Қазақстан Республикасының Бюджет кодексi



бет7/17
Дата01.07.2016
өлшемі1.05 Mb.
#169862
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   17

12-тарау. БЮДЖЕТТI ӘЗIРЛЕУ

      64-бап. Бюджеттi әзiрлеу туралы жалпы ережелер

      1. Республикалық бюджеттi бюджеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган әлеуметтiк-экономикалық даму болжамын, мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi органның мемлекеттiк органдардың стратегиялық жоспарларын қарау нәтижелерi бойынша қорытындыларын ескере отырып, жыл сайын жоспарлы кезеңге әзiрлейдi.
      1-1. Жергiлiктi бюджеттердi мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi жергiлiктi уәкiлеттi органдар әлеуметтiк-экономикалық даму болжамын ескере отырып, жыл сайын жоспарлы кезеңге әзiрлейдi.
      2. Бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiлерiнiң, жергiлiктi атқарушы органдардың Қазақстан Республикасының Үкiметiне, мемлекеттiк және бюджеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi органдар мен мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi жергiлiктi уәкiлеттi органдарға бюджеттi жоспарлау немесе нақтылау процесiнен тыс бюджет шығыстарын ұлғайту туралы ұсыныстар енгiзуiне тыйым салынады.
      3. Республикалық бюджеттiң жобасын әзiрлеу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Президентi айқындайды.
      Жергiлiктi бюджеттердiң жобаларын әзiрлеу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.
      Ескерту. 64-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2011.11.24 N 495-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      65-бап. Бюджет түсiмдерiн болжау

      1. Санаттар, бiрыңғай бюджеттiк жiктеудiң сыныптары мен кiшi сыныптары бойынша мемлекеттiк және республикалық бюджеттерге, Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына түсетiн түсiмдердi болжауды бюджеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган әлеуметтiк-экономикалық даму болжамын ескере отырып жүзеге асырады.
      1-1. Жергiлiктi бюджетке түсетiн түсiмдердi болжауды мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi жергiлiктi уәкiлеттi орган әлеуметтiк-экономикалық даму болжамын ескере отырып жүзеге асырады.
      2. Өтеусiз техникалық көмек түрiндегi байланысты гранттар алынған кезде ғана, сондай-ақ Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта көзделген жағдайларда, тауарлардың (жұмыстардың, көрсетiлетiн қызметтiң) құны түрiнде бюджет түсiмдерiн көрсетуге жол берiледi. Бұл ретте шығыстарда алынған тауарлардың (жұмыстардың, көрсетiлетiн қызметтiң) құнына тең көлемде бюджеттiк бағдарлама көзделуге тиiс.
      3. Бюджет түсiмдерiн болжау әдiстемесiн бюджеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган әзiрлейдi және бекiтедi.
      Ескерту. 65-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2010.04.02 № 263-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгiзiледi), 2011.11.24 N 495-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

      66-бап. Бюджет шығыстарын жоспарлау үшiн бюджеттiк


               бағдарламалардың әкiмшiлерi ұсынатын құжаттар

      1. Бюджет шығыстарын жоспарлау үшiн бюджеттiк бағдарламалардың тиiстi әкiмшiлерi:


      мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi органға ағымдағы қаржы жылының 1 сәуiрiне дейiнгi мерзiмде стратегиялық жоспарлардың жобаларын немесе стратегиялық жоспарларға өзгерiстер мен толықтырулардың жобаларын, сондай-ақ басым бюджеттiк инвестициялар бойынша ұсыныстарды;
      бюджеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi органға ағымдағы қаржы жылының 15 мамырына дейiнгi мерзiмде бюджеттiк өтiнiмдердi және стратегиялық жоспарлардың жобаларын немесе мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi органның қорытындыларын ескере отырып, стратегиялық жоспарларға өзгерiстер мен толықтырулардың жобаларын;
      мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi жергiлiктi уәкiлеттi органға ағымдағы қаржы жылының 15 мамырына дейiнгi мерзiмде – бюджеттiк өтiнiмдердi, стратегиялық жоспарлардың жобаларын немесе стратегиялық жоспарларға өзгерiстер мен толықтырулардың жобаларын және басым бюджеттiк инвестициялар бойынша ұсыныстарды табыс етедi.
      2. Стратегиялық жоспарларды әзiрлемейтiн бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiлерi бюджеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi органға немесе мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi жергiлiктi уәкiлеттi органға бюджеттiк өтiнiмдердi және бюджеттiк бағдарламалардың жобаларын ұсынады.
      3. Нәтижелердi бағалау жүргiзiлген жағдайда осы бапта көрсетiлген құжаттарға бағалау нәтижелерi қоса берiледi.
      Ескерту. 66-бап жаңа редакцияда - ҚР 2011.11.24 N 495-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен, өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2012.02.16 N 557-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      67-бап. Бюджеттiк өтiнiм



      1. Бюджеттiк өтiнiм шығыстар көлемiн негiздеу үшiн кезектi жоспарлы кезеңге бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiсi жасайтын құжаттардың жиынтығы болып табылады.
      2. Бюджет шығыстары базалық шығыстар және жаңа бастамалар шығыстары болып бөлiнедi.
      3. Тұрақты сипаттағы шығыстар, күрделi шығыстар, сондай-ақ бюджеттен қоса қаржыландыру жағдайында басталған (жалғасатын) бюджеттiк инвестициялық жобалардың және концессиялық жобалардың шығыстары базалық шығыстар болып табылады.
      4. Мемлекеттiк функциялар, өкiлеттiктер және мемлекеттiк қызметтер көрсетумен, трансферттер төлеумен және мемлекеттiң басқа да мiндеттемелерiмен байланысты шығыстар тұрақты сипаттағы шығыстар болып табылады.
      5. Жаңа бастамалар шығыстарына:
      кейiннен жаңа бюджеттiк бағдарламалар бойынша қаржыландырылатын стратегиялық және бағдарламалық құжаттарға сәйкес әлеуметтiк-экономикалық дамудың жаңа басым бағыттарын iске асыруға;
      макроэкономикалық және әлеуметтiк көрсеткiштердiң өзгеруiне байланысты емес және iс жүзiндегi бюджеттiк бағдарламалар шеңберiнде бюджет қаражатын жұмсаудың қосымша бағыттарын (атқарылатын мемлекеттiк функциялардың, өкiлеттiктердiң және көрсетiлетiн мемлекеттiк қызметтер көлемiн кеңейтудi) көздейтiн базалық шығыстарды ұлғайтуға бағытталған шығыстар жатады.
      Бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiсiнiң жаңа бастамалар шығыстарын жоспарлау қосымша бюджет қаражатын бөлу есебiнен де, өткен жоспарлы кезеңде республикалық бюджет туралы заңда немесе жергiлiктi бюджет туралы мәслихат шешiмiнде бекiтiлген осы бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiсiнiң базалық шығыстар қаражатын қайта бөлу есебiнен де жүзеге асырылады.
      6. Бюджеттiк өтiнiмге:
      1) стратегиялық жоспар жобасының, стратегиялық жоспардың немесе стратегиялық жоспарға өзгерiстер мен толықтырулар жобасының құрамына енгiзiлген әрбiр бюджеттiк бағдарлама бойынша шығыстар түрлерi бойынша есеп-қисаптар не стратегиялық жоспарлар әзiрлемейтiн бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiсiнiң әрбiр бюджеттiк бағдарламасы бойынша шығыстар түрлерi бойынша есеп-қисаптар;
      2) байланысты гранттар сомасын жұмсалу бағыттары бойынша мiндеттi түрде бөле отырып, ағымдағы қаржы жылының 1 қаңтарындағы жағдай бойынша алынған және пайдаланылған байланысты гранттар туралы ақпарат;
      3) ағымдағы қаржы жылының 1 қаңтарындағы жағдай бойынша алынған және пайдаланылған байланысты емес гранттар туралы ақпарат;
      4) бюджеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган белгiлеген нысан бойынша өз билiк етулерiнде қалатын, мемлекеттiк мекемелердiң тауарларды (жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтi) өткiзуден түсетiн ақша түсiмдерi мен шығыстарының болжамы;
      5) түсiндiрме жазба;
      6) бюджеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган немесе мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi жергiлiктi уәкiлеттi орган сұрататын басқа да қажеттi ақпарат кiредi.
      7. Егер бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiсi стратегиялық жоспардың жобасында немесе стратегиялық жоспарға өзгерiстер мен толықтырулар жобасында қосымша шығыстарды немесе бюджет кiрiстерiн қысқартуды қажет ететiн нормативтiк құқықтық актiлер әзiрлеудi немесе оларға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзудi ұсынса, онда бюджеттiк өтiнiммен бiр мезгiлде тиiстi нормативтiк құқықтық актiнiң жобасы енгiзiледi.
      8. Егер жекелеген бюджеттiк бағдарламалар бойынша алдыңғы жоспарлы кезеңнiң екiншi және үшiншi жылдарының шығыстар сомасы республикалық бюджет туралы заңда немесе жергiлiктi бюджет туралы мәслихат шешiмiнде бекiтiлген сомамен салыстырғанда өзгермейтiн болса, онда осы бағдарламалар бойынша шығыстардың түрлерi бойынша есеп-қисаптар жасалмайды.
      Осы бағдарламалар бойынша шығыстар түрлерi бойынша есеп-қисаптар тек қана үшiншi жылға жасалады.
      9. Бюджеттiк өтiнiмге түсiндiрме жазба жоспарлы кезеңге қаражат жұмсаудың негiзгi бағыттарын, мәлiмделген бюджеттiк бағдарламалардың қысқаша сипаттамасы мен баяндалуын, базалық шығыстарды ұлғайту негiздiлiгiн, нәтижелердiң қол жеткiзiлген көрсеткiштерiнiң талдамасын, сондай-ақ өткен жылғы бюджеттiк өтiнiмнiң құрамына енгiзiлген бюджеттiк бағдарламалар бойынша ауытқулардың себептерiн қамтиды.
      10. Бюджеттiк өтiнiм жасалуы мен ұсынылуы бойынша Қазақстан Республикасы бюджеттiк заңнамасының талаптарына сәйкес келмеген кезде, бюджеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган немесе мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi жергiлiктi уәкiлеттi орган оны қарамастан бюджеттiк бағдарламаның әкiмшiсiне қайтарады.
      11. Алып тасталды - ҚР 2011.11.24 N 495-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
      12. Бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiсi бюджеттiк өтiнiмдегi ақпарат пен есеп-қисаптардың толықтығын және дұрыстығын қамтамасыз етедi.
      13. Бюджеттiк өтiнiмдi жасау және ұсыну тәртiбiн бюджеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган айқындайды.
      Ескерту. 67-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2010.04.02 № 263-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгiзiледi), 2011.11.24 N 495-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi), 2012.02.16 N 557-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

      68-бап. Стратегиялық жоспарлардың жобаларын немесе


               стратегиялық жоспарларға өзгерiстер мен
               толықтырулар жобаларын, стратегиялық жоспарлар
               әзiрлемейтiн бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiлерi
               бюджеттiк бағдарламаларының жобаларын және
               бюджеттiк өтiнiмдердi қарау

      Ескерту. Тақырыпқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2012.02.16 N 557-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.



      1. Мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық немесе жергiлiктi уәкiлеттi органдар стратегиялық жоспарлардың жобаларын немесе стратегиялық жоспарларға өзгерiстер мен толықтырулардың жобаларын олардың стратегиялық және бағдарламалық құжаттарға, елдiң әлеуметтiк-экономикалық даму болжамына, Қазақстан Республикасының бюджеттiк және өзге де заңнамасына сәйкестiгi тұрғысынан қарайды.
      2. Мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган стратегиялық жоспарлардың жобаларын немесе оларға өзгерiстер мен толықтырулардың жобаларын қарау нәтижелерi бойынша қорытындыны қалыптастырады және оны бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiсiне жiбередi.
      Қорытындының нысанын мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган айқындайды.
      3. Бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiсi мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi органның қорытындысын ескере отырып, стратегиялық жоспардың жобаcын немесе стратегиялық жоспарға өзгерiстер мен толықтырулардың жобаcын пысықтайды, бюджеттiк өтiнiмдi жасайды және осы Кодекстiң 66-бабының 1-тармағында белгiленген мерзiмде бюджеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi органға ұсынады.
      4. Бюджеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган және мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi жергiлiктi уәкiлеттi органдар:
      бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiлерiнiң бюджеттiк өтiнiмдерiн олардың Қазақстан Республикасының бюджеттiк және өзге де заңнамасына, әлеуметтiк-экономикалық даму болжамына, мемлекеттiк қызмет көрсетудiң қолданылып жүрген заттай нормаларына және стандарттарына сәйкестiгi тұрғысынан;
      стратегиялық жоспарлар жобаларының немесе стратегиялық жоспарларға өзгерiстер мен толықтырулар жобаларының құрамында ұсынылған бюджеттiк бағдарламалардың көрсеткiштерiн олардың стратегиялық мақсаттармен, стратегиялық бағыттардың мiндеттерiмен өзара байланысы тұрғысынан;
      стратегиялық жоспарлар әзiрлемейтiн бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiлерi бюджеттiк бағдарламаларының жобаларында ұсынылған нәтижелiлiк пен тиiмдiлiк көрсеткiштерiн олардың бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiсiнiң функцияларына, өкiлеттiктерiне, қызметiнiң бағыттарына сәйкестiгi тұрғысынан қарайды.
      5. Бюджеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган бюджеттiк өтiнiмдердi қарау қорытындылары бойынша және мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi органның қорытындысын ескере отырып, бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiлерiнiң шығыстары бойынша қорытындыны қалыптастырады және Республикалық бюджет комиссиясының қарауына жiбередi.
      Бұл ретте бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiлерi шығыстарының көлемiне әлеуметтiк-экономикалық даму болжамында көзделмеген жаңа бастамаларға арналған шығыстар енгiзiлмеуге тиiс.
      6. Мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi жергiлiктi уәкiлеттi орган стратегиялық жоспарлардың жобаларын немесе оларға өзгерiстер мен толықтырулардың жобаларын және бюджеттiк өтiнiмдердi қарау қорытындылары бойынша олар жөнiнде бюджеттiк қорытындыларды қалыптастырады және бюджет комиссиясының қарауына жiбередi.
      7. Бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiлерi мен мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық немесе жергiлiктi уәкiлеттi органдар, бюджеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган арасындағы келiспеушiлiктердi тиiстi бюджет комиссиясы қарайды.
      Тиiстi бюджет комиссиясы бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiсiнiң шығыстары бойынша қорытындыны қарайды және ол бойынша ұсыныстар әзiрлейдi.
      8. Республикалық бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiлерi Республикалық бюджет комиссиясының ұсыныстарына сәйкес бюджеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi органға пысықталған бюджеттiк өтiнiмдердi, мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi органға пысықталған стратегиялық жоспарлардың жобаларын немесе стратегиялық жоспарларға өзгерiстер мен толықтырулардың жобаларын ұсынады.
      Стратегиялық жоспарлар әзiрлемейтiн республикалық бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiлерi бюджеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi органға бюджеттiк бағдарламалардың пысықталған жобаларын ұсынады.
      9. Жергiлiктi бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiлерi бюджет комиссиясының ұсыныстарына сәйкес мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi жергiлiктi уәкiлеттi органға пысықталған бюджеттiк өтiнiмдердi және стратегиялық жоспарлардың жобаларын немесе стратегиялық жоспарларға өзгерiстер мен толықтырулардың жобаларын ұсынады.
      Стратегиялық жоспарлар әзiрлемейтiн жергiлiктi бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiлерi мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi жергiлiктi уәкiлеттi органға бюджеттiк бағдарламалардың пысықталған жобаларын ұсынады.
      Ескерту. 68-бап жаңа редакцияда - ҚР 2011.11.24 N 495-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен, өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2012.02.16 N 557-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      69-бап. Заттай нормалар

      1. Заттай нормалар - қажеттi материалдық немесе материалдық емес игiлiктердi тұтынудың немесе пайдаланудың заттай көрсеткiштерi.
      2. Заттай нормаларды орталық мемлекеттiк органдар әзiрлейдi және Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
      3. Орталық мемлекеттiк органдар заттай нормаларды өзгерту немесе олардың күшiн жою туралы Республикалық бюджеттiк комиссияның қарауына ұсыныстар енгiзуге құқылы.

      70-бап. Мемлекеттiк мекемелердiң тауарларды (жұмыстарды,


               көрсетiлетiн қызметтi) өткiзуiнен түсетiн ақша

      1. Бiлiм беру, сорт сынағы, ветеринария, орман шаруашылығы, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы мемлекеттiк мекемелер, спорт саласында мамандандырылған Қарулы Күштер, сондай-ақ мемлекеттiк кiтапханалар, мемлекеттiк мұражайлар мен мұражай-қорықтар тауарларды (жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi) өткiзуiнен түсетiн ақшаны қоспағанда, мемлекеттiк мекемелердiң тауарларды (жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi) өткiзуiнен түсетiн ақша Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiне сәйкес тиiстi бюджеттiң есебiне жазылуға тиiс.


      2. Осы баптың 1-тармағына сәйкес тауарларды (жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi) өткiзуден түсетiн ақша өз иелiгiнде қалатын мемлекеттiк мекемелердiң оларды өткiзу бойынша ақылы қызмет түрлерiн көрсету және олардың тауарларды (жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi) өткiзуден түскен ақшаны жұмсау тәртiбiн тиiстi саланың (аяның) орталық мемлекеттiк органы әзiрлейдi және оны Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
      Ескерту. 70-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2009.12.11 N 229-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-б. қараңыз), 2010.04.02 № 263-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгiзiледi), 2011.11.24 N 495-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

      71-бап. Республикалық бюджет туралы заңның жобасын әзiрлеу



      1. Бюджеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган республикалық бюджет жобасын жасайды және оны Республикалық бюджеттiк комиссияның қарауына енгiзедi.
      2. Республикалық бюджет жобасының түпкiлiктi нұсқасын қарау және айқындау ағымдағы қаржы жылының 1 тамызынан кешiктiрiлмей аяқталады.
      3. Кезектi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заң жобасының мәтiнiнде:
      кiрiстердiң, трансферт түсiмдерiнiң, шығындардың, таза бюджеттiк кредиттеудiң, қаржы активтерiмен операциялар бойынша сальдоның, тапшылықтың (профициттiң), тапшылықты қаржыландырудың (профициттi пайдаланудың) көлемi;
      жалақының, зейнетақының ең төменгi мөлшерi, айлық есептiк көрсеткiштiң, ең төменгi күнкөрiс деңгейiнiң және мемлекеттiк базалық зейнетақы төлемiнiң мөлшерi;
      жергiлiктi бюджеттерден республикалық бюджетке бюджеттiк алып қоюдың көлемi;
      республикалық бюджеттен жергiлiктi бюджеттерге берiлетiн бюджеттiк субвенциялардың көлемi;
      Қазақстан Республикасы Ұлттық қорынан кепiлдiк берiлген трансферт көлемi;
      Қазақстан Республикасы Үкiметi резервiнiң мөлшерi;
      Қазақстан Республикасының мемлекеттiк кепiлдiктер беру лимитi;
      мемлекет кепiлгерлiгiн беру лимитi;
      үкiметтiк борыш лимитi;
      Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң концессиялық мiндеттемелерiнiң лимитi;
      басқа да ережелер қамтылуға тиiс.
      4. Республикалық бюджет туралы заңның жобасына:
      1) осы Кодексте және бiрыңғай бюджеттiк сыныптамада айқындалған құрылымға сәйкес жоспарлы кезеңнiң әрбiр жылы бойынша жекелеген қосымшалармен қалыптастырылған, жоспарлы кезеңге арналған республикалық бюджеттiң жобасы қоса берiледi.
      Бұл ретте түсiмдер санаттар, сыныптар және кiшi сыныптар бойынша баяндалады, ал шығыстар функционалдық топтар, бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiлерi және бюджеттiк бағдарламалар бойынша баяндалады. "Бюджет тапшылығын қаржыландыру (профициттi пайдалану)" бөлiмi жалпы сомамен ұсынылады.
      Жоспарлы кезеңнiң екiншi және үшiншi жылдарына арналған шығыстарда базалық шығыстар - функционалдық топтар, бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiлерi және бюджеттiк бағдарламалар бойынша баяндалады, ал жаңа бастамалардың шығыстары бiр бюджеттiк бағдарламамен көрсетiледi;
      2) Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына жiберiлетiн кезектi қаржы жылына арналған түсiмдердiң көлемi;
      3) бюджеттi атқару процесiнде секвестрлеуге жатпайтын кезектi қаржы жылына арналған республикалық және жергiлiктi бюджеттiк бағдарламалардың тiзбесi;
      4) басқа да деректер қоса берiледi.
      5. Кезектi қаржы жылына арналған республикалық бюджеттiң бекiтiлетiн тапшылығының (профицитiнiң) мөлшерi жалпы iшкi өнiмге ақшалай түрде және процентпен көрсетiледi.
      6. Бюджеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган республикалық бюджет туралы заңның жобасын Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қарауына ағымдағы қаржы жылының 15 тамызынан кешiктiрмей ұсынады.
      Ескерту. 71-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2011.11.24 N 495-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      72-бап. Облыстық бюджет туралы, республикалық маңызы бар


               қала, астана бюджеттерi туралы мәслихат шешiмiнiң
               жобасын әзiрлеу

      1. Мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi жергiлiктi уәкiлеттi орган облыстық бюджет, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттерi жобасының түпкiлiктi нұсқасын жасайды және оны облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджеттiк комиссиясының қарауына енгiзедi.


      2. Облыстық бюджет, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттерi жобасының түпкiлiктi нұсқасын қарау және айқындау ағымдағы қаржы жылының 15 қыркүйегiнен кешiктiрiлмей аяқталады.
      3. Кезектi қаржы жылына арналған облыстық бюджет туралы, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттерi туралы шешiм жобасының мәтiнiнде:
      1) бюджет кiрiстерiнiң, трансферттер түсiмдерiнiң, шығындардың, таза бюджеттiк кредиттеудiң, қаржы активтерiмен операциялар бойынша сальдоның, бюджет тапшылығының (профицитiнiң), тапшылығын қаржыландырудың (профицитiн пайдаланудың) көлемi;
      2) облыстық бюджеттен аудандар (облыстық маңызы бар қалалар) бюджеттерiне берiлетiн бюджеттiк субвенциялардың көлемi;
      3) аудандар (облыстық маңызы бар қалалар) бюджеттерiнен облыстық бюджетке бюджеттiк алып қоюдың көлемi;
      4) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергiлiктi атқарушы органы резервiнiң мөлшерi;
      5) басқа да ережелер қамтылуға тиiс.
      4. Облыстық бюджет туралы, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджеттерi туралы шешiмнiң жобасына:
      1) осы Кодексте және бiрыңғай бюджеттiк сыныптамада айқындалған құрылымға сәйкес жоспарлы кезеңнiң әрбiр жылы бойынша жекелеген қосымшалармен қалыптастырылған, жоспарлы кезеңге арналған облыстық бюджеттiң, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттерiнiң жобасы қоса берiледi.
      Бұл ретте түсiмдер санаттар, сыныптар және кiшi сыныптар бойынша баяндалады, ал шығыстар функционалдық топтар, бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiлерi және бюджеттiк бағдарламалар бойынша баяндалады. "Бюджет тапшылығын қаржыландыру (профициттi пайдалану)" бөлiмi жалпы сомамен ұсынылады.
      Жоспарлы кезеңнiң екiншi және үшiншi жылдарына арналған шығыстарда базалық шығыстар функционалдық топтар, бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiлерi және бюджеттiк бағдарламалар бойынша баяндалады, ал жаңа бастамалардың шығыстары бiр бюджеттiк бағдарламамен көрсетiледi;
      2) кезектi қаржы жылына арналған жергiлiктi бюджеттi атқару процесiнде секвестрлеуге жатпайтын, оның iшiнде республикалық бюджет туралы заңда белгiленген, кезектi қаржы жылына арналған жергiлiктi бюджеттiк бағдарламалардың тiзбесi;
      3) кезектi қаржы жылына ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерiн сатудан түсетiн Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына түсiмдер көлемi;
      4) қаладағы әрбiр ауданның бюджеттiк бағдарламалары;
      5) басқа да деректер қоса берiледi.
      5. Облыстық бюджеттердiң, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттерiнiң бекiтiлетiн тапшылығының (профицитiнiң) мөлшерi ақшалай түрде көрсетiледi.
      6. Мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi жергiлiктi уәкiлеттi орган облыстық бюджеттiң, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттерiнiң жобасын облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергiлiктi атқарушы органдарының қарауына ағымдағы қаржы жылының 1 қазанынан кешiктiрмей ұсынады.
      Ескерту. 72-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2010.04.02 № 263-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      73-бап. Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың)


               бюджетi туралы мәслихат шешiмiнiң жобасын әзiрлеу

      1. Мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi жергiлiктi уәкiлеттi орган ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) бюджетi жобасының түпкiлiктi нұсқасын жасайды және оны ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) бюджеттiк комиссиясының қарауына енгiзедi.


      2. Аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетi жобасының түпкiлiктi нұсқасын қарау және айқындау ағымдағы қаржы жылының 1 қазанынан кешiктiрiлмей аяқталады.
      3. Кезектi қаржы жылына арналған аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетi туралы мәслихат шешiмi жобасының мәтiнiнде:
      1) кiрiстердiң, трансферттер түсiмдерiнiң, шығындардың, таза бюджеттiк кредиттеудiң, қаржы активтерiмен операциялар бойынша сальдоның, бюджет тапшылығының (профицитiнiң), тапшылығын қаржыландырудың (профицитiн пайдаланудың) көлемi;
      2) облыстық бюджеттен ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) бюджетiне берiлетiн бюджеттiк субвенциялардың көлемi;
      3) ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) бюджетiнен облыстық бюджетке бюджеттiк алып қоюдың көлемi;
      4) ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергiлiктi атқарушы органы резервiнiң мөлшерi;
      5) өзге де ережелер қамтылуға тиiс.
      4. Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) бюджетi туралы шешiмнiң жобасына:
      1) осы Кодексте және бiрыңғай бюджеттiк сыныптамада айқындалған құрылымға сәйкес жоспарлы кезеңнiң әрбiр жылы бойынша жекелеген қосымшалармен қалыптастырылған, жоспарлы кезеңге арналған аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетiнiң жобасы қоса берiледi.
      Бұл ретте түсiмдер санаттар, сыныптар және кiшi сыныптар бойынша баяндалады, ал шығыстар функционалдық топтар, бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiлерi және бюджеттiк бағдарламалар бойынша баяндалады. "Бюджет тапшылығын қаржыландыру (профициттi пайдалану)" бөлiмi жалпы сомамен ұсынылады.
      Жоспарлы кезеңнiң екiншi және үшiншi жылдарына арналған шығыстарда базалық шығыстар функционалдық топтар, бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiлерi және бюджеттiк бағдарламалар бойынша баяндалады, ал жаңа бастамалардың шығыстары бiр бюджеттiк бағдарламамен көрсетiледi;
      2) жергiлiктi бюджеттi атқару процесiнде секвестрлеуге жатпайтын, оның iшiнде облыстық бюджеттi бекiту туралы облыстық мәслихаттың шешiмiмен белгiленген, кезектi қаржы жылына арналған бюджеттiк бағдарламалардың тiзбесi;
      3) кезектi қаржы жылына ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерiн сатудан түсетiн Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына түсiмдер көлемi;
      4) әрбiр қаладағы ауданның, аудандық маңызы бар қаланың, кенттiң, ауылдың (селоның), ауылдық (селолық) округтiң бюджеттiк бағдарламалары;
      5) басқа да деректер қоса берiледi.
      5. Кезектi қаржы жылына арналған аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетiнiң бекiтiлетiн тапшылығының (профицитiнiң) мөлшерi ақшалай түрде көрсетiледi.
      6. Мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi жергiлiктi уәкiлеттi орган аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетiнiң жобасын ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергiлiктi атқарушы органының қарауына ағымдағы қаржы жылының 15 қазанынан кешiктiрмей ұсынады.
      Ескерту. 73-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2010.04.02 № 263-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   17




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет