Қазақстан республикасының денсаулық сақтау министрлігі қарағанды мемлекеттік медицина универститеті


ГС кезіндегі диагностикалық ізденістің клиникалық кезеңі



бет2/7
Дата08.07.2016
өлшемі0.89 Mb.
#185274
1   2   3   4   5   6   7


2.1. ГС кезіндегі диагностикалық ізденістің клиникалық кезеңі

Қанағыштық түрін анықтау. Науқасты қарағанда геморрагиялық бөртпелердің көлеміне, пішініне, орналасу орнына көңіл бөліп, бұлшықеттен, шырышты қабаттан, буыннан болғандығын анықтау керек.

Қанағыштықтың белгілерін тері жамылғысы мен шырышты қабаттан жеңіл байқауға болады. Терідегі геморрагиялық бөртпенің сипаты зақымданған тамырдың диаметріне байланысты болады. Капилляр қабырғасы арқылы эритроциттердің шығуы себебінен дермаға ұсақ нүктелі қан кетулерді петехиялар деп атайды; олар тромбоциттер патологиясына, әсіресе, ауыр тромбоцитопенияларға тән. Ұсақ артериолдар мен венулалар зақымдануынан болған ірі қан кетулерді экхимоздар (көгерулер), ал егер олар ірі болып, пальпацияланатын болса – гематомалар деп аталады. Теріде және шырышты қабаттарда кеңейген капиллярларды – телеангиэктазияларды да көруге болады, олар қалыпты гемостазда қан кетулер себебі болуы мүмкін.

Бастапқыда геморрагиялық бөртпелер қызыл түсті болады, кейін қан кетулер тұсында гемоглобиннің биливердин, билирубинге айналу салдарынан бөртпелер түсі толық жойылғанға дейін («гүлдейді») шие-көк, жасыл, сары болып өзгереді. Қабынулық бөртпелер мен телеангиэктазиялар геморрагиялық дақтармен салыстырғанда саусақпен басқан кезде жойылмайды. Қабынулық сипатты геморрагиялық бөртпелер «қабынулық негізді» (эритемалы сақина) болады, пальпацияланады, жойылғаннан кейін теріде пигментация ошақтары қалады.

Егде адамдарда дәнекер тіннің тірек қызметі жоғалғандықтан беткей тамырлар (мысалы, қол басында) сынғыш болып келеді де, тері асты қан кетулер – кәрілік пурпура пайда болады. Әйелдерде ауыр тромбоцитопения немесе тромбоцитопатияларда көп мөлшерде және ұзақ етеккір болады. Сонымен бірге, тамыр – тромбоцитарлы гемостаз бұзылыстары (әсіресе, фон Виллебранда ауруында) бар адамдарда қайталамалы асқазан – ішек жолдарынан қан кетулер болады.



Дене қуыстарына, құрсақ арты клечаткасына және буын ішіне қан кетулер коагулопатияларға тән. Буындарда қайталамалы қан кетулер нәтижесінде буындардың синовий қабығының қалыңдауы және сұйықтықтың жиналуымен созылмалы қабыну туындайды. Уақыт өте келе бұл процесс буын шеміршегінің бұзылуы, деформациясы және буын қимылының шектелуіне әкеледі. Ол бірінші кезекте VIII және IX фактордың жеткіліксіздігі салдарынан болған - екі Х-байланысқан коагулопатияға тән, оларды гемофилиялар деп атайды. Белгісіз жағдайларға байланысты басқа коагулопатияларда гемартроздар сирек кездеседі. Жұмсақ ұлпалар немесе дене қуыстарындағы ірі гематомалар жүйке бағандары (мысалы, құрсақ арты гематомасында сан жүйкесін) немесе тамырларды басып, екіншілік некроздар дамытады. Бұндай гематомалар көріністері бойынша қатерлі ісктерге ұқсас болып, жалған ісіктер деп аталады. Бас ми ішіне қан кетулер (коагулопатиялар кезінде өлімнің басты себебі) мен ауыз жұтқыншақ аймағына қан кетулер (асфиксия қауіптілігі) қатерлі болады.

ГС ажыратпалы диагнозы үшін маңызды қан кету түрін анықтауда мұқият жиналған анамнез бен жалпы қарау септігін тигізеді. Қанағыштықтың бес клиникалық түрін бөледі (З.С. Баркаган, 1988).


1. Гематомалы түр:

  • ірі буындар, бұлшықеттер, апоневроздар мен фасциялар астына, тері астына және құрсақ арты клетчаткасына ірі, терең, кернеулі және ауырсынатын қан кетулер;

  • профузды кенет жарақаттан кейінгі немесе операциядан кейін қан кетулер, сонымен бірге, ішкі ағзаларға (асқазан ішектік, бүйректік), олар опреациядан немесе жарақаттан кейін бірден емес, бірнеше сағаттан соң пайда болады;

  • гемофилия А және В кезінде жиі кездеседі.


2. Петехиальды-дақты (көгеру) түрі:

  • терідегі беткей қан кетулер, олар кернеулі емес, ауырсынбайды, маңындағы ұлпаларды баспайды және бұзбайды;

  • кенеттен немесе шамалы жарақаттан кейін дамитын петехиялар (нүктелі қан кетулер) мен көгерулер;

  • қызыл иектен, мұрыннан және жатырдан қан кетулер;

  • тромбоцитопения, тромбоцитопатия, X, V, II факторларының тапшылығы, гипо- және дисфибриногенемияға тән.

3. Аралас (көгерулік-гематомды) түрі:

  • гематомалардан ерте дамитын петехиальды бөртпелер мен көгерулер;

  • құрсақ арты мен тері асты клетчаткасына гематомалар, олар әдетте аз, бірақ, ірі көлемді, ал буындарға қан кетулер және олардың деформациясы болмайды;

  • Виллебранда ауруының ауыр түріне, VII және XIII факторларының тапшылығына, ШТҰ-синдромына, антикоагулянттар немесе фибринолиз активаторларын көп мөлшерде қолдануына тән.

4. Васкулитті-пурпурлы түрі:



  • терідегі геморрагиялық бөртпелер, жиі симметриялы; бөртпелер шектелген, тері беткейінен шамалы көтеріңкі болады, бастапқыда көпіршіктер сипатты болып, қанмен қанығады; геморрагиялық элементтер бір бірімен қосылып, эпидермис некрозадалды; бөртпелер жойылғаннан кейін теріде пигментация ошақтары пайда болады;

  • ішкі ағзалар – асқазан – ішектен, бүйректен қан кету;

  • васкулиттерге тән.

5. Ангиоматозды түрі:



  • бір немесе екі, сирек одан да көп жерден тұрақты және қайталамалы қан кету (мысалы, мұрыннан,өкпеден);

  • теріге, тері асты клетсаткасына кенеттен және жарақаттан кейін қан кетулердің болмауы;

  • телеангиэктазиялар мен микроангиоматоздардың әр түрлі түрлеріне тән.

Қанағыштық түрі көп жағдайда гемостаз жүйесі бұзылысының түріне байланысты. Клиникалық диагностика кезеңінде геморрагия түрін анықтай отырып, гемостаз жүйесінің қай звеносында ақау болғандығын болжауға болады (кесте 2).

Кесте 2.

Қанағыштық сипатының гемостаз жүйесі бұзылысы түріне байланыстылығы

Геморрагия түрі

Гемостаз жүйесінің ақауы

тромбоцитарлы-тамырлы

плазмалық компонент

Беткей зақымдану нәтижесіндегі қанағыштық



жиі, профузды және ұзақ

сирек, айқын емес

Кенеттен болған гематомалар

ірі емес, беткей, жиі көптік

Ірі және терең, шектелген

Терілік және шырышты пурпура

өте жиі

сирек жағдайда болады

Буындарға қан кету

өте сирек

өте жиі

Терең зақымдану нәтижесіндегі қанағыштық, тісті жұлу және т.б.

бірден басталады, жиі жергілікті заттар әсерін тоқтайды

кеш дамиды, жергілікті гемостатикалық заттар әсерін тоқтамайды

Жиі көріністері

пурпура және экхимоздар, эпистаксис, меноррагиялар, асқазан – ішектен қан кету

себепсіз немесе жарақаттан кейін терең қан кетулер, әсіресе буын, бұлшықеттік

ГС ұзақтығы мен тұқымқуалаушылығын анықтау. Анамнез жинау ГС клиникалық көріністерінің даму ұзақтығы мен тұқымқуалаушылығын анықтауда көмек береді. Балалық шақтан ұзақ болатын ГС жиі тұқымқуалаушылық сипатты болады, ал мұқият жиналған отбасылық анамнез бұл сұрақты дәлелдеу үшін, кейде аурудың тұқымқуалашылық түрін анықтауға да мүмкіндік береді. Отбасында қан кетумен тек ерлер ауырып, ал ауру әйелдер арқылы берілетіні анықталса гемофилия туралы ойлауға болады. Сонымен бірге, тұқымқуалайтын аурулардың барлығы балалық шақта анықталмайтындығын айта кету қажет. Мысалы, гемофилия А науқастарда ГС дамуы VIII фактордың тапшылық деңгейіне байланысты. Сонымен, орташа ауырлық дәрежелі гемофилияда геморрагиялар 3-4 жаста пайда болса, аурудың жеңіл түрінде одан да кейінірек дамиды. Тұқымқуалайтын Рандю-Ослер телеангиэктазиясында қанағыштық тек 10 – 12 жаста дамиды.

Тұқымқуалаушылық бұзылыстарда гемостаз жүйесінде жиі бір ақау болатын болса, ал жүре пайда болған бұзылыстарда гемостаз жүйесінің бірнеше звеносында патология анықталады. ГС дамуына әкелетін тұқымқуалайтын аурулар 3 кестеде көрсетілген. Гемофилиялар, қан ұю факторларының тапшылығы, тромбоцитопатиялар тұқым қуалайды.



Кесте 3. ГС дамуымен болатын тұқымқуалайтын аурулар

Тұқымқуалайтын аурулар

Тұқымқуалау түрі

Патогенетикалық даму механизмдері

Негізгі клиникалық көріністері мен ерекшеліктері

Тромбоцитарлы-тамырлық гемостаз

Гланцман тромбастениясы

аутосомды-рецессивті

Тромбоциттер агрегациясының ақауы

Қанағыштықтың петехиальды түрі

Бернар-Сулье аномалиясы

аутосомды-рецессивті

Тромбоциттер адгезиясының ақауы

Қанағыштықтың петехиальды түрі

Эссенциальды атромбия

аутосомды-рецессивті

Жасушалық аномалиямен байланысты тромбоцитопатия

Қанағыштықтың петехиальды түрі

α-, δ-гранула патологиясы

аутосомды-доминантты

α-, δ-гранулалар ақауы

Қанағыштықтың петехиальды түрі

Вискот-Олдрич синдромы

Х-хромосомамен байланысқан,рецессивті түрмен тұқымқуалайды

тромбоцитопения және тромбоциттердің ұсақ көлемі

Ұлдар ауырады, қанағыштықтың петехиальды түрі, рецидивті инфекциялар, экзема

Мея-Хеглин аномалиясы

аутосомды-доминантты

мегакариоциттер, тромбоциттер және нейтрофилдер пісіп жетілу бұзылуы мен атипиясы

Қанағыштықтың петехиальды түрі

Виллебранд ауруы

аутосомды-доминантты немесе аутосомды-рецессивті

Фон виллебранд факторы тапшылығы салдарынан тромбоциттер адгезиясының бұзылысы

Қанағыштықтың петехиальды түрі

Элерс-Данло, Марфан ауруы және басқа мезенхимальды дисплазиялар

Аутосомды-доминантты

Коллаген мен субэндотелиймен байланыстың бұзылысы

Қанағыштықтың петехиальды түрі, дәнекер тіннің дисплазия белгілері

Рандю-Ослер телеангиэктазиясы

аутосомды-доминантты

ангиодисплазия

Қанағыштықтың ангиоматозды түрі

Луи-Бар синдромы

аутосомды-рецессивті

ангиодисплазия

Қанағыштықтың ангиоматозды түрі телеангиэктазиялар, мишық бұзылыстары, иммундытапшылық жағдайлар

Казабах-Меррит синдромы




Гемангиомалар дамуы, тромбоцитопения, коагуляция бұзылысы

Қанағыштықтың ангиоматозды түрі, кейде аралас

Коагуляциялық гемостаз

Гемофилия А

Х-хромосомамен байланысқан,рецессивті түрмен тұқымқуалайды

FVIII:C (прокоагулянт) тапшылығы

Ер жынысы, гемартроздар, қан кетулер, гематомалар

Кофакторналы гемофилия

аутосомды форма

FVIIIR:RCF (ристоцетин-кофактор) тапшылығы

әйел жынысы, гемартроздар, қан кетулер, гематомалар

Виллебранд ауруы

аутосомды-доминанттынемесе аутосомды-рецессивті

Виллебранд факторының тапшылығы

мұрыннан, жатырдан, асқазаннан қан кету, кейде гемартроздар

Гемофилия В

Х-хромосомамен байланысқан,рецессивті түрмен тұқымқуалайды

IX факторының тапшылығы

гемартроздар, қан кетулер, гематомалар

Гемофилия С

Толық емес рецессивті

XI факторының тапшылығы

операцияларда қан кетулер, кейде кенеттен

Гипоконвертинемия

аутосомды-рецессивті

VII факторының тапшылығы

қанағыштықтың микроциркуляторлы-гематомды түрі

Парагемофилия

аутосомды-рецессивті

V фактордың тапшылығы

петехия, қан кетулер

Стюарт-Прауэр ауруы

аутосомды-рецессивті

X фактордың тапшылығы

миға қан кету, петехиялар, профузды мұрыннан, жатырдан және асқазаннан қан кету

Гипопротромбинемия

аутосомды-рецессивті

II фактордың тапшылығы

петехия, қанағыштық

А(гипо)фибриногенемия

аутосомды-рецессивті

I фактордың тапшылығы

минимальды петехиальды қанағыштық, жарақат пен операциядан кейін қан кету

XIII (фибринтұрақтандыру) фактор тапшылығы

аутосомды-рецессивті

XIII (фибринтұрақтандыру) фактор тапшылығы

«кіндіктен» қан кету, балар миына қан кету, асқазаннан қан кету

Фибринолиттік жүйе

Миясато ауруы

аутосомды-рецессивті

α2-плазмин ингибиторының тапшылығы

аралас түр бойынша қан кету

Ұлпалық плазминоген активаторы деңгейінің тұқымқуалаушылық жоғарылауы

аутосомды-рецессивті

ұлпалық плазминоген активаторы деңгейінің жоғарылауы

жарақат пен операциядан кейін қан кету

ГС дамуының себебі болуы мүмкін фондық ауруды анықтау. ГД себебін іздеу мен нозологиялық диагнозын қоюда геморрагиялардың басқа симптомдармен қосарласып белгілі бір нозологиялық түрге тән синдромдар түзуі жеңілдіктер береді (кесте 4), немесе геморрагиялар гемостаз жүйесінде белгілі бір бұзылыстар тудыратын фондық аурулар немесе жағдайлар салдарынан дамуы мүмкін (кесте 5).

Кесте 4.

Басқа симптомдармен қосарласуы кезінде геморрагиялардың диагностикалық маңыздылығы

ГС қатар болатын клиникалық симптомдар

Болжамды диагноз

Тері мен шырышты қабаттардың жайылмалы геморрагиялар, қызба

сепсис, жедел промиелоцитарлы лейкоз

Айқын терілік геморрагиялар, тері некрозы, қызба, артериальды гипертензия

өте жылдам дамитын пурпура

Тері мен шырышты қабаттардың жайылмалы геморрагиялар

Тромбоздық, тромбоцитопениялық пурпура (Мошковиц синдромы)

Беттегі «көбелек» пішінді, дақты петехиальды сипатты геморрагиялық бөртпе, қызба, лимфоаденопатия, буындық синдром

Жүйелі қызыл жегі

Шамалы терілік геморрагиялар, гемолиттік анемия, жедел бүйрек жеткіліксіздігі

гемолитико-уремиялық синдром (Гассер синдромы)

Терілік пурпура (полиморфты, симметриялы), қызба, буындық синдром

геморрагиялық васкулит

Тері мен шырышты қабаттардың жайылмалы геморрагиялар

Фишер – Эванс синдромы

Шамалы тері мен шырышты қабаттардың жайылмалы геморрагиялар, Рейно феномені, ми ишемиясының өтпелі ұстамалары және рецидивті тромбоз

эссенциальды тромбоцитоз



Кесте 5.

Жеке патологиялық жағдайларда геморрагиялардың жиі себептері мен олардың даму механизмдері

Патология түрі

ГС жиі даму механизмдері

Ісіктер

ШТҰ - синдромы, тромбоцитопения (сүйек кемігінің метастаздық зақымдануы)

Инфекциялық аурулар

ШТҰ - синдромы, тромбоцитопения (тромбоциттердің гипорегенераторлы және аутоиммунды зақымдануы)

Арнайы пурпура (геморрагиялық қызба)



Күйзелу жағдайы

ШТҰ - синдромы

экстракорпоральды қан айналу мен оксигенациядан кейінгі жағдай

Тромбоцитопения (диализді мембраналарға тромбоциттердің шөгуі)

Дәрілік заттардың кері әсері

Васкулиттер (гиперсезімталдық), тромбоцитопения (сүйек кемігінің тежелуі, тромбоциттердің иммунды механизмдермен бұзылуы), тромбоцитопатия

Бауыр жасушалық жеткіліксіздігімен болатын бауыр аурулары

Қан ұюдың К-тәуелді (II, VII, IX, X) факторларының тапшылығы, тромбоцитопения (гиперспленизмде)

Обтурациялық сарғаю

Қан ұюдың К-тәуелді (II, VII, IX, X) факторларының тапшылығы, ШТҰ-синдромы

Жедел лейкоз

Тромбоцитопения, ШТҰ-синдромы

Миелопролиферациялы гемобластоздар

Тромбоцитопения, тромбоцитемия

Лимфопролиферациялы гемобластоздар

Гипорегенераторлық тромбоцитопения және тромбоцитопатия, ШТҰ-синдромы

Парапротеинемиялық гемобластоздар

Қан процесін бұзатын патологиялық ақуыздар, ШТҰ синдромына трансформацияланатын қан тұтқырлығының жоғарлауы, гипорегенераторлы тромбоцитопения

Амилоидоз

Тамырлық бұзылыстар, тромбоцитопатия, тромбоцитопения, Х фаторының тапшылығы

Гипотиреоз

Гипорегенераторная тромбоцитопения

Уремия

Гипорегенераторлы тромбоцитопения, тромбоцитопатия

Гемотрансфузия

Иммунды аллергиялық реакция салдарынан тромбоцитопения, ШТҰ-синдромы

Коллагеноздар (жүйелі қызыл жегі, ревматоидты артрит, дерматомиозит және т.б.)

Тромбоцитопения (тромбоциттердің иммунды механизмдермен бұзылуы), ингибиторлы гемофилия, васкулит

Сонымен, клиникалық зерттеу және анамнез мағлұматтары негізінде ГС ауырлығын, қанағыштық түрін, пайда болу уақытын, сипатын (туа пайда немесе жүре пайда болған) және оның тұқым қуалау түрін анықтау қажет. Осы кезеңде дәрігер құрастырған болжамды диагностикалық гипотеза әрі қарай зертханалық зерттеу әдістерін қолдана отырып ізденісті белсендендіреді.

2.2. ГС кезіндегі диагностикалық ізденістің зертханалық кезеңі

Зертханалық зерттеу мағлұматтары диагноз қоюда шешуші орын алады. Осы кезеңде диагностикалық ізденіс жүргізуде бірқатар ережелерді сақтау керек:



  • зертханалық тесттердегі өзгерістер жиі тек геморрагиялық эпизодтар кезінде анықталады;

  • анамнезінде жоғары қанағыштық болған науқастарда зертханалық көрсеткіштердің қалыпты болуы ГС жоққа шығармайды (бұндай жағдайларда қайталамалы, жиі бірнеше рет зерттеу әдістерін жүргізу ұсынылады);

  • гемостаз жүйесін зерттеуге арналған әдістердің жартысының сезімталдығы төмен (мысалы, қан ұю уақытын анықтау). Тіпті БПТУ (АПТВ) тестілері нәтижелерінің өзі гемофилия кезінде жеткіліксіз фактордың қалыптыдан 10% төмендегенде өзгереді. Сонымен бірге, қанағыштық белгілері белгілі фактордың осы критикалық деңгейден төмендегенінде дамиды;

  • ГД кейбір түрлерінде гемостаз жүйесіндегі өзгерістерді (аутоэритроцитарлы сенсибилизация, өзіндік ДНҚ, гемоглобинге және т.б. сезімталдықтың жоғарылауы) замануи зерттеу әдістерінің көмегімен де анықтау мүмкіндігі болмайды.

Гемостаз жүйесіндегі бұзылыстарды диагностикалаудағы әдістер тамыр – тромбоцитарлы және плазмалық гемостаз, антикоагулянтты және фибринолиздік жүйелерді зерттеу болып бөлінеді.

Тамыр – тромбоцитарлы гемостазды зерттеу әдістері:

  • тамыр қабырғасының резистенттілігін анықтау;

  • шеткері қанда тромбоциттер санын анықтау;

  • қан ағу уақытын анықтау;

  • агрегометрде АДФ, адреналин, ристомицин әсерімен тромбоциттер агрегациясын, тромбоциттердің спонтанды агрегациясы анықтау;

  • гемолизат-агрегациялы тест;

  • 3-ші және 4-ші табақшалық факторлар деңгейлерін зерттеу;

  • Виллебранд факторының деңгейін анықтау.

Коагуляциялық гемостазды зерттеу әдістері:

  • аутокоагуляциялық тест;

  • БПТУ;

  • Quik бойынша протромбинді уақыт;

  • Quik бойынша тромбинді уақыт;

  • VIII, IX, X, VII факторларының белсенділігі;

  • фибриноген деңгейі;

  • жылан уларын қолдана отырып аномальды тромбиндерді анықтау;

  • жылан уларын қолдана отырып блоктанған фибриногенді анықтау;

  • паракоагуляция өнімдері ФДӨ және ЕФМК деңгейлерін анықтау (ескірген этанолды, протаминсульфатты және клампинг-тесттер, арнайы ортофенантролинді тест, D-димерді анықтау әдісі).

Антикоагулянттарды зерттеу әдістері:

  • антитромбина III белсенділігі мен деңгейін анықтау;

  • протеин С және S белсенділігі мен деңгейін анықтау.

Фибринолиздік жүйені зерттеу әдістері:

  • плазминоген белсенділігін зерттеу;

  • антиплазмин деңгейін анықтау;

  • плазминогеннің ұлпалық активаторы;

  • XIIa-тәуелді фибринолиз белсенділігін анықтау.

Жоғарыда көретілген гемостаз жүйесін зерттеу әдістерінің толық талдауы Қосымшаларда көрсетілген. Гемостаз жүйесін зерттеу әдістерінің көп жақты спектрі мамандандырылған гемостазиологиялық зертхананы қажет ететіндіктен көптеген тәжірибелік дәрігерлерге тиімсіз. Одан басқа, клиникалық тәжірибеде кездесетін кеңінен таралған геморрагиялық жағдайларда көрсетілген барлық зерттеу әдістерін жүргізу міндетті емес. Гемостазиологиялық зерттеу әдістерін рациональды қолдану мен ГС кезінде диагностикалық ізденісті үдету мақсатында гемостаз жүйесін зерттеу зертханалық әдістері болжамды және дәлелдеу тесттері болып бөлінеді.

Бағдарлы тесттер гемостаз жүйесінің әртүрлі звеносында дөрекі ығысуларды анықтауға мүмкіндік береді. Бағдарлы тесттерге мыналарды анықтау жатады:

  • шеткері қанда тромбоциттерді;

  • қан ағу уақытын;

  • қанның ұю уақытын;

  • БПТУ;

  • протромбинді уақытты;

  • тромбинді уақытты;

  • фибриногенді.

Минимальды скрининг шеткері қанда тромбоциттерді, ПУ және БПТУ анықтаумен шектеледі.

Шеткері қанда тромбоциттерді және қан ағу уақытын анықтау гемостаздың тамыр – тромбоцитарлы звеносының жағдайын бағалауға мүмкіндік береді. Арнайылылығының төмен болуына байланысты қан ағу уақытын анықтау маңызды тест болмайды, тіпті кейбір зерттеушілер (П.А. Воробьев, 2004) бұл тестті скринингке енгізбеген. Сонымен бірге, анамнезінде тері мен шырышты қабықтарға қан кетулер болғанда, скрининг тесттері нәтижелерінің қалыпты болуында және қан ағу уақытының ұзарғанында тромбоциттер дисфункциясы немесе фон Виллебранд ауруын болжауға болды. Сондықтан тиімділігіне байланысты қан ағу уақытын анықтауды ГС кезінде диагностикалық алгоритмге енгізу керек деп ойлаймыз.

Шеткері қанда тромбоциттерді анықтау жеңіл орындалады және қанағыштық қаупін жақсы көрсетеді. Қалыпты жағдайда тромбоциттер саны 180 - 400х109/л. Оның 100х109/л дейін төмендеуі симптомсыз өтеді, қан ағу уақыты өзгермейді. 50-100х109/л деңгейінде қан ағу уақыты шамалы ұзарады, ауыр жарақаттан кейін қан кетрулер болуы мүмкін. Тромбоциттер саны 50х109/л төмен болса шамалы жарақаттан кейін экхимоздар пайда болады. Олардың мөлшері 20х109/л дейін азайғанда кенеттен қан кетулер, петехиялар мен бас миына қан кетулер де болуы байқалады.

Коагуляциялық гемостаз жағдайын бірнеше қарапайым көрсеткіштер – БПТУ, ПУ, ТУ және фибриноген концентрациясы көмегімен бақылауға болады.

БПТУ қан ұюдың ішкі механизмдері белсенділігін, XII, XI, IX, VIII факторларының, жоғары молекулалы кининоген мен прекалликреин деңгейлерін көрсетеді.

ПУ қан ұюдың ішкі механизмдері жағдайының көрсеткіші болып табылады. Қан ұюдың жалпы соңғы жолының (X фактор белсенділігінен бастап) бұзылуы кезінде осы екі көрсеткіш өзгереді. Қалыпты плазма қосылуына рефрактерлі БПТУ және ПУ ұзаруы қан ұю ингибиторларының болуын көрсетеді. Қан ұюдың соңғы фазасын (фибриногеннің фибринге айналуы) тромбинді уақыт пен фибриногеннің ұюға қабілеттілік концентрациясы көрсетеді.

Мини-скрининг нәтижелері бойынша ГД болжамды диагнозын қоюға болады (кесте 6). Осы тесттердің біреуінде өзгерістердің болуы нақты диагноз қою мақсатында арнайы дәлелдеу зерттеулерін жүргізуді қажет етеді.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет