өсімдіктерге қажет азот, фосфор, күкірт, кальций элементтері шоғырланып бекиді. Сонымен бірге қуатты дамыған шалғынды-даланың шөптесін өсімдіктерінің тамыр жүйесі және кальций гуматтарының (гумин қышқылдарының кальций тұздары) топырақтың жақсы дамыған дәнше, дәнше-кесекті бағалы құрылымының қалыптасуына ықпалдарын тигізеді. Сөйтіп жоғарыда көрсетілген жағдайлардың ықпалы орманды дала және дала аймақтарында құнарлы қара топырақ типінің түзілуін қамтасыз етеді.


3.2.1. Қара топырақтың классификациясы
Қара топырақты жеке тип ретінде қарастырып бірінші рет оның классификациясын құруды қолға алған В.В. Докучаев (1896) болды. Одан кейін қара топырақты типшелерге бөлу жұмыстарын

Н.М. Сибирцев (1898, 1901) жалғастырды. Оның классификациясында қара топырақ солтүстік, нағыз, кәдімгі және оңтүстік типшелеріне бөлінеді. Қара топырақ классификациясын құруға С.И. Коржинский, Л.И. Прасолов, Н.Н. Розов, Е.Н. Иванова және т.б. ғылымдар қатынасты. Ұзақ жылдар бойы қара топырақты зерттеген мәліметтерді жинақтап талдап, қорытындылай келе қара топырақтың ТМД мемлекеттерінде қазіргі қолданып жүрген классификациясы жасалынды. Осы классификация бойынша қара топырақ келесідей типшелерге, тектерге және түрлерге бөлінді (3 кесте)


3-кесте

Қара топырақ классификациясы





Типшесі

Тегі

Түрі

Күлгінденген
Сілтісізденген

Нағыз
Кәдімгі


Оңтүстік

Кәдімгідей
Карбонатты

Кебірленген

Карбонатсыз
Тереңнен

қайнайтын

Тығыздалған

Шала дамыған

Әлсіз дамыған


А+В1 қабаттарының қуатына байланысты:

А+В1 > 120 см, өте қуатты

А+В1=80-120 см, қуатты

А+В1=40-80 см, орташа қуатты

А+В1= 25-40 см, әлсіз қуатты

А+В1<25 см, өте әлсіз қуатты


Қарашірінді мөлшеріне байланасты:

>9 %, мол қарашірінділі

6-9 %, орташа қарашірінділі

4-6 %, аз қарашірінділі



<4 %, өте аз қарашірінділі

Қара топырақ тегінің негізгі диагностикалық белгілерінің сипаттамасы келесідей.

Кәдімгідей текке жататын қара топырақтың морфологиялық белгілері және қасиеттері қара топырақтың типшесінің негізгі көрсеткіштеріне сәйкес болып келеді. Топырақтың толық атауын көрсеткенде бұл тектің атауы жазылмайды.

Карбонатты текке жататын қара топырақта оның үстіңгі А қарашірінділі қабатынан бастап карбонаттар кездеседі. Сондықтан ол НСl ертіндісінен топырақтың үстіңгі бетінен бастап «қайнайды».

Кебірленген текке жататын қара топырақтың В1 қабатының сініру кешенінде 5%-тен асатын натрий иондары бар және бұл қабат тығыздылған, майда тозаң бөлшектерге байытылған болып келеді.

Карбонатсыз текке кальций силикатына кедей аналық тау жыныстарында дамыған, топырақтың тік кескінінде карбонаттар жоқ, НСl ерітіндісінен қайнамайтын қара топырақтар жатады.

Тереңнен қайнайтын қара топырақ тегі жеңіл механикалық құрамды болып келеді, НСl ертіндісінен ВС немесе С қабатында «қайнайды», яғни кабонаттар топырақтың терең қабаттарында кездеседі.

Тығыздалған қара топырақ тегінің негізгі белгілері – оның тік кескінінің өте тығыздалған болып қалыптасуы; генетикалық қабаттарға әлсіз жіктелуі; топырақтың үстіңгі бетінен бастап карбонатты болуы, және В қабатының кебірленген болуы.

Шала дамыған қара топырақ тегі ұсақ шоқылы аудандарда кездеседі. Топырақтың 40-80см терендіктегі қабаттары тығыз негізгі тау жыныстарының үстіне, не солардың үгіндісіне орналасқан және генетикалық қабаттары қуатсыз, әлсіз дамып, кейде олар түгел қалыптаспаған болып келеді.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет