Дәріс №1-2. Информатика пәні, объектілері және құрама бөліктері
Дәріс мақсаты: Информатика ғылымы, оның негізгі түсініктері, объектілері және құрама бөліктері туралы ақпарат беру. Ақпарат, ақпаратты беру және қабылдау әдістері, түрлері, қасиеттері туралы мағлұмат беру.
Кілттік сөздер: информатика, ақпарат, ақпараттық процесс, ақпараттық модель, қоғамды ақпараттандыру, ақпарат, бит, байт.
Жоспары:
1. Информатика – ғылым
2. Информатиканың объектілері және құрама бөліктері
3. Ақпарат, түрлері, формалары және қасиеттері. Ақпаратты тасымалдауыштар
1 Информатика-ғылым
Информатика-ақпаратты жинау, өңдеу және тарату заңдарын, әдістері мен тәсілдерін компьютер және басқа техникалық құралдардың көмегімен іске асыратын ғылыми және қолданбалы білім саласы.
Информатика ақпараттық жүйелердің қасиеттерін, құрылымын және функциясын, сол сияқты оларда болып жатқан ақпараттық процестерді зерттейді. Ақпараттық жүйе деп ақпаратты ұйымдастыруға, сақтауға және өңдеуге арналған жүйені айтады. Информатиканы ғылым, технология, индустрия ретінде қарауға болады.
Информатика ғылым ретінде ақпараттық процестердегі ақпараттың әртүрлі аспектілі қасиеттерін қарастыратын, сонымен қатар компьютердің көмегімен оны өңдеу үшін қолданылатын алгоритмдік, математикалық және программалық құралдарды зерттейтін пәндердің тобын біріктіреді.
Информатика технология ретінде ақпаратты жинау, сақтау, өңдеу, тарату және пайдалану мақсатында ақпаратты компьютердің көмегімен түрлендіру процедуралар жүйесін қарастырады.
Жаңа ақпараттық технологияның негізгі белгілері мыналар:
«сыйластық» программалық және аппараттық интерфейс;
тапсырманы орындауға интерактивтік (диалогтік) режим;
мәліметтер қорының негізінде шешілетін тапсырмаларды орындау этаптарында тікелей ақпараттық көмек;
ақпараттық желі және телекоммуникация жүйесі негізінде тапсырманы көпшілік (ұжым) болып орындау мүмкіншілігі;
қағазсыз технология,яғни ақпаратты жеткізуші негізінен қағаз емес, электрондық құжат.
Информатика индустрия ретінде. Халық шаруашылығының салаларына қажетті ақпараттық ресурстармен қамтамасыз ететін саласының бірі инфрақұрылымдық сала– нформатика.
Информатиканың индустриясы мыналарды: есептеуіш техниканы өндіруші мекемені және оның элементтерін; әртүрлі типтегі есептеу орталықтары және олардың атқаратын қызметтері (жеке, ұжымдық қолдану); ақпараттық жүйелерді проектілеу және программалық құралдырды өндіруші мекеме, алгоритмдер мен программалар фондын жинақтаушы, таратушы және қызмет көрсетуші ұжымдарды; есептеуіш техникаларды жөндеуде техникалық қызмет көрсетуші станцияларды қамтиды.
Бүгінгі таңда дүние жүзінде информатика ғылымы қарқынды дамып келеді.Екі жыл сайын есептеуіш техникасының аппараттық және программалық жабдықтары ауысып отырады. Ғылымның және техниканың тарихында мұндай тез даму болмаған.
Достарыңызбен бөлісу: |